Арман ӘділбекӨЛАРАМен таңырқаудан бас тартқалы, Таңым жазиралы шөлге, Кешім мөлдір әйнекке ұқсап бар...
Мисс Афра Бен, бұл гүлдер сізге арналған...
«Барлық әйелдер бірігіп, Афра Беннің қабіріне гүл қоюы керек. Себебі оларға емін-еркін жазуды үйреткен һәм құқықтарын қорғаған ең алғашқы әйел бар болатын болса ол –Афра Бен», - дейді Вирджиния Вулф өзінің әйгілі манифестік «Өзіне тиесілі бөлме» атты шығармасында.
Драматург, ақын және аудармашы Афра Бен - тек Англияда ғана емес, сонымен қатар әлемде алғашқы «кәсіби» әйел жазушы. Оны алғаш болып сынағандардың бірі өз заманының ұлы ақыны Александр Поп Мисс Беннің кіл шығармалары жеңілтек оймен жазылған деп санады һәм айыптады. Міне, ер адамдардың пікіріне тәуелді қоғамда Афра Бен, 1913 жылы Монтрага Саммерс дайындаған шығармалар жинағын шыққанға дейін, яғни 20 ғасырдың басына дейін ұмытып кетті. Өзіңіз ойлаңызшы, үш жыл еш елеусіз-ескерусіз қалу деген неткен қасірет, оның үстіне сіз жазушы болсаңыз...
Бен ханымнан бұрын өмір сүрген және жазған, сөз жоқ, жазба арқылы ақша тапқан алғашқы әйел ретінде тарихқа енген әйелдер болған, бірақ олар ақсүйектер болғандықтан немесе ауқатты отбасыларға жататындықтан, оларға өмір сүру үшін ақша қажет емес еді, олар тек таза ләззат пен рахат үшін жазды десек анық айтқанымыз. «Ханым», «белгісіз ханым», «құпия ханым» сияқты жасырын есімдерімен ғана өз шығармаларын жариялай алатын бұл жасырын авторлар кітаптарының басына әртүрлі кешірім сұрайтын таңқаларлық алғысөздерді тіркеді. Афра Бен осы әйелдердің бәрінен ерекшеленетін. Ол жазуға құштарлығы үшін рұқсат та, кешірім сұраған да жоқ.
Ол күйеуі қайтыс болғаннан кейін, көк тиынсыз қалды. Аударма мен жазудан басқа ақша табудың жолын таппады. Бен бос уақытын өлтіру яки өткізу үшін жазатын әйелдер қатарынан емес еді. Жазуды бұл статустан көтеріп, әйелдің де жазу арқылы ақша табуға болатындығын дәлелдеген бірден бір әйел, осы Афра Бен.
Осылайша, кейінгі ғасырларда көптеген әйелдер өз үйлеріне аударма немесе жазу арқылы қолдау көрсете алды. Олар жазған кітаптар керемет шығармалар деп дау айтуға болмады. Олар көбінесе сол кезеңдегі клишелермен күн кешетін, жалықтыратын және дидактикалық мәтіндер болды. Бірақ бұл жердегі ең маңызды дүние жазбалардың сапасы яки әдеби көркемдігі емес еді. Маңыздысы, әйел затының ер затынан бөлек жеке индивид екендігі, еркіндігі һәм сенімділігі арқасында ешқандай бүркеншік есімдерсіз, өз аттарымен шығарма жазып, олардың басылып шыққандығында болды. Егер, расында, бұл ізашар әйелдер болмаса, ағайынды Бронтелер, Джейн Остин мен Джордж Элиот да жазбас па еді, кім білсін?!
«Өйткені шедеврлер біреудің көмегінсіз жалғыз туылмайды, - деді Вулф жоғарыда жазылған еңбегінде. «Олар ғасырлар бойы қалыптасқан және адамдардың қатар өмір сүруі арқылы дамыған жалпы ойдың нәтижесі. Мысалы, Джейн Остин Фанни Бернидің қабіріне гүл шоқтарын қоюды өзіне парыз санаса, Джордж Элиот Элиза Картер есімді батыл кемпірге құрмет көрсету керек. Және соңында барлық әйелдер бірігіп, Афра Беннің қабіріне барып гүл қоюы керек. Себебі оларға емін-еркін жазуды үйреткен һәм құқықтарын қорғаған әйел бар болатын болса ол –Афра Бен».
Алғашқы романды Афра Бен жазды ма?
Афра Беннің әдебиет тарихындағы алғашқы роман жазуы ықтималдығы жайлы ағылшын әдебиетіндегі, тіпті әдебиетшілері көп айта бермейді. Алайда, осы бір талантты әйелдің ең сәтті туындысы болып есептелетін «Орооноко» шығармасы роман жанрының негізгі ерекшеліктерін қамтитын кітап. Бұл жерде астын сыза айта кететін мәселе, аталмыш шығарма көптеген әлем сыншылары бірінші роман деп санайтын Робинзон Крузодан 30 жыл бұрын, яғни 1688 жылы жазылған. Оның үстіне дәл осы сызықтың үстіне сызылатын екінші сызық, Афра Бен роман жанрының алғашқы үлгілерінің бірін шығарып қана қоймай, құлдықты жою үшін күрес басталғанға дейін құлдыққа қарсы протестік еңбектер жазды бірден бір әйел.
Афра Беннің «Орооноко» романында Жан Жак Руссо кеңінен насихаттаған «текті жабайы» тақырыбы қарастырылған: Африка патшасының немересі, батыл және өнегелі Орооноко өзі сияқты қара нәсілді Имоиндамен көңіл жарастырады. Алайда Орооноканың жасы жүзден асқан атасы Имоиндаға көз салады. Өзіне бұйырмасын білген соң, жастардың да қосылуына жол бермеу үшін Имоинданы отаршыларға құл ретінде сатып жібереді. Сүйіктісінен айрылғысы келмеген Ороноко да құл саудагерлерінің қолына түседі. Ақыр аяғында құлдар тұтқындағы өмірді көтере алмайтын Орооноконың басшылығымен қожайындарына қарсы шығады.
Осылайша Бен құлдықтың төменгі және әдепсіз екенін айтып қана қоймай, «жабайылар» деп сипатталған құлдардың қожайындарына қарағанда әлдеқайда моральды екендігі. Әрине, бұл екіжүзділікке батқан отарлық батыс қоғамы үшін мүлдем жаңа көзқарас болды. Мұның өзі сыншылардың Афра Бенді ұзақ уақыт қараусыз қалдыруына ықпал еткен болуы керек деп ойлаймыз.