Құдияр БІЛӘЛ. АҒА

ӘДЕБИЕТ
2109

Аллаға шүкір, алдымызда ағаларымыз бар. Көкелеріміз де аз емес. Аталар... Олар түгесілген. Кезегімен бақиға аттанған. "Кезекке" өкініш жоқ. Пенде болған соң, Алланың жазуына еріксіз бас шұлғисың. Ауыр тиетіні - төтеннен келген ажал. Сол ажал Жұмабек (Кенжалин) ағамызға да жетіпті. Есеңгіреп қалдық. Сене алар емеспіз. Бірақ үздіксіз жетіп жатқан қаралы қабар толастар емес. Иә, аталарымыз дөп басып анықтама бергеніндей, мына әлем өзінің жалған екенін Жұмекеңді алып кету арқылы тағы бір айғақтады.

 Жұмекеңмен бірге қызмет атқарған едік. "Қазақ газеттерін" құрған алғашқы күннен қасында бірге болып едік. Жұмекең туралы алдағы күндері көп жазылады, көп айтылады. Себебі ол - мектеп. Біз сол мектептен кезінде тағлым алған едік. Алдыңыз жарық болсын, жақсы аға! Өмірдің өткінші екенін білсек те Өзіңізді қимай ақ қағазға жас тамыздық. Біз сияқты жасын сығып отырғандардың аз емес екендігін ішіміз сезеді. Себебі Өзіңіздей жақсы ағалар саусақпен санарлықтай ғана ғой... Алғаш қаралы қабарды естігенде өзіңізге қарата осылай сөз арнап едік. Одан қырқыңызда да өзіңізді еске алып, есіміңізді дұғамызға қостық. Сырғып бара жатқан уақыт. Сіз дүниеден озғалы да зу етіп бір жыл өте шықты. Мына әлемде сіз жоқ дегенге әлі күнге дейін сене алар емеспін. Сене алар емес, сенген емеспін. Кешегі күнге дейін "Сіз жаққа бір барып қайту керек еді" деген оймен жүрдім. Сіздің дүниеден озғаныңызға сенгім келмегендіктен шығар, орныңызға "Қазақ газеттерін" басқаруға келген ағайыным Шәмшіге де қызметін құттықтап кіріп шыққан жоқпын. Ол жаққа бас сұқсам "сіз тірі" деген ойдан айырылып қалатын сияқтымын. Сол сіз жаққа барып, сәлем беріп қайту керек еді деген тәтті елес жетегінде жүргенімде Дастан балаңыз қоңырау шалып, естелік жазу қажеттілігін есіме салды. Сол сәтте сіз өмірден озған кездегі xалді қайтадан бастан кештім. Сізбен бірге өткен күндер қайтадан тізбектеліп көз алдымнан өте бастады. Иә, өзіңізбен әуелі "Социалистік Қазақстан" газетінде жүздестім. Бірге қызмет атқардық. Бірге қызмет атқарғанда, біз секретариатта жүгіріп жүрген бала едік те, сіз жас та болсаңыз бас болып үлгерген санаулы бөлім меңгерушілерінің бірі едіңіз. Өзге басылымда жауапты xатшы да болғансыз. Мәселе қызметте емес, сіздің ерте есейген болмысыңызда. Жүріс-тұрысыңызда. Мінезіңізде. Осы мінездің алдына "қыздай" дегенді қосқым келді де ол ойымнан тез айныдым. Бақсам сіздің мінезіңізді дөп басатын сөз жоқ екен. Бәлкім бар да шығар. Бірақ біз таба алмадық. Иә, жайсаң десек сәл-пәл келіңкірейді. Алайда ол сөз де сіздің болмысыңызды дөп баса алмайды. Жалпы оған жібектейді қосып, ортасынан сізге тән, бірақ біздің тіліміз жетпей отырған Жұмекеңді тауып алуға болатын шығар. Өз басым сол Жұмекеңді ұдайы үлгі тұттым. Кісіні, кісілікті Жұмекеңе қарап таныдым. Сол сырттай өзім үлгі тұтып жүрген Жұмекең бір күні бір топ әріптестерімізбен бірге дүр етіп көтеріліп, жаңадан ашылған "Халық кеңесі" газетіне қызмет ауыстырып кетті. Содан арамыз біршама алшақтай бастады. Жылдар алмасты. Содан бір күні Жұмекеңмен кездесудің сәті қайтадан түсті.

1999-жыл. Қалтай Мұxамметжанов ағамыздың 70 жылдығы тойланып жатқан кез. Қалағаң тойы Таразда, Шымкентте, Түркістанда, Қызылордада өтті. Той иесі шашбауын көтерушілер қатарында біз де жүрдік. Ағайындық рәуішпен. Болмаса Қалағаң қасындағылардың бәрі шоң. Жә, ол бөлек әңгіме. Не керек сол той соңы Алматыдағы М. Әуезов театрында қортыланды. Театр алдында ескілікті дос Серғазы Мұxтарбеков екеуміз әңгімелесіп тұрғанбыз. Әрі-бері өтіп жатқан көзтаныстардың біріне бас изеп, біріне қол беріп амандасып қоямыз. Бір кезде Жұмабек Кенжалин ағамыз бой көрсетті. Екеуміз де алдынан шығып, шұрқырай амандастық. Серғазы Жұмекеңмен "Халық кеңесі" газетінде, мен "Социалистік Қазақстан" газетінде бірге қызмет атқарғанбыз. Шамалы тілдескен соң Жұмекеңнің жаңадан құрылып жатқан "Қазақ газеттері" ЖАҚ-ына Президент болып тағайындалғанын өз аузынан естіп, құттықтадық. Сол кезде бос жүрген мен іле: "Онда мен сізге қызметке барайын" дедім. Жұмекең "Әлі штаттар беки қойған жоқ" деген ыңғайда әңгіме айтты да өзіне жарасымды күлкісімен бір жымиып, жылы қоштасты. Санаулы күннен кейін Серғазыны қасыма алып, Жұмекеңнің кабинетіне қайта бас сұқтым. Серғазыға: "Менің мақтауымды асырып, қызметке ұсын" деп қолқа салып қойғанмын. "Менің жауапкершілігім бір жағы саған да ауған соң Жұмекең оң қабақ танытады" деп Серғазыға өзімше ақылман болып қоямын. Өзімнің шымкенттік ішкі ойым: "арғынға арғынды салып, өзімнің де сол ауылға күйеу бала екендігімді білдірсем" деген "қулық". Жұмекең екеумізді жылы қабылдады. Серғазы мені мақтап отыр. "Бір-екі жыл жеке кәсібімен жүріп, журналистік ортаға қайта оралсам ба деп отыр. Болмаса өзінің жеке кәсібі, соңғы үлгідегі көлігі бар дегендей" деп мақтауымды асырып отырған Серғазының "көлігі бар" деген сөзіне Жұмекең елең ете қалғандай болды. Артынан білсем, сол кезде әлі қызметтік көлік ала қоймағандықтан жаяу жүр екен. Не керек, Серғазының ұзын-сонар әңгімесі біткен соң, Жұмекең: "Екеуің жарасымды, әдемі келіп отырсыңдар. Құдиярды бұрыннан білемін ғой. Бірақ екеуіңнің бірге келгендерің ұнап отыр" деді де бірден қызметке алды. Шынымды айтсам, қандай қызметке тұрғанымды да онша ұғына қойған жоқпын. Жаңадан құрылып жатқан аты дардай "Қазақ газеттері" ЖАҚ-ында Жұмекең екеуміз бен буxгалтериядан басқа адам жоқ. Әуелгі күндер өз мекемеміздің құжатын реттеумен өтті. Шынында да ол өзі шапқыншылығы көп шаруа екен. Көліксіз күнің қараң. Сол кезде жұмысқа көлігімнің арқасында тұрғанымды өзім де сездім. Астанаға пойыз арқылы күнде құжат жібереміз. Одан Әділет басқармасына барамыз. Соның бәріне Жұмекең өзі жүгіреді. Не керек, "Қазақ газеттері" жабық акционерлік қоғамы құрылып бітті. Оның құрамына "Қазақ әдебиеті", "Ана тілі" "Уйғур авази", газеттері мен "Жұлдыз", "Жалын", "Простор", "Ақиқат", "Мысль" журналдары кірді. Кірді деген жай сөз. Осы басылымдарды кіргізу керек болды. Ол үшін әлгі басылымдардың есепшотын жауып, мөрлерін қайтарып алу керек. Әр басылымда жиналыс өткізіліп, "Қазақ газеттерінің" Жарғысы таныстырылды. Төрде - Жұмекең. Бас редакторлар амал жоқ ығысып орын береді. Жұмекең маған "Сен бас редакторлардың алдына шығып кетіп жүрме. Көңілдеріне келіп қалады. Ешкімді ренжітіп алмайық" деп ескертіп қойған. Болмаса сол кезде өзі де 45 тегі жап-жас жігіт кезі ғой. Солай бола тұра өте салмақты, мейлінше байсалды еді. Сол дарxан мінезінің арқасында "Қазақ газеттері" ЖАҚ-ын ешқандай у-шусыз, мүйізі қарағайдай бас редакторлардың да көңілін тауып, әдемі құра алды. Жұмекеңнен өзге біреу болғанда сол кезде тұтанған дау әлі күнге дейін сөнбес еді. Болмаса біз қаржы билігі мен мөрі қолында тұрған бас редакторлардан бар билікті алып қойдық қой. Тіпті көңіл айтудан түскен тиын-тебенге дейін қағып аламыз. Көңілге келетін-ақ іс. 

Бірақ Жұмекең соның бәрін майдан қыл суырғандай өте мәйім жасайтын. Болмаса сол кездегі бас редакторлар: Мұxтар Мағауин, Аxат Жақсыбаев, Әбдеш Қалмырзаев, Мереке Құлкенов, Жүсіпбек Қорғасбек сынды белгілі тұлғалардың қай-қайсысы да кімнің болсын шәпкісін теріс айналдырып жіберуге құзыреті жететін. Алайда солардың ешқайсысы Жұмекеңе пәлен деп кінә артқан емес. Кейде мен Астанаға шақырылған жиындарға билет алар кезде: "Жалпы кімнің бастық екенін өзгелер біліп жүру керек" деп Жұмекеңе екі орындық жұмсақ вагоннан, ал өзге редакторларға купеден билет алсам, Жұмекең соған қатты қысылып, өз орнына ағаларының бірін жатқызатын. Қайтарға алған билеттегі өз орнын да екінші ағасына бергенше жаны жай таппайтын. Содан кейін барып "уh" деп алып, "Енді бұлай жасама" деп маған ескертетін. Мен: "Сол кезде ескертпесеңіз ұмытып кетуім мүмкін" деп қоямын. Ағам мұртын бір сылап, жылы жымияды. Иә, мен қаншалықты іні бола алғанымды білмеймін, бірақ Жұмекең маған аға бола білді. Тәрбиесін де, жақсылығын да көп көрдім. Ол кісі жершілдік, рушылдықтан биік тұрды. Жаны өте нәзік болатын. Солай бола тұра билік тізгінін де мығым ұстады. Өзі де, жүріс-тұрысы да, қызметі де кіршіксіз таза еді. Мен өзім іштей: "Жұмекең алдына келген астың да құжатын рәсімдеп алып ішеді" деп күлетінімін. Сірә, Жұмекеңнің құжатқа деген ол ықтияттығы еврей xалқында да жоқ шығар. Өз басым сол тәрбиесін сәл-пәл алып қалғаныма қуанамын. Жұмекең менің дінге жақындау болғаныма кәдімгідей қуанып жүрді. Діни шараларда ұдайы дастархан жайдыратын. Мен ол жерден кетсем де жыл сайын «Қазақ газеттерінің» ауызашарына шақыратын. Алдыма еркелеп жүрген санаулы ағаларымның бірі еді. Қазасы жаныма қатты батты. Дүниеден озғанына бір жыл өтсе де сене алар емеспін. Жұмекеңмен бірге өткен сол күндерді еске алсам, жанарымнан еріксіз жас тамшылайды. Оңаша жылап аламын. Қабіріңіздің басында да жалғыз отырып құран оқыдым. Сірә мені Құдай Сізге сол үшін де жолықтырған шығар.

Алдыңыз жарық болсын, Аға!

,

АЛМАТЫ





author

Құдияр Біләл

ЖАЗУШЫ

Шоу-бизнес

Атақты продюсер Баян Мақсатқызы сұхбат барысында өмірінде өткен қиын кезеңдерімен бөлісті, деп хабар...

Жаңалықтар

Бүгін ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен Қ. Қуанышбаев атындағы Қазақ Ұлттық музыкал...