Жамбыл облысы Жуалы ауданында Халық жазушысы Шерхан Мұртазаның 90 жылдығына орай тұлғаның әдеб...
Владимир Набоков. Үрей
Менің басымнан мынандай жағдай өтті: жазу үстелінің басында түн жарымына дейін отырдым, бұл кезде түн таудың басына зорға жылжып ілбіп көтеріліп бара жатты, түн де, міне, ақырында шың басына жетіп, таңның сібірлеп атып келе жатқан бозаң жарығы көрінеді-ау деген кезде ғана мен жұмыстан басымды көтердім, - әбден тоңазып, қалжырап қалған қалпымда жатын бөлменің шамын жағып, өзімді айнадан көрдім. Сөйтсем, мен өзімнен-өзім мүлде алшақтап, алыстап кеткен екем, - мәселен, сіз көптен көрмеген өте бір жақын танысыңызбен кездескен кезіңізде алғашқы минөттерде тосырқап, оған мүлде басқаша көзбен қарай бастайсыз ғой, ол қарап отырған адамыңыз да сәлден кейін-ақ қайтадан өзінің бұрынғы кейпіне түсіп, қайтадан өзіңнің бұрынғы жақын танысыңа айналып, сонан кейін-ақ әлгі бір тосырқаудан мүлде арылып шыға келмейтін бе едіңіз, -сол сияқты мен де өзімді айнадан көріп, өзімді-өзім танымай қалдым. Мен өзімнің жүзіме неғұрлым зер сала үңілген сайын - бөгде, нұры тайған көзіме, үрпиіп кеткен жақ жүніме, мұрнымның айналасына түскен көгіс көлеңкеге қараған сайын, - мен өзіме-өзім, міне, сен маған жатсың деймін де, айнадан көрініп тұрған, қабылдай қоюым қиын "менің" жүзіме өзімнің "менімді" үйлестіре алмай әлекке түстім. Мен бұл жағдайды біреулерге айтып көріп ем, олар маған бұлай ойлай берсең сен алжасып, албастыға айналып кетуің мүмкін деді. Шынында да, түн жарымынан асқан кезде айнаға осылай екі рет қадала ұзақ қарап көріп ем, құйқа шымырлатар үрей кіргені сонша, жарықты бірден сөндіріп тастадым. Ал таңертең қырынған кезімде айнадағы өзімнің бейнеме тіпті де мән бергем жоқ.
Басқа да жағдайлар болды: түнде төсекке жата беріп, кенет өзімнің ажалды адам екенім есіме түсті. Сол кезде менің жан дүниемнің ішінде үлкен театрда аяқ астынан жарықтың бәрі бір сәтте сөніп қалып тұттай қараңғылық басқан кезде біреудің шырқыраған жан даусы шықпаушы ма еді, оған тағы да бірнеше шыңғырған дауыс ілеседі, үрейлі шу ұлғайып дауылға айналып бара жатады, - кенет жарықтың бәрі жарқ етіп жанады да, сахнадағы ойын сол қалпында жалғаса береді. Осы сияқты, кейде кеудемнен жаным шығып кетердей боп, шалқамнан көзім бақырайып жатам да қоям, бар жан-тәніммен сол басқан үрейді жеңгім кеп, ажалдың мәнін ешқандай дін мен философиясыз қарапайым тіршілік арқылы түсінгім келеді. Сонан кейін ажал деген әлі алыста, ол туралы ойлау әлі ерте деп ойлайсың - сонсоң ол туралы ойламайсың, тағы бір сол қараңғылықта жатқан кезінде, сенің сана сезіміңді бүкіл қуыс- қуысыңда күнделікті тірліктің ұсақ-түйек қамын ойлаған жып - жылы, сондай жаныңа жақын әрекеттер ерсілі-қарсылы жүгіріп жатады, -олар да дамыл табады да, ақырында бір қырыңа аунап түсіп басқа бір нәрсені ойлауға кірісесің.
Меніңше, түнгі айна алдында тұрып абдырап-абыржу да, ажал демін сезіну де көп жұртқа белгілі, менің тек бұған арнайы тоқталып отырғаным, сол бір сезінуде, бірде өзім басымнан өткізген сұмдық үрейдің таңбасы бар. Сұмдық үрей... айрықша үрей... мен оған нақты анықтама бергім кеп қанша әлекке түскенмен, бірақ сөз қоймамнан дәл дайын сөзді таба алар емеспін. Анау сөзді де, мынау сөзді де өлшеп көрем, бірақ біреуі де сай келмейді.
Бақытты өмір сүріп жаттым. Көңілім құлаған қызым да болды. Уақытша ажырасқанымыз да есімде - мен бір шаруаның ізімен шетелге кеткем, - сонан кейін оның мені вокзалда қалай күтіп алғаны да есімде - ол күннің тозаңды сәулесі түскен шынылы күмбездің астында тұрды, ол басын жайлап өтіп жатқан вогондарға ілестіріп баяу ғана бұрады. Оның қасында өзіңді ылғи әрі жеңіл, әрі сабырлы сезінесің. Тек бірде... Иә, бұл жерде мен сөз дегеннің сондай қолапайсыз, сондай доғал қару екенін сезініп тұрмын. Ал менің түсіндіргім-ақ келеді. Ол өзі тағы да түкке тұрғысыз, бір сәттік қана жағдай: бірде біз бөлмеде отырдық, мен жазу жазып отырмын, ал ол болса басын төмен салып жібек шұлығын жамап- жасқауда; жартысы шашының астында қалған құлағы алабұртып алған, мойнындағы ұсақ моншақтардың жылтылы аңсарыңды аударады, ұлпа беті шамалы солғын тартқандай, әлде ол ернін қайта-қайта томпайта бергеннен бе екен. Кенет оның мұнда отырғанынан әлдеқандай бір қорқыныш сезінгендей болдым. Маған бір бөлмеде менімен бірге басқа адамның отырғаны, маған - басқа адам! - деген ұғымның өзі қорқынышты боп көрінді. Жынданып кеткен адамдардың өзінің ет жақындарын неге танымай қалатындарын енді түсінгендей болдым... Бірақ ол бір сәтте басын көтеріп алды да мен жаққа күлімсіреп қарады, - міне, менің әлгі қорқынышымнан із де қалған жоқ. Есіңізде болсын, бұл бір-ақ рет болды - ол кезде маған бұл жүйкенің бір шәлкем-шалысы боп көрінген, - ол кезде мен түнгі жалғыздықта айна алдында тұрып, дәл осыған ұқсас жағдайды басымнан өткізгенімді ұмытып кеткен ем.
Біз үш жыл бірге тұрдық. Көп жұрт біздің бұл одағымызды ұға қойған жоқ. Олар, осы бір қарапайым әйел мұны несімен сонша еліктіріп алды екен деп сарсаңға түсетін, бірақ мен оның сүйкімді жүзін, көңілді қалпын, ерке мінезін, жан-жүрегінің құстай сезімталдығын өлердей сүйетінмін... Ең бастысы, оның сол бір моп - момақан қарапайымдылығы мені күзетіп тұратын: оған өмірдегінің бәрі алақанға салғандай айқын еді, маған кейде, ол тіпті бізді ажалдан кейін не күтіп тұрғанын да білетін сияқты боп көрінетін, - бірақ біз ажал туралы әңгімелескен емеспіз. Үшінші жылдың аяғына таман мен ұзақ сапарға қалайда жүріп кетуім керек болды. Сапар қарсаңында біз екеуміз, неге екені белгісіз, операға бардық. Қара- көлеңкелі, құпия оңаша аванложадағы қызыл диванға жайғасқаннан кейін, ол аяғынан үлкен сұр бәтіңкесін шешіп, одан өзінің нәп - нәзік, жібектей жұмсақ аяғын шығарып жатты, оған қарап тұрған менің есіме орманнан сырты түкті әсем көбелектің шыға келетіні түсті. Сахна ашылуын күтіп төмендегі әлеміш бояуларға қарап отырған біз өте көңілді болатынбыз. Жалаңаш қолын оқыс қозғап қалған ол кішкентай маржан түстес дүрбісін төменге түсіріп ала жаздады.
Ақыры бәрі орын-орнына отырып, оркестр демін ішіне алып күндей күркіреп қоя берер кезде, - кенет қызылды-жасыл үлкен театрдың барлық шамы жалп етіп сөнді де қалды, -көзге түртсе көргісіз қараңғылық басты - соқыр боп қалғандаймын. Осы бір тұттай қараңғылықта әлдене сатырлап, біреулер шу көтеріп, бұл қорқыныш әйелдердің айқай-шуына ұласып, сабырлыққа шақырған еркектердің дауысы аннан-мұннан бір шығып -улаған-шулаған боп бара жатты. Мен күлдім де, оған бірдеңе айта бастадым, ал ол болса, екі қолымен менің кеудемнен тас қылып ұстап алыпты. Жарық қайта жарқ етіп жанған кезде, ол тісі қарысып қалғандай ернін жымқырып боп-боз боп отыр екен. Мен оған ложадан шығуға көмектестім, өзінің бала құсап қорыққанын айып көргендей басын шайқап жымиып, - сонан кейін жылап жіберді де, үйге қайтқысы келетінін айтты. Тек каретада ғана ол дымқылданып қалған көзіне орамалын қайта-қайта апарып отырып солығын басты да, операдағы жайсыздықты әңгімелеп отырып, менің ертең жол жүретініме жаны ауыратынын айтты.
Он екі сағаттан кейін мен вагонға отырып терезеден тұманды қысқы ауаға, пойыздан қалмай ілесіп келе жатқан күннің қызарып кеткен дертті көзіне, шеті де, шегі де жоқ алып аппақ далаға қарап келе жаттым. Бір тәуліктен кейін бір үлкен қалаға келдім де сұмдық бір үрейді басымнан кештім.
Мұның бәрі үш күн қатарынан ұйықтай алмағанымнан, төртінші күні мүлде көз ілмегенімнен басталған еді. Соңғы жылдары мен жалғыз өмір сүрмеп ем, содан болса керек осы бір жалғыз қалған түндер - азапты, жаныма қатты батқан түндер болды. Алғашқы түні мен оны түсімде көрдім. Күн нұры молынан түсіп тұр екен деймін, кестелі көйлек киген ол болса төсектің шетінде ішегі түйілгенше күліп жатты, - тоқтай алмай қойды. Мен ол түсті кездейсоқ іш киімдер сататын магазиннің тұсынан өтіп бара жатып есіме алдым, - сол түстегі көңілді шақтың бәрі - оның кестелі көйлегі, басын шалқайта тоқтаусыз күлгені енді қазір, өңімде, аса қорқынышты болып көрінді, - мен өзіме-өзім сол түстегі кестелі, тоқтаусыз күлкінің соншалықты сұмпайы, соншалықты жексұрын боп есіме түсетінін түсіндіріп бере алмадым. Мен көп жұмыс істеп, көп темекі тарттым, қалай да уақытты өлтіріп алмай өзіме-өзім ие бола білуім керек деп ойладым. Түнде жатар алдында шешініп жатып әдемі ән айтып, ысқыратынмын, кенет ту сыртымнан орындықтан сусып түсіп бара жатқан пиджактың сырылынан қорқақ баладан бетер селк ете түстім.
Бесінші күні мен таңертең ерте, ұйқысыз өткен күннен кейін, жүріп қайтпақ боп сыртқа шықтым. Мен қазір айтатын әңгімемді астын сызып жазғым келеді - астын сызып емес-ау, айрықша бір ешкім әлі көрмеген шрифтімен жазғым келеді. Түнімен көз ілмей шыққандықтан, айналам аңылжыған бос кеңістікте қалғандай болғам. Басым шыны сияқты, сырқырап тұрған аяғым да шыны боп кеткендей. Бірден, көшеге шыққан бойда... Иә, мен енді ғана іздеген сөздерімді таптым. Олар көмескі тартып қалмас үшін, оны жазып қоюға асықтым. Мен көшеге шыға келген кезімде, аяқ астынан өмір қандай болса, оны сол қалпында көрген едім. Біз әдетте мына дүние бізсіз өмір сүре алмайды деп, өйткені оның тіршілік етуінің өзі, оны біздің көз алдымызға келтіре алуымызға тікелей байланысты деп өзімізді-өзіміз жұбатамыз ғой. Ажал, шексіздік, планеталардың біз үшін қорқынышты ұғымда болатын себебі, оларды көз алдымызға елестете алмауымыздан. Міне, ұйқысыздықтан мең-зең болған сол бір қорқынышты күні, кездейсоқ тап болған бір қалада, мен көшеге шығып үйлерді, ағаштарды, автомобильдерді, адамдарды көрдім -менің санам оларды үйреншікті, адами қалыпта қабылдаудан бас тартты. Менің бұл дүниемен байланысым үзіліп қалды, мен өзімше, дүние өзінше - яғни, бұл дүниеде мән де, мағына да қалған жоқ. Мен оны қалай көрінсе, сол қалыпта көріп тұрдым: үйлерге қарап ем, олар өздерінің әдеттегі мәнінен айырылып қалды; үйге қараған кезде... архитектура... мынадай бір стиль... бөлмелердің іші мынадай екен... ажарсыз үй... жайлы үй... — дейтін ұғымдардың бәрі түс сияқты сусып сыпырылып түсіп қалды да, тек мән-мағынасыз бет-әлпет қана қалды, - мән-мағынасыз дыбыс, мән-мағынасыз сөз секілді. Ағаштармен де солай болып шықты, адамдармен де солай болып шықты. Адамдардың жүзінің сұмдық қорқынышты екенін сонда ғана ұқтым. Бүкіл анатомиясы, жыныс айырмашылықтары, аяқ, қол, киім деген ұғымдар - түкке арзымай қалды, менің көз алдыма басқа бір пәле кеп тұра қалғандай болды - тіпті тіршілік иесі емес, өйткені қандай бір тіршілік иесі болмасын адам ойлайтын ұғымға ие ғой, - ал ол, шын мәнінде, қасыңнан өтіп бара жататын бір пәле. Ол ойды жеңем деп босқа әуре болдым. Ертеде, бала кезімде, төмен салынған жастыққа басымды тығып жатып оянып кеттім де, ұйқы буған көзімді ашып қап бас жағымдағы кереуеттің темір торынан маған мұрынсыз, дәл көзінің астында гусар мұрты қайырылған, тістері маңдайына шығып кеткен біреудің еңкейіп қарап тұрғанын көрдім, - мен шыңғырып жіберіп атып тұрдым, бір сәтте-ақ қара мұрт қара қастарға, ал тұтас жүзі - бас жағымнан төңкеріліп көрінген шешемнің жүзі екен. Қазір көріп тұрғаным өзінің бұрынғы қалыпты жағдайына келе ме деп орнымнан тұрғым келді, бірақ тұра алмадым. Керісінше, мен адамдарға неғұрлым қадала үңілген сайын, олардың бет-әлпеті соғұрлым мән-мағынадан жұрдай бола түсті. Бүкіл тұла бойымды үрей билеп алған мен, өзіміз білетін қарапайым, табиғи, үйреншікті әлемді қайта құруға бастау болатын ойдың алғышартын, қолға ұстайтын әлдеқандай бір тұтқа іздей бастадым. Мен сол күні бір парктің скамейкасында отырдым ғой деймін. Не істеп, не қойғанымды дәл айта алмаймын Көшеде келе жатып жүрегі ұстап құлаған адамның өтіп бара жатқан адамдарда да, күнде де, көне соборда да қандай ісі болмаса - өйткені оған бір жұтым ауа ғана керек - менің де бір- ақ тілегім болды: жынданып кетпесем екен. Мен қазір, дүниені дәл сол минөтте мен көргендей ешкім көрген жоқ шығар деп ойлаймын Сұмдық жалаңаштық, сұмдық мән-мағынасыздық. Дәл жанымда бір ит қар иіскеп жатты. Мен бүкіл жүйке-жұлыныммен "ит" дегеннің не екенін түсінгім келді, оған қадала қарап тұрғанымнан ба, ол маған құйрығын бұлғақтатып келе жатты, - менің бұл көріністен жүрегімнің айнып кеткені сонша, скамейкадан тұрып, бет алды жүріп кеттім. Сол бір сәтте үрей де өзінің шырқау шегіне жеткен еді. Мен бұл кезде күресті тоқтатқан ем. Мен бұл кезде жанары мәнсіз, көзқарасы мақсатсыз, кісілік келбеттен жұрдай болған қозғалып қана жүрген көлеңкеге айналған болатынмын. Адамдардың бет-әлпеттерін көрсем шыңғырып айқайлап жібере жаздаймын.
Бір кезде өзім тоқтаған қонақ үйдің кірер есігінің аузында тағы да тұрғанымды білдім. Маған біреу жақындап кеп, менің аты - жөнімді атады. Ол менің қолымдағы оралған нәрсені түртті. Мен бірден ол қағаздың орауын аштым. Сол сәтте менің бүкіл тұла бойымды буып алған үрей, қолмен сылып алғандай жоқ болды, сәлден кейін тіпті ол туралы ұмытып та кеттім, бәрі-бәрі сол әдеттегі бұрынғы қалпына келе қалды: қонақ үй де, айналмалы есік шыныларындағы тайғанақ сәулелер де, маған жеделхат берген швейцардың таныс жүзі де. Мен аумағы кең шығар есіктің аузындағы алаңқайда тұр едім. Трубка тартып өтіп бара жатқан мырза мені қағып кетті де, маңғаздана кешірім сұрады. Мен содан ауыр, тіпті қатты, бірақ табиғи, кәдімгі адам сезінетін соққы сезінгеніме таңғалдым. Жеделхатта оның өлім аузында жатқаны айтылыпты.
Оған бара жатқан жолда да, оның керуетінің жанында отырған кезде де өмір туралы, өлім туралы ойлану, өмір мен өлімнен үрейлену басыма келген жоқ. Өмір мен өлімнен де жақсы көретін әйел... Бұл өмірде бәрінен де менің жақсы көретін әйелім, дүниеден озып барады. Мен тек осыны ғана көріп, осыны ғана сезіндім.
Үлкен көрпе жамылып, басын үлкен жастыққа салған оның төсегінің шетіне тіземді соғып алсам да ол мені таныған жоқ, - құйтақандай ғана, шашын артқа қайырып тастаған маңдайы ашық, содан да бұрын ылғи толқынды шашымен жауып, көрсетпей қоятын самайындағы сызық көрінеді. Ол мені таныған жоқ, бірақ оның ернінің ұшынан екі рет сезілген жымиыстан, оның мені өзінің үнсіз елесті алжасуымен өлім алдындағы қиялы арқылы көріп тұрғаны сөзсіз еді, оның алдында екі адам тұрды: ол көрмей тұрған мен және маған көрінбейтін менің сыңарым. Сонан кейін мен жалғыз қалдым, - менің сыңарым онымен бірге өлді.
Оның өлімі мені жынданудан сақтап қалды. Қарапайым адамға тән қайғы менің өмірімді азапқа салғаны сондай, онда басқа сезімге орын қалған жоқ еді. Бірақ уақыт бір орнында тұрмайды, оның бейнесі менің жанымда әбден толысты, сонымен бірге жансыз кейіпке енді, - онымен өткен өмірдің ұсақ-түйегі, жанды, шағын естеліктер, менің өзіме де білінбестен, кейде екі, кейде үш, бірде анда, бірде мұнда сөніп жататын ұйықтар алдындағы үйдің терезелері құсап бірінен соң бірі сөніп, сөніп жатты. Бірақ менің де кесімім шығарылып қойғанын білем, өйткені бір рет басымнан өткен үрей, тіршілік ету алдындағы дәрменсіз қорқыныш мені тағы да өзінің құшағына алады. Мені ол кезде ешкім де құтқара алмайды.
Фотосурет мына жерден алынды