– Бақытбек, «Қазақ әдебиетіне» шыққан «Жасыл шатырлар» әңгімең жақсы о...
Құлбек Ергөбек. Жұмбақ жан
(Жазушы Тәкен Әлімқұлов туралы толғау)
Тақырыпты сырттан іздемедім. Қаламгердің өзінен алдым. Әр кез – әр кез Тәкен Әлімқұлов жайында жазайыншы деп тәуекел еткем. Тіпті түрлі тақырып қойып, талантты жазушы жайында толғанып та көріппін. Оған архивімде сарғайған сәтсіз жазбалар куәлікке жүре алады. Бірақ, сол екі-үш жазбаның ешқайсысының табанын жерге тигізбегенмін. Демек, аяқтамағам.
Неге?
Кейде жазушылардың «Мен туралы жазшы» – деп қиылатыны болады. Тіпті кәделі жазушының өзі осылай қиылады. Бірде дана, бірде бала бейіл қалам иесінің пәндәлік өтініші. Бірақ, материал оң жамбасыңа келмей қинайды. Оны ескеріп жатқан қаламгер жоқ. Өтінішім аяқасты болды деп ойлайды. Ертеде ақжал ақын Хамит Ерғалиев «Шер толғау» – аталатын жыр кітабын арнайы қолтаңбамен сыйлады. Жасыратын несі бар, ұнасымды пікір дәметті. Ақшулан қарияның ықыласына құлдық. Оқып көріп, өзімді-өзім қинай алмадым. Тіпті ертеректе мінезді ақын Қалижан Бекхожин де ұмытпасам «Ұландарым» аталатын кітабын дәл осылай үмітті көңілмен сыйлағаны бар. Тіршілікте тәуір сыйласып жүретін ақын ағалар жайында сол тұста мақала жаза алмадым. Себеп? Сынға көңілшектік жүрмейді. Қалижан балалар поэзиясында төселмеген ақын болып шықты, шау тартқан шағы емес пе, Хамаң «шаршаңқырапты». Ұлғайған ақындарға ақиқатын айту тағы кісілікке жатпайды. Дарынды қос ақынға да арқаны тосып, реніштерін үнсіз жұтуға тура келді. Ал, Тәкеңе жол болсын?!
Өспірім жастан шығармаларын жастанып оқыған сүйікті жазушым. Өзімен тіршілікте тәуір-ақ араластым. Ықылас-бейілім құлай тұра, осы бір дара табиғатты, дана болмысты жазушы жайында мандырымды бірдеңе жаза алмадым. Бір мақаланы «Тағдыр» – атаппын. Рас, Тәкең – үлкен тағдыр иесі еді. Бірақ, «Тағдыр» жалпы сөз. Маған дейін де талай кісі қолданған әдебиетте. Мен тапқан сөз емес. Біреудің дайын киімін апарып кигізу – орашолақ ісмер ісі. Тәкеңнің өзіне арнап киім «пішілуі» керек. Бейнелеп айтқанда, әрине. «Тағдыры тосын талант» – атаппын талайсыз мақаланың келесісін. Бұл да дәл емес. Тағдыры бір-біріне ұқсаса – дарын даралығы қайда?! Талант тосындығы неде? Тәжірибе аздығы ма, басқалай себебі бар ма, мен мәселенің мәнін аша алмағанмын.
Әр кез-әр кез жазып, аяқтамаған толғаныстардың тұрлаусыздығы сырын енді біліп отырмын. Жасырмай, бүкпей мойындасам, Тәкен Әлімқұлов – әдеби материал райында маған «бағынбаған». Риясыз сөз. Өзің игермеген материалдан илеуі қанған мақала қалай шықпақ?! Енді бағамдап отырмын, Тәкеңді көрген, білген, оқығаныма сүйеніп, оны өзімнен іздеген екенмін. Ал, Тәкен аға ішін ашпаған. Дұрысы, Тәкенді – өзінен, яки Тәкен Әлімқұловтан іздеуім керек екен. Албырт көңіл жас өз мінімді мойындатпаған. Бар іһмәт, міне осында! Олқылық орнын толтыру үшін қайта толғануға тура келеді.
Кесек таланттарға бірыңғай естелік арқылы бару – қауіпті. Кейбір әріптестерімнің атақты Бауыржан Момышұлы бір кездескенде «олай деді», «былай деді» – деп бөстірте беруін өз басым қабылдай алмайды. Ұлы Ғабең (Мүсірепов) айтар еді, менің кейіпкерлерім жалаңқабат емес деп. Айтатын да сөз емес. Айтқызғанбыз ғой бірақ. Бауыржанның ішін ашпай, тілінің үшіндегі сөзді іліп алып, көстите сілтеп, көпіртіп кітап жазу – обалгершілік. Бұл ретте ұлы Мұқаңның (Әуезов) «жазушы емес, бірақ жазушылығы зор жігіт екен» – деген ауызша бағасын ұмытпау шарт. Әкем болған, көкем болған Бауыржан деген әңгіме – әдебиет ауылынан алыстау жатады. Даңқты кісі жанында 12 күн жүріп, бірсыпыра «ырғасқан» соң «Жездем болған Бауыржан» – аталатын кітап жазғым келген. Жаралы жолбарыс секілді кісінің жан-дүниесіне кіре алмасам обал жасармын деп тәуекелім жетпеді. Әйтпесе, толтырылған екі дәптер әңгіме, таспаға жазылған сөзі сақтаулы. «Қаһарман қаламгер» – атап жасаған телеочерк теледидар архивінде болса керек.
Кезінде қазақ телевизиясы мен радиокомитетінің сыйлығын алған телеочерк «алтын қорға» өткен болатын. Айтпағым, тіпті ол туралы да емес. Жазам ба, жазбаймын ба, істің сәті біледі. Айтпағым – өзін сыйлаған кісі – өнер адамының сырт тұлғасына құл болмай, ішкі жан-дүниесіне енуі керек. Әйтпесе, әдебиетте – көлемшілік орын алады. Ал, адам жанына үңілу, қайғы-зарына ден қою үшін қалам иесінің жүрегінде құлақ болмақ ләзім. Әйтпесе, еткен еңбек, төккен тер – зая. Тәкен Әлімқұлов жайында жазылған мақаланың аяғына жетпеуі, аяқтала тұра кезінде ағымдағы баспасөзге ұсынылмауы да осыған саяды. Өзің жазған материал өзіңе ұнамаса өзгеге қандай ләззат сыйламақ?!
Енді Тәкен ағаны өзінен іздегенде тоқтаған тақырып – «Жұмбақ жан» болды. Тәкеңнің өз тақырыбы. Тәкеңнің жұмбағын ашу – шарт!
БІРТҮРЛІ ЖАЗУШЫ
Жетпісінші жылдардың оқушысы да, студенті де – оқығыш болатын.
Көркем әдебиетке деген құштарлық оған дейін де, одан кейін де дәл ондай биікке көтерілмеген шығар. Жатақханаға бір кітап келсе – қолдан қолға өтіп, студенттерді түгел аралап шығар еді. І.Есенберлиннің «Қаһар», «Алмас қылыш», «Жанталас» романдары, Ә.Нұршайықовтың «Махаббат қызық, мол жылдар» романы, Қ.Мырзалиевтің «Ой орманы», Т.Молдағалиевтің «Хош, көктемі» тап осы күйді бастан кешті. Ол кезде біздің бұл кітаптарға деген көзқарасымыз тіпті жоғары болатын. Көршілес қырғыз жазушысы Ш.Айтматов кітаптарына қол жеткізу – бақытқа бара-бар!
Осындай күннің бірінде бірінші курс студенттері арасына Тәкен Әлімқұловтың «Күрең өзен» аталатын кітабы «қонаққа» келді.
Курстас Нұрмағамбет Нөкешов қызыл қоңыр мұқабалы кітапты қолына ұстап отыр.
– Қызық жазады екен.
– Қызығы қалай?
– Бір-екі әңгімесін оқыдым. Өзге жазушылар сияқты жазбайды. Кейіпкерлерінің бәрі түсініксіздеу тілде сөйлейді ме, әйтеуір бір түрлі. Жалпы Тәкен Әлімқұлов бір түрлі жазушы сияқты.
– Әкелші бері.
– Мә.
Мен «Күрең өзен» кітабын алған күні сабаққа барған жоқпын. Бұрын «Қаратау перзенттері» – атты романын қызығып оқыған едім. Ол да «бір түрлі» болатын. Оқиғалы романға үйренген оқырман тосырқайтын. Жүйрік атқа қызын айырбастауға бар қазақ бейілі қаныңды қыздырар еді. Әрине, романның әлеуметтік астарын түсіне қоймасақ керек. Кейіпкерлерінің әрекеті тосын жататын. Қазақ әдебиетіндегі өзге романдарға ұқсай бермейтін.
«Күрең өзен» бір повесть, бірнеше әңгімеден тұрады екен. Жүйрік ат, өнерпаз, спорт тақырыбындағы әңгіме, новеллалар бар. Өндірісті жазады. («Күрең өзен»). Өзінше жазады. Өнерпаз тағдырын жазады. Атақты күйші, сал-сері өмірінің бір үзігін ойып алып, тағдырын талдай жөнеледі. Бір трагедиялық сәтті бүкіл тағдырына желі етіп тартып, өріп жібереді.
Әңгімелерде күмбірлеген күй, уілдеген бір әуен бар. Лирикалық саз, психологиялық көңіл күй тебіренісі телқабыс түсіп жатады. Бірсыпыра шарттылық орын алады екен.
Айталық, стадионда футбол жүріп жатыр. Доп қызығы қыза түседі. Жанкүйерлер бірде жанын шүберекке түйіп тым-тырыс күй кешсе, бірде қарсыластың қақпасына қарай жылжып бара жатқан доппен бірге дуылдасып ала жөнеледі. Көңілдің ала құйын сәтінде саусағындағы өшірілмеген темекісін алдында отырған жалтыр бастың құйқалы басына быж еткізіп баса салады... Аяқ доп аяқталады. Кейіпкер темекісін іздесе алдындағы адамның басында үкідей бұлғақтап кетіп барады...
– Кешіріңіз, мынау менің темекім еді… – деп темекісін
қайырып алып алады.
Ұлғайту дейсіз бе, әсірелеу ме әлде, бәлкім шарттылық па, әйтеуір жанкүйер жанындағы аласапыран күйді аңғартатын психо-комикалық деталь ретінде ойнайтын бір көрініс осылай. Болмаған, болуы мүмкін емес оқиға. Болмайды-ау, деп сірә да ойламайсың, бірақ. Елігіп оқып, елітіп отырғаның…
«Күрең өзенді» көп студент оқымады.
Жазушының тосын жазу мәнері біреуді қызықтырса, енді біреуді қызықтыра қойған жоқ. Расында, Тәкен Әлімқұлов «бір түрлі жазушы» ретінде қабылданды. «Күрең өзен» менің қанжығамда кетті. Біртүрлі жазушы… Бірақ, маған ұнады.
ЖАЗУШЫ ӨМІБАЯНЫНАН
«Күрең өзенді» оқыған соң жазушының өмірінен деректер іздестіре бастадым. Мәлімет тапшы. Ақыр аяғы, Қазақстан Жазушылар Одағы бастырған «Қазақстан Жазушылары» (1969) био-библиографиялық көрсеткішінде де жоқ.
Түрлі дәйек көздерінен алған, естіген мәліметтерімді жинақтап айтсам, мынадай болып шығады.
Тәкеннің азан шақырып қойған аты – Тәңірберген. Ащысай, Созақ тумасы. Әкесі атақты шайыр Шәді төре Жәңгірұлымен заманқұрбы, сыйлас тіршілік кешкен. Жалғыз ұлды әздектетіп Тәкен атап кеткен.
Жасында Тәкең сағымға қарап жүгіретін, түнде шошып оянатын айкезбе елірме болса керек. Қазіргі тілмен айтқанда «арқалы» ұл болған шығар.
Бірде үйіне барғанда «бозаның» қызуымен Тәкеннің руын тексергенбіз. Ақын Аян Нысаналин «Тәкең ысты» – деді. Ауылдасы сыншы Сайлаубек Жұмабеков «Сүлгетай» десті. Мен үшін Тәкеңнің қай рудан екендігінің бәлендей маңызы жоқ-ты. Қазақтың үлкен жазушысы болғаны жеткілікті еді.
Тәкең салалы саусағымен мұрнын сауды. «Е-е, қазақтар» – деді содан соң, – Ал, мен ноғаймын!» Неге олай дегені маған жұмбақ. Шамасы, біздің балалығымызға күлгені. Көп шығармасының кейіпкері Ноғайқұловтың түп тұлғасы Тәкең екенін іш сезді сол жолы. «Күрең өзен» хикаяты мен соңғы мемуарлық жазбасындағы Ноғайқұлов ізімен жүріп отырған оқырман Тәкен Әлімқұловтай классик жазушы өмірінен көп-көп мәлімет аларына дау жоқ.
Тәкен бала шағынан кен қазушы орыстармен араласқан. Кейін Қорғасын зауытына келіп, есепші болып жұмысқа тұрады. Туа салқам, дүниенің бетіне қарамаған Тәкен бала, оңтүстіктің тілімен айтқанда «ұрылады». Баланың жазықсыз күйгенін тиісті орындар білген соң көп ұстамай азаттыққа шығарса керек. Тәкеннің алдымен журналистикаға, соңынан әдебиетке ден қоюы осы кезден басталады.
Кезінде Т.Әлімқұлов «Оңтүстік Қазақстанда» қызмет істеген. «Оңтүстік Қазақстан» дегеннен шығады, облыстық газетті қорғасынын арқалап жүріп, алғаш ұйымдастырған, осындай атау берген көрнекті ғалым Бейсембай Кенжебайұлы екенін біреу білсе, біреу білмейді. Облыстық газеттің тарихын С.Қожанов Ташкенде ұйымдастырған «Ақ жолдан» бастаған айып емес. Тек жарық көру жылдарын сәйкестендіріп алу шарт. Иланымды болады. Алайда, ағымдағы баспасөздің төл тарихындағы «Оңтүстік Қазақстан» аталатын бұл сәттілікті де ұмытуға болмайды. Сатирик Қадыр Тайшықов, ақын Жақан Сыздықовтың Шымкентке көшіп келу тарихы да аталмыш газеттің жарыққа шығуына байланысты. Оларды да Оңтүстікке алып келген Бейсекең. Ол өз алдына дербес әңгіме! «Оңтүстік Қазақстанның» алғашқы сандарын көргім келіп, іздесем облыстық архивте (мұрағат емес. Қ.Е.) болмады, қыздың жиған жүгіндей етіп әдемі ұйымдастырған редакция музейінде (мұражай емес. Қ.Е.) де жоқ болып шықты. Музей қызметкерлерін ізденіске бастар деген оймен айтып отырмын. Сол секілді талапты ізденуші шығып, Тәкен Әлімқұловтың «Оңтүстік Қазақстан» газетінде жариялаған өлең, очерк, мақалаларын қарастырса ғой, шіркін?! Ырыс болар еді.
Көз көргендердің айтуына қарағанда Тәкен «Оңтүстікте» журналист болып қызмет атқарып жүргенде үйлі-баранды болса керек. «Үйлісің дұрыс, «барандысы» артық та болуы бек мүмкін. Айтқалы отырғаным – оңтүстік өмір белеңінде Тәкеңнің қазақы бейілді келіншегі болыпты. Тәкең сұңғақ, талғаммен киінетін, күтініп жүретін, сері жігіт екен. Бір қызығы – келіншегінен не бір-екі адым озық, не бір-екі адым қалыңқы жүретін дейді көргендер. Дәм-тұздары жараспапты. Прокурорды қонақ ете ме, әлде прокурор үйіне қонаққа бара ма, әйтеуір хұқықшымен дәм-тұздас болады. Көңіл жарастығымен басталған дастарханда бәрі де орыс шарабын мелдектете ішеді. Таң азанда ояна келе жан-жағына қаранғанда уыздай жас келіншегі прокурордың қойнынан табылса керек... Тәкең жарына арнап өлең жазып тастап, кетіп отырған... Одан перзент бары-жоғы бізге беймәлім. Біреулер жарымжан баласы болған деседі. Кім білсін?
Адам өзін-өзі зерттеуі керек. Өзін-өзі Америка ашқандай ашып отырса қанеки?! Алайда, әрбір адам оған бара бермейді. Бір күндік ас, бес күндік өмір қанағат. Қазақы қанағатшылдықтың кісінің өзін-өзі тануына кедергі болары сондықтан. Ол ақыр-аяғы әрбір адамның пендешіліктен жоғары тұруына септесер еді. Әмсе тумысынан талантты жандар үшін өзін-өзі талдап, таразылау, тану – өте табысты болмас па?! Діндар философ Н.А.Бердяевтің «Өзімді тануым» аталатын еңбегінің ғибраты осында!
Тәкен Әлімқұлов – облыстық баспасөзде қызмет атқарып жүріп, өзінің дарын-қуатын, білімін, мүмкіндігін таразылаған. Білімнің аздығын, дарынның молдығын болжалдаған. Ақыры, Алматыға сапарға жиналған. Бұл шешім, бұл сапар – Тәкен үшін ырыс, әдебиет үшін құт болды.
Алматыға аз аялдаған Тәкең Мәскеуге Әдебиет институтына жол тартады. Тәкеңнің тұрақтап, табан тіреп білім алған жері – М.Горький атындағы әдебиет институы.
Замандастары, бірге оқыған курстастары – студент Тәкен Әлімқұлов жөнінде бірсыпыра қалжың аралас әңгімелер сауатын. Кім білсін?! Студент Т.Әлімқұлов Мәскеуде қазіргі классик жазушымыз Әбдіжәміл Нұрпейісовпен бірге оқып, бір үйде тұрған кездері бар.
Тәкен Мәскеуде Муза Абрамовна есімді әйелге үйленеді. Созаққа келін етіп түсірген Музаны Төлеген Тоқбергенов «аузының суы құрып» әңгімелейтін. «Әйел біткенде мұндай ажарлы, сұлу жанды көрген емен – дейтін Төлеген марқұм, – Таңертең ертемен Тәкен екеуі бұлақ басына барып жуынып, қайтып келе жатқанын көруге көз керек!»
Біз ол сәтті де көрген емеспіз. Естіген құлақта жазық жоқ. Муза Абрамовнаны Мәскеу суретшілері көбірек төңіректеп, жалаңаш күйінде суретін салған деседі. «Натурщица...» Ал, Тәкеңнің Музадан туған қызы, ұмытпасам, біз құралпы. Муза Абрамовна жеңгеміз жарық дүниеде бары жоғын білмедік. Тәкеңнің өзі кейін бұл тақырыпта әңгіме қозғағанда қабағын кіржитетін. «Қатын» деп сөйлейтін ол әйел әңгімесін жарата бермеуші еді, жарықтық.
Біздің білетініміз – Әдебиет институтына Тәкен, ұлы Мұхтар Әуезов жазып берген тілдей қағазбен барып, емтихансыз түскен. Өйткені, Т.Әлімқұловта белгілі бір оқу орнын тәмамдағаны жөнінде құжат болмаған. Тәкеңнің өзі айтар еді: «Константин Федин орыс әдебиетінің Максим Горькийден кейінгі ұлы тұлғасы, Ол Мұқаңды керемет сыйлайтын. Кейін КСРО Жазушылар одағына қазақ әдебиеті жөнінде кеңесші болып қызметке орналасқанда да Мұқаңның запискасы үлкен роль атқарды» – деп! Демек, Тәкеннің Әдебиет институтына түсуіне септескен Константин Федин.
Тәкен бірсыпыра уақыт қызмет атқарған қара шаңырақ – КСРО Жазушылар одағы. Т.Әлімқұлов – білімді еді. Бірақ, ресми қызметке қыры жоқ, салқамдау кісі. Екінші әйелінен ажырауы, отбасылық жылылықтың болмауы, күнделікті ыстықауметтің жоқтығы – жазушы жанын жүдетсе керек. Әйтеуір Тәкеңді іздеген кісі ол жылдары А.Фадеев атындағы Әдебиет үйінен табар еді. Жазушылармен «барда» отырар, әріптестерімен шахмат ойнар… Әйтеуір А.Фадеев атындағы Әдебиет үйі – Тәкеңнің жиі үйірсектер жері. Қолы қалт етсе Әдебиет институтына – Қ.Ысқақ, А.Нысаналыға барады.
Бір тиімді пайдаланар жері – Мәскеу баспалары болса керек-ті. Алыста жатқан республика жазушыларының қолы жетпесі – осы Мәскеу баспалары. Ал, Тәкең болса қазына-байлықтың қасында отыр. Абырой-беделі жетеді. Сөйлессе кез-келгенін сүріндіреді, білім салыстырса көбін шаң қаптырады. Бірақ, Мәскеуде қызмет атқарған Тәкен Әлімқұлов өзге жұрттың қолы жетпей жүрген осы мүмкіндікті пайдаланбай-ақ кетті.
Жетпісінші жылдары – Қазақстан Жазушылар одағында бір ию-қию айтыс-тартыс басталған. Осындай сәтте ешқандай жікке бөлінбейтін, әділетті хатшы керек болыпты. Өзара ынтымақ таба алмай жүрген екі топ та Мәскеуде жатқан Тәкен Әлімқұлов аты аталғанда тоқтай қалады. «Болды». «Болды». Екі жақ қол алысып, қол берісіп, бәтуаласып Тәкен Әлімқұловты Қазақстан Жазушылар одағына хатшылыққа шақыруға келіседі. Орталық Комитет келіседі. Тәкен келіседі. Ұйымдастыру мәселесін қарап, бекітетін Пленумға Тәкен екі-үш күн кешігіп келеді… Жол алыс... Жолшыбай ішіс...
Ресми қызмет салқамдықты сүймейді, тиянақты, тыңғылықты әрекетті қалайтын әдеті. Шамасы Тәкең ресми қызмет істегісі келмеген. Тәкен аға өмірінің осы бір сәті Тәкебай есімді кейіпкерге айналып, Әкім Таразидің бір шығармасында көрініс береді. Әрине, ол өмір дәйегінен жоғары тұрған, жинақталған, типтенген көркем шығарма.
Жетпісінші жылдары Қазақстанға оралған Тәкен Әлімқұлов қашан көз жұмғанша еркін шығармашылық іспен айналысып өтті…
«Сау-сәлеметпісіз, Лев Николаевич»
1978 жылы «Лениншіл жас» газетіне қызметке шақырылдым. Шақырғандар – Сағат Әшімбаев, Аян Нысаналин. Әдебиет және өнер бөлімінде тілшімін. Бұл орайда ерекше салмақ салған Аян аға еңбегі айырықша!
Күзге салым ұлы Л.Н.Толстойдың 150 жылдығы келіп жетті. Орыс халқы – ұлы перзенттерін құрметтеуде ерекше ыждағатты. Ұлы науқан басталған. Біз де «Лениншіл жас» газетінде Толстой тойы жөнінде материал беруге тиіспіз.
Өтінішті кімге айту керек?
– Тәкенге айтайық – деді Аян.
– Дұрыс.
Аян аға Тәкеңді Мәскеуден біледі. Аралас-құраласы бар. Кісілік қатынаста өзара еркін. Телефонмен тапсырманы үлкен жазушыға беріп тастады. Бөлімге жаңа келген көгенкөз жас бала міндеті «дұрыс» деп қана отыру.
Тәкен басқа жанр дүниесін қалай жазатынын білмеймін, әдеби сын мақаланы өте тез жазады. Бүгінгі өтінішің таңертең орындалып тұрады. Дағдыдан жазбай, мақала бір-ер күнде жазылып келіп, алдымызда жатты.
– Әй, Құлбек, мына шалдың мынаусы несі-ай?
Бастығым Аян алдындағы ала қағазды оқып отырып, шоқ басып алғандай оқыс тіл қатты.
Мен де көз жүгірттім. Мақаланың аты «Сау-сәлеметпісіз, Лев Николаевич»
Жайшылықта жақсы көретін Аянның араның ұясына тап болғандай ыршып кетуіне себеп те – осы тақырып.
Оқып шықтым. Тәкенше жазылған мақала. Дітім жеткендіктен демейін, мақаланың аты мазмұнын ашып тұрғандай жылы ұшырады. Ең бастысы – таптаурын болмаған тың атау.
Мақала «Толстой тәлімі» – деген атпен газеттің келесі күнгі санында жарық көрді. Таңалакөгімнен Аякең Тәкеңе телефондап, мақаласының жарыққа шыққанын айтып жатты.
Түсте газетті бетке ұстап Тәкеңнің үйіне бардық.
Аян кәдуәлгісіндей еркін сөйлеп, мені әдебиет сыншысы деп дардай етіп таныстырды. Оңтүстік өңірінен екенімді де айтып өтті. Бірақ, оған Тәкең бәлендей мән бере қойған жоқ.
– Әдебиет сыншысы дейсің бе? Сыншы – білім иесі.
Әдебиетші жазушыға білім сыйлайды. Байытады. Есі бар жазушы сыншымен дос болады. Құлбек деймісің?! Тығыз байланыста, шығармашылық ынтымақта болайық – деді Тәкен.
Байқаймын мені білмейді. Жарияланған ештеңемді оқымаған. Жас кезінде кісі даңғойлау болады ғой. Әсіресе, қалам ұстаған жастар мені неге білмейсің? – деп көкірегі текірек қағып тұратыны болады. Тәкең менің мақалаларымды оқымаған екен-ау деген астам сезім менің де ішімде жатты. Шіркін, жастық?!
Тәкең әдебиет сыны, сыншы жайлы пәлсафасынан кейін, «Кәне, мақаланы оқып жіберіңдер» – деді, көңілденіп. Аякең газетті маған қарай ысырды. Міндет маған жүктелді. «Жазған құлда жазық жоқ», мәнерлеп оқи бастадым.
– «Толстой тәлімі»
– Е, еһ – деді Тәкең, –Тақырыбын өзгертіп жіберіпсіңдер ғой.
– Сіздің қойған тақырыбыңыз орысша – деді Аян, бейкүнә көңілден жайбарақат.
– Е, Толстой орыс емес пе?! Орыс әдебиетінің өкілі ғой.
Тәкең бастырмалатты.
– Немене, Тәке «Толстой тәлімі» – деген ат жаман ба?
– Діндар шалда не тәлім болсын?!
Тәкең тұнжырады.
Тәжікені одан әрі созбайын деп мен мақаланы заулатып оқи жөнелдім.
Мақала көп қысқартуға ұшырамаған екен. Аяғына шыққанда тыңдап отырған жазушы қайта жадырады.
– Жуу керек екен – деді ақырын.
Үшеуміз ас үйге қарай аяңдадық. Жеңгей де, балалар да үйде жоқ.
Дәм үстінде Тәкең Толстой және оның замандастары жөнінде бірсыпыра әңгіме тиегін ағытты. Жем сұраған сарыауыз балапандай мен аузымды ашып тыңдаумен болдым. Аякең әңгіменің арнасын Мәскеуде өткен қызық күндерге бұрғыштап еді, Тәкең қыз-қырқын әңгімесінен тартыншақтады. Онысы менің пайдама шықты. Көл-көсір-көсем әңгіме тыңдадым.
«Не деген білімдар жазушы?!» – дедім қайтып келе жатып. Алғашқы жүздесуден алған әсер еді…
– Е, айта береді... Аякең де айтып салды.
Бұдан кейін Тәкеңмен телефон арқылы еркін сөйлесіп, хал білісіп тұратын болдым. Кейде үлкен жазушының өзі телефондайды. Кейде біз телефондап, мақала жазып беруін өтінеміз. Әлденеше мақала, әңгімелерін жастар газеті бетінде жарияладық.
Жазушының өзімен жиі араласуымыз оның үй-іші, отбасын да жақсы білуге итермеледі. Есенгүл жеңгемізді, ұлы Рауанды жақсы білдік.
ЖАЗУШЫ ОТБАСЫ
Ұлы А.С.Пушкин, Н.В.Гоголь тағдырына алаңдап, олардың жеке өмірін әрбір бөлшегіне дейін қазып жазған Н.А.Раевскийге, әйтпесе В.Вересаевқа қызығып қарайтыным бар. Кеңес өкіметі тұсында әсіресе В.Вересаевтың кітабы жабықтау ұсталды. Сергеев-Ценскийдің А.С.Пушкин өмірінен жазған ғұмырнамалық кітабы туралы да осыны айтуға болады.
В.Б.Шкловскийдің «Лев Толстой», Ю.Селезневтің «Ф.М.Достоевский», И.Л.Андрониковтың «М.Ю.Лермонтов» секілді бейбіт мінезді ғұмырнамалық кітаптарын айтпай, В.Вересаев, Сергеев-Ценский, Н.А.Раевскийдің ұлылардың пендеуй тіршілік, интимдік сырын қазатын туындыларын алға тарта сөйлеуде гәп бар.
Тәкен Әлімқұлов отбасылық тұрмыстық жағдайда бақытқа кенелмеген жан десем, көз-көрген, оның тағдырын жете білетін кісілер, қаламдас, әріптестері қарсы бола қоймас. Алғашқы әйелінің жай-күйін білмейміз. Муза Абрамовнамен Тәкен ағамыз бақытты болып еді деген әңгіме естісек құлағымыз керең болсын. Ал, Есенгүл жеңгеймен жас алшақтықтары недәуір еді. Жазушыға бір ұл, бір қыз тауып берген кісі жайында ғайбат сөйлеу жараспас. Дегенде, өмірде бақытты тұрдым деген Тәкеңді көрген де, естіген де емеспіз.
Күндердің күнінде Тәкеңдей төре жазушының зайыптары жөнінде бір «Вересаев» шыға келіп, шығарма жазар болса, тағы да таңқала қоймаспыз…
Қыл-қысқасы, Тәкеңнің зайыптық өмірі трагедияға бара-бар. Оған, әрине Тәкеңнің өзі де кінәлі. Қателеспесем, Тәкең әйелім, бала-шағам бар-ау, деп ойланған жан емес. «Қарамаса қатын кетеді…»
АҚЫН
Т.Әлімқұлов – өлеңге өлердей ғашық жан еді. Өзін ақын бейнесінде көргісі келетін. Ертеректе «Сапар» (1950) аталатын жыр жинағы жарық көрді. Орамды ойлар, образды, баламалы жолдар кездеседі. Бірақ, Тәкен поэзияда табиғи ақын емес. Қиял қанатының әуелеп қанат қағып көтерілуі жоқ та, білімнің билік алып кетуі бар. Ол поэзияға жараспайды. Өлеңді тұсайды.
Жастық шақта өлең жазған Тәкен поэзиядан біржолата қол үзген жоқ. Әрдәйім өлең жазатын. Жасы ұлғайған шақта Кенен Әзербаев өмірінен «Сері» аталатын поэма жазды. Туынды поэмадан гөрі, дастанға, бәлкім өлең-очеркке келіңкірейтін. Әрине, жанр – шартты. Дегенде, жанр шегі шығарма формасынан, композициялық құрылымынан, көркемдік құралдарынан анықталады. Көңіл сүйген қаламгер ағаның «Сері» аталатын көпей толғанысын өлең-очерк десем, жерге ұрғандық деп қабылдамағай оқырман. Бейнелеу орнына баяндау белең алатындықтан айтып отырған жай. Күллі түрік рухының атасы – Қорқыт туралы өлең-очерк жазғаны есте.
– Төредей классикалық прозаңыз тұрғанда өлең жазып қайтесіз
Тәке?! – дегенім бар оңаша сұхбатта.
Тәкең жаратпады. Жаратпағанын үнсіздікпен білдірді.
«Ақын емессіз ғой» – деген ойды бөгде сөзбен жеткізген сол пікірді сыртқа бекер шығардым ба, қайдам?! Жас талантқа айтар сын болады. Жасы ұлғайған қаламгерге сабақтаған сыншыл ойды айтқаннан не пайда?! Көңілінде кірбің кетті ме, қайдам?!
АУДАРМАШЫ
Есесіне, Тәкен Әлімқұлов – тарлан тәржіман еді. Демек, аудармада – ақын. Әдебиетте ондай-ондай кездеседі. Қасым Тоғызақов есімді кісі болды. Аудармада төгілген ақын, ақындықта қарабайыр қалам иесі. Таңдануға тура келеді.
Тәкең де төлтумада – өлеңқұмар, тәржімада жүйрік ақын болып бой тастайды.
Аудармаға ақындық ұшқырлықпен бірге, білімдарлық қажет. Өлеңді аударып отырғанда түпнұсқада айтылған оймен бірге айтылмақ ойды білу пайдалы. Аударуға ниет етіп отырған өлеңнің туу тарихы, жаратылыс жайынан мәліметіңіз болса тіпті ғанибет! Тәкен Әлімқұлов көбіне классикаға ден қоятын, сондықтан да өзі «елшілікке» (К.Чуковский) жүргелі отырған ақын тағдырын егжей-тегжейлі білетін, түпнұсқаның қыр-сырын жетік қадағалайтын аудармашы болатын.
Телегей-теңіз мол білім, әсіресе орыс поэзиясына жетіктік, ақын табиғатын нәзік түсінушілік – поэзия сынында, әмсе тәржіма мәселесін сөз еткенде жан-жақты шарапатын тигізер еді. Бұған мен «Лениншіл жас» газетінде қызмет істеген жылдары анық көз жеткіздім.
Бұрын да әредік поэзия аудармасы жайында пікір сабақтайтынын білетін біз Тәкеңе бірде А.С.Пушкин шығармаларының қазақ тіліндегі екі томдығы жөнінде, келесіде М.Ю.Лермонтов екі томдығы хақында мақала жазып беруін өтіндік. Екі ақынды да жанындай сүйетін, өлеңдерін жатқа айтатын Тәкең біздің өтінішімізді орындау бағытында «Түпнұсқа және аударма», «Аударма ауқымы мен ажары» аталатын мақала жазып берген еді. Мақала сол кезеңдік әдеби ортада өте жақсы бағаланды. Әрине, бұл енді әдеби сын мәселесі.
ӘДЕБИЕТ СЫНШЫСЫ
Мәскеуде Әдебиет институтында оқып білім алу Т.Әлімқұловты әдеби сынға бастады. Әрине, оған дейін де ол мақала, әдеби сын очеркін жазған.
Ертеректе Тайыр Жароковты сынаған. «Күн тіл қатты» – деп дауылдатып жазатын Тайыр Жороков – көп сын естімеген, есесіне көбірек мадақталған ақын. Тәкен інісінен сын естігенде ыссылаған. Әділдік іздеп Мұхтар Әуезовке жүгінген. Мақала дәділдігіне ден қойған ұлы жүрек ұстаз, сынның ақын, жазушыға жәрдем беруі керектігін айта келіп, сын стилінде авторды кекетіп, мұқатып жеке басына тиісу болмауы керек. Тәкен сенде сондай жарамсыз мінез бар депті.
Расында, Тәкеңде ондай мінез болатын. Әдеби шығарма жайында айта отырып, авторына өтіп кеткенін білмей қалатын. Мұндай мінезді Мұзафар Әлімбаев жайында жазған бір сын мақаласынан аңғарғаным бар. Әдеттегідей әдеби сында өткір жазатын ол Мұзафар ақынға «тілің тұтқыр» – деп сын айтады. Сыны орынды-ау, бірақ Тәкең сол пікірдің айналасында замандасын астарлай, ишаралай мысқылдайтынын байқайсың.
Тәкен ұлы Абайды пір тұтқан адам. Ұлы ақын өлеңдерін түгел жатқа біледі-ау, шамасы. Ұдайы іштей сиынып, сырттай сүйеніп сөйлер еді. Абай айтқан ғой – дейді ол. Абай айтпаған мәселе бар ма, тәйірі?! Әрі қарай Әлімқұлов болып әңгіме сабақтайды.
Абай жайында ертеректе бір ойлы мақала жазған ол жетпісінші жылдары қайта оралып «Жұмбақ жан» – аталатын сұлу мүсін әдемі кітапқа айналдырды. Кейін сын мақалалар жинағына «Жұмбақ жан» атын берді.
Әрине, «Жұмбақ жан» кітабы жөнінде жетпісінші жылдары бірсыпыра сын пікірлер жазылды. Біреу табиғатын түсініп жазды, біреу табиғатын түсінбей жазды. Әркімнің арына жүктедік. Біздің пайымдауымызша, «Жұмбақ жан» жанрынан бастап анықталуға, жанрынан бастап талдануға тиісті еңбек еді. Олай ете алмадық. Ұлы Абайдың қара сөздерінің жанры жөнінде әртүрлі пікір айтылды. Әлі айтылып келеді. Жанры да жұмбақ. Сол секілді «Жұмбақ жанның» да жанры – жұмбақ. Абай жұмбақ, Тәкен жұмбақ, «Жұмбақ жан» проза ма, әдеби сын ба, эссе ме? Қайсысына жатқызсаң да жарасады. Жиһандық әдебиетте осындай «винегрет» жанрлы шығармалар кездеседі. Венгер жазушысы Дюла Йиештің «Шандор Петефиі» – осындай. Бұл – бір ғана нұсқа. Әралуан нұсқа бар әлем әдебиетінде. Қазақ халқына бүйрегі бұрыңқырайтын Леонид Мартыновтың «Жел керген желкендер», «Үйлесімдік сызығы» аталатын кітаптары да осы нұсқаға ұқсас. Өзге әдебиетшілер сүйсініспен қараған «Жұмбақ жан» жөнінде абайтанушылар жарытып ештеңе айтпады. Дұрысында, алдымен үн қатуға, шешіліп сөйлеп, шын бағасын беруге тиісті кісілеріңіз солар болуға керек қой. Әлде олар еңбектегі абайтанушылар адресіне айтылған сын, мысқылды кектесе қабылдады ма екен?
«Жұмбақ жанымен» Тәкен Әлімқұлов қазақ әдебиеттану ілімінде көп ілгерілеушілік туғызды. Өлеңді көркем проза биігіне көтере талдаудың тамаша үлгісі – «Жұмбақ жан».
Ұлы Абайдан кейін зор махаббатпен қарағаны – ақын Қасым Аманжолов. Өлең шіркінге деген махаббат Тәкенді жастай отты ақын айналасына топтаған. Қасекең ізінен ілескен Тәкеннің кейбір өлеңдерін мақтаған. Қасым ақын – албырт жас үшін ақындықтың эталоны! Қасым үшін Тәкең өзі жақсы көріп, құрмет тұтқан Сәбит Мұқановтың да бетіне келген. Егерде тау тұлғалы Тайырды, білімдар Мұзафарды кекете, мұқата сынаса – Аманжоловтай неге болмайсыңдар дегені ғой. Кейінгі буын өкілі Тұрсынзада Есімжановқа мысқылдай жазған жауап мақаласы осы жолдардың авторында асыл жәдігерліктей сақтаулы. Онда да кезінде сатиралық әңгіме жазған қаламгердің мінезі аңғарылады.
«Қазақ совет әдебиеті» тарихы зерттеу томдығына автор ретінде қатысқан Тәкен Әлімқұлов «Қасым Аманжолов» тарауын жазған. Қасым ақын айналасында пір тұтар нөкерлері көп-ті. С.Мәуленов (әрі досы, әрі құдасы), Т.Ахтанов, Ғ.Қайырбеков, М.Әлімбаев, Т.Әлімқұлов, Қ.Жармағамбетов дегендей. Осы «сен тұр, мен атайын» арасынан «Айға шағылған ақ найза» дерлік Қасым ақын жайында арнайы тарау жазу – Тәкең сыбағасына айналып жатса, оның сол кездің өзінде әдеби ортада үлкен абыройға ие болғанына дәлел. Әдебиет сыншысы райында Әлімқұловтың толғанып айтар, таратып айтар қырлары мол. Қайрап салсаң қара тасқа өтер қайталанбас ақын Қасым Аманжоловтың ақындық хас тағдырын қапысыз танып, төгілдіріп айтуы, шынайы талдауы бұған айқын айғақ. Ақынның Мәскеуде жарық көрген жыр жинағына білімдар алғысөз жазуын осыған мерей ретінде қосамыз.
Ол кезде Тәкең мақаланы эпикалық тыныспен созымды жазатын. Оған дәлел осы – «Қасым Аманжолов». Кейін мақаланы ой-толғанысқа толтырып, өрмек тоқығандай әрбір сәтіне назар аударып, өзі айтқандай «ішті» етіп жазатын болды. «Қасым Аманжоловты» қайта қарағанда естелікпен толықтырды. Шамасы, кексе Тәкен жас Тәкенге обал жасаудан сақтанды-ау.
Тәкен – танылған сыншы еді. Оны кезіндегі тілмен айтқанда, одақ мойындайтын. Өйткені, сыншы мақалаларын екі тілде бірдей жаза беретін. Ұмытпасам сол кезгі қазақ әдебиетінің тамыр соғысы, тынысы жайлы «Из истории казахской литературы» әдеби шолу мақаласына Мұхтар Әуезовтің қосавтор болуға ризашылық білдіруі – Тәкендей шәкіртке деген үлкен сенім.
Т.Әлімқұлов, негізінен, поэзия сыншысы ретінде көбірек мойындалды. Өзі өлең шіркінді ерекше сүйетін ол белгілі бір ақын, әйтпесе нақты бір шығарма жайында жазғанда шығармашылық психологиясына дейін еркін еніп, мәтінді майда бөлшектеріне дейін еркін барып, жете талдайтын. Жекелеген бөлшекті типтендіріп ақын, ия жеке жинақ жайында ортақ түйін түюге өте шебер. Объектісі жайында жалпы сөйлеу – әрбір сыншының қолынан келер шара. Ал, шығарманы бөлшектей талдау – сыншының сыншысының ғана қолынан келері хақ. Жалпы сөйлеу – сыншы үшін көзүйренді жадағайлық. Сыншыға абырой әпере қоймайтын мінез. Өзі қаламын қатты сыйлайтын классик жазушы ретінде танылған Тәкең ілтипатқа алған ақын, иә жазушы шығармасын бұтарлай талдауға ерекше ден қоятын. Жалпы сөйлегенді жақтырмайтын ол шығарманың ішіне енбеген соң қаламды қор қылмау керек қой дейтін томырықтана.
Сыншы райында Т.Әлімқұлов жалпақшешейлікті жек көретін, беделге бой ұсынбайтын. Бейнелеп айтқанда «мүйізі қарағайдай» – дейтін ірі ақындардың шығармаларын бетке ала сөйлеп, қатты сынға алатынын талай көрдік. Ондайда білімдар сыншы сөзі уәжімді, пікірі дәділ! Әріптес ақындар шамырқанып шамданар еді, ерін бауырына алып тулар еді. Білімдар дәлелді пікір – мойындамасқа қоя ма?! Мойындап тынар еді ақыры. Өзі де ақындығымен бірге сыншы ретінде танылған Мұзафар Әлімбайұлы айтар еді: «Тәкен маған тілің тұтқыр деді. Мен шамдану орнына қазақ фольклорын оқып, тіл үйренумен болдым. Замандасым қандай оймен сынаса өзі біледі. Мен оны әріптестің арына тапсырдым да ізденіске көштім. Сынның маған пайдасы тиді!»
Тәкеннің сыншы ретінде айналасына тигізер шарапаты – осындай!
Т.Әлімқұлов Т.Жароков, Х.Ерғалиев, Қ.Бекхожин, С.Мәуленов, Ғ.Қайырбеков, Т.Рахимов, К.Бектұрсынов поэзиясы туралы жазды. Бір байқағаным қанаттас, қатарластарын ащырақ сынайтын ол жас ақындар әдебиет сапына келгенде ерекше қолдар еді. Қазақстан Жазушылар одағында Әдеби жыл қорытындысында поэзия жөнінде арнайы баяндама жасаған Тәкең жылдың жас өркендері – Тынышпай мен Камардинге ерекше тоқталды. Жастарды қолдады. Тіпті Камардин туралы арнайы мақала жазып, пікірін ұштап ұзамай «Лениншіл жасқа» – бізге алып келді. Міне, ұстаздық бейіл!
БІР ӨЛЕҢ ТАЛДАУ
Потебня есімді кісі ХІХ ғасырда әдебиетке «бөлшектік талдау» тәсілін енгізгені белгілі. Осы жайдың әсері болды ма, Европада, әсіресе орыс әдебиеттану ғылымында бір өлең талдау тәжірибесі орнықты. Қазақ әдебиеттану ғылымында профессор Бейсембай Кенжебаевтың ақын Ә.Абайділдановтың бір өлеңін, Т.Бердияровтың екі өлеңін талдап, мақала жазуы осы үрдісті еске түсіреді. «Лениншіл жаста» қызмет атқарған жылдары біз осы тәжірибені қайта жаңғыртып, «тірілтіп» көру мақсатында ақын, сыншыларды бір өлең талдауға шақырдық. Талдауға ұсынған өлең – жайдың тасындай жайпар ақын – Жарасқан Әбдірашевтің «Қазақ әдебиеті» газетінің 1980 жылғы 4 қаңтар күнгі санында жарық көрген «Думан жыры» – аталатын өлеңі.
Өлеңді таңдауда екі-үш түрлі себеп билік етті.
Өлең – талантты ақын туындысы болуы шарт. Жарасқан поэзиясы тасты тесіп ағатын бұлақ суы секілді. Дұрыс.
Әдебиеттегі белең алған тенденцияға соққы беруге тиіспіз. Сексенінші жылдары жалаң патетикаға берілгіш өлеңдер етек алды. Дамыған социализм – коммунизм баламасына алынып, мадақталып жатқан тұс. Ақындарды жалғандыққа бұрып, жалаң сезіммен желпілдете жыр жазуға итермелейтін фактор – осы! Өлеңді көп ауыз – дуалы ауыз арқылы ортаға алып талдағанда мақсат – қазақ поэзиясындағы жалаң патетика жамылған жалаңдыққа тосқауыл қою. Басты себеп – осы!
Объективті жайларды алға тартқанда Жарасқан мен Аянның қырбайлау жүргенін субъективтік себеп ретінде айта кетсем ағайын өкпелей қоймас.
Тәкен әдеттегідей мақаланы өте тез жазып әкелді. Мақала «Лениншіл жас» газетінің 1980 жылғы 3 қыркүйек күнгі санында «Бір өлеңді талдасақ…» – деген атпен жарияланды.
«Поэзия сынының бір ерекшелігі бар.
Бұл сын өлеңнің ұзын-ырғасының жарастылығын, бүкіл фактурасын поэзияның заңымен тексереді, талдайды, дәлелдейді» – деп бастап, әдеттегідей сынауға ойысады.
Мақаланы жазу себебін: «Соңғы жылдары әдеби сын Жарасқан Әбдірашевті атағанда екі пікір айтады… Біреулер мақтаса, біреулер даттайды. Сыншылар ақыннан идеялық қате іздеуге шейін барады. Осының сыры маған таңсық еді. Ойлана келсем, Жарасқанның табысы да, «қалысы» да тәжірибесінің әл-әзір аздығында екен. Осы пікірімді бір өлеңі арқылы дәлелдегім келеді» – деп түсіндіреді.
Талдауда сыншы ақынның жекелеген сөз қолданысынан өлеңнің тұтас фактурасына дейін барады. «…Өлең тым шашыраңқы, жалпылама, жадағай. Өлеңде өрмек, өрнек жоқ. Сурет некен-саяқ кездеседі» – секілді қатқыл жолдар да бар.
Өлеңді олай емес, былай құрса қайтер еді? – деген ықтимал нұсқа ұсынуға дейін барады. Әрине, бұл – ақындықтың пайдасы. Ақын-сыншы ғана бара алатын жай.
Мақалада білімдарлық, өре бар. Өлеңді өнерге айналдыру жайлы ойлар – уәжіпті. Кейбір уытты сөздерді осы уызды ойлар сабасына түсіргендей болады.
«Әдебиетте сын көтермейтін дүние болады. Ж.Әбдірашев оның қатарына жатса, бұл мақала жазылмас та еді. Мақаланың ниеті авторды ширату. Өзіміз де кезінде талай сынға ұшырап, қорытынды жасағанбыз. Мақала бүгінгі әдеби сынның тәсіліне келе ме, оған төреші – жұртшылық» – деп түйеді сыншы.
Талантты ақын өлеңін сынауда Тәкен ойында жамандық болды деп сәуегейлік жасаудан аулақпын. Негізі – қатқылдау. Бірақ, келтірер дәлелдері иланымды. Оқып отырып еш шүбаланбайсыз.
Ойласу мақсатында жарияланған мақалаға шапшаңдық танытып ақын Мұзафар Әлімбаев үн қосты. Сыйлы ақын мақаласы ақын өлеңі мен ол жөніндегі сын мақаланы салыстыра, өз пікірлерін жарыстыра талдаудың үздік үлгісі. Онда Жарасқан өлеңін Тәкен сынынан арашалап алар сәттер, сыншы мақаласында келтірілетін кейбір пікірдің жаңсақ кетіп, қате берілгеніне дейін айтылды. Газеттің келесі санында Мұзағаң мақаласын да жарияладық.
Қазақстан Жазушылар одағының «барында» кездескенде өкпелер-ау деген Жарасқан «– Тәкен ағамыздан сын есітудің өзі бақыт» – деп кірнесіз көңілмен қарсы алды… Жайсаңым-ай!
Т.Әлімқұловтың әдеби сын мақалалары жайында көп айтуға, көлемдірек жазуға болады. Арнайы шұғылдануды қалайтын іс – алғы күннің еншісі.
Әзірге айтарымыз – ол проза сыншысы райында да бірсыпыра көрінді.
Ол қай жанрда жазса, сол жанр сынына да араласты.
Оның сыны – көркем шығармашылық иесінің ой-толғанысына келеді.
Ол – маман, майталман сыншы еді. Бірақ кейде замандастарына «менше неге жазбайсың» – дегендей талаптар қойған болуы мүмкін.
Әрине өмірінің ақырғы жылдарында Ә.Нұрпейісов, Т.Ахтанов шығармалары жөнінде мінберден қатқылдау сөйлеп қалып жүрді. Тақаң романы жөнінде жорнал бетінде артықтау (субъективті) жазып та жіберді. «Тәке-ау, мұныңыз не?» – деген сөзді сол тұста Ш.Мұртаза айта алып еді…
Сыншы білімдарлығы – ырыс.
Сыншының ақын, иә қарасөз шебері болып келуі – тіпті ғанибет.
Т.Әлімқұлов сынын осы екі қасиет биіктете, маңғаздандыра түсер еді. Оның біреуді сынап қойдым-ау деп төменшіктегенін көрген пенде жоқ. Тәкең пікір айтады. Айтқан пікірін дәлелдеп жолында құрбан болуға даяр тұрады. Тәкең сын жанрында тәкаппар!
ҚАРАСӨЗ ШЕБЕРІ
Өнер туындысының өз өмірі бар. Бір шығарма ұзақ жасайды, бір шығарма қысқа жасайды. Ш.Айтматов қалың роман жазатын қырғыз жазушысын мұқатқанда оның шығармасын екі кісі ғана оқиды: автор және редактор деген. Болуы бек мүмкін. Жазылған шығарма авторынсыз дербес өмір сүреді. ХІХ ғасырда Соллогуб, Лажечников сынды жазушылар өте даңқты болғанын бүгін әдебиет тарихынан ғана білеміз. Ал, шығармалары оқырман қолында жоқ.
Кейде жазушылардың біралуан жанрда жазатыны болады. Баян табары бір жанр. Әр жанрда жазған жазушының бірі – Тәкен Әлімқұлов. Тәкеңнің бар жанрда жазған туындыларын екшегенде көңіл түкпіріне берік орнығары – прозасы.
Әңгіме, повесть, роман…
Өзара сабақтас, тақырыптас.
«Қаратау перзенттері» – алғашқы романы. Қазақ өміріне қылқұйрық жануар арқылы келген шығармасы. Роман кезінде оқырман жұртшылықты елең еткізді. Несімен? Тосындығымен. Интеллектуальдық роман екендігімен. Айналмалы композицияға құрылғанымен. Шығарма құрылымы, бітімі бөлек еді.
Тәкеңнің таланты – әңгіме жанрында ерекше гүл ашты. Алғашқы бірді-екілі қаламсынау, тәжірибе жинақтау новеллаларынан өзгесі түгелімен классика десек қателеспейміз. Шағын жанр, шалқар ой. Нәзік иірім, үлкен тағдыр. Тәкен әңгімелерінің қайсысын да үлкен әріппен таңбалауға тұрарлық.
Жазушының жалпы прозасын, оның ішінде әңгімелерін екі жүйеде қарастыруға болар еді. Бірінші жүйе – өнерпаздар тағдыры. Өнерпаз дегеніміз сахнадан бебеулетіп домбыра тартып, ән салған бүгінгі «профессионалдар» емес, «соқтықпалы, соқпақсыз кезде» тіршілік кешкен, өнер мұраты жайлы ойлағанмен, өнерді кие тұтқанымен, өнер дәстүрін, өнеге жалғасын армандауға мұршасы болмаған, бірақ елім деп еңіреген, Қаратаудың басынан көшкен елдің, босқан халықтың бір тайлағының бос келе жатуын, қарындас бауырдың қазасын қайғыға айналдырып, ән-жырды қара бояуға малған ақын, ән-әуенді өксікке шылаған сазгер, баянсыз жалғаннан пана таппай, тіршіліктен сая таппай қан жылаған сал-сері, тағдырға қасқая қарсы тұрған хас батырлар! Ол – Ақан сері тағдырын тәспірлейтін «Көк қаршыға», Махамбет өмірінің ақтық сәтін бейнелейтін «Қара ой», «Сапар сазындағы» – Шоқан, «Сарындағы» – Тәттімбет, «Кесімдегі» – Абай!
Әлем әдебиеті тарихына көз жіберсеңіз аса дарынды тұлғалар тағдыры жайында жазылған шығарма көп. Көбі бір ұлт бетіне қараған ұлы дарындардың жарық дүниеге келгенінен жарық дүниемен хоштасқанына дейінгі бар тіршілік харакетін тәптіштей баяндайтын алды 20-30 том, соңы жуан бір томдық болып келеді. Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы» эпопеясынан бастап айтқанда қазақ халқының да бұл орайда ешкімге өкпесі болмауға тиісті. Ал, Тәкен әңгімелерінің ерекшелігі, онда автор қоғамына сыймай, қайшыласқан, әйтпесе адамзат бойындағы сан-алуан ауыртпалықты көтере алмай дертті болған, жүрегінің басына шер байланған ғазиз жандардың бар тағдыр тауқыметін оймақтай әңгімеге сиғызып бере білуінде.
Ол – өнерпаз өмірін сырттай зерттеп, іштей талдау жасады. Дәуір сипатынан дарын табиғатын таныды. Дарын трагедиясы арқылы дәуір бойындағы қасіретті ашты. Егер, ойға алған ақын, сазгер трагедиясы өскен өңір, өмір сүріп жатқан әлеуметтік ортамен қамшының өріміндей жымдасып жатпай, дербес, оқшау суреттелер болса әңгімелер осыншалық тынысты, ішті, мазмұнды шыға қоймас-ау. Жалқыны жалпыға ұштастыратын, жалпыдан жалқы туындататын хас шебер, сөйтіп шағын жанрға үлкен әлеуметтік жүк арқалата білді. Ең бастысы – талант тағдырының сәтті, сәтсіз (көбіне трагедиялық ситуация алынады) жеке сәті қоғам, дәуірдің типтік жағдайын ашады. Жалпы көрінісіне, сипатына айнала алады.
Әдебиеттануда «шығармашылық психологиясы» деген ұғым бар. Жазушы бол, әдебиетші бол творчестволық тұлғаның психологиясына енбесеңіз оның шығармашылық тағдырын түсіне алмайсыз. Жазушы жанына терең бойлап бара алмайсыз. Бұл ретте тұлға мен туынды өзара сабақтас. Осы жайды терең пайымдаған жазушы ұлы кейіпкері өмірінен шығармасына, шығармасынан оның өміріне бойлап барады. Солай сабақтас екі жағдайды егізқатар жарыстырып, өзара жарастырып дәуір психологиясын да, тұлға психологиясын да ашады. Ұлы тұлға жүрегіндегі мұңнан лирикалық саз туғызады. Психологиялық тебіреніс оқырманын шамырқандырып, алуан күйге түсіреді.
Т.Әлімқұлов әңгімелерінде ақын өлеңінің, сазгер күйінің мақам сазы жатады. Әсіресе әңгімелерін оқығанда шертпе күй тыңдағандай болатының соның әсері.
Жазушының көркемдік детальді (бөлшек) ойнату шеберлігіне қайран қаласың. Қазақы сенім, ырым-жырым бәрі де жазушы әңгімелерінде шеберлік кілті – детальға айналып, құп-жарасып кете барады. Оның әңгімелерінде күннің тұтылуы, баланың үй айналып жүгіруі, ойпат үстінде қарақұстың қалықтауы («Қара ой») секілді ритуалдық рәсім – шығарма кейіпкерінің трагедиялық халінің тұспалына жүреді. Ишара, тұспал, меңзеу – Тәкен әңгімелерінде ығып жүреді.
Бұл – бір жүйе!
Ал, екінші жүйе – қазақ қанатына балаған қылқұйрық жануарлар жөнінде. Қазақтың тарлан таланты мен қимас қанатын бейнелеу арқылы жазушы сол халықтың тағдыры (аңқаулығы, сақылығы, күншілдігі, асылын бағалай білмейтін парықсыздығы, талайлы тағдыры, тағдырсыздығы, тектілігі т.б) хақында бебеулеген, уілдеген, мерейің таситын, ішің ашитын пернелермен сыр шертеді.
Бұл жүйедегі шығармалар басында – «Ақ боз ат» романы тұр. Қайталап айтсақ, алпысыншы жылдары қазақ әдебиетіне құбылыс болып келген шығарма. Ол бұл тақырыпта бірсыпыра әңгімелер мен бірді-екілі повесть жазды. Соның баршасынан Тәкен Әлімқұловтың қазақ «қанатым» деп білген қылқұйрық тарихын тамырынан танып, ата-тегін кенен біліп жазатынын аңғарар едіңіз. Тұлпар табиғатын жетік білмеген басқа қаламгер жылқы жайлы әңгіме ғой деп желдірте жөнелер ме еді, қайтер еді?! Ал, Тәкең қылқұйрық тарихын халық тағдырымен астастырып, тәтті мұңға бөлеп жазады. Қаламгер суреттеуінде тұлпар иесіне, иесі пырағына барынша сенімді, барынша адал. Атқа деген қатынасынан қазақтың сақылығы, сарабдалдығы, қыңырлығы, дүниетаным шәркездігі, дүмбілез-дәңгілдігі, ішіне шынашақ айналмайтын қызғаншақтығы бәрі-бәрі ашылып жатады.
Тәкең тұлпар тағдырын ізденіп, біліп, жанымен күйіп беріліп жазады. Бұл шынайы суреткерлік ойдан туған шығармалардың табиғатында жазушының талмай ізденуі, зерде тұтқырлығы, жады мықтылығы бар. Ол «Жүйріктер мен жабылар» – аталатын эссесінде: «Мен домбыраның сазына ілесе би билеген Тәтімбеттің жорғасын ұнатамын. Абай армандаған «бөкен желістілерді», Ақан серіге ән шығартқан «маң-маңгерлердің жақсы көремін. Қобыланды батырдың Тайбурылын, Қамбар батырдың Қарақасқасын, Кендебайдың Керқұласын еске аламын. Башқұрт халқының Ақ боз ат туралы аңызын, аңызға құрылған ғажайып операсын сүйемін. Қола дәуірінде өріс алып бірте-бірте қанат жайған жылқы жануардың үрім-бұтағына іштарта қараймын. Әдебиет әлемінде Австрия жазушысы Харлидың «Төрт аяқты ұтысын», Петр Ширяевтың «Талеонның немересін» сүйсіне оқимын. Куприннің «Ақ-көк» аты да, Лев Толстойдың «Холстомері» де маған ыстық» («Тұлпарлар тағдыры», 1975 ж, 338-бет) – деп жазады. Әрине, қазақ «ақ-көк» атамасы белгілі атты. Дұрысы «алқаракөк» болар...
Үзіндіден Тәкен Әлімқұловтың тұлпарлар тағдыры жайлы ізденісінің бір парасы аңғарылғандай болады. Бұл – ізденістің бір ғана тіні. Шынтуайтында жазушының бұл саладағы ізденісі сала-сала болмаққа керек.
Тәкеңнің Мәскеуде ипподромға жүйелі барып, қымбат уақытын «құрбан» еткенін естідік. Алматыда да қолы қалт етсе атжарысы өтер ипподромға тұра жүгіретінін білетінбіз. Туған топырағы – Созаққа барғанда жүйрік көрсе көзмөрін басып, іштей бәсірелейтінін, мінт райында көлденең тартса дүние бей-опалығына бағзыда көз жеткізген, дүниеден баз кешкен Тәкеңнің «Алла разы болсын» айтатыны дүйім жұртқа аян. Мансаптан құлаған кейіпкеріне ат ататқызып, есек мінгізетінінде көп сыр бар…
Әңгіме – қылқұйрық хақында ғой. Ретіне қарай бір қайтарар ой – Т.Әлімқұлов қазақ әдебиетінде «Тұлпарлар тағдыры» – деген атпен тақырыптық кітап жасаған бұрын-соңды жалғыз қаламгер. Аталмыш кітабына роман, повесть, әңгіме, очерк, эссе, мақалаға дейін кіріктірді. Бір ғажабы – Тәкеңнің көркем прозасында білім айқын аңғарылып тұрса, мақаласы көркем прозадай ажарлы жазылады, қызықты оқылады.
Атап айтарлық шығармасының бірі – «Ел мен жер». Бұл шығармаға қатысты іһмет бар. Соңыра баяндайын. Әзірге айтарымыз: жазушының жанрға бауыр басуы секілді, жанрдың жазушыны баурауы болады. Тәкең шағын жанрдың шебері. Шағын жанрға әбден шеберленген Тәкең кейін, жоғарыда аталған романын жазды. А.П.Чехов та роман жазбақ болған. Шықпаған. Сол секілді Тәкеңнің соңғы романы оқырманды соншалық сүйсіндірмеді. Басты кілтипан әңгіме, новеллаларын романға ендіруі. Содан шығарманың композициялық құрылымына нұқсан келген. Сюжет өрмеу, көркемдік детальды шамадан тыс мол пайдалану эпикалық жанрдағы туындының адымын тұсаған. Жазушы содан да сәтсіздікке ұрынды. Роман-новелла оқырманын таба алмады.
Қалай десек те Тәкен Әлімқұлов – қарасөздің хас шебері.