ҚҰЛШЫЛЫҚ ("Ақ самаурын" кітабынан)

ӘДЕБИЕТ
2725

Баяғыда емес, осы кеше ғана болған оқиға. Бір жұмада молда шаштаразыға барып, сақал-мұртын бастыртып, шашын алдыртыпты. Алдында отырған адамның кәтта молда, үлкен діндар екенін білетін шаштараз бір уақытта: «Аға, шынымды айтайын, бұл дүниеде Алла бар дегенге сенбеймін» деп қалыпты. Молда үндемейді. Сірә, Алланың ақиқаты көптен бері алқымынан алып, мазалап жүрген болса керек, шаштаразшы біраздан кейін тағы да «Алла жоқ» деп қалады. Молда тағы үндемейді. Ісін бітіріп, тарақ-қайшысын жинап, реттеп жатқан шаштаразшы тағы да бір рет: «Алла жоқ» дейді. Сонда орнынан тұрып, үсті-басын қағып жатқан молда: «Неге өйтіп айтасың, қандай дәлелің бар?» депті. 

-- Өзіңіз қараңызшы, мына дүниеде байлар бар, кедейлер бар. Бір байлар ақшаны судай шашып, жалғанды жалпағынан басып жүр, екінші біреулер ішерге ас, киерге киім таппай, қиналып жүр. Осы теңсіздікті реттемей Алла не бітіріп жүр? – дейді шаштараз ашынып. 

Молда үндеместен сыртқа шығып кетеді. Шаштараз дәл қаланың ортасында, адам көп жүретін жерде орналасқан екен. Сыртқа шыққан молда соларға қарап: «Ей, халайық, бұл жерде шаштараз жоқ» деп айқайлапты. Ары-бері ағылып жатқан халық қарап қалады. «Халайық, бұл жерде шаштараз жоқ... Басқа жаққа барыңыздар».

Бұл айқайды естіп шаштараз далаға атып шығады. «Молдеке, мұныңыз не, көзімді бақырайтып қойып, «шаштараз жоқ» дегеніңізге жол болсын? Қазір ғана сіздің сақал-мұртыңызды басып, шашыңызды алып бердім емес пе?» дейді алқынып. Сонда молдекең: «Сен өзің қарашы, мына жерден қаншама жұрт ағылып жатыр. Бірақ, солардың арасында шашы өсіп, сақал-мұрты ұзарып кеткендері де бар. Солардың сақал-мұртын, шашын реттемей, сен не бітіріп жүрсің?» депті. 

-- Оу, қызықсыз ба? Мен қайсысының артынан жүгіріп жүремін, олар сіз құсап менің алдыма келмей ме екен, мына орындыққа отырмай ма екен, сосын сақал-шашын реттеп бермеймін бе екен?

Осы кезде молда:

-- Міне, көрдің бе, сен неге Аллаға құлшылық жасап, Аллаға жалбарынбай жатып «Алла жоқ» деп айтасың. Алланың мейірімінде шек жоқ. Алдымен Аллаға құлшылық жаса, ниет ет, тәубеңе кел. Аллаға қарай өзіміздің қадам басқанымыз жөн. «Маған бір қадам жүрсең, мен саған он қадам жүремін» деген Алла Тағала, -- деген екен. 

... Сол айтпақшы, «Алланың өзі де, сөзі де рас». Өз жанымнан қосатыным, қайбір жылы Тараз қаласындағы орталық мешіттің «жыры» созылып, құрылысы зорға аяқталып, әрең дегенде пайдалануға берілгенін жамбылдық ағайындар жақсы біледі. Сол Алла үйі пайдалануға әні беріледі-міне беріледі деген күндердің бірінде белгілі айтыскер ақын Шорабек Айдаров таксиге мінсе, шопыры қазақ жігіт қайта-қайта: «Тү-у, мына мешітті ел қаншама жыл күткенде іші тар болып қалатын болды, құрылысын зорға бітірді» деп күйіне берсе керек. Сода Шөкең: 

-- Сен өзің намаз оқитын ба едің? – деп сұрапты.

-- Жоқ.

-- Айналайын, сен өзің намаз оқитын болып, осы мешітке келші, бірнәрсе қып бір орын тауып берерміз, -- деген екен. 

Сол айтпақшы, Аллаға құлшылық жасаймын деген кісіге мешіттен қашанда бір орын табылады, ағайын.

Оралхан Дәуіт

Шоу-бизнес

Атақты продюсер Баян Мақсатқызы сұхбат барысында өмірінде өткен қиын кезеңдерімен бөлісті, деп хабар...

Жаңалықтар

Бүгін ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен Қ. Қуанышбаев атындағы Қазақ Ұлттық музыкал...