- Сіз «Мәңгілік сәуледе» шығармашылық адамын үш топқа бөлдіңіз: кемталанттар, талан...
Уильям Шекспирдің сонеттері (1-бөлім)
1
Әсем шыбық өссін дейміз желкілдеп,
Сұлулықты сақтау үшін жүдетпей.
Раушанның солған бірін соңғысы
Жасартады екі арада жыл өтпей.
Ал, сен, сұлу, ажарыңа сұқтанып
Тәрк етесің соған асыл нәріңді:
Жаның — қатал жауың болып шықса анық
Жоқшылыққа жұмсағаның барыңды.
Сен тек қана сәнденесің бір бүгін, —
Жаршысысың көктемнің де аз күндік.
Көрге тығып келешектің ұрығын
Сараң сақи іс қылғаның — азғындық.
Өмірді ая, деме лахат жеп-ішсін
Келешектің бал-шырынды жемісін!
2
Қырық қыстың қаһарына шыдамай,
Айғыз-айғыз әжім торлап, солды бет,
Пішініңе қарап тұрып мынадай,
Айтсын кімдер аса сұлу болды деп.
Десе біреу көркің қайда бұрынғы,
Еске салар есіл қызық кезіңді.
Не демексің? Жанарда ма жұмулы
Онда мазақ еттім дей бер өзіңді.
Мына сөзді айтпай көңіл толар ма:
Желкілдеген ұрпағым бар ұнаған.
Тұнық шағым тұр күлімдеп соларда.
Кәріліктен алған енші-сыбағам.
Сан жылдардан салқын тартқан өз қаның,
Жалғасыңнан жалын атса — озғаның!
3
Кескініңді көріп тұрып айнадан,
Қайталауға асықпасаң сен егер.
Суынар да, сүйген әйел аймалап,
Табиғат та өкпелер деп сене бер.
Қандай әйел жас құшағын ашпас-ау
Пәк тәніне қол тимеген болса да,
Қажет десең — даңқ сенен қашпас-ау.
Әлде өзіңе ғашықпысың соншама?
Аналардың көзінде сен — елессің,
Көп бұрынғы көктем шақта жоғалған.
Қартайғанда сен де теріс демессің,
Жастық шақтың қадір-сыйын ұға алған.
Ал, өзіңмен өмір бітсе ескіріп,
Сен өлгенде бірге өледі кескінің.
4
Ысырапқорым, бір басыңнан артпайды,
Өз мұраңды — шаштың бекер есіріп.
Сұлулықты тірлік сыйға тартпайды,
Қарыз алдың — қайтар соны өсіріп.
Сараң сабаз, иемденсең жаның шат
Кейінгіге қалдырғайсың дегенді.
Тыққаныңның — қисабы жоқ қыруар зат
Бірақ, содан байымассың тегі енді.
Өзің қуып ар-ұятты беттен де,
Басқа тептің барлық байлық-ырысты.
Ақырғы сәт есеп талап еткенде
Не демексің ысырапқорлық жүрісті?
Келешегің — көз көрмеген жалғасың,
Жан тапсырар, жерге тисе жамбасың.
5
Нәзік мезгіл еппен келіп ұрланып,
Көрер көзге сиқырлы той жасайды.
Сол уақыт өте шықса, сұрланып
Көз алдымыз көп қызықтан босайды.
Тосқауылсыз сағат пен күн тасқыны,
Жазды құртпақ қысқы кешке апарып.
Ағаш семсе, өтіп жазғы жас күні,
Жер — бір аруақ ақ кебінде ап-арық.
Жалғыз ғана раушан гүлдің жұпары —
Сорлы тұтқын терезеден телмірген.
Тек сол мынау үскірікте жұқарып,
Өткен жазбен өз тірлігін тең білген.
Солғанымен бұрынғы асыл отты рең,
Сұлулықты ол сақтап қалды деп білем.
6
Байқа, жігіт, ақ шашты қыс алжыған
Жасыл баққа суық қолын сұқпасын;
Сен серуендеп, гүлдерінен бал жиған,
Көктем жерге күні бұрын бұқпасын.
Адамдай-ақ, баға жетпес заттан да,
Қашан болсын пайда тауып байқаған,
Мәз болар ең өзіңді-өзің тапқанға,
Заңды жолмен он есе етіп қайтадан.
Жоқ болса да өмір сүрмек он дүркін,
Балаларың он қайтара жасатар.
Таусылғанда ең ақырғы мөлдір күн,
Ажал сені азабынан босатар.
Тағдыр саған осыншалық нұр беріп,
Бар сұлулық кетпек емес бірге өліп.
7
Алаулаған таң шапағы әлемнің
Жалын басын көтергенде төсектен,
Жердегілер жеткізіп көп сәлемін,
Нұрлы хаққа ақ пейілін көрсеткен.
Шаңқай түсте дер шағында қызықты,
Тас төбеден жарқыраса нұрлы күн.
Миллион көздер қайран алтын жүзікті
Тамашалап, тапқан содан тірлігін.
Батар кезде күн сапарын адақтап,
Шаршап тәмам түгескенде арайды,
Құлы болған табынғандар мазақтап,
Сырт береді, басқа жаққа қарайды.
Ұлың қалсын, жастық шағың тозбасын,
Сол ертеңгі күннен көзін жазбасын!
Аударған Хамит Ерғалиев