Рабиндранат Тагор. Ұстаз (әңгіме)

ӘДЕБИЕТ
1736

Аударған С. Шаймерденов

Пролог

Сағат түнгі екіде қос ат жегілген үлкен күйме Калькутта көшелерінің біріне келіп тоқтады. Ішінен бір жас жігіт шықты да жан-жағына қарады. Жанынан өтіп бара жатқан жалдамалы фаэтон арбаны шақырып алды.

Күймеде еуропаша киінген бір мас балаң жігіт аяғын алдыңғы отырғышқа салып, басын салбыратып жіберіп ұйықтап жатыр − жуырда ғана шетелден оралған бенгал жігіті. Туған жерге қайтып келу құрметіне достары банкет ұйымдастырған. Мына батыр мас болып қалған соң дос-жарларының бірі күймесімен үйіне апарып салмақ болған-ды. Міне енді ол ұйықтап жатқан мас жігітті бүйіріне түртіп оятты:

− Ей, Мазұмдар, мен бір фаэтон таптым, үйіңе апарып салады.

Балаң жігіт ағылшынша мыңқылдап әлдебір тұздықты сөздер айтты да фаэтонға келіп отырды. Досы арбакешке Мазұмдардың қайда тұратынын түсіндіріп, күймесіне оралды.

Фаэтон бір мезгіл тура жүріп барды, содан кейін Паркстритке іргелес бір көшеге бұрылды.

Балаң жігіт тағы да ағылшынша сөйлеп ләйліп келеді:

− Бұл не сұмдық! Қайда бара жатырмыз? − Соны айтты да қайта ұйқыға кетті. "Жоқ, дегенмен біз дұрыс келе жатырмыз", − деп ойлады ұйықтап бара жатып.

Кенет өзін біреу көтеріп әкетіп бара жатқандай, шалқаюға ерік бермейтін секілді болып көрінді оған. Көзін ашып, жан-жағына қарап еді, ешкім де көрінбеді. Дегенмен жігітті фаэтоннан әлдебір күш ығыстыра бастаған секілді.

"Не сұмдық болды?" − деп ойлады Мазұмдар атшыны шақырды.

Бірақ атшы үн қатпады. Жігіт терезені ашты да, басын шығарды, атшының қолынан тартты.

Рабиндранат ТагорРабиндранат Тагор

− Мында не топалаң болып жатқанын байқа, кел бері.

− Мырза, бекерге әбігерленесіз, онда ешкім де кіре алмайды.

Осы сәтте оған денесіне ине қадалған сияқты болып кетті.

Мазұмдар айқайлап жіберді.

− Тезірек жет мұнда!

Атшы қолын жұлқи тартып алды да, фаэтонды тоқтатты, қарғып түсіп ғайып болды.

Үрей билеген Мазұмдар артына қарады. Ешкім де көрінбейді, бірақ біреудің қасында отырғанын айқын сезінеді.

− Атшы, аттарды ұста, − деп қырылдады қиналып.

Атшы делбені екі қолымен шірене тартып фаэтонды тоқтатпақшы болған сияқтанды оған. Бірақ аттар болса, құйғыта шауып барады. Ағызып Роудстриттен өтті, содан кейін оңтүстікке бет алды.

− Қайда кетіп барасың? − деп Мазұмдар үрейлене сұрады.

Тым-тырыс. Ол күйменің артқы қабырғасына көзінің қиығымен қарады. Әлдекім бұрынғыша мұны отырған жерінен, ығыстыра берді. Бұл бір бұрышқа қарай сығылыса отырса-ақ болды, босаған орын әйтеуір бірдемемен толып қалған сияқтанады.

Мазұмдар әлдебір еуропалық талымның табиғат бос кеңістіктен қорқады деп айтқан сөзін есіне алды. "Бұл не деген сөз? Табиғат? Егерде бұдан әрі ешкім тіл қатпайтын болса каретадан секіріп түсіп қаламын". Алайда секіріп түсу де қорқынышты секілді − оқыс артқы жақтан бір сұмдық тап бола кетсе қайтеді!

− Полицей! − деп айқайлаған болды Мазұмдар, бірақ даусының ыңырсып, әлсіз шыққаны соншалық, тіпті мына хәлінің мүшкілдігіне қарамастан өзі де еріксіз мырс етті.

Жын-перілердің ойнағын елестетіп, қараңғы көшелердегі ағаштар да әлдене деп сыңсып сыбдырлайды.

Көше шамдарының бағаналары сап түзеп қаз тізіліп кете береді. Істің мәнін солар жақсы білетін сияқты, бірақ тіс жарып ештеңе де айтпаймыз дегенді айқын сездіргендей мелшиіп қалған.

Мазұмдар күрт қимылдап бірден алдыңғы орынға секіріп түспекші болды, бірақ соны ойлауы-ақ мұң екен, бір таныс көз бұған қадала қараған сияқтанды. Кімнің көзі бұл, қайтсе де Мазұмдар есіне түсіре алмады.

Ол көзін жұмбақ болып еді, үрейден бе немене жұма алмады. Ғайыптан пайда болған, кейіп-кескіні жоқ әлгібір елес мұны өзіне дедектете тартып барады, тіпті Мазұмдардың кірпік қағуына да шамасы келмегендей.

Фаэтон Майдан көшелерін аралап айнала берді. Үріккен аттардың есі шығып кеткендей. Жынша құйғытып періп келеді.

Бір заманда бір кедергіге соқты білем, фаэтон кілт тоқтады.

Мазұмдар көзін ашты. Күйме өз үйінің алдына келіп тоқтаған екен.

− Сақып, енді қалай жүр дейсіз? − деп дауыстады атшы.

− Сонша мезгіл неге Майданды айналып шапқылай бердің? − деп Мазұмдар зілдене сұрады.

− Мен тіпті Майданға соққан жоқпын, − деп атшы таңырқай айтты.

− Менің түсім бе бұл сонда?

− Жоқ, сақып, мүмкін бұл түс қана емес шығар. Бұдан үш жыл бұрын бір оқиға болған, − деп атшы күдіктене тіл қатты.

Мазұмдардың ұйқысы ашылды, мастығы да тарқап кетті. Қысыр сөзді тыңдап жатпады. Ақысын төледі де, күймеден шықты.

Дөңбекшіп ұйықтай да алмады. Дегенмен сол бір көз кімдікі еді осы, қалай ойласа да есіне түсіре алмай-ақ қойды.

I

Мазұмдардың әкесі бір кезде кішігірім кеме компаниясында жай қызмет атқарған ғана адам еді, қазір үлкен бір сауда фирмасының меңгерушісі болып алды. Қызметке ол енді Паланкинмен ғана келетін болды. Басында аса сөнді ақ тақия. Төңіректегілерге қамқоршы болуға жағдайы әбден жетеді. Және аштық пен жоқтық қысқандардың бәрі де осы Одхор-бабуға баратын. Бұл артықшылығын ол айрықша мақтаныш та ететін еді.

Одхор-бабудың кең сарай үйге, тамаша күймелерге қолы жетті. Алайда жұртпен аралас-құраласы аз болатын еді. Кредит жайларында келісім жүргізетін сенімді адамдары ғана келетін, кейде өкілдер де трубкасын бұрқырата келіп отыратын еді. Одхор-бабумен араласатындар міне осылар ғана болатын.

Ол ақшаны шыжымдап ұстады. Үй ішіне керекті қаражат та шегеріле берді. Тіпті жергілікті команданың футболшылары да соңынан қалмай жүріп одан көк тиын ала алмады.

− Алайда ақыры оның үйінде жаңа бір адам келді дүниеге. Көп үмітті сарғайтып барып Одхор-бабудың жамағаты ұл тапты.

Баланың кескін-кейпі шешесі Нонибалаға ұқсады. Үлкен көз, тубероза гүлінің жапырағындай тік мұрын. Бала жұрт қошеметінің ермегі болды. Бәрі де бір ауыздан оны жерге келіп түскен Картикейю құдайға ұқсатты. Ал Одхор-бабудың табағын жалап, сарқытын ішуші Ротиканто болса үлкен адамның баласы міне осындай болу керек деп жүрді.

Балаға Бенугопал деп ат қойылды. Мейрам кезінде сирек келетін қадірмен қонақтарға шығатын шығын жайында жеңіл-желпі сөзге барысып қалатынын есептемесек, Нонибала бұрын үй шаруашылығына жұмсалатын қаражат жөнінде күйеуімен жүз шайысып көрген жоқ-ты. Кейде өзіне деп те бірдемелер сатып алғысы келуші еді, бірақ күйеуінің сараңдығына мойынсұнып, әбден көндігіп болған.

Ал енді Одхор-бабу әйеліне дегенін істете алмай қалды. Балаға деген шығын күн санап өсе берді, өсе берді. Бала үшін деп ол аяқ сақинасы мен қол білезіктерінен де, мойнындағы алқасы мен асыл бас киімдерінен де, үнділік, шетелдік алуан түрлі әшекейлерінен де жұрдай болды. Кейде ол көз жасы мөлтеңдеп үндемей ғана беретін, кейде үй ішін басына көтере тілдеп беретін еді.

Нонибала балаға керекті, керексіз нәрселердің бәріне де ақша талап етумен болды. Қаражат жоқ дегенді естігісі де келмеді. Кейін тауып берейін деген ұзын арқан, кең тұсауға да сенбеді.

II

Бенугопал өсе берді, ал Одхорлал болса, баласына деп ақша жұмсауға да үйренді. Ғылыми атағы бар бір шалды мұғалім етіп жалдап алды, оған мол жалақы беретін болды. Мұғалім Бенуды ибалыққа, таза сөйлеуге үйретті.

− Бұл не қылған мұғалім өзі?! Бала соны көрсе-ақ болды, өңі қашып, мазасыздана бастайды. Қуып жіберші, − деді Нонибала.

Шал содан қайтып Одхорлал-бабу үйінің есігін ашпады. Нонибала келін таңдағандай етіп жүріп, жаңа мұғалім іздеді. Ұнаған ешкім болмады оған үміткерлер үшін кепілдік пен диплом дегенің де іске аспай қалды.

Сөйтіп бір күні тағы да бір үміткер − үстіне кір чадор, аяғына жыртық ағылшын бәтеңкесін киген жас жігіт пайда болды. Есімі оның Хорлал еді.

Оның жесір қалған анасы баласын білімді адам етіп шығаруға тырысты. Сол үшін біреудің асын пісірді, күрішін ақтады. Соған орай Хорлал да орта мектепке емтихан ұстады.

Тіпті ол оқуды аяқсыз қалдырмаймын, Калькуттадағы колледжге барып түсемін деп өзіне ант та берді.

Аштық соққан өң-сөлсіз кейпі аздап Коморин мүйісіне де ұқсайтын-ды. Бетінің жоғарғы жағында бейне бір Гималай тауларына ұқсап жалпақ маңдайы жататын. Көз жанары басқаша бір жасанды от шашып тұратын, − көбіне қара сіңір кедейлердің көзі осындай болушы еді.

− Не керек саған? Кім керек еді? − деп сұрады Хорлалдан есік алдындағы күзетші.

Анау қысыла үн қатты:

− Үй иесін көргім келіп еді.

− Болмайды, − деп күзетші кесіп тастады. Хорлал не айтудың жөнін таба алмай, жүрексініп айналшықтай берді.

Сол кезде жүгіріп Бену шықты.

− Барыңыз, бабу, − деп күзетші тағы да Хорлалға бұрылды.

Бенудың басына кенет бір еркелік ой келе қалды.

− Кетпе! − деп айқайлады ол, Хорлалдың қолынан ұстады да үйдің екінші қабатында отырған әкесіне жетеледі. Одхорлал-бабу жаңа ғана түскі ұйқыдан тұрған еді, балкондағы тоқыма креслоға асыла жайғасып аяғын енжар қозғай берген. Үн-түнсіз шылым тартты. Ал қасындағы ағаш скамейкада қарт Ротиканто отырғанды.

Міне осы арада таңғажайып бір оқиға болды − Хорлал жұмысқа орналасты.

− Білімің қандай? − деп сұрады Ротиканто.

− Мектепті бітірдім.

− Қалайша, мектеп қана ма бітіргенің? Мен сізді колледж бітірген шығар деп топшылаған едім, онша жас сияқты көрінбейсіз.

Хорлал үндемеді. Көмекке мұқтаж адамдарға кесел жасау Ротикантоның өш кәсібі екенін ол білмеген еді. Ротиканто баланы өзіне еркелете шақырды. "Қаншама бакалавр, магистрлер болды, соның бірде-бірі саған ұнамаған еді. Міне енді айналып келгенде біздің алтынтай не бәрі орта мектепті ғана бітірген жас жігіттің ғана алдынан оқитын болды".

Бену Ротикантоны жек көретін еді. Бірақ соның өзі шалға бір рақат әкелетін, баланың ашу-айқайы ол үшін айрықша сүйкімді болып тұрушы еді. Әсіресе Бенуды алтынтай деп атап, ызаландыруды тым жақсы көретін. Осындай әңгімелерден кейін Хорлал жұмысқа тұрармын деп үміттенбеген еді, ол енді жылыстап шығып кетудің амалын қарастыра бастады.

Алайда осы шақта Одхорлал осы бір балаң жігітке жалақыны аз беруге де болады-ау дегенді ойлап қалды. Көп кешікпей-ақ келісім де жасалды. Хорлал ішер тамағы, жатар бөлмесінен басқа айына бес рупия ақша алатын болды. Әрине бөлме дегенің айрықша көрсетілген ізет қой, бірақ жігітке ол үшін қатаң талап қоюға болмай ма!

III

Сөйтіп Одхорлалдың үйіне жаңа мұғалім келіп орналасты. Бену мен Хорлал ағалы-інілі жандардай тез достасып кетті. Сүйкімді бала Хорлал жүрегін бір жола баурап алды. Өйткені оның Калькуттада жан деген жақыны да, дос-жарлары да жоқ болатын.

Бұрын біреумен іш тартып жақын болуға бұл бейшараның мүмкіндігі де жетпеді, әйтеуір адам болып шығуға себебі тиер деп, күн демей, түн демей кітап оқи берген-ді.

Ана байғұс үнемі кісі қолына қараумен болды, сол себепті Хорлал жастайынан жоқтық көріп өсті. Ол айтқанға бас шұлғи беретін жалтақ, жасқаншақ та еді. Бала болып еркелеу дегеннің де дәмін тата алмады. Жолдастардан қашқақтайтын, бар уақытын қомша болған кітаппен өткізетін болды.

Қаршадайынан ибалы болып өскен бала ана қасіретін де, қоғам ішіндегі өз орнын да бір сәт ұмыта алмақшы емес қой, балалық ұшпа қылық қуанышының не екенін де білмекші емес. Біреуді ашуландырып алам ба деп жалтақтап, жаутаң көз болып өскен бала ойнаса асыр салмауға, бір жері ауырса жыламауға тырысады екен, бар балалық күшін соған жұмсайды екен. Міне, бұлар басқалардан көрі молырақ аяушылық жасауға тұратын балалар емес пе? Ал шынында аяу-мүсіркеу дегенді ең аз еститін де солар ғой!

Аяқ астында қорлықпен тіршілік етіп келе жатқан Хорлалдың өзі болса, өз бойында сәтін тауып бұрқ етіп көзге түсе қалуға дайын тұрған қаншама сүйіспеншіліктің дертіп тұрғанын аңғарған да жоқ еді.

Бенуды оқыта, үйрете, ойната жүріп, ал ауырып қалған кезінде күте жүріп Хорлал бір нәрсені анық түсінді: адам баласы өз тұрмысын жақсарту үшін ғана өмір сүрмейді екен. Адамға бір қымбат дүниенің қақпасы ашылса, басқаның бәрін тәрк етеді екен. Бенудың да іздегені дәл Хорлал сияқты адам еді. Өйткені ол үй ішінде жалғыз болып өсті. Ал кішкене қарындастарын адам деп ілтипатқа да алмады. Сөз бар ма, төңірегінде өзі жасты балалар көп те болатын. Бірақ Одхорлал өз үй ішін қоғам өмірінің тым биік бір төріне шығып кетті деп санап, бұл маңда өз баласымен ойнауға тұрарлық теңдес құрбы жоқ деп түсінді. Сөйтіп Хорлал Бенудың жан дегенде жалғыз жолдасы болып алды. Ерке баланың талай-талай содырлығын да көтеруіне тура келді. Бірақ соның бәрі де Хорлалдың Бенуге деген сүйіспеншілігін өршіте берді.

Мұғалім баланы бұзып жүр деп Ротиканто Одхорлалға ескертпе де жасап қойды. Оның үстіне баланың мұғаліміне сонша жабысып алғанын Одхорлалдың өзі де ұната бермейтін. Дегенмен Хорлалды Бенудан ешкім де айыра алмайтын еді енді.

IV

Бену он бір жасқа келгенде Хорлал емтихан тапсырып, колледждің үшінші курсына көшті, стипендия алатын да болған. Хорлалдың басқа досы жоқ еді деуге болмас, бірақ Бену солардан да жақынырақ тұратын. Сабақтан қайтып оралған соң, баланы алып сыртқа шығатын. Жол бойы айрықша бір шабытпен ежелгі грек қаһармандарының ерлігі жайындағы хикаяларды айтатын, не болмаса Вальтер Скотт пен Виктор Гюго романдарының бенгал тілінде мазмұнын баяндайтын. Ағылшын өлеңдерін тақпақтап кететін, содан кейін кей жерлерін түсіндіре отырып, бенгал тіліне аударатын. Ол тіпті Бенуды Антоний сөзін жаттап алуына да мәжбүр етпек болған-ды.

Бала Хорлал жүрегін ашатын сиқырлы бір кілтке айналды. Бұрын сабақты өзі үшін ғана оқып жүргенінде ағылшын әдебиетіне мұншама әсерленбейтін еді. Ал енді тарих пен жаратылыстану ғылымынан, немесе әдебиеттен бір мәселеге көңіл аударса-ақ болды, сол сәтінде Бенумен сөйлесуге асығатын болды. Ал Бенуды қызықтырамын деп отырып, өз білімін де тереңдете берді, сөйтіп нұр үстіне нұр дегендей, қуанышы да молыға түсті. Мектептен оралған бетте Бену тамағын шала ішіп Хорлалға жүгіретін еді. Оны тоқтатуға шешенің ешбір амал-айласы жетпеді. Әрине баланың бұл қылығы Нонибалаға ұнамады. Мұғалім өз орнын сақтап қалу үшін Бенуды әдейі бауырына тартатын сияқты болып көрінді оған.

Сөйтіп бір күні ол Хорлалды өзіне шақыртып алды да, бетін перделей тұрып, былай деді:

− Сен бар болғаны мұғалім ғанасың ғой. Олай болса балаға ертемен бір сағат, кеште бір сағат сабағыңды беретін бол Неге үнемі бос уақытыңды онымен бірге өткізесің? Ол қазір ешкімді де, анасын да, әкесін де танымай барады. Не нәрсе үйретіп жүрсің оған? Бұрын шешесінің аты естілсе болды, қуанғанынан ұшып кете жаздайтын еді, ал қазір қасына шақырып келтіре алмайсың. Оның үстіне Бену тектіден шыққан бала, оның сенімен жақын жүруіне тіпті де болмайды.

Бұдан бұрынырақ Ротиканто Одхор-бабуға басқа бір үйлерде мұғалім атын жамылып келген кейбір беймәлім адамдардың әкеден қалған бай мұраға қолы жеткен өз оқушыларының дүние-мүлкін иемденіп кеткенін, не болмаса ең беделді адам болып, жас үй иесін соңынан итше ертіп алғанын, осындай да мысалдың болғанын айтқан еді. − Хорлал, әрине, мұның бәрі оның өзіне жасалып жатқан қысастық екенін байқаған еді, бірақ үндемеді, шыдаған.

Алайда өзі сонша жақсы көретін бала шешесінің түтіні де сол жақтан шығуы Хорлал жанын жаралап кетті. Бай үйде мұғалімге қалай қарайтынын ол енді түсінді. Сиыр сүтті қалай берсе, мұғалім де балаға білімді солай беруге тиісті екен. Оқушысын жақсы көру, оған жанашыр жақын адамы секілді қарау − қандай арсыздық десеңші! Мұндайға қызметшіден бастап үй иесінің әйеліне дейін ешбір адам да төзе алмайды. Олар Хорлалдың Бенуға деген сүйіспеншілігін әлдебір өз пайдасына шешілер әлдеқандай арамзалық деп санады.

− Жақсы, шешетай, мен енді Бенуға сабақ қана беретін боламын, − деді Хорлал дірілдеген даусымен үй иесінің әйеліне. − Біздің арамызда бұдан былай ештеңе де болмайды.

Хорлал сөзінде тұрды. Бұрынғыша сабақтан кейін Бенумен ойнауға бармайтын болды. Ұзақты күн қаңғырып көшелерді кезді, мұның қандай азап екенін оның өзі ғана түсінді.

Кешқұрым ол кезектегі сабағын өткізуге келді. Бала түксиіп, көңілсіз отыр екен. Хорлал неге көрінбеген себебін түсіндіріп жатпады. Сабақ ықылассыз, қалай болса, солай өтті.

Дағдыда Хорлал ала көлеңкеден тұрып колледжде өткізілетін сабағына дайындалатын еді. Ертемен Бену ат үстінен жуынып, тамағын ішетін де жүгіріп бұған келетін, содан кейін екеуі баққа шығатын еді. Онда балық өсірілген хауыз бар-ды, ұстаз бен шәкірт сол балықтарға қиқым тастайтын. Бену бақтың бір бұрышына тастарды тасып апарып, өзінше бір кішкене бақша жасады − жіңішке соқпақтары, шарбағы, қақпасы бар, ергежейлілер еркін тұра алатын кәдуілгі бақша. Осы бақшаны күту олардың екінші міндетіне айналды. Тек ыстық түсе үйге қайтып оралып, сабағына кірісетін-ді.

Ертеңіне Бену дағдысынан ерте тұрды. Кеше кешке аяқталмай қалған әңгімені тыңдамақ болып жүгіріп ұстазына келді. Өзінің бүгін ерте тұрғанын айтып Хорлалды қуантып тастамақшы. Бірақ бөлмесінде Хорлал болмай шықты. Есік алдындағы күзетші оның шығып кеткенін айтты.

Бұл күні Бену сабақ үстінде аса жәбірленіп отырды, кескіні де өзгеріп кеткен. Ол бүгін де ертемен Хорлалдың қайда кеткенін сұрамады. Ал ұстаз болса бала көзіне көзі түсіп кетпесін деп, сабағын кітапқа үңіле отырып өткізді. Бала тамаққа келгенде шешесі:

− Кешегі кештен бері саған не болған? Өңің қашып кетіпті ғой, тамақ та ішпейсің, − деп сұрады.

Бену үндемеді, Анасы оны өзіне тартты да, еркелете құшақтап, не болғанын білмек болды. Ақыр соңында Бенудың шыдамы жетпеді, егіліп жылап жіберді.

− Апа, ұстазым...

− Ұстазың не?

Бала Хорлалдың не істегенін баяндап бере алмады, жәбір-жапасын сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес еді.

− Мүмкін ол саған менің үстімнен шағынған болар? − деді Нонибала.

Бену шешесінің не айтқысы келгенін түсінбеді, жауап берместен шығып кетті.

Одхор-бабудың үйінен бірнеше көйлек-көншек жоғалды. Полиция шақырылды. Үй ішін тінтіп жүріп, Хорлал сандығын да қарай кетті. Ротиканто мүләйім кейіппен:

− Ұры ұрлағанын сандыққа тыға ма? − деді. Жоғалған нәрсе ақыры табылмады. Бұл шығын Одхорлалдың жатса түсінен, тұрса есінен кетпеді. Ол бүкіл дүниеге тұлданды. Ал Ротиканто болса:

− Кім алды дерің бар ма, кіріп-шығып, сапырылысып жатқан көп халық емес пе! − деп қойды.

Одхорлал Хорлалды шақыртып алдырды.

− Хорлал, сендердің бәріңді бірдей үйде ұстап отыру маған қолайлы емес. Басқа бір жерге қызметке тұр. Ал Бенуге сабақ беру үшін белгілі бір уақытта келіп, кетіп тұрарсың. Солай етсек жөн болады. Жалақыңа екі рупия қосып төлеуге де қарсы емеспін.

Ротиканто шылымын тарта отырып:

− Иә, сөйткен ыңғайлы болады. Өзіңізге де, бұған да ыңғайлы, − деп қойды.

Хорлал қожасының сөзін басын төмен салып отырып тыңдады.

Бірдеме деуге оның шамасы келмеді. Бөлмесіне қайтып оралған соң Одхорлалға хат жазды, Кейбір себептермен бүгін кететінін, Бенуге енді сабақ берудің қолайлы емес екенін айтып жазды.

Бену мектептен оралғанда ұстазының бөлмесі қаңырап бос қалған еді. Тіпті қираған темір сандық та жоқ болып шықты. Тартылған жіпте дағдыда Хорлалдың шекпені мен бет орамалы ілулі тұратын-ды, олар да жоқ, жіптің қүр өзі ғана қалған.

Бұрын үстел үстінде дәптерлермен бірге үнемі бір кітаптар шашылып жататын еді. Ал енді сол үстелге шыны ыдыс қойылыпты, ішінде қанаттары жалтылдап, алтын балықтар ойнайды. Ыдыс үстінде сәнді мұқабалы, әдемі суретті ағылшын кітабы тұр. Бірінші бетіне ұстазының қолымен Бену деп жазылып, бүгінгі күн қойылыпты. Қасындағы тілдей қағазда да Бену аты бар.

Бену әкесіне жүгіріп келді.

− Әке, ұстаз қайда, қайда кеткен ол? − Әкесі Бенуды өзіне тартты:

− Ол бізден кетіп қалды.

Бену әкесінен босанып шықты да, жүгіріп екінші бөлмеге кірді. Сөйтті де жастыққа басын тығып, солқылдап жылап жіберді. Одхор-бабу үрейленіп қалды, бірақ ұлын қайтып алдандырмақ, амалын таба алмады.

Ал пансионға келіп орналасқан қайғылы Хорлал сол күннің ертеңіне сағат таңғы тоғыз жарым кезінде төсек үстінде отырып колледжге бару керек пе, жоқ па дегенді ойлады. Кенет бөлмеге Бенуды ертіп Одхорлалдың бір қызметшісі кіріп келді. Бала ұстазының мойнына келіп асылды. Хорлалдың тамағы кебірсіп қалды. Бірдеме дейін десе, көз жасы төгіліп кететін сияқты болды. Үндемеді.

− Ұстаз, жүр, біздікіне барамыз, − деді Бену. Қайтсең де ұстазымды тап та, барып жолық деп Бену байырғы жалшы Чондробханға жалынған еді. Чондробхан кеше Хорлалдың сандығын көтерген жүкшіні кездестіріп, ұстаздың қайда екенін анықтады да, баланы сабақтан шыға салысымен сонда алып келді.

Хорлал Бенуге неге қайтып бара алмайтынын айта алмады.

Арада талай күндер өтті. Хорлалдың көз алдынан шәкірті кетпей қойды, оның мойнына оралып, үйге жүр деп өтінген сәтін ойласа-ақ көмекейіне келіп бір тас тірелетін болды. Бірақ көңіл шіркін бірте-бірте суына берді, жүректі тырнаған жара жазыла бастады. Ақыры Одхорлал үйімен мүлде қатынаспайтын болып кетті ол.

VI

Хорлал қанша тырмысса да сабақты бұрынғы бір көңілмен оқи алмады. Дайындалып отырып, кітапты сарт еткізіп жаба салады; содан кейін далаға шығады да ешбір бәлек-мақсатсыз қаланы кезеді. Сабақтан да жиі-жиі қалып қоя беретін болды.

Мұның бәрі жақсылыққа бастамайтынын Хорлал жақсы білді. Емтиханды тапсырған күннің өзінде де стипендияға ілігер түрі жоқ, ал мына Калькуттада стипендиясыз бір күн де тұра алмақшы емес ол. Оның үстіне анасына да азды-көпті ақша жіберіп тұруы керек. Қызметке орналасу да қиын. Ал орналаспауға тіпті болмайды. Тіпті осы бір қиын-қыстау жағдайдан шығар жол жоқ секілді, бірақ ол түңілмеді.

Хорлал жұмыс іздеп жүріп сәті келгенде ірі ағылшын фирмасының меңгерушісінің көзіне шалынды.

Сақып адамды бір қарағаннан-ақ танимын дейтін өз қабілетіне мықтап сенетін адам еді. Хорлалмен сәл сөйлескен соң-ақ − осы жарайтын адам, − деген қорытындыға келді.

− Іс білесің бе? − деп сұрады сақып.

− Жоқ.

− Аманат сала аласың ба?

− Жоқ.

− Белгілі бір білікті адамнан алған кепілдемең бар ма?

− Жоқ.

Сақып басын шұлғып қалды.

− Өте жақсы. Әдепкіде жиырма бес рупия алып тұрасың, істі меңгерген соң, одан да көп табатын боласың.

Сақып Хорлалдың киіміне сынай қарады.

− Мынау саған қарыз − он бес рупия. Біздің кеңсе қызметкерлеріне лайық тәуір костюм тіктіріп ки.

Костюм де тігілді, Хорлал да қызметіне барып жүрді. Сақып Хорлалдың жаны сірі деп түсінсе керек, жұмысты тым көп істеттіретін болды. Басқа клерктер тарап жатады, ал Хорлал тесіліп қағазға үңіліп отыра береді. Тіпті жүре келе ол істің мән-жайын сақыптың үйіне барып та хабарлайтын болды.

Хорлал өз жұмысының сипатын тез түсінді.

Әріптестері талай рет оны алдамақ та болды, бастықтарға барып шағыстырды да, алайда осы бір ұяң да сараң сөйлейтін кіші клеркті ешкім де сүріндіре алмады. Қайта жалақысы қырық рупия болып өсті. Хорлал енді қыстақтан шешесін шақырып алды да, шолақ бір көшеден ошағы бөлек кішкене бір үйді жалдап алды. Сөйтіп қайыршылық қыспағынан шықты-ау әйтеуір. Бір ретте анасы:

− Қарағым, үйге келін түсір, − деді. Хорлал анасының аяғынан топырақ алды:

− Апа, кешірерсің мені...

Қария оған тағы бір өтініш жасады.

− Реті келгенде Бенуды қонаққа шақыр. Ол жөнінде көп айттың ғой маған, көргім келеді.

− Мынандай ұсқынсыз үйге қайтып шақыра аламыз. Шыдай тұр, жақсы үйге шығып алайық, содан соң ұялмай шақыратын боламыз.

VII

Хорлалдың жалақысы өсе берді, енді ол шолақ көшедегі кішкене үйді қалдырып, жұрт көп жүретін үлкен көшедегі бір үйге көшті. Дегенмен неге екені белгісіз, Одхорлал үйіне баруға, не Бенуды шақыруға оның жүрегі дауаламай жүрді.

Мүмкін ол осы бір ұяңдықтан шыға да алмайтын ба еді, әлде қайтетін еді, кенет Бенудың шешесі опат болды деген хабар келді. Соны естісімен-ақ Хорлал Одхорлал үйіне тартты.

Сөйтіп жас жағынан аралары кереғар екі дос тағы да кездесті. Қаралы күндер де өтті. Ал Хорлал болса, Бенуге барғыштай берді. Ол ер жетіп қалыпты, тіпті түбіт мұрты да көріне бастаған. Киімді де салдарша сәнімен киеді, достары да тым көп. Соларды ол өзіне көп тараған көңілді граммофон табақтарымен тартады екен. Бір кезде Хорлал сабақ берген бөлмеден сия төгілген ескі үстел мен сынық орындық ғайып болыпты. Енді бұл үлкен айна, әдемі картиналар ілінген, салтанатты жиһаздар қойылған сәнді бөлмеге айналыпты.

Бену колледжде оқиды екен, бірақ екінші курстан әрі баруды қажет деп санамаса керек. Әкесі баламның оқымыстылығы оны үйлендірер кезде керек болар, көзі ашық, оқыған күйеу атанар деп ойлады. Марқұм Нонибала басқаша пікірде еді.

− Емтихан тапсыру дегенді бәлдей бермеңдерші. Бенуыма күймейтін жәшікте ақша сақтау одан әлдеқайда бұлдырақ, − дейтін ол

Балаң жігіт ана сөзін жадында ұстап қалыпты.

Қайтсе де Бенуге қазір оқудың бес тиынға керегі жоқ − Хорлал мұны анық түсінді. Тек анда-санда ғана өткен бір күндерді, бұл кетіп қалғанда артынан іздеп келіп: "Ұстаз, жүр біздің үйге барайық", − деп мойнына асылған шақты есіне алады. Бену да, үй іші де енді мүлде жат көрінеді. Хорлалды кім шақырсын қазір?!

Иә, Бенуды үйге шақырар қолайлы сәт осы сияқты болып көрінді оған. Бірақ осы ойдың келуі-ақ мұң екен, − соның қажеті не? − деген сұрақ туды.

Дегенмен Хорлалдың анасы баласының соңынан қалмады.

− Мен дәмді өз қолымнан дайындайын. Анасы жоқ қой оның енді.

Ақыры Хорлал шақырмаққа бел байлады. − Тек Одхор-бабудан рұқсат сұра, − деді ол Бенуге.

− Неге? Сірә Сіз мені әлі бала деп ойлайсыз-ау. − Сөйтіп Бену қонаққа келді. Осы бір құдай зақылеттес жас жігітке Хорлалдың шешесі оң батасын берді. Анасының қайтыс болғанын ойлап көзіне жас алды. Дәмнен кейін Бену:

− Ұстаз, маған достарым келмек еді, ертерек аттануыма тура келеді.

Ол қалтасынан алтын сағатын алып қарады, аман-саулықты шолақ қайырып, қос ат жегілген күймесіне мінді де тартып отырды.

Хорлал есік алдында салдырлап жер көкті көшіре жөнелген күйменің соңынан қарап тұрып қалды.

Анасы Хорлалға:

− Жиі-жиі шақырып тұр. Шешесінен ерте айырылғанын ойласам, сондай ауыр тиеді маған, − деді.

"Жоқ жетер енді. Енді қайтып шақырмаймын. Бір кезде мен мұның үйінде бес рупия айлық алып, мұғалім болғанмын Мен не бары сорлы Хорлалмын ғой", − деп ойлады ол.

VIII

Бір күні кешке Хорлал қызметтен қайтып келсе, үйінде бір қонақ отыр екен. Есіктен кіре бере-ақ оның мұрнына айрықша бір жұпар иісі келді.

− Мырза, кім боласыз? − деп сұрады ол

− Бұл мен ғой, ұстаз, − деген Бенудың даусы шықты.

− Аманшылық па? Күткеніңе көп болды ма?

− Иә, біраз уақыт өтті. Қызметтен бұлай кеш келетініңізді білмеген едім.

Анадағыдан кейін Бену ұстазының есігін ашқан жоқ еді. Ал бүгін ойда-жоқта хабар салмай-ақ келіпті де, мына қараңғы тар бөлмеде ұзақ күтіп отырыпты. Бұл Хорлал көңіліне түйткіл салмай қоймады.

Үй иесі үстіңгі үйден барып шам әкелді, сөйтіп екеуі әңгімеге отырды.

− Тыныштық па? Не жаңалық бар? − деп сұрады Хорлал

Бену оқудың күн өткен сайын мүлде жалықтырып бара жатқанын айтты. Екінші курста ұзақ отырып қалған. Өзінен кіші балалармен бірге оқуға арланатын көрінеді. Ал әкесі болса ештеңе де тыңдағысы келмейді.

− Иә, не істегің келеді сонда?

− Англияға барып адвокат оқуына түссем бе деп едім. Бірге оқитын бір бала бар еді. Білімі менен төмен болса да кетіп бара жатыр.

− Осы ниетің жайында әкеңе ештеңе дедің бе?

− Айтқанмын, бірақ мына емтихандарды түгел тапсырмай, Англия сапары дегенді тыңдайтын емес. Дегенмен жалығып кеткендігім сондай, мен мұнда мүлде оқи алатын емеспін.

Хорлал тіл қатпай ойлана отырып қалды, Сол ой жібін Бену бұзды. 

− Бүгін әкем мені оқымайсың деп ұрысты. Тіпті жаман сөздер айтудан да ұялмады. Қайтейін, апам тірі болса мұның бірін де естімес едім, ғой.

Көрген жәбірін есіне түсірген Бену жылап жіберді.

− Ал жүр онда әкеңе барайық, ақылдасайық бұл жағдайдан шығудың шешімін табайық.

− Жоқ, әкеме мен бармаймын.

Бенудың әкесімен араздасып келгені, енді оның осында орналаспақ ойының барлығы Хорлалға мүлде ұнамады. Бірақ мұнда ретің келмейді деп Бенуге айта алмады ол. Бала әлі райдан қайтар, сонда көндірермін де, үйіне алып барармын, − деп ойлады Хорлал

− Тамақ іштің бе өзің? − деп сұрады ол Бенуден.

− Жоқ, аш емеспін, тамақ ішкім келмейді.

− Мұның қалай? − деді де Хорлал шешесінің бөлмесіне барды.

− Апа, Бену келді, тамақтандыру керек. − Қария қуанып қалды, дәм дайындай бастады. Хорлал жуынып, киімін ауыстырып, Бенуге келді. Жөтеліп алды да, қолын қаймығыңқырай апарып жігіттің иығына салды.

Содан кейін:

− Бұл жарамайды. Әкемен ренжісіп, үйден безу дұрыс емес, − деді.

Бену сол сәтте ұшып түрегелді.

− Егерде ауырлайтын болсаңыз, мен Шотишқа барам онда! − деді ол кетуге ыңғайланып жатып.

− Ашуланба! − деді Хорлал жұмсақ ғана, − жүр тамақ ішейік.

− Жоқ, мен тамақ ішпеймін.

Бірақ табалдырықта Хорлалға деп дайындап қойған дәмді көтеріп келе жатқан қариямен соқтығысып қалды.

− Балам, сен қайда барасың? − деп сұрады ол

− Хат шаруам бар, кетуім керек.

− Жөн болып па мұның? Дәм татпай кетуге болмайды. Қария Бенуды қолынан ұстап күштеп әкеп отырғызды да, алдына дәмге арналған жапырақты жайды.

Бену ашулы отырды, ештеңе жемеді, жеңіл бір талас туып кетті. Кенет есік алдына келіп бір күйме тоқтады. Ең алдымен қызметші, содан кейін баспалдақты дүсірлете басып келген Одхорлалдың өзі көрінді. Бену қуарып кетті. Хорлалдың анасы өз бөлмесіне жөнелді. Одхорлал баласына жақындап келді де ызғарлы қалтыраған даусымен:

− Өзім де осыдай ойлап едім, − деп салды, − Ротиканто айтса да, сенің мұндай мақсатыңның барына иланбаған едім. Бенуды өзіңе табындырып, ойыншығың етпексің ғой. Жоқ, мен оған жібермеспін. Баланы ұрламақ! Полицияға шағым етемін, өзіңді абақтыға отырғызғанша ісім сенімен болсын.

− Тұр! Тез! − деп бұйырды баласына ол

Бену аузын ашпады, әкесінің соңынан елбектей берді де шығып кетті.

Сол кеште Хорлал тамақ іше алмады.

IX

Бұл кезде Хорлал қызмет істейтін сауда фирмасы маңайдағы қыстақтардан күріш сатып ала бастады. Сол себепті Хорлалдың жеті-сегіз мың рупия ақша алып, әр сенбі сайын таңғы пойызбен уәлаятқа шығып тұруына тура келді. Күрішті көтере сатушылармен есеп-қисап айырысып тұру үшін уәлаяттағы бір қыстақта кеңсе ашылған еді. Хорлал осында келетін де, аманат қағаздарын, есеп-қисап кітапшаларын қарайтын, апталық балансты қорытындылайтын. Келесі аптада жұмсалатын ақшаны да осында сақтаушы еді. Қасында үнемі екі күзетші болатын.

Кеңседе, Хорлал аманат салмайды, сөйтіп жұмыс істейді деген сыбыс туды. Бірақ бар жауапкершілікті меңгеруші өзі алды.

− Хорлалдан ешқандай аманат талап етілмейді, − деді ол.

Науқан магх айында басталған еді, чойтро айына дейін созылар түрі барлығы көрінді. Хорлалдың жұмысы да көбейіп кетті. Үйіне де көбіне кешігіп қайтатын болды. Сондай бір ретте ол Бенудың тағы да келіп-кеткенін білді. Шешесі тамақ беріп, сый-құрмет көрсетіпті. Әңгімелесе келе қария оны бұрынғыдан да ұнатып қалса керек.

Бір емес, Бену осылай бірнеше рет келді.

− Анасы жоқ қой оның үйінде, біз деп тұратыны содан! Мен оны сенің інің сияқты, өзімнің балам сияқты көремін. Осындай жылылықты көрген соң мені ол апа деп айту үшін ғана келеді, − деп ол сариінің бір шетімен көзін сүртті.

Ақыр соңында бір күні ол өзін күтіп отырған Бенумен кездесті. Олар түннің бір уағына дейін әңгіме құрды. Бену былай деді:

− Әкем мүлде күн көрсететін емес. Шыдауға шамам қалмады. Әйел алады дегенді естіген соң көңілім мүлде қалды. Роти-бабу лайықты адам қарастырып жүр. Онсыз аяғын қия баспайтын болды ғой әкем. Бұрын кешігіп қалсам, тынышы кете бастаушы еді, ал енді бірнеше күн жоғалып кетейінші, қуанбаса ренжімейді. Есілдерті қайтсем әйел адам. Ал ол әйел ал, бұл үйде мен тірлік құра алмаймын. Қалай шығамын осы қиындықтан. Сіз маған жол көрсетуге тиіссіз. Мен енді өз күнімді өзін көргім келеді.

Хорлал аяп та, қамығып та отыр. Басына қиындық түскен ауыр сәтте Бенудың бұрынғы ұстазын тапқаны әрі қуантады, әрі қайғыртады оны. Бірақ, ұстазының қолынан не келеді?

Қайткен күнде де: Англияға барып адвокат оқуын оқуым керек, басқа жол жоқ маған. − деді Бену..

− Одхор-бабу жібере ме сені?

Кетсем, қуанбаса, ренжімейді.. Жақсы-ақ қолды байлайтыны қаражат жағы. Одан шетелде тұрмыс құрарлық ақша алу оңай болмас. Айла табу керек.

Бенудың әккілігін байқап Хорлал жымиып қойды.

− Айла? Қандай айда? — деп сұрады.

− Мен аманат қағаз беріп қарыз аламын. Кейін қарыз берген адам менің үстімнен шағым, бертінде әжем: мені аяр да төлейтін болар. Ал мен ол ақшамен Англияға аттанамын. Шетелге барған соң ол маған ақша жібермей тура алмайды.

− Ал қарызды саған кім береді?

− Сіз ше, бере алмайсыз ба?'

Таңырқаған Хорлал қайталап сұрады:

− Мен бе?

− Неге сіз емес.. Күзетші сумкаға салып соншама ақша әкелген жоқ па, бүгін

Хорлал күлді.

− Күзетшіге мен қандай не болсам, ақшаға да сондай иемін мен. − Содан кейін ол Бенуге өз жұмысының мәнін түсіндіре бастады.

− Сіңірі шыққан кедейдің үйінде бұл ақша. бір-ақ күн түнейді, Ал ертеңіне жан-жаққа жол тартады.

− Онда бастығыңыз қарыз бере алмас па екен, өсімін көбірек етіп, қайтарар едім.

− Егер де әкең аманат салса, менің өтінішіммен мүмкін беріп те қалар ма еді..

− Әкем аманат салуға баратын болса, онда өзіме де ақша берген болар еді ғой, − деп Бену қарсылық білдірді.

Әңгіме осымен тынды. Хоряал; "егерде әйтеуір өзімдік бірдеме болса, үйді де, дүниені де сатар едім: де, балаға көмектескен болар едім", — деп ойлады.

Бұл ойының жүзеге асуына бір ғана жағдай көлденең тұрды − оның үйі де, күйі де жоқ болатын.

Бір жұма күнінің кешінде Хорлал үйінің алдына күйме келіп тоқтады. Ішінен Бену шықты. Күзетші оған тағзым етті де, өз мырзасына барып хабарлады. Бену кіргенде Хорлал жатар бөлменің еденінде отырып ақша санап жатыр еді. Бұл жолы бала мырзаның киім киісі де бөлек екен. Ерулік әдемі дхотиі мен чадорының орнына, толық денесіне жарасымды түрік шапаны мен шалбарын киіпті. Басында кепка. Сұқ саусағына жарқырауық асыл тасы бар сақина салған, ал шапанының жеңінен көйлек жеңінің жақұт түймелі қайырмасы көрінеді.

Хорлал ақшаны жинап былай қойды.

− Не болып қалды, неге бұлай киінгенсің, неге бұлай түнделетіп жүрсің?

− Ертең жоқ, арғы күні әкем әйел алады. Менен онысын жасырған болады, бірақ маған біреулер жеткізіп қойды. Мен одан біраз уақыт Барақ құрдағы өзімізге қарасты жерге барып жатып қайтайын деп сұранып едім; Әкем қуанып кетті, рұқсат берді. Мен аттанып барамын, үйге қайтып оралмаймын енді. Қайтейін, ерлігім жетсе Гангаға суға кетіп өлер едім.

Бену жылап жіберді. Хорлалдың жүрегіне қанжар қадалғандай болды. Қадірлі ананың көзіндей ыстық заттардың бәрін, ана отырған бөлмені де, ол жатқан төсекті де енді басқа бір жат әйел келіп иемденетін болады. Бену сорлыға бұл қандай қиын десеңші. Хорлал осыны қинала ойлады. "Анадан аса дәулетті адам болып жаралуға болар, бірақ бұл бәрібір қайғы-қасірет пен жәбір-жападан қорғай алмайды" − деп ойлады ол. Хорлал оған не айтуды, қайтіп жұбатуды білмеді, бар болғаны қолынан алды. Сол сәтте ол "Қандай бақытсыздық, ал Бену болса, тойға баратындай қатып тұрып киініп алыпты" − деп ойлады тағы да. Хорлалдың қымбат жүзікке қарап қалғанын Бену де сезді, тегі ұстазының үнсіз қойған сауалын аңғарған да болса керек.

− Бұл анамның жүзігі еді, − деді ол

Хорлал көмейіне келіп қалған көз жасын зорға басты. Содан кейін:

− Бену сен тамақ іштің бе? − деп сұрады.

− Ішкенмін, ал өзіңіз ше?

− Мен мына ақшаны санап, сейфке салмай шыға алмаймын.

− Сізбен сөйлесетін көп нәрселер бар. Барып тамақтанып келіңіз, апаң дәмін дайындап күтіп отыр. Мұнда мен қала тұрайын.

Толқыған Хорлал аздан соң:

− Жарайды, тез тамақтанып келе қояйын, − деді. Аз-кем мезгілден соң тамағын ішкен Хорлал анасымен бірге қайтып келді.

Бену қарияға иіліп сәлем етті, ана оның иегінен сүйді. Жігіт отырып өз жайын қайта айтты. Хорлалдың шешесі баланы аяп мүсіркеумен болды. Ол әрине қанша қамқоршы болса да, Бену үшін өз анасының орны айрықша бөлек екенін біледі. Оны азаптайтын да осы ой.

Олар оңаша бөлмеде шашылып жатқан ақша арасында отырып көп әңгімелесті. Бенудің балалық шағын еске түсірді, өз баласын айрықша жақсы көрген марқұм ана туралы сөз болды. Бір кезде Бену оқыс сағатына қараса түннің бір уағы болып қалыпты.

− Енді отыра алмаспын, егер кешіксем пойыздан қалып қоям, − деді ол

− Бүгін осында бол, қарағым, таңертең Хорлалмен бірге аттанарсың, − деп жалынды қария.

− Жоқ, жоқ, өтінемін, жалынбаңызшы, мен қайтсем де бүгін кетуім керек, − деді Бену. Содан кейін Хорлалға қарады. — Ұстаз, түнде мына асыл тастарды алып жүру қауіпті ғой, осында қалсын, қайтып оралған соң келіп алармын. Ана күзетшіңізге айтыңызшы, күймеден барып, былғары қоржынды әкелсін. Мен бұларды соған салып қояйын.

Күзетші барып кішкене бір қол чемодан әкелді. Бену алтын сағаты мен қымбат жүзіктерін, асыл түймелерін соған салды. Әманда сақ жүретін Хорлал чемоданды апарып бірден сейфке тықты. Бену Хорлалдың анасының аяғынан топырақ алды. Қария көз жасы мөлтілдеп оң сапарың болсын дегенді айтты.

− Дұрға ананың өзі жебей көрсін сені.

Содан кейін Бену Хорлалға келіп тағзым етті де, пронам жасады. Бұрын ол мұндай құрметтің бірін де көрсетпеген еді. Хорлал үн қатпады, қатты қысып құшақтады да, далада тұрған күймеге бастап жүрді. Жер тарпып ойнақшып тұрған сәйгүлік аттар қараңғы түнде газ шамдары жарқылдаған Калькуттаға қарай осқырына тартып ала жөнелді.

Осыдан кейін Хорлал өз бөлмесінде үн қатпастан көп отырды. Ақырында терең бір күрсініп алды да, ұсақ ақшаларды санап, бөлек-бөлек сумкаларға сала бастады. Ал ірі ақшаларды ол бұрын дестелеп, сейфке тығып қойған болатын-ды.

XI

Түн ортасы ауған соң, Хорлал ақша сақталған бөлмеде сейфтің кілтін жастығының астына тығып ұйқыға кетті. Түсінде ол бетіне перде ұстаған Бенудің шешесін көрді. Әлдене деп айқайлап баласына ұрсып жатыр екен. Сөзі анық естілмеді. Үстіндегі лағыл тасты әшекейлерден қызылды-жасылды қызық бір сәуле шашырайды. Хорлал бар дауысын салып Бенуді шақырғысы келеді, бірақ неге екені белгісіз үні шықпайды. Кенет адам шошырлық тарсыл-гүрсіл шықты. Қара перде қақ айырылып жерге түсті. Хорлал шошып оянды. Әлі қараңғы екен. Соғып өткен желден сарт етіп терезе жабылып, жалт етіп шам сөніпті. Хорлал сіріңке тұтатып шамды қайта жақты да, сағатына қарады. Уақыт таңғы торт екен, енді жатып ұйықтауға болмайды, ақшаны алып уәлаятқа тарту керек.

Анасы тұрып:

− Балам, оянып қалдың ба? − деп шақырған кезде, Хорлал беті-қолын жуып өз бөлмесіне кірген еді.

Ол анасының қасына барды, пронам жасап, тағзым етті. Ана оған оң сапарын тіледі де:

− Балам жаңа ғана бір түс көрдім, сен келін әкелем деп кетіп бара жатыр екенсің деймін, таң сәріде көрген түс айна-қатесіз айнымай келеді дейтін еді.

Езу тартқан Хорлал өз бөлмесіне барды да, сейфтен ақша салған әмияндарды шығара бастады, кенет бірнеше әмиянның ішінде ақша жоқ болып шықты. Өңі ме, түсі ме, аңырып қалды. Сейфті сілкіледі, бірақ оның ішінде де ештеңе жоқ. Енді әмияндарды бас-басына ақтара бастап еді, кенет біреуінің ішінен Бенудің қолымен жазылған хат шыға келді. Біріншісі әкесіне, ал екіншісі Хорлалға арналыпты. Хорлал қалтыраған қолымен конвертті ашып оқи бастады. Дүние күңгірт тартып кеткендей болды, ол ештеңені көрмеді, шамның білтесін көтере түсуге тура келді. Хатта не жазылғанына түсінбеді, кенет өзінің ана тілі − бенгал тілін ұмытып қалған сияқты.

Байқаса, Бену үш мың сом рупияны алыпты да, Англияға аттаныпты. Кеме бүгін азанда жүрмекші екен. Бену былай деп жазыпты:

"Алған қарызымды өтесін деп мен әкеме хат тастап отырмын. Ал ана қол чемоданды ашсаңыз, анамнан қалған асыл тастарды көресіз. Олардың қанша тұратынын мен білмеймін, бірақ үш мың рупиядан артық па деп шамалаймын. Егерде анам марқұм тірі болса, әкем маған жол қаражатын бермеген күннің өзінде де, мына қымбат әшекейлерін сатып, менің қалтама ақша салып берген болар еді. Шынын айтсам, әкемнің бұл әшекейлерді басқа біреуге беруін сондай қызғанамын. Мен оларды әкемнен зордың күшімен алдым. Егерде шал ана-мына деп қарызды соза беретін болса, бұл асылдарды ойланбай-ақ сата беріңіз, не біреуге аманатқа тапсырыңыз. Бұл апамның дүниесі ғой. Сол себепті менің де дүнием болып табылады". Хатта тікелей іске қатысы жоқ басқа да, әр нәрселер жазылған екен.

Хорлал бөлмені жапты да, жүгіріп тысқа шықты. Күйме жалдап Ганга өзеніне тартты. Бірақ ол Бенудің қандай кемемен кететінін білген жоқ еді. Пристаньға келгеннен кейін, бүгін таңда Англияға екі кеме аттанғанын білді. Бену соның қайсысында кетіп бара жатыр, кемені қайтып тоқтатпақ керек − әрине Хорлал мұны ойлап таба алмады. Пристаньнан ол қайтып оралды. Шашырай күн шығып келеді. Калькутта ұйқыдан ояна бастады. Ал Хорлал ештеңені де байқамады. Есі шыққан адамдай мең-зең, үстінен зіл қара тас басқандай, Аяғын көтеріп алар халде емес. Күйме өзінің қадірлі анасы тұратын үйге, жұмыс күнінің толып жатқан тауқыметін тартып шаршап келгенде құр атқа мінгендей етіп жіберетін үйдің алдына келіп тоқтады. Хорлал арбакешпен есептесті де, әлдебір үрей-қорқынышпен табалдырықты аттады. Үрейленіп қалған ана:

− Балам, сен қайда барып қайттың? − деп сұрады.

− Мен саған келін іздеп келдім, − деп жайбарақат күле жауап берді де, шалқалап барып құлап түсті.

− О, тәңірім, бұл не сұмдық? − деп үрейі ұшқан кемпір Хорлалдың бетіне әкеп су бүрікті.

Хорлал есін жиды, көзін ашты да, жан-жағына шалықтай қарады.

− Қорықпай-ақ қой, апа, менің оңаша болғым келеді, − деді ол Содан кейін асыға тұрып өз бөлмесіне барды да, іштен жауап алды. Ана босағаға келіп отырды. Оған көктем күнінің нұры түсті. Әлсін-әлі жабық есікке еңкейіп баласын шақырды.

− Хорлал, қарағым. Хорлал, деймін!

− Ана, мен кейінірек шығамын, өз бөлмеңе бара бер, Кемпір күн сәулесі түскен босағада отырып, күбірлеп дұға оқи бастады. Кеңседен күзетші келді, Хорлалдың есігін қағып:

− Бабу, егер біз қазір шықпасақ пойыздан қалып қоямыз, − деді.

Хорлал іштен былай деп жауап берді:

− Жетінің пойызымен біз жүрмейтін болдық.

− Онда қашан?

− Оны кейін айтамын.

Күзетші басын шайқады да төменге түсті.

Хорлал азапты ойда отыр:

"Мен мұны кімге айта алмақпын? Ұрлық қой бұл! Өз қолыммен Бенуді қайтып ұстап бермекпін?"

Кенет ол қымбат әшекейлерді есіне алды. Тіпті оны ұмытып та кетіпті ғой. Кенет қараңғы түнекке сәуле ізі тарамдала жүгіргендей болды. Қол чемоданды ашып еді, сағат пен жүзіктерден, алтын түймелерден басқа, қымбат білезік, шаш бастыратын алтын әшекей, маржан тастар да бар екен. Әрине мұның бәрі үш мың сомнан артық тұратын заттар. Алайда, шындап келгенде бұлар да ұрланған заттар ғой. Өйткені ол Бенудің дүниесі емес. Айта берсең, тіпті бұл чемоданның осы үйде тұруының, өзі оған қатерлі емес пе?

Ол жалғыз сәт аялдамады, Бенудің әкесіне жазған хат пен қол чемоданды алды да, жүгіріп бөлмеден шықты.

− Балам, қайда барасың? − деп сұрады шешесі.

− Одхорлалдың үйіне.

Кемпір енді ғана уһ деп дем алғандай болды. Қара тастай үстінен басқан әлдебір қорқыныштан құтылып шыққандай. Ол енді Бенудің әкесінің үйленуі жайындағы хабар балама тым ауыр тиген ғой, беймаза болғаны сол шығар деп ойлады. Бену десе жаны-құты қалмайды, әйтеуір!

− Сен сөйтіп бүгін уәлаятқа жүрмейтін болдың ба?

− Жоқ, жоқ, апа, − деп жауап берді Хорлал далаға жүгіріп бара жатып.

Одхор-бабудың үйіне әудем жер қалғанда тамаша бір күй сазы құлаққа келді. Алайда жақындай беріп, той болып жатқан осы бір салтанатты үйден әлдебір дүрлігушіліктің барын аңғарғандай болды. Есік алдындағы күзетшілер қаһарланып алған. Үй қызметшілерінің бірін де далаға шығармайды. Әр адамның кейпінен үрей мен әбігердің бары сезіледі. Байқаса кеше кешке таман аса бір қымбат дүниеліктер қолды болыпты. Күдікке алынған бірнеше қызметшілерді полицияға ұстап беруді ойластырып жатыр екен. Хорлал екінші қабаттың балконына көтерілді. Одхор-бабу жынды адамша құтырынып отыр. Ротиканто дағдысынша темекісін бұрқыратады.

− Сізбен оңаша сөйлесетін сөзім бар еді, − деді Хорлал

Одхор-бабу ашулана жауап берді:

− Сенімен оңашаланып жатар уақытым жоқ, айтарыңды осы арада-ақ айт.

Ол тегі Хорлалды қарызға ақша сұрай келді десе керек.

− Егерде бабу қысылатын болса, мен шыға тұрайын, − деді Ротиканто.

− Отыр, ешқайда кетпейсің, − деп Одхорлал тіксіне сөйледі.

− Кеше кешке таман Бену біздің үйге мына бір саквояжды қалдырып кетті.

− Онда не бар?

Хорлал саквояжды ашты да Одхор-бабуға ұсынды.

− Ә, ә... ұстазы мен шәкірті бірлесіп жақсы шаруаны ойлаған екен! Ұрланған нәрсені сататын болса, ұсталатынын білген, сол себепті қайтарып отыр. Адалдық үшін сүйінші аламын деп ойлайды ғой!

Хорлал Одхорлалға Бенудың хатын ұсынды. Ол хатты оқып отырып, бір қызарып, бір сұрланды.

− Ал жақсы, мен полицияға хабарлаймын. Емшек табы кеппеген жас баланы сен ғой азғырып Англияға жіберіп жүрген. Мүмкін бір бес жүз рупия берген шығарсың да, үш мың рупия алдым деп қолхат жазуға мәжбүр еткен боларсың. Мен бұл қарызды өтемеймін.

− Мен оған қарыз берген жоқпын

− Ал онда мына ақшаны қайдан алды? Сандығыңды бұзып ұрлап алып па?

Хорлал үндемеді. Ротиканто қамқоршысына қарап көзін қысты да:

− Бұдан сұраңызшы, үш мыңды былай қояйын, сол бес жүз рупияның өзін өз көзімен көрді ме екен осы мұндар? Сұраңызшы.

Қалай десе де бұл ұрлықтың төркіні көрініп қалды.

Алайда Бенудың Англияға кеткен хабарын естігенде бұл үйде қайтадан бір сұмдық әбігершілік туып кетті. Соның барлығына айыпты Хорлал болды да шықты.

Ол есінен танған адамша тағы да мең-зең болды. Ойдан да, үрейден де ада әлжуаз бір халге түсті. Тіпті осы оқиғаның арты неге апарып соғарына да үңілгісі келмеді.

Үйіне жақындай беріп, ол есік алдында тұрған күймені көрді. Кенет бір үміт шырағы жалт етті. Бену қайтып оралған! Әрине Бену! Өз хәлінің мүшкіл екенін ол қайтсе де мойындағысы келмеді.

Хорлал күймеге жүгіріп келді де, өз кеңсесіндегі сақыпты көрді. Сақып күймеден шықты да, Хорлалды қолынан ұстап үйге енді.

− Сен бүгін уәлаятқа неге кетпей қалдың? − Ертемен келген күзетші Хорлалдан жарытып ештеңе ести алмаған соң, бастыққа барып айтқан екен, ол біліп кел деп өзінің көмекшісін жіберіпті.

− Үш мың рупия ақшам жетпейді.

− Оны қайда жібердің?

Хорлал үндемеді.

− Кәне көрейікші ақшаның қайда жататынын. Сақып қайта санады, үй ішін айнала қарады. Ананың шыдамы таусылған еді, бөлмесінен шықты да тынышсыздана сұрай берді.

− Хорлал, Хорлал, не сұмдық болды бұл?

− Апа, ақша ұрланды.

Қалай ұрланады? Кім ұрлайды?

− Дабыстама, апа.

− Бүгін түнде кім болып еді? − деп сұрады сақып.

− Мен есікті жаптым да, барып ұйықтадым, басқа тірі пенде болған жоқ.

Сақып ақшаны өзіне алды да, Хорлалға:

− Жарайды, олай болса бастыққа барайық, − деді. Баласының сақыппен кетіп бара жатқанын көріп, ана Хорлалдың алдынан шықты:

− Сақып, баламды қайда апармақсың! Мен мұны аузымдағыны жырып беріп асыраған едім. Біреудің ала жібін аттамайды менің балам.

Сақып бенгал тілін білмейтін еді, сол себепті:

− Жарайды, жарайды, − дей берді.

− Қапаланбай-ақ қой, апа, меңгерушіге барамын да тез қайтып келемін.

− Сен оразаңды да ашқан жоқсың ғой, − деп қария мазасыздана берді.

Хорлал жауап қатпады, сақыппен күймеге барып мінді де тартып отырды.

Ана күре тамыры қиылғандай, еденге құлап түсті. Үлкен сақып Хорлалға:

− Ал кәне, қалай болды, шыныңды айт? − деді.

− Мен ақша алғаным жоқ.

− Рас, өзің алдың деп мен күдіктенбеймін, Бірақ сен ақшаны кімнің алғанын білесің.

Хорлал басын төмен салды, үндемеді.

− Ал қалай ойлайсың, ақшаны кім алуға тиісті?

− Кімнің алғанына өзім де қайранмын.

− Тыңда, Хорлал, мен саған сенген едім, сол себепті ешқандай аманат алмай-ақ осы жұмысты тапсырдым, кеңседе бұған қарсы шығушылар да болды. Үш мың деген не, көп ақша емес. Бірақ сен мені қатты ұятқа қалдырайын деп тұрсың. Мен саған тұтасымен бір күн беремін. Не істесең ол істе, жинап әкеп ақшаны орнына сал Содан кейін өзің де ештеңе болмағандай-ақ баяғыша жұмысыңды істей беретін боласың.

Үлкен сақып түрегелді. Ертеңгі сағат он бірді соқты. Хорлал иіні түсіп кеңседен шықты, ал шоқ-шоқтап айызы қанған клерктер Хорлалдың бұл сүрінгенін ор саққа жүгіртіп әңгімелей бастады.

"Енді не істеуім керек?" − деп ойлады Хорлал Бұл істің немен тынарын ол біле алмады, тіпті соған айқын ой жүгіртер де шамасы жоқ. Көшелерді кезіп мақсат-ойсыз бет алды жүре берді.

Мыңдаған адамдарға баспана болған үлкен қала Калькутта Хорлалға бір тұзақ сияқтанды, қалай етсе де босатар емес. Бар қауым біткен, бар адам атаулы да мына ешкімге зиян, қиянаты жоқ кішкене Хорлалды мықтап ұстап алған, не қылған күнде де айырылатын түрі жоқ секілді.

Жұрттың бәрі де бейтаныс, тіпті отан қастандық ойлаған да ешкім жоқ, сонда да баршасы да дұшпан сияқты.

Ал тіршілік шіркін баяғыша өтіп жатыр. Әрлі-берлі өткендер Хорлалды қағып өтеді. Көшеде клерктер мөлдек стақандарға құйып су ішеді, бұған көңіл аударған пенде жоқ. Міне әнебір еріккен біреу аташтың түбіне келіп отырды. Басын қолымен ұстап, орамға жайбарақат көз салады.

Калигхатты бетке алып, бір топ үнді қызы мінген күйме зымырап өтті. Әлдебір Чапраси Хорлалға келіп бір мекен-жай оқып беруін өтінді, Хорлал мен былайғы жұрттың арасында айырма барлығын қасақана байқамаған сияқты. Чапрасиға ол жөн сілтеп жіберді.

Мекемелер мен кеңселерде жұмыс аяқталды. Қиян-қилы күймелер адамдарды үйлеріне таси басады. Аузы-мұрнынан шыққан трамвайлардағы клерктер де көшедегі театр жарнамаларына көз салып үйлеріне кетіп барады.

Жұмыс, қол бос уақыт, асығып үйге бару − осы бір ұғымдардың бәрінің де енді Хорлал үшін түк мағынасы болмай қалды. Төңіректегінің бәрі де − үйлер, мекемелер, шулы көше қозғалысы − бәрі де Хорлалға біресе қатыгез шындық, біресе әлдебір көмескі көрген түс сияқты болып кетеді. Тамақ та ішпеді, бір сәтке тізе бүгіп дем де алған жоқ. Осы бір аласапыран зілзала күннің қалай өткені де жадында емес.

Газ шамдары жанды. Жемтікті қарауылдаған ібілістерге ұқсап, өңменіңнен өтетін жүздеген өткір көз түн қараңғылығына сұғынды.

Хорлал уақыттың қалай өтіп жатқанын байқамады. Басы зеңіп, шекесі сынып барады, денесі күйіп-жанады, аяғын басуға мұршасы жоқ. Бірде оны безілдеп ауырған жүрегі азаптаса, бірде қажып-шаршағандық пен шығарға жол таппай торыққан көңілдің қасіреті биледі. Хорлалдың тұла бойы, ақыл-ойы суына бергендей. Тек бір ауық анасы тана жалт етіп ойына оралады. Байтақ Калькуттада сол анасынан басқа кезерген ернін қыбырлатып есіне алар тірі пенде жоқ. Ол, жұрттың бәрі қалың ұйқыға кетіп, өзін қорғайтын еш пенде қалмаған түннің меңіреу шағында анасына келіп, тізесіне басын қойып ұйықтап кетсем деп аңсады. Сонда тіпті ол мәңгі-бақи оянбай-ақ қойсыншы.

Алайда үйге оралуға болмайтын еді, − ол анамды полицейлер тілдеп жатқан үстінен шығам ба деп қорықты.

Шаршаған Хорлалдың жүруге шамасы келмей, құлап бара жатты, сол сәтте қасынан өте берген жалдамалы күймеге көзі түсті.

− Қайда баратын едіңіз, мырза? − деп сұрады арбакеш.

− Қайда апарсаңыз да бәрібір, жай бір таза ауа жұтып, дем алайын деп едім. Майдан орамындағы көшелермен жүрсең де болады. Арбакеш мына бір әпенді адамға күдіктене қарап ілгері кете бермек еді. Бірақ Хорлал алдын ала бір рупия ұсынған соң, Майданды айналып жүре бастады. Талып шаршаған Хорлал күйіп-жанып бара жатқан басын күйме терезесінің жақтауына салды да көзін жұмды.

Ауырғаны аздап тарқайын деді. Қызуы да басыла бастады. Көңілін тұңғиық бір рақат сезімі, мәңгі-бақилық тыныштық пен азап-қасіреттен адалық сезімі басты. Арылмас қайғы, жол тауып шыға алмас шытырман деп түсінгені қандай адасқандық десеңші. Ол енді аңғарды, бұл бір қорқыныштан туған нәрсе екен, ал шығарға жол жоқ, құтылуға болмайды деген ой тіпті өрескел қате екен.

Оның жанына тырнағын қадаған темір шеңгел босап жүре берді. Аспанның қиян-шалғай төрінен шексіз бір еркіндік пен кең дүниенің, бақыттың самал лебі келіп соққандай болды Хорлалға. Ешбір ханның да, ешбір патшаның да әмірі жүрмейтін еді отан. Енді Хорлалды қайғы-қасіреттің, қорлық пен әділетсіздіктің торында ешкім де ұстап тұра алмайды.

Өзін-өзі тұмшалаған қорқыныш-үрей бүғауының талқаны шықты. Сол сәтте Хорлал ұлан-ғайыр бұл дүниеде өз анасының барлығын сезінді. Көшеде де, үйде де, барлық жерде де анасы бар, оған еш пенде көлденең келе алмайды.

Аспан да, жел де, тіпті бүкіл әлем біткен сол өз анасы сияқты жып-жылы болып бара жатты.

Сол бір ыстық дүниеде азап, қайғы-мұқтаждықтың қарасы өшті, тіпті тірлік деген ұғымның өзі де жойылды. Ыстық жас шымырлап төгілмейтін болды. Түн-түнек те, нұр-сәуле де жоқ, тек мәңгі-бақилық қана қалды.

Храм сағаты түнгі сағат бірді пәш етті. Майданның қараңғы көшелерін кезіп айнала беру арбакешті де жалықтырып жіберді.

− Бабу аттар болдырайын деді, айт, қайда апарайын?

Тым-тырыс. Арбакеш қоздадан секіріп түсті де, Хорлалды стилей бастады. Селкеу дыбыс шығарған ол жоқ. Зәресі ұшқан арбакеш кеудесіне қол салды, Хорлалдың денесінен жан кетіп қалған екен.

Сөйтіп арбакеш өз сауалына жауап ала алмады, ол енді қалай қарай жүрмек?

author

Рабиндранат Тагор

КОМПОЗИТОР

Шоу-бизнес

Атақты продюсер Баян Мақсатқызы сұхбат барысында өмірінде өткен қиын кезеңдерімен бөлісті, деп хабар...

Жаңалықтар

Бүгін ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен Қ. Қуанышбаев атындағы Қазақ Ұлттық музыкал...