Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Түркістан қаласында өткен Ұлттық құрылтайда Саяси қуғын-сүргін...
Рахымжан Отарбаев. БАС (жаңа нұсқа) Екі бөлімді, төрт көріністі драма
Рахымжан Отарбаев,
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері
БАС
(жаңа нұсқа)
Екі бөлімді, төрт көріністі драма
2016 жыл
Қатысатын кейіпкерлер:
Махамбет – батыр, ақын
Ноэль – антрополог
Нұрлан Өтепұлы – қоғам қайраткері
Имаш – қала әкімі
Баймағамбет – министр
Қайыпқали Есимович – институт директоры
Дүрия – әйелі
Ықылас Төлеевич – басшы
Қашқария – әйелі
Құрақ – ауыл ақсақалы
Қарауыл – ауыл әкімі
Маха – Махамбет – қазіргі ақын, актер
Дәурен, Айым – жастар
Көпшілік сахна, бассыз адамдар, дауыс т.б
Бірінші бөлім, бірінші көрініс
Жарық жанғанда актерлар «Махамбет» спектаклін көрерменге теріс қарап ойнап тұрады. Сахна түбінде шартты көрермендер отырады. (актерлар)
Еділдің бойы ен тоғай,
Ел қондырсам деп едім.
Жағалай жатқан сол жерге...
Махамбет ойланып, Сіздердің ата-бабаларыңызды уызына жарыған жұрт етіп шаңырақ көтертсем деп едім. (саусағымен шартты көрермендерді нұсқап) Қайсың едің, ақыншалыс біреуің жаздыңдар «Басың кетті, мынау марғау даланың, адамдыққа жеткізем деп әр итін. Әй, Махамбет!» - деп. Қазақ тұрғанда иықта бас тұратын ба еді? О заманда?.. (мысқылдап қарап, бас изейді) Көкейлеріңізді түсінем. Иә, солай... Дәл солай... (Соңғы бас ию, селдір шымылдық жабылады. Барлық тарихи киімдегі актерлар авансценада халыққа теріс қарап бір-бірін құттықтап, қолдарындағы көрермен берген гүлді қызықтап тарқасады. Махамбет ролін ойнаған актер авансценаның оң жағындағы гримм үстеліне келіп отырып, бетін (гримін) сүртеді. Киімін ауыстырады. Киімдерді костюмер алып кетеді. Гример сақалды, реквизитші өз заттарын тасиды. Спектакльден кейінгі цехтардың әрекеті. Актер айнаға қарап, сөзін бастайды).
Махамбет – Иә, сіздер менің өлеңіммен қоса ерлігіммен таспадай өрілген пьесаны көрдіңіздер. Мені тірілтемін деп жанталасқан Ноэль Жумабаевич. Өзі атақты Михайл Герасимовтың шәкірті. Қазақстанда қаны тамбай тұрған жалғыз антрополог. Қыр мұрынды, ашаң да әдемі жігіт Мәскеуден алғаш оқу бітіріп келгенде... Қазақтың арманда кеткен арыстарының бәрін жіпке тізіп тірілтемін деп күпінген. Қысы-жазы қозыжон қорғанды, бүкір бел кезеңді сағалаған. Тақасы тозған. Күнсіп маңдайына кепкісі батқан. Шашыраңқы сақалына шаң қонған. Топырақты үңги-үңги небір күрек пен сүйменнің ұшын жылтыратқан. Басы бар аяғы жоқ арман ... Жарықтықтардың жамбасы тиген жерден қу басты қазып алып, тірі мүсінге айналдыра қойса... Ханы айыр қалпақты баса киіп, қаумет сақал тағынып, жүзінде ой мен мұң қатар шарпысып, көзін көкжиекке қадап, халқының болашағын безбендеп отырса... Оң тізесін басқан биі ай маңдайынан тер моншақтап, селдірлеу біткен сұйық сақалы кіндігін қағып ол тұрса... Босағадан оң тізесін бүгіп, айбалтасына сүйеніп, қос көзі шоқтай маздап батыры көрінсе... Пау, шіркін!... Бірақ... (пауза) Қазақты осы бір сөз қаншама алдын кесіп сүріндірді екен?! Бірақ... Солай, Ноэль шырақ қазақта бірақ көп...
(кетеді)
Сахнада Ноэль Шаяхметов. Ортада, айналма үстінде, тізіліп қара костюм киген чиновниктер көрерменге теріс қарап отырады. Бір қарағанда жиналыс сахнасы. Үш бидің портреті ілініп тұрады.
Дауыстар – Төле би бабам қандай көрікті. Көз сүйсінеді-ау!
– Қазыбек ше? Аруағынан айналайын-ау, отырысын қарашы!
– Әйтекенің қыран көзі дүниені шолып тұр ғой. Пау, тусаң ту!
Ноэль – Ақылы асқан ағалар-ау? Осы үш би бір шалдың шапанынан, бір кемпірдің етегінен шыққан ба? Эскизге зер салыңыз, бір-бірінен аумай тұр. Көз қиығы, мұрыны, бет өлшемі. Жо-жоқ, шындап ұятты көздеріңізбен қараңыздаршы, Қазақ даласының қиян шеттегі үш түкпірінде туған бұлар тұрмақ, әке-шешесі ортақ бір үйдің үш баласы бір-біріне ұқсамайды. Ал, бұлардың айырмашылығы тек сақалдарында. Ұлы жүздікі қауметті, ұзын, Орта жүздікі ықшам, ал Кіші жүздікі шұнтиып тұр. Бар өзгешілік осы. Бұл не сақалдың көрмесі ме? Сосын үшеуі де бір түзу сызық бойында сымдай тартылып тұр. Аузы дуалы билер халқына билік айтқалы тұр ма, әлде әскер қатарына шақырылып па? Ақылы асқан көкелер осыны түсіндіріп беріңдерші?!
1-қатысушы – Осы көлденең қосаяқ салуын қашан қояды?
2-қатысушы – Бәлденіп-ақ бітті!
3-қатысушы – Үш бидің аруағы атқыр!
1-қатысушы – Көре алмай тұр!
4-қатысушы – Сен Қазақстанды басқарған Жұмабай Шаяхметов көкемнің жалғыз тұяғысың. Мәскеуде оқуда деп естігенде бір қуанып қалып едік. Біз Жұмабай ақсақалмен немере туыспыз. Талай ағалығын көрдік. Жарықтық қандай кісі еді? Жалғыз ұлын көр қазатын оқуға беріп... Мәскеуде дегенге үлкен ғалым боп оралар. Мақтанышымыз болар деп жүрсек... Қарағым, Бұдан артық не істе дейсің бізге?
Ноэль – Бұдан артық істеу қолымызда. Рұхсат етіңіздер, үш бидің моласын ашайын. Бас сүйектерін алайын. Әр сантиметрін өлшеп, ғылыми негіздеп тірі кезіндегі мүсінін қалыптайын. Ұрпақ көрсін. Ұлағат алсын. Сосын ескерткішін қойыңыздар. Кім қыңқ етер екен.
2-ші – Кімнің сүйегін жіліктеп теріп жүрейік, Қой, шырақ, жайыңа жүр. Аулақ. Айдың-күннің аманында тау қопарып, төбе ақтарып, Ін қазатын көртышқан емеспіз. Соның оқуын бітірген екенсің. Бара қой. Береке тап!
3-ші – Қайдағы оқуы? Өзің тіпті антрополог емес, негізгі мамандығың дәрігер емес пе?
4-ші - Жолдастар, негізгі мәселеге көшейік. Сәулетші дайындаған Үш бидің мүсінінің эскизін қабылдайық. Қане, дауысқа салайық? Бәрекелді, Шаяхметовтан басқасының барлығы, бір ауыздан қабылданды деп есептейік. Ал, Құтты болсын, іске сәт.
Кольцомен бірге чиновниктер айналып кете береді. 4-ші Ноэльдің қасына жақындайды.
4-қатысушы – Шырағым, Айбарың асып тұрса істеп қал, алдында күтіп тұрған жұмыс шаш-етектен. Түркістанға жерленген Абылай ханның басын тап. Әз Тәукенің мүсінін сомда. Астрахань жақта жалды Құрманғазы жатыр. Олар кейінгі ұрпағымен қашан қауышпақ? Сосын осы қазақта басынан айырылып қалған батырлар аз ба? Қырғыздың Кекілік тауында әйгілі Кенесарының сүйегі көмілген. Басы Эрмитаждың қоймасында. Әнеу Құлбарақ батыр ше? Түркіменнің Аллақұл ханы Сүйінқара деп қапияда басын кестіріп алыпты. Ұлы денесі туған топырақта. Басы оқшау елде, ол жатыр.? Қобдада жантәсілім еткен Исатай ше? Қаракерей Қабанбай, Қанжығалы Бөгембай, Жайық бойындағы Қаройын құшақтай құлаған Махамбет ше? Бұлар кімнен кем? Ешбірінің сурет, сымбатын білмейміз. Мына қияли суретшілерге дауа жоқ. Сауыт кидіріп, екі көзін ежірейтіп, иегіне бір уыс қара қылшық жапсырып мынау бәленшекең деп айдар тағады. Жүздерінде нұр, көңілдерінде заманаға деген кір, уайым жоқ. Беті қатпарланған, маңдайы шоқпарланған таскөз біреуді алдыңа тосады. (один в поле не воин, деген сөз айту керек) Мәртебелі мекемелер әлгі таскөз, тасыраң немені алтын жалатқан рамаға салып, жар біткенге жапсырып тастайды. Осы өріп кеткен бейбастақтыққа енді тоқтам қоятын сен, (4-ші кольцомен айналып кетіп қалады)
Жарық жанғанда сахна жанында Ноэль ұстазы Герасимовпен телефонмен сөйлесіп отырады.
Ноэль – Вот такие вот дела, Михайл Михайлович!...
Герасимов – (шама келсе орысша сөйлегені дұрыс) (күліп) – Ммдаа, интересно!... Жалпы сендер, қазақтар қызық халықсыңдар– Орталарыңнан бір дарын қара үзіп шықса алдымен әуелетіп төбелеріңе көтересіңдер. Сосын құйрығына қурай тығасыңдар. Шыдаса айтқандарын ләппайлап естіп орталарында қалады. Жоқ, бас асау болса... Заманында Әуезов пен Сәтпаевтың өзі Алматының әлгі алапес күйдірткісіне шыдамай бұғып қашып Мәскеу келген жоқ па? Тағдырлары таразы басында қалтылдап тұрған. Әрең деп бас баққан.
Ноэль – Мен не істейін?
Герасимов – Сен әлі уыздай жассың. Шыда. Ауыз көмегім әзір.
Ноэль – Қиналып кеттім.
Герасимов – Ноэль Жұмабаевич, тек қазақ емес, орыстың да оңып тұрғаны шамалы. Иван Грозныйдың мүсінін қалыптағанымда көтерілген дау өзіңе аян. Киевтен Ярослав Мудрыйдың бас сүйегін алғанымда лабораториямды қаскөйлер түн жамылып кеп қиратып кеткен жоқ па? Тіпті Юрий Долгорукийдің бел баласы княз Андрейдің бет әлпетін көргендер не демеді. Мына Герасимов нағыз есуас, деп фельетон да жазды. Ақыры не болды? Долгорукийдің кейінгі жұбайы түрік ханының қызы боп шықты. Андрей нағашыларына тартқан. Кейіннен шіркеу қабырғасына салынған портреті де табылды. Айна-қатесіз өзі. Құйып қойғандай. – Кешірерсіз, сіз есуас емес, данышпан екенсіз, – десті. Керек еді маған ондай данышпандық! Ал, мен сені Қазақстанда жалғыз тостақан жоғалған. Соны тап та кері қайт деп жібердім бе? Біле білсең археология сенің кәсібің емес. Демек, сөзді доғар. Жалғастыр жұмысыңды!
Ноэль телефон тұтқасын қояды. Біраздан соң тағы да телефон дауысы. Трубканы көтереді. Актер гримерный столында Махамбетше киініп отырады. Дауысын өзгертіп телефонмен сөйлеседі.
Әлімжан – Қалқам, Ноэль аман-есенсің бе? Мен Әлімжан Сақтаев деген ағаңмын. Мамандығым дәрігер. Әуесқой тарихшымын. Сыртыңнан табысыңа қанықпын.
Ноэль – Рахмет, аға!
Әлімжан – Кейбір ірілі-ұсақты басшылардың өзіңе деген салқын қабағын сезіп қалып жүрмін. Кешегі үш бидің эскизін талқылаған алқалы отырыстан кейін өзіңді Көркемдік кеңестен алып тастағанын да естідім.. Уақытшалықтың екпіні қашан да қатты ғой. Бірақ баянсыз. Мәңгілік болмаса.. Өзіңе айтар, ақылдасар үлкен бір іс бар, қалқам.
Ноэль - Тыңдап тұрмын, аға...
Әлімжан – Қазақтың ұлы ақыны Махамбетті білетін боларсың?
Ноэль – Әрине, аға!
Әлімжан – Ақынның зираты табылды. Жай ғана төмпешік боп жатыр. Тиісті мекемелерден рұқсат алдым. Зиратын ашсақ. Аруаққа жат болмас. Уақытың бар ма қалқам? Көмегіңе зәрумін. Көзім тірісінде бабамның шынайы келбетін көрсем деймін.
Ноэль – Алдымнан сәуірдің самалы ескендей... (ойланып, толқып) Мен
әзірмін, аға!
Әлімжан – Рахмет, қалқам! Ендеше, таңертен телефон соғармын. Кездесіп, жолға шығатын уақытты белгілеп, тағы ақылдасып алайық.
Сахнада Ноэль. Айналасы толған қағаз. Оқиды, лақтырады, шашады. Жан арпалысы анық көрінеді.
Ноэль– Ма – хам – бет!!! (Махамбеттің жыр жинағын тауып алып, бір
өлеңін оқиды)
Адамы қойдай қырылып,
Құлазыған жер қалды-ау!
Қиқулап құстар қонатын,
Суы тұнық көл қалды-ау!
Тәрбиелеп өсірген
Ата мен ана бұл қалды-ау!
Бұлардан енді қимайтын
Енді менің нем қалды-ау!..
(сәл кідіріп, бөлмеден шығып кетіп, арақ пен тіске басары бар подноспен оралады). – Қазір аға, бір минут, Маха, Махамбет аға. Осы кезде жарық берілгенде Ноэльдің креслосында маскүнем Маха ақын (Махамбет) отырады. Ноэльдің оқыған өлеңін жалғастырады.
Маха –ақын актер – (мас. Тілін шайнап сөйлейді)
Ақ жүрегін тебірентіп,
Ер көңілін желдентіп,
Ақ сүйектің баласын
Қара ұлына теңгертіп,
Қоңыраулы найза өңгердім,
Жетімдерге жем бердім,
Жесірлерге жер бердім,
Ақырында, дүние-ай,
Сол ерліктен не көрдім?! – деген...
Ноэль – (кітаптан оқып) ...Махамбет пен Исатай Хандық басқару жүйесіне қарсы шықты. Қара қазақтан қол жинап, Ұлт-азаттық көтерілісті бастады...
Маха – ақын, актер – (сөзін бөліп) Әй, бірақ Еділ мен Жайықтың арасы қуықтай жер. Асау тайдай тулап қайда барсын? Оның өзі әлгі Астрахань, Царицын, Орынбордың ықпалындағы өңір емес пе? Қазақтың соңғы ханы Жәңгірді құртар, алайда оның арқасында тұрған екі басты самұрық бейнелі алып империяға не қайда қоймақ?!
Айтпақшы, сонда, Пугачев көтерілісін көркем шығармаға айналдырам деп Пушкиннің өзі де ат басын тіреген. Даль қасында жүріпті. Сол сапарда ғой ұлық ақынның «Из Гурьева городка, протекла кровью река» - дейтіні. Қауырсын қаламның ұшына иманыңды ұшыратын осындай қос тармақ қалай ілінді екен, а?
Ноэль – (кітапты ақтарып) Махамбеттің соңғы сәтін баяндайтын дерек жоқ екен...
Маха – ақын, актер – Өмірінің бе? Әлде....
Ноэль – Қаройдағы...
Маха – ақын, актер – Бір көне қолжазба бар... Үзінді сияқты, бас-аяғы жоқ... (бір рюмка арақ ішеді)
Ноэль – Бізде бәрінің де бас-аяғы жоқ қой, Маха....
Маха – ақын, актер – Гурьевке қашан жол жүресіндер?
Ноэль – Бірер күнде. Әлімжан аға құжаттарды дайындап жатыр...
Маха – ақын, актер – Ал, ендеше жолдарың болсын! (кетіп бара жатып) Қазақтың ең болмаса айтулы бір тұлғасының бас сүйегін қалыпта, туған халқымен табыстыр. Перзенттік борышыңды өте. Әйтпесе, жалғыз күміс тостақанды көтеріп қалай барасың? Мәскеуліктер орта қол ғана нан табар десер. Білем ғой оларды. Дүниені тебен иненің көзінен сығалап көріп отырады.
Ноэль – Рахмет , Маха!
Маха –ақын, актер – «Мы вольные птицы, пора брат, пора», - деген Пушкин. Хош!
(кетеді)
Сахна айналады. Қарой. Ноэль. Құрақ.
Құрақ – Тыңда, балам, Әкем бабамыздың осы моласына жеті жасымда ертіп келген. Жоғалып кетуге шақ қалғанда көгентүп көнелерден сұрастырып жүріп әзер тапқан екен. Біреулер анық білсе де ашып айтпайтын. Халық басынан алағай да бұлағай заман өтті ғой, шырағым. Сонда әкем мола басына тобылғы сап қамшысын сіңіріп тұрып: – Әй, күшік, саған аманат! Түбі Махамбетті жоқтайтын ұрпақ туар. Сонда осы қамшыдан танып, көрсетерсің. Ғұмыр бойы ұмытпа! – деген. Қамшының терісі шірісе де тобылғы сабы міз бақпайды. Қасиетті ғой. Алдымен соны табайық.
Ноэль – Ал, бастадық!
Ноэль күрегін қолына алады. Қария шыр ете түседі.
Құрақ – Таста, ойбай, жалаңдатпай. Қолмен қазамыз, қолмен! Иә, пісімілла,
менің қолым емес, ата-бабамның қолы.
Жарық жанғанда екеуі отырады. Басты қазып алған. Құрақтың қолында тобылғы сап қамшы.
Құрақ – Уа, аруақ бар екенсің ғой...
Ноэль – (Ақырын жүріп трибунаға шығады) – Маңдайы тайқылау да жазық
біткен. Жіңішке сүйек кісі болмаған. Бас бітімі, шықшыты соны
дәлелдеп тұр, – Өлтірерде үш рет қылышпен шапқан. Екеуі желке
тұсқа батып кеткен. Ал, біреуі оң жақ шекелікке қағыс тиіпті. Сүйек
ойылған. Демек, ақынның ажалы екі адамнан келген. Қылыштың бірі
өткір де, екіншісінің жүзі добалдау. Міне, көрдіңіздер ме?
Актер – (Жарқын дауыспен) Сол күні дүниежүзінің барша беделді ақпарат агенттіктері «Сенсация! Махамбет ақынның басы табылды!» деп бар дауыспен жаһанға жар салған.
Туған топырақта жан жадыратқан жаңалыққа жарғақ құлағын төсей қалған ешкім жоқ. Селт етер емес. Жақсы жоғалып табылса ел-жұрты сүйінші сұрауға жарайтын еді ғой... Ал, өз иманын өзі айтып өлетін Саддам Хусейннің, Муаммар Каддафидің, Джохар Дудаевтың жоғын кім жоқтар? Азалайтын пәнде баласы бар ма?
Ноэль – Ма – хам –бет!.. «...Ерлердің басы қайда қалмаған?» Қайран Маха! Сенің басың Қаройда қалды. Кеңсайда жатсаң ше? Жақсылармен қол ұстасып, шеп құрып... Жо-жоқ Маха, ол саған жараспайды. Әрі шабылған баспен олардың арасына кіре алмайсың. Айтылмай қалған соңғы сөзің қандай екен? «Қаумалаған қарындас қазақта бар да, менде жоқ» дегенсің тіріңде. Соны біле тұра кімге сендің, Маха? (Подноспен кофесін алып Венера кіреді).
Венера – Сенің есің ауысайын деген екен! Ертеңді-кеш қу баспен сөйлесіп? Көр қазып бір әуре, саудыраған сүйекті мүсіндеймін деп екі әуре, Енді онымен сырласып үш әуре. Бұны қалай түсінеміз?
Ноэль – Енді сәл қалды. Шыдайық.
Венера – Москваға көшеміз дегелі үш ай. Пәтер дайын, қызың телефоннан түспей зарлап отыр. Қал онда қу басты қушақтап. Күні ертең поездға мініп, Москваға кетем.
Ноэль – Венера, бір апта мұрсат бер.
Венера – Тағы бір жылға созылмасын...
Ноэль – Бір апта. Бәрін бітіремін де, басты басшыларға тапсырамын. Ертең күні Атырау мен Алматыда қойылар ескерткіш осыған қарап жасалады. (Венера кетеді).
Ноэль – (жалғыз) – Тіршіліктің тағы бір таңы атты. Бізге күлімдеп қарар ма екен? Не айтасың, Махамбет аға?– Сені жетіқат жер астынан қазып алдым. Үрлеп жан сала алмадым. Бірақ исі қазақ зәру болған мәлике жүзіңді мүсіндедім. Осы бейнеңмен қал, Маха, қазақтың көзінде, көңілінде, жүрегінде... Маған разы бол. Сөкпе. Әлім құрыды. Титықтап біттім. Қайтамын Мәскеуге...
ІІ көрініс
Ноэль - Мәдениет министрі Баймағамбет Айшуақовичтің қабылдауында. Кезек көп, ығы – жығы кісі, жағаласқан, жанталасқан.
Баймағамбет – Жұмыс сұрай келген шығарсыз. Министерствода тап қазір бос орын жоқ, Тіпті кімге звондатсаңыз да көмектесе алмаймын.
Ноэль – Жо-жоқ, мен сізден жұмыс сұрамаймын, Махамбет жайлы... Ақылдаса келгем...
Баймағамбет – Ә, әне біреу екен ғой.
Ноэль – Шынымен білмей тұрсыз ба? (мысқылдап) Махамбет Өтемісовичті айтамын.
Баймағамбет – Қай басқармада істейтін еді? Оған не керек?
Ноэль – Сіз далаға лақпасаңызшы! Мен қазақтың ұлы ақыны Махамбет Өтемісұлын айтып тұрмын.
Баймағамбет – Ия, оның маған не қатысы бар? Сосын маған тепсінбей
сөйлеңіз. (саусағын шошайтып) Мен мәдениет министрімін!
(Ноэль тері дорбасының аузын шешіп, министрдің қақ алдына ақынның бас сүйегін қояды).
Ноэль – Ол рас. Ендеше міне, сіздің қызметкерім деп шатыстырған
Махамбетіңіз.
Баймағамбет – (үрке қарап) Жақсы екен. Не керек, айта беріңіз?
Ноэль – (газетті көрсетіп) Мен антрополог Шаяхметовпын. Махамбеттің бас сүйегін тірі кезіндегідей қалпына келтірдім.
Баймағамбет– Көп рахмет!
Ноэль – Рахмет үшін емес.
Баймағамбет– Ақша керек шығар? Айтыңыз, қанша?
Ноэль – Жо-жоқ, тыңдап алыңыз. Қалыптаған мүсінді тиісті мекемеге өткізуім керек. Мәскеуге кетем. Біржола. Бас сүйекті алып қалыңыздар.
Министр телефон нөмірін тереді.
Баймағамбет – Алло, Ықылас па бұл? – Менде Шаяхметов отыр. Антрополог... Иә, сол... Маған Махамбет ақынның басын көтеріп келіпті... Слушай, министерство – саяси мекеме. Қу бас жинайтын пантеон емес. Түсінікті ме?.... Давай, қазір өзіңе Шаяхметов барады. Басты дорбасымен қоса қабылдап ал... Нан сұрап жатқан жоқ. Қызмет талап етіп жатқан жоқ... (телефонды қояды)
Маха- ақын, актер – (басын изеп) Солай боларын білгенмін.
Баймағамбет – Сіз енді, тарихи және мәдени ескерткіштерді қорғау қоғамына барыңыз. Басшысы – Ықылас Төлеевич... Айтпақшы, көш көлікті болсын!
Сахна айналады
Ноэль – Ықылас Төлеевич, саламатсыз ба?
Ықылас – Саламат, Ноэль Жұмабаевич, саламат.. кел-кел, отыр...
Ноэль – Рахмет.
Ықылас – Республикамызды басқарған жарықтық Жұмекең ақсақалдың ұлы, өзі Ресейге көшіп барады. Құрметпен шығарып салайық деп жоғары басшылыққа құлаққағыс еттім. Ал, өзім Мәдени және тарихи ескерткіштерді қорғау қоғамының Құрмет грамотасын әзірлеп қойдым. Міне, мынау!.. Құтты болсын! Талай жыл қазақ еліне еңбегің сіңді. Ризамын өзіңе. Мәскеуге осындай марапатпен қайтқаның жөн. Дос бар, дұшпан бар дегендей...
Ноэль – Рахмет. Марапатқа зәру емеспін. Ықылас Төлеевич, тығыз шаруам
бар... Рұқсат болса...
Ықылас – Айт! Қоғамға қатысы болса, шешуге әзірміз.
Ноэль – Тура осы қоғамға қатысты. Махамбеттің мүсінің қалпына келтірдім,
оны өзіңіз білесіз..
Ықылас – О, Махамбет пе, білмегенде ше? Ұлы Ақын. Қазақ халқының мақтанышы.
Ноэль – Дұрыс айтасыз, ұлы тұлға... Көтеріліс көсемі.
Ықылас – Оған сөз бар ма, бауырым! Жалғыз қызым Айым осы Махамбет творчествосынан қорғағалы жүр.
Ноэль – Үлкен жаңалық. Тақырыбы қандай?
Ықылас – «Махамбет өлеңдеріндегі бостандық сарыны». Тақырыбы қатып тұр енді. Ал, жетекшісі – атақты академик Қайыпқали Есимович.
Ноэль – Құтты болсын! Ал, енді...
Ықылас – Иә,иә тездетіп шаруаңа көш...
Ноэль – (басты шығарып) Мынау – сол өзім қазып алған Махамбеттің басы.
Ықылас – (шошып) Астапыр-алла, не дейді! Жап! Жап құрсын!
Ноэль – Бастан неге шошыдыңыз?
Ықылас – Адамның иманын ұшырып. Ғалым, ғалым дегенге осылардың есі ауып кеткен бе деймін.
Ноэль – Ықа, айнала қашпаңыз. Өзіңіз әлгінде ғана мақтаған ұлы ақынның басы ғой. Қазақ халқының мәңгілік мақтанышы...
Ықылас – Әкет! Әкет! Жасыр! Жап! Сендер бар ғой, сендер! Айдың күннің аманында кісіні шошытып өлтірерсіңдер. Өңшең жынды! Тып-тыныш отырған кісіге қу басты ала шауып, ала жүгіріп...
Ноэль – Мен міндетімнен құтылдым, Ықылас Төлеевич, енді ақынның
басын сіздің мекемеге тапсырамын.
Ықылас – Немене? Қалай?
Ноэль – Солай. Енді Москваға ала кетпеймін ғой.
Ықылас – Әй, шырақ, түсін! Бұл жер саған қу бас жинайтын мекеме емес.
Ноэль – Бәрі солай дейді... – Министр сізге тапсырма берген шығар?
Ықылас – Мен ол кісіге тек құрмет грамотасымен марапаттаймын деп уәде еткем. Аулақ менен!
Ноэль – Сіздің мекеме шындап келгенде адам сүйегінің үстіне салынған мазарлардың иесі.
Ықылас – Әй, слушай! Біздің мекеме тек жер бетінде құламай қалқиып тұрған ескерткіштерге ғана ие. Оның да мемлекеттік маңызы бар ма, жоқ па соны анықтайды. Тым көне, осы қажет-ау дегендерін есепке алып, бюджеттен бөлінген ақшаға жөндеу жұмыстарын жүргізеді. Ал, оның астында көрде кім жатыр, тірлігінде не бүлдірді онда біздің шаруамыз жоқ. Бәлкім исі қазаққа жақсылығы өткен біреу шығар. Кім біліпті?
Ноэль – Сонда сіздерге үсті керек те, астында жатқан боздақтардың құны көк тиын ба?
Ықылас – Сен маған жөн айтуға шықтың ба, кімсің сен өзі?
Ноэль – Махамбеттің қасында түк те емеспін. Бұл бас – Қазақстанның байлығы. Сондықтан осында қалуға тиісті.
Ықылас – Сендер ме сендер, тып-тыныш жатқан көрден басты қазып алып... Елді алатайдай бүлдіріп... (Маха – ақын, актер кіреді).
Маха – ақын, актер – Ассалаумағалейкум! Бұл – шаңыраққа берген сәлемім.
Ықылас – (шаршап) Бір Махамбеттен құтыла алмай отырғанда, тағы бір Махамбет келді. Әй, шырағым жай ма? Баса көктеп.. Бұл мемлекеттік мекеме ме, әлде...
Ноэль – О, амансыз ба, Махамбет ақын?
Маха – ақын, актер – Аманбыз, бауыр! Ықаңның қабағы келіспей тұр ғой?..
Ықылас – Үлкен орынның үлкен жауапкершілігі болады, Маха. Ол көше айнала беріп бір жартыны бөліп ішу емес. Сенсіз де басымыз қатып отыр.
Маха – ақын, актер – Өлең туды. Сұмдық! Соны оқып, сені бір қуантып кетейін деп әдейі бұрылдым.
Ықылас – Ал, оқы.
Маха – ақын, актер: Шарап ішіп шалықтадым, ол анық,
Қанатсыз да қалықтадым, ол анық.
Өлең жазып арықтадым, ол анық
Өмір сүріп жарытпадым, ол анық.
Дүниеге іңкәр болған жүзімді,
Топырақпен қалай көмдің мола ғып?!
Ноэль – Классика!
Ықылас – Көміңдер де көміңдер, бұл не пәле? Ал көмсін, қазып алсын!
Маха – ақын, актер – Ықа, мендей арқалы ақын молаға сыя ма?
Ықылас – Сыймағанның кесапатын сенсіз-ақ көріп отырмыз.
Маха –ақын, актер – (басты көрсетіп) Мынауыңыз не? Ат басындай алтын ба?
Ықылас – Не болушы ед? Махамбеттің басы да!
Маха – ақын, актер – М-м! «Жау іздеген батырдың басы қайда қалмаған»... Қайран, Махамбет!... Әй, Ноэль Махаңның басын Алматыға лақтырып кету үшін көрінен қазып алдың ба? Бұл не сұмдығың?
Ноэль – Ал, Ықылас Төлеевич, рұқсат етіңіз, мен де алыс жолға жиналуым керек.
Ықылас – Әй, мен сонда мынау қу басты қай қажетіме жаратамын? Бәрің бірдей тастап қашып. Ошағыма тас етем бе?
Әдебиет пен өнер институтының директоры Қайыпқали Есимович кіріп келеді.
Ықылас: - Оу, Қайыпқали Есимович, қымбаттым, Сәлеметсіз бе, төрлетіңіз. Қиналғанда жететін періште секілдісіз-ау!
Қайыпқали – (Ноэльге) Табалдырықта кісі түрегеліп тұрмайды, Ноэль інім, Қазақ екі жағдайда табалдырықта тұрып хабар айтқан. Бірі – жау шапты дегенде, екіншісі – кісі қазасын хабарлағанда... Кел, жанымызға жайғас. Еліміз тыныш, әзірге шейіт кеткен ешкім жоқ. Құдайға шүкірміз ғой.
Ықылас – Пау, шіркін, тыңдасаң біздің Қайекеңдерді тыңда. Салт-сана, жөн-жоралғыға келгенде бәйге атындай аңқылдап алдыңызға қара салмайсыз-ау. Аса қадірлі Қайып Есимович, Өзім де сізге телефон шалып ақылдасқалы отыр ем. Дәл уақытында көрістік.
Қайыпқали – Иә,
Ноэль – (сағатына қарап) Ықа, мен асығыспын, Жолға жиналуым керек.
Ықылас – Осы күнгі жастардікі – сол. Шикілі-пісілі бір дүние жасайды да, тура алқымыңа жармасады. Бітер істің басына жақсы келеді деген, қазір Қайекеңмен ортақ ақылдасамыз, мәселені шешеміз.
Қайыпқали – Мына бала сонша неге асығыс?
Ықылас – Қайеке, өзіңіз Махамбет поэзиясынан докторлық қорғаған ғұлама жансыз. Ал сол Махамбеттің, иә, нағыз Махамбеттің басын көрдіңіз бе?
Қайыпқали – Жоқ.
Ықылас – Ендеше, міне, сол бас!
Қайыпқали – (көзілдірігін киіп) Қойшы, мынау сол бас па? Рас па? Әлгі өзің көрден қазып алып зерттейтін бас па? Міне, тарих! Тірісінде жүген – құрық тигізбеген асау ақынның басын енді өз қолымызбен домалатып ұстап тұрмыз.
Ықылас – Рас, Қайеке. Бәрі осы баланың еңбегі.
Қайыпқали – Халқымыздың мақтанышын тірілттің. Ұлы тұлғаны ортамызға алып келдің. Алғыс саған! – Үш рет шапқан. Мыналар – сол қылыштан қалған із. Дәті жетіп қалай шапты екен иттерің!
Ықылас: – Ханым, ханым дегенге,
Көтере берме бұтыңды,
Көптіре берме ұртыңды, – деген ғой қасқайып. Сосын қатынмен салғыласқан ақынды Баймағамбет сұлтан аясын ба?
Қайып – Пау, шіркін, айтқыш қой.
Ықылас – Қайыпқали Есимович. Бұл аяулы ақынның басы ғой, өзіміз де қимаймыз. Десек те сәтімен келе қалдыңыз. Осыны сізге, өзіңіз басқаратын институтқа сыйласақ деп отырмыз. Кабинетіңізде ардақты ақынның басы менмұндалап тұрса, онсыз да беделі үстем институтыңыздың атағы тіпті дүрілдеп кетпей ме?
Қайыпқали – Ау, не деп кеттіңіз? Қу бастың әдебиет пен өнерге қандай қатысы бар? Тіпті еш қатысы жоқ қой.
Ноэль – Осы сіз докторлығыңызды Махамбет поэзиясынан қорғаған жоқ па едіңіз?
Қайыпқали – Ол – поэзия. Бұл – қу бас. Кәдімгі көрден шыққан сүйек.
Ноэль – Сол поэзиясы түскір осы бастан шыққан жоқ па еді, ағасы-ау,
Ықылас – Шыққан, тасқын судай ағылып шыққан,
Қайыпқали – Рас, бәрі де рас, – Бірақ сендер мынаны ұмытпаңдар. Герасимов Ақсақ Темірдің зиратын қазғанда өзбек шалдары зар жылаған. «Аша көрмеңдер, бұл – соғыс Құдайы. Орнынан қозғасаң бітті аласапыран басталып кетеді» деп. Тарихи шындық. Таң атпай жатып фашистер елімізге басып кірген. Ал, не дейсіңдер?!
Ноэль: – Қайеке-ау, Махамбеттің көрі қазылғалы қанша жыл өтті. Тепсінген жау көрмедік қой. Еліміз тыныш. Мамыражай өмір сүріп жатырмыз.
Қайыпқали – Жо-жоқ, Бұл сол тұрған, сақталған жерін бүлдіріп кетуі мүмкін. Қиратқыш, бұзақы күш қой.
Ықылас – Айтасыз-ау, сіз де.
Кетуге ыңғайланған Қайып0қали кейінге мойнын бұрады.
Қайыпқали – Ал, өлеңдері ше? Оны зерттейміз. Жастарға ғылыми жұмыс қорғатамыз. Ұрпаққа – ұран, ұлтқа – мұра. Одан артық не керек?
Енді не істедік дегендей Ықылас пен Ноэль бір-біріне сұраулы жүзбен қарасып қалған. Пауза.
Ноэль – Т ү с і н і к т і!... Хош болыңыз!
Ықылас – А? Кеттің ба? Ойбай-ау, әлгі грамота...
Ноэль – Рахмет! Туалетіңіз қасыңызда. Сонда бір кәдеңізге жарап қалар. Қайып Есимовичке де осы сәлемімді жеткізерсіз. Сіздер тәтті тамақ көп жейсіздер, сосын әлгі жерге жиі барасыздар. Сау тұрыңыз. Мен кеттім.
Сахна айналады. Ноэль мен Дәурен
Дәурен – Ноэль Аға, Ықылас Төлеевичтен қайыр дәметпей-ақ қойыңыз.
Ноэль – Сен кімсің?
Дәурен – Кешірерсіз. Есімім – Дәурен. Осы Ықылас ағаның мекемесінде түнгі қарауылмын. – Бір жылдан бері...
Ноэль: – Сендей жас жігіт... Қарауылы несі?
Дәурен – Әке-шешемнен ерте айырылғам. Ауылда туғанмен. Атырауда «Балалар үйінде» өстім. Айтайын дегенім Ықылас ағаның Махамбет поэзиясын зерттеп жүрген жалғыз қызы бар. Өте зерделі. Аты – Айым. Ол да сізбен танысуға асық...
Ноэль – (есіне түсіріп) Иә. «Бостандық сарын». Иә, Айым. Сен Айымды қайдан білесің?
Дәурен: – Жәй доспыз. Кейде маған келіп тұрады. Әкесінен жасырынып...
Ноэль – Әкесінен жасырынып... Жо-жоқ, бұл бастықтың бұлғақтап өскен еркетотайы болмады. Өзі Махамбет поэзиясын зерттеп жүрсе...
Дәурен – Аға, оның маған келетіні... Ұнатады деп айта алмаймын. Мен сол Махамбет жерленген Қаройда туғанмын. Өзіңізді күтіп алған Құрақ атаның ағайынымын. Кішкене күнімде әкем жарықтық бабамыздың ерлігін жиі әңгімелейтін. Оң тізесін басып отырып құлағыма қорғасын ғып құйып ала беріппін. Айым қайта-қайта естігенімді айтқызып, қағазға түсіреді.
Ноэль – Дәурен, сен былай істе! Айымды менімен таныстыршы.
Дәурен – Жарайды, аға. (қуанып) Қазір қуанышты хабарда жеткіземін.
Ноэль – Мен бүгін түнде Мәскеуге ұшам. Аэропорттан кездесейік.
Кольцомен диван айналып келеді. Ықылас және Қашқария.
Қашқария – Мынау костюм сыптығырлау Қайекеңе тура қона кетеді. Алмалы-салмалы жағасы бар ақ көйлек пен өрттей қызыл галстук қандай жарасып тұр.
Ықылас – Әй, Қашқария-ай, дүниенің жақсысын білесің ғой сен... Ал, мына әйелінің қолына салар бриллиант жүзігіңе күмәнім бар.
Қашқария – Сен осы ғұмыры күмәнданбасаң жүре аласың ба? Тасы жасанды деп маған кінә таққалы тұрсың ба?
Ықылас – Жо-жоқ, қайдағыны айтпа. Тек әлгі Қайекенің бәйбішесі Дүрияның саусақтары қысқа әрі мыртықтау ғой. Мына жарқыраған жүзік оған сия қойса деген ғой, менікі.
Қашқария – Симай жатса, сабын аман болсын. Көпіртіп-көпіртіп тұрып сылқ еткізіп кигізе салам. Әр жағы өз шаруасы.
Айым – (келеді) Папа, кешіріңіз. Мен қонақтыққа қатыса алмаймын. Маңызды кездесуім бар.
Ықылас – Қызым жақында қорғайды. Ғалым атанады деп шешең екеуміз борбайлап кеп шабамыз. Сен болсаң жетекшіңе құрмет көрсетуден қашасың. Бұл қалай?
Қашқария – Өй, миы жоқ . Осының қорғағалы жүрген тақырыбының өзі не еді? Әлгі Махамбеттің несі ме?
Ықылас – Өлеңдері ғой.
Айым – «Махамбет өлеңдеріндегі бостандық сарын»
Қашқария – Осыдан аяғыңды аттап бас. О, несі-ай!
Ықылас – Жә-жә. Тақырыбыңа қатысты кездесу болса бар. Қайыпқа тігісін жатқызып айтармыз. Мұрағат шаңын жұтып отыр деп. Қайта қуанып қалады. Тек кешікпе, күнім!
Аэропорт. Ноэль, Дәурен, Айым.
Ноэль – Айымжан, Сені Махамбет поэзиясынан кандидаттық диссертация қорғағалы жүр деп есіттім. Дәуренге өзіңмен таныстыршы деп өтініш айтқанмын. Уақыт тауып келгеніңе разымын.
Айым – Ой, қорға деп қоймай жүрген папам мен мамам сосын әлгі жетекшім Қайып ағай ғой.
Дәурен – Айым қорғауға қарсы емес. Бірақ ашқан айтулы жаңалығым жоқ. Ел-жұрттан ұят дағы – деп беттемей жүр.
Айым – Аға, мен де сізді бір көрсем деп ынтықтым. Көкейімді тескен көп сауал бар. Айып етпессіз.
Ноэль – Сұрай бер. Жауабыма тоймай қалмасаң болды.
Айым – Ендеше, қазаққа жасаған жария жақсылығыңыздың өтеуі неге жоқ? Неге бәрі соңыңызға шам алып түсті?
Ноэль – Мен Қазақстанмен есеп айырылыстым. Енді Қазақстан топырағына күрек батырмаспын.
Айым – Өкпеледіңіз ғой.
Ноэль – Өкпе ішіме сияды. Бауыр симай бара жатыр. Ең өкініштісі Қарой қалып барады... Бізді үмітті көзбен ұзатқан Құрақ қарт... Қайтейін, ұзын дәмеге қысқа қолым жетті ме? Иә, Құрекең болмаса бұ қазақ жер сипап қалар еді.
Айым – Сол сапар басты Алматыға алып қайттыңыз ба?
Ноэль – Иә, арқалап оралдым.
Дәурен – Мүсінін қалыптауға қанша уақыт сарп еттіңіз,
Ноэль – Бас-аяғы бес-алты жыл. – Ақынның батыл да аңғал көзқарасын, сыртқа теуіп тұрған ызалы күш-жігерін бәрін-бәрін жүз мәрте қайта жасадым. Ақыры аяқтап шықтым. Бәстесем, Махамбет тірлігінде тап сол мен қалыптаған мүсіндей болған. Аллекем жан үрлесе сөйлеп кетер еді.
Айым – Сізге келер ұрпақ қарыздар.
Ноэль – Қайдам. Сенім аз. Тіпті ұлы ақынның бет әлпеті осындай екен-ай, деп таңырқап, тәу еткен кісі көрсемші. Бар шаруа бірер плакат шығарумен бітті. Тиісті орындарға өткізіп ем, ескерткіш салмақ тұрмақ есте қалатын алақандай да мақала жазылмады.
Дәурен – Бас сүйектің ендігі тағдыры не болмақ?
Ноэль – Білмеймін, Құрақ қартқа хат жазып ем, хабар болмады. Өзім апарып Қаройдағы зиратына көмейін десем, алаяқ біреулер ұрлап кете ме деп қорқам. Айқайға аттан қосқысы кеп аңдып жүргендер аз ба? Облыстың баяғы мәдениетті де білімдар басшысы қызметінен кеткен. Орнына келген біреудің түсінігі төмен. «Мола ақтар деген мен емес. Аулақ жүр. Қу бассыз да шаруамыз шаш-етектен» – деп маңына жолатпайды.
Айым – Олары ұят екен. Ел емес пе еді?
Дәурен - Ноэль аға, Махамбеттің басын кімге қалдырасыз?
Ноэль - Тірінің қадіріне жетпеген қазақтар өлгенді қайтеді? Екеуіңі аманат (дорбаны береді) Ерте ме, кеш пе осы ел ес жиып, ардақтыларын түгендер. Сол кезде басты сенімді қолға табыс етерсіңдер. Басты – сендерге, сендерді – Аллаға тапсырдым.
Ноэль кетеді. Самолет дауысы.
Дәурен – Тек жолы болғай. Қазақстан қаншама ақыл-ойдан, оқымыстыларынан осылайша біртіндеп айырылып жатыр. Өкінішті! Қашан ес жиярмыз? Әлде бізде бәрі де бар, бізде бәрі де жоқ боп кете бере ме? Қашанға дейін?..
Сахнаға көпшілік шығады. Қолдарында бір – бір бас. Ал, өздерінің бастары көрінбейді. Қара костюмнің ішінде. Қолдарында кейс. Басты бір-біріне тақап сөйлестіріп жүр.
Жарық жанғанда Құрақ шал хат жазып отырады.
Құрақ – «Аса қадірлі Халықаралық «Бәйтерек» қорының төрағасы Нұрлан Өтепұлы, Еліміздің мәдениеті мен тарихына һәм ілім-біліміне өзіңіз басқаратын қор бас ие боп отыр. Арманда кеткен арыстардың аты жаңғырды. Жазған еңбектері елмен табысты. Жақсының қадірін кеш білетін қасқа халықпыз ғой. Жә, ауылдағы жаман шалдың хатын ежіктеп отыруға уақытың қайдан табылсын. Тоқ етеріне көшейін. Осыдан он жыл бұрын Ноэль деген ғалым бала бабамыз Махамбеттің көрін қазып, басын дорбасына салып, Алматыға алып кеткен. Мүсінін жасаймын, қайтадан тірі қалпына келтірем деп. О бала Мәскеуге көшіп кетіпті. Маған қайта-қайта хат жазған екен, оны әлгі көктемегір ауыл әкімі Қарауыл бермей, құйрығының астына басып отырыпты. Енді сол бабамыздың басы қараусыз қалып, жоғалып кетіпті деп есіттім. Бір миллион адам сиған Алматыға Махамбеттің қу басы сыймады ма?
(Осы кезде сахна айналып, Нұрлан Өтепұлының кабинеті көрінеді. Ол Құрақтың хатын оқып отырады)
Нұрлан Өтепович – «Жоғалған басты таптырып беруіңізді сұраймын. Сіздің пәрменіңіз болмаса, бізден қайран кетті. Басты ұлы денесіне қосып жерлемейінше, менде маза жоқ. Аруаққа жат, азаматтыққа сын ғой, айналайын! Ал айыпқа бұйырмаңыз. Өтініш иесі – Құрақ қарт».
Нұрлан Өтепович жалғыз өзі ойланып тұрып қалады.
Нұрлан Өтепович - Миллион адам сиған Алматыға Махамбеттің қу басы сыймады ма?? Баймағамбет Айшуақович, (сол қарсы беттегі креслода отыр) сен осы қазақта Махамбет деген ұлы ақын өткенін білесің бе?
Баймағамбет – Білем.
Нұри – Білсең оның басы қайда?
Баймағамбет – Біреу қу басты алдыма алып келген. Мен оны тарихи және мәдени ескерткіштерді қорғау қоғамына жібердім. Жақсылап сақтаңдар деп... Басшысы – Ықылас Төлеевич...
Ықылас - (Креслосымен сахнаға жылжып шығып) Байеке-ау, қу бастың біздің мекемеге түк те қатысы жоқ қой! Біз тек жер бетіндегі құламай тұрған тарихи ескерткіштерді ғана сақтаймыз...
Баймағамбет – Әй, мен саған басты дорбасымен қоса қабылдап ал дедім ғой!
Ықылас – Мен Сізге тек Шаяхметовты құрмет грамотасымен мараппаттаймын деп уәде еттім...
Нұрлан Өтепович – (ызғарланып) Сонымен, Махамбет ақынның басы қайда?
Ықылас – Нұрлан Өтепович, мен Қайыпқали Есимовичке ақынның аяулы басын өзі басқаратын әдебиет және өнер институтына қабылдап ал, деп ұсындым. Бірақ ол кісі өз басын алып қашты....
Қайыпқали – (Ол да шығады. Астында - кресло) Тағы да айтам, Әдебиет пен өнерге қу бастың еш қатысы жоқ!
Баймағамбет – (ақырып) Әй, Өтемісовтің өлеңдерін тарихи фактілермен қоса зерттеп, кітап жазып жүрген сендер емессіңдер ме?
Қайыпқали – Ол – поэзия, Ал бұл көрден шыққан сүйек! Неге түсінбейсіздер?! Біз тек өлеңдерін зерттейміз!
Нұрлан Өтепович – Бәрі де түсінікті... Ертеңнен қалмай Махамбеттің бас сүйегін табасыңдар. Әйтпесе... Өздеріңе лайықты басқа жұмыс іздеңдер! (кругпен айналып кетеді)
Үшеуі ортаға кеп жиналады.
Ықылас – Ауылдың жаман шалдарына дейін тыныш жатпайды. Құрақ деген қызылкөз пәле шықты. Махамбеттің басын жоғалтып жіберді деп Халықаралық «Бәйтерек» қорына хат жазыпты. Жетпіс жеті атамызды түгендеп балағаттапты.
Қайып – Арыз айдапты. Тура Нұрлан Өтеповичтың өзін. Ауына тамызбай сиіп келгенін олжа көріп отырмай ма, қақбас!
Баймағамбет – Өз басымызды әрең алып жүргенде, мына бір қу бас деген бәле шықты. Бұйырмысты зейнетақымызға да жөндеп шығармас.
Қайыпқали – Бас сүйек деген не? Символдық қана нәрсе. Жоғалды, табылады.
Баймағамбет – Ғалымдар да бір қияли.
Қайыпқали – Ғалымдардың қу басқа қандай қатысы бар?
Ықылас – Әрине, бар. Талай адамға нан жегізді,
Қайып – Ықа, сол бас сіздің мекемеде сақтаулы тұр емес пе?
Ықылас – Кезінде болған.
Баймағамбет – Қазір қайда?
Алдарына гильотинадан шабылған бас домалап түседі.
Қайыпқали – Байеке, басты алдымен саған жолдады. Ендеше ертеңгі күні басшыға алдымен өзің жауап бересің. Сосын біз...
Үшінші көрініс
Сахна айналады. Көпшілік жүгіріп жүр. Қарауылдың айқайлаған даусы естіледі. Көпшілік Қарауылдан шошып қашып жүр.
Қарауыл – Табыңдар, Құрақ қартты! Жердің астына түсіп кетсе де табыңдар! – Астанаға хат жазып, шәт-шәлекейімізді шығарып!.. Тып-тыныш жұмысымызды атқарып отырғанда дәу бастықтың көз қырына іліндіріп! Адам пайғамбар жасынан асқан соң байыз тауып, Алладан жанына медет тілемес пе? Жегені ақ май, ішкені қағаз шай, одан артық не керек? Көрпені төрт қабаттап салып, көтенін күлге көміп отырмас па? Жоқ, біздің ауылдың шалдары, әйтеуір екі қолға бір ермек тауып алғыш. Баяғыда Махамбеттің басын қазып әкетіңдер деп Алматыдан бір қора адам шақырып елді бөрліктіріп еді. Ендігісі – мынау. Атам басы жоғалып кетіпті, тауып беріңдер, деп зікір салып жатқаны. Атаңа ғана нәлет! (жүгіріп жүрген біреуді ұстап алып) Бір көзіңді қысып алып, үнемі қалғисың да жүресің. Саған айтқаным қайда? Ақпа құлақ ит-ау, аудандық, облыстық әкімшілікке жазылған арыздар мен Астанаға жолданған хаттар болса ашып оқы да тура өзіме әкеліп бер, – деп!
Құрақ қарт кіріп келеді.
Қарауыл – «Хатқа жүйрік сол қалқа мұсылманша» дегеннің кері келді, Бізді басып озып, біз емес-ау, аудан, облыс әкімін кәперіңізге алмай, Астанаға төтелей хат жазатынды шығарыпсыз.
Құрақ – Шырағым, қолда өскен баласың, мұқатпай сөйле, Менің ала алмай жүрген ұзында – өшім, қысқада – кегім жоқ. Бабамның басы қайтадан қабіріне жерленуі керек.
Қарауыл – Оны Алматылық ғалымдар бізге бере ме? Әлдеқашан алтынмен аптап, күміспен күптеп бір жерге қойған шығар?
Құрақ – Алтынмен аптауын... Қараусыз әр жерде қалды деп естимін. Жоғалып кетіпті.
Қарауыл – Ит өлген жерге сіңір создырып баратын қаражат қайда ақсақал-ау?! Ақша жоқ. Бюджет тамызып қана береді. Бас іздеңдер деп ақша бөлмейді. Оны өзіңіз де жақсы білесіз. Жағдайды айттым. Басқа қолдан келер көмек аз. Шықпа, жаным, шықпа, деп отырған ауылдық жерміз.
Құрақ – Әй, Қарауыл! Үкімет бас ізде деп ақша бөлмесін. Жарайды, түсінемін. Ал, мына іргеңде жатқан атақты Мұрат Мөңкеұлы, Малайсары, Дәрі мен Қара, Итемгеннің зиратына неге белгі орнатып, жаңартпайсыңдар? Көз алдарыңда жермен-жексен боп өшіп барады. Ойдан-қырдан қырғын халық келіп түнеп, тәу етіп жатады. Білген адамға әрқайсысының осы қалайы жоқ, қазақтың бір-бір арыстары емес пе?
Қарауыл – Ақсақал, мұсылман дәстүрінде зират жаңартады дегенді естігеніңіз бар ма? « Құран - кәрімде» жазылып па екен? Шариғат қоспайды.
Құрақ – Өй, сен де бір!..
Қарауыл – Жата берсін. Жаңартсаң болды, бұлар өлім тілейді. Біреуміз босқа рәсуа боп кетерміз.
Құрақ – (бас шайқап) Алты Алаштың ардақтылары-ай!
Қарауыл – Тууын әр жерде туып, өлгенде біздің округке жинала қалғанын қарашы, иттердің!
Сахна айналады. Нұрлан Өтеповичтің кабинеті. Қасында Имаш әкім отыр.
Нұрлан Өтепович: – Жағдай осы... Әлі күнге арыс дейміз, ақтаңдақ дейміз. Бар тірлік кітап шығарудан аспай жатыр. Шетел мұрағаттарында жүздеген, мыңдаған құнды құжаттар бар. Кім оларды елімізге қайтарып, рухани айналысқа салмақ? Қашанғы шырылдай беруге болады? Әл-Фарабиіміз айдалада қалды. Бейбарыс Дамаскіде жатыр. Жалаңтөс баһадүрден айырылдық. Шәкәрімнің сүйегін алпыс жылдан соң құдықтан жіліктеп теріп алдық. Мұстафа Шоқай болса жат топырақта. Сырым мен Қаратауды ұмытуға айналдық. Енді қолымызда тұрған Махамбеттің басын жоғалту. Мен мұндай сұмдықты естіген емеспін... Имаш сен Алматының әкімісің. Білмейтін қуыс-мүйісің жоқ. Бәрі көз алдыңда. Қайткен күнде де жоғалған басты табу керек. Түсінікті ме, қайткен күнде де!.. Сосын Алматының әсем көшесінің біріне Махамбеттің ескерткішін қояйық. Батырлығы мен ақындығы көрер көзді сүйсіндіретіндей етіп құйылсын. Эскизін өзім бекітемін. Ақшасын да өзім көтерем.
Имаш – Олай болса, Болашақта қойылатын ескерткіштің эскизіне конкурс жариялайық, Мүсіншілер түгел қатыссын. Қомақты жүлде де дайын тұр.
Нұрлан Өтепович – Алдымен комиссия құрайық. Өзіміз де іріктеуге қатысамыз. Мүсіншілер де қиялы көп халық. Бағыт, бағдар бермесең болмайды, Мен ескерткіш тұрады деп екі-үш үлкен даңғылдың қиылысын, екі бақтың кіре берісін көздеп отырмын. Алдымен, өзіміз қарап шығайық.
Имаш – Бәріне үлгереміз. Ал, енді жоғалған басты қайдан таптық? Қан құстырсаң да ештеңе өнер емес. Бір-біріне жауып, бастарын ала қашады. - Нұрлан Өтепович, бастың жоғалып кетпегені анық. Халықтан ептеп сұрап алудың шарасын ойластырсақ. Иә, ешкімді де дүрліктірмей. Сіз басқаратын қор сол басты әкеліп берген жанға сыйақы тағайындаса қайтеді?
Нұрлан Өтепович – Қазақтар ұлы ақынның басын жоғалтып алып, енді жаппай іздеу үстінде деп, дүние азан-қазан шулап кетсе қайтеміз?
Имаш – Жо-жоқ, оны жұмсақ, жаймашуақ ғып жариялайық.
Нұрлан Өтепович – Мәселен?
Имаш – Мәселен, Халықаралық «Бәйтерек» қоры Махамбет ескерткішіне конкурс жариялайды. Ол үшін зертханалардың бірінде, жеке қолда сақталған ұлы ақынның өз бас сүйегі қажет. Басты әкеліп берген зиялы азаматқа мынадай мөлшерде сыйақымыз бар, десек үйлесе кетпей ме?
Нұрлан Өтепович – Қандай мөлшерде?
Имаш – Патшалы Ресей тірі Махамбеттің басы үшін заманында он мың рубль күміс ақша тіккен, Ендеше кесілген басты қаншаға бағала дейсіз? Өзіңіз айтыңыз?
Нұрлан Өтепович – Бір миллион доллар! Тек табылса екен! Есі бар ел есуасын да түгендейді. Ал, біз... (осы кезде Нұрлан Өтепович кнопкасын басады, кабинетке Хатшы – қыз кіреді, Имаш оның қолына бір қағаз ұстатады)
Хатшы қыз – Құрметті халайық! Халықаралық «Бәйтерек» қоры Махамбет ескерткішіне конкурс жариялайды. Ол үшін зертханалардың бірінде, жеке қолда сақталған ұлы ақынның өз бас сүйегі қажет. Басты әкеліп берген зиялы азаматқа бір миллион доллар сыйақы тағайындалды.
Көпшілік – Адам ата мен Хауа ананың тұңғышы Қабыл қызғаныштан Абылды өлтірді. Бірақ көмуін білмеді. Қарға жөн көрсеткен. Содан бері қазақ аспанында қара қарғалар қаптап кетті.
Көпшілік – Тайқазанының қақпағы жоқ, ұлыларының басы жоқ бұл неткен иесіз ел?!
Көпшілік – Махамбет көтерілісшілерге қарыздар. Оның даңқы үшін мыңдаған жасақ қырылып кеткен. Атақты жалғыз өзі иемденді. Сол қазақ алдындағы қарызын басымен өтеді.
Көпшілік – Ықылас – Иуда. Олар – өміршең. Әлі күнге арамызда жүр,
Сахнаға кейіпкерлер кезегімен тұс-тұстан шығады
Қайыпқали – Әлоу, Қалқам-ау, амансың ба? Мұнда түсінбей жатырмыз. Махамбетке Алматыда мүсін қойсын. Дұрыс делік. Азаттықтың аңсар бейнесі. Ал, оның әлгі жоғалды деп жүрген басына Халықаралық «Бәйтерек» қоры бір миллион доллар ұсыныпты. Осы шын ба? Әлде біреудің қалжыңы ма? А-а, рас болғаны ғой онда. Әркім қолына түскен қу басты ала шауып берекелеріңді келтірмесе болды да... А - а?...Үш дүркін қылышпен шапқан, ізі сайрап жатыр... иә..иә.. түсіндім... Е, жарайды. Біздікі, әйтеуір ортақ істің қамы ғой. (телефонды қояды. Өзіне): - Сол қу басты Ықылас тегін ұсынып, көкелеп тұрғанда қолтығыма қыса кетсем қайтер еді? Даңғарадай төрт бөлмелі пәтерінің бір бұрышында жатар да қояр. «Керек тастың ауырлығы жоқ» деп шалдар қақсап өлген. Бақсам осыны біліп айтқан екен-ау.
Ықылас – (газет оқып) Махамбеттің басына...
Қашқария - Мен саған әлдеқашан Махамбетіңмен қоса құры дедім бе, жоқ па?
Ықылас – Дедің. Бірақ соған, басты тапқан адамға бір миллион доллар сыйақы тағайындалыпты. Газетке хабарландыру шықты.
Қашқария – Не дедің ?
Ықылас – Халықаралық «Бәйтерек» қоры.
Қашқария – (шыңғырып жібереді) Бір мил-ли-он дол-лар? Рас па?
Ықылас – Рас болмай.
Қашқария – Бір қайыршының қолында кетпесе болды да!
Ықылас – Бас па?
Қашқария –Миллионды айтам. Осы сенің жайбасарлығың-ақ өлтіріп болды-ау.
Ықылас – Иә, қолға тегін түсіп тұрған байлықтан қаралай айырылып...
Жарық жанғанда көпшілік бастармен волейбол ойнап жатады. Өздерінің бастары көрінбейді. Қара костюм ішінде. Баймағамбет Ықылас, Қайыпқали үшеуі кіріп, бәрін айқайлап қуады. Бастарды шыныдан жасалған қорапқа салып жинай бастайды.
Қайыпқали – Құдайға не жаздық, бас деген пәле шықты ғой. Тып-тыныш өмірімізді аласапыран етіп. Жұрттың бәрі дүрлігулі. Құлақтарын қайшылап, бұрыш-бұрышты тіміскілей бастапты. Өңшең ашкөз неме.
Баймағамбет – Миллион доллардың қызуы шыдата ма? Бұдан да өткен сорақысын көрерміз әлі,
Қайып – Әлгі Ноэль деген қаңғыбас Аризона штатында жүрген көрінеді.
Баймағамбет – Оны қайдан есіттің?
Қайыпқали – Кеше телевизордан берді. Тағы да көр қазып жүрген шығар. Сұғынбаса, жүре ала ма бұлар?
Үшеуі бастарды санай бастайды.
Үшеуі – ... Біреу... екеу... үшеу.... төртеу....
Қарауылқожа – Бесеу! (қолындағы басын коробкаға салады. Бәрі шошып жан-жаққа қашады.)
Баймағамбет – Кімсің? Адамсың ба, перісің бе? Бүкіл елді шошытып,
Қарауыл – Адаммын. Махамбет ақынның елі Қаройдан едім. Кең жайылып жабайылау өскенбіз, кешірерсіз. Есімім – Қарауыл.
Ықылас – Ал, жарқыным, жөніңді айт, Не шаруамен жүрген жансың?
Қарауыл – Махамбет атамыздың жамбасы тиген ауылдың әкімімін. Аяулы ақынның алдында жуылмас ұятымыз бар. Ұят біреу, бет екеу. Қайсысына жеткізерсің. Басын жоғалттық. Осы жақтан бір жылы леп ескен соң... Елдің ақсақалдары ақылдасып... Қос қолтығымнан көтеріп... Енді қарап отыруымыз жараспас... Басы-қасында бол деген соң... Олардың лебізі бізге жазылмаған заң ғой... Сосын алдымен көкелеріме сәлем берейін деп... Сырттарыңыздан өздеріңізді тірі әулиедей көріп отырамыз. Алдарыңызды торғай адым кесіп өтсек біз үшін өлім ғой...
Баймағамбет – Біздің ауылдың азаматы екеніңді құтпан айғырдай кісінеп келгеніңнен-ақ сезгенмін.
Қайыпқали – Шырағым, сол шаруа бізді де тыныш ұйықтатар емес, Бұл қазақтың сүйегіне таңба! Өшпес дақ! Осы отырғанда жанымызды шабақтап отырмыз. Қалай табу керек? Қайдан іздеу қажет? Қай имансыздың қолында кетті? Міне, ертеңді-кеш әңгімеміз осы.
Қарауыл – Бейтаныс қалада мен не бітірем? Тақам қисайып екі-үш көшені айналғанда болдырармын. Жоқ іздеген сіздерге жәрдемші болсам жарайды.
Ықылас – Қанатың қатты, мойның былқылдақ деп қай құсты айтып еді? Нені қорып жүрсің деді? Жалғыздықтан неге жапа шекті?
Баймағамбет – «Әй, құзғындар, құзғындар,» - деген жаны торыққанда ақын.
Қайыпқали – Қой, құзғыны несі? «Әй, қызғыш құс, қызғыш құс,» - деген Махамбет.
Қарауыл – Көл қорып жүріп ол да кетті. Ел қорып жүріп, ақын да өтті бұл пәниден. Соңында иіс алмас мен сияқты өңшең шөп пен шөңге қалды. Адал ниеттің үстінде отыр екенсіздер. Сіздер – басшы, мен – қосшы. Бізге атақ та, ақшасы да керек емес. Абырой керек, абырой,
Қайыпқали – Жаны шырқырап жүр екен!
Ықылас – Міне, жөн білетін атан жілік азаматтың сөзі!
Баймағамбет – Адамды ішпей-жемей семіртетін осы көңіл ғой!
Қайыпқали – Ауылдың кеңдігі-ай, осы!
Сахна айналғанда Айым хат жазып отырады. Қашқария кіреді.
Қашқария – Осы сенікі ненің уайымы? Не ішем, не кием жоқ. Үкінің баласындай үлпілдетеміз де отырамыз. Тіпті сонда да жақпаймыз. Қарап жүріп азып кетіпсің...
Айым – Материалдық игілік бүгін бар, ертең жоқ, мама. Рухани байлық болмаса...
Қашқария – Айтып отырған рухани байлығы құрғырың үстіңе үй, астыңа машина бола ма? Айтшы осы?
Айым – Үйің тозады, машинаң сынады. Ақшаң таусылады. Жан-дүниеңнің жарасымынан артық ештеңе жоқ, мама. Ол қазына ортаймайды.
Қашқария – Оқу өтіп кеткен. Миың ашыған... Аш күзендей бүгіліп не жазып отырсың?
Айым – Ноэль ағаға хат. Ашқан ұлы жаңалығымен құттықтадым.
Қашқария – Мә, ол не жаңалық?
Айым – Естімеп пе едіңіз? Біздегі сақ қорғанынан табылған күміс тостақанның сыңары Аризона штатынан қазып алынды. Ал, бүйіріндегі жазу ше?..
Қашқария – Ит жылғы тостақанды тауып мәз болуын! Ал, әлгі тостақанға не деп жазыпты?
Айым – Екі тостақандағы жазуды қосып оқыса: «Мен де сендей болғанмын, сен де мендей боларсың» деген сөз шығады.
Қашқария – Тоқта. Мынау ит тірлікпен жағаласа-жағаласа сен де мендей боларсың. Дұрыс екен. Ал, айтшы әлгі Ноэльдің сенде адресі бар ма? Әлде тұрақ-мекені жоқ ел қыдырып, су сыдырып қаңғып жүрген біреу ме?
Айым – Бар. Мама, саған соңғы кезде не болған? Дүниенің бәріне өкпе артып, шаптығасың да жүресің. Саған жұрттың бәрі бережақ па? Қарыз алып па еді? Ғұмыры көрмеген ғалымды неге ғайбаттап тұрсыз?
Қашқария – Бар болса бер. Айналаңа арпылдамасаң бүгінде іс біте ме? Жат тұрмақ шыбынға шақтырмай өсірген өзің мынау, жағаласасың да жатасың.
Айым – Ноэль аға қазір Мәскеуде.
Қашқария – Әкел тез!
Айым – Мама, ол кісі жақында тағы да шетелге кетеді. Маия тайпасының қорғандарын қазады, Үндіс пен қазақ түбі бір туыс. Ерте заманнан. Соны зерттеп, ғылыми дәлелдемек. Мазалап қайтесіз.
Қашқария – Ағайын-ағайыннан үй айналып қашып жүрген мына заманда маия дей ме, шая дей ме... Бұ қазақ соларды көрейін де өлейін деп зарығып отыр еді. Бересің бе, жоқ па? Ем-дәрідей бұлдауын...
Айымнан Ноэльдің номерін алып тереді.
Қашқария – Ноэльжан амансың ба, күнім? Бұл Ықылас ағаңның үйіндегі жеңгең. Танымадың ба? Айым деген қызым бар. Есіңе түсті ме? Өзіңді ағалаған кезде жаны шығып кете жаздайды. Алыс елде жүр, мазалама деп телефон нөмірін әзер берді... Рахмет, қайным. Ертеңді-кеш тілегіңді тілеумен отырамыз... Өзіңде біліп отыр екенсің. Сол шаруа... Шеберханада қалған шығар дейсің бе? Қазір бос тұр ма? Біреу-міреу алып кетпесе. Адресін айта ғой... Тапсақ сүйінші өзіңдікі... А-а?.. Сүйінші керек емес дейсің бе? ....Алло... Алло...
Сахнада. Қайыпқали және Дүрия.
Қайыпқали – Осымен, Махамбет Өтемісовтың басына екі рет ақша тігілген екен. Бірі – тірісінде жоғалту үшін, екіншісі – жоғалған басты табу үшін. Парадокс!
Дүрия – Осы ғалымдар да бір қияли...
Қайыпқали – Осы дүрбелеңді қоя салсақ қайтеді? Ақшасы да, басы да өздеріне. Жанымыз қыдырып кетті. Тіпті уайымдап ауырып қаларсың, Дүрияш?
Дүрия – Осы сенің есің дұрыс па? Сонда ақшаны да, бар абыройды да қанғыған қайыршылар еншілеп кетсін дейсің бе? Жоқ айтшы деймін?
Қайып – Сүрініп-жығылып өлуге қалдық қой. Қанша уақыт өтті, бір дерегі жоқ. Осы сүргіннің аяқталар күні бар ма өзі?
Дүрия – Біздің Дүрия ақынның туған қарындасы, деп ел-жұртқа жарапазан айттың. Енді кеп сүргін дейсің. Тақам қисайып көше кезіп мені жетіскеннен жүр дейсің бе, ойбай! Ұлың болса анау, әйелі ауыздық бермейді. Тіпті кіріп-шығудан қалды. Қашанғы Үкімет берген пәтерде қақталып отырамыз. Оқыс айналсаң болды артыңды жарға соғасың. Біз де тау етегінен үй салып, жұрт сияқты өмір сүре аламыз ба осы? Кетем, қал өзің омалып!
Қайыпқали – Қай жаққа?
Дүрия – Қаскелеңге барам.
Қайыпқали – Онда не бар? Тағы да бас па?
Дүрия – Атақты экстрасенстің қабылдауына жазылдым. Қолмен ұстағандай қылады дейд. Аруақтармен сөйлесіп арғы-бергіңді ақтарып-төңкереді дейд.
Қайыпқали – Алмағайып заманда албасты да әулие деген.
Дүрия – Болса болар. Осы Алматының бар полициясы соның алдынан шықпайтын көрінеді. Ұры іздесе де, бөрі іздесе де сол тауып береді дейд. Өздері кілең масыл, жұмыс жасайтын ба еді?
Қайыпқали – Ал, жарайды. Сақ бол. Өз басыңды айналдырып алып жүрмесін.
Төртінші көрініс
Ноэльдың шеберханасы. Ықылас пен Қашқария.
Қашқария – Бұл шығармашылық адамның жаны сірі келеді. Жұмыс жасаған жерін қарашы, Оңға бұрыл деген. Үстіңді ластап алма, Ибай, өрмекші тор құрып тастапты.
Ықылас – Мынаң қара! Жарықтықтар-ай, бір-бірінен аумай қалыпты ғой. Бәрі бір адамның басы.
Қашқария – Не дейд? Бір адамда неше бас болушы еді?
Ықылас – Қарасаңшы. Оң жақ шекедегі ойық бәрінде де бірдей. Қарашы, желкелерінде қылыш ізі бар ма?
Қашқария – Біреу, екеу... бар.
Ықылас – Бәрінде ме?
Қашқария – Үшеуінде де.
Ықылас – Тоқтай тұр, осылардың бәрі гипстен істелген емес пе? Мен білсем осының біреуі ғана бас сүйек. Қалғаны Ноэльдің қолдан жасаған жасанды нұсқасы.
Қашқария – Қайсысы?
Ықылас – Міне біреуі. Аумаған сүйек. Тек сыртына лак жаққан ба, жылтырап тұр.
Қашқария – Кәне, әкелші. Көрейін, Сүйек. Кәдімгі адам басы. Махамбеттікі! Бағымыз бар екен!
Сахна түкпірінен көпшілік шығады. Қолдарында бір-бір бас. Нұрлан Өтепович және Имаш отыр. Алдарында үш аяқты екі орындықта екі бас және көпшіліктің қолдарында да бастар тұрады.
Имаш – Мынау қызық болды-ау. Бұл қалай? Біреуге зар боп отырғанда?....
Нұрлан Өтепович – Қайран ақын «Бізге біткен бес еркектің буы бар» – деп тегін айтты ма? Байқа Имаш, Бұдан да көбейіп кетпесін, Сөз аңдып, құлағын қайшылап жүрген журналистердің бірі естіп қалмасын де. Сол күні-ақ айқайға аттан қосып жібереді. Онсыз да шетелдік ақпарат агенттіктері «Қазақтар бас жоғалтты. Бір миллион доллар кімге керек? Іздеңдер, табыңдар. Қас-қағымда байисыңдар!» – деп күндіз-түні бірдей қақсап қояр емес.
Имаш – Бірі – ақындікі, өзгесі жалған бастар ғой, Қайдан тауып жүр?
Нұрлан Өтепович - Алаяқ аз ба? Алатаудың етегіндегі зираттар қазылған. Мүрделерді ақтарған. Барлық дерек қолымызда. Тиісті орындарға тапсырма бергем. Іске кірісіп кетті.
Имаш – Иә, қылмыстың исі аңқып тұр. Қылмыс болғанда жай емес, адам жаны түршігер сорақысы.
Нұрлан Өтепович – Имаш, барлық топты да шақыр. Сараптамасын жасап, ақ-қарасын анықтап ал. Сүйінші – кімге, жаза – қайсысына сол жерде шешілер. Жақсы хабар күтем. Жолың болсын!
Көпшілік орнында қалады. Қолдарында бір-бір бас. Ерсілі-қарсылы сенделіп жүре бастайды. Сосын тұра қалып бір-біріне бас лақтырып ойнайды.
Сахна айналады.
Имаш – Дүрия Асылбекқызы, Ал, тыңдайық сізді. Қалай, қайдан таптыңыз?
Дүрия – (көз жасын сүртіп) Ақынмен қыз алыспас ағайынбыз. Тіпті жұрттың бәрі мені туған қарындасы деседі, Жаманат жата ма? Мына хабарды естігенде тоқтай алмай дауыс салып жыладым. Бабамның басы жоғалғанша мен құриын деп қу жаннан түңіліп...
Имаш – Дүрия ханым, сонымен...
Дүрия – Иә, сонымен... Мына Қайып ағаларың өмір бойы Махамбет өлеңдерін зерттеді. Сөйтсек алыстан іздеген басымыз осылар басқаратын институттың қоймасында жатыр екен. Шаң қондырмай әспеттеп сақтапты. Аялап ұстапты. Міне, көріңіздер, міне! Міне, желкеден тиген қылыштың ізі. Көктемегірлер, қалай ғана көзі қиды екен,
Имаш – Өзгелерді де тыңдайық. Қашқария ханым, рұхсат етіңіз. «Жақсыны көрмек үшін» деген сөз бұл жерде жүрмейді. Бас көбейіп тұр. Сарапқа салайық.
Қарауыл – Аяулы ақынның басы қатын-қалашқа дейін қолжаулық болды-ау!
Қашқария – Өзге баста шаруам аз. Менікі тұп-тура өзінікі.
Имаш – Қолыңызға қайдан түсті?
Қашқария – Ноэльдің шеберханасынан таптым. Мәскеуге кетерде лақтыра салыпты. Күл-қоқыстың ортасында жатыр екен. Олар кімнің қадірін білетін еді?! Өзіміз де қимаймыз. Бірақ амал бар ма?
Ықылыс – Ноэльдің шеберханасынан табылып тұрған басқа күмән келтіріп қайтеміз?
Дүрия – Институттың қоймасынан шықса, қалайша жалған болады?
Қашқария – Жалған! Сенің көкейіңді ақша тесіп барады. Туған қарындасымын дейді. Махамбетке үш қайнаса сорпасы қосылмайды.. Бас институттың қоймасында жатса, осы күнге дейін әкеп бермей Ай қарап жүріп пе? Әлде ақша тігіліп, аттан салғанын тосып отырдыңдар ма?
Қайыпқали – Біз таптық, (кеудесін ұрып) әлі де зерттей түсеміз, ақиқатын анықтап жазамыз. Құдайға шүкір, атағымыздан аттылы адамның өзі ығып тұрады. Өзгелердікі қылған бейбастақтық?? Тарихқа – қиянат, ғылымға – зорлық емес пе?
Имаш – Соңғы сөз Нұрлан Өтеповичте. Кімге ақша, қайсыңызға атақ, абырой сол адам шешеді.
Дәурен, Айым және Құрақ бірге кіреді. Дәуреннің қолында бас.
Дәурен – Бас алдымен Махамбеттің өзінікі, ал сыйақы Құрақ атаға тиесілі. Жермен-жексен боп жатқан ақын моласын тауып берген осы қария. Одан кейінгі құрмет иесі – Ноэль аға. Қалғандарінікі – бос әурешілік.
Құрақ – Шырақтарым, кәрі сіңірімді созып ерігіп келгенім жоқ. Мына Дәурен балам ауылға хат жазып,– Басты Ноэль аға маған тастап кеткен. Күндіз-түні Айым екеуміз күзетіп отырмыз, депті. Осы жақсылықты естіген соң қайтіп шыдайын.
Қашқария – Садағаң кетейін, Айымжан екеуі ата рухына қызмет еткен екен ғой. Жүрегім сезіп еді-ау.
Дүрия – Қызым, ұстазыңа сәлем бер. Қайып көкең ғой, Ағайын тату болса ас көп деген...
Қарауыл – Қазақ араз болса бас көп десеңші, жеңге!
Имаш – Сабыр Құреке қалаға қош келдіңіз. Атыңызға бала күннен қанықпын. Әзірге әңгіме бас жайында. Қалғаны жата-жастана айтылар. Ал, Дәурен, Айым бәріміз де зарықтық. Соңына ұлы сөз тастаған бас қандай болады екен? Кәне, көрейікші!
Дәурен – Міне, көріңіздер! (Басты алып, көрнекі жерге қояды)
Құрақ – Осында келген бетте-ақ басты ауылға алып кетейік, ақын зиратына өз қолымызбен қояйық дегенбіз, Мына Дәуренжан мен Айым қызым көнбеді. Ертең комиссия болғалы жатыр. Өзіміз барайық. Ақ-қараны анықтайық. Әйтпесе, өзге жұрт бізге сенбес. Дау шығарар, десті.
Имаш – Өте орынды. Сіздерді барша қазақ халқы атынан алғыстаймын. Ал енді, мына тұрған екі басқа қараңыздаршы? Кімдердікі дейсіңдер?
Айым – Бұл Ноэль ағаның гипстен қалыптаған нұсқасы. Тек сыртын лактап тастаған.
Қашқария – Не дейд!? Қой, құрсын, шеберханасына кері апарып тастайын.
Дәурен – Ал, мынау шынында да адамның бас сүйегі. Тек кімдікі екенін өзінен сұрай алмаймыз. Әттең!..
Дүрия – Ештеңе етпес. Институт қоймасында әлі де жата тұрар. Ғылым үшін керек зат. Қайекең сосын да сақтап жүр ғой.
Қарауыл – Ендеше хаттама толтырайық. Қор тіккен бір миллион доллар Құрақ ағаға тиесілі.
Имаш – Расында да ақсақал, сыйақы иесі өзіңіз.
Құрақ – Имашжан тоқтай тұр. Атам басына ақша дәметіп... Аруақ кешпес. Ақшаға емес Аллаға мұқтажбын, шырағым. Ол қаражатты мына тұрған екі жас алсын. Еңбек те, болашақ та осылардікі.
Дәурен – Бізге Ақша қажет емес,..
Айым – Біз тек перзенттік борышымызды орындадық..
Қашқария – Әй, қыз қой дейм. Атаң айтып тұр ғой. Неге үлкенді аузынан қағасың. Ал, деген соң болды емес пе? Дәуренжан екеуіңе молынан жетеді,
Қарауыл – Ендеше маған қиыңдар, Қаройға газ тартқызайын, таза ауыз су жеткізейін...
Баймағамбет – Үкіметтің арнайы бағдарламасы бар. Өздері істейді. Әзірге күте тұрыңдар, Сен сұм сол қаржыны босқа рәсуа ғып жеп қояйын деп тұрсың. Саған сенім жоқ.
Қарауыл – Қой, Құрақ аға олжамыз өзімізде. Қайтайық елге. Ер туған жеріне, ит тойған жеріне, Мен де сол ақшадан бас тартамын. Келесі сайлауда Парламентке депутат болсам дейм...
Дәурен – Кәне, Қаройға дейін ақын басын төбемізге көтеріп барайық. Ел тосып отыр!
Айым – Кеттік ендеше.
Қайыпқали – Зират басында баяндаманы мен жасаймын. Махамбеттің ешкім білмейтін құпия қадір-қасиетін өзім санамалап беремін. Әлі күнге тірі жанға айтқан жоқпын, Институт директоры боп қашанғы жүрем. Одан басқа да биік лауазымдар бар емес пе?
Ықылас – Махаңның көлеңкесі бар қазаққа жетеді ғой, шіркін!
Қайыпқали – Ал, аттандық!
Махамбеттің басы Имаштың қолында. Ол ойға шомған.
Маха- ақын, актер – Сыймайды екен қалыпқа,
Талантты боп туған ірілер.
Сендерден қалған даңққа,
Таласып жатыр тірілер!
Бір-бірлеп сахнадан кете бастайды. Имаш әлі үнсіз. Сахна сыртынан «Ясин» сүресі естіледі.
Шымылдық