1Біздің ауылдың шетінен алып Шыңғыстау даласы басталады. Шығысында Қытай жазығы, Ресейдің...
Алдан Смайыл. Тәңір соты (драмалық поэма)
"Тәңір соты" драмалық поэмасында халық, тұлға, ерлік пен сатқындық тайталасады. Сақ, ғұн ғасырларының ащы шындығы арқылы бүгінгі ақиқат ашылады. Жазушының тілі бай. Көркем шығармалары әсерлі оқылады, адам жайлы, өмір жайлы, бәрімізді қоршаған тылсым әлем жайлы терең ойға шомдырады.
Бірінші бөлім
Тәңірқұт – қағандардың қағаны, түркі елінің билеушісі
Скил – Сақ патшасы
Тұмарханым – Сақ патшайымы
Спитамен – Сақ қаһарманы
Спаргапис – Тұмар ханымның ұлы
Анахарсис – Сақ ғұламасы
Кир – парсы патшасы
Платон – Грек философы
Сақ данагөйі
Абыз
Тылсымдауыс
Уәзірлер
Нөкерлер
Кирдің бекзадалары
Бірінші жаршы
Екінші жаршы
Сақ, Ғұн, Көк түрік заманының рәміздерімен көмкеріліп, қағанның шексіз құдіретін білдіретін, алтынмен апталып, күміспен күптелген салтанатты зал. Төрде Тәңірқұттың алтын тағы. Одан әріде Қыл көпір көрінеді. Тақтың қос қапталында найза ұстап, қылыш асынған сұсты сарбаздар. Төменіректе уәзірлер мен нөкерлер сап түзеп тұр.
Бірінші жаршы: Тағзым етіңдер! Тәңірқұт келеді!
Екінші жаршы:
Көк Тәңірі қалаған,
Жерде адам баласы
Ғайыпта рухтар
Құдіретке балаған.
Алдынан өмір мен өлім таралған,
Түркі елі үшін жаралған
Патшалардың патшасы,
Қағандардың қағаны
Тәңірқұт келеді!
Бірінші жаршы:
Бірін бірі жалмаған,
Күнәсізі қалмаған,
Өтірік пен өсекке
Өлгенше жағы талмаған,
Жақынмен жаттай жауласып,
Көрместей қайта дауласып
Бұл жалғанға сыймаған.
Пенденің салған азабы
Күйзелтіп жанын қыйнаған
Тәңірқұт келеді!
Кернейлер күндей күркірейді. Тақтан төмендегілер жағалай иіліп бүгіледі. Бес қаруын асынған нөкерлерінің алдында асқақтаған Тәңірқұт алтын тағына жайғасады.
Екінші жаршы: Тыңдаңдар! Тыңдаңдар! Сот басталады. Ғасырлар соты! Тәңір соты!
Бірінші жаршы:
Сот басталады!
Күнәсізбін деп жүргендердің,
Ар-ұяттың етегін түргендердің...
Ел жыласа күлгендердің,
Шалқып өмір сүргендердің...
Екінші жаршы:
Ата жұртын сатқандардың,
Көкте Тәңір атқандардың,
Күнәға белден батқандардың...
Бірінші жаршы:
Өздерін тәңірге балағандардың,
Ажалсызға санағандардың
Елін қасқырша талағандардың,
Әлемге тасып қарағандардың
Соты басталады.
Кернейлер күндей күркірейді.
Тәңірқұт (Абызға): Баста!
Абыз (Тәңірқұттың алдына келіп иіліп):
Уа, ием!Киелім!
Батысты да қаратып ем аузыма,
Шығысты да қаратып ем аузыма,
Сұғанақ дау жиырылса жыланша
Даналақтың биігінен
Саңқылдаушы ем қыранша.
Соққалы тұр
Мен көрмеген бір дауыл.
О, Жасаған!
Мына соттың жүгі ауыр!
Тәңірқұт (қаһарланып):
Кетседағы жайпап дауыл, өртеп от,
Өту керек, өту керек осы сот.
Баста!
Уәзірлер (жапатармағай): Баста! Баста!
Абыз (қолын көкке көтеріп):
Қолда! Қолда!
Күн менен Жер жиылып.
От пен Суға тағы алайын сыйынып!
Тәңірқұтқа бұрылып:
Сот ашыпсың бұл адамзат көрмеген,
Мұндай сотқа әлем көптен шөлдеген,
Патша да өлген, қаған да өлген, бәрі өлген
Тек әділет өлмеген.
Ар алдында көтеремін қиындықтың қандайын
О, құдірет! Мен дайын!
Сақ данагөйіне бұрылады:
Сақ жұртының бізге жеткен даңқы бар,
Ар-намысын таптатпайтын салты бар.
Әлде содан, әлде билеп қаталдық
Скил патша басын неге шаптыңдар,
Қандай кінә тақтыңдар?
Сақданагөйі:
Айтсам егер, жапты маған жала дер,
О, кемеңгер, өзің жауап ала бер.
Абыз (Скилге):
Скил десеқалың Сақты
Ала бөтен кек кернеп,
Неге сені кінәлайды
Сатқын деп?
Скил:
Қағаның бар, ғұламаң бар,
Ақ тер боп,
Тек сол үшін аштыңдар ма
Бүгін сот?
Абыз:
Ұлдан намыс кетсе,
Рухы құл болар.
Қыздан намыс кетсе,
Ар-ұяттан құр болар.
Байдан құт қашса
Атпай-шаппай тақырланар
Құлдан бетер пақырланар.
Патшадан намыс кетсе
Елінің тауы шағылар
Тірек таппай сабылар.
Егескен жауы басынар
Тізгіндеуге асығар.
Қағандардың күнәсін
Сондықтан халқы кеше алмас.
Рухын сатқан, ант атқан
Төренің соңы сергелдең
Түйінін кешсе - шеше алмас.
Солай, Скил,
Айтқан сөзге тұрақта
Жауабың бер сұраққа.
Скил: (Тәңірқұт пен Абызға алма-кезек қарап):
О, Тәңірқұт! Қағандардың қағаны!
Уа, Абыз! Даналардың данасы!
Қара емес дара едім, текті едім,
Топастық пен надандыққа кекті едім,
Тұрпайылық қайнататын қанымды,
Ашытатын жанымды.
Тағылықтың түбіне бір жетпек ем,
Жабыны – тұлпар, қарғаны – сұңқар етпек ем.
Ал пенделермәнісіне қарай ма?!
Түсінбеді алайда.
Берік болмай Скил берген антына,
Деді Грек үйір болды салтына.
Ұмытты деп Сақтың ата дәстүрін,
Абалады күні-түн.
О, жасаған, жаным үшін ақталман,
Сол жалаға арым менің қақталған.
Сақ данагөйі:
Әр сөзіңді ақиқатқа жанып айт,
Топасың кім? Наданың кім?
Ашып айт.
Скил (егесіп):
Кімдер бар деп талайтын,
Алақ-жұлақ қарайтын.
Жөн қумайтын анайы,
Ой қумайтын жабайы.
Кім балушы ед, Сақ болмай.
Сақ данагөйі (сұрланып): Тоқтат! Доғар!
Скил (одан әрі егесіп):
Қолда найза, қарақшы,
Қан іздеген шетінен.
Алған беттен қайтпайды
Ет кессең де етінен.
Аш бөрідей сабылған,
Алба-жұлба ұсқынсыз.
Жендет болып шығады
Құрсағынан ұл мен қыз.
Спитамен (сөзін аяқтатпай жағасынан ала кетеді):
Өшір үніңді!
Скил (бұлқынып босанып):
О, Жаратқан! Оята гөр мыналардың санасын,
Мен оздырмақ болдым Сақтың жұртта қалған баласын.
Сөйлесе ол гректердің білім қонған тілінде,
Өркенді ұл болмас па еді шөлі қанған ілімге.
Құрым үйін қалдырып сол күн қақтаған далаға,
Көшіп қонса Афинадай көз қуантқан қалаға,
Сол қаланың бекзатындай салтанатты киініп
Жарылқа деп Грекия құдайына сыйынып...
Түсінбеймін,
Тәңір деген қайдан шыққан жаратқан?
Тәлімі жоқ елді аузына қаратқан.
Зевсті айт, міне нағыз құдірет,
Арейя мен Гермеске
Мәңгібақи құрмет!
Отыра қалып әлгі айтқан құдайларына сыйына жөнеледі. Спитамен қылышын суырып ұмтылады. Тәңірқұттың сақшылары екі араға тұра қалады.
Тұмар ханым (бес қаруы бойында, ортаға шығады):
О заман да, бұ заман,
Сақ дәстүрін сатқан емес ұлдары,
Сатқан емес күңі мен де құлдары.
Әрбір таңы айбарланып ататын,
Сақ намысы жалын атып жататын.
Сезілгенде қауып-қатер ызғары,
Құрыш болат құрсанатын қыздары.
Қалқан етіп жүрегін жау оғына
Күйіп-жанып ар-намыстың шоғына
Сақ батыры айғай – ұран салатын
Сұғынған жау баудай түсіп қалатын.
Ал мына ез
Ата жұртты кем көріп,
Жібермекші Афинаға өңгеріп.
Тілін сатқан, ділін сатқан сұмырай
Тоқтамаймын құрымай!
Айналаға есесіздене қарап ыңыранған Скилге садағын кезенеді.
Тәңірқұт:
Тоқта, Тұмар! Тоқта Сақтың аруы,
Садақ емес ұлы кектің қаруы.
Скил (Тұмар ханымға қарап):
Қай дәстүрді айтасың?
Далада аңша жортқызған,
Асыңды ат үстінде қортқызған.
Күркеден басқа пана жоқ,
Не қорған, не қала жоқ...
Алдыңдағы малдың құлысың
Бүйткен салтың құрысын.
Платонға бұрылып:
Айтшы Платон ғұлама.
Жерде адам баласы,
Тау-тасы, байтақ даласы,
Табысып бәрі бір тілде,
Жарасса егер бір дінде,
Айналса бір халыққа,
Мына ашкөз дүние
Түспей ме сонда қалыпқа?
Платон (ортаға шығып):
Байлам айту оңай ма
Сақтың еркін ұл-қызына.
Басына бұлт қондырмайтын
Көк тіреген шың-құзына.
(Тұмар ханымға):
Айтшы Сақтың текті қызы,
Жасықтар мен пасықтарға
Алдааспандай кекті қызы.
Кирмен болған сол соғыста
Сарбаздардың қанын неге төктірдің?
Өр парысының басын кесіп
Қанға неге бөктірдің?
Тұмар ханым:
Ата-бабаның үмітін ақтау үшін,
Сақ жұртының елдігін сақтау үшін,
Дұшпанның рухын таптау үшін,
Қорлықтың өртіне қақтау үшін.
Ұрпағым
Халқының ерлігі мен өрлігіне
Сестеніп тұруы үшін,
Алыс-жақын жауықпай
Сескеніп жүруі үшін!
Платон (Спитаменге):
Жаралған ащы қаһардан,
Ей, жойқын қаһарман!
Атақты Александрдың
Әскерін шөлде көмгенде,
Өзің де сонда өлгенде –
Ажал деген тажалға
Қайрап салған не еді?
Жанартаудай жарқылдап
Қайнап салған не еді?
Спитамен:
Македонияның сол бір есері
Бізге де тиіп кеселі
Сақ елінде ойран салмақ болғанда,
Аждаһадай жаланып
Жаулап алмақ болғанда,
Ұлы Дала ұлдары
Жері үшін жанын садаға ететініне
Өлім дегендіұмытып кететініне
Өресі жетпеді,
Бастаған жағыма беттеді.
Платонға марқая, масаттана қарап:
Азынаған шөлде
Өздерін Тәңірге балағандардың,
Бәрінен артық санағандардың,
Шыбын жаны шырқырағанын көрдім,
Бірі шошқадай шыңғырып,
Бірі итше ырылдағанын көрдім.
Кеше ғана құдайдай құрметтеген патшасын
Қарғағанын көрдім,
Шөлден ісіп-кеуіп
Зарлағанын көрдім.
Сақтың Ұлы Рухы сонда
Айбынын асырып тұрды.
Аспандағандар мен асқақтағандардың рухы
Оған басып ұрып тұрды.
Жаудың қылышы мені тураса да
Тураған жоқ.
Жүректе – жан, бойда қан қураған жоқ.
Дұшпанның жасыған жүрегіне
Мендегі Сақтың ұлы намысы
Сүр жебе болып кірш-кірш қадалып жатты.
Жан-дүниесіитше таланып жатты.
Александр
Сар даланың самалы аймалаған
Қан-қан денеме қарап айқай салды.
- Уа, Сақ елі!
Атпай-шаппай әзірейіл болып төндің ғой,
Ай далаға тірідей көмдің ғой.
Халықтың қайсар рухын
Қан тілеген қаһарлы қылыш та шаппайды екен,
Бір ұлы бір қосын боп
Қара ормандай қаптайды екен.
Мен – даңқты Александр -
Өлгендердің азап-мұңын жүрегіммен кешіптұрып,
Алтын дулығамдыкүйінішпен шешіп тұрып,
Айналып өз арымның құлына.
Тағзым еттім
Сақтың заңғар ұлына
Тұмар ханым (сүйініп):
Даңқың артсын, Спитамен айбыным,
Жайып салып елге деген
Махаббаттың айдынын,
Ұлт намысын
Жауға от қып аттыңдар.
Ойда жоқ – ты
Бір заманда сатқындар
Ие болып таққа,
Түкіріп басына қонған баққа
Елін төмен санайтынын
Жауша талайтынын.
Спитамен:
Мен жанымды пида еткенде,
Сақ еліне ие болып қалғандар,
Ел тізгінін өз қолына алғандар,
Ант атып
Туған елдің тілін сатады дегем жоқ,
Елжіреткен дінін сатады дегем жоқ.
Тәңірінің қаситетінен нәрленген
Қанын сатады дегем жоқ.
Арынан соң аяулы
Жанын сатады дегем жоқ.
Көкте күннен жаралған,
Жер-жаһанға ғибраты таралған
Патшаларға лайықты
Төрін сатсын дегем жоқ.
Күңірентіп аруақты
Көрін сатсын дегем жоқ.
Намысын жатқа таптатып
Арын сатсын дегем жоқ.
Бетіндегі арудың
Әрін сатсын дегем жоқ.
Өткені мен ертеңін -
Бәрін сатсын дегем жоқ.
Платонға қарап Скилге сұқ саусағын кезейді:
Ей, ғұлама!
Мынаны бар қызығынан тұл етіп,
Алшы өзіңе құл етіп.
Платон:
Ұл болып жарытпаған,
Құл болып та жарытпас.
Сақ данагөйіне қарап:
Ағаштың діні тамырынан,
Халықтың ділі тарихынан нәрленеді.
Рухына не әр береді?
Сақ данагөйі:
Тәңірі дарытқан тілі емес пе,
Иманды еткен діні емес пе,
Адалдыққа берген анты емес пе
Ата-баба салты емес пе?!
Платон:
Тілінен айырылғандар,
Дінінен кері қайырылғандар,
Салтын сатқандар,
Анты атқандар,
Тарихтың алдында
Күнәға батқандар,
Адамзат болып оңдырмас,
Құдай да оны болдырмас.
Скилге қарап:
Ей, Скил!
Дін мен дін түсінесе алар –
Бірікпес.
Адамды аздырғаны өшіп тынар.
Тіл мен тіл ұғыса алар
Кірікпес.
Киесін жоғалтқаны
Ғайыпқа көшіп тынар.
Жағалай қарап:
Түсінген шығарсыңдар
Айтылған сөздің ауанын
Осы менің жауабым.
Скил (Платонға):
Жөн сөз десе жағы семіп қарысқан,
Қалай ғана деп жүр сені данышпан?!
Тұмарханымға аярлана қарап:
Сендер мені, мен сендерді
Түсінуден кеткенмін.
Күндей берсін күндейтіндер
Дегеніме жеткенмін.
Масаттана шалқып:
Афинаның бақшасына сарай салдым қатырып,
Сол сарайда отырушы ем шараппен таң атырып.
Алтын-күміс шашып жүріп талай-талай тойлағам
Грекия сұлуының қызығына тоймағам.
Ессіздене жұлынып:
Бүлк етпес ем патшалық
Афинаға қопарыла көшсе де.
Сақтың аты жоғалып
Мәңібақи өшсе де.
Тұмар ханым (семсерін суырып):
Сенің басыңды шапқандар,
Жайыңды солай тапқандар,
Қаталдыққа бармай аса
Кесіпті ғой оңай жаза.
Аламын да жүрегіңді суырып,
Итке берем қуырып.
Өңі қашып қалтыраған Скилге қарай жүреді. Тәңірқұт тағы да тоқтатады.
Тәңірқұт:
Ей, Тұмар! Ханымсың ғой ақылды,
Пенделердің үкімі – үкім емес ақырғы.
Соңғы жаза берсін оған Тәңірім,
Сабыр қылып күтейік біз әмірін.
Қатты дауылдың гуілі естіледі. Ерсілі-қарсылы сенделіп аласұрған Скилді құйындай үйіріп, дөңгелете жөнелді.
Скил (дөңгеленіп бара жатып жанұшара айғай салады):
Жалғыз мен бе қарғыс атқан,
Анахарсисте дінін сатқан!
Тұмар ханым:
О, әзәзіл сұмырай!
Өзі ғана құрымай,
Замандасын ауызға ап
Бара жатыр бауыздап.
Дауылдың гуілі күшейеді. Долы жел ысқырына азынайды. Скилдің ащы айғайы құлақ тұндырады.Сахнаның түпкірінен жарқ етіп жалын көтеріледі. Сақ-сақ күлген, аш қасқырша ұлыған, қорқырағанзәрлі үндер төбе құйқаны шымырлатады.
Тылсым дауыс:
Тұмар ханым!
Кек алмадым деп күйінбе,
Скил сатқын сол күнәһар күйінде,
Мәңгілік азапқа кесілді,
Тағдыры солай шешілді.
Әлгі зәрлі үндер одан әрі өршиді. Сол көп үннен де тылсым дауыс о дүниеден шыққандай күңірлейді.
Тылсым дауыс:
Зұлымдықпен бауырынан жарағандар,
Халыққа тобыр деп қарағандар,
Елді аяусыз қанағандар,
Адамды адалдығы үшін қинағандар,
Қағынып қара жерге сыймағандар,
Жалған ант ішкендер,
Түбінде құтқарам деп қара басын,
Тәңірден кешірім сұрамасын.
Ей, қауқарсыз пенделер,
Алшаң басқанға да,
Асып тасқанға да
Кез келеді сенделер!
Екінші бөлім
Сахна қараңғыланып, әлден соң Кир мен Тұмар ханым көрінеді. Екеуінің жанында бекзадалар, сарбаздар...
Кир:
Білесің ғой Парсы елінің қуатын,
Парсы елінде кілең алып туатын.
Ал олар –
Шабам десе – шабатын,
Қырам десе – қыратын!
Ар жағында – арғы әлем,
Бер жағында – бергі әлем,
Төрткүл дүние ығатын.
Тұмар:
Осы ма еді, бүгін маған ала келген сәлемің,
Жеткенсің бе, Сақ елінің үркітуге әлемін?
Кир:
О, патшайым, өрлігіңді жасырмай,
Тұрасың ғой, басыңнан сөз асырмай.
Күш көрсету емес еді мақсатым,
Менің саған айтар сөзім басқатын.
Тұмар: Айта бер.
Кир (әрі-ері жүріп, бөгеліп):
Сабырменен құлақ салғын сөзіме,
Мен талайдан ынтық едім өзіңе.
Өтінемін Тұмар ару жарым бол,
Намысым мен арым бол.
Жігерім бол, барым бол.
Тұмар (шамдана жалт қарап):
Сыйғыза алмай жүрген бойға қуатын,
Жүрген елде ана жоқ па
Мендей бір қыз туатын?
Кир:
Жаратқан ғой асылдарды
Жасықтарға кекті ғып.
Жетпей жүр ғой маған Тұмар
Дәл өзіңдей тектілік.
Тұмар:
Қонбағанмен саған сол бір тектілік,
Жаратыпты су жұқпайтын епті ғып.
Қылышын қынабынан суырып алады. Кир сескеніп кері шегінеді.
Тұмар:
Ел мен ел болып жарасуға
Ақылың жетпейтін болған соң.
Бетпе бет шайқасуға
Батылың жетпейтін болған соң,
Бұзуға сақтың қамалын
Осы ма тапқан амалың?
Кир:
Күдігің мен ашуың жүреді екен тарамай,
Қалай айттың, Тұмар ханым, көңіліме қарамай.
Тұмар (шыйрығып):
Сақтың патшайымы –
Еліне алыс, алысқа жақын болады дегенді,
Тағын тастап парсыға қатын болады дегенді,
Тұмар заңғар аласарады дегенді
Елінің жүрегіне жара салады дегенді,
Парсы патшасының көңілін қайтаруға
Батпайды дегенді,
Антынан аттайды дегенді,
Салтыңа бас ұрады дегенді,
Құдайыңа иіліп тұрады дегенді,
Жаттың намысын қайрайды дегенді,
Алашұбар тіліңде сайрайды дегенді,
Қайдан естідің?
Кир:
Кеттің Тұмар алысқа
Неге тидің намысқа?!
Тұмар:
Ей, Кир!
Кір келтірмей шыққан арғы затыңа,
Лайық болу керек еді
Патша деген атыңа.
Сен менімен бірге алып елімді
Сындырмақ ең белімді.
Мұның түбі не боларын
Терең ойлап жатпадың
Намысымды таптадың.
Жанындағы сарбаздарға бұрылады да Кирдің ертіп келген бекзадаларын көрсетіп:
Мыналардың киімі сыпырылып алынсын,
Кеудесіне Сақтың таңбасысалынсын!
Кир (ышқынып):
Тоқта! Тоқта!
Мұның сұмдық зорлық қой,
Мәңі естен кетпейтұғын
Қорлық қой!
Сарбаздар парсы бекзадаларын ала жөнеледі. Сәлден соң олардың жанұшырған даусы естіледі.
Тұмар:
Сақ секілді ұлан елмен,
От жүректі ұран елмен,
Ойнауға болмайтынын,
Ойнағанның түбіне
Жетпей қоймайтынын
Білерсің!
Құдайыңнан Тұмардың
Қаһарына ұшырамауды тілерсің!
Сахна қараңғыланып, түрлі түсті сәулелер мың құбылады. Кернейлер салтанатты ырғақты әуелетеді.
Абыз (Сахнада жарық пайда болғанда):
Содан бері Тұмар ханымның өр даусы
Сақ көгінен өшпей келеді,
Елінен бақ-дәулет көшпей келеді.
Ей, пенделер!
Қаперіңе алып қой,
Әлімсақтан анық қой:
Артық туған асылдардың,
Өмірі де ұлағат
Өлімі де ұлағат.
Сахна күңгірттеніп, сәлден соң қайта жарық түскенде Кир мен Спаргапис көрінеді. Тұтқынға түскен Спаргапистің жыртылған киімінің әр жері қанға боялған. Кир жортуылда алып жүретін жеңіл тақтың үстінде Спаргаписке шекесінен қарайды.
Кир:
Мойындаймын, ер екенсің білекті,
Мыңмен жалғыз шайқасатын жүректі.
Жүз сарбазбен бір қосынды жаусатып,
Кеттің біздің алғы шекті қаусатып.
Қалың қолмен арыстанша айқастың,
Аттан құлап жығылғанша шайқастың.
Бірақ, бірақ не шара,
Қолға түсіп
Болып тұрсың бейшара.
Спаргапис:
Өкінішті қолға түсіп қалғаным,
Қапылыста байлап-матап алғаның.
Кир:
Ия, Спаргапис!
Өкінішті,
Басыңнан бүгін сенің бағың ұшты.
Тағына шалқалап қарқылдайды.
Спаргапис:
Дәмеленбе сағым менің сынат деп,
Айбарым мен қаһарымнан ығат деп.
Жаңылмаймын Сақтың ерлік жолынан,
Мен өлмеймін әсте жаудың қолынан.
Кир:
Қажет емес
Маған тізе бүккенің.
Ол емес қой
Менің сенен күткенім.
Орнынан тұрып Спаргаписті айналып өтеді де, тағына қайта отырады:
Шыққан тегің асыл – ды,
Сындырмайын сағыңды.
Баһадүр боп мыңдыққа
Сынағайсың бағыңды.
Берем саған мың сарбаз,
Кілең сайдың тасындай
Парсы әскері алыдында
Жарқылдап жүр жасындай.
Жеңген күні Сақ елін,
Жон терісін ұлтан ғып.
Қоям сені сол елге
Салтанатты сұлтан ғып.
Спаргапис (Кирге қарай жүргенде қарулы сарбаздар жолына тұра қалады):
Сен анам мен Сақтың еліне,
Жасап солай ақырет,
Өлтірмек екенсің ғой
Бір емес әлденеше рет?!
Кир:
Әуре болып қайтесің,
Аңша жортқан Сақ үшін.
Қарманып қал онан да
Ей, ақымақ, тақ үшін.
Спаргапис:
Жаудың дулығасын кигенше
Басымды шауып тастағаным жақсы.
Өмірді о дүниеде
Қайта бастағаным жақсы.
Солай жасамасам,
Тұмар анадан тумай кетейін.
Сақтың кегін қумай кетейін.
Мен ана сүтімен бірге
Елдің намысын жанып емгенмін.
Шөлім әбден қанып емгенмін.
Елдің кеткен кегіне қуырылғам,
Қорамсақтан
Сұржебе болып суырылғам.
Туымды жығып
Парсы бола алмаймын.
Көкте тәңір, жерде халық
Қарсы бола алмаймын.
Еліңді сатсаң –
Өзің сата бер.
Айтарым осы – ата бер!
Кир (Тағынан атып тұрып, қылышын суырып алады да, өзін өзі сабасына түсіреді):
Ей, міскін!
Құдайың бар-анайы,
Елің бар-жабайы.
Шеттеріңнен дүлейсіңдер.
Ал, біз –
Жаратқанның қалаулылары мен санаулылары,
Жерді тағылардан тазалаймыз.
Наданды надандығы үшін
Дүлейді дүлейлігі үшін жазалаймыз.
Мына жарық дүниеде
Айрықша жаратылғандар ғана қалады
Жаһанның тағдырын
Қолына алады.
Соған жету – парызым.
Айтып қал, болса арызың.
Спаргапис:
Егер сенің құдайың
Біреуді тұлпар, біреуді есек десе,
Парсыны асыл
Сақты жасық деп есептесе,
Ондай оңбай алжасты,
Мұндай құдай
Құдай емес албасты.
Ертең Сақтың қырандары,
Арыстанға айналып,
Шыққан кезде
Бес қаруын сайланып,
Мына сенің
Қалар тілің байланып.
Кеше түнде түсімде,
Менің қасиетті анам,
Төбесінде көмкеріліп көк аспан,
Ал қолында алдаспан,
Тау басында тұр екен
Парсыларға ақырып.
Сенің шабылған басыңды
Өз қаныңа батырып!
Кир (жұлына ышқынып):
Мынаны дарға асып тастаңдар!
Етін кескілеп
Ит-құсқа шашып тастаңдар!
Спаргапис (жабыла кеткен сарбаздарды лақтырып тастап):
О, туған ел!
Жаңылғам жоқ сенің даңқты жолыңнан,
Сақтың ұлы
Өлмес жаудың қолынан!
Шалбарының балағына жасырған кездікті суырып жүрек тұсына қадайды.
Он сан дабыл сахнаны қаңқырата қағылады. Аспан айналып жерге түскендей шатырлайды.
Тылсым дауыс:
Тұрыңдар! Тағзым етіңдер!
Олар бұ дүниеде
Ерліктің шыңына жетті.
О дүниеге
Қайта оралу үшін кетті.
Тәңірінің биігінен
Бәрін көріп жүреді.
Жақсы-жаманды
Жүрегіне өріп жүреді.
Күндердің бір күні
Пәктігің үшін тұғырыңа қоюға келеді.
Күндерің бір күні
Иттігің үшін көзіңді жоюға келеді.
Тағзым етіңдер!
Дабылдың даусы күшейе береді. Қыранның саңқылы, аққудың сұңқылы алма-кезектенеді. Тұлпардың дүбірі анық естіліп, бірте-бірте алыстай береді. Сахна қараңғыланып барып қайта жарық түскенде бөлім басталған сәттегі көріністі көреміз.
Абыз:
Анахарсис!
Тарихтың осы ауыр күндері,
Ауыр да болса, тәуір күндері,
Қай-қайдағыны қозғаған шығар?!
Жазалы жүректер
Ботадай боздаған шығар?!
Анахарсис:
Тарихтың ауыр күндері көп пе?
Тәуір күндері көп пе?
Кім білген?!
Дүниеден озғандардың
Жақсылық жасаған сауаптысы көп пе?
Жамандық жасаған жауаптысы көп пе?
Кім білген?!
Өткен өмірде
Ар-ұятын оздырғандар көп пе,
Озбырлықпен
Маңайын тоздырғандар көп пе?
Кім білген?!
Құдай емес адамбыз,
Көре алмаған алысты.
Біреулер ез,
Ал біреулер намысты.
Пендеміз ғой, пенделер
Болмай қоймас жазалы.
Қайдан көрдің
Сүттен ақ, судан тазаны?
Абыз:
Анахарсис!
Пенде адасса – өзінің соры,
Би адасса – ақиқаттың соры,
Хан адасса – халықтың соры,
Үшеуі бірдей адасса не болмақ?
Хан қайырылып қараған,
Би аузына қараған,
Жұрт алдынан тараған
Данышпандар адасса не болмақ?
Анахарсис:
Хан адаспай – би адаспас,
Би адаспай – пенде адаспас.
Үшеуі бірдей адасса,
Елдіктің жойылғаны
Тарихқа нүкте қойылғаны.
Ханға кеңес беруге жараған,
Би аузына қараған,
Жұрт алдынан тараған,
Данышпан адасса –
Екі дүниені жалғаған
Рухтың қанаты қайырылғаны.
Адаспағаны қалмаған елдің
Ақыл-естен айырылғаны.
Абыз:
Онда сен
Рухтың қанатын қайырған екенсің ғой,
Елді ақыл-естен айырған екенсің ғой?!
Анахарсис:
Ей, Абызым!
Бүгін мені етпексің бе күнәһар?
Ашып айтшы
Менде қандай кінә бар?
Сахна қараңғыланып барып қайта жарық түскенде, орман ішінде пұтқа табынып жатқан Анахарсисті көреміз. Пұт оның өз бейнесінде жасалған.
Анахарсис: (өз бейнесіндегі пұтты айнала бүлкілдеп зікір салады):
Ай мен Күн, жапандағы түз де құдай,
Суық қыс, жайсыз көктем, күз де құдай,
Өзен-көл, төңкерілген сең де құдай,
Ғаламның сырын білген мен де құдай.
Уһ! Аһ!Уһ! Аһ!
Тәңір егер шын болса,
Жалған құдайларды неге жоя салмайды,
Әділдікті тағына қоя салмайды?
Жалған да жалған, жалған-ай!
Тәңірден көңіл қалғаны – ай!
Уһ! Аһ! Уһ! Аһ!
Анахарсистің аң аулап жүрген, белдіктеріне қаз-үйрек, қоян байлаған, қылыш, садақ асынғанекі інісі үстінен түсіп, сілейіп тұрып қалады.
Тете інісі (сыбырлап): Мынау Анахарсис қой.
Кенже інісі (бұқпантайлап): Соның өзі.
Тете інісі: Аласұрғаны несі? Жынданғаннан сау ма?
Кенже інісі: Көзіне түспей аңысын аңдиық.
Анахарсис(қалшылдап):
Тәңір елес -
Санада емес қиялда,
Қиял жетпес қиянда.
Ал жердегі құдайға
Қарасаң көзің жетеді,
Айтсаң сөзің жетеді.
Ей, Сақ елі!
Мен жердегі сол құдіретпін!
Данамын! Мейрімдімін! Құрметпін!
Уһ! Аһ! Уһ! Аһ!
Тете інісі(Анахарсистің өзін бейнелеген мүсініне қарап):
Анау не? Әлде құбыжық?
Қойыпты шекпен кигізіп.
Шатысқаны несі
Тәңірге тіл тигізіп?!
Кенже інісі:
Мынаны Тәңір атып тұр ғой,
Өзін құдайға теңеп
Күнәға батып тұр ғой.
Анахарсис (үдей түсіп):
Ана Тәңірлерің -
Мен бәріңді қорғаймын деп
Алдап келеді.
Ал адамдар
Бірінің қанын бірі
Жалдап келеді.
Ел мен ел,
Жер мен жер итше талсауда.
Рухтан адам,
Адамнан рух адасуда.
Осы ма Тәңір жақсылығың?
Жақсылық емес бұл –
Бақсылығың.
Ал мен, Анахарсис!
Әлемде теңдік орнатамын,
Адам-адамға
Ел-елге жау болмайтын
Кеңдік орнатамын.
Уа,мен ғаламның
Жаңа иесімін.
Батыс пен Шығыстың
Терістік пен түстіктің
Киесімін
Уһ! Аһ! Уһ! Аһ!
Кенже інісі (шошына қынжылып):
О, Жасаған!
Кешіре гөр сорлыны
Ақылынан алжасқан.
Жерге сыймай ақыры
Көк Тәңірмен арбасқан.
Анахарсис (Пұт секілді өз мүсінінің жанындағы ағашқа ілулі тұрған дабылды алып даңғырлатып):
Қылмысқа кім кінәлі?
Ақылсыз адам ба?
Ақымақ қып жаратқан ғалам ба?
Тәңір әділ болса,
Жасатып алып күнәні
Неге жазғырады,
Жо... Жоқ
Адамды адам емес
Тәңірдің өзі аздырады.
Бірінің көрін біріне қаздырады.
Уһ! Аһ! Уһ! Аһ!
Тете інісі (Түршігіп):
Сұмдық-ай!
Мынау Анахарсис пе,
Әлде ібілістің бірі ме?
Қашан ғана айналып жүр
Жын-сайтанның піріне?
(Інісіне бұрылып):
Жан қыйнаған сауал бар,
Бұған қандай зауал бар?
Кенже інісі (дал болып):
Ғұламаға үкім айтар кім едім,
Жауабым жоқ, білмедім.
Анахарсис (дабылды үсті-үстіне қаңғырлатып лақтырып тастап):
Жалған құдайлардың
Елді азапқа салуы тоқтайтын болады.
Дәуірлеген күндерін
Азынап жоқтайтын болады.
Мүсінін шырқ айнала жүгіріп қалт тоқтайды:
Ей, қараңғылар!
Наданда амал жоқ қой қайран қылар.
Мен сендерді
Екі дүниенің қызығына қандырамын,
Өлгенді тірілтіп
Сөнгенді қайта жандырамын.
Тәңір екеніме нандырамын.
Екілене шалықтап:
Он сегіз мың ғаламның
Осы ендігі әмірі.
Анахарсис жалғанның
Болды жаңа тәңірі.
Лақтырып тастаған дабылын қайта алып даңғырлатып:
Жарқыраған күнге серт
Тұнжыраған түнге серт
Шыр айналған жерге серт,
Жер қорыған ерге серт.
Арқыраған селге серт
Селдей аққан елге серт!
Орманды жаңғырықтыра айғайлап:
Жаңа өмір жаратушы,
Әлемге бақ таратушы
Тәңір келеді!
Анахарсис келеді!
Тете інісі (кенже інісіне):
Сезесің бе -
Мынаның сөзіне
Елігетіндер табылады.
Тәңірін тәрк етіп
Желігетіндер табылады.
Шаңырағың шайқалып
Іргең сөгіледі.
Құдайларға таласқан
Елдің қаны төгіледі.
Мына әзәзіл,
Сақтың сеніміне
Құрық салмай тұрғанда,
Халықты
Қойдай қырмай тұрғанда,
Тоқтату керек.
Садағына жебені қондырып, Анахарсисті қарауылға алады. Адырнаны шірене тартып қалғанда Анахаристің алдына тұрыпүлгерген інісінің кеудесіне қадалады. Қапелімде не болып, не қойғанын білмей үрейленген Анахарсис тасадан шыққан тете інісіне қарап сілейіп қатып қалады.
Тете інісі (жан тәсілім еткен інісін құшақтап күйзеліп отырады да орнынан серпіле көтеріледі. Садағына тағы да жебе қондырады. Анахаристі нұсқап):
Тәңірім!
Мынаны
Еліне адал ғып туғызбадың ба,
Хақтың жолын қуғызбадың ба?!
Әйтпесе
Айтқаныңа көнетін,
Иесі үшін өлетін,
Қарғылы ит етпедің бе,
Түбіне солай жетпедің бе?!
Анахарсиске қарап:
Сенің жалған құдайлығың,
Әлегін сала келді
Құрбандығын ала келді.
Арқаладың күнәнің ең ауырын,
Өліп кетті сен үшін
Күнәдан пәк бауырың.
Мына сайқал уағызыңмен
Елдің есін тандырмай тұрғанда,
Санаңды сандалтқан жынды
Сақтың қанына қандырмай тұрғанда,
Үнің өшіуі керек,
Арбалған жаның
Ғайыпқа көшуі керек.
Анахарсисті атады, ол тәлтіректеп барып інісінің үстінеқұлайды.
Тете інісі (құлазып әрі ширығып).
Ей, Сақ елі!
Бауырыңды неге аттың деме,
Күнәға қалай баттың деме.
Мына сұмдықтан соң
Анахарсистің інісі боп
Жүре алмаймын.
Кешіріңдер,
Өмір сүре алмаймын.
Қылышын қынабынан суырып тамағын орып жібереді. Сахнада тағыда түрлі-түсті сәулелер құйындай үйіріледі. Шаңқобыз сарнап, қобыз күңіреніп, сыбызғы жүректі сыздатады.
Тылсым дауыс:
Ылаңсөзділер,
Жылан көзділер,
Сұмырай аталғандар,
Теріс бата алғандар,
Діні бар – дінсіздер,
Тілі бар – тілсіздер
Нәлет! Нәлет!
Сахнаға жарық түседі. Бастапқы көрініс.
Абыз (еңсесі түсіп кеткен Анахарсиске):
Айтарың бар ма?
Анахарсис құлазыған күйі күйі отыра береді.
Платон (Анахарсиске):
Афинада
Жеті ғұламаның бірі аталдың,
Өз еліңде күнәға қалай маталдың?
Анахарсис ауыр күрсінеді, бірақ тіл қатпайды.
Платон (оның қарсы алдына барып):
Галилео
Тәңірін даттаған жоқ,
Діннен аттаған жоқ,
Алайда
Құдайдың қағидасына адал болмадың,
Ғарышты теріс толғадың, -
Деп...
О, Жасаған!
Тірідей отқа тастаған.
Аспанның сырын ашқан,
Бірінен соң бірін ашқан,
Бруно да
Соның жолын құшты,
Күлі көкке ұшты.
Бұл –
Шіркеудің күнәһар пайымы еді,
Мәңгілік
Кешірілмейтін айыбы еді.
Сөкпе досым,
Ал сені
Жақтай алмай отырмын,
Еліңнің алдында
Ақтай алмай отырмын.
Анахарсис (орнынан зорға көтеріліп):
Платон сені сөкпеймін,
Қандай айып тақсаң да,
Шаңымды менің қақсаң да.
Тағдыры шешіліп қойылған,
Үкімі кесіліп қойылған
Екенімді бейшара
Білмеген соң не шара?!
Абыз:
Арея мен Герместі
Адам бола тұра құдайға айналдырғандардың,
Таққұмарлар мен баққұмарлардың
Көңілін солай жайландырғандардың,
Дерті жұққан ғой
Құдай бола алам деп ұққан ғой.
Анахарсис:
Не десең де мен дайын,
Белгілі ғой жағдайым.
Байғұс тұрып сөйлейдінің,
Шарасыз бұрып сөйлейдінің,
Кінәлі бұғып сөйлейдінің
Кері келіп тұр ғой,
Айыптаушының Құдайы беріп тұр ғой.
Абыз:
Анахарсис,
Залым жүрекке сұғып сөйлейді,
Күшті бетке ұрып сөйлейді,
Жалақор қармаққа іліп сөйлейді,
Жауыз етіңді тіліп сөйлейді,
Арсыз етегіңді түріп сөйлейді,
Залым жорта күліп сөйлейді,
Көргенсіз итше үріп сөйлейді.
Мен шындықты ашып сөйледім,
Ойымды бүкпей ашық сөйледім.
Кінәлі болмасаң –
Ақтап сөйлер едім ғой.
Адам мен құдайдың алдында
Жақтап сөйлер едім ғой.
Анахарсис:
Менің дымым құрып сөйлейтін,
Сенің салтанат құрып сөйлейтін
Кезің келген екен.
Абыз:
Жоқ, Анахарсис!
Қылмыстың жасып сөйлейтін,
Жазаның қамшы басып сөйлейтін
Кезі келді.
Шындығыңды жүрегіңді жарып айт,
Ар отына қарып айт.
Анахарсис (отырғандардың бәріне алма-кезек қарап, қабырғасы қайысып):
Менің пенде екенімді,
Тәңірлік қаситеттен
Кенде екенімді.
Атақ-даңқ ұқтырды ма?!
Хан да, қара да
Тік тұрды да,
Тәубадан айырылдым,
Көз алдымдағы әлемге
Қайта қайырылдым.
Қомағай құмарлықпен,
Құдайындай сезініп адамзаттың
Көкке самғап бара жаттым.
Еңсесі езіліп тұрып қалады.
Платон (қайтадан үнсіз тұнжыраған Анахарсиске, жағалай отырғандарға ойлы көзбен қарап шығып):
Ей, адамның баласы!
Бұйырса да өмірдің азы саған,
Мәңгілік өлмейтіндей
Аш өзегің неге азынаған?
Анахарсис (Платонға селк етіп қарап):
Грекия, Персия, Сақ даласы,
Өзен-көл, тау мен тасы, сай-саласы.
Ғұламалардың ғұламасына санап
Бірі Зевске, бірі Тәңірге балап
Атағым көкке заулап бара жатты,
Жүректі тылсым сезім жаулап бара жатты.
Бойымда жанартаулар сөніп-жанып
Хан-қара жүре берді ұсақталып.
Сәл үнсіздіктен соң:
Ғарышта қалықтап
Ұшып жүргім келді.
Бір күні Жер қызын,
Бір күні Хор қызын
Құшып жүргім келді.
Ақыры ерекше екеніме сеніп болған соң,
Құдайлық рухыма еніп болған соң,
Жүректі қүмәннан тазартып
Жайланбақ болдым.
Көктегі тәңірге
Айналмақ болдым.
Орманның қойнауынан
Ыңғайлы жер тауып алдым.
Тәңірілік бейнемді
Қарағайдан шауып алдым.
Мен күнде сол жерден табылатынмын,
Өзіме өзім табынатынмын.
Жерге сылқ етіп отыра кетеді.
Платон (өзімен өзі сөйлескендей):
Жер-жаһанды құрықтап
Алған адам қайда бар?!
Құдай түгіл мүмкін бе
Болу бізге пайғамбар?!
Анахарсис (тізерлеген күйі):
Елді уағызыма сендіру қалған еді,
Тәңірлік рухыма ендіру қалған еді.
Сақ данагөйі:
Бауырың ана сүтін
Ақтаған екен.
Жолыңды кесіп,
Құдай сақтаған екен.
Абыз (Анахарсиске):
Анахарсис!
Тәңірленген қапыңда қаласың ба,
Әлде күнәңді мойныңа аласың ба?
Анахарсис жүрегі қақ айырыла күрсініп іштен тынады.
Платон (Абызға):
Сезбейсің бе?!
Кінәсін мойындап
Тірілей өліп тұр ғой.
Тағылған айыпқа
Көніп тұр ғой.
Сақ данагөйі (Анахарсиске):
Тәңіріне қол салса,
Халық қалай кеше алар.
Сол күнәңнің түйінін
Ғарыш қана шеше алар.
Абыз (Анахарсиске):
Сала бермей талқыға,
Бір байламға келейік.
Мына соттың билігін
Хақ Тәңірге берейік.
Тәңірқұт(Анахарсиске):
Сені Тәңірім,
Даналықтың уызына жарытты,
Ерекше қабілет дарытты.
Сақ елін қолына алсын деді
Ғылымның жолына салсын деді.
Әлемнің кемеңгерлерімен кеңестірді,
Афина даналарымен теңестірді.
Тәңір болмай-ақ Тәңірдей едің,
Әмір болмай-ақ, Әмірдей едің.
Жүректі албастыға бұрдың да
Жібердің бәрін құрдымға.
Сақ пен Гректің
Асылдары жыйналып отыр,
Жаза кесе алмай
Қыйналып отыр.
Жақынның кесіміне
Сағың сынар.
Үкіміңді –
Өзің шығар!
Анахарсис:
Тәңірқұт!
Әміріңге құлдық ұрып тұрып,
Жүзімді хаққа бұрып тұрып –
Айтамын!
Тұмар ханым!
Қасірет қамытын киіп тұрып,
Өзіңе басымды иіп тұрып –
Айтамын!
Спитамен!
Жойқын қаһарман!
Ырзалықпен бүгіліп тұрып,
Бордайүгіліп тұрып –
Айтамын!
Спаргапис!
Сақтан туған асыл ұл,
Тұмардан туған жасын ұл,
Сені берген хаққа сыйынып тұрып,
Алдыңда қиылып тұрып –
Айтамын!
Бәріңнің-
Сақ елінің иесі деген,
Ар-намыстың киесі деген
Атың бар.
Күнәһармын –
Мені тағы атыңдар!
Сахнада түрлі-түсті сәуле қырық құбылады. Кернейлер күңіреніп, дабыл үздіксіз қағылады. Жылқы шұрқырағандай, түйе боздағандай,желазынап, албасты сақ-сақ күлгендей...
Тылсым дауыс:
Күнәһар деген аты бар,
Кешірмеңдер –
Атыңдар!
Жарық Абызға түседі.
Абыздың даусы:
Жаратқанның жүрміз ғой,
Әлеміне бойламай.
Жаза жалғыз болмасын
Әлі күнге ойламай.
Хан-төренің қылмысы,
Ұмытылмас, ей тақсыр!
Кезек-кезек соттайды
Алдыңдағы әр ғасыр.
Орнынан тұрып отырғандарды жағалап жүріп:
Ойлан, ойлан бәрің де,
Сұмдық емей немене?!
Қарғыс айтып жүрсе егер
Шөбере мен немере?!
Ей, халайық, біліп жүр –
Бәрімізді, бәріңді
Тәңір соты күтіп жүр!
Тылсым дауыс:
Ойлан, ойлан бәрің де,
Сұмдық емей немене?!
Қарғыс айтып жүрсе егер
Шөбере мен немере?!
Сахнада алай-түлей шу жаңғырығып барып бәсеңдегенде, жарық Тұмар ханымға түседі.
Тұмар ханымның даусы:
Мен үкілеген қыз болдым,
Абыройымды сақтадым.
Әйел болдым,
Әдебімді сақтадым.
Ана болдым –
Ұл өсірдім елім деген.
Қыз өсірдім жерім деген.
Таққа отырдым –
Адамды адам сыйлайтын болды.
Жамандыққа қыймайтын болды.
Тарих пен салтқа қанық болды,
Тұтасып халық болды.
Дау келді –
Дауға бермедім.
Жау келді –
Жауға бермедім.
Орнынан тұрып, Скилдің жанына барады. Өктем де өжет үнмен әр сөзін қадап айтады.
Ей, кері кеткендер,
Өз түбіне өзі жеткендер!
Жөргегінен жерігендер,
Жатқа майдай ерігендер!
Тақ берсе –
Туған елің бергенін,
Бақ берсе –
Туған жерің бергенін
Ұмытқан сәттен
Азғынға айналасыңдар,
Қарғыстың қазығына
Мәңгі байланасыңдар!
Сендерді –
Ұрпақтан ұрпақ
Жазғыратын болады.
Тарихтың қара тізіміне
Жаздыратын болады.
Тылсым дауыс(сахнаны жаңғырықтырып):
Ұрпақтан ұрпақ –
Жазғыратын болады
Тарихтың қара тізіміне
Жаздыратын болады.
Абыз бен Сақ данагөйі Тұмар ханымды екі жағынан қошеметпен демеп, Тәңірқұттың оң жағына алып барады. Тәңірқұт Тұмарға ілтифат білдіреді. Жарық Спитаменге түседі.
Спитаменнің даусы:
Жаттың салтына күйлегендер,
Елдің қайғысына күймегендер,
Бауырын бауырым деп сүймегендер –
Сендерге келешек тасбауыр!
Бетіне түкірсе төзгендер,
Жеріне түкірсе көнгендер,
Намысын терең көмгендер –
Сендерге тарих тасбауыр!
Орнынан тұрып, Анахарсистің жанына барады. Сабырмен әрі жазғыра:
Мақтауға шырайланғандар,
Құдай сыңайланғандар,
Айтқаны жалғандар,
Халықтан бөлініп қалғандар
Сендерге көкте Тәңір тасбауыр!
Кирге қарап:
Жау жоқта – жау іздегендер,
Дау жоқта – дау іздегендер.
Елін төмен санағандар,
Аш бөрідей талағандар.
Етін жеп –
Сүйегін кеміргендер,
Кемірген сайын семіргендер –
Сендерге адамзат тасбауыр.
Тылсым дауыс:
Бетіне түкірсе – төзгендер,
Жеріне түкірсе – көнгендер,
Намысын терең көмгендер,
Сендерге рух тасбауыр!
Платон мен Спаргапис Спитаменді қошеметпен Тәңірқұттың сол жағына алып барады. Тәңірқұт оған ілтифат білдіреді. Жарық Спаргапсике түседі.
Спаргапистің даусы:
Ризамын Тәңірге –
Ел үшін жарыла алатын жүрек бергеніне,
Намыс атты толағай тірек бергеніне.
Жаудың мерейін тасытпағаныма,
Анамның жігерін жасытпағаныма!
Орнынан тұрып халыққа қарап:
Қайран елім-ай!
Ерді туған соң
Езді неге туасың?
Ғалымды туған соң
Залымды неге туасың?
Дананы туған соң
Шаланы неге туасың?
Сондықтан –
Бір күні озасың,
Бір күні тозасың.
Скилдің жанына барады.
Ей, жасықтар мен пасықтар!
Сендер –
Тірі болсаңдар да өлісіңдер.
Біз –
Өлі болсақ та тіріміз.
Сатқынға үрей
Саңлақтың піріміз!
Сахнаны айналып шығып, Спитаменнің жанына тоқтайды.
Уа! Ерлікке шөлдегендер,
Қорлыққа көнбегендер,
Жалыны сөнбегендер –
Сақ шыңдаған,
Тасқа салса сынбаған.
Ғұн кегіне сайлаған,
Көк Түріктің қолында
Жасындай жайнаған –
Семсер намыстың туын жыға көрмеңдер!
Күн сөнгенше сөнбеңдер!
Спаргапистің даусы жаңғырығып жатқанда, Анахарсистің екі інісі Спаргаписті қошеметпен Тұмар ханымның жанына алып барады. Тәңірқұт оған ілтифат білдіріп, орнынан тұрады.
Тәңірқұт:
Жоғарыда көк аспан қолдаған,
Төменде қара жер қолдаған,
Ей, Ұлы Дала Ұлдары!
Семсер намыстың туын жыға көрмеңдер!
Күн сөнгенше сөнбеңдер!
Сахнада түрлі-түсті сәулелермен бірге құбылып жұлдыздар ағылады. Өткір сәуле бірде Тұмар ханымға, бірде Спитаменге, бірде Спаргаписке, драма кейіпкерлеріне кезек-кезек түседі. Көне даланың ескі әуені шалқып келіп, жігерлі әуенге ұласады.
Соңы.