Роллан СЕЙСЕНБАЕВ:«Жер тарпып кісінеші, Байшұбарым!»

ӘДЕБИЕТ
2853

I

Ақпанның соңғы күндері. Дала төсінен қар түгел еріп кетпеген кез. Батыстан үре
соққан салқын жел бар.
Көкшетаудан Астанаға тезірек жетуге асығып келемін. Кешке Алматыға ұшатын самолетке үлгеру керек. Алматыдан ары
Ноғайсібір, Владивосток, Благовещенск асу бар. Алпауыт Ресейді басып өту оңай емес.
Жолда Семейге тоқтап тоқсан үш жастағы шешеме сәлем берсем деген ой болған, оған уақыт шіркін мұрша берер
емес. Қайтар жолда еркінірек болармын деген тоқтамға келдім. Бұндай жедел ұшу
графигін үш рет операция жасаған менің жүрегім көтере бермейді. Бірақ, қимас,
адал орыс достарымның шақыруынан тар-тынып қалу сатқындық болатын. "Қыпшақ, біз сенің айтқаныңды екі етпейміз, ал, сен біздің шақыруымыздан бас тартуың не сұмдық?!.» десе өлім ғой.
Астана аэропортына уақытында келгеніммен, Алматыға ұшатын самолет алты сағатқа кешігеді екен. Құбылмалы Алматы ауа жайы белгілі. Маған тосудан басқа амал қалмаған.Астана аэропортының басында дем алатын қонақ үй сияқты мекен-жай жоқ. Мен екінші қабаттағы ресторанды бетке алдым. Қалың киімдерімді шешіп,жеңілденіп, жайланып отырдым. Ас мәзірін ақтардым. Көзіме жақсы виски түсті. Даяшы жігітті шақырдым, аты Данияр екен, ашылмаған вискиді әкеліп көрсетуін сұрадым.
– Ашылғаны бар, – деді Данияр.
– Оны өздерің ішіңдер. Маған ашылмаған виски керек.
– Мұз жоқ, – деді Данияр. Бұл оның мені ұнатпағаны еді.
– Балмұздақ бар ма? – деп сұрадым.
– Бар, – деді Данияр.
– Олай болса, жас жігіт, мен сенің қасыңда алты сағат отыратын болып тұрмын. Бір бөтелке виски, бес стақан балмұздақ әкел. Әзірге керегі бір балмұздақ.
– Шоколадты ма? – деп сұрады Данияр.
Бұл да қарсылық еді. Вискиге шоколадты балмұздақ келмейтінін даяшы жақсы
білетін.
– Кілегейлі. Қалғанын кейін көреміз, жас досым, – деп дауысыма жігер қосып
күлімсіреген болдым. Ұзақ жолдан шаршап қалғанымды енді ғана сезгендеймін.
Аяғымды созып жіберіп терең тыныс алдым.
Жарты стақан виски мен бір балмұздақ буын-буынымды қуалап кетісімен көңілді
ерекше бір мұң басты. Көкшетаудың университетінде кездесу өткізіп тұрып, Шоқан
бабамның Сырымбетіне, Абылай ханның алып алаңына, Ақан сері, Біржан сал, Балуан Шолақ бабаларымның басына бара
алмағаныма қорландым.
Бір туар Тектілердің басына апарып келейін, деген ел иелерінің, ел ағаларының
тілегі болмағанына да кейідім. Тағы бір жарты стақан вискиді жұтқанымда, жүрегімді тілгілеп Біржанның «Теміртасы» төгіліп берді дейсің. Маған енді бұ дүниеде осы әннен басқа түк те керегі жоқ еді.
Ұлы Көкшенің ұлы үндері, қайғылы өлеңдері кеудемді кеулеп бара жатты.

Теміртас, Асыл, Ақық балдан тәтті,
Қинауға салады екен адамзатты.
Үкідей желпіндірген, қарақтарым,
Шешсеңші, білегіме арқан батты.

Асыл Ақан серінің, мұңлы
Біржан салдың, батыр Балуан Шолақтың қуатты әндері «Нұрсұлтан Назарбаев» атындағы әуежайдың көгін тас-талқан қылды. Көкшенің әнін мен естімегелі қанша
уақыттар өтті дейсің, құдай-ау!.. Елден қара үзіп бөлектеу кетіп қалған адамның жүрегін туған топыраққа деген сағыныш кеу-кеулейді, жан тулайды, көзге ырғалып
келіп тіреліп тұрып алатын ыстық жастың, қартайған жүзіңде жылжи жүзіп бара
жатқанын кеш сезініп, кеш аңғарып қаласың.
Он алтыншы, он жетінші, он сегізінші, он тоғызыншы, жиырмасыншы ғасырлар қазақ әнінің, қазақ жырының қайғы мен мұңға толы тарихын кестелей жөнеледі-ау!..
Ол өлеңдерді, ол әндерді, ол дауылпаз күйлерді тыңдау қашанда ауыр. Ал, бүгінгі
былдыр шатпақ әндерді тыңдау мүмкін де емес.
Бүгін менің шала жансар далам да, бөлек.
Өмір бөлек.
Ой бөлек.
Мақсат бөлек.
Арман бөлек.
Заман өзге.

Салғаным ағаш үйге ызботты пеш,
Жаратқан мен пендеңнің күнәсін кеш.
Денеме кендір арқан жаман батты,
Қайдасың, Асыл, Ақық қолымды шеш.

Бұл ән емес, бұл таусылмайтын, түгесілмейтін қазақтың шерлі реквиемі еді.
Қайран, Біржан сал!.. Сенің салтанатыңа қуандық, ал, мынау азапты қорлыққа шыдай алмай жан ұшырдық.
Өмірлері өксікпен өткен қазақтың өнерлі өрендері-ай!..
Қайран, қан жылаған қазағым!..


ІІ

Жол сөмкемнен осы сапарда Көкшенің жас ақыны Қуаныш Оспанов сыйға тартқан жұқа кітапты алып шықтым да,беті ашылған жерінен оқи бердім.

Бүгін тағы бір үй көшпек ауылдан,
Бүгін тағы бір шаңырақ құлайды.
Қоңыр есік мәңгілікке жабылған,
Сықыр-сықыр жылап тұрған сыңайлы.

Бұл өлең мені әуелі таң қалдырған, соңынан жанымды жеді.

Немересі «балконды үйде тұрам» – деп,
Шапқылап жүр, думандатып маңайды.
...«Аруақтарға кім оқиды Құран», – деп,
Шал кемсеңдеп зират жаққа қарайды.

Жиырма бірінші ғасырда қазақтың жанын жеген мұңлы ойларды ақын інімнің жыр кітабынан тауып көңілім босады. Бір қарағанда көрікті жас жігіттің жүрегіндегі қапалы ойлардың, туған даласының төсіне ойлы өлең болып құйылғанына риза болдым. Бүгінгі талан-таражға түскен Дешті-Қыпшаққа жан берісер ұлдар мен қыздар, өжет ақындар керек еді.

Бұрын соңды шығармаған үні еді,
Мойнақ иттің ұлығаны обал-ай.
Ит те болса сезген шығар жүрегі,
Қойып еді итаяққа жоламай.

Адыра қалған ауылда ит қалып бара жатты. Жаһан Далада жалғыздық жатты еңіреп.
Сібірдегі орыстың майталман жазушысы Виктор Астафьев қатты науқасқа ұшырағанда, Овсянка поселкасына ұшып барып көңілін сұрағам.
Сырт пішімі қартайғандық, ауру жайлаған күй танытқанымен мұңлы көздерінде әлі де өшпеген от бар еді.
– Роллан, Аралды өлтірдіңдер. Даланы өлтіріп алмаңдар, – деді, әзер сөйлеп.
– Дешті-Қыпшақты өлтірсек өзіміздің де өлгеніміз ғой, – дедім. Ол басын изеді.
Мені қоштағаны еді.
– Роллан, ұлтымыздың нені жоғалтқанын екеуміз де білеміз, – деп Виктор ағам
түнерді. Басын көтермек еді, оған шамасы жетпейді.
– Тұрмаңыз, сабыр сақтаңыз, – дедім Виктор Петровичті иығынан құшақтап,
– Бәрін де білеміз, ұстаз. Орыс орманын, қазақ қасиетті Дешті-Қыпшағын жоғалтып
тығырыққа тірелді.
– Ең бастысы ар-ұятты өлтірдік, – деді
Виктор Астафьев.
– Ал, Құдай бұнымызды кешірмейді.
Алып жазушының көзінде мөлтілдеген кәрі жас тұр еді.
Бір айдан соң Виктор Астафьев о дүниеге аттанды.
Ал, мен неге екені белгісіз, әлі тірі жүрмін.


ІІІ

Даяшы Даниярды шақырып, ыстық шәй сұрадым.
– Сүтсіз бе?..
Ол маған әлі де ренжулі еді.
– Сүтпен, – дедім – Қазақ шәйді сүтпен
ішеді.
– Сіз сияқы нағыз қазақ.
– Маған бұртиып тұрғаныңа қарағанда, сен де нағыз қазақсың. Бар, ыстық шәй
әкел. Сүті көп болсын.
Данияр демдеп шәй әкелгенде:
– Інім вискиден тамызып тұр. Сағат неше болды өзі?.. – деп сұрадым.
– Аға, таңғы үш болды.
Жәйләп жан-жағыма қарандым.
– Адам қалған жоқ, – деді Данияр.
Тірлік танытып отырған Сіз ғанасыз.
– Нағыз тірлік танытып тұрған қазақтың өлеңі, – деп алдымдағы кітапты көрсеттім.
– Өлеңді ұнатушы ма едің?..
– Қай қазақ та ұнатады ғой.
– Онда кел, отыр. Бір өлең оқып берейін.
– Әуелі мен құйған вискиден дәм татыңыз.
– Оның дұрыс, Данияр. Көргенді жігіт екенсің-ау, өзі!..
Данияр маған күлімсірей қарап тұр еді.

Біз сендерді
қаламасақ та, қалаулысыңдар,
Қоясыңдар
Қашан бұл елді талауды, сұмдар?!
Сайланарда
қара халыққа жалпақтайсыңдар,
Сайланған соң,
кердеңдеп шалқақтайсыңдар?!
...Баса бермей
ағайындық пен таныстықтарыңа,
Неге асылып
қалмайсыңдар, ей,
галстуктарыңа?!

– Өлең қалай, Данияр бауырым?..
– Керемет екен. Маған ұнады, аға.
– Жастар шындыққа суарылған өлеңдер
жазуға кірісіпті. Тіршілік тауқыметі қазақ жастарының жандарын шүберекке түйді
білем...
– Жастарға не жетіспейді деп ойлайсыз, аға?
– Білім. Мәдениет. Намыс. Рух. Обал.
Борыш. Сауап.
– Көбейттіңіз ғой, аға.
– Ең бастысы, қазақтың болашағы дүдәмәл.
– Алматының рейсіне отырғызу басталды, – деген хабарлама естілді. Әйелдің да-
уысында шаршағандық бар еді.
– Данияр, мына бөтелкені өзіңе қалдыр.
– Әкеліңіз, тағы бір құйып жіберейін, аға.
– Рахмет. Осы жетеді. Әйтпесе, өзім де өлеңдетіп кетуім мүмкін.
Данияр күлді.
– Сіз ондай адамға ұқсамайсыз, аға.
Біз жылы қоштастық. Сол кезде Данияр
мені тағы тоқтатып:
– Аға, жарты бөтелке вискидің ақшасын қайтарайын, – деді.
– Керегі жоқ. Бұл менің саған қалдырған сыйым болсын, Данияр.
– Үш мыңын алыңыз, аға. Қуаныш ақынға табыстарсыз. Концерттік билеттің құны десеңіз, бүгінгі жастар түсінеді.
Мен күлдім.
– Рахмет, қолыңды қақпайын, жас досым. Бұл бизнес қой, солай ма?..
– Солай аға. Ақынның аты кім дедіңіз?
– Қуаныш Оспанов.
– Қуаныш нағыз ақын екен. Оған табыс тілеймін. Қорықпасын. Шындықты жырлауын тоқтатпасын.
– Нағыз жігіт сен екенсің. Қандастарыңа ылғи бақыт тіле. Аман бол, іні-досым
Данияр-жан!

 ІV

Самолетте ұйықтай алмадым. Қуаныштың телефоныма салған өлеңдерін оқыдым. Алматы әуежайына келіп түскенде, такси керек пе?.. – деген дауыстаршығып қалып жатты.
Орта жастағы жігіт ағасына:
– Сенің арбаңа отырайын, – дедім.
Ол қол сөмкемді лезде жұлып алып, алдыма түсіп жүріп кетті. Әуежайдан әудім жер өткен соң, жүргізушіге:
– Бір дүкенге тоқтап су алшы, – дедім.
– Алам, – деді жүргізуші. – Газбен бе,
газсыз ба, ағасы?
– Газсызы дұрыс болар...
Жүргізуші алған суық суды сіміріп жібергенде маңдайымнан бұрқ етіп тер
шықты. Бойымдағы түнгі виски толқи жөнеліп еді.
– Өлеңді жақсы көремісің? – деп сұрадым.
– Нені дейсіз, ағасы?..
– Өлеңді.
– Менің атам айтулы айтыс ақыны болған. Домбырасын қолынан түсірмей дүниеден өтті ғой.
– Қай жердің тумасысың?
– Қарқаралыданмын.
– Қаракесек болдың ғой.
– Дәл үстінен түстіңіз.
– Мен бір өлең оқиын, тыңдаймысың?
– Тыңдағанда қандай!

Арай, жаным, дегенде, арай, жаным,
Сенім артар қалды екен маңайда кім?
Бағы қайда қазақтың, таңы қайда,
Дана мұңға батты ғой, дала мұңға,
Басқа көшті бит қалмай балағымда.
Алпамыстың Жерұйық құт мекені,
Ұлтан құлдың қалмақ па табанында?!
........................................................
«Байсын» әнім дегенде «Байсын» әнім
Кемдігімді айтайын қай, шырағым
Алпамыс – Ел даусыңнан оянар ма,
Жер тарпып кісінеші, Байшұбарым.
Алпамыс – Ел, бір оян тағы да енді!

– Өлең-ақ екен, ағасы!.. – деп сүйсінді артына шұғыл бұрылған жүргізуші.
– Ұнады ма?..
– Ұнағанда қандай!
– Бұл өлеңді жазған Қуаныш Оспанов деген көкшетаулық жас ақын.
– Ініміздің өркені өссін! Сіз тілеуін тілеуші екенсіз ғой.
– Әлбетте! Көкшетауда көтеріліп келе жатқан жеті жас ақын бар екен, сол жетеудің бәрінің де тілеуін тілеп отырмын.
Бұлардың жетеуі де пәтер жалдап жүрген
жастар.
– Пәтер іздеп сандалудан осы қазақ қашан құтылады ағасы?..
– Қазақтың қамын ойлайтын қазақ әлі туған жоқ, бауырым! Қазақты ойлайтындар әлі бесікте жатыр.
– Сіз де айтады екенсіз, – деп жүргізуші тағы да артына молынан бұрылып маған түстей қарады.
– Жолға көз сал, бауырым...
– Саспаңыз, ағасы. Өлеңнің киесі ғой мені құтыртып отырған.
Көбейіп жүргенше мұң-налам,
Көшейін,
Қажытты сұр ғалам.
Бродский аңсаған қаланы
Қайда екен? Айтады кім маған?
Бұл адамзат баласын орта ғасырлардан толғандырған сұрақтардың бірі болатын.
Қуаныш аңсаған ауылды да, Иосиф Бродский аңсаған қаланы да біз қайтып
таппаймыз.
Ол адамзат баласы жетуді аңсаған арман ғана. Ол қаланы Аристотель де, Пла-
тон да, Әл-Фараби де іздеген.
Әл-Фарабидің «Ақылды қала» атты ғажайып кітабы да бар.
Адам баласы бақытты көксейді. Оны шарқ ұрып іздейді. Бірақ, таба алмайды.
Бақыт адам баласы ұмтылған ең биік мақсат. Ол қаланы біз бұл дүниеден таппаймыз. Ал, о дүниеде не барын біз білмейміз. Жеткізбейтін армандар, сұлулық тұнған
аралдарға ұқсайды. Мұхитты асықпай кезіп жүрген сол сұлу аралдар қайда екен-ай, ә?..
Алпамыс – Ел даусыңнан оянар ма,
Жер тарпып кісінеші Байшұбарым! –деп көкшетаулық Қуаныш ақын жанайғайға басып тұр. Бүкіл қазақ фольклоры қазақ
үшін Дешті-Қыпшақ үшін, Дала төсіне көтеріліпті. Дешті-Қыпшақтың батырларының басынан бақыт ұшып кеткелі қашан?!. Дешті-Қыпшақтың Ерлерінің бойынан ерлік қашып шыққалы қашан?!. Астындағы атынан ниет күткен, бұ не деген заманға күніміз түсті, Құдай-ау?!.

 V

Алматы ауруханасының терезесінен жауынды аспанға көз салып тұрмын. Қуаныш ақынның жаңа өлең кітабының қолжазбасы үстел үстінде жатыр. «Аспандағы Астра» жинағы Отанына да адал, махаббатына да адал жас жігіттің тынымсыз ізденіс аясын барынша тереңдете түсіпті.
Бұл жолы, Құлагер шапқан Далаға да, Көкшенің киесін сақтаған Бұқпа Тау мен Қопа көліне де жете алмадым.
Құдайдың сағаты соққанда оның да реті келер деген үмітке иек арттым.
Бұл жолы, Көкше елінен Қуаныштай таза, адал ақынды таптым. Бұл жолы,Қуанышпен бірге өлең өлкесіне сапарға шыққан алты өжет ақындардың өлеңдеріне де үңіліп үлгердім. Айлакер билік үстемдік жасаған XXI ғасырда Адам Жан тазалығы мен Ар тазалығын берік ұстануы қажет. Ойшыл Суреткер Даңқ пен Атаққа пысқырып та қарамайды. Даңғырлаған
Даңқ пен Айғайлаған Атақ Жынның сыйы.
Құдай қиған сый – талант, тереңдік пен парасатты ұстанады. Айғайлы жерде ақылдың аз болатынын Суреткер біліп туады. Сонан да Суреткер Билік жағында емес, Адам жағында, Жын жағында емес Құдай жағында.
Алмағайып өмір көшінде өзіңді де сатпа, өзгені де сатпа, өнеріңді де сатпа, Қуаныш-жан! Бар бол, бауырым, бар бол! – деп


Құдайдан Сенің тілеуіңді тілеген –
Роллан СЕЙСЕНБАЕВ.

25 маусым 2018 жыл
Жидебай,
Дешті-Қыпшақ даласы.

author

Роллан Сейсенбаев

ЖАЗУШЫ

Шоу-бизнес

Атақты продюсер Баян Мақсатқызы сұхбат барысында өмірінде өткен қиын кезеңдерімен бөлісті, деп хабар...

Жаңалықтар

Бүгін ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен Қ. Қуанышбаев атындағы Қазақ Ұлттық музыкал...