Садық ШЕРІМБЕК: Біздің әдебиет жай ғана ескі түсінікте қалып кетті...

ӘДЕБИЕТ
9165

Қазақ қоғамына әлеуметтік желілер арқылы "Ұлы шайқы" деген атпен танылған технократ Садық Шерімбектің "Жүз" атты кітабы әне-міне жарыққа шыққалы отыр. Қоғамның келеңсіздіктерін өзіндік формамен айта білетін, өзгеше ойлайтын жас жігіттің осы бір қуанышына ортақтасып, шағын сұхбат алған едік. Әңгімеміздің нобайы былай болды. Садық Шерімбек

- Кітабыңыз жарық көріпті, құтты болсын! Бұл Сіздің бірінші һәм соңғы кітабыңыз емес пе?

Жоқ, жазамын әлі. Негізі менің үш кітап жазу ойымда бар. Біреуі - әлеуметтік мәселелер туралы. Екіншісі – шығыс әдебиетінен аудармалар. Үшіншісі – ғылыми фантастикалық жанрдағы “Сана” деген кітап. Алғашқы екеуінің контенті дайын.

Әуелі, сол “Сананың” концепциясы дайын болды. Мен оған дейінгі екі кітапты жазам деп ойлаған жоқпын.

Негізінен өзім технократ адаммын. Айналысатын нәрсем - IT ғылымдары. Техникамен айналысып жүргеніме он жылдай уақыт болды. Бірақ, биыл темір-терсектен миымның кәдімгідей шаршағанын байқадым. Жалпы өз салама деген махаббат бар. Бірақ, өзің таңдаған саланың ішіндегі бір бағытты өзгерту керек қой. Ал,  IT саласында өзгеріс жасау оңай емес. Ол біраз оқуды, білімді, еңбекті қажет етеді. Сондықтан, биыл бір жылға демалып, таза шығармашылықпен айналысамын деп шештім. Оның үстіне, желідегі оқырмандарымнан “неге кітап шығармайсың?” деген сұрақтар көбейіп кетті. Сөйтіп, көктемде бір жинақ шығарсам деген ой болған. Бірақ, оған уақыт болмады. Өйткені, шеттегі жұмыстардың барлығын реттемейінше қол тимеді. Сөйтіп, осы жолы ғана мүмкіндік таптық. Үндістанға кетердің алдында алғашқы тиражын шығарып, тұсаукесерін жасап кетуім керек. Оның өзі осындағы қолдау білдірген Bugin Holding Бірлестігі жетекшісі Айбек Қуатбай және Baribar.kz Ақпараттық Порталы жетекшісі Ербол Серікбай достарымның көмегі болмаса, тағы кейінгі қалар ма еді, кім білсін?! Осы екі азаматқа алғыс айтамын.

- Кітаптың атауын неге "Жүз" деп қойдыңыздар?

- Бұл - үлкен аудиторияға арналған бірінші кітабым. Былайша айтқанда, бірінші рет көрсетіп жатқан Жүзім десем болады. Яғни, зат есімдік мағынасы –  адамның жүзі.

Екінші мағынасы – Жүз деген цифр. Кітапқа ықшамдап ішіне жүз мақала сыйдырдым.

Үшінші мағынасы – Жүз деген – етістік. Бұл ең әуелі менің өзіме мотивация. Мысалы, сіз бен біз осы дүниеге келмей тұрып, тағы бір үлкен жарыстан өткенбіз. Әкенің белінен шығып, аналық құрсаққа жеткенше миллиардтаған ұрықтың ішінен таңдалғанбыз. Мысалы, мен  28 жыл бұрын тура мен сияқты өмір сүруге қақысы бар “туысқандарыммен” бірге құрсаққа қарай ұмтылған кезде, сол миллиардтаған сперманың ішінен бір рет чемпион болғам. Сөйтіп бүгінгі күнге келіп отырмын. Біздің қоғамдағы әр адам сондай бір үлкен жарыстан өтіп, бір рет чемпион болғандар. Яғни, өмірге келгенге дейін бәсеке болған.

Мен аналық жасушаға кіремін, ол жабылады да, менен басқа қалған миллиардтағанының бәрі жоққа кетіп қалады. Ол кезде біз чемпион болдық, бірақ, біз жүгіріп чемпион болған жоқпыз немесе жүріп чемпион болған жоқпыз, Жүзіп чемпион болдық. Енді сонша бәсекеден кейін өмірге келіп тұрған соң, демек, ол бекер емес.

Сондықтан маған Жүз деген сөз көбірек мотивация береді.

Енді оны әртүрлі интерпретациялауға болады...

Бұдан кейін екінші кітап болады. Ол Жан деп аталады. Оның да бірінші мағынасы - адамның жаны. Біз бағанағы аналық құрсаққа біткеннен кейін бізде бірінші жан пайда болады ғой... Екінші мәселе Жан деген – жану. Мен Жан деген сөзді максимум аша алатын қандай сөз бар деп көп іздедім. Соңында ойлана келе,  жан деген сөзді максимум ашатын анықтама – Талпыныс деген сөз екен. Не байланысы бар деп ойлап қалуыңыз мүмкін. Оның мәні мынада – тірі мен өлі адамның бір ғана айырмашылығы бар. Тірі адам – өмірде бірдеңеге қарай талпынып, әрекет етуі керек. Талпыныс болу керек. Ал, өлі адамда ондай болмайды. Өлі адамға бәрібір. Мысалы, қазақта “тіріөлік” деген сөз бар. Қандай адамды айтады? Өмірде талпыныс, қозғалысы жоқ адамды айтады. Керісінше, “жаның бар ма, тезірек қимылдасаңшы” дейді. Әрекетке қарай талпындыру. Яғни, бізде өлі болу үшін, жаның шығып кету міндетті емес, өлі болу үшін жай ғана қозғалыссыз, мақсатсыз, талпыныссыз қалуың жеткілікті.

Жаны бар адам ол мақсаты, талпынысы, күші, өмірге деген бір құлшынысы бар адам. Сондықтан мен Жан деген сөзді максимум анықтайтын нәрсе ол Талпыныс деп ой түйдім.

Ал, одан кейін жаңағы бірінші кітапқа ораламыз ғой. Сонша тартыстан біз талпынып Жүзіп келдік, енді бізге Жан бітті, одан кейін де талпыныс болу керек. Ол талпынысыңыз кәдімгідей лаулап, жанып тұруы керек. Сондықтан менде екінші жоспарлап отырған кітап Жан деп аталады...

- "Жүз" бен "Жанды" жеткілікті түсіндіріп бердіңіз. Сіз кімдерді, қандай жанрдағы оқисыз?

- Мен сүйіп оқитын жанрлар – қоғамдық-әлеуметтік мәселедегі жазылған кітаптар. Ал, қазақ әдебиетін 2013 жылдан бері мүлдем оқып жатқан жоқпын...

1940 пен 1990 жылдардың арасындағы қазақ әдебиетінің бізге түк пайдасы жоқ.

Кеңес Үкіметі ол  кітаптарды өзінің сүзгісінен өткізіп шығарды. Ал, ол кітаптар біздің жасқа, біздің танымға мүлдем керек емес. Әрине, кез-келген дәуірдің әдебиетінде алып қалатын нәрсе болады. Мен осы сөзді айта қалсам, “сонда сен Мұқағали, Жұмекен, Төлегенді қайда жібердің?”, “Абай жолын” қайда жібердің?”  деген сөздер айтады. Кешіріңіздер енді, бүкіл елу жылдық әдебиетке төрт-бес ақ автор деген өте аз. Оны жалпы заманның призмасына салатын болсақ, олар жай ғана жоғалып кетуі мүмкін. Негізі халық өзіне керек авторларды бәрібір алып алған. Кәдімгі орта есепті қазақ азаматынан ең мықты ақын кім дейтін болсаңыз, Абайды айтады немесе Мұқағалиды айтады. Яки, сол екеуін айтады. Ал, бұл екеуінің ортасында қанша жыл бостық бар. Тіпті Мағжандарды айтса болады бергі жағындағы. Бірақ, көбіміз олардың ар жағымен  таныс емеспіз...

Алашорданың әдебиетін қалдыруымыз керек. Бірақ, олардан кейінгі 1940-тан бастап 1990 ға дейінгі әдебиеттің бізге түк пайдасы жоқ екенін мойындайтын кез баяғыда келді деп ойлаймын.

Екіншіден біз мына реалияны қабылдауымыз керек – ол әдебиетті қазір ешкім оқымайды. Біздің әдебиет жай ғана ескі түсінікте қалып кетті.

Өткенде Дидар Амантайдың сұхбаты шықты. “Қазақ прозасы Әуезовтың шекпенінен шыға алмай қалды” деді. Маған бұл пікір қатты ұнады. Ескіні жөндегенше адамның есі кетеді.

Мен мысалы, технократ болғаннан кейін технологияның призмасымен қараймын. Біздің IT саласы Қазақстанда мүлдем жаңа сала болды. Бұл сала бізге тіпті 1990 жылдары да келген жоқ. Тек екі мыңыншы жылдары келді. Жастар бұл салаға 2003-2004 жылдардан бастап нақты қызыға бастады. Әлсін-әлсін жаңа трендтер қалыптастыра бастадық. Қателеспесем, 2006 жылдары бұл сала нақты маңызға ие болды. Сонымен, жарайды бастауын екі мыңыншы жыл деп алатын болсақ, қазір 2018 жыл. 18 жыл өтті, алдында ешқандай үлгісі болмаған жаңа сала 10-15 жылдың ішінде Google, Facebook, Twitter, еуропалық Amazon деген сияқты үлкен, әлемдік алпауыт корпорацияларда жұмыс істеп, бәсекеге қабілетті мамандарды дайындап шығара алдық. Түсінесіз бе, бұл жай ғана - жаңа сала. Қазір қазақтың жүздеген жастары алпауыт компанияларда жұмыс істеп жүр.  Нидерландының үлкен компанияларында 20 шақты қазақ жігіті жұмыс істейді. Google да біраз жігіттер бар. Opera ның техникалық өкілдері бар.

Яғни, әдебиетте де осындай. Барлық нәрсені басынан бастаған әлдеқайда тиімді. Біздің салада алдыңғылар қалай істеді деген сияқты үлгі алатын модель болған жоқ. Бізде бір ретсіз, броундық қозғалыс болды да, солардың ішінен бір жүйе пайда болды. Меніңше, біз алдындағылардың бәрін жоғалтып аламыз деп қорықпауымыз керек. Олар ешқашан жоғалмайды, өйткені жазылып тұр ғой, барлығы.

Бірақ, бізге бәрібір жаңа ғасырда - алдыңғы үлгіге мүлдем қарамайтын, тек қана алдыға қарап, өзі бір бағыт қалыптастыратын жаңа стиль, жаңа буын шығуы керек еді, бірақ, өкінішке қарай, олардың өзі бәрібір кеңестік классикалық жазушылыққа тартып кетеді. Бұл кәдімгідей дұрыс емес нәрсе.

Мысалға сіз, жұрттан бөлек нәрсе жаза бастайтын болсаңыз, екі нәрсе болады: сізді біреулер уақыт өткен сайын жақсы көріп кетуі мүмкін. Немесе қоғам, оның үстіне жазушылар ортасы сізді мүлдем жек көріп кетуі мүмкін. Яғни, жазушы-ақын ағаларыңа барып, қолына су құйып, ішімдігін алып беріп... деген сияқты әрекет жасамай-ақ жазуға болатынын түсіну керек.

- Қазіргі поэзия мен прозада кімдерді мойындайсыз?

Мен үнемі айтам, поэзия жағында Аслан Қаженов  деген жігіт болды. Эротикалық тақырыптарда жазатын. Мен ол жігітпен таныс емеспін. Өмірімде оны көрмегем. Бірақ, көрмесем де, сол жігіттің шығармашылығын қатты сыйлаймын, кәдімгідей. Болашақта көріп қалатын болсам, жақсылап ризашылығымды айтар едім. Бірақ, ол жігіт қазір шығармашылықпен айналысып жүр ме, жоқ па, ол жағын білмейді екенмін.

Аслан Қаженов – қазақ поэзиясына жай ғана келе салған жоқ деп есептеймін. Ол феноменал келді. Ол студент кезінде-ақ кәдімгі матрицаны бұзған адам. Біреулер “Асқар тау” деп кітап шығарып жатқанда, ол “Туалеттегі туынды”, “Жүз теңгелік кітап” деген сияқты кітаптар шығарды. Негізі мен ол жігіттің шығармашылыққа толыққанды қайтқанын қалаймын.

Ал, жазу жағына келгенде өзіме Тілек Ырысбек деген жігіт үнайды. Ол жігіттің шығармашылығының біразымен таныспын. Ол өлең де жазады.

Тілек те бір феноменал жігіт. Әңгімелесе қалғанның өзінде адамды бір деңгейге алып шығып кетеді. Француздан бастап, Латын Америкасы, Қытаймен, Үндімен, Жапонмен тіпті Африканың әдебиетіне дейін барып, шыр айналып келеді. Өте көп ізденетін, көп оқитын жігіт. Мен сол жігіттен қатты үміт күтем...

Енді үлкендер жайлы айтпай-ақ қояйын. Оларға деген біздің құрметіміз бар. Сыйымыз бар. Бірақ, бағытымыз сәл басқаша болу керек. Бірақ, мен өзімді әдебиетші деп есептемеймін. Мен жазған нәрсемді әдебиет деп санамаймын. Болашақта көркем әдебиет жазам деп те ойламаймын. Бұл жай ғана технократтық көзқарасым.

- Қазақ әдебиетінен біржола түңілгенге ұқсайсыз. 

- Жоқ, олай дей алмаймын. Мысалы, шет елде жазушыларды халық төбесіне көтереді. Оның әлеуметтік желідегі, интернеттегі жазғандары тренд. Ал, сізге біздің бір жазушыны көрсетсем оның подписчиктеріне, посттарына қарап оны әнші деп ойлап қалуыңыз мүмкін. Жазғандарының деңгейі кейде тіпті әншілердің  айтар ойына да жетпей жатады. Жазушылардың арасынан "мынау жұлдыз" деп ешкімді айта алмаймыз. Неге қазақ эстрадасының жұлдызы деген бар да, "қазақ әдебиетінің жұлдызы" деген жоқ. Кәдімгідей феномен жоқ. Ең болмағанда біздің әдебиеттің бір қазақи Қайрат Нұртасы шыққан жоқ. Ары қарай стильдерді айтпай-ақ қояйын. Мейлі, жаңа стиль болмаса да, қалыптасқан бар стильдің өзінен жарқ етіп шыққандар бар ма, тағы жоқ. Бұл өте өкінішті. Қанша жазушыларды бұл үдеріс былайша айтқанда өлтіріп жатыр. Бұл әрі қарай да өлтіре береді.

- Енді қайтпек керек?

- Меніңше, әдеби сектаның пайда болғаны дұрыс сияқты. Ертең олар жаңа бағытқа айналып кетеді. Сондықтан бір көтеріліс жасау керек. Өйткені, алдыңғы әдеби нормаларымыз біздің бірде-бір жазушымызға Нобель сыйлығын немесе халықаралық жарған бірдеңені әкелген жоқ. Оны қайталай берудің қажеті жоқ. Демек, ол норма жарамайды деген сөз. Басқа ештеңе айта алмайсың.

Ал, қазақтардың тума фантазиясын есепке алатын болсақ, меніңше, 2030 жылға дейін қазақтан шынымен халықаралық деңгейдегі жазушылар шығатынына толыққанды кепілдік бере аламын. Және қазір жазушылар ағылшын тілін білсе ғой деп армандаймын. Ағылшын тілінде оқып, сол тілде контент бере алатын жазушылар керек бізге.

- Қазір қазақтың әлемге ұсынары жоқ демексіз бе?

- Мысалы Абайды бүкіл әлем тілдеріне аударған, бүкіл әлем таныған дейміз, бірақ интернетке кіріп қарайтын болсаңыз, Абайдың ағылшынша аударылған үш-ақ өлеңі бар. “Көзімнің қарасы”, “Желсіз түнде жарық ай”, “Жаз”. Бұл  жерде Абайды әлем таниды дегенді жоққа шығаруға болмас, бірақ, қай әлем танитыны қызық боп тұр да. Мысалы, сіз бір ақынның үш өлеңін оқып оны тани аласыз ба? Тани алмайсыз.

Тағы бір нәрсе, егер, Абайдың тұрмыстық танымы 150 жылдан бері қазақтар үшін маңызды болып келе жатқан болса, әрі бұдан әрі маңызды болатын болса, ол тіптен Абайдың ұлылығы емес, ол біздің 150 жылдан бері түк өзгермегеніміз, қоғам ретінде мүлдем бір сатыға болсын жоғарыламағанымыз деген сөз. Бұл Абайдың ұлылығы емес, бұл қазақтың қасіреті. Қасиетті Қасіреті!

- Қазақ тілін ғылымға араластыру туралы ойыңызды білсек...

- Мен бұл жолда алдымызда үлкен кедергі қақпа тұрғанын көріп тұрмын. Біз ол қақпаның алдында тағы он жыл тұрамыз, түсінесіз бе?

Қазақ тілі ғылым мен техниканың тілі болуын қатты қалайтын адаммын.  Бірақ, біздегі тілмен айналысатын институттардың жалпы, мемлекеттік органдардың тіпті біздегі ғалымдарымыздың өздері ол тілді ғылымға икемдеуге біріншіден, әлеуеттері жетпейді. Екіншіден, мүмкіншіліктері жоқ. Үшіншіден, ондай деңгейде техниканы түсінбейді.

- Тағы да елді кінәлайсыз ба?

- Жоқ, мысалы жай ғана смартфон біздің қоғамды, жүріс-тұрысымызды 360 градус демеймін, бірақ, 120 градусқа өзгертті ғой. Біз мынаны түсінуіміз керек, бұдан былай, әр он жыл сайын біздің өмір сүру салтымыз өгеріп отырады.

Смартфонның келуі жақсы болды. Бірақ, біздің халық сонша ақпаратқа дайын болған жоқ. Сол үшін сіз бен бізді алдау, әлеуметтік желі арқылы бір жалған ақпарат таратқан кезде, бізді сендіре салу тіптен оңай боп қалды. Өйткені, біздің халық смартфонның игіліктерін толық түсініп жатқан жоқ.

Бірақ, келесі он жылдықта сөз жоқ, мүлдем басқаша болады.

- Енді әңгімені бейпіл сөздеріңізге бұрсақ... Әлеуметтік желідегі жазбаларыңызда балағат сөздерді неге көп қолданасыз?

- Мен 2015 жылы Кореяда болдым. Күнде Самсунгтың орталығында, Кореяның ЭКСПО орталығында болам. Ана жақта ғылымның жасап жатқан не бір игіліктерін көресіз. Бір күні білім саласындағы инновациялар, бір күні агросаладағы инновациялар, көлік тасымалдау саласы, смарт қалалар... енді қоғам ретінде сұмдық дамып кеткен. Шкала 100-ге кетіп қалған. Мен сол Кореяда жүрем да, Қазақстанда не боп жатыр деп әлеуметтік желідегі,  фейсбуктағы жазбаларды ооқимын. Қарасам, “Шыңғыс хан қазақ па?”  “Намазды қалай оқу керек?” “Салафиттер пәлен, анау анандай” деген сияқты он жылдан бері әлі талқыланып келе жатқан тақырыптар сөз болып жатады. Қоғамда даму жоқ, ізгілену жоқ. Бір тақырыпты қайталап отырудан жалықпаймыз. Мына жақты көрем, ана қоғамды көрем... Сосын мен жай ғана жарылдым...

Шыны керек, екі қоғамдағы әңгіменің арасымен өтіп көрген соң, менде абсурд болды. Ол сәтті ешкім түсінбейді. Оны жай ғана сезіну керек.

Егер, біздің қоғамның стандартымен, ойлау шеңберімен қалып кететін болсаңыз, тура баяғы әңгімелерден аспайсыз.

Әйтпесе мен оған дейін мүлде боқтап көрмеген адаммын. Шын өмірде әлі де аз боқтаймын.

- Алдағы бес жылдықтан не күтесіз?

- Бізде алдағы бес жылда қоғам кітап оқу мәдениетіне көшеді деп ойлаймын. Қайтадан кітап оқи бастайды. Өйткені білесіз бе, үнемі діни пайыммен адам жүре алмайды. Ол да бір күні жарылады. Іштей рухани жарылады немесе шынымен террорист болып бір жерді жарады. Осындай екі жол ғана бар оларда. Сондықтан адамға бәрібір руханият керек. Оны тек дінмен ұстап тұра алмайсың.

Қазір қазақтардың ең көп оқып жатқан кітаптары - бизнес кітаптар. Өздері бизнес жасамаса да кітаптарын сатып алып, оқып жатыр. Ол жақсы дүние. Сондықтан баспа саласының болашағы енді туып келе жатқан сияқты.

Біріншіден, бізге әдеби агенттер  керек. Екіншіден жазушының брендін қалыптастыратын шығармашылық бірлестіктер қажет.

Бізде қазір әдебиетте де, поэзияда да, кинода да болып жатқан катастрофа -тақырып жоқ. Тақырып мынау ғана: ауылдан келеді немесе ауылға барады. Кинолардың бәрі солай. Әдебиетте де. Мұны біз аграрлық әдебиет деп атаймыз. Кеңес өкіметінде ауыл туралы әңгіме өте көп жазылды. Себебі, олар үшін қазақтардың ауылда қалып, мал бағып қалуы тиімді еді. Сол үшін біздің әдебиет кеңестік пропагандаға керемет қызмет етті.

Бізге ауыл деген кәдімгідей романтика. Әрине ауылды жақсы көреміз ғой. Бірақ, мына нәрсені түсінуіміз керек.

Бізде былай да, әбден әдебиетті сіңіріп алған бір жігіт,  “Қой, мен кеттім ауылдан” дейді да қалаға кетеді. Қалаға келеді, жұмыс іздеуге тырысады. Бір жерге ұрынады. Екі-үш ай жүргеннен кейін ауылды сағындым дейді. Түсінесіз бе, бұл дұрыс емес. Бізде, әдебиет солай істеп қойған. Қалаға келіп жетістікке жетпесеңіз, ауылға сүмірейіп қайтып бару романтика болып саналады. Қаһармандық! Ауылға келдім мен. Ауылдың топырағына ештеңе жетпейді екен ғой дейді. Оған шын мәнінде “ей, черт” деу керек. “Сен жолың болмаған лохсың”  деу керек. Сен қалаға  келдің бе, білім алып, жұмыс істеп бір жетістікке жетуің керек қой. Ауылға барғанда не істейді? Барған соң, бағанағы ауылымның топырағы деген бос әңгіме боп қалады. Топырақтан бөлек сиырдың тезегі, қойдың құмалағы деген нәрселер бар ғой...

Аграрлық әдебиеттің айтары осы. Жазушылардың жазатындары осындай стандартты нәрсе.

- Әңгімеміз тек әдебиетті шиырлап кетті. Сонда сынап-мінеп отырған жазушыларыңыз не жазуы керек?

- Бізге қазір бірінші, ғылыми фантастика керек. Өйткені, фантастика жанрының бүкіл ғылымға қосқан үлесі өте орасан. Себебі, өзіңіз білесіз, көп технократ халық идеядан гөрі нақты іске жақын болады. Қазіргі сіз бен біздің көріп жүрген игіліктеріміздің көбі осы 20-50-жылдардағы фантастикалық әдебиеттерде жазылып кеткен. Адамдар экранмен былай жұмыс істейді, смартфондар болады деген сияқты. Оны оқыған технократтар мынаны істеуге болады дейді де, соны жасайды. Яғни, жазушы былай ойлады, біз оны істейік дейді.

Сондықтан менің ойымша, ғылыми фантастика негізгі жанрлардың бірі болу керек. Біз, технократтар осындай дүниелерге жақынбыз.

Біздің ертегілеріміз фантастикаға құрылған ғой. Сондықтан қазақтардан мықты фантаст жазушылар шығады деп ойлаймын.

Содан кейін, біз өзімізді өте тар көретініміз жаман. Біз мына нәрсені түсінуіміз керек. Қазақ тіліне қатысты айтып отырмын. Біздің тіліміз өте әмбебап тіл негізі. Біздің қазақ тілі – көне түркі тілінің тікелей мұрагері. Біз қара шаңырақта отырған ұлтпыз. 200 млн. түркі халықтары болса, барлығы түркі халықтары бір тілдің диалектілерінде сөйлейді. Қырғызды түсінеміз, өзбек,түрік, әзірбайжанды түсінеміз. Демек, біз оны басқа тіл деп айта алмаймыз. Жай ғана бір тілдің диалектілері деп қана қарастыруымыз керек. Сондықтан, қазақ тілі қара шаңырақта отырған халықтың тілі болғаннан кейін, бүкіл түркі әлемінің байланыстырушы күші болу керек. Қайталап айтам, бізге бір ағылшынның, қара нәсілді жігіттің,  яки бір еуропалықтың қазақша сөйлегенінен дым пайда жоқ. Ол тотықұсқа бәленше деп айт немесе маймылға қолыңды көтер деген сияқты нәрсе.

Ал, бізге шынымен керек аудитория - өзіміздің түркі әлеміміз. Біз барлық мәселеге кішкене кеңдеу қарауымыз керек. Қазақ халқының 17 млн-дық  қана рыногы бар екенін  мойындауымыз керек. Оқырмандар тіптен аз. Сондықтан біз бүкіл түркі әлемінің рыногына жұмыс істеуіміз керек. Қара шаңырақтың жауапкершілігін жақсы түсінуіміз керек. Егер бір түрік Қазақстанға кеп түрікше сөйлеп жатса, егер бір әзірбайжан келіп әзірбайжанша сөйлеп жатса, өзбек өзбекше сөйлеп  жатса, ол өзінің қазақ тілінде сөйлеп жатыр деп қабылдауымыз керек, қазір. Өйткені, қазақ тілі – қырғыздың да, өзбектің де, түріктің, барлық түркі халықтарының тілі. Барлық түркі тілдерінің түп атасы.

Мұстафа Шоқай айтпақшы, Түркістан – бүкіл түркі халықтарының Меккесі болу керек. Құбыласы болу керек. Ол – біз. Егер біз сол бауырларымызды өзімізге тарта алсақ, ертең оларға әдебиетті де сата аламыз, мәдениетті де сата аламыз. Бір қазақша фильм шығатын болса, ол сол түпнұсқа тілінде-ақ, Түркияның, басқа елдердің кинотеатрларында көре беретін және оны еркін түсінетін болады. Қазақ 16  млн. деп қабылдау дұрыс емес. Біз 200 миллионбыз. Мен пантүркистік көзқарастағы адаммын. Оны өзім ашық айтқым келеді.


Сұхбаттасқан Нұрбике Бексұлтанқызы

Түпнұсқадағы тақырып: Қисық жігітпен түзу әңгіме...

Abai.kz

Суреттер автордың facebook парақшасынан алынды





Шоу-бизнес

Атақты продюсер Баян Мақсатқызы сұхбат барысында өмірінде өткен қиын кезеңдерімен бөлісті, деп хабар...

Жаңалықтар

Бүгін ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен Қ. Қуанышбаев атындағы Қазақ Ұлттық музыкал...