Таң мезгілі қылаңдаған кез. Күннің жарық сәулесі терезеге шағылысып Жарастың бетінде толған айдай жа...
Қарағандыда дауылпаз Қасымға арнайы орталық ашылатын болды
Оралға барғанымызда ақын, Қадыр Мырза-Әлі орталығының директоры Бауыржан Халиолла ағамыз кезінде Қасым Аманжолов тұрған үйге апарып еді.
Мына тақтаның алдында тұрып, осы кісілерге Қасымға арнаған өлеңімді оқып беріп ем.
Бүгін Қарағандыда дауылпаз Қасымға арнайы орталық ашылатынын естіп қуанып қалдық. Құтты болсын!
Қасым-сөз
Не дейді, міншіл кәрі, сыншыл жасым,
Сөйлесін, ақын жайлы, қымсынбасын.
Туған жер кеудесінен қайнап шыққан,
Жыр едің қандай мөлдір, шіркін Қасым!
Аунатсын араға әлі бір ғасырды,
Тағы да байқап көрсін бұл Қасымды.
Жарқ етіп шыға келер алтын өлең,
Қырқадан қыз жоғалтқан сырға сынды.
Сол Қасым, сол өр Қасым жыры да өктем,
Қасқырдай қақпан сүйреп тірі кеткен.
Үстінде сұр шинелі, сылти басып,
Келеді кескілесіп қызыл өртпен.
Арпалыс.
-өмір?
-өлім?
-аттан!
-аттан!
Шашылып жердің миы жатса да оқтан.
"Дәриға-ай сол қыз" болып жыр келеді,
Алқадай ағытылып ақ тамақтан.
Өлеңнен сұм соғыстың өзін көрдік,
Ананың талаураған көзін көрдік,
Қан кешіп шудасынан көкжиекте,
Көзінен боталаған бозінген бұлт:
Үстінен Қарқаралы желіп өтіп,
Қаралы сөз айтардай еңіретіп...
Өр ақын өрт ішінен тірі жетті,
Теңгедей болған шақта темір етік.
Құндыз тон кимесе де жең-жағалы,
Еліне жырын сыйлар ең бағалы.
Кеудесін жарып ұшқан жалқы құстай,
Жүрегі кетті шарлап кең даланы.
Зәредей көңілінде шаң тұрмаған,
Ақынды сүйеді жұрт жарқылдаған.
Болғанда өзі қандай, жыры сондай,
Арқаның даласы еді ол аңқылдаған.
Қондырып адамдықтан қосын алшақ,
"Ақынмен" деген аз ба бос ұран сап.
Алматыда аласұрды Мұқағали,
Қасымның дауылы мен десін аңсап.
Қасым жоқ, Мұқаң да жоқ, ел не байқар?
Көңіл тек сол баяғы кезге қайтар.
Қасымның дауылы бар, ауылы бар,
Қауымы бар ма бірақ...
Өздері айтар...
Таппаған қайғы бар ма Қасымды кеп,
Ешкімге мұң шақпады ол жасып, жүдеп.
Берді елге "өмірінен өлең жасап",
Өз жайын өзіне айтқан ақын жүрек.
Жарасар Қасым кешкен күйге ғана,
Қасым-сөз, Қасым-тағдыр мүлде дара.
Дауылы, бұрқасыны, жауыны бар,
Әрине сыймайды ғой үйге дала...
Өлеңнің оты маздап үдегенде,
Жырымен жылу берер жүдегенге.
Жадағай жалғандыққа түсін бермес,
Шынайы жаныңмен шын өлеңге.
Қайран жыр, қайран Қасым шарпысы ерен,
Өткелсіз өмірінің тартысы - өлең.
Көбейді бұл күндері тыраш ақын,
Бояған қасы-көзін әртіс өлең.
Сөзінің тұзсыз астай татымы жоқ,
Алаштың аты шыққан ақыны көп.
Қазақта қара өлеңнен дес кетті ме?
Дауылдай өртке тиген Қасымы жоқ.
Талайды әлі талай толғандырсын,
Тағы да келер ұрпақ шөл қандырсын.
"Аттанған жыр майданға адам болса",
Қасымдай өлмейтұғын сөз қалдырсын!
Ұларбек НҰРҒАЛЫМҰЛЫ