Салтанат Мадиярқызы: «Өзімді күрескер деп санамаймын...»

ӘДЕБИЕТ
4260

Салтанат Мадиярқызы 1996 жылы 8 қаңтарда Түркістан облысы, Сарыағаш ауданында дүниеге келген. Ақын. Туғаннан ДЦП диагнозымен ауырады. «Есеп және аудит» мамандығы бойынша білім алған. Шымкент қаласында ОҚПУ-да дефектология мамандығы бойынша да оқыған. «Жолаушы» кітабының авторы.


– Шығармашылықта недей жаңалықтар бар? Не оқып, не жазып жүрсің?

– Соңғы кезде проза жазып жүрмін, потенциалымды сынап көрейін дедім. Өзім жазып көрмеген жанрлардың барлығын жазып көру ойда бар. Қазіргі уақытта жасөспірім балаларға арналған ғылыми-фантастикалық шығарма жазып жатырмын. Өлеңді тастап кеткен жоқпын, жазылып жатыр. Шығармашылық жаңалықтарыммен алдағы уақытта таныстыра жатармын. Оқу жағын айтар болсам, физика-математика, медицина салалары қызықтырады. Ол салалардағы салмақты мақалалардың өзі жақсы бір шығарма оқығандай әсер қалдырады. Әзірге Стивен Хокиңді қайталап оқуды бастадым.

– Проза жазу үшін де біраз тәжірибе, ізденіс керек екені белгілі. Өзіңе әсер еткен, еңбектерін шұқшиып, астын сызып оқыған жазушылар кімдер? Олардың шығармашылығын несімен бағалар едің?

– Әдетте өзім оқыған он кітаптың сегізі туралы мүлдем ештеңе айтпаймын. Біреуі туралы айтуым мүмкін. Бірақ, қолым жеткен кітаптың бәрін оқуға тырысам. Кейде араға жылдар салып кей кітапты қайта қарайтыным болмаса, әдеби шығармаларды қайталап оқымаймын. Оқырман ретінде шығарманың көркемдігіне қараймын. Дегенмен, мен үшін автор, оның кейіпкерлері, оқиға желісі, ондағы детальдар, картинасы емес, ол шығарманың нендей ой салғаны мен қандай эмоция сыйлай алғаны маңызды.  

Шерхан Мұртаза, Мұхтар Мағауин, Дулат Исабеков, Оралхан Бөкей, Төлен Әбдік секілді бірқатар жазушыларды мектеп оқып жүргенде жастанып жатып оқыдым. Ол кезде мен де қалам ұстап, әдебиетке келемін деген ой болмаған. Кейінірек, Аягүл Мантайдың әңгімелері ерекше әсер етті. Әсіре көркемделген, артық бояулары көп кітаптан кейін оқығандықтан ба, таңғалдым. Әңгімелерін оқып, өзінің қандай екенін шамаладым да, онымен кездесуді армандадым. Бірақ, өмірде жақын дос болып кетеміз деп ойламадым. Аяш мені әдебиетке жетектеп әкелген адам десем, артық айтқаным емес. 

– Аягүлдің әңгімелері несімен ұнайды? Жазушы қыздың тосын өлімін, суық хабарды қалай қабылдадың? Біраз шу боп барып басылған осы трагедия туралы не айтар едің? 

– Аягүл әңгімелерінде өзін жасырмайды, кей ойларын кейіпкерінің ар жағынан "сығалатпайды", шынайылығымен, кейіпкерлерінен идеал образ жасамауымен қатар, адам жанына тереңірек үңіле алуымен ұнайды. Оның бұрынғы әңгімелері мен кейінгі жазып жатқан романының арасында айтарлықтай айырма болды. Жазушы ретінде шығармашылығының нағыз бетіндегі қаймағы сол роман болатын. Оны аяқтап, ұсынып үлгермеді.

Оның қазасы бәрімізді де есеңгіретіп тастады. Содан бері әлі толық еңсе тіктей алғам жоқ. Ол өз өлімімен де кімнің кім екенін көрсетіп кетті. Қанша адамның жанашыры болғанын, қаншасы шынайы жақсы көргенін, тіпті, өзінің тірісінде моральдық, психологиялық шабуыл жасаған бірер адамның жанашыры боп шыға келген екіжүзділігін де көрдік. Мен тек бір нәрсені анық айта аламын: ол жерде Аяш ұялатын да, Аяш үшін ұялатын да ештеңе жоқ. Меніңше, Аягүл құдайға да тік қарай алатындай өмір сүрді. 

– «Шахмат» деген өлеңіңді оқыдым. Өзің шахматты жақсы ойнайсың ба? Қай кезде үйрендің?

– Төрт-бес жасымнан ойнай аламын. Атам жақсы ойнайтын. Шахматтан мықты емеспін. Жарысқа барып тұрып та, қарсыласымның эмоциясын қызық көріп, эксперименттер жасап, жеңіп тұрып жеңілген кездерім де бар. Ойындағы шахматқа тым жеңіл қараймын.

– Өлең қашан жазылған еді? Оқып берсең...

– «Шахмат» өлеңі 2021 жылдың басында жазылды, оқып берейін.

Ала тақтада қара да болам, ақ болам. 

Ақ пенен қара — ойлар ғой, тыным таппаған. 

Көк тұман мені адастырғысы келеді-ау, 

Көп күмән — қара, 

Мендік Ой — аппақ. 

"Шах" саған. 


Тақта да — көне, 

ойын ба, ой ма ескірер? 

Бақылап Ойды, сағаттар сырғып кеш кірер. 

Бетпердесіндей, көп фигуралар ертеді, 

Патша — Көңіліме 

 жақын келе алмай пешкілер.


Уәзірлердің жекпе-жегін де көрейін, 

Қолбасы шықсын, 

Мықтысы жықсын! 

Не дейін? 

Қара түске де, қара күшке де сенім жоқ. 

Ақылмен алып, атыммен шауып келейін. 


Жайратып келем, жау шебін бұзып, шегінбей.

Шегіну де бір, жеңілу де бір — жеңілдеу.

Төрт бұрыштарда жалғасып жатыр бір соғыс,

Ақ пенен қара айқасып жатқан Өмірдей.


Жау әскерінің сарбазым алып соңғысын,

Қос баһадүрімнің қалыпты, міне, жалғызы.

Квадраттардың ішіне қалай сиып жүр, 

Кең дүниеге сия алмай жүрген болмысым?!


Ала тақтада қара болмай-ақ, ақ болдым. 

Ақ болдым дағы, Ақ пейілдерге жақ болдым. 

Патша – Көңілді тұрған тағынан жылжытпай, 

Қаралықтардың барлығына да «МАТ» қойдым!


– Сөздің басында медицина саласы қызықтыратынын айттың. Отандық медицинаға көңілің тола ма? Егер дәрігер болсаң, қай саласын таңдар едің?

– Отандық медицинаға толықтай көңілім толмайды. Бір дертті анықтаймын, емделемін деп жүріп, тағы бірнешеуін қосып алу да бізде әдеттегі жағдайлардың бірі болып кеткендей. Дегенмен, салыстырмалы түрде алғанда елдегі білікті мамандардың көбейіп келе жатқанын да жоққа шығармаймын. 

Егер өзім медицина саласын таңдаған болсам, кардиолог болар едім деп ойлаймын.

– Не үшін кардиолог болғың келеді?

– Адам жаратылысының өзі қызық қой. Бірақ, соның ішінде ми мен жүрек құрылысы, оның дерті мен еміне де қызығушылығым басымдау. Мен жүректі таңдаймын. Көбіне жүрегі бар адамдардың жүрегі ауырады. Төңірегімде де ондай жақсылар көп. Жүрек дәрігері болу бала армандарымның бірі болған.

– Барлық адамда жүрек бар ғой, «жүрегі бар адамдар» деп айырықша, екпін салып айтып отырғаның кімдер?

– Жүрексіз деп қатыгез, мейірімсіз адамды айтатыны секілді, «жүрегі бар» деп жұдырықтай жұмыр етті тасқа айналдырып алмай, өз болмысын, жүрегін сақтай алған, мейірімді адамдарды айтамын.

– «Ағынға қарсы жүзу, қиыншылыққа мойымау, күрескерлік рух» деп жатамыз. Мұны адамның қандай қасиеті деп түсінесің?

– Жалпы, бұл адам жаратылысында бар, бәріне бірдей берілген қасиеттердің бірі. Тек, әркімде әр түрлі мөлшерде болуы мүмкін. Сүйекке біткен мінезінде болмаса, қиын шығар. Дегенмен, әр адам өз өмір жолының жолаушысы, әркімнің өз қиындығы бар және әр бірі өзінше күрескер.

– Әрине, әркім өзінше күрескер. Өз бойыңдағы бұл қасиетті қалай бағалар едің?

– Өзімді күрескер деп санамаймын. Ешкіммен күреспей, жарыспай, ешкімге ештеңе дәлелдеп жатпай, ешкімге кедергі келтірмей, өз жеке шекарама өткізбей, жай ғана қалауын барынша орындап жүрген, ештеңеден қорықпайтын адаммын. Өмірімді күрделілендіргім келмейді. Міндетті түрде біреумен күресу, жарысу, жеңу керек болса, өзіме лайықты қарсылас — менмін. Мен жоғалтып алмауға тиіс жалғыз адам да өзім. Өзіме өзім жеткіліктімін. Нені қалай қабылдағым келсе, солай қабылдаймын. Қол созғаныма жетемін, кедергі болса, өтемін. Оны пәлендей бір ерлік секілді әспеттегім келмейді.

– Күресу деген біреумен жағаласу, бетінен алу болмаса соғысу деп ойламаймын. Біреудің денсаулығына, біреудің тұрмыс-тіршілігіне, біреудің ойға алған мақсат-мұратына, т.б болуы мүмкін деп ойлаймын. Осы жағына көзқарасың қалай?

– Кез келген жолда кедергі болады. Меніңше, кедергілерден өту — күресу емес. Бірақ, шынында күресуге тура келетін жағдайлар да болады. Ол кез келген нәрседе болатынына келісемін.

– Өзің қайсысымен бетекі келесің көбінде?

– Екеуі де болады. Көбіне кедергілер ғана.

– Театр, киноға жиі барасың ба? Жалпы мәдени ортаңды қалай бағалайсың?

– Салыстырмалы түрде театрға көбірек баратынмын. Соңғы кезде оны да сиреттім. Театр мен киноны үйде кітап сөреңнің қасына ноутбук қойып көріп, сүйікті сусыныңды сүйікті досыңмен ішіп отырып қараған әлдеқайда абзал шығар. Ол да бір эстетикалық ләззат сыйлайды. 

Жалпы, қоғам кішігірім орталардан тұрады ғой. Мәдени орта сол қоғамның айнасы секілді. Бірақ, менің айнаға көп қарағым келмейді. 

Бұл «айнада» көрінгенге емес, өзіме, ішкі күйіме көбірек үңілуім шығар. Уақыт өте келе кей көзқарас, талғам, қалаулардың өзгеріп отыруы заңды ғой. Бұрын "айнаға" көбірек үңілген шығармын. Қазір ойларым, болмысым, жан қалауым, жүрек тыныштығым маңыздырақ. Қазіргі күйім, болмысым өзіме ұнайды.

– Бір қаланың мәдени-рухани бет-бейнесін, ортасын осылай ғана айта салу эгоизм емес пе, қалай ойлайсың?

– Бір қаланың мәдени-рухани бет-бейнесін, ортасы жайлы айту үшін алдымен ол қала сенің ішіңде болуы керек шығар. Кіл әлем сыятын сана мен жүректің кеңістігін бір қаламен шектеу меніңше нағыз эгоизм.

 Мәдениет пен руханият қалаларға тән деп ойламаймын. Ол алдымен адамның өзінде болса керек. Сосын адам өзі тұрған кеңістікке өз исі мен дәмін сіңіретін тәрізді. Шымкент мен үшін жастық кезеңімнің исі, балалығымның дәмі. Ал оның ортасы сол бояуларға тән. Кейде биіктетеді, кейде құлдыратады. Өзі аспандатқан нүктеден өзі төмен құлата біледі. Бұл барлық үлкен мегополистерде, болмыста бар дүние. Өзімізді іздеп келген қалаларда кейде өзімізді қалай жоғалтып алғанымызды білмей қаламыз. Мен бұл қаладан өзімнің біраз бөлшегімді тапсам, біразын жоғалттым. Оны жасырмаймын. Ойлары мен талғамдары бір-бірінен айнымайтын барлық қала тұрғындары солай көрінеді маған.

– Жолаушы" қандай кітап?

– Меніңше, кітап жайлы автордан емес оқырманнан сұраған абзал болар еді. “Жолаушы” — өмір жолындағы жолаушының айтып жүрген, айтылмаған ойлары, сұрақтары, оқиғалар берілген, кей қарапайым нәрсені басқа қырынан да көре алатын шағын жинақ. Оған алғашқы бірер әңгімелерім енген. 

 "Жолаушы" — аз ғана уақыт алып, көбірек ойлар сыйлайтын кітап.

– Тағы бір өлең оқысаң...

– Мен ұша алмай, көп күмәнге көмілдім.

Ал балалық армандарым көкте жүр.

Жылдар сырғып, жанарында Сенімнің

Үмітімді ұрлай алмай өтті Өмір.


Жылуын да берер отым сөнбеген,

Күлімдесем, мені сүйген Жарық Күн!

Мықты едім ғой, бәрін жеңіп келген ем,

Енді одан да жалықтым.


Бір үзіліс жариялап бәріне,

Кідірейін. Үңілейін Жаныма.

Мен өзімді іздеп жүрмін әлі де,

Уақыт таппай Мағына.


Үмітімді ермек еткен сан жылдың

Естелігі – жалғыз ғана бір елес.

Миығынан күліп тұрған Тағдырдың,

Иығына жүгіңді арту түк емес!


Мін тақпай да, кінә артпай да ешкімге,

Көтеремін, жүрегіме жүктей Мұң.

Өз жолыммен жүріп өтер бес күнде,

Құдайдың да аяғанын күтпеймін!


Ештеңе де сындыра алмас сағымды,

Қайғысын да күліп тұрып шегемін.

Жанның өрті күл қылмаса барымды,

Маған сөз бе, тәннің дерті дегенің?!


Әр түн сайын сәлемдесіп көмескі Ой,

Өзгере ме, көңіл жайлы ұғымым?

Бақ та мендік! Сор да бөтен емес қой,

Армандардан аласармас ғұмырым!


«Өмір – күрес» деген елді аңғардым,

Жеңілістің өзі жоқ қой, мен үшін.

Әлі күрес алаңында Мен бармын,

Сабақ болған әр сынағым – Жеңісім!


Сұхбаттасқан Ы. НҰРСАЛ 

Шоу-бизнес

Атақты продюсер Баян Мақсатқызы сұхбат барысында өмірінде өткен қиын кезеңдерімен бөлісті, деп хабар...

Жаңалықтар

Бүгін ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен Қ. Қуанышбаев атындағы Қазақ Ұлттық музыкал...