Сана-сезім дегеніміз не?

ӘДЕБИЕТ
37074
Күнделікті өмірде «сана» емес, "сана-сезім" деген сөз тіркесі жиі қолданылады. Бұл не себептен? Енді осы сұраққа келейік. Адам өзін және қоршаған ортаны жан сезімдері ғана емес, сонымен бірге тән сезімдері арқылы да қабылдайды. Ендеше, адам өзінің кім екенін және Ұлы Жан мен Оның шексіз көп қуаттарын, яғни қоршаған табиғатты тануы жанның санасы ғана емес, сонымен бірге, тән сезімдері арқылы да болады екен. Сондықтан, сана мен сезімдер арқылы білінетін бұл қасиетті сана-сезім дейміз.


Осылай сана-сезім деңгейі адамның өзін-өзі ғана емес, сонымен бірге, қоршаған ортаны тану, Алла тағаланы тану деңгейін де білдіреді. Қоршаған орта адамның сезімдері арқылы қабылданатын болғандықтан, адамның жетілуін анықтайтын "сана-сезім" деген сөз тіркесі осылай пайда болса керек. Адамның рухани деңгейін жетілдіру – оның сана-сезімінің деңгейін жетілдіру болып табылады. Жоғары жетілген деңгейде сезім деген сөздің мағынасы адамның көру, есту, иіскеу, дәм тату, адамның терісімен білінетін ыстық-суықты анықтайтын сыртқы бес сезімдер ғана емес, ол ақыл, ой-өріс сезімдерін, яғни ішкі сезімдерді де білдіреді. Сана рухани таза жанға тән. Фәни әлемде жан денемен қапталғанда сана сана-сезімге айналады.

Сананы үшке бөлуге болады. Олар: материалдық болмысқа жататын сыртқы тән сезімі; ішкі ой-өріс сезімі; рухани болмысқа жататын алғашқы таза сана – рухани сана. Сыртқы сезімдер адамның тәніне жатса, ал ішкі сезімдері оның нәзік болмысына жатады.

Адамның санасының жоғары болуы ең әуелі оның имандылық қасиеттеріне байланысты. Имандылық дегеніміз бір ортақ жаратушының бар екеніне сеніп, оның берген тәртібімен өмір сүруді айтатын болсақ, ал имансыздық деп, керісінше, жаратушыны мойындамай, оның ниетіне қарсы, сондықтан тек қана өзінің қарабасының қамымен, өз еркімен өмір сүруді айтамыз. Ешкімді мойындамай, тек қана өзінің қамымен өмір сүретін адамдар үлкен мақсатқа бағына алмай, көптеген қателіктер жібереді. Сана-сезіміне байланысты адамдар осылай иманды және имансыз болып екі топқа бөлінеді.

Сана деңгейлері

Шәкәрім пікірі бойынша бүкіл табиғат өлі емес, тірі, яғни оның барлық бөліктерінде де жан бар, өмір бар. Ол «Ғаламда не бар болса, бәрі жанды» дейді. Олар үлкен екі топқа бөлінеді. Бірі – тау-тас, өсімдіктер тәрізді жылжымайтын болса, екіншілері – хайуанаттар, құстар, адамдар тәрізді қозғалатындар. Қозғалатындар суда, жерде, ауада өмір сүретіндер болып бөлінеді. Солардың арасында адамдар санасының жетілуі бойынша ерекше орын алады. Бірақ сансыз көп жер бетіндегі жан иелерінің арасында олар өте азғана бөлігін ғана құрайды. Олардың санасы да түрлі деңгейлерге бөлінеді. Адамдардың арасында Құдайға сенетін имандылар да, сенбейтін имансыздар да бар. Имандылар арасында Құдайға сөз жүзінде ғана сеніп, ал іс жүзінде тек қана өз қамын ойлайтындар бар. Өзінің пайдасы үшін олар түрлі күнәлі істерден де тайынбайды. Ал Құдайға шын беріліп, толық сенетіндердің арасында рухани жетілудің шыңына жеткендер көп емес. Себебі, олардың арасында ақиқат білімді іздеп, тек қана алға ұмтылатындар өте аз. Ал білімге ұмтылған мұндай мыңдаған адамның арасында Құдайды шын танығандар бірен-саран ғана болуы мүмкін. Олардың арасында Ұлы Жаратушыға толық беріліп, тек қана соның ризашылығы үшін өмір сүретін Шәкәрім тәрізді әулие адамдар тіпті аз. Мұндай жандарда Құдайдан басқа ниет-ой болмайды. Олар бұл фәни әлем ықпалынан шығып, толық босанғандар. Оларға қоршаған орта мен қоғамның ешқандай саясаты әсер ете алмайды. Ондай адамдар Шәкәрім тәрізді қоғамнан бөлек те өмір сүре береді. Сондықтан олар өте сабырлы, жан тыныштығына толық жеткен адамдар. Басқалары мұндай тыныштықтан айырылып, бұл фәни әлеммен арпалысып, оны жеңеміз деп жүргендер. Материалдық әлем Жаратушының бір көрінісі. Сондықтан оны жеңу мүмкін емес. Ендеше мұндай арпалыс өмір шын бақытқа жеткізе ала ма?

Міне, осылай адамзат қоғамы сана-сезімі түрлі деңгейде тұрған адамдардан құралады. Сол себептен де, фәни әлем адам баласына бір тыныштық бермейтін, сорпасы асып, қайнаған қазан тәрізді.

Адам өмірінің негізгі мақсаты – Түп Иеге қайту. Қасиетті Құранда берілетін бұл ұлы мақсатты Абай да толық қабылдап, "Лай суға май бітпес қой өткенге" атты өлеңінде көрсететіні белгілі. Ал Шәкәрім Абайдың шәкірті болғандықтан, оның да ойының бұл тұжырыммен үндесуі ешкімді де таң қалдырмауы тиісті. Оның еңбектерінің негізгі түйіні осы мақсат арнасында болып, түбінде айналып келіп осы сағаға құйылып отырады. Бір Жаратушы Өзінің жаратқандарынан бөлінбей, бүкіл болмысты сезініп, басқарып отырады. Сондықтан болмыс пен Жаратушы біртұтас. Түп Иемен байланысты нығайту, яғни Онымен бірігу бүкіл болмыс тіршілігінің мақсаты. Ендеше адам баласы да болмыстың бір бөлшегі болғандықтан, сол мақсатқа ұмтылып, оған жетуге тырысуы керектігі логикалық заңдылық. Бірақ оған жету үшін көп еңбек, қайрат пен ерлік керек. Бұл жолды рухани жол дейміз.
Егер бүкіл болмыстың қайнар көзі Ұлы Жан екенін мойындасақ, онда бүкіл болмыстың түп негізі рухани екенін, ендеше өмірде материя дегеннің жоқ екенін түсіну қиын емес. Бірақ, материалдық көзқарас бойынша рух деген жоқ. Ендеше әлем жоқтан пайда болған. Шәкәрім бұл болжамға былай деп дау айтады:

Табиғат неше түрлі жан жаратты,
Не үлкен, не кішкентай тән жаратты.
Керексіз, жансыз нәрсе жаратқан жоқ
Есепсіз қанша мыңмен сан жаратты.
Бұл сөзге біреу мәңгүр, біреу нанды
Ақылмен білген адам әбден қанды.
Жел мен су, тас, топырақ, шөп пен ағаш...
Ғаламда не бар болса, бәрі жанды.

("Хайуан мен ақымақтар")

Рухтың қасиеттері материя қасиеттерінен мүлде бөлек болғандықтан, оларды заттық түсінікпен өлшеп білуге болмайды. Материя тәрізді белгілі порымы, салмағы тағы сол сияқты өлшемдер рухани болмысқа тән емес. Ол фәнилік санамен қабылданбайды. Ұлы Жанды бүкіл болмыс шыққан алғашқы рухани нүкте деуге болады. Ондай жағдайда, бүкіл әлем үлкен жарылыс барысында шексіз тығыз нүктенің жарылуынан пайда болды, деген материалдық болжамның рухани көзқараспен үндестігі туады. Тек қана материалистік көзқарастағылар сол шексіз нүктенің рух екенін мойындаса болды. Сонда болмыстың пайда болу сырын түсіну мәселесі бір салаға түсіп, рухани нүктеден тарағандықтан әлем рухтың алғашқы жоғары санасымен жаратылғаны мойындалып, әлемнің бейберекеттікке, тәртіпсіз хаосқа емес, керісінше, бір тәртіпке бағынып, үлкен үйлесімділікпен, бір қалыпты тіршілік құрып жатқаны өзінің логикалық шешімін табар еді. Бүкіл тіршілік көріністері рухани болмыстан жаратылса, онда материя және рух дегендер Алла тағаланың жоғары және төменгі қуаттарын ажырату үшін ғана берілген салыстырмалы түсініктер болып қалады. Бүкіл әлем Алла тағаланың бөлшегі болғандықтан, олардың барлығы да рухани негізде. Шәкәрімнің «Ғаламда не бар болса, бәрі жанды» деген сөзі осыны білдіреді .
Сананың жоғары деңгейінде материя мен рух бөлінбейді. Бірақ өмірде ондай жоғары сана сирек кездесетін болғандықтан, фәни әлемде сананың түрлі деңгейлері Алла тағаланы көп қуатқа бөліп қарастырады. Оларды төменгі және жоғарғы қуаттар деп бөлуге болады. Жоғарғы қуатына жан жататын болса, ал төменгі қуатына материялық элементтер, яғни солардан құралатын барлық материя түрлері жатады. Алла тағаланың жоғарғы қуаты жан төменгі қуатқа кіргенде өлі материя тіріледі, яғни «тірі материя» болады. Материяның бұл түрлері бірігіп, әлемнің саналуан бөліктерін құрып, шексіз көп құбылыстарын тудырады. Бұл саналуандық сананың деңгейіне байланысты әртүрлі қабылданады. Сана неғұрлым жоғары болса, солғұрлым күрделі құбылыстарды түсініп, қабылдай алады. Сана жетілген сайын ол Алла тағаланың жоғары көріністерін қабылдап, түсіне бастайды. Шын мәнінде, сананың деңгейі Алла тағаланы түсініп, қабылдау деңгейін білдіреді.

Бүкіл болмыстың, оның ішінде сананың да түп негізі жаннан шығатын болғандықтан, жетілудің барлық сатылары да рухани болып табылады. Бұл сатының ең төменгісі Алла тағаланы толық ұмытып, Одан толық бөліну болса, ал оның ең жоғарғысы Алла тағалаға толық беріліп, Онымен бірігу, яғни Оның ықпалына толық кіру болып табылады. Міне осы ұзақ жолда адамның санасы үздіксіз өзгеріп, түрлі эволюциялық өзгерістерден өтеді. Бұл өзгерістер Алла тағаланы, яғни Оның түрлі қуаттарын түсініп қабылдау деңгейлеріне байланысты болғандықтан, Алла тағаланың қуаттарының деңгейлерін түсінудің маңызы өте зор. Барлық қуаттардың шыққан көзі, тіпті бүкіл болмыс себебі Алла тағаланың Өзі болғандықтан, бұл қуаттар мен өзгерістердің мән-мәнісін тану түп негізінде Алла тағаланы танумен бірдей. Үстірт көзқарасқа фәнилік өмірдің ықпалындағы, не болмаса табиғат құбылыстарын зерттейтін ғалымдардың Жоғары Жаратушымен ешқандай байланысы жоқ тәрізді болса да, шын мәнінде олар да рухани қызмет атқарып, жетілу жолында. Себебі, олар да өмір сүру барысында, не болмаса ғылыми зерттеу барысында Алла тағаланың қуатын, түрлі көріністерін түсініп, олардың заңдылықтарын ашып, болмыс үйлесімділіктерін сезініп-түйсінеді. Осылай жан тілегімен кезінде зерттеушілер ғана емес, барлық жан иелері де Алла тағалаға бет бұрып, рухани жолға түседі.

Сана деңгейі жанның Алла тағаламен қатынас деңгейін білдіреді. Ендеше, шыбын жан өзінің алғашқы таза қалпында өзін-өзі тани біліп, Ғазиз Жанмен тура қатынаста болып, шексіз ләззат иесінен сондай шексіз ләзззат алады. Бұл ләззат – шыбын жан іздеген бақыттың шыңы. Бірақ, материалдық әлемде жандар материямен түрлі деңгейде қапталғандықтан, олардың санасы төмендеп, өзін-өзі сезінуі де түрлі деңгейде болады. Олар енді Алла тағаламен тікелей емес, Оның түрлі қуаттары арқылы байланысады. Егер адам өзін заттық тәнімен баласа, оның "мені" тән болып, санасы сол тәндік деңгейде болады. Ондай адам барлық жан иелеріне берілген табиғат инстинктері ұйқы, тамақ, қорғану және ұрпақ қалдырудан басқаны білмейді. Ол өзін тәнімен және сол тәнді қоршаған ортамен, не болмаса заттық байлықтармен балайды. Мысалы, егер оның мініп жүрген мәшинәсін біреу соғып кетсе, ол ойланбай-ақ "Сен мені соқтың!" деп дүрсе қоя беретіні осыны көрсетеді. Екінші біреулер өзін нәзік болмысымен, яғни ақыл-ес, психикасымен балайды. Ондай адамдар біріншілерден жоғары болғандықтан, білімге, өнерге ұмтылып, өзінің нәзік болмысын жетілдіруге ұмтылады. Сондықтан оның ақылының аздығын көрсетіп сөз айтқан кісіге "Мені ақымақ деп ойлайсың!" деп реніш білдіруі мүмкін. Осылай адам санасы төмендеп, жан санасынан ақыл-ес, психика, одан әрі тән деңгейіне дейін құлдырай береді. Соның нәтижесінде әлемде сана-сезімнің шексіз көп төменгі деңгейлері пайда болады.
Сана-сезім төмендеген сайын жанды қаптаған нәпсі қалыңдап, Алла тағаламен байланыс әуелі бұлыңғырланып, сонан кейін мүлде жоғалады. Алла тағаламен байланысын жоғалтқан адам имансыздық жолына осылай түседі. Ол енді бақыт сезімін нәпсі арқылы іздеп, бірақ нәпсісі жанды қанағаттандыра алмай, адам түрлі қорлыққа ұшырайды. Жан нәпсімен қапталған сайын оның көретін бақыты азайып, ал қасіреті молая береді. Ондай адам қайғы-қасіреттен арылған сәтін бақыт деп есептеп, ол уақытша және ләззаты жоқ сезімді қанағат тұтады. Шын мәнінде, бұл бақыт – қасіреттен арылған бір сәт қана. Бірақ рухани ләззатты іздеп жан тәнге тыныштық бермейді. Сондықтан, ол өмірдің сергелдеңіне түсіріп, көптеген күнәлі істер жасап, соның салдары болып қасырет тағы келеді. Осылай бақыт зардапқа айналып, адам тіршіліктің бірде суығына, бірде ыстығына түсіп азаптанады. Пенденің өмірі, міне, осылай болып, ақыры оның жаны нағыз рухани ләззаты білмей, фәни әлемнен өтеді. Ал келесі өмірі оның осы әлемдегі алған сана-сезім деңгейіне байланысты түрлі әлемдерге, қазақша айтқанда жұмаққа, не болмаса тозаққа барады.

Осындай көріністердің себептері мен олардың салдарын, адамға әкелетін зардабын және бұл өмірдің баянсызын көрсете келіп, Шәкәрім осылардан құтылу жолын былай деп көрсетеді:

Енді есіңді жисаңшы,
Манар тауға сыйсаңшы.
Аласұрып аптықпай,
Бұл жалғанды қисаңшы.
.....................
Жалындамай сөне қал,
Алла ісіне көне қал.
Бәрінің дәмін таттың ғой,
У ішкендей өле қал!
«Ажал жетсе өлдің бе?»

Бұл арада ойшыл «У ішкендей өле қал!» деп сопылардың «өлімнен бұрын өл» дейтін рухани жетістікке жету үшін әуелі нәпсіні өлтіру керек екенін білдіретін терең мағыналы ойды ескертіп отыр.
Жан тіршілік барысында қайғы-қасірет, түрлі зардаптар арқылы өзінің күнәсінан біршама тазарады. Адамзат тарихындағы болып жатқан түрлі соғыстардың себебі мен оның салдарынан бұны жақсы байқауға болады. Мысалы, Ұлы Отан соғысынан кейін қоғам өмірі мүлде жаңа сипат алғаны сонша, мейірімділік, өзара қамқорлық, адалдық қасиеттер жоғарылап ұрлық-қарлық, алдау-арбау тәрізді имансыздық қасиеттер азайды. Ол кезде, тіпті, есікке құлып салу дегенді білмеген екен. Соғыстың зардабы адамның жан дүниесін, міне, осылай тазартып, оның психикасын жақсылыққа қарай өзгертіп жіберген.

Сананың ең жоғары деңгейінде тұрғандар, олар – өзін жанмен балап, өздерін рухани субъект ретінде танушылар. Бұлар жетілу сатысының шыңына – таза рухани деңгейге көтерілгендер. Олар жандарын тазарту арқылы Алла тағаламен байланыс орнатуға ұмтылады. Шәкәрімнің рухани мұрасына терең талдау жасап, саралап байқасақ, оның өзінің рухани жетілу деңгейі осы заңғар биікке көтерілгенін көре аламыз.
Жаратушының шексіз көп қуаттарын жалпы бес деңгейге топтастыруға болады. Бұл деңгейлер Алла тағаланы қабылдау деңгейлері. Осы деңгейлердің қайсысын қабылдап, қайсысына орнығуына байланысты сана-сезімнің түрлі деңгейлері анықталады. Сана-сезімінің эволюциялық дамуында жетілудің қай деңгейіне көтерілуіне байланысты адамның өмірі санқилы болады.

Сонымен, Алла тағаланың қуаттары бес деңгейде байқалып, көрініп, оларды қабылдауына байланысты сананың да соларға сәйкес бес деңгейі бар екен. Бұл деңгейлердің біріншісі – тәндік сана-сезім, жан иелерінің өзінің бар болуын сақтау деңгейі. Бұл деңгейде жан болмысты өзінің тәні арқылы қабылдайды. Өмірдегі негізгі сұрақ – өзімді қалай сақтаймын? Сондықтан, ол өз тәнін ғана көріп, өзінің тән құмарлығын қанағаттандырудан аса алмайды. Тән құмарлығы бүкіл жан иелеріне ортақ болып табылатын тамақ, ұйқы, жыныс қатынасы және қорғаныстан тұрады. Нәпсі, немесе нәпсіқұмарлық дегеніміз, міне, осы тән құмарлығын қанағатандырудан аса алмаушылық. Бұл деңгейдегі адамның бейнесі орыс әдебиетіндегі бой көтертпейтін енжарлықтан, семіздіктен еркін қозғала алмай, жерге түскен қол орамалын көтерудің өзін үлкен мәселеге айналдыратын, жоғары тілек-мақсаттан жұрдай әйгілі Обломов образында жақсы көрсетілген. Бірақ адам өзінен басқа жан иелері барын сезіп-түйсініп, өзінің солардың бір мүшесі екенін, сондықтан қоғам заңдылықтарын толық орындау керектігін сезе бастағанда ол екінші деңгейге – ой-өріс деңгейіне көтеріле бастайды. Бірінші деңгей жан иелерінің өздерінің бар болуын сақтау болса, ал екінші деңгей – сол бар болуды түсіну деңгейі. Бұл деңгейдегі негізгі сұрақ – өзімді не үшін сақтаймын? Сондықтан адам өзін ғана емес, өзін қоршаған дүниені, ондағы алатын орнын түсінуге ұмтылады. Түсіну ой-өріс арқылы болатындықтан, сана-сезімнің бұл деңгейін ой-өріс деңгейі деп атауға болады. Бүкіл болмыс, оның ішінде адамзат, бір Абсолюттің қуаттары болғандықтан, бұл деңгейдегі сана-сезім бүкіл болмыс қуатын түсіну деңгейіне көтеріледі. Осылай жетілу барысында ой-өріс бүкіл космосты қамтып, космостық деңгейге жетуге болады. Яғни, бұл деңгей – Абсолюттің түрлі қуат түрлерін, бүкіл әлем хикметтерін түсіну деңгейі. Сана-сезімнің үшінші деңгейі – бар болуды сақтау, оны түсіну ғана емес, сонымен бірге оның мәнін түсініп-қабылдау деңгейі. Бұл деңгейдегі негізгі сұрақ – болмыстың мәні неде? Бұл мәнді түсіну үшін білім керек. Болмыс мәнін түсіну – болмыс көріністерін көріп-түсіну, сондықтан, енді адамды олардың түпкі себебі мен мақсатын білуге ұмтылады. Осылай адам баласы болмыстың түпкі мәніне, оның қайдан пайда болуы тәрізді сұрақтардың жауабын іздейді. Шәкәрім бұл сұрақтарды былай деп береді:

Талайдан бар бір ой менде:
Бұл әлемді жаратқан не?
Жоғала ма жан өлгенде,
Түзу жол, істер іс қалай?

Болмыс мәнін, яғни оның не үшін және кімнің жаратқанын, болмыстағы өзінің орнын түсінген кезде, енді адам осы түсінікпен өмір сүруге ұмтылады. Сөйтіп ол келесі деңгейге – төртінші, өзінің нағыз болмысын, яғни, өзінің жан екенін сезініп-түйсіну деңгейіне көтеріледі. Бұл деңгейдегі негізгі сұрақ – түсінігімді қалай жүзеге асырамын? Өзінің түсінігін жүзеге асырған кезде адам өзінің рухани болмысын танып, жан екенін, яғни, шыбын жан екенін біліп қана қоймай, енді оны толық сезінеді. Бұл оған Ғазиз жанмен байланыс жасауға мүмкіндік береді. Барлық ләззаттың қайнар көзі Ғазиз Жан болғандықтан, Онымен байланыс шексіз ләззат әкеледі. Осылай жан бесінші, ләззат деңгейіне көтеріледі. Шәкәрім осы деңгейге көтерілген.

Бұл деңгейде ешқандай сұрақ қалмайды, барлығы түсінікті. Сана-сезімнің бұл бес деңгейінің алғашқы екеуі – тәндік, ой-өріс– материалдық деңгейге, ал қалған үшеуі– білім, жан екенін сезіну және ләззат – рухани деңгейге жатады. Фәни әлемде Жаратушының бұл қуаттары жанды жауып, түрлі қабыршақ қабаттар құрайды. Адамның жетілу деңгейі оның сана-сезімінің қай қабатта орналасуына байланысты болады. Бұл қабаттардан арылу барысында қабыршық жұқаланған сайын жанның өзін-өзі тануы, яғни сана-сезімі жоғары көтеріле береді. Бұл жолды көкірек көзін ашу, жүректі тазарту, ұйықтаған жанды ояту деп түрліше атауға болады. Бірақ мағынасы біреу. Ол – адамның сана-сезімін біртіндеп өсіру.

Кімнің болса да өмір барысын реттейтін оның түсінігі, бақыт сезімдері, іс-әрекет, айтылған сөзі мен ойлау қабылеттерінің барлығы оның сана-сезімінің деңгейіне байланысты. Қоғам өміріндегі құбылыстарды дұрыс түсіну үшін бұларды үнемі есте ұстау керек. Сонда ғана қоршаған ортамен дұрыс байланыс жасап, үйлесімді өмір сүруге болады. Өкінішке қарай, адамның жеткен деңгейін кезінде дұрыс түсіне алмағандықтан, фәни өмір оған теріс баға беріп, тіпті кейде қуғын-сүргінге ұшыратады. Олардың заңғар тұлғалары өздері өлгеннен кейін көрініп, тиесілі құрмет пен атақ беріліп жатады. Бұл – халқына ерінбей еңбек етіп, өзінің барлық өмір мақсаты, өзгеше талантымен ұлтымыздың мәдениетіне өлшеусіз үлес қосқан көптеген тарландардың тағдыры. Шәкәрім мен оның ұстазы Абай тағдыры осындай болды. Олардың қатарына кейінгі буын әні Қазақстанның мемлекеттік гимні болып қабылданған композитор Шәмші Қалдаяқов, ақын Мұқағали Мақатаев, кезінде қатты сынға іліккен Мұхтар Әуезов сияқты саңлақтарды жатқызуға болады. Бұлардың әрқайсысы музыка, поэзия, көркем әдебиет, философия салаларындағы жарқыраған дербес жұлдыздар тәрізді болды емес пе?! Адам санасының түрлі деңгейлерін ажырата алмаушылық, саясат ықпалымен бүкіл тіршілікті бір арнаға салушылық, міне, осындай дара дарындарды кезінде көре біліп, дұрыс түсініп, өзіндік баға беруге мүмкіндік бермеді. Керісінше, олардың талпынысына кедергі болып, аяқтарын алға бастырмай, байлап отырды. Сана деңгейлерін дұрыс айыра білмеу, біздің өмірімізде қарапайым адамдардың арасында ғана емес, тіпті, ғалымдар арасында да жиі ұшырасады. Бұл түрлі ғылыми теріс пікірлер тудырып, қоғамға зиянды түрлі шешімдер қабылдауға әкеліп соғады.

Сонымен, фәни әлемде жан материяның түрлі қабаттарымен қапталып, жанның санасы сол тәндік қабаттар арқылы өткенде, өзінің алғашқы таза қалпынан айырылып, өзгеріске түсіп, түрлі сана-сезімге айналады дедік. Күн сәулесі түсті шыны сынығынан өткенде қалай сынып, өзінің алғашқы бағытынан ауытқып, жарық сәуле шынының түсіне байланысты өзгеріп кететіні тәрізді, сана да жанды қаптаған фәни әлемнің қабаттарынан өткенде өзгеріп, өзінің алғашқы таза қалпынан айырылып, фәнилік сана-сезімге айналады. Жанды қаптаған бес қабат Алла тағаланың бес түрлі қуат деңгейіне сәйкес келеді. Сана қандай қуаттың деңгейінде тұрса, адамның тіршілік көрінісі де сол деңгейде болады. Сондықтан, сана-сезімнің осы түрлі деңгейлерін адам қасиетін анықтағанда қатты есте ұстау керек. Сана-сезімнің бұл бес деңгейін білу, әсіресе Шәкәрімнің әйгілі бес сұрағына жауап іздегенде өте қажет. Себебі бұл сұрақтарға жауап адамның сана-сезімінің бес деңгейіне байланысты бес түрлі болады. Олар кейде бір-бірінен өте алшақ, тіпті қарама-қарсы болуы да мүмкін.

Досым Омаров, шәкәрімтанушы, профессор

Фотосурет psychologos.ru сайтынан

author

Шәкәрім Құдайбердіұлы

КОМПОЗИТОР

Шоу-бизнес

Атақты продюсер Баян Мақсатқызы сұхбат барысында өмірінде өткен қиын кезеңдерімен бөлісті, деп хабар...

Жаңалықтар

Бүгін ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен Қ. Қуанышбаев атындағы Қазақ Ұлттық музыкал...