Сандықтағы алтын (Бекежан Тілегенов туралы толғаныс)

ӘДЕБИЕТ
1677

Замандастары ұлы жазушы, классик деп таныған Бекежан Тілегеновтің туғанына 90 жыл. 
Соған орай «МӘДЕНИЕТ ПОРТАЛЫНЫҢ» қалың оқырмандарының назарына осы мақала – эссемді ұсынғанды жөн көрдім. 


 - Бекеңнің «Өмір-өзен» романы «Жұлдыздың» үшінші санынан жариялана бастапты.

 - Иә, - деді Райхан елеңдеп.

 - Мен оқып шықтым. Оқисың ба? 

Райхан қолымнан журналды үн-түнсіз келіп алды да сыртқа шығып кетті.

Терезеден қарап қоямын. Есік алдындағы бақшалықтың шетіне аласа шағын орындық қойып, бетін ары тау жаққа қаратып оқып отыр. Құбылмалы сәуірдің қабағы ашық, тынысты кеңіткен, жан-жануарды қуантқан, өсімдік атаулының қан-тамырын иіткен, шуағы мол отты күн еді. Биыл өрік, шие ерте бүр жарған. Ағаштар ақ, көгілжім, қызғылт гүлдерден бөрік киіп, маңайына қош иісті жұпар шашып, билеп кетердей сыланып, ұршықтай дөңгелене қалыпты. Ктекте көршінің ақ, қара, саржағал тауықтары: шірінді көбейіп, құрт-құмырсқа қыбырлап жатқан кез – олар үшін ұлан той, тояттар шақ. Жоғарыдан күн күпсітіп, төменнен шөп тамырлары ісіндірген жұмсақ жерді сояу тырнақтарымен бірер тарпып қалса болды, іздегендері оңай табылып, мол олжаға кенеліп, қыт-қыттап мәз-мейрам. Мен назарымды жоғары салдым, жанарым Алатаудың ала-құла шыңдарына тірелді. Осыдан аз ғана бұрын біртұтас ақжамылғы астында жатқан болатын. Жамылғының етек жағы дал-дұлы шыға іріп, бүтін тұстары тау басындағы мәңгі мұздақтарға қарай ығысып кетіпті. Ал еңіске қарай кешегі қара барқын түн жасылданып, бұйраланып, Жетісудың қайталанбас базарлы шағының басталғанын жалпақ әлемге паш еткендей-ақ екен. Осынау жұмаққа ұқсас тылсым ішінде қыбыр етпестен «Жұлдыз» журналын оқып отырған Райхан да жасарған табиғатпен жараса астасып көзіме сондай сүйкімді көрініп тұрды.

Күн түске тармаса жұбайым орнынан көтерілген. Қасына бардым. Жанарында шық тұр. Жүзінде мұң. Әлде сағыныш.

- Бекеннің өзін көргендей, биязы қоңыр даусын естігендей болдым... – Бар айтқаны осы. Қалай, олай деп сұрағанмен енді ештеңе қоспайды. Тәптішке, ежікке жоқ. Сондай жан... Бірақ осынау бір ауыз сөз менің бықсып жатқан ойымның қоламтасын үрлеп те жібергендей еді... 

Студент кезім болатын. Филолог мамандығына оқып жүрмін. Күнделікті күш-қуатымды екі нәрсеге бағыштағам: бірі – білім-ілім үйрену, аптаның үш күнінде қашан түнгі 11-де жабылғанға шейін Республикалық Пушкин атындағы (қазіргі ұлттық) кітапханадан шықпаймын; екіншісі – спорт, дүйсенбі, сәрсенбі, жұма күндері тер сасыған боз кілем үстінде Грек-Рим күресіне жаттығамын, шынығамын. Университеттің атақты палуандары Марат Құсайынов (ғылым кандидаты еді, ерте марқұм болып кетті), Сағындық Сатыбалдин (экономика ғылымдарының докторы, белгілі ғалым), Бақытжан Хасанов (филология ғылымдарының докторы), Алексей Кондармен (кейінгі өмірінен хабарым жоқ- Ө.А.) бір құрамда додалы ірі жарыстарға түсіп жүрмін. Үздік оқимын. Өз ортамда әжептәуірмін. Қыздарда шаруам жоқ. Үйлену жайын ойламаймын да.

Өстіп жүргенімде 1962 жылдың Жаңа жылы келіп қалды. Жай күндердің өзінде кеш түсе бар жақсысын киініп, қыз-қырқын қызық іздеп кететін жолдастардан жан жоқ. Виноградов көшесіндегі әдетте күндіз-түн араның ұясындай боп гуілдесіп жататын үлкен жатақхана іші тым-тырыс. Жалғыз қалған едім. Дәлізді дүңкілдетіп біреу келді. Тарих фыкультетінде оқитын Орақ екен. Аздаған таныстығымыз бар-тын. Іздеген досын таппай, ол маған жата жабысты. Жүр де жүр, жаңа жылда жалғыз қалу ырымға жаман, ең болмаса мына иек астындағы ЖенПИ-ге барайық...

Кең зал. Ортада жасыл шырша. Қызыл, жасыл, жасыл, көк – алуан түспен көзін қысқан тізбек шамдар. Қатырма қағаздардан ойып, қиып жасалған түрлі әшекейлер. Осылардың бәрінен де асып түсіп, қазақтың кең сахара даласының жауқазындарындай, сарғалдақтарындай, ұзарып өсіп толған бәйшешектеріндей көз жауын алған бойжеткендер – сиқырлы ғажап әлем. Қарап тұрып-ақ жүрегіңді ауға жаңа түскен балықтай бұлқынтады. Қазақ атам айтатын аққұба зоры да, қыпша бел торы да, өзі сары, көзі көгі де – бәрі жүр.

Мынадай жерге келіп қалған екенсің, жас жігітке өгіз құсап өңкиіп тек тұрған жараса ма. Кіммен билесем екен деп айналама қарасам, топ ішінен теңізшінің кеудешесі іспетті ала кофта киген еліктің лағындай сүйкімді сұрша қыз көзіме түсе берді. Шашы қап-қара әрі бұйра толқынды, қасы самғай ұшқан қарлығаштың қанатындай серпіле қиғаш біткен. Әсіресе жанары... менен бұрын оның көзі маған түсіп қойды ма, білмеймін, жанарларымыз бір сәтке шарпысып қалғандай еді, қыздың үлкен ұялы қой көзінен балалық ұяңдықпен қатар ойлылық пен салмақтылықтың қоспасыз таза жарқылын да қоса сезгендей болдым. Қыз тұрған жаққа қарай көңілім бұрын қозғалды ма, аяғым алдымен алып барды ма, өзім де білмей қалдым...

Сол сәт, сол күннен бастап мінеки 43-ші жылға кетті, шүкір Аллаға, арамыздан ешбір шайтан өте алған жоқ, жұбымыз жазылмастан өмірдің ыстық-суығын бірге кешіп келеміз.

Мен жасымнан ұлтым «қазақ» деген бір ғана ұғымға тіреліп өстім. Одан төмен қарай майдалана беретінін, өзін мықты қазақпын дегеннің негізгі бар күші сол майдасында болатынын жасым егде тартқанша пәлендей біле де қойғам жоқ, мәне де бермеппін. Бәлкім, бұл мінез маған әкем теміржолшы болғандықтан, темір жол бойында ешбір ата, ру тұтасып отырмайтындықтан, ондағылар ойдан, қырдан құралып, қырық ру болып келетіндіктен «мен мынаумын. Сен анаусың» демей, өздерін бір-бірімен тең дәрежеде ұстайтындықтан – сол ортадан жұққан шығар.

Алматыда университетте оқып жүргенімде де мені ата, ру ұғымына қарай тартатын да, жақындататын да себептер бола қоймады. Маған мұнда жеті емес, жетпіс жетінші атадан қосылады-ау дейтін де ешкімім жоқ еді. Қамқоршың боламын, көмектесемін дейтін жанды қайдан табамын. Ондайды ойламаймын да. Жастай адал еңбектің дәмін таттым. Өндірісте кім тәртіп сақтайды, жұмысты кім жақсы істейді, сол бағалы адам болатын. Мақтау да соған. Марапат та соған. Сондай ортадан шыққан соң, барлық салады, барлық жерде де осындай әділдік бар деп, өзің жақсы бола білсең көреді, бағалайды деп ойлаймын ғой, баяғы.

Түсінік осындай болған соң, қыз қандай тектен, руы кім, лауазымды жерден бе, ол жағында шаруам жоқ. Әке-шеше, аға, әпке – бәрі бар. Түтіні түзу шыққан бүтін отбасынан. Өзі болса баланың кенжесі. Мен үшін жеткілікті ақпарат. Қалай таныстық, солай бір-бірімізді бір күн көрмесек түра алмастай халдеміз. Жазғы каникул келді. Ауыл жаққа барып қайтар кез. Не істейміз? «Кеттік» дедім. Қуанды да, сен қайда болсаң, мен сондамын деп, қасыма еріп жүре берді...

Каникулдан келсем, курстас досым Нұридден Мұфтахов (Нури Муфтах) мені зыр жүгіре іздеп жүр. Бірер жас үлкен, оның үстіне қарағанды шахтасында жұмыс істеп ерте ысылған. Ішіміздегі пысығымыз. Білмейтіні жоқ. Алғашқы мақалалары республикалық жастар газетінде жарық көре бастаған. Қазақша да, орысша да еркін жаза береді. Бізге ейтатын ең жақсы сөзі – «Ой, дорақ». Сонысымен бастады. Айтар болса, шынында ұят жасаппын. Біреудің мәпелеп өсіріп, адам болсын деп оқытып жатқан бойжеткен қызын әйт-шүйт жоқ сұраусыз, ескертусіз алып кетіппін. Іздеу салып жатыр. Іс насырға шаппай тұрғанда алдарынан өтуім керек. «Ең болмаса пошымыңды көрсетіп шық, дорақ. Мұрныңның пұшығы, басыңның тазы жоқ. Ақылың асып тұрмаса да өз пайдаңды білерлігің бар. Үлде мен бүлдеге орамасаң да қыздарын аш қылмайтыныңды білсін». Әңгіменің тоқ етері қарт әке-шеше Семейдің Жалғызтөбесінде қыз қайда деп шашатырын жұлып жатыр. Іздеп шығуға әке сырқат... Мен сүйтіп Райханның Алматыда тұратын үлкен ағасы Бекежен Тілегеновтің алдынан өтуге тиісті екенмін.

Бекеңнің университет бітіргеніне көп уақыт бола қоймаған. «Лениншіл жаста» («Жас Алаш») әдеби қызметкер. Үйленген. Сауда министрлігі жағында орынбасар ма, әжептәуір лауазым иесі атасының үйінде келіншегімен бәрі бірге тұрады екен. Нұридден тұп-тура сонда бастап келді. Қазіргі Абылай хан даңғылы мен Шевченко көшесінің қиылысар тұсындағы үш қабатты қызғыш түсті тамның екінші қабаты, үш бөлмелі пәтер. Асып-төгіліп жатқан түгі де жоқ. Жезқазғандағы озат шахтерларға деп арнап салған екі этажды коттедждегі біздің үш бөлмелі пәтеріміз бұдан әлдеқайда кең әрі сәндірек. Тек мұндағының адамдары... Жүріс-тұрыстары, сөйлеу мәнерлері өзгешелеу.

Нұридден кірген бетте мұндайдың талайын бастан кешкен әккі құда түсушідей бірден екпіндеп төрге озды. Мен өзімнің табиғи ұяңдығыма басып, босағаға таяу орындықтың біріне жайғасқалы жатыр едім, орта бойлы, толықша келген, жүзінен нұрлы шуақ төгілген, қалың бұйра шашы оң жақ шекесіне қарай төгіле толқынданған сыпайы жігіт қолтығымнан демеп, жоғарырақ отыруымды қалады. Мен оның Райханға қатты ұқсайтынын аңғардым. Ағасы Бекежан екенін білдім.

Үстел басында кеудесін нық ұстап егделеу келген аққұба өңді, үсті-басы мұнтаздай келбетті кісі отырды. Ұялы шегір көзі өткір-ақ. Жүзі байсалды, салқын. Бұйырып сөйлеп, билеп-төстер үйренген адамға ұқсайды. Бұ кісінің оң жақ қолтығы тұсындағы қабырғаға тақау қойылған орындықта шашын маңдай тұсынан жарып, жылмита тарап желкесіне түйіп өрген, толықша балғын денелі, әжімсіз бүйрек беті томпиған қара торы әйел келіп жайғасты. Мен жаққа ақырын күлімсірей түсіп қарап қойып отыр. Бұлар Бекежанның атасы Құзырғали, енесі Нағима еді.

Әңгімені Нұридден бастады. «Жас өспей ме, жарлы байымай ма», «Теңін тапса, тегін бер» дегенге сайдырып әріден бастап, тереңнен қармап сайрап кетті. Бір аяғын бір аяғы үстіне артып, айқастырып алған. Ұзын сирақты тербете қозғап, қалақтай табанын алға қарай соза түседі. Шұлықтың басы тесілген. Тесігінен бақайының ұшы жылтырап, көгістенген қара тырнағы шығып тұр. Мен ғана байқадым ба, білмеймін, ұялғаннан жерге кіріп барамын. Нұрекең болса, мойнына алған міндеті өзіне керемет ұнайтын сияқты. Көстиген ұзын сирақты тербете түседі, шұлық жыртығынан қараған қара бақай секіріп-қарғып билеп тұр.

- Жарайды, - деді үстел басындағы жүзі салқын, аққұба кісі Нұриденнің сөзін ортан белінен шорт үздіріп, - жастар бірін-бірі ұнатса, араларына килігіп, сына қағар біз емес...

Дастарқан жайылды. Дәм келді. Бәрі қарапайым. Артып-асып тұрған ештеңесі жоқ. Тек... ыдыстары, тамақты шаншатын, кесетін құралдары ғана көп. Ұрттап-жалап, қидалап-турап отырғаның...

 Мен марқұм Бекежан Тілегеновпен осылай туыс болдым. Бірақ арамызда жас жағынан пәлендей үлкен айырмашылық болмаса да, тез тіл табысып шүйіркелесіп кете алғанымыз жоқ. Мүмкін оған кісіге жақындасуды жағымпаздық деп санайтын мінезімнің бірбеткейлігі, Бекеңнің кісіге ашыла қоймайтын біртоға тұйықтығы себеп болған шығар. Университетті бітірер кезде біраз жыл қатар, жақын жүрген досым Рымғали Нұрғалиевтің: «Әуелі өзің болып алмай біреуге жақсылық жасаймын деу ақымақтық» дегеніне қарамастан көп балалы қарт әке-шешеме көмектесемін деп Жезқазғанға тартып кеттім. Босада Бекеңдер жағынан бұларың дұрыс, я бұрыс деген сөз болған жоқ. Әйтеуір, шындығы сол - әкем жарықтық менің оқу бітіріп, нан табатын шағымды күтіп жүргендей екен. Көп ұзамай дүниеден озды. Біз Райхан екеуміз екі ініні Алматының политехникалық институтында, қарындасты ЖенПи-де оқытып, сүйтіп өзімізден кейінгілерді аяқтандырғанша он жылдай уақыт өтті де кетті. Ес жиып, алғашқы шығармаларымды алып Алматыға келсем, кешегі қатар оқыған тұстастарымның көбі алды үш-төрттен кітап шығарып классик болып алыпты. Бекежен да қызметте өсіп. Тұңғыш хикаяттары мен романдарын кезегімен жариялатып жатқан еді.

Әдебиет сүйгіш біздің ұрпақ жазушылардың дақпырты астында өстік қой. Атын айтқызбайтын, қуғын-сүргін құрбандары болған алыптарымызды, Советтік дәуірдің марғасқаларын былай қойғанда, қалғандарының өзін шартты түрде шатақ дақпыртты, атақ дақпыртты деп екі топқа бөлсе де болар еді. Шатақ топтың көш басында Бауыржан Момышұлы, Төлеужан Ысмайылов, Тоқаш Бердияров, Мұқағали Мақатаев; атақ тптың алдында Әбдіжәміл Нұрпейісов, Тахауи Ахтанов, Жұбан Молдағалиев, Олжас Сүлейменов. Алғашқы топтағылдар жайында ішеді, қатын тастайды, үлкенге тіл тигізеді, жағасын жыртады деген сияқты «ерліктерін» естісек, екінші топтағылар жайында таңдамалысы басылыпты, көп томдығы шығыпты, Москвада орыс тілінде жарияланыпты, лауреат болыпты, бәйгеден озып келіпті дейтін хабарлары жететін. Әркімнің отырар орны, алар еншісі белгіленіп қойылған регламеттелген өмірдің де тастай қатқан ережелері бұзылады екен. Қоршаулар мен бетон қабырғаларды бұзып-жарып Ілияс Есенберлин алға ұмтылды. Жылда роман және қандай! Қазақтың бітеліп қалған көкірек көзі ашылуына түрткі болды. Елдік, ерлік тарихымыз бар, іргелі халық екенбіз ғой дегізді. Оның бұл ерлікке пара-пар қарымды еңбегі жақсы шығарманы біз ғана жазамыз, барлық тәуір атақ біздікі болуға тиісті дейтіндерге, әрине, ұнай қойған жоқ. Қазақ қызғанса, не істемейді. Жүндей түтті. Өсекке байлады: «Қонаевпен бірге оқыпты, со кісі қолдайды екен». Мүмкін рас та шығар. Бірақ осындайда адамға бір ой келеді. Қазақтың тарихи-әлеуметтік санасының оянуына елеулі қызмет еткен сол тамаша шығармаларды Ілекеңнің өзі жазды ғой. Алайда оған қарсы болғандарды да түсінуге болады, өйткені олар негізінен саяси науқандарға жауап беріп, большевиктік идеологияның мәңгілігі мен өміршеңдігін дәріптеуге дағдыланғандар болатын. Егер олар Ілекеңе тосқауыл қоя алғанда сол тамаша тарихи шығармалар жазылмай қалар ма еді, қайтер еді? Білмеймін. Ал жарық көруін кешіктірулері, ұлттық сана оянуын тежей тұрулары әбден мүмкін-ді. Бақытымызға қарай І.Есенберлин жалғыз болмады, қазақ басынан бағы тая бастаған «Аласапыран» күндерді айтып М.Мағауин, тоз-тозы шығып, елдігінің қылкөпір үстінде қалған шағынан хабар беріп «Елім-айлап» С.Сматаев, осыдан не бармыз, не жоқпыз, екінің бірі деп қазақтың «Үркердей» игі жақсыларының елді ұйыта білгенін көсілте баяндап Ә.Кекілбаев – омыраулап-екпіндеп жарыса төрге озды. Қазақ тарихын әріде Ресей патшалығына бағынған кезімен, беріде 1817 жылғы Қазан төңкерісімен байланыстырып халықтың таным зердесіне қалың перде тұтқандардың қарақұрымының быт-шытын шығарды. Санаға жарық сәуле түсірді.

Әдебиетші қауым шеңберінде алсақ, екі түрлі дүниетаным, көзқарастың шарпысу шегі 1986 жылы өткен жазушылардың кезекті сьезінде айқын көрінді дер едім. Көрнекті жазушымыз Т.Ахтанов бастап біраз қаламгер І.Есенберлинге қатты шүйлікті. Ілекең шығармаларын іске алғысыз етіп тастады. Мақсаттары, менің өз пайымдауымда, өздері дәметкен биік тұғырға халық қалауымен шығып алған Ілекеңді ол жерден омақастыра құлату сияқты болып көрінген еді. Сонда Ілекең жарықтықтың қарсы уәжі қызық болды. Кітаптарының қай тілдерде қанша таралыммен шыққанын, мемлекет қазынасы қанша көлемде пайда түсіргенін айтты да, сөзінің соңында «несіне сонша өшігіп жанығасыңдар, әдебиет қорымынан бәрімізге де орын табылады» деп, байсалды қалпын өзгертпестен мінберден ақырын түсіп, президиудағы орнына қарай жайбарақат ақырын аяңдап кете барған-ды. Бүкіл зал, байсалдысы бар, ішіп алғаны бар, есірік-есері бар – бәрі бір сәт аңырып үнсіз қалған еді. Қазір ойласам, Ілекең сонда әулиенің сөзін айтқан екен ғой. Сол күндергі көк тіреген көкіректер қайда қазір? «Сен қызметтің құлысың, бүгін барсың, ертең жоқсың. Мен ақынмын, мәңгілікпін» деп, Д.Қонаевтың өзімен бақталасқан мықты ағалардың ізбасарлары аспандағы айды аламын деп жүргенде, биліктің ең майдасы – аудан әкімі есігінен қарауға да жарамай қалғанын біле ме екен, ойлай ма екен әуелі...

Алайда мен тақырыбымнан ауытқығандаймын-ау. Жоқ. менің айтпағым Б.Тілегеновтің ескі, жаңа топтардың арасынан да, шатақ дақпырт пен атақ дақпырттылардың арасынан да, біреуіне сойыл-шоқпар керек боп, біреуіне мүсіркеуші-қамқоршы керек боп, шатақшылар мен атақшылардың кейде жерлестік, кейде аталастық негізде біріккен «одақтарының» ішінен көрінбек түгіл байқалмайтыны жайынан. 

Асылы, біздің қазақта топқа қосылмаған адам – тойдан қалған адам іспетті. Оның қам-қарекет тірлігінде ешкімнің шаруасы болмайды. Дақпырт қайдан шығады, шатақ қайдан шығады – сол жаққа қарап елеңдеп тұрамыз. Осындайда әртүрлі түспен, бояумен өрнектелген идеологиялық жамылғыларын бүркеніп – ап төңірегін дүрліктіріп жүретін саясаттағы, руханият әлеміндегі бұзықтар – есі кеткен қоғамның тізгін ұстар кумирлеріне айналған ба осы деген жаман ой келеді екен кісіге. Өйткені бойын айқай-шудан аулақ салып, кісілікті сыпайы мінезбен елеусіз жүретін жандарды көзге іле қоймаймыз. Шын парасат иесінің қашан да жалғыз болатынын, топқа да, тобырға да қосылмайтынын, жеке басының ар-ұят тәуелсіздігінен басқаның алдында бас имейтінін кеш біліп жатырмыз ғой. Мен де әріптен, жеке сөзден қателескен адамды саяси қылмыскерге санап, оны жау көріп өскен ортаның «қызылы» болғандықтан Бекеңнің алғашқы жарияланымдарына онша мән бере қоймаған ем. Сүйткен мені «Көктем де ызғарлы» атты хияты өзіне бірден баурады. Бас алмастан бір демде оқып шықтым. Тілі – Арқаның самалындай жайлы, құс қауырсынындай жеңіл, май жаңбырындай жылы, ойы- көктемде толып аққан Жанама өзенінің айдынындай кең әрі иірімді. Кейіпкерлер шолтаң емес, әрқайсысының өз шындығы бар. Және онысы жалған ұранның желігі де емес, табиғаты түсініксіз күрделі өмірдің жалмауыз қайшысының астында жүріп те, адамгершіліктің тура жолынан адасып қалмауға тырысқан қарапайым жандардың ізгі ниеті, адамдықты, әділдікті әркімнің өзінше түсінуінен болатын табиғи талпынысы...

Осыдан былай қарай мен Б.Тілегеновтің қаламынан туған шығармаларды қалдырмай қызыға оқитын болдым. «Аққайнар», «Уақыт»... орыс тіліне аударылып, Мәскеуден де шығып жатты. Бірақ... әлдебіреудің қарабайыр очеркіне, футбол ойынынан, мәселен, «теңбіл доп» деп жазған репортажына, әлдеқалай жолжазбасына көпіртіп рецензия, зерттеу сын арнайтындар ауыздарын ашпайды. Мақтаны – ақ алтын, көмірді – қара алтын, фосфоритті – қара маржан деп жазғандар шырқап кетті. Лауреат! Халық жазушысы! Шырқамай қайтеді, коммунизм орнатып жатқандардың жасампаздық жарқын бейнелерін жасады ғой... Ал Б.Тілегенов сол социализм мен коммунизмнің қанды да шаңды өткен жолына ой көзімен үңілді. Сол жасанды қоғамның кезең-кезеңде халыққа алып келген қасіретін, ұлтты ұлт етіп сақтап тұрған өзіндік дүниетаным, салт-дәстүр, әдеп, ізет, махаббат, отбасы татулығы, босаға беріктігі, ананың ардақталуы, баланың мәпеленуі, үлкеннің құрметтелуі сияқты құндылықтардың іштен қалай іри бастағанын, оған деген парасатты жандардың қарсылығын асқан байыппен, өмір ағымында, өзінің табиғи шынайы қалпында суреттеумен болды. Мүлде бөлек әуен, бояу еді. Әдебиеттің партиялығы дейтін коммунистік солақай сын қалыбына салып қарастыруға болмайтын еді. Алайда білместіктен бе, әлде басқа себебі болды ма, әйтеуір бір сыншымыз «Уақыт» романын әлгі дайын қалыпқа салды да жіберді. «Қан мен тер», «Ғасыр наны», «Кен», «Қара маржан» т.с.с. шығармалар еш қыры сынбастан, бұрыш-бұрышы кетілмеген күйі әлгі қалыптан жылп етіп өте шықса, «Уақыттың» қабырғасы сынып, шекесі жарылып, қансырап шықпаған жаны әзер қалды. Мәселе мынада еді: Қалыптан есен-сау өткендердің орыс совет әдебиетінде қалыптасқан, мадақталған үлгілері бар болатын. Ал дайын үлгіні қайталау ол кезде әрі міндет, әрі мақтан еді. Өйткені еліктеу – үйрену мектебі, таланттылықтың айрықша белгісі ретінде қарастырылды. С.Мұқанов «Менің мектептерім» деп («Өмір мектебі») М.Горькидің ізіне түсті. Ғ.Мүсірепов пролетариат бас жазушысының ана туралы әңгімелеріне еліктеді. С.Сейфуллин бастаған талай ақын қазақтың Маяковскиі боламыз деп талпынды. Т.Жароков тіпті өлең оқу мәнерімен де, дауыс ырғағымен де ұстазға ұқсап бағуға тырысқаны да ақиқат. Өз құлағымызбен естігенбіз. Қазақтың Шолоховтары, Твардовскилері, Евтушенколары да аз болған жоқ. Еліктеу, жетекке ергіштік, таптаурын дайын жолмен бүлкектеу – бодандық сана мен психологияның тайға басылған таңбадай бадырайып тұрған айқын бір көрінісі. Тәуелсіздігіміздің мүшел жасқа толған шағында да бұл қалып асқынбаса кеміген жоқ. Парламент пен Үкімет қазақшаға – сақау, орысшаға – бұлбұл. Өзін оппозициядамын деп есептейтін бір әншіміз гитарасын сабалап, Высоцкишілеп өңеш жыртып жүр. Әрине, алып Ресейде әнші жетеді. Бірақ арада қанша жыл өтсе де Володя марқұмды қайталайыншы деген жан баласын байқамадық. Сірә, ондағылар біреуді қайталаудың - өнерге жатпайтынын біледі, ұят келтіретінін де ескеретін секілді.

Мен мұны айтқанда Б.Тілегеновті қазақ әдебиеті ағымынан бөліп алып, өзі жеке дара бір төбе еді деуден аулақпын. Ол да сол ортақ процестің ішіндегі – талант. Бірақ өзіне тән пайым-өрнегі бар. Әғгіме міне осы ерекшелігі туралы. Мәселен, аса жоғары марапатқа ие болған шығармалар үшін ортақ белгі – жасандылығы мен жаттандылығы болатын. Кертартпа ескі мен жасампаз жаңа өзара бітіспес ақтық айқасқа түседі. Ескілікті сақтап қалу үшін тырысып көткеншектегендер де, жаңаны орнықтыру үшін жанын салып атойлағандар да алған бағыттарынан қайтпайды, айнымайды. Бұлардың ара-арасында адасып шөре-шөреде қара халық өкілдері жүреді. Ақырында, әрине, ескі күйреп, жаңа жеңеді, қара халықтың көзі ашылады. Қалалар өндіріс дүрсілімен оянып, дала трактор үнімен тербеледі. Қоғам бір сілкініп, бір жасарып коммунизмнің алтын сарайына қарай өрлей түседі. Бекежан шығармаларында да партия, совет қызметкерлері, шолақ белсенділер жетіп артылады. Бірақ ол кейіпкерлерін мынау жағымды, мынау жағымсыз деп таңбаламайды. Қоғамдағы үстем идеологияның қасаң қалыбына салмайды. Қоғам дамуын күштеуге болмайтынын, оның ешкімнің сәуегейлігі мен көсемсуіне көнбейтінін, обьективті өз заңдылығы болатынын, ол заңға бағынбағанды илеп, үгітіп жіберетінін жақсы біледі екен. Содан да болар, Б.Тілегенов шығармаларының кейіпкерлері өмір-өзен арнасының асау толқынында бірде батып, бірде қалқып жүргенін көреміз. Бір қарасаң, кешегі үстіне кожанка киіп, басына қызыл шаршы байлап, елді ұлттық құндылықтардан бездіріп, еркіндік, теңдік деп ұрандатып жүрген Үміттің бүгін баяғы кісіге бет қаратпайтын асау айбаты жоқ. Бірақ жаман әдетпен бойға сіңіп кеткен дөрекілігін сақтап, шөре-шөредегі елеусіз қызметке ығысып, босқа солып бала сүю бақытынан жұрдай боп қуарып қалған. Ұжымдық еңбектің отымен кіріп, күлімен шығып жүріп, емделуге де мұршасы келмей, бойын ауру дендеп, аштық қысып Нәби белсенді астық үйілген қызыл қырман басында қатып өледі. Жұмабек сүйгені үшін, адами таза сезімі үшін партиядан шығып, ешкімге керексіз боп қаңғалақтап қаңғып қалады. Қысқасы, мені елге ақыл айтуға, үстінен қарап жүруге жаратқан деп ойлап, аузымен құс тістегендердің талайы-ақ өмір-өзеннің бұрқ-сарқ қайнаған бір иірімінде табанға түсіп, ал олардың ат шылбырын ұстап «жәкетайлап» жүргендердің төбеге шығып биіктеп кеткенін көреміз. «Байлық – қолдың кірі», «Жігітке қырық күн аштық, қырық күн тоқтық» дейтін кәдуілгі қазақы таным. Ұлттық дәстүрлі таным. Ай астындағының бәрі өзгереді. Кеңестер одағы ыдырағанда, нарық келгенде, аузын айға білеген жайсаңдардың, үлде мен бүлдеге оранған майжамбастардың талайы аштықтан қарны бұратылып, баяғы дөң айбаттан тырдай боп, тілден айрылып, көздері шүңірейіп, қоңыз теріп кеткен жоқ па?! Билік пен байлықты қарпып қалғандарға жақын тұрғандары ғайыптан байыған, кешегі өздері адам екен деп те есептемейтіндердің қолынан тауықша жем жеп, спонсорым бар деп мақтанып, қайыршының күндік табысындай әлдебір стипендияны асқан талантының өлшемді әділ бағасындай көріп, соған кәдімгідей мәртебеленіп, мәз емес пе?! Қоғамды асты-үстіне түсірген осы апалақ-сапалақ, қым-қиғаш тірлік ненің құдіреті? Әрине, уақыттың, өмір-өзеннің. Иә, иә, Бекежан Тілегеновтің өзінің басты шығармаларын «Уақыт», «Өмір-өзен» деп топтастыруының астарында міне, осындай терең сыр жатыр екен.

Қазақ әдебиетінде екі басылымның «Жұлдыз» журналы мен «Қазақ әдебиеті» газетінің алар орындары ерекше ғой. Бірақ неге екенін қайдам, мен білетін 30-40 жыл аралығында, Төлен Әбдіков, Ахат Жақсыбаев отырған кездегіден басқа уақытта, соңғысы алғашқысын түртпектеумен келеді. Әсіресе Ш.Мұртаза бас редактор болып тұрғанда қатты өршіген еді.

Отырса – опақ, тұрса – сопақ. Газет маңдайшасындағы «Барлық елдердің пролетарлары, бірігіңдер!» ұранының қасына: «Б.Тілегеновті жүндей түтейік, «Жұлдызды» сілікпедей сілкілейік!» деп жазып қойса да болғандай еді. Марқұм Оралхан Бөкеевтің айтқаны еді: «Көнтеріліктің де шегі болады, қашанғы шыдаймыз. Ең болмаса зеңбіректен атқандай етіп анда-санда дүңк дегізіп қойсақ болмай ма?» десем, Бекең көнбейді. Бұл сөзді Бекеңе ретінде мен де айтқам. Бекең сәл ойланып: «Шерхан шаруасына мығым, жөн-жоба білетін азамат қой. Мійлі», деді де, әңгіме өзегін басқа арнаға бұрып жіберді.

Мен де өз өмірімде талай жақсы мен жайсаңды, кеудемсоқ есірік пен есердің талайын көрдім. Бекең ешкімге ұқсамайтын. Қызметтен қолы босағанда тізесі шыққан ескі трикосын киіп-ап үстел басында, қағаздары арасында отырар еді. Шылым шекпейді. Арақ ішпейді. Бірақ дастарқанға арақ қойғызады. Мен қаршадайымнан шахтер боп жұмысшылар арасында өскенмін. Өндірісті қала Қарағандыда тұратынмын. Орайы келсе, арағыңның бір бөтелкесін бір өзім еңсеріп кете саламын. Сапура жеңгем рюмкені қолыма ұстағаннан аузыма қарайтын сияқты. Шашалып қалардай боп бірер ұрттаған болам, сонымен тәмам. Қазақтың аттын басын еркіне жіберіп, оңды-солды бөсетін жері – арақ ішілетін жер ғой. Ал бұл үйде ондай әдет жоқ. Онсыз да несиен сөзге аузы берік, ішін ашпайтын жан, ішпеген соң не десін, үндемейді. Жолым кіші, артық сөзден, орынсыз сұрақ қоюдан мен де тартынамын. Ол болса, бір адамды тілге басып жамандамайды, ешкімді мақтамайды да. Пәленше менің досым еді дегенін де естіген емеспін.

Айтпақшы, ішкілікке қатысты бір айтқаны есімде. Өткен ғасырдың 70-ші жылдарының бас кезі болатын. Бекең Қарқаралы ауданында партияның ұйымдық-сайлау конференциясын өткізуге орталықтан өкіл боп арнайы келді. Мұндайдың арты ас та төк той болатынын білемін. «Я қалай өтті?»- деп сұраймын. «Ой, арақты қырдық қой», дейді Бекең. «Апырмай, шынымен сонша көп ішіп қойдыңыз ба?». Бекең: «Ой, бір үш рюмкедей коньякті жұтып салдым-ау деймін», дейді кәдімгідей мән беріп...

Бірде мен Бекеңнің мақтанғанының да куәсі болдым. Көңілді екен. Себебін сұрап едім, «Литературная газета» тапсырған соң, артыма қарамай орыс тілінде әдебиетіміздің хал-ахуалы жайында, көлемді мақала жазып жібердім», дегені ғой...

Пенде ғой, аздаған қулығы барын да білдіріп қойды. Египет ханзадасы Нефертидидің есімі ел аузында, келбеті әйел сұлулығының рәмізіндей боп дүрілдеп тұрған кез. Тақтайшаға қарылған, алтынды сырмен зерленген тәуірлеу біреуі Бекеңнің жұмыс кабинетінің қабырғасында да ілулі тұрды. Менің көзім түскенін байқап: «Мәскеуден әкелдім, деді Бекең, он бес сом тұрады екен, мен жиырма бес сомға алдым деп едім, Сапура соған сенді»,- дегенді үстеп қойды. Ерлік жасаған адамдай соңғы сөздерге кәдімгідей мән бере жеткізген.

Біздің қазақта қолы бірдеңеге жеткен адам төмендегі туыстарына, жақын-жуығына көмектесуі – міндет. Төмендегі туыстардың одан жәрдем күтуі – жазылмаған заң. Етектегіге ебі тимесе, жоғарыға несіне шықты. Өйтіп кісі болғаны бар болсын, ондайды туыстар есебінен шығарып тастаған дұрыс. Осынау қазақы қисын тұрғысынан Бекеңнің маған көмегі болды ма, білмеймін. Ал өзім менің ісіме пәлендей атсалыспаған-ау деп ойлаймын. Бұлай ойлауыма негіз жоқ емес. Менің «Қыз-көктем» атты романым «Жазушы» баспасының 1986 жылғы жоспарына енді. Ол кезде жоспарға ену қиямет болғанмен, жоспарда тұрған дүниенің, қолжазба дайын болмай қалған жағдайда демесең, шықпай қалуы да мүмкін емес-тін. Мен романымда қала, дала тұрмысын қатар алып, социалистік өмір салтының іштей шіріп, құру шегіне жеткенін көрсетуге тырысқан едім. Цензор-редактор біліп қойды. Бекеңе шетпұшпақтатып басымдағы жағдайымды айтып едім, жанары үлкейе бетіме ойлана қарады да қойды, ләм демеді.

Бекеңнің көмектескен адамы, менің анық білуімде, Семейлік жерлесі Роллан Сейсенбаев. Біз ол екеуміз 1974 жылы жас жазушылардың республикалық слетінде Ә.Нұршайықов басшылық еткен проза секциясында бірге болғанбыз. Роллан көлемі жарты беттей бірер қысқа әңгімесімен, мен «Телефон үнсіз қалған күн» атты көлемділеу әңгімеммен қатыстым. Әзағаның қорытынды сөзінде екеумізге де мақтау тиді. Қызметке оралып, Нұра ауданының шалғай шеті Құланөтпес өзені бойындағы «Амантау» совхозына іссапармен бара қалған едім. Машинадан мен де түстім, баған басындағы репродуктордан Әзағаң да сайрап қоя бергені ғой. Жас жазушылардың слетінде сөйлеген сөзі. Бүкіл ауыл тыңдап тұрғандай көрінді маған. Әзағаның бұл сөзі кезекті жинағында да басылды. Неге екенін қайдам, менің сол классигіміз ұнатқан әңгімемді көпке дейін әдеби газет-журналдар жарияламай, баспадан шыққан кітаптарыма енбей түсіп қала бергені...

Роллан содан орысша, қазақша араластыра жазып, оларын сиясы кеппей шығарып, аспандап шырқай жөнелді. Қазақстан Жазушылар одағының КСРО Жазушылар одағында өкілі боп Мәскеуде отырды. Лениннің, коммунистік партияның, совет өкіметінің юбилейлер кезеңі еді. Өзін классикпіз дейтін үлкен дастарқанға жақын жүретін жазушылардың атақ алатын сүйікті тақырыбына айналды. С.Жүнісов Лениннің нұсқауымен «Петрокок» (Петропавл –Көкшетау) темір жолының қалай салынғаны туралы пьеса жазып, қара телефонмен кейіпкерін Ленинмен өтірік сөйлестіріп, саған дейін біз, қазақ, жабайы, кеңкелес едік, әлі де кеңкелеспіз дегенді айтқызып, мемлекеттік сыйлықтың иегері болып шыға келді. Сонда өте қат тақырыптың бірі - өдіріс еді. Роллан соны қолға алды. Қасына бір тырайған арық орыс қатын ертіп келіп, қонақ үйінде ұзақ жатып, сыйлық алатын шығармасын жазуға кірісті. Аяқ астынан ауырды. Енді Райхан екеуміз бар жылы-жұмсағымызды аузына тосып, күн-түн соның қасында болдық. Аузына су тымыздық десек те артық емес.

Әңгіме бірақ мұнда емес. Жұбайым Райхан Қарағанды мемлекеттік университеті кітапханасының меңгерушісі болатын. Ресейдің, Орта Азияның үлкен мәдени орталықтарынан кітап әкеліп жүретін. Кезекті іссапары Мәскеуге түсті. Қиналатын ештеңе жоқ. Роллан бар онда... Райхан Мәскеуден артынып-тартынып шаршап оралды. «Иә, Роллан көмектесті ме?» Телефонмен сөйлескен екен, қарасын да көрсетпепті. «Айтпадым ба жүлік деп, аулақ жүр деп», дейді інісінен көңілі қалған Райхан.

1989 жылы Украинаның Донецк қаласында еңбек тақырыбына жазатын қаламгерлердің Одақтың кеңесі өтіп, мен соған қатыстым. Арада Дондағы –Ростовқа ұшағымыз бір қонып, жетуін жеттім-ау. Одақтың іріп тұрған кезі. Қайтарымда әлгі реисім өліп, енді қайтып ұшпайтын болыпты. Ол жақтан Қазақстанға пойыз жүрмейді. Жол тек Мәскеу арқылы ғана. Кеңесте пікірталасқа қатысып, Донецк телестудиясынан сөз сөйлеп, біраз тамыр-таныс тауып алған едім. Солардың бірі – Н.Саенко деген егделеу кісі. «Онда бұрын болып па ең, танысың бар ма?», деп сұрайды. Ролланды айтып бәлсініп қоямын. Мәскеуге пойызбен демалыс күні жеттік. «Бірден тартып кетпей әуелі телефон шалып ал», дейді қасымнан қалмай жүрген Н.Саенко. Сүйттім. Бала жауап берді, әкем үйде жоқ дейді.

Н.Саенко мені «Современник» театрының дәл іргесіндегі үйге алып келіп, коммуналды пәтердің жеке бөлмесіне орналастырды. Шығармашылықпен айналысатын оңаша құжырасы екен. Көрші кемпірге тапсырды. Қазақстаннан. Жиі шәй қойып, баптап беріңіз, деді оған, өз үйінің телефонын қалдырды. Түнге қарай беталды көше кезбе, шыға қалсаң, ешкіммен сөйлеспе. Жөн сұрама деп нықтады.

Кремльдің дәл түбі. Ақ төсек. Шәй. Рақат. Кремльді төңіректеп қыдырып та алдым. Ертеңіне Н.Саенко келіп, мені жазушылар үйіне ертіп апарды. Рестораннан дәм татқызды. Дәм үстінде тарихи-мәдени орынға байланысты ана жерде Алексей Толстой, мына жерде Илья Эренбург, Паустовский, Пастернак, Твардовский отырушы еді деп, қайсысы коньякті, қайсысы арақты жақсы көретінін айтып біраз жайды баян етті. Дәмнен соң мен Ролланға тағы телефон шалдым, өзі көтерді. Ауылдағыдай жайбарақат, қалай орналастың деп те сұраған жоқ... Кейін мен осы жайды Бекежанға айтып: «Мені қойшы, ер адаммын. Танымайтын, білмейтін жерде кітап арқалап жүрген әпкесіне көмектесейінші деп селт етпегеніне таңмын», дегенімде, Бекең қоңыр жүзі күреңіте түсіп: «Ә, онысы несі екен. Ұяты бар сияқты еді», - деді де қойды...

Жазушылар ішінде жақсы көргені Ілияс Есенберлин болды-ау деймін. Сөз арасында «Ілекең» деп ол кісінің атын жиі айтып қалып отыратын. Ілекең халық санасын оятып, рухын көтеруге ерекше еңбек сіңірді деп есептейтін. Ал тұстастары қатарында Олжас Сүлейменовті, сосын Мұхтар Мағауинді жоғары бағалап, құрметтейтінін сезіп жүрдім. Олжекеңнің «Аз и Я» кітабы шығып, ел іші жасы да, кәрісі де жау қайтарғандай мерейленіп, қуаныштан бөріктерін аспанға атып жатқанда, Ресейде академик Лихачев бастаған ұлы державалық пиғылдағы ғалымдар, саясатшылар шаптарына шоқ түскендей шаптығып, қылыш қайрап, О.Сүлейменовтің көзін құртуды күн тәртібіне қойған-ды. Алматыға бір келгенімде Бекеңнің осы мәселемен қызылтанау боп жүргенін көрдім. «Енді не болар екен?- деп сұрағанымда, «Түк те болмайды, арашаға Ақсақал өзі кірісті. Біздікі «Қой да аман, қасқыр да тоқ» мағнасында қағаз дайындау ғана» деген-ді. Ол құжат кезінде баспасөзде жарияланды. Қайталаудың қажеті болмас.

Бірде Бекең өз-өзінен «Мұхтар (Мағауин) маған өкпелі сияқты. «Алдаспан» кітабының қуғынға ұшырауын менен көреді-ау деймін», дегені ғой. «Кінәңіз жоқ болса өзіне неге айтпайсыз», дедім мен де жұлып алғандай. «Қалай айтамын, - деді Бекең,- өзіңнің қатысың жоқ, арласпаған нәрсең туралы кісі алдында ақталу біртүрлі ақылға қонбайтын сияқты...»

Ақпарат тапшы, айтылатындары сүзгіден өтіп астанадан шалғайдағы біздерге сыздықтап қана зорға жететін қуырылған тар заман. Жазушыларға қатысты әңгіме шет пұшпақтағы елге аңызға бергісіз қаңқу түрінде ғана тарайды. Дұрысы қайсы, бұрысы қайсы, біліп болмайсың. Бекең ондай тақырыпқа жоламайды. Сұрасаң жалтарып кетеді. Басқа сөзге айналдырады. Мен жұрт аузында жүрген әртүрлі алыпқашты сөздерге қатысты білгім келіп сыр тартпақ боламын. Ол күледі де қояды. Тек бірде мен Әбіш Кекілбаевты мақтап қоймаған соң, «Ә, тасбақаның шөбі ме» дегені бар. қандай мағына беріп айтқанын осы күнге дейін түсіне алған емеспін.

Бекеңнің мен үшін бе, Олжас үшін бе, қатты мазасызданған бір сәтінің куәсімін. Жазушылардың кезекті сьезіне қарағандылық топтан бөлек, самолетпен кештеу кліп, «Алматы» мейманханасынан орын алып, жатып қалған едім. Телефон соғылды. Көтерсем, Бекең екен. Сағат түнгі 12-нің кезі-тін. Бекеңнің мұндай пысықтығы жоқ еді ғой, деп ойлағанымша болмады: «Сен неғып елді шулатып жүрсің?- деп әй-шәй жоқ бірден түре тиісті. Сабасына түскен соң мән-жайды білсем, марқұм Ә.Әбішев ағамыз: «Қарағандыдан Өтен Ахметов деген сьезде сөз алып, Олжас Сүлейменовтің ит терісін басына қаптаймын деп келе жатқан көрінеді, сақ болыңдар», - деп Жазушылар одағы басшыларының зәресін ұшырып, дүрліктіріп қойыпты. Шизігі бар бастан ауыратын біреу болмаса, сау адамның ойына келмейтін қиял. Арамызда сондай біреу бар-тын. Кейін білдім, әлгі кеңкелес! Қаңқу әңгімені таратып жүрген де сол кеңкелес екен. Адамның түзу ниетінің өңін айналдырып жіберген. Қарағандыдан шығарда Жазушылар одағының сондағы өкілі Жайық Бетұров ағамыз: «Шетте жырақ жатқан жазушыларға қамқорлық сұрап сөйлесең қайтеді» деп қолқа салғаны рас еді. «маған сөз тиер деймісіз, сөйле деп жатса, көрермін» дегенмін. Бары-жоғы сол ғана еді...

Бекеңнің түріне қарап, бойында әлдебір дерті бар-ау деп ойламас едің. Дене бітімі тығыршықтай, жүзінде әжім жоққа тән. Күтімді, күйлі екені анадайдан сезілетін. Бірақ дертті болатын. Жүрегі жиі ауыратын. Компартия таратылғанда сырт күреске бейімі жоқ жан, үйде жұмыссыз отырып қалды. «Ана қызметте жүргенімде, деді бір жолыққанымда, 36 анықтама-есеп жазыппын. Соларымды жинап алдым. Естелік кітап жазып көрмекпін. Ол заманның ондай-ондай қағаздарын біз де жақсы білетінбіз. Біздің қолдан да небір «ғажайыптары» өткен-ді. Бұрынғы бұрынғы ма, осы күні ондай қағаздардың тасқыны екі-үш еседей ұлғайды десе болады. Мысалы, мектепті алайық. Білмейтін жұрт сонша шұқшиятындай онда не бар деп ойлар. Жоқ деп айтып көріңіз. Мектеп әкімшілігі 34 папкеге, оқу бөлімі 19 папкеге, сынып жетекші 20 папкеге қампитып қағаз жинайды... Жә, сонымен Бекеңнің анықтама-есептерді жинап-ап естелік жазамын дегеніне, одан не шығады деп іштей біртүрлі қоңылтақсып қалғанымды несіне жасырайын. Арада көп ұзамай «Тұйық өмірдің құпиясы» жарық көріп, жұрт шу етіп, біз де оқып, естен тандырғандай күй кештірген. Уақыт 90-шы жылдарға ойысқанда социализмнен мән кеткені анық болды ғой. Қайта құру сәл де болса өзгертіп, сол шіріген жүйені сақтап қалудың соңғы амалы еді. Бірақ бөгетті бір бұзған соң аржағынан шірене шіреген тасқын екпіні қойсын ба, алдымен Ресей болып барлық республикаларда ұлт санасы дүр сілкіне оянды. Әлеуметтік, экономикалық, рухани салаларда бұрын кеткен еселерін қопара жазуға кірісті. Біз ғана 1986 жылғы желтоқсан оқиғасының төңірегінен шыға алмай қалдық. Сондағы жылап-еңірегендегі көздегеніміз – «қазақ ұлтшыл» деген сөзден құтылу ғана болатын. Қазақстан басшылығына Қазақстан орысын қойғанда да ешкім реніш білдірмейтін еді деп сүмірейдік. Ұлт мүддесін көздемесе, ұлты үшін қан төкпесе, қуғын-сүргін көрмесе – ол қандай күрес. Ол қандай көтеріліс... Сөйтіп қозғалыстың маңызын коммунистік идеология шеңберіне түсіріп, бағалап, ұлттық рухтың асқақтауына, намыстың қайралуына бағыттаудың орнына, керісінше, жасытуға, бұқтыруға пайдаландық. Орталықтың «қазақ ұлтшыл» дегені «ұлт тәуелсіздігі үшін күресті» дегендері еді. Түсінбедік. Зомбиланған коммунистік санамыз жеңіп кетті. Б.Тілегеновтің «Тұйық өмірдің құпиясы» атты ерен еңбегі міне, осы зомби сананы қалыптастырудың бас ордасы – Орталық партия комитетінің идеологиялық жұмыс жүйесін іштен көрсетті. Әдебиетті, өнерді тезге салып басқармақ болған әрекеттерінің антигумандық сипатын ашып берді. Ел арасында әртүрлі алыпқашпа әңгімелер туғызған І.Есенберлин, О.Сүлейменов, М.Мағауин т.б. байланысты болған жайлардың анығын елге шынайы қалпында жеткізді. Империя күйреп, бұғаудан босаған халықтар тәуелсіздігіне ұмтылған қиын-қыстау күндерде бұл кітаптың жазылуы, көп тиражбен басылып, елге кеңінен тарауы ұлт ретінде қазақтың абыройын көтерген құбылыс болғаны сөзсіз. Әдебиет - өмірдің көркем айнасы дейміз. Өткен ғасырдың отызыншы жылдарындағы ауылды коллективтендіру туралы жазылған мақтаулы шығармаларымыз, Қарағандының үшінші көмір ошағына айналғандығын дәріптеген осы аттас роман өмір айнасы бола алды ма? Біздің көптеген өндіріс ошақтарымыз, соның ішінде Балқаш, Қарағанды қазақ сүйегінің үстінде тұрған қалалар. Мысалы, олар Қарағанды кенішінің бүкіл қара жұмысын атқарды. Сол отызыншы жылдардың орта тұсында қарағандыда 70 мыңдай халық болса, барлығы дерлік қазақ еді. Донбастан келгендер – мамандар. Олар әрі кеткенде жүздеп қана саналатын. Көп жылдар «Орталық Қазақстан» газетінде жауапты хатшының орынбасары болып істеген марқұм Құдыш Сүлейменов ағамыз қала қазақтарының шыбынша қалай қырылғанын көзіне жас ала отырып айтушы еді. Таңертең көшеге ат арбалар шығады сықырлап. Қолдарына айыр ұстаған адамдар – бір түнде аштан қатып өліп қалғандары бар, кірпігі ғана қыбырлап жатқандары бар – міскіндерді арбаларға отын артқандай тиеп, Костенко атындағы шахтаның сыртындағы терең сайға апарып тоғыта салатын дейтін. Әйгілі жазушының «дүниенің бар байлығы сәбидің бір тамшы көз жасына татымайды» дегенін декларация деп емес, адамгершілік қағидасы деп ұғар болсақ, халыққа келген жаппай індет, орны толмас апат шындығы айтылмаған шығармаларды классика деп кезінде өзіміздің мәңгіргенімізбен қоймай, ол мәтінді жүз рет оқытсақ та бір сөзіне түсінбейтін кейінгі азат қазақтың жас өскіндерін де мәңгірте береміз бе. Шындықты айтқызбады деген уәж айтылар. Солай-ақ болсын. Алайда бұрмаланған күйінде қалдыра беретіндей тарихтың не кінәсі бар? Шындықпен тәрбиеленуге тиісті жас ұрпақтың не жазығы бар? Сірә, біз әлі жасанды қисындардың шырмауынан шыға алмай жатқандаймыз-ау. «Тұйық өмірдің құпиясы» сынды адамның ақыл-ойын, еркін, жеке бас құқын бақылауға, тізгіндеуге болмайтынын айғақтаған еңбектің құнына жете алмай жатқан сияқтымыз-ау деймін. Әй, бірақ ондай күн қайтсе де келер. Құлдық, жасқаншақ, жағымпаз психология құл болып үйренгендердің өздерімен бірге кетсін, иншалла. Бірде буырқана тасып, бірде сабасына түсіп, сабырмен толықсып ағатын, ешқашан сарқылмайтын өмір-өзен дүниедегінің бәрін шайып, өзгертіп, түгел жаңартады емес пе?!

Иә, Бекең біраз уақыт жұмыссыз отырып қалды. Ал бұл кезде өзі құпиясын ашқан тұйық өмірдің «қайраткерлері» маңдайшадағы жазуды өзгертіп, биліктің жаңа жайлы орындарына жайғасып алған еді. Кешкісін төсектеріне коммунист болып жатып, таңертең демократ болып оянды. Кеше ортақ меншік деп қақылдағандар, кісіні бес бидай мен қотыр тоқты үшін абақтыға жапқандар енді нарық деп сайрады. Сатирик ақын айтатын бұрынғы «түйені түгімен, машинаны жүгімен жұтатындар» бұларға астар болуға да жараймай қалды. Таңертең зауытпен оразасын ашып, түсте бір қаланың сауда-саттық саласымен тамақтанып, кешкісін банкті жекешелендіріп, доллардан көрпе-төсек қаптырды. Бұлар, әрине, өз орталарынан шыққан бүлікшідей Бекежанды жек көрді. Бекежанның да олардан жақсылық күтпегені аян. Алайда бір жамандықтың бір жақсылығы болады деген рас, өмірі жұмысбасты болып жүретін Бекеңнің шығармашылыққа біржола ден қойғаны да осы тұс шығар. Қарағандыдан бір келсем, «Қазақстан» мейманханасы қасындағы үйі мен қалалық демалыс бағы арасына жаяу маршрут жасап алыпты. Таңертең, кешке бір өзі ғана білетін жықпылдармен жортып өтеді. Қалған уақытта жазу үстелі басынан бір тапжылмайды. Алтын қаламынан «Қара жел», «1986» жыл сынды классикалық романдар, хикаят, естеліктер бірінен соң бірі шығып жатыр. Бекең қақ-соқпен ісі жоқ, момын, жаратылысынан демократ адам еді ғой. Ол демократияның келгеніне шексіз қуанды, қапысыз сенді де. Бірақ ол тұйық өмірдің құпиясын ашты ғой. Билік үшін таласқандардың арам ойларын, лас тірліктерін әшкереледі ғой. Сөйтіп ол кешегі коммунист, бүгінгі жалған демократтардың біразын өзіне қарсы өшіктіріп алды. Нәтижесінде шығармалары қағазды сарғайтып әртүрлі баспалардың қоржынында шаң басып жатып қалды. Құлыпқа түсті...

Мен Жезқазған, Қарағанды топырағында тумасам да, туғандаймын. Осы топырақта шахтер, мұғалім, журналист болып елу жылдай еңбек еттім. Тележүргізуші Жүрсін Ермановтың кезінде Қарсақпай мектебінде менен дәріс алғаны бар. Аяғы салбырап аспаннан түскен ешкім жоқ. Жүрсін де сондай. Бәрін де білеміз, білген соң айтамыз. Осы інім, шәкіртім Алматыда бір кездескен күндерімізде қараптан қарап: «Мен Бекежан Тілегеновті жазушы деп есептемеймін», дегені ғой түйеден түскендей етіп. Ыңғайсызданып, бірақ сыр бермедім. Іштей «тәкәппардың көңілі көктен де биік» деген рас екен-ау», дедім де қойдым. Және ойландым. Кімнің жыртысын жартып жүр? Мәлім болды. Бекеңнің алтын қаламымен аяр қылықтары әшкреленгендердің. Әйтпесе Б.Тілегенов кім? Ж.Ерманов кім? Осы орайда мына бір екі жайды айта кетсем артық болмас. Курстасым, академик Рымғали Нұрғалиевтың бәріміз қатар оқыған Сұлтан Оразалинов жайында айтқаны еді. Ол кезде Сұлтекең қазақ телерадио комитетінде әдеби-драмалық хабарлар бас редакциясын басқаратын. «Көшеде қатар келе жатсақ, дейді Рекең, екінің бірі Сұлтанға сәлем береді. Мені, ғылым докторын, университеттің профессорын көздеріне де ілмейді. Есіңде ме, бәріміз оқуға түскен жылы ол құлап, университеттке тұяғын келесі жылы әзер деп іліктірген еді ғой». Әрине, досты мұқату емес, әзілі болатын. Бірақ шындығы да жоқ емес-тін.

Мәскеуден «Поле чудес» хабарын жүргізетін Л.Якубовичті кім білмейді. Соның айтқаны бар: «Менің елден ерек ешқандай талантым жоқ, атым шығып жүргені телеэкранның арқасы ғой» деп. Ақылды адам айтар сөз осындай болса керек-ті. «Поле чудесті» В.Листьев ұйымдастыры. Дүркіреп тұрды. Оны біреулер өлтірді, орнына Л.Якубович келді... 

Осыдан бірер жыл бұрын Бекеңе менің ескі танысым А.Сейдімбек те орынсыз тиісіп өтті. Біреулерге жағынғысы келген болар, Б.Тілегенов кейбір белгілі адамдардың пендешілігін бекер жазған-мыс. Естелік тарих үшін жазылатынын кім білмейді. Егер шындықтан ауытқысаң бірсәрі. Ондайды көрсең, түзет. Біреудің көңіліне қарап немесе жауырды жаба тоқу арқылы тарих жасалмайды. Біреудің жалған жаласынан біреу құрып кетті делік. Пендешілігі еді деп әлгі оңбағанды ақтап алайық. Енді біреу қазынаны тонады. Пенде ғой, бала-шағасының қамы үшін кісі не істемейді деп, оған да шаң жуытпайық. Қазақтың пендешілік деген ұғымымен осылайша қасақана кісі өлтіргенді де ақтауға болады. Шикі дүниеге бәрібір түбі қайта айналып соғасың, түзетесің. Сондықтан қазаққа да шындықты айтуға үйрене бергені дұрыс шығар.

Соңғы 15-20 жылда қазақ сөзінің қадірі қатты түсіп кеткені жасырын емес. Қопарып айтсақ, оның себептерінің санына бастағы шаш та жетпейді. Соның бірі – ақыл айтушы кім? Яғни «Өзің диуанасың, кімге пір боласың» дегенге саяды. Мен түн жамылып немересіндей жаспен қыт-қыт ойнап, ертеңінде «Ойбай, қыздарымыз азды-тозды», деп күңіреніп, газеттерге мақала жазатындарды да білемін. Мейлі, басына қандай қалпақ кимесін, қолына қандай аса таяқ ұстамасын, неше жерден ақсүйек, сып боп көрінуге тырыспасын, мен ондайлардан алыс отырып-ақ жиіркенемін. Бекең жайында үшбұрыштың арасында жүреді: жары, жұмысы, туалет деп әжуа айтатындар, әрине, осындай екіжүзділер. Иә, Бекең өз отбасын фәнидегі жұмағына балаған адам. Оның несі айып екен. Отбасы оңалмай қоғам түзелмейтініне, өнегелі бола алмайтынына көзіміз әбден-ақ жетіп болды емес пе?!

Топқа қосылмайтын адам өзі де топ жинамайды. Бекеңнің бұл мінезін осалдыққа балап, оның адамгершілігін, шынайы жан тазалығын сыйлап жақын жүретіндердің өзі де, қол жинап алысқанмен алысып, жұлысқанмен жұлыспағаны үшін оған іштей риза болмаулары да әбден мүмкін. Тіпті жаназа асы үстінде де Бекеңнің кісілік бітімі туралы жақсы лебіз айта бастаған ізетті інінің сөзін бөліп, ол қолдау көріп өскен деген сыңайда бықси қалған найсапты сол жерде ешкім ауыздан қағып тастауға жарамағанын қайтерсің...

Асылын қазақ әдетте сандықта сақтап ұстайды. Кезінде М.Мағауин сандықтан қазақтың 500 жылдық Алдаспан жырын шығарды. О.Сүлейменов тұңғыш рет «Игорь жасағы туралы жыр» сол сандықтың ішінен шыққан түріктік қазына емес пе деген ой тастады. Ондаған жылдар бойы бүктеулі жатқан Ә.Бөкейханов, М.Шоқай, А.Байтұрсынов, М.Дулатов, М.Жұмабаев т.б. мұрасы да сандықтан алынып, күн көзіне жайылды. Бекежан Тілегеновтің артында қалған аса мол әдеби мұрасы үшін де сандықтың құлпы ашылар күннің туарына өз басым еш күмәнсіз сенемін. Жақсы – айқайды сүймейді, елеусіз болғанды ұнатады. Әлде жақсымызды кейінге сақтап ұстайтынымыз сондықтан ба екен...

Бір топ қарасирақ Сырдарияның сазды жағасында тұрмыз. Сең жүріп өткелі қашан. Бірақ өзен әлі асау, арнасына толып шірене ағып жатыр. Біз одан көз алмай қараймыз. Аңдығанымыз салынды: шоғыр-шоғыр болып ұйысып, бірін-бірі қуалап, көз алдымыздан толассыз зулап өтіп жатыр. Ішінде не жоқ дейсіз. Шіріген қара томар, бұғының мүйізіндей арбиған бұтақтар, ұйысқан ескі қамыс. Қамыс арасынан жылт етіп ақ сүйрік көрініп қалады. Қызық. Шіріген томарлар, арбиған бұтақтар сонадайдан көзге бірден түсіп, көш бастағандай қорбаңдап келе жатады да, дария бір бұлқынғанда иірімнің ыңғайына оңай көніп, топ етіп жағадан бір-ақ шығады. Жағада ондайлар көп. Әр жерде қарауыта теңкиіп-теңкиіп жатыр. Кейбірінің үстінде жарбиып, өзен бетінен өлі балық, өлексе аңдып құзғындар отыр. Бізге керегі – сүйрік. Міне, тағы бір салынды жақындады. Қолымыздағы басын имектеп алған шыбықтарымызды сілтей салып, жағаға қарай тарттық кеп. Сүйрік ілінді. Уысымызды толтыра жинап алдық. Аппақ. Борпылдап тұр. Қыстай жөнді тәтті көрмей жүдеп шыққан, өмірге ғашық бала ағзасына қант шырын кәусардай ағып саулай жөнелді. Қарасирақтар өзенге, өзен әкелген тәтті өзекке дән риза, мәз-мейрам...

«Жұлдыз» № 8 2004 ж.

Өтен Ахмет

Шоу-бизнес

Атақты продюсер Баян Мақсатқызы сұхбат барысында өмірінде өткен қиын кезеңдерімен бөлісті, деп хабар...

Жаңалықтар

Бүгін ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен Қ. Қуанышбаев атындағы Қазақ Ұлттық музыкал...