Шәрбану Бейсенова. Мәңгілік сағыныш

ӘДЕБИЕТ
2256

Шәрбану Бейсенова

Ақжамалдың жастыққа басын қойып, қисайғаны сол еді, жотасына ызғырық жел уілдегендей, шілдеде денесі тоңазып, өзін жайсыз сезінгені. Соңғы уақытта оған осындай бір атаусыз ауру тап келіп, дегбірін қашырып-ақ жүргені. Жотасына әлдеқайдан бір ызғарлы үскірік соққандай уілдейді де тұрады, уілдейді де тұрады, содан өнебойы қалтырайды келіп. Ол көрпесімен иығын, желкесін қымтап көріп еді, сонда да күздің қара суығындай соққан желдің ызғары басылмады. Бас жағындағы қатар жатқан екінші жастықты арқасына тиянақтап қойып, соған сүйенбекші еді, ол құрғыр да әрі жылжып кетіп, тіреу болып жарытпады. Жауырыны қайта ашылып, жел бұрынғысынан да екпіндей соққандай өнебойы одан бетер қалтырай жөнелгендей. Ақжамал көрпесін қамтаған үстіне қымтанып, жастықты қанша нығарлап сүйенуге тырысқанымен одан еш нәтиже шықпады, оның тірек болғаны шамалы еді. Жотасы мұздап, денесі қалтырап, ендігі жерде ұйқының да мәнісі қашқандай.

Ары-бері аунақшып, зықысы шыққан Ақжамалдың көңілін қамықтыра, бір ащы ойдың санасында оқыс қылаң бергені. Сол ой басына қайдан ғана келе қалды екен десеңші!? «Шіркін», - деп ойлаған еді ол сол сәтте еркінен тыс. Арқасын тіреуге әлдене жетпей тұрғанын анық ұғынған мезетте: «Арқасын жер қозғалса да қылп етпестей берік тіреуге тірегендей маңғаз күйеулеріне тіреп алып жататын әйелдерде де арманы бар ма екен?» - деген әзәзіл ой еді ол. 

Осы ойдан кейін тоңған жотасы ғана емес, ішіне де үскірік кіріп кеткендей одан бетер дірілдеп қалтырай бастады. Ол өзінің қаншама жылдан бергі серігі – жалғыздығын бүгін шын сезіне түскендей. Оны сездірген жотасының тонғаны ғана емес, іштей қалтырап, жігерінің де жасығана еді. Көңілі бұзылып, бордай үгіліп бара жатты. Есіне небір көңілі қалған, қорланған, жалғыздығын әлдекімдердің бетіне басқан, басынған сәттері түсіп, төменшіктеп-ақ қалды.

Дегенмен, Ақжамал жігерлі әйел еді. Өзінің себепсізден себепсіз босай бастағанына бір жағы ызасы келіп, тістеніп алды. Көңілін бекітпекке, әлгі ойды бойына дарытпастан қуып шығуға, өшіруге тырысты. Басын көтеріп отырды. Өзімен-өзі іштей арпалысып отырып, төсегінің бас жағындағы түнде жағатын шырағданды қалтыраған қолымен жағып қойды. Бөлме ішіне нәзік сарғыш сәуле тарады. Айналасы жұмсақ нұрға бөленгендей, көңіліне бір жайлылық әкелгендей еді. Бірақ ол да жұбаныш бола алмады

Ол жастық астында жататын қамшысын қолына алып: «Саған енді арқаңды тіреп жататын күйеу керек болды ма? Оны қайдан іздейін? Жап-жас кезінде-ақ жұмақтан орын қалмай қалатындай бір түнде асығыс аттанып кеткен күйеуді қайдан іздеп табайын? О дүниеде жұмақтың бары рас болса, жер бетіндегі тозаққа мені қалдырып, өзі сонда хор қыздарымен қолтықтасып жүрген шығар», - деп, қамшымен жонарқасын аяусыз осып-осып жіберді. Кейде әзәзіл ойлар осылай әрі-бері алып қашқанда, не стол басында қадалып отырып, жұмыс істей алмағанда оның өзін-өзі осылай аяусыз қамшылап алатын әдеті бар еді. Бұған да еті үйреніп кеткен бе, әлде қолы батпады ма, бойына қамшы пәлендей дарымағандай. Шіркін, дыз етіп ауырмады ғой. Мұны мазақтағандай уілдеген ызғар қайта үдей түсіп, оның шамына тигендей. Соған ызасы келген Ақжамал көрпе үстінде көсіліп жатқан аяғын қамшымен тартып-тартып жіберді.

Аяқтың терісі жұқа бола ма, әлде еті қашқан ба, қамшы тура сүйегіне барып жеткендей, солқылдатып ала жөнелді. Қамшының ізі демде балтырында білеуленіп, көгеріп шыға келді. Ақжамалдың бағанадан бергі бітеу жарадай сыздаған жан жарасына енді тәнінің ауырғаны қосылып, аяғы сырқарағанда көзінен жасы ыршып кетті. Ол жанының ауырғанына да емес, өзінің бүгінгі күйіне қорланғандай еді. Ағыл-тегіл жылады. Ойына не түспеді десеңші? Ақжамалда тағы бір ой дерті бар еді. Ол әлдеқандай ойлағаны жүзеге аспаса, сәтсіздікке кезіксе, соның бәрін күйеуінің жоқтығынан көруші еді. Бүгін де бойының тоңғанын содан көріп отырғаны. Арқасын күйеуінің бауырына тіреп жатса, бұлай тоңбас па еді?

Күйеуі барда күні бойғы тынымсыз жұмыстан босап, төсекке бас қойған кезде Ақжамал да оған қатты еркелеуші еді. Күйеуінің онашадағы өзіне ынтазар сәтінде жорта бұлданып, «Ананы алып берші», «Мынаны кигім келеді», «Анда апар», «Мында апар», - деп оның уәдесі алғысы келіп, ерке қылық көрсетуші-ақ еді. Күйеуі марқұм: «Тілек айтатын кезді тапқан екенсің!» - дегенімен, - «Мақұл, бәрін әперемін» деп уәдесін берудей-ақ бергенімен, артынша ұмытып кететін еді ғой сабызың. Күйеуінің құшағында еркелеп жатып ұйықтайтын, таңеретең күйеуінің құшағында еркелеп оянатын кезін сағынған еді. Ол әрбір әйелдің табиғи тілегі болар. Сол бір кез қайта оралып келер ме еді шіркін?! 

Ойына не түспеді десеңізші? Жалғыздықтың зарын тартатындай Ақжамал кімнен кем еді? Әйелдік бағы неге ерте қайтты екен?

Ол қырықтан аса-ақ ерінен қалса да тістеніп, намысқа тырысып қаншама жылын сыр бермей, жалғыздықта өткеріп келеді. Ендігі жалғызсырауына жол болсын...

Ол тізесін бүгіп, аяғын бауырына алып, балтырын сипап отырып, егіліп ұзақ жылады. 

Кенет сықыр етіп есік ашылып, берудің кіріп келе жатқан сұлбасы көрінді. Жас перделеген көзіне кіріп келе жатқан жанның түрі анық көрінбесе де күйеуін шырамытқандай болды.

Ақжамал: «Астапыралла, бисмиллаһи-бисмиллаһи» - деп іштей күбірлеп дұға қайыра бастады. 

- Апа, неге жылап отырсың? - деп, келген жан құшақтай алғанда ол атасынан аумай қалған үлкен немересі Айған екенін сонда білді.

- Аяғым ауырып отыр, - деді ұялғанынан.

- Апа не болды? Төсектен құлап қалдың ба? Әлде аяғыңды бір нәрсеге соғып алдың ба? Балтырың неге көгеріп кеткен? - деп, тізесін бүгіп отыра қалып, бұның аяғын сипай бастады: - Әбден тоңып қалыпты ғой, - деп, бас жағындағы тумбадан қыздырғыш жақпа май алып жаға бастады. Аяғын әбден майлады:

- Жылы шұлығың қайда, кигізейін, - дейді елжіреп. Ақжамал: «Сенен садаға ғана кетейін» - деп немересін айналып-толғана бастады. 

- Шұлығың қайда деймін?

- Көрпенің аяқ жағын көтеріп қарашы.

Айған әжесінің жылы шұлығын тауып кигізіп, көрпесін қымтап жапты.

- Апа, табаныңа ыстық су қойып берейін. Оның ыдысы қайда? 

- Бас жағымды қарашы. 

Айған әжесінің жастығының астын ақтарып жүр. Өзі жорта бұрқылдап, кейіген болып сөйлеп жүр:

- Апа, деймін! Сенің төсегіңнің бас-аяғы қоймаға айналып кеткен бе өзі? Не болса соның бәрін жинай беріпсің ғой.

- Керек нәрсемнің бәрі қолым жететін жерде болсын дегенім ғой. 

- Мына қамшы неге керек? Ол мұнда неғып жатыр?

- Тиіспе! Керегі болған соң жатыр да. Қамшы тұрған жерге шайтан жоламайды. Мен онымен жын-шайтанды қуамын...

- Апа, ондайды айтпашы, мен қорқамын.

- Қорықпа, шайтан періштелерге жоламайды... Аулақ қашады. Керегіңді таптың ба?

- Таптым, таптым...

- Айғанжан, сен әуелі маған, ана киім-кешек тұратын қуықтай қуыстағы жоғарғы сөреден түбіт шәлімді алып берші, - деді. Бір жылап алған соң Ақжамалдың санасы шайдай ашылған, ойы тұнық еді. Ол жотасына керек емді енді дәл тапқандай.

- Апа деймін! Өзіңнің бойың аласа, керек затыңды неге жоғарғы сөреге тастайсың? Оған менің де бойым жетпейді екен... – немересі бұрқыддып, әжесіне кейіп-ақ жүр. 

- Әй, өзің ұрысқақ болып кеткенсің бе? Ана орындықты апарып қойып, соған шығып ал! Соған да миың жетпей тұр ма?

- А-ха! Сенің мына толған қораптарыңның үстіне орындықты қалай қояды екенмін?

- Қалай қойсаң, солай қой! Тек құлап қалмай, маған шәлімді тауып берші...

- Апа, мына сөре толған қалта ғой. Шәлің қайсысында екенін қайдан білемін? 

- Ашып, қара. Қолыңды сұғып, тексер. Түбіт шәліні танисың ғой...

- Неге алысқа тығып тастағансың?..

- Жаз шықты ғой. Әзірге қажеті болмас – деп, әрірек тастай салып едім. Керек боларын қайдан білейін?!

- Таптым, таптым... – Немересінің дауысы жарқын-жарқын шықты.

- Тапсаң, орындықтан құлап қалмай, байқап түс.

Айған апасының шәлісін әкеліп, иығына айқара бүркеп жауып берді:

- Апа, мен ас үйге барып, ыстық су алып келейін. Сосын мен саған бір күшті дәрі әкеліп беремін. Ол ауырған жеріңді жылдам жазып жібереді, - деп, лыпылдап аяғы-аяғына жұқпай ас үйге кетті.

Ақжамал бұл қыз түн ортасына дейін айкезбеленіп, неге ұйықтамай жүр екен деп ойлап қалды. Түбіт шәлісін жамылғаннан соң жотасына үздіксіз соғып тұратын үскірік жел де сәл басылғандай. «Е - е - е, мұның емі түбіт шәлі екен ғой», - деп ойлаған ол бас жағындағы сөреден жүйкесін тыныштандыратын дәрінің бір талын, ұйқы шақыратын дәрінің бір талын бір ұрттам сумен ішіп алды.

Қайтып келген немересі ыстық су толтырылған резеңке торсықты табанына қойып, көрпесін қымтап жауып әуре болып жүр. Әжесі одан неге ұйықтамай жүргенін сұрап еді, ол тура жауаптан жалтарып:

- Мен бағана бір қарағанда сенің бөлмеңде жарық жоқ болатын. Ал, жаңа қарасам, есігіңнің астындағы саңылаудан жарық түсіп тұр. Мен сенің ауырып қалғаныңды содан білдім. Әкемді оятып, дәрігер шақыртайын ба? - деп, тақылдап барады.

- Қой, ойбай. Әкеңді оята көрме. Дем алсын. Бағана: «Ертең үлкен жиналысым бар, тынығайын», - дегенін естімеп пе едің? Ал, сен өзің неге ұйықтамай жүрсің, айтшы маған. Мені күзетіп отырсың ба?

- Апа, мен Штаттан қоңырау тосып жүрмін - деді немересі моп-момақан үнімен. Ол биыл сол алыс жақтан оқу бітіріп келген. Ақжамалдан маза кетті.

- Ол жақта кім қалып еді? 

- Ол жақта Ақерке бар ғой...

- Әй, әкеңнің саған кешкі тоғыз-оннан кейін ешкімге телефон соғып, мазасын алмаңдар дейтінін ұмытқансың ба? Түн ортасындағы ол неғылған қоңырау, - деп бәйек болды әжесі.

- Апа, білмейтін нәрсеңді айтпасаңшы. Бізде түн болғанымен Штатта қазір күндіз. - Айырма – он екі сағат. Ақерке сабақтан шыққан соң телефон соғамын деген, соны тосып жүрмін.

Ақеркенің атын естіген әжесінің дауысы жұмсарып:

- Е – е – е! Ақерке болса сөйлесе ғой, - деп, демде көңілі жайланып, жайдарылана қалды. Ақерке күйеуінің жас кезінен бергі досының немересі еді. Онымен сөйлеспе деп қалай айтсың?!

Өтірік айтқан жеріңде көп тұрма дегендей:

- Апа, ал жатып ұйықта. Мына дәріні жұтып қоймай, тандайына салып сорып жат, сонда тез ұйықтайсың, - деп, дөңгелек бір үлкен дәріні аузына тосты. – Егер тағы ауырсаң, шамыңды жағып қой. Мен қарап жатамын, - деп, бұның бас жағындағы шамды сөндіріп, немерісі тез шығып кетті. Есікті әдейге жартылай ашық қалдырды. Ақжамал: 

- Әй, дәу де болса, әлгі қу қыз маған өтірік айтты-ау, - деп ойлады. – Өткенде ғана сұрағанында Ақерке Еуропаның бір қаласында оқиды деген сияқты еді. Ал енді, түн ішінде ол қалайша Штатта бола қалды, - деп секем алған ойы сан-саққа жүгіреді.

Штаттан телефон соғатын Ақерке болмаса, онда кім? Ақжамалдың көкірігінде бір жорамал бас көтерді. Шынын айтқысы келмегеніне қарағанда, шамасы жігіттен телефон тосып жүр ме екен? Осы ой басына келгенде-ақ оның жүрегі елжіреп, өкпе-бауыры езілгендей күй кешті. «Қарағым ай! Сенің де қылтиып қыз болып, бой жетіп қалғаның ба? Сенің де аңсарлы жылы лебіз күтетін жасқа жеткенің бе?» – деп, қолқа-жүрегімен, бар жұлын-жүйкесімен емірене, елжіреп ұзақ отырды.

 Ақжамал өзінің күйзелісінен тез серігіп, бой жетіп келе жатқан немерелерін ойлап:

- Япыр-ай менің әлгі бір жылағаным асылық болды-ау! Менікі ненің азабы? Баяғыда бақилық болған күйеуді енді іздегенім, қай сасқаным?! Тәңірім-ай, менің әлгі бір оқыс ойларымды кешіріп, жарылқай көр! Жасаған ием, жылаған мен-ақ жылап өтейін. Мына қарғаларымның мен құрбаны-ақ болайын. Тәңірім, мына желкілдеп өсіп келе жатқан немерелірімді жылата көрме. Қосақтарымен қоса ағарта гөр! Немерелерімнің мандайларына өздерінің қадіріне жететін адал жар жаза гөр! Жандарына сүйеніш болатын сенімді қосақ бұйырта  гөр! – деп ұзақ тілеу тілеп, дұға оқыды. Ақжамалда қазір одан басқа ой да, тілеу де қалмаған болатын.

- Қарақтарым-ай, сендер жыламай жүрсеңдер болды, менде одан басқа қандай арман, тілек болсын?! - деп барлық болмысымен тілеу тілеп көп отырды.

Жотасынан уілдеп соққан жел бағана басылған. Бірақ көңілі алаң. Немерелерін ойлағанда байыз таппай кетіп еді. Бірте-бірте сабырға келіп, қобалжыған көңілі де орнына түскендей. Біреу телефон соғады екен деп сонша уайымға түскені несі?! 

Бойы жылынған соң өзінің ішкен дәрісінен бе, әлде немересінің дәрісінен бе, маужырап, ұйқы мендей бастаған соң жастыққа қисайған. Самайына қарай қос тамшы сырғанап бара жатты. Бірақ ол өксікті өкініш жасы емес, немерелерінің бақытын тілеген тілеуқор көздің жасы еді.

Осы күннен кейін Ақжамалдың иығынан түбіт шәлісі қысы-жазы, күндіз-түні түспейтін болған. Екі жастың біріне келмей, әйелдік барша аңсарын, арманын көкірегінде тұншықтырған ол қарттыққа ерте бой ұсынып бара жатты...

Күндіз-түні күбірлеп, ерні жыбырлап, немерелерінің тілеуін тілеп жүргені... 

Оны көргенде былайғы жұрт: «Әлгі, күбірлеп жүретін Ақжамал кемпірші...» - деп сөйлейтін болған...



author

Шәрбану Бейсенова

ЖАЗУШЫ

Шоу-бизнес

Атақты продюсер Баян Мақсатқызы сұхбат барысында өмірінде өткен қиын кезеңдерімен бөлісті, деп хабар...

Жаңалықтар

Бүгін ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен Қ. Қуанышбаев атындағы Қазақ Ұлттық музыкал...