Салтанат Мадиярқызы 1996 жылы 8 қаңтарда Түркістан облысы, Сарыағаш ауданында дүниеге келген. Ақын....
Заман Төлеуов. Ақ бәтестей көңілім... (әңгіме)
Атауы соноу жаугершілік заманынан қалған, табан тілер қызыл тасты Қарауылтөбе мен ебісі аңыраған Жоңғар қақпасына дейінгі аралықта - тікенек сымды үш шекара бекеті бар. Бұл өңірдің табиғаты мен тарихы туралы жеке бір хикая жазуға болады. Жазылды да. Мың жыл бұрын Рим папасының монағы Плано Карпинидің жолжазбасы соған куә. Бір де сұрапыл, бірде майда табиғатына орай - адамдарының да мінез-құлықтары ала-құла қалыптасқан сынды.
Біздің мақсат: осы өңірді мекендеп, еңбек етіп жүрген қазіргі малшы қауым хақында аз-кем әңгіме шерту. Сонымен, арнайы рұқсат қағазынсыз ол қорғаныстардан өту мүмкін емес-ті. Етектегідей қалпақтары анадайдан қызарған заң адамдарын бұл жерден көре алмайсың. Тауды мекен еткен аң-құстар секілді өз заңдары, өз билері бар.
Малшылар көктем шыға Шолақ-Сарбөктерден жылыстап, етекке түсіп, жайлауын сол Тоқжайлау, Айпара сияқты елдімекендер төңірегіндегі таулы жон-жотада өткізеді. Сосын күн салқындай биікке өрлеп, Алатаудың құшағындағы Шыңдалы, Шолақ, Саршілде, Сарбөктер сынды қысының өзінде май тоңғысыз, шыршалы аңғарларды қыстап шығады.
Осындай бір көші-қон кезінде Ерлікті іздеп бір жас жігіт келді.
- Бағым бар екен! Өзіңді таба алсам жақсы болды-ау деп қатты қиналдым!
- Не боп қалды?
- Не болды дерің бар ма! Менің жынды ағам, көрші шопанның басына қайнап тұрған шәйді құйып жіберіп, анау шала пісіп өлейін деп жатыр!
Ерлік осы өңірге бекітілген фелдьшер еді. Оқу бітіріп келгеніне де көп болған жоқ. Сұраса-сұраса қатының қарын бөле шығады демекші, осы малшылар арасынан жылқы баққан Кәкен деген кісі бұған ағайын боп шықты. Бастапқыда бұйырған үйге қонақтап жүруші еді, енді жағдайы дұрысталып, іздеген жұрт бір орыннан таба алатын болды.
Жапа шегіп жатқан - шашын ұстарамен сыпыртатын ғадеті бар және қысты күндері бас киімсіз пырш-пырш терлеп жүретін Қилыбек деген шопан екен. Бет-ауыз, бас терісі шимандай қып-қызыл. Аузын сәл-пәл ғана ашып, ыңырсып жатыр. Діні қатты адам екен! Өзге біреу болса жер-көкті басына көтеріп, гөй-гөйлер ме еді. Ал мынау расында діні қатты екенін танытып, анда-санда ғана тістерін қышырлатып, зілдене боқтанып қояды. Бұның басына шәй төккен де оңайдың бірі емес көрінді. Ол мүлдем өз кінәсін мойындап, жүні жығылар түрі жоқ. Керісінше:
- Иттің баласы, мұқлебат еткеннің қалай екенін білсін! Шоқ-шоқ! Әлі бас-теріңнің бір қабаты түсіп, іріңдеп, шіріп өлесің! - деп бұған кеп төніп-төніп, табалап кетеді. Малшылардың бір ермегі карта соғу болатын. Бала-шаға, қатын-қалашына дейін преферанс ұрады. «Вист», «пас», «мизер» деп жанығып жатқаны.
«Бас сынса бөрік ішінде, қол сынса жең ішінде» деген ежелгі көнтері дәстүрмен: арыздасып, соттасып көрмеген, адам өлімінен өзгенің барлығын өзара шешісіп келе жатқан өзгеше қауым еді, бұлар.
Анау да тыныш жатар емес. Қимылдаса жаны көзіне көрінсе де төзіп:
- Көрсетем, әлі саған тірідей пысырғанды! Былтырғы үзеңгінің жарасы жазылып, ұмытайын деген екенсің - ат үстіндегі айқасты! - деп кіжінеді.
- Ел тоңып жүргенде – пыршып, терлеп жүретін арам ит! Сыйыр сипағанды, жаман сыйлағанды білмейді! Қатыным айтқанда қойшы әрі деп едім!
- Салдыр-салақ қатының не депті, сонша?
- Біреудің дастарқанынан тамақ үнемдеп жүрген арам ит екеніңді айтты!
- Ах, солай дедің бе арамдықтың қалай болатынын көргің келсе, піркөрердің алдында жорғалатам, мен сені! Тайтыраңдатып жүрген көк айғырды менің белдеуіме байлатып барып, бірақ тынам! Тірідей пысырдың ғой, қансыз неме?!
Ауғанбай мынадай сөзден соң, ыстығы сап басылып, айтарға сөз таба алмай тосылып қалды. «Піркөрер» дегенді естігені болмаса, алдына барып көрмепті. Көз алдына «итжеккен» елестеді. Жиырмасыншы ғасырдың басында бір атасын кәмпестеп, сол «итжеккенге» айдап жіберіпті деген бір әңгіме есінде бар. Ол жақтан ілуде біреу болмаса жаппай қайтқан ешкім жоқ көрінеді. «Барсакелмес» деген тағы бір сұмдықты еститін-ді. Тұла-бойы мүлдем мұздап сала берді. Бірақ, Қилыбектің бақай арамдығы есіне түскенде зығырданы қайнап, қайта сілкінді. Мынадай сойқанды естіген іргелес малшылар да қатындарын мінгестіріп жеткен-ді. Бір-біріне бөтендігі жоқ, бәрі аталас жұрт. Тек, тереңдете қуса, анау анаған жақындау, мынаған алыстау дегені болмаса. Үйдегілердің қой-қойын екеуі де елер емес. Әбден еліріп алған. Жындары бой бермей, бір-бірін жеп қоюға әзір. Діңкесі құрып жатқан Қилыбекті ақылға шақырған бір топ, ауыздығымен алысқан Ауғанбайдың шаужайына жабысқан бір топ. Бала-шаға у-шу. Қатын-қалаш енді болмаса шаштарын жайып жіберіп, жоқтау айтудың аз алдында. Емдеуге келген Ерлік далада қалды. Осы жаққа тап болғалы, бұндайдың біразын көріп қалған ол - араға түсіп елбелектемей, бір бұрышқа барып арқа сүйеді. Ақ жын, көк жындарыңды түгесіңдер дегендей сырттай бақылауға көшкен. «Сабырға шақырса, есіріп кететін ел екен!?» деп қояды ішінен.
- Мен сені бала кезіңнен білем, осындай пасық екеніңді! Піркөрермен корқытпа! Ол да адамның баласы шығар... Айтам, сенің жаралғалы бері елді алдап, кәкір-шүкір арам қылықтарыңды білдіртпей өткізіп келе жатқаныңды!
- Сенің мылжың сөзіңді тыңдар! Қолыңа кісен салады да айдайды да жібереді!
- Сен не ей? Өзің піркөрер болып көргендей, ділмарсып! Басымды жарғаныңды айтам!
- Оның уақыты өтіп кетті, енді еш дәлелің жоқ!
- О әкеңді... мен саған дәлелді қазір-ақ тауып берейін! – деп Ауғанбай сорпасы сарқылдап жатқан қазанға тұра ұмтылды. Саңлаулап жабылған қақпақтың үстіндегі ожауға қолын жеткізбей өзінің тобы бұны бас салды. бұл топқа ана жақтың тобы қосылып, ақыры алып соқты да аяқ-қолын матады. Мынадай қорлықты тоспаған ол аюдай өкіріп: - Бауыздаңдар, мені! Қилыбектің құрбаны етіңдер! О құдай, не жаздым? Ақ бәтестей көңілімді!.. – деп сұңқылдай жөнелгенде, күжірейген жотасынан тізерлеп басып отырған бір еркек шыдай алмай, сылқ-сылқ күліп жіберді.
- Ақ бәтестей көңіліңнен айналдым, Ауғантай!
- Әй, босатыңдар мені, аман тұрғандарыңда! Қылжақты қойыңдар!
- Қазір ана сорлыға ем-дом жасасын. Сосын босатамыз. Ақбәтес!..
- Не оттап отырсың, ей? Сен менің сүйегіме таңба салатын жанаманы жапсырып отырғаныңды білесің бе?
- Білем... Өзің ғой! Сен сияқты добалдай еркектің аузынан осындай әдемі сөз шығады деп кім ойлаған?.. Ақ бәтестей көңілім, ғажап!
- Босат иттің баласы! Ақ бәтесті сенің астыңа төсемей тұрғанда!
Ауғанбай ышықынып-ышқынып қалғанда күн жеп ескірген кендір арқан бырт-бырт үзілді. Бұл сәтке дейін Қилыбек те ем-домын алып, бала--шағасымен мінгесіп-ұшқасып өз мекеніне аттанып кеткен еді. Жағаласар жау қалмаған соң Ауғанбай да тыншыды. Жиналған жұрт та қолдарын шәйіп, дастарқан басына жайғасқан-ды. Ештеңе болмағандай әңгіме ауаны ауа райы, малдың өрісі мен кәкір-шүкір тірлікке ойысты. Ас ішілген соң, осы отауға жақсылық тіленіп, бата жасалды. Ата-баба әруағы әманда қауіп-қатерден қорғап-қоршап жүрсін деп бет сипасты... Бірақ, осы уақытқа дейін, қаншама бас жарылып, қол сынып жатса да заң орнына барып жүгіну туралы сөз болмаған-ды. Мана Қилыбектің «Піркөрерді» айтып сес көрсеткені – өзара қалыптасқан қағиданы бұзған өрескелдік деп саналды. Ол жапа шексе де осындағы ағайындар тарапынан оған жанашырлық сезілмеді. Керісінше айыптау бар іштерінде. Қилыбекті, қылығы үшін таяқ жеген сұғанақ иттің ар жақ, бер жағы деп қабылдады. «Дәніккеннен құныққан жаман» деген осы-ау.
* * *
Былтыр Шолақтың үстіндегі қыстауда соғым науқаны басталып кеткен кез болатын. Әр отар өз кезегімен соғым сояды. Соғымға тек жылқы ғана таңдалады. Ірі-қараны турамшыға деп менсіне бермейді. Жылқы етіне не жетсін! Ыссы-суық демей, кертіп жей бересің. Әсіресе қазы мен қартасы, жал-жаясы...
Осы жұрттың ең үлкендері және ақыл-кеңесі өтетін жылқышы Кәкен ақсақалдың үйінде соғым дәстүріне орай жұрт бас қосқан-ды. Осы Қилыбекті келешекте ыстық суға пісіретін Ауғанбай батыр да атын сабалап жеткен-ді. Ол алаңғасар, ұрдажықтау еді. Таяуда ғана ауруханадан келген. Қыстағының іргесіндегі Қараңғысайдан бір теке ата қояын деп кетіп бара жатып, бөркөздің арасында ұйықтап жатқан аюды таптап кетеді-мыс. Аю атып түрегіліп, бұны иықтан бір салады. Етженді, денелі жігіттің бір уыс иық етін жұлып алған екен, аю жарықтық. Ауғанбай ауыр соққыдан аспандай ұшып барып, оймақтай алаңқайға ыңқ ете түседі. Аю аузына келгенін айтып, ақырып-бақырып бұны бас салмақ болғанда - Ауғанбай оны екі бұттың арасынан оңдырмай бір тебеді. Оның да жанды жері сол екен, екі бүктеліп ойбайлап, беті ауған жаққа тұра безіпті-міс!..
Бес-алты адам жылқыны қаумажайлап, бес-алты әйел қазандық жақта шүпірлесіп жатыр. Соғым деген исі қазақ үшін бір киелі дәстүр ғой. Соның ішінде бала-шаға аса құлпырады.
Жылқының құс төсін ажыратып жатқанда Ауғанбай қуысқа қолды тығып жіберді де алақан толы жүрек майды суырып алып, ауызға бір-ақ тастады. Қаумалап тұрған жұрт мәз болып, Ауғанбайдың арқасынан қағып: - Міне, батырдың тұқымы деген осындай болады! – деп расында сүйсіне қолпаштады. Тағы біреулер оның аюды енсіз қалдырғанын айтып, мадақ тұтты. Онымен бірге өсіп, көші-қоны да қоңсы болып келе жатқан Қилыбекке бұндай мақтау асыра сілтеудей көрінді.
- Жүрек майды бала да жейді! Бұл, ашқарақ қомағайдың ісі! Батыр болсаң ат үсті сайысқа шықшы! Тулақтай қағайын!
- Ей, сен немене?! Шықсаң шық! Кімнің тулақ екенін жұрт көрсін!
Екеуі қаңтарылып тұрған аттарына қарғып мінісіп, бір-біріне атой сала шапты. Бұларды қойдыруға ешкім ниет білдірмеді. Жорта ойын секілді қабылдап, сырттай мәз-мәйрам боп бақылауда. Жайшылықта тәк-тәк деп елді басып отыратын Кәкен ақсақал да «қай жеңгенің менікі» дегендей екі қолын артына салып, анадайдан қайқая қарап қалыпты.
Екі батыр аударыспақ жасауға тырысып талай әуреленді. Сондай бір жанталас кезінде Ауғанбайдың шынтағы Қилыбеқтің көзіне қадалып, анау ойбайлады да қалды. Оң көзінен парлаған жас сол көзін де басты. Ауғанбай жақындай түссе жұдырық сілтеп жолатпауға көшті. Екеуі үшін де жеңіліс табу - өліммен тең еді. О баста аударыспақпен күш сынасу енді-қызылшеке төбелеске айналып бара жатқан секілді. Елден маза кете бастады. Кәкен ақсақалдың да танауы делдиіп, ара-тұра бірдеңе деп дауыстап қояды. Ұран сап тұрған жұрт қой-қойға көшсе де әбден еттері қызып алған екі жойт ештеңені елер емес. Ауыздарынан ақ ит шығып, қара ит қайта қіреді. Расында таласқан бөрбасарлар секілді кейде ырылдасып, кейде ауа жетпей тұншыға қырылдасады.
Ауғанбай Қилыбекке қарағанда қарулы, соның арқасында неше мәрте желкеден, жотадан бүйірден түйгіштеп өтті. Бүйірден тиген келесі бір соққы кезінде Қилыбек етбеттей аттың жалын құшты. Өстіп біреуінің саудасы бітпей барып тиылмаса, оңай-оспақ біте салмайтын дода еді, бұл. Алғашында жұрт аттың аяғына тапталардай ұмтылысып еді, оқиғаның ушыға бастағанын байқаған соң тітірей сескеніп, кейін шегіншектеді. Бұл сұмдық та бітті-ау деп тараса бергенде - Ауғанбайдың аттандаған жаман даусы шығып, барлығы оқыс бұрылды. Ендігі сәтте аттың жалын құшып, тымақсыз, жалаң басынан қан шапшыған Ауғанбай жатты. Тамаша тілеген жұрттың көздері шарасынан шықты. Мана таяқтан есеңгірегенсіп жатып Қилыбек бір үзеңгіні білдірмей шешіп алып, әлдеқандай боп алаңсыз тұрған батырды құлақ-шекеден отырғызған екен. Сонымен, аюмен төбелестен ай өтпей жатып: басы жарылып, мыйы шайқалып Ауғанбай қайта ауруханаға түскен-ді. Бұлар енді бір-бірін ғұмыр бойы көрместей ант-су да ішісті. Ендігәрі бала тапсам ба деп толғақтан зәре-зап болған әйелше уақыт өте бәрі ұмыт қалды. Төсекте басы қосылмаса да төскейде малы қосылған қазақ қайтып ажырассын. Ақыры бір күні сәті келіп, байырғы араластың бойына қан жүгірді.
Екі еркек дүдараз болса да қатын- қалаш, бала-шағалары дін-аман татулықта жүрді. Ақыры, екі батыр да құшақ түйістіріп, қайта бауырласты. Ауғанбай көңілі ауса оңбай жығылатын алды-артсыз арамдығы жоқ адам еді. Екі күннің бірінде Қилыбекті қонаққа шақырып, қатынына дастарқанды жайнаттырып қоятынды шығарды.
- Сонша неменеге жалпақтап кеттің, отағасы-ау? – деген әйелінің сұрағына ол: - Осы дүниеде сыйласпағанда қайда сыйласамыз! Бірдеңеңді ішіп-жеп кете ме, не болды тарылып, қазанды солар үшін көтермейсің ғой?! – деп жақтырмай қалды.
- Әй қайдам, осы емпеңдеуіңнің соңы қайырмен аяқталса екен...
- Өй, сенде жоқтан өзгені көйітіп!..
Бір ғажабы Ауғанбайдың үйінде он рет қонақ болса да Қилыбектің қатыны да өзі де біздікіне бас сұғыңдар деп емеуірін танытпады. Кейде, шақырмаса да арқа-жарқалары шығып, өздері жетіп келетінді шығарды. Олар кеткен соң: «Шіркін-ай, балаларға деп қолдарына бір шақпақ қант ала келсейші!..» деп, Ауғанбайдың әйелі талайға дейін күңкілдейтін. Кейде Ауғанбайдың өзі де таң қалады. Алғаш келгенде Қилыбек пен әйелі түгілі бала-шағасына дейін көйлек кигізіп жіберген-ді. Құдды, бұның басын үзеңгімен Қилыбек емес, оның басын бұл жарған секілді ме? Әйелі де ызыңдағанын қояр түрі жоқ. Айдала, есіз жерде іргелес отырған екі үй ғана. Бір табақ етті кезекпен бөлісіп жеп, емен-жарқын жүргенге не жетсін! Бірақ, күннің қақаған аязында жалаңбас терлеп жүретін Қилыбектің арамдығы шектен шығып бара жатқандай. Келген сайынғы ішкен тамақты қойшы, өмірі бір ұтылмады ғой, картадан. Тіпті, көңіл үшін жығыла салса несі кетер еді? Осындай жағымсыз естеліктер ішін тырнап, мазалай бастады. Қатыны күңкілдеген де онан-сайын үдей түсті. Ауғанбай жайшылық жүргенде бұл ойды ұмытып кетеді. Тек, соңғы кезде өз қатындарымен жақтасып, картаға отырғанда ғана ішінен көңірсігені болмаса. Сонымен ұзақ-сонар кештерді осы Ауғанбайдың үйінде өткеріп жатты. Қилыбек қанша обыр болса да отбасымен қосылып, бұлардың барлық берекесін ішіп-тауысып кеткен жоқ-тын. Ауғанбай қанша ұтылса да шеккен зияны кәкүр-шүкір тиын-тебен ғана еді. Бірақ, әсіресе картаға отырғанда танауының ұшынан тер тамшылап, ынта-шынтасымен тек ұтуға ғана ашқарақтанған қонағының ұсқыны ақ сайтанын түркілейтінді шығарды. Қилыбектің иесі кеп қалатындай тамақты асығып ішкені, өзі тойсада көзі тоймай: «мынаны балаларға ала сал» деп арсыздана жымиып, қолын сумаңдатқаны... Бәрінен зорғысы Ауғанбай оның жеңінің ұшынан шеті қылтиған картаны байқап қалғаны еді. Тіпті, кей карталардың сыртында тырнақтың ізіндей арнайы таңбалар да бар боп шықты. «Апырау, мен не жаздым? Ақ дастарқанымнан дәм татып отырып, мынаның жасаған қылаптын-ай?! Білдірмей бүйірімнен біз тыққандай болды-ау, иттің ғана күшігі!.. Бір дәдеңді көретінің анық, қашан екенін құдай білер...» деп шарасыздана күйінеді, ақкөңіл Ауғанбай...
* * *
Осы жолы, әдеттен тыс, сәске көтеріле қойды көмекшінің алдына сап беріп: - Мен «Аңғалбайдың» үйіне кеттім! Алақаным қышып тұр! Бір олжа бар секілді! – деп Қилыбек атын қамшымен шатырлата тартып-тартып жіберіп, әлденеден құр қалғандай тұра шапты...
Мектеп жасына жетпеген үш-төрт қарадомалағы мен сұқсырдай арық әйелі состиып, отағасының соңынан көздері боталай, мұңая қарап қалған еді.
Заман Төлеуов