Ол бүгінгі ажалын тағы да күтіп отыр...Ол бүгінгі ұйқысыздығын кофеден көрді. Жарым сағат бұрын сыны...
Сәт Тоқпақбаев. Жаным садаға (ғұмырнамалық кітап)
Бірінші бөлім: Тағдырым – темірқазығым.
Жүрек шамы
1986 жылғы Желтоқсан оқиғасы жөнінде талай мақалалар жазылды, біршама кітаптар жарық көрді, естеліктер айтылды, көркем, деректі фильмдерде түсірілді. Жастар алаңға шығып, наразылықтарын білдіріп жатқан кезде мен алаңда болған жоқпын. Кеңседе, күндіз-түні қарбалас жұмыста болдым.
1986 жылдың 17 желтоқсанында кеңсеге кірдім, содан тек 2 қаңтарда үйге аз уақытқа барып қайттым. 17 желтоқсанда «Жастар алаңға бара жатыр» деген қауесет естідім. Ести салысымен 20 минуттай уақыт өткенде алаңда болдым. Бара жатып кей жастардың алаңнан қайтып келе жатқандарын байқап қалдым. Сол екі арада бастық мені кеңсеге шақыртып, амал жоқ дереу кері кетуге мәжбүр болдым. Сондықтан да көп нәрсеге куә болдым деп айта алмаймын. Тек, бірер күн өте жұмыс бабымен болған оқиға барысындағы істерді тексерумен айналыстым.
Көп кісі «Жау кеткен соң қылышыңды тасқа шап» дегендей, оқиға басылған соң өздерін батыр көрсетіп, жастардың қамын жеген сыңай танытып, небір естеліктер жазып, мақалалар жариялап жатты. Сол кезде көзіммен көрген жәйіттерден өз түйгенімді сіздерге жайып салуды жөн көріп отырмын.
Желтоқсан оқиғасы кезінде Қазақ КСР Мемлекеттік қауіпсіздік комитетінің Алматы қаласы және Алматы облысы басқармасы бастығының орынбасары қызметінде болдым. Қызмет жауапты әрі ауыр. «Ауыр» дейтін себебім – сол кездегі Мемлекеттік қауіпсіздік комитеті империялық жүйенің құрығының астында жұмыс жасайтын. КСРО-ның ең сенімді, әрі дүниені шайқаған құдіретті құрылымы осы – Мемлекеттік қауіпсіздік комитеті болатын. Бұл комитет барлық өзге министрліктерден жоғары тұрды, әрі үстем сөйледі дегені жүріп тұрды. Басқарушы сатыда болды.
Комитеттің атын атағанда жұрттың бойын үрей билеп, тұла бойы түршігіп, кірпідей жиырылатын. Комитетпен істес болудан аулақ жүретін. Сұр үйге салқын атау беріп, өздері сол сұр үйді әрі қорқынышты, әрі құбыжықтай көретін кез болатын. Онда ылғи қаныпезер, тас жүрек адам сипатындағы роботтар секілді, ешкімді аямайтын сұп-сұр адамдар қызмет етеді деп түсініп, солай елестететін.
Әрине, келе-келе, тәуелсіздік алғалы бұл ұйым мүлде басқаша сипат алды. Елдің, жердің қамын жейтін, халқының тыныш ұйықтап, барақатты өмір кешуіне қызмет ететін қауіпсіздік жүйесіне айналды. Ендігі жерде халқы - кешегі сұр үйге қорқынышпен, үреймен емес, керісінше, зор сеніммен қарап, арқа сүйейтін дәрежеге жетті. Сұр үй деген жан түршіктірер сөз де, халық санасында қалыптасқан қатыгез сана да ізім-ғайып жоғалды.
1986 жылғы 17-19 желтоқсан күні Алматы көшелері алай-түлей сапырылысқа толды. Жастар қолдарына сананы жігерлендірер патриоттық жазулар жазылған үлкен плакаттар, лозунгтар, Лениннің суреттерін ұстап, ұрандатып көшеге шықты. Республика алаңына жиналып минтингі өткізді. Бір дүрлігістің бастауы еді бұл.
Сондағы сөздерінің мазмұны: Республиканы қазақ ұлтының лидері басқаруы керек... достықтың лабараториясына айналған Қазақстанды келімсектердің табанына салып бермеген жөн... қазақ ұлты өзін-өзі басқарып, өз сөзін өзі айта алатын уақыт келді!.. Қазақ ұлты алға... Қазақ ұлты оян!.. Қазақтар жігерленіңдер!.. Тәуелсіздік жасасын!.. Егемен еліміздің шаңырағы шарықтасын!.. деген талап-тілектер еді.
Талаптардың барлығы заң аясында айтылған. Ешқандай құбыжық көретін, түршігетін дәнемесі жоқ еді. Былай қарасаң – артық бұзақылық қылық та болған жоқ десе болады. Барлығы санаға қонымды ұсыныстар болды. Әрбір азаматтың қалауы осы лозунгтарда, плакаттарда жазылды.
Соған қарамастан Желтоқсан оқиғасына байланысты қазақ халқына сол кезде ұлтшыл деген таңба басылды. Сенімсіз халық атанды. Осы теріс пиғылдың нәтижесінде Ресей империясының қол астында отқа да күйген, суға да түскен Ұлы Отан соғысында миллионға жуық адамын құрбан етіп, жан аямай күресе білген, алып Кеңестер Одағының шикізат көзіне, қазыналы қамбасына, май-шелпегіне айналған жері бай, көңілі дархан Қазақстан халқы – төменгі сортқа түсті, сенімсіздердің қатарынан табылды. Орын алған жәйіт қай қазақтың болсын жанына қатты батты.
Бұл әсіресе саясатқа, жоғарғы лауазымда отырған шенеуніктердің арқасына аяздай батты. Еліме қызмет етсем, отанымның қабырғалы қорғанына бір кірпіш болып қалансам деп арман қуып ұмтылып келген жастардың кеудесінен итеріп, әрі тартып, бері жығып, жершілдік, жікшілдік, рушылдық, жүзшілдік ауруына ұшыратты. Жастар қызмет таппай қаңғып, әр есікке барып бас сауғалады. Мамандығын пайдаланатын жұмыс таппай сандалды. Осының бәрін көріп ішімізден қан жыладық. Қолдан келер дәрмен болмады.
Пәлен балабақшада балаларды өлтіріп жатыр, қаланың шетінде бұзақылар ұсталыпты, қала сыртында біреуді тонап кетіпті, көше ортасында бірін-бірі пышақтап жатыр деген түрлі қауесет түседі. Адамдарды жіберіп тексертемін, біреуі де расталмады, сондай қиын іспен айналыстым. Әрине, жүрегіміз, жанымыз қатты ауырды. Себебі бүкіл қазақ халқына қарсы одақтық биліктің істеген қасіреті көп болды.
Екінші жағынан бұқаралық ақпарат құралдары елімізге беделді азаматтардың пікірлерін үзбей беріп отырды. Кейбіреулер мұны істеп отырған Дінмұхаммед Ахметұлы Қонаевтың өзі, соның командасы деген қауесетті таратып бақты.
Өзіміздің ішімізден осындай шектен шыққан теріс баға беріліп жатқанда – көрші елден шығатын көп басылымды газеттерде қазақты ұлтшыл, партиялық саясаттан ауытқыған, кеңестік дәуірде қалыптасқан дәстүрді бұзған басбұзар етіп көрсеткен ызғарлы суық сөздер дүркін-дүркін жазылып жатты. Оған өз ішімізден май тамызушылар аз болған жоқ.
Оның үстіне қалада әртүрлі қауесет сөздер өртше қаулады. Орыстар қазаққа қарсы шығып, қазақтар орысқа алакөздене қарайтын мінез қалыптасты. «Несін айтасың, қаланың бір шетінде қазақтар орыстарды, не болмаса орыстар қазақтарды ит қылып сабап, өлімші етіпті... өлтіріп кетіпті... автобустан қазақтарды түсіріп жіберіпті, бір топ орыстар қазақтарға жабылыпты, қазақтар орыстарды, орыстар қазақтарды қамап кетіпті, ұрлап кетіпті, қорлап кетіпті, мұны аз десеңіз балабақша, мектептерде, жоғарғы оқу орындарында қаралар мен сарылар екі дай болып, бас-басына үй тігіпті...» деген алыпқашты сөздер гулеп кетті. Бұл жәйіттің барлығы естігенде жанымызды жаралады.
Дәл қай күні екені есімде жоқ, қателеспесем 21-23 желтоқсан күндері болар. Жағдай өте шиеленісіп тұрған. Таңертеңгісін – телефон безектеп қоя берді. Телефон шалған Қазақстан мемлекеттік қауіпсіздік комитетінің Төрағасы генерал-лейтенант В.М. Мирошник екен. Сөзі зілдей ауыр, сұп-суық.
–Сіз не білесіз? – деп бірден дүрсе қоя берді.
Қала және облыс бойынша өтіп жатқан елеулі оқиғалар туралы баяндай бастаған едім, сөзімді кілт үзді.
– Кеше Алматы Медицина институтында үлкен жиналыс өтіпті. Оқытушы профессорлар сөз сөйлепті. Сол мәжілісте Камал Ормантаев деген профессор алаңға шыққан жастарды жақтапты, бәріміз ұйымдасқан түрде алаңға шығуымыз керек депті. Бұл не деген сорақылық.
–Ондай қауесетті естімеппін, – деп шынымды айттым.
– Сонда қалай! Мені қауесет жинайтын журналист деп отырсың ба! Шұғыл түрде мәселені қарап тексеріп, нақты ұсыныс түсіріңіз. Ұсынысты жазбаша түрде алып келіңіз! – деп тықсыра сөйлеп телефон тұтқасын ашумен тастап жіберді.
Таңғаламын. Соншама жау алып, ел көшкендей оқиға болған жоқ еді. Жастардың ереуілі басылған. Жоғарғы оқу орындарында, мекемелерде саяси қырағылық туралы әңгіме-кеңестер ұйымдастыра бастағанбыз. Сол кездегі партия ұйымы шұғыл шаруасына кіріскен. Ел сабасына түсе бастаған. Аяқ астынан Төрағаның тулап сөйлегені – түсініксіз болды.
Бір қызметкерімді шақырып алдым. Институтта болған әлгі келеңсіз жағдайдың анық-қанығын біліп келуді тапсырдым.
Қызметкерім түстен кейін болған оқиғаны салақұлаш етіп жазып келіпті. Тура бір роман оқып шыққандай болдым. Осыншама ұзақтан қайырып, қағаз бен қаламды аямай түкпірлеп жазып келеді деп күтпеген едім. Институттың үш оқытушысымен сөйлесіпті. Біреуі – ғылым докторы, екеуі – ғылым кандидаты. Әлгі ғылым жолында жан алып, жан беріп жүрген сабаздарың, неге екенін қайдам, профессор Камал Ормантаевты жерден алып, жерге салыпты. Нағыз ұлтшыл, жастардың құлағын көтерді, Республиканы қазақ ұлтының өкілі басқаруы керек деді – деп, төгілдіргенде бар ғой – кісі жаны түршігіп, не деген қаскөйлік десеңші!- деп ойлайсың.
Өмірлік тәжірибесі мол, ғылымда орны бар талай ұжымды басқарып жүрген адамның көпшіліктің көзінше билікке қарсы шыға қоюы екіталай. Шыққан күнде – ол кісінің билікке қарсы ауыр-ауыр сөз айтуға итермелеген себептері болған шығар деп ойладым. Не де болса асықпаған жөн. Тағы да тексерейін дедім. Бұл істің бетін ақырын уақытша жауып қойдым да екінші қызметкерді кабинетіме шақырттым.
– Институтқа барып, жағдайды қайта анықтап келіңіз. Әркімнің айтқан сөзін тізіп жаза бермей, Ормантаевтің жиналыста сөйлеген сөзінің хаттамасын алып келіңіз, – деп пәрмен жасадым.
Кешкі уақытта жұмыс телефоным тағы да безектеп қоя берді. Төраға Мирошник екен. Сөзі соншама ауыр, зілді шықты.
– Неге тексеруді созып жатырсың? – деп тықсырып алды.
Нақ бір елдің, қауымның тағдыры әлдебір институттың атышулы профессорының әлдеқалай аузынан шығып кеткен сөзінен жау шауып, жер төңкеріліп бара жатқандай тегі.
Кешкі сағат тоғыз шамасында жұмсап жіберген екінші қызметкер қайтып оралды. Жағдайды түгел баяндады. Төрт адаммен сөйлесіп, пікірін сұраған. Оның екеуі Камал Ормантаевты көптен бері біледі екен. «Алып бара жатқан дәнеме жоқ. Камал ағамыз жастардың келешегі туралы тебіреніп сөйлегені рас. Бірақ билікке қарсы көтерілейік, көшеге шығайық деген сөзін естігеніміз жоқ. Олардың пікірінше профессор өз ісіне мығым, жоғарғы деңгейдегі маман, тәжірибелі ұстаз, халықтың жағдайын жақсы біледі. Ел ішінің жағдайына шынымен жаны ашитын, адамгершілігі мол, өмірлік тәжірибесі жастарға үлгі боларлықтай тұлға.
Бұл аз дегендей әлгі жиналыстың хаттамасын әкеліпті. Түпнұсқасын алдыма қойды. Хаттамаға көз жүгірттім. Тұжырып айтқанда – профессор төмендегіше сөйлепті:
«Медицина институтына түсетін қазақ жастарының біразы ауылдың балалары. Олар орыс тіліне шорқақ. Орыс тілін жетік білмейді. Сол себепті лекцияны – дәрісті толық түсінбейді. Алғашқы уақытта сабақты терең ұға алмай ақсап жүреді. Біраз студент бірінші семестрдің аяғында өз ойын жеткізіп айта алмай, төмен баға алып, оқудан шығып кетеді. Сондықтан ауылдан келген студенттерді бір жыл қосымша дайындаған жөн. Орыс тілін жақсы меңгерген жастар көкірек көзі ерте ашылады.
Бір ескеретін жәйіт: институтта тек оңтүстік аймақтан келген балалар оқиды деп байбалам салуға болмайды. Бұл қате ұғым. Алматы – ел астанасы. Жақсы білім алу үшін жұрттың бәрі елдің бас қаласына ұмтылады. Жер-жерден келген жастарды неге Алматыға ат басын бұрдың деп кінәлау дұрыс емес. Қазақстанның әр аймақтарында өз медицина институттары бар. Олар – бесеу. Сол облыс орталықтарына баруға аяғы жетпеген, әрі еліміздің бас қаласында білім алайық деген үмітпен келген жастардан қамқорлығымызды аямауымыз қажет. Оларды кеудеден итермей, орысша үйренуін қадағалап, қит етсе – екілік, я үштік алса – шығарып жібермей, шыдамдылық танытайық. Шәкірттерді жер-жерге бөліп, алалауды доғарайық. Білгенімізді үйретіп бағайық!»
Профессордың жиналыстағы сөзінің ұзын-ырғасы осы. Саясатқа қарсы ештемесі жоқ. Елді дүрліктіріп, бүйректен сирақ шығарып, атойлаған дәнемесі көрінбейді.
Сол арада профессордың сөзін, оған қосымша өз атымнан «К.Ормантаев білікті ұстаз, отанымыздың патриоты, беделді азамат, зиялы қауым өкілі» деген пікірдегі бөлекше құжат жазып, екеуін бір папкіге салып Төрағаның қолына апарып бердім.
Төраға құжатты мұқият оқып шықты. Оқыған сайын қанын ішіне тартып сұрлана түсті. Зығырданы қайнап, зәрлене ысқырып, басын шайқады. Қолындағы құжаттарға көңілі толмағаны сезіліп тұрды.
– Әй, қазақтар-ай, бір-біріңе шық жуытпайсыңдар ғой. Бара беріңіз, – деп салқын қабақпен шығарып салды.
Бұл мәселе жайында Төраға менімен екінші қайталап сөйлескен жоқ. Камал Ормантаевпен Мемлекеттік қауіпсіздік комитетінің кісілері арнайы шақырып сөйлесті ме, әлде жазып берген құжатты қанағат тұтып, мәселені жылы жауып қойды ма – ол жағы маған белгісіз. К.Ормантаевпен өзім таныс емеспін. Осы уақытқа дейін ол кісімен ұшырасып сөйлескенім жоқ. Соңғы жылдары академик ағамызды әртүрлі мәртебелі жиындар мен кездесулерде көріп қаламын. Әйтсе де алдына барып сөйлесуге, пікірлесуге біртүрлі ыңғайсыз көремін. 1986 жылғы оқиғаны қопсытып айтып, көңілін түсіріп неғыламын деймін.
Желтоқсан оқиғасының дүмпуі жұрттың үрейін алып, қызуы күйіп тұрған уақытта есімде қалған тағы бір оқиға болды.
Дәл ол оқиға кезінде жұмыс кабинетіме орта жастағы ер азамат зайыбымен бірге келді. Түрлері жүдеу көрінді. Алғашында танымай қалдым. Орындыққа жайғасып, бірер ауыз тілдескен соң барып қана есіме түсті. Баяғыда Алматы қаласындағы №22 орта мектепте бір жылдай бірге оқыған сыныптасым Тоқтар Аханов пен жары Раушан екен.
Жүздері солғын, өздерін үрей билеп алған. Қобалжып отырып айтқан әңгімесі ауыздан божырап шықты. Қайталап сұрап әзер түсінесің. Сол сыныптасымның басына ауыртпалық түсіпті. Басына келген қиыншылыққа араша түсіп, қол ұшын беріп, бәле-жаладан құтқаруымды өтінді. Оқиға төмендегіше болған.
Алматы-Бішкек арасына қатынайтын үлкен тас жол бойында көкөніс жинайтын базаның директоры болып істейді екен. Желтоқсан оқиғасы басталғанда қол астындағы ұжымда жел тұрғандай әртүрлі әңгіме гулеп шығыпты. Қол астындағы жұмысшылардың басым көпшілігі орыс әйелдері екен. Ұжым арасында Алматыда болып жатқан дүбірлі оқиға төңірегінде әртүрлі пікір таралады. Сол сөз үдей түсіп, аяғы ұрыс-керіске, жан-жалға соқтырады.
Тоқтар досым – қазақтарды, әлгі орыс әйелдері – орыс халқын жақтайды. Дай-дай жанжал шығып, жиналыс үстінде әлгі дау өртше үдеп... арты төбелеске айналып кете жаздапты.
Сонымен не керек, орыс жұмысшылары жиналып, мұны ұлтшыл деп айыптап, құжат толтырып, астына біраз әйелдер қол қойып, даттап, хаттап, түймедей мәселені түйедей етіп, Мемлекеттік қауіпсіздік комитетіне жөнелтіп кеп жібереді. Әлгі Ахановтың үстінен түскен жаланы одан сайын өршіте түсіп, Алматыдағы Октябрь ауданының Қауіпсіздік бөлімі қарап, қылмыстық іс қозғаймыз деседі.
Ахановты жұмысынан бөліп, ресми түрде аудандық Қауіпсіздік бөліміне шақырып, жауапқа алыпты. Орысқа қарсы, қазақтың арасынан шыққан ұлтшылы етіп, хаттап, құжат толтырып, шаруасынан бөліп, басын қатырыпты. Ұлт араздығын қоздырған, әсіре ұлтшыл ретінде қылмыстық іс қозғап, итжеккенге айдатып жібереміз депті.
Жазған құлға дауа жоқ. Аханов бейшара ас-ауқаттан қалып, дүниенің қызығы көзінен бұл-бұл ұшып, бастан құлақ садаға дегендей, осы жүрген жарық күніне зар болып, алдыма жүгініп келген беті екен.
Қарап отырып аяп кеттім. Баяғыда әкелеріміз айтып отыратын асыра сілтеу болмасын, аша тұяқ қалмасын деген ұран құлағыма еміс-еміс жеткендей болды.
Әлгіде айтқан, Медициналық институттағы профессордың үстінен қара күйе жағып, айтпаған сөзді айтты деп, жүрмеген жерден соқпақ салды деп, жала жауып, құжат толтырған ұстаздарға қарадай қайран қалған едім. Енді міне, Алматы қаласындағы шағын ауданның шүйкедей бөлімінде отырған қызметкерлер арыстай азаматтың шақшадай басын шарадай етіп – құлаш-құлаш қағаз толтырып, құжаттап, хаттамалап, қылмыстық іс қозғамақшы.
Қарадай отырып, күйінеді екенсің! Дереу уақыт оздырмай Октябрь ауданының қауіпсіздік бөлімінің бастығы Есен Әлімжановты шақырып алдым.
Е. Әлімжанов көп ұзамай алдыма келді. Кеңсемді күні бойы торуылдап жүрген, әбден сілесі қатып шаршаған Аханов та бөлмеге кірді. Екеуін қарама-қарсы отырғызып, болған жайды қысқаша баяндап шықтым. Аханов байғұс кеңес өкіметіне қарсы титтей де арам пиғылы жоқтығын айтып зар қағады. Тыңдап отырып ет жүрегің елжіреп кетеді.
Есен Әлімжанов өзінде болып жатқан мән-жайды жасырмай жайып салды:
– Басеке, не білгеніңіз бар! Бір ғана мына азаматтың үстінен емес, дәп қазір осындай бірнеше азаматтың үстінен арыз түсіп, алдымда тау болып үйіліп қалды. Неғыларымды білмеймін. Қазақ, орыс бір-бірінің үстінен арыз, ғайбат жазуға төселіп алды. Заман солай ма, әлде адам солай ма, біле алмай басым қатты, – деп төгілдіре жөнелгені.
– Жел сөзге, ғайбат арызға жол бере беруге болмайды. Сабырға келейік. Жігіттерге көмек берейік, – деп сабырға шақырып, өзара түсініскендей болдық. Істі төмендегіше шешетін болдық.
Ахановтың ұжымына барып жиналыс өткіземіз. Жиналысқа өзін қатыстырмаймыз. Сол жиналыста: Ахановты қызметтен босаттық жауапқа тартып жатырмыз. Енді қазақ, орыс болып айтыса беретін күн өтті, бір-бірімізді бауыр тұтып, бір-бірімізге көршілік хақысымен қарап, ұйымдаса білейік деп уағыз айтып, үлкен жиналыс өткіземіз. Жұмысшы қауымды тыныштандырамыз. Ұлт араздығын қоздыратын сөздерге тиым салып, бұдан былай ұлт мәселесін қоздыратын сөз айтылмауға тиіс деп шешім қабылдадық.
Аханов та, Әлімжанов та осы шешімге қол қоя құптады. Іс осылай ушықпай, өз уақытында, ыңғайлы шешілді.
1986 жылғы Желтоқсан оқиғасы көп азаматтардың қадамын тұсап, арман мақсатының күлін көкке ұшырды. Өміріне қырсық боп жабысты. Қаншама жас Желтоқсан алауына жанып кетті. Біразы жан сақтап аман қалды. Қалай болғанда да осы бір қиын кезең азаматтардың басына сын өткел секілді қатал әрі жауапты ауыртпашылық жүктеді. Жолы болғыштар жеңіл құтылып шықты, ал қорғансыз жауқазындар тағдырдың тәлкегіне ұшырап желтоқсан аязында үсікке ұшырағандай күй кешті.
Сол уақытта Мәскеуден көп басшылар келді. Мемлекеттік қауіпсіздік комитетінен де, Ішкі істер министрлігінен де Бас прокуратурадан да, СОКП орталық комитетінен де келді.
Алматыдағы жастарға қарсы жұмысты сол органдар басқарды. Нағызұлтшыл деп қазақтарды айыптады. Мәселен сол органдардың өзінде ұлтшылдықтың не екенін түсінбей кеткен жағдайлар болды.
1986 жылғы желтоқсан және 1987 жылғы қаңтар айларында Алматы қаласы және Алматы облыстық басқармасына 1 мыңнан астам сигнал келіп түсті. Осының бәрін қалт жібермей қадалып отырып, тексеріп шықтық. Әрбірінде көрсетілген деректі мұқият тексеріп, ақ-қарасына көз жеткізіп, ақиқатын ашу кезінде – бірде-бір кісінің обалына қалған жайымыз жоқ. Менің тарапымнан еш адамның үстінен қылмыстық іс қозғалмады.
Бір жылда осындай 1056 сигналды тексеріппіз. Барлығына да ұлтшылдық жоқ деген қорытынды шығардым. Ұлтшыл болу үшін бір адамға зиян келтіретіндей әрекет жасалуы керек.Соны анықтаймыз, өмірбаянын түгел бастан-аяқ қарап шығамыз. Түсіндіре кетейін, мәселен бір адамды ұлтшыл деп айыптау үшін оның басқа ұлтқа, не сол ұлттың өкілдеріне қарсы істеген қылмысы анықталуы керек. Ең алдымен халыққа зияны бар бүлік шығаратын кісі ме, соны тексеріп қараймын. Бәрін дәлелдеп болған соң шұғыл шара тергеушілері қорытынды жазады. Сол қорытындыларды мен бекітетінмін.
Сол жылдары қалалық және облыстық Мемлекеттік қауіпсіздік комитетінің басқармасы Байзақов көшесінде болды. Ал Мемлекеттік қауіпсіздік комитеті Дзержинский көшесінде орналасқан еді. Артынан естідім, жауапты орындар мен мәскеулік әріптестер бірігіп, Республикалық Мемлекеттік қауіпсіздік комитетінің ғимаратына менің қолым тиген мыңнан аса сигнал-дардың құжаттарын апарып, қайта қарап, сараптап тексеріпті. Алайда заңға қайшы іліп алар ештеңе таппаған.
Шамам жеткенше тек әділдік жолында жұмыс істедім. Таза жүрдім. Жоғарыдағы тексерістер оны дәлелдеді.
Желтоқсан оқиғасын ұйымдастырған, бірінші болып көшеге шыққан жастар, оның ішінде Алматыдағы театр-көркемсурет институтының студенттері еді. Мұның тарихи себеп-салдары болды. Ғасырлар бойы бұғауда, езгіде жаншылған, намысы, рухы тапталған жас ұрпақ үлкен іске тәуекел етті. Қиын қатерлі кезеңге басын тікті. Желтоқсан оқиғасының көрінісі тек қана Алматыда ғана емес, республиканың кейбір қалаларында нөсер бұлтындай дүркіреп өтті.
Желтоқсан оқиғасының маңыздылығын, қасіреттілігін, тарихилығын, бағыт-бағдары мен көксеген мақсатын тарих таразыға салып бағалады. Бұл оқиға Тәуелсіздікке қол жеткізуді аңсаған, еркіндік пен бостандықтың ақ таңын күткен қазақ жастарының кеудесін кернеген кек пен ашу-ызаны, ар-намысты, жаңа дәуірге аяқ басу мен ұлттық рухты арқалап, азаттықтың туын көтеруге жасалған алғашқы қадамы еді.
Тәуелсіздіктің туын желбіретуге себеп болған бұл күн ұлт тарихында – ерекше маңызды күн болғаны хақ!
(жалғасы бар)
Сәт Тоқпақбаев