Халық жазушысы, ақын Жұбан Молдағалиевтың 100 жылдығына арналған «Қиял қанаты» республик...
Нұрдәулет Омарбек. Қазақ әдебиеттануы
Жалпы әдебиеттегі тенденциялар мен бағыттар хақында сөз қозғағанда біз, алдымен, Батыс әлемі, Батыс әдебиеті жайында айтып жатқанымызды естен шығармағанымыз жөн. Себебі заманауи әдебиеттің жанрларынан бастап, теориясы мен кітап басу индустриясы, маркетингі мен даму үрдістеріне дейінгі ауқымды үдерістер Батыс қоғамында пайда болған дүниелер. Сондықтан Кеңес үкіметі тарап, әдебиетте социалистік реализм деп аталған бағыттың ақыры таянған сәтте, қазақ әдебиетін дәл осы Батыс әдебиетінің өлшемдері мен теориялары арқылы қарастырғанымыз абзал. Өйткені Қазақстанға тәуелсіздікпен қатар, әлемдегі ең үлкен идеологиялық абақты саналып келген Кеңес үкіметі идеясынан тысқарыда жатқан Батыс капитализмі, жаһандану үдерісі қатар енді. Идеологияға қызмет етіп келген қазақ әдебиетінің тақырыптық аясы кеңіп, түрлі эксперименттерге баруға мүмкіндік туды. Сонымен қатар әдебиеттануда кеткен олқылықтардың орнын толтырып, заманауи зерттеулер арқылы, отарлықтан құтылған әдебиетті жаңаша тану үшін постотарлық зерттеулер жүргізіп, Кеңес тұсында жазған төңкерісшіл ауандағы шығармаларды соны түрде зерделеуге есіктер айқара ашылды. Идеологияның құрсауында болып, зәбір көрген тарих пен ұлттық сананы тірілтіп, еркін ойлау жүйесін қалыптастырудың сәті түсті.
Бірақ, елімізге тәуелсіздік арқылы үлкен мүмкіндіктермен қатар, аяққа тұсау болған кейбір келеңсіз жағдайлар қатар келді. Аталған келеңсіздіктердердің зардабы, өкінішке қарай, жоғарыда аталған еркіндіктер мен мүмкіндіктерді емін-еркін пайдаланып, көл-көсір пайдасын көрудің орнына қазақ әлеуметі тап болған қиындықтардың тарызының бір басын басуына түрткі болды. Аталмыш өзгерістер қазақ қоғамының бейнесін түбірімен өзгертті. Кеңестік формациядан демократиялық, капиталистік қоғамға өту қаншалық артта қалып, заманауи ғылымның көшінен едәуір кешеуілдеп қалғанымызды көрсетті. Капитализмнің келуімен орнаған нарықтағы өзгерістер, экономикалық-әлеуметтік өзгерістерді тудырды. Осы өзгерістермен бірге қоғамдағы адамның ішкі жай-күйі мен психологиясын тануға, ашуға ұмтылатын әдебиет те, жалпы өнер салаларының барлығында үлкен өзгерістер туындады. Бұл өзгерістер ғылыми орта назарынан тыс қалмады. Дегенмен кеңестік кезең тұсындағы әдебиет те, тәуелсіздікке қол жеткізілген тұстардағы әдебиет те қазіргі зерттеу талаптарына сай қайта жаңғыртылуға тиіс. Өйткені, Кеңес үкіметі тұсындағы әдебиет жайында заманауи әлемдік әдебиет тұрғысынан сөз қозғау мүмкін болмай отыр. Бұған басты себеп, ол кезеңде жазылған шығармаларға қатысты зерттеулер ескі, классикалық зерттеулер негізінде, сонымен қатар идеялогияға сай кесіліп-пішіліп бір бағыт негізінде «күштеп» таңылған соң, «постотарлық зертеулер» аясында жаңаша қарастырылуға тиіс. Дегенмен сөзіміздің басында айтып өткен бастыстық өлшемдердің төл әдебиетімізде кезең-кезеңімен орнамауы және әдебиеттануда қазақ әдебиетінің тарихын дәуірлеудегі мәселелер тығырыққа тіреп отыр. Тарихи тұрғыдан модерндік батыстану дәуірінде орыс тілі арқылы орнаған шала кезең және екінші дүниежүзілік соғыстан кейінгі трагедия салдарынан туған постмодерндік сананың мүлдем жетпеуі толықтай қалыптаспаған әдебиеттану ғылымына күйрете соққы берді.
Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін, Батыс өркениетінде «постмодерн» деп аталатын жаңа дәуір туып, бұл кезең өнерде, қоғамда, тіршіліктің әрбір аспектісінде бағыт ретінде орнықты. Постмодерндік зерттеулер философия шеңберінен шығып кетіп, бұған дейін жаңа әлеуметтік құбылыстың бағасып беріп, мәнін ашатын сын таразысы болған философияны өз тұғырынан тайдырды. Постмодерн дәуіріне дейін кез келген құбылыс (біз мұнда Батыс философиясы, Батыс қоғамы жайында сөз қозғап отырмыз) Гегелдің тілімен айтқанда «қалыптаспаған», «ақылға қонымсыз», «түсініксіз» деп танылып «жарамсыз» саналып келген. Постмодерн дәуірінің орнауымен Батыс қоғамының бейнесі өзгерді. Еуроцентристік түсініктің іргесі сөгіле бастады. Әлеуметтануда, өнер де жаңа этика мен жаңа эстетика өріс жайды. Осылайша постмодернмен қатар постиндустрия енді. Жаңа мамандықтар, жұмысты жеңілдетуші техникалар, радио мен телевидениенің жаппай халықтық сипат алуы, банк жүйесіндегі өзгерістер, экономикалық биржа сынды күрделі құрылымдар қалыптасып, модерн моделіндегі Батыс қоғамы жаңа тұрпаттағы қоғамға айналды.
Ал, социалистік бағытты ұстанған мемлекеттер дәл осы тұста шалыс басты. Технология мен әлеуметтік құрылымдардың қарқынды өзгерісіне бейімделе алмаған Кеңес үкіметі «қырғиқабақ соғыстан» ойсырай жеңіліп, жоғарыда атап өткен игіліктерден толықтай шет қалды. Ескі жүйе заманауи құбылған әлемнің көшінен қалып, ақыр аяғы алып мемлекет ыдырап тынды. Батыс құндылығына қарсы тұрған жалғыз ықпалды күш жеңіліске ұшырып, демократиялық, азаматтық қоғам жеңіске жетті. Дегенмен бұл жеңістің де өтеуі бар. Мың құбылған қоғамның бейнесін тану, қоғам ішіндеге жеке индивидтің ішкі жан дүниесін, күйініш-сүйінішін, Кеңестік формациядан әлдеқайда күрделі, мүлдем соны капиталистік формацияға ауысқандағы психологиялық өзгерісін тану күрделене түсті. Қазақстанда идеологияға байланысты дұрыс дамымаған әлеуметтану ғылымының, адам жанының өзгерісін өзінше таныйтын өнер адамдарының алдынада үлкен міндет тұрды. Әрине бұл кезеңдегі өзгерістердің барлығын тізіп шығу еш мүмкін емес. Дегенмен Батыс қоғамы мен Батыс әдебиетіндегі елеулі өзгерістер мен сол өзгерістердің Тәуелсіз қазақ әдебиетіне тигізген ықпалын зерттеу аса маңызды.
Алғы модерн кезеңі
Заманауи әлем (модерн) Батыс елдерінде туып, сонда қалыптасты. Феодалдық қоғамнан демократиялық қоғамға өту сатысы «Қайта өрлеу» дәуірінде басталып, технологиялық революция орнағанға дейін жалғасын тапты. Сонымен қатар, Батыс ғылымы, өркениеті дамыған қоғам ретінде өзге өркениеттерге шамшырық болды. Сол себепті, әдеби үдерістер мен әдебиеттегі бағыттар туралы сөз еткенде, батыстық канондармен, батыстық өлшемдермен зерттеу жүргізуімізге, төл әдебиетіміз бен мәдениетімізге батыстың көзімен қарауға тура келеді.
Әдебиеттану ғылымы өз бастауын антикалық кезеңдерден, Аристотельдің «Поэтика» деп аталатын еңбегінен алады. Әдебиетті жанларға жіктеу, жазылған әдеби туындының көркемдік я эстетикалық өзгешелігін бағамдау ерте кезеңдерде басталған (Үндістанның көне әдеби өлшемдері де қызықты. Олардың поэзияны жүйелеуі, антикалық кезеңдегі батыс әдебиет теориясынан бір мысқал кем емес. Дегенмен орта ғасырлардағы Ислам мәдениеті, Еуропадағы қайта өрлеу кезеңі Аристотел поэтикасынан сәуле тартатын болғандықтан, қысқартып тарихтың сызықтық даму жолымен жүргенді жөн көрдік). Дегенмен орта ғасырларда шіркеудің шексіз билігі тұсында әдебиеттану ғылымында ауыз толтырып айтарлықтай үлкен жаңалықтар болмады. Еуропада тек «қайта өрлеу» кезеңінен соң басталған ояну дәуірінде Буало сынды ғалымдар әдебиет теориясын жаңаша бағамдауға тырысты. Алайда, уақыт, орын, оқиға бірлігі деп аталатын антикалық дәуірде сөз болған танымды толықтыра түскеннен артық жаңалық тудыра алды деп айта алмаймыз.
Батыс қоғамын өзгерткен модерн дәуірі болды. Алғаш философиядан Декарт еңбектерінен кейін, экономикада ағын су, ат, жел күшімен емес, технологияның күшімен қозғалуға мүмкіндік туғанда, яғни бу қозғалтқышының пайда болуымен, ал саясатта, Англияда 1648 жылы «корольдің өлімімен», ғылымда Джордано Бруноның жаңалықтарынан кейін немесе өлімінен кейін модерн дәуір орнады. Модерн дәуірінің орнауымен қоғамда, ғылымда, саясатта, өнерде, жалпы барлық салада дерлік үлкен өзгерістер туды. Дамыған батыстың өзіне модерн бірдей орнай қоймады. Үлкен күрестер (атақты Француз революциясы, Джордано Бруноның отқа жағылуы, Галилео Галилейдің түрмеге жабылуы, Орта ғасырларда күшіне мінген Християн шіркеуінің шектен шыққан билігінің күші, жұмыс күшінің өзгеруі, технологиялық революциядан кейінгі жұмыс бөлінісінің өзгерісі, қоғамдық институттардың қалыптасуы, капитализмнің енуі, қатарынан болған екі дүниежүзілік соғыстың болуы) ауқымды оқиғалар болды. Сонымен, модерн дәуірін тарихи тұрғыдан бастауын 1648 жылдан алып, 1945 жылға дейін созылған тарихи кезең ретінде қарастырсақ та болады.
Технологиялардың пайда болуымен, қоғамдық, әлеуметтік жағдайлардың өзгеруімен үлкен ашылулардың салдарынан Еуропа ағылған байлық пен отарлау саясатына байланысты ұлттық мемлекеттер сынды ұғымдар пайда болды. Осындай оқиғалардан кейін Еуропаның шіркеуге байланған киелі (сокральді) түсінігі ақырындап профонизацияға ұшырады. Әрине, Еуропа қоғамы тұтастай діннен жерініп кетті деген ойдан аулақпыз. Мұнда қоғамды алға тартушы, үлкен қозғалыстарды бастаушы, идеяларды концепцияға айналдырушы зиялы қауым санасында төңкеріс туды. Дәл осы зиялы қауым арасында жүрген профонизация үдерісі үлкен жаңалықтардың ашылуына мұрындық болды. Өндірістердің көптеп ашылуы мен нәпақа табу үшін мұхит асып Америка мен Бразиялиядағы «алтын безгегі» тұсындағы қарапайым шаруаның жұмыс іздеп туған жерін тастап кете баруы, Еуропа қоғамының бейнесін адам танымастай қалыпта өзгертті. Қоғамдық формациялардың түбегейлі өзгерісі, философия мен ғылымдағы болған прогресс өнер адамдарына әсер етті. Адам, сонымен бірге қоғам, қоғаммен бірге таным-түсінік өзгергендіктен, өнер туындыларының формасы, мазмұны, идеясы, эстетикасы өзгеріп, әдебиеттану ғылымына да өзгеріс енгізер уақыт та жетті. Әдебиетте «романтизм» деп аталған үлкен бағыт дәл осы уақыттарда туды. Классикалық әдебиет өкілдері саналған ақындар мен жазушылар шоғыры дәл осы XVIII ғасыр мен XIX ғасырларда әлем жауһарларын жазды. Әдебиет әлеміндегі классикалық туындылардың бағасын беруге әдебиет сыншылары қалам тартып, осы бір үлкен тасқынға баға беріп, тұғырына қондыру үшін әдебиеттанудағы соны терминдер мен мүлдем тосын талдаулар жасалды (Мұнда маңыз беріп, назар аудауға тиіс маңызызды жайт бар. Құбылған қоғамдағы адам жанына үңілген жазушы туындысы алдымен жазылып, оның кереметі мен жаңалығына алдымен сыншылар тамсанып қалам тартса, ал сыннан кейінігі шығарманың әсері мен қоғамға таралып орныққаннан кейін, толық бағасын беру үшін әдеби талдаулар жасалатын). Шығарманың қай бағытқа жататынын, формалық һәм идеялық жаңалықтарымен, жалпы әдебиет әлеміндегі құндылығын әдебиеттанушылар теориялық тұрғыда бағамдайтын. Бұл үрдіс постмодерн кезеңі орнағанға дейін жалғасып келді.
Модерн кезеңінің әдебиеттегі және әлеуметтік зерттеу пәндеріндегі прогресі, ғылымдағы прогресінен гөрі екі ғасырға жуық уақыт кешеуілдеді. Мәселен, ғылым әлемінде бүгінде интенсивті модерн немесе неомодерн деп аталып жүрген кезең, нақты ғылымдарда микроскоптың пайда болуымен, яғни XVIII ғасырмен байланыстырылып келсе, әлеуметтік ғылымдарда швед лингвисті Фердинанда де Соссюрдің «таңба» теориясынан кейін ғана, яғни XX ғасырдың алғашқы жартысында орын алған. Лингвистика саласында төңкеріс тудырған аталмыш теория тек тіл білімі ғылымында ғана емес, тұтастай әлеуметтік ғылымдар мен өнердің барлық саласында нағыз бетбұрыс болған жаңалыққа айналды. Кейінгі постмодернист философтардың таным-түсінігі мен философиясы дәл осы «таңба» түсінігіне құрылған. Әдебиеттанудағы структуралистік, постструктуралистік зертеулер, семиотика ғылымы мен интермәтінділік сынды ұғымдар дәл осы теориядан сәуле тартады.
Дүниені таңба ретінде көру, таңбалаушы (субъектіден) таңбаланушы (объектінің) маңызды болуы бүгінгі постмодерндік қоғамның басты белгілерінің бірі. Алдымен лингвистика ғылымында басталған постмодерндік идеялар, шынтуайтында, нақты ғылымдардан екі ғасырға жуық уақыттай кейін туған прогресс десек қателеспейміз. Жоғарыда атап өткен неомодерн нақты ғылымдардың дамуымен тікелей байланысты.
Дәл осы индустраланудың алғашқы кезеңінде қазақ жерінде патшалық Ресейдің отарлау саясаты жүріп, жаңа тұрпаттағы әдебиетті жасаудың алғашқы қадамдары жасалып жатты. Кітап басу индустриясы батыстық сипатына келмегенімен, бірнеше тәуелсіз баспагерлер шығып, Петербург пен Қазан баспаларынан ғашықтық дастандарды басып шығара бастады. Мәселен, 1807 жылы Қазан қаласында «Сейпіл – Мәлік» дастаны жарық көрді. Қазақ жерінде заманауи сипаттағы әдеби шығармалар жазылмағанымен, кітап басудың алғашқы қадамдары жасала бастады.
Неомодерн кезеңі
Сонымен Батыс Еуропада XVI–XVII ғасырларда «Қайта өрлеу» дәуірі деп аталатын кезең болғаны мәлім. Осы кезеңде батыс ойшылдары мен ғалымдары шіркеу ықпалында қалған қоғамды қараңғылықтан жарыққа алып шығып, дамудың сүрлеу жолына түсірді. Гуманистік идеялар дәл осы кезеңде туып, модерн дәуірінің алғашқы кезеңі «алғы модерн» орнады. Нютонның заңдары, Декарт философиясы, обьектілі, субъектілі танымының ғылымға тигізген әсері, Лейбництің теориялары т.б. толып жатқан жаңалықтарды тізіп шығуға болады. Ғылымдағы осы бір ашылулардың өзі, әлемнің құпиясын ашып, үлкен прогреске қол жеткізгендей күйге бөледі. Обьектілі және субъектілі ғылымның жаңа құрылымы барлық сұраққа жауап тауып бергендей әсер қалдырды. Дегенмен микроскоптың ашылуымен біздің көзімізге көрінбейтін мүлдем жаңа әлемнің бар екені анықталды. Бұған дейін нақты ғылымдарда ашылған ең іргелі деген жаңалықтардың өзі микроағзалар мен көзге көрінбейтін басқа әлемнің ашылуының жананында түкке тұрғысыз жаңалықтар еді. Дәл осы тұста нақты ғылымдардың ашқан жаңалығынан гөрі, ашылуға тиіс жаңалғының әлі алда екені айқын көрінді.
Микроп, вирус сынды тіршіліктің бар екені анықталған соң, медицинадағы беймәлім аурулардың қалай таралатыны, әлемнің жаратылуы туралы түсінік, жалпы ғылымның құрылымы туралы ғылыми түсінікті жаңаша бағамдау үрдісі басталды. Неомодерннің орнауымен технологиялық революция басталды. Индустрализация ретінде мәлім қозғалыстар басталып, Еуропа қоғамының бейнесі өзгерді. Осы өзгерістерге байланысты алдымен қоғамның, сосын жеке индивидтің мінез-құлқы өзгере бастады. XX ғасыр басындағы Еуропа қоғамы неомодерннің салдарынан орын алған өзгерістерден кейін түнерген, күңгірт, адам құндылығы аяққа тапталған, дегенмен ғылымы мен технологиясы өзге жұртқа қарағанда көш ілгері жылжыған, қару-жарағы дамыған қоғам болды.
Жоғарыда баяндалған XVIII – XIX ғасырлардағы нақты ғылымдағы прогресс, әлеуметтік ғылымдарда Сосюрдің «таңба» теориясынан кейін басталды. Алдымен лингвистика саласында төңкеріс жасаған бұл теория, ақырындап өзге де әлеуметтік ғылымдар саласына қолданыла бастады. Лингвистика саласындағы «таңба» теориясы тек тілдің ғана емес, тұтас адамзат баласының ойы, жасаған дүниелерінің барлығы тегістей таңба деген ойға жетеледі. Аталған теория, ақыр аяғында әдебиеттану ғылымында да үлкен төңкеріс тудырды. Структурализм деп аталатын әдебиеттанудағы үлкен бағыт жоғарыда сөз болған «таңба» теориясынан туындайды. Структуралистік зерттеулерден кейін Кристеваның интермәтін ұғымдары, Ролан Барттың «автор өлімі» концепциясы, Бодриардың «симулякры», Дериданың «деконструкция» концепциясы, жалпы алғанда біз бүгінде постмодернист философтар ретінде білетін ойшылдар мен ғалымдардың теориялары мен тұжырымдары дәл осы «таңба» теориясынан тамыр тартады. Нақты ғылымдарға Дарвинның эволюция теориясы мен микроскоптың жасалуы қалай серпін берсе, әлеуметтік ғылымдарға «таңба» теориясы дәл солай әсер етті. Заманау әлеуметтану ғылымын аталған теориясыз елестету еш мүмкін емес. Бұл ықпал, әсіресе, екінші дүниежүзілік соғыстан кейін модерндік идеялар толықтай күйреп, қоғам соны ойлауды, мүлдем жаңа түсініктерге, жаңа қоғамдық формацияларға зәру болғанда, тіптен, арта түсті.
Модерн идеясы Еуроцентристік көзқарасты тудырып, Еуропа империялары өз идеяларын, қоғам жетістігін әлсіздерге таңып қана қоймай, күштеп енгізді. XVIII – XX ғасырларда Еуропа алыптарының отарлау жүйесі, шешімін бүгінде таба алмай отырған үлкен келеңсіздіктерді тудырды. Мүдделер қақтығысынан кейін туған екі дүниежүзілік соғыс модерн идеясының ақырын таятты. Модерн дәуірі адамзаттың өз күшіне шексіз сеніп, ғылым мен технологияда үлкен прогреске жеткізгенімен, мәдени, рухани, киелі түсініктерде, философияда дағдарысқа ұшыратып, ақыры трагедиямен аяқталған оқиғаларды тудырды.
Бірінші дүниежүзілік соғыстан кейін келген «жоғалған буын» деп аталатын жазушылар шоғыры, модерн идеясының салдарынан туындаған мүдделер қақтығысын орнаған рухани, идеологиялық, әлеуметтік дағдарыстың бар екенін айғақтайды. Ал, көп өтпей екінші дүниежүзілік соғыстың болуы шатқаяқтап зорға есін жия бастаған модерн дәуірінің толықтай қоғамдық формация ретінде құлауына әкелді. Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін орнаған бейберекетсіздіктен кейін жаңа идеялардың қажет екені айқындала түсті. Осылайша біз ең көп айтатын, бірақ идеясы мен фиялософиясын жете түсіне бермейтін постмодерн деп аталатын үлкен кезең орнады. Постмодернді модерннің жалғасы іспеттес идея деп таныйтын ғалымдар да жетерлік. Жоғарыда сөз болған нақты ғылымдардағы прогресс неомодерн кезеңін тудырса, артын ала әлеуметтік ғылымдарда болған ілгерілеу постмодерн идеясын тудырғандықтан, бұл да модерн идеясының келесі бір кезеңі деп ой жүгірткен философтарда жетіп артылады. Олардың қатарында Энтони Гиденс, Ульриха Бека, Юрген Хабермас секілді әлеуметтанушы философтарды жатқызсақ болады. Аталған философтардың ой жүлгесі, әрине, ақылға қонымды көрінгенімен, постмодернді өзінше эстетикасы бар, модерн идеяларының жалғасынан гөрі толықтай дерлік жоққа шығаратын кезең ретінде таныған, дәлелдеген философтар мен әлеуметтанушылардың дәлелдері иланымды көрінеді.
«Қайта өрлеу» кезеңінен кейінгі Еуропа қоғамындағы өзгерістер өте ауқымды болды. Әрі аталған өзгерістер үсті-үстіне орнай берді. Тіптен, бұл неомодерн тұсында үдей түсті. Әдебиетте түрлі бағыттар, поэзия мен прозада мүлдем жаңа формалар мен бұған дейін өнерде көтерілмеген тақырыптар қозғала бастады. Мәселен Г.Мопосанның «Томпыш» деп аталатын жезөкшенің өмірі туралы жазылған кішігірім әңгімесінің өзі жақсылық пен жамандыққа қатысты, моральға қатысты таным-түсінікті төңкеріп тастады. Ал Еуропа әдебиетіндегі «Қарғыс атқан ақындар» деп аталған тағдыры аянышты ақындар шоғыры, бұған дейін көлегейленіп келген тақырыптарды көтерді. Романтизм бағытының өкілдері, адам баласы өз-өзіне сену арқылы, адам өз мүмкіндіктерінің шегіне жетеді деген оптимистік көзқараста болды. Ал дәл осы кезеңде модерн адамзаттың киелі ұғымдарын қиратып, үлкен дағдарысқа ұшаратты, арты оңалмас үлкен трагедияға ұрындырады деген кертартпа көзқарастағы өнер адамдарының тобы да пайда болды. Аталған әртарапты ұстанатын өнер адамдарының болашаққа деген жарқын сенімі немесе күйректікке құрылған әртүрлі формадағы шығармаларға зертеушілер баға беріп, белгілі бір жүйе негізінде топтастыруға тырысты. Әдебиет теориясындағы толған «измдер» мен түрлі бағыттар осы ойымызды қуаттай түседі. Бұл кезеңде әдебиет теориясы, әдебиеттегі түрлі терминдер, жазылған шығарманы түсіндіруге, бағасын беруге құрылғандығын баса айтып кету қажет.
Соссюрден кейінгі әдебиеттану
Сосюрдің «таңба» теориясынан кейін әлеуметтану ғылымдарының барлығында нағыз төңкеріс орын алғаны туралы жоғарыда баяндадық. Енді аталмыш теорияның нақты әдебиеттану саласына тигізген ықпалы мен өзгерістері хақында сөз қозғасақ. Аталмыш қозғалысты ойдың тілге қозғалысы немесе тіл санасының қалыптасуы деп сипаттасақ та болады. Соссюр теориясының өзегінде тілді қоғамды танудағы фундаменталді құрал ретінде қарау идеясы жатыр. Аталған теория бойынша адам баласы тудырған және ойлаған дүниелерінің барлығы тіл негізінде жүзеге асады. Жалпақ тілмен айтар болсақ, адамзаттың қол жеткізген жетістіктерінің барлығы тіл арқылы көрініс тапқан құбылыстар. Егер классикалық философияда тіл ойды, мағынаны жеткізуші құрал ретінде таныса, Соссюр теориясында аталған түсініктер тіл аясында туып, тіл негізінде қалыптасқан түсініктер болмақ. Осы бір теория көп ойшылдың тілге деген қызығушылығын тудырып, нағыз төңкеріс алып келді.
Соссюрдің «таңба» теориясынан кейінгі тіл біліміне деген ойшылдардың қызығушылығы XX ғасырдың екінші жартысында әмір беруші философияны «тақтан тайдырды». Бүгінде Ф.Соссюр, Э.Сепир, Э.Бенвенист, Р.Якобсон, Н.Хомский сынды лингвистердің еңбектеріне, классикалық кезеңнің философтарының еңбектеріне бара-бар салмағы бар. Егер тіл мәдениеттің физикалық денесі ретінде қарастырылатын болса, онда мәдени институттар (саясат, құқық, экономика, дін, идея, теория т.б.) тіл қалыптастырған құрылымдар. Стуктурализм де дәл осы қызметті атқарады.
Бұған қатысты философ Б. Нұржанов: «XX ғасырдың ортасында әлеуметтік ғылымдар арасындағы шекаралар жойылды (бұл үдеріс нақты ғылымдар да орын алды). Модерн дәуірінде зерттеу объектісі бір-бірінен алшақ кеткен ғылымдар арсындағы алшақтық жойылып, постмодерн кезеңінде «этнолингвистика», «әлеуметтік психология», «кино семиотикасы» сынды пәндер қалыптасты. Дәл осылай бір пән аясында қалыптасқан зерттеу әдістері мен тәсілдері, терминологиясы мен заңдылықтарды өзге пәндерде қолданылып, ғылым көкжиегін кеңейте түсті (мысалы, саяси экономиканың әдістерін лингвистикада, психология әдістерін философияға, әлеуметтану әдістерін мәдени антропологияға қолдануды айтып тұрмыз). Ең ғажабы, дәл осындай эксперименттердің нәтижесінде үлкен жаңалықтар ашылады. Постмодернизм дәл осы үдерісті логикалық аяғына дейін жеткізді. Яғни мұнда кез келген мәтін пәнге байланысты емес, таңба ретінде ұғынылып, бір уақытта лингвистика, философия, әлеуметтану т.б. пәндердің зерттеу нысанына айналады. Әрине, мұндай зерттеулер зерттеушіден үлкен білімді талап етеді. Ал, модерндік білім беру жүйесінде әр пәннің өзіндік жүйесі, теориясы, терминологиясы бар. «Постмодерн жүйесінің аясы тым кең болғандықтан, модерндік жүйеде «тар» ғылым жүйесінде білім алғандар үшін «үстіртін», «академиялық ғылымнан тыс» яғни ғылыми емес деген сыңайдағы айыптаулар тағылуда. Дегенмен дәл осы белгілер «постмодерннің» бейнесін көрсетеді. Яғни мұнда әдебиеттану ғылымы философияға «шынайылық» туралы, шындық деген не, «ақиқат», «болмыс» хақында «үйрете» алады. Ал, лингвистика психология саласына «мен», «жеке тұлға», «бірегейлік» туралы үйрете алады. Медиалогия саласы әлеуметтану ғылымына «қоғам», «идеология», «билік», «тобыр» туралы түсінікті кеңейтуге сеп бола алады. Кино теориясы болса лингвистика ғылымына «мәтін», «контекст», «интермәтін», «символизм» сынды ұғымдарды жаңа тұрпатта тарқатуға көмек бере алады» деген ойды айтады.
Әлеуметтік ғылымдар арасындағы шекараның жойылуы нақты ғылымдардың зерттеу аймақтарын қайта бағамдауға алып келді. Өйткені ғылымдардың әрқайсы жеке дара дамығанымен, жүйелуші, үйлестіруші қызметін атқарушы философия постмодерн дәуірінде «тағынан тайды». Дәл осы орынға философияның орнына XX ғасырдың екінші жартысында бірде әлеуметтану, бірде мәдениеттану, бірде семиотика, бірде тарих пәні жайғасып отыр. Дегенген философияның тағы босап қана қойған жоқ, ол тақ мүлдем жойылып кеткендей әсер қалдырды. Бұл орынды әлеуметтік ғылымдардың кез келгені иемдене алады. Бірақ постмодерн қалыптастырған құндылықтар жүйесінде әмір беруші, жүйелеуші, кесіп-пішуші қызметтің қажеті жоқ. Постмодерн жүйесі биіктік пен тереңдікті, орталықтандыру мен орталықсыздандыруды, функционализм мен фундаментализмді, мағыналық пен мағынасыздықты бір-біріне қарсы қояды.
Постмодерннің орнауы үшін қажет тағы бір қағиданың бірі – философияның өлімі. Философия өлімі хақында позитивистерден бастап Хайдеггерге дейінгі философтар сөз еткен еді. Мәселен, Хайдеггер 1966 жылы «Шпигель» деп аталатын журналға берген сұхбатында философияның өлімі туралы айтқан. Постмодернист ойшылдар үшін философияның өлімі дәлелдеудің орнына түсіндіруді қажет ететін орын алып қойған оқиға. Мұнда да философия өлімі физикалық емес, символдық өлім екенін естен шығармаған жөн. Батыс өркениетін Сократтан кейін екі жарым мың жылға созылған философияның тұғырынан тайғаны постмодернистер үшін трагедиялық оқиға емес. Дегенмен философия ұшты-күйлі жоғалып кетпейді. Тек жүйелеуші, әмір беруші тұғырынан тайып, көп дускурстың бірі ғана болып қалады әрі постмодерн дискурсында орны елеусіз ғана саналады. Философияның іргелі түсініктері (болмыс, сана, адам, тарих, ақыл, прогресс, ғылым, мораль) қоғамның іргелі түсініктері болудан қалады.
Философияның өлімінен кейін, әрбір постмодернист философтар өз идеяларын ұстынуға тырысты. Мәселен Дериданың деконструкция концепциясы үшін мәтін оқудың өзіндік түсінігі бар. Мұнда оқырман автордың логикасына немесе автордың түпкі ойына мән бермей, мәтінге тәуелсіз ғылым ретінде қарауға тиіс. Мұндағы философияның мақсаты – мәтінді (тілді) автор ойынан тысқарыда жатқан дискурстарды қозғау. Ал мәтіннің авторының бұл дискурста ешқандай қатысы болмайды.
Аталған профанизация үдерісі кезінде әдебиеттің модерндік идеясының да ақыры таянды. Мұны әдебиет сыншылары мен теоретиктерінің еңбектерінен көруімізге болады. Постмодернист ақын-жазушылар қазірде классикалық әдебиеттің жанларына, тәсілдері мен құндылықтарына арқа сүйемеуі, керісінше, келемежге айналдырып, құрылымы мен идеясын күңгірттендіріп, қайталаулар арқылы жанрлар арасындағы шекараны жоюы сөзімізге дәлел бола алады. Постмодернист жазушылардың шығармалары жүйелі туындыдан гөрі, жұмбақ яки ребус секілді басқатырар тапсырма сынды. Құрылымы сақталған түсінікті оқиға желісінен гөрі цицаталар арқылы сапырылысқан жүйесіз сөзжұмбақ. Ал театр саласындағы қойылымдардың антиқойылымға айналуы, хэппенинг, перформанс сынды түсініктердің тууы, бұл саланың да өлімін көрсетеді. Малевичтің «қара шаршы» картинасы сурет өнерінің өлгенін айқындайды.
Дәл осы іспеттес «өлімдер» постмоденді тек бір салада ғана емес (архитектурадағы постмодернизм, өнердегі постмодернизм, философиядағы постмодернизм), қоғамның барлық саласында орнаған кезең екенін дәлелдейді. Постмодернистердің дәл осындай тұжырымдары модернистер мен классицизм идеясын қолдайтын ойшылдар тарапынан сынға ілігіп, авангардтық идея ретінде талданып жүр. Модернистер мен постмодернистер арасындағы айырмашылық кім қай идеяға «сенетініне» байланысты болып отыр. Егер сізге шындық, ғылым, ақыл, таным сынды түсініктер қасиетті саналса және неге сенсең соған шексіз илануың тиіс деген сынды идеяға арбалсаң Құдайға, сокральді түсініктерге сенетін жан болғаның. Мұндай модернист адам үшін қасиетті тақырыптар қозғауға келмейтін, шексіз иланатын түсініктер. Ал постмодернистер үшін мұндай шектеулер жоқ. Адамзат мәдениеті күмән келтіруге болмайды деген тақырыптардың барлығын басқа қырынан қарау постмодернистер үшін қызықты болмақ. Екі идея арасындағы басты айырмашылықтар осы сенімнен өрбіп шығады.
Фердинанда де Соссюрдің «таңба» теориясынан кейін әдебиеттану ғылымы жаңа сипат иеленді. Жалпы, теориясына дейін де тосын теориялардың туындағанын да айта кеткен жөн. Шкловскийдің формалистер мектебі, ертегітанудағы Проптың жаңалығы (Леви-Стростың мифті зерттеудегі теориялары осы Проп еңбектерінен тамыр тартып, сол арқылы Еуропа ғалымдарына тараған деген жорамал бар. Гитлер Германия үкіметінің басына келген соң, көптеген ұлты еврей ғаламдары Америкаға қоныс аударып, Соссюр теориясына ұқсас теорияны ұсынған Америкалық ғалымдардың (Пирстің ізбасарлары) концепциясына әсер еткен деген де ойлар айтылып жатады. Дегенмен Пирс лингвистика саласымен айналыспады. Ол барлығын логикаға салып, әлемді «таңба» ретінде тануға ұмтылды. Оның ғылымы «семиотка» деп аталды. Бұл пікірге арқа сүйейтін болсақ, Пропп структурализм, жалпы «таңба» теориясының атасы болып шықпақ. Аталмыш теорияның жақтаушылары да жетерлік әрі Соссюрдің атақты еңбегі ағылшын тіліне алғаш 1960 жылы аударылғанын ескерсек8, бұл тұжырым негіссіз емес. Бірақ Батыс қоғамындағы тенденцияларға мән берсек академиялық ортада мойындалған Соссюрдің теориясы болғандықтан әрі ғылымда «Соссюрден кейін» деп аталған кезеңді бірнеше белді ғалым атап өткендіктен, Соссюр абыройына, Соссюр теориясына жүгінгенді жөн көрдік. Постмодерннің Америкалық және Француздық екі ошағының ішінде, жүйеленіп әрі заманауи әлемді тануға, өнері мен теориясында, әлеуметтік ғылымдардағы шекаралардың жойылуы айқын байқалған француз қоғамы болғандықтан Соссюр теориясын негізге алмақпыз) сынды жаңа идеялар айтылып жатты. Дегенмен жаңа құбылыс ретінде Соссюр теориясы әлеуметтік ғылымдардың барлығына дерлік әсер етті. Соссюр теориясынан кейін таңбалаушыдан (мұнда субъектіні немесе авторды айтып тұрмыз) гөрі таңбаның алдыңғы қатарға шығып (мұнда объектіні, яғни нақты біздің жағдайымызда қандай да бір әдеби туындыны сөз қылып отырмыз) ең шешуші факторлардың бірі.
Аталған теориядан кейін әдеби туынды яки сол туыныдыны тудырған атордан гөрі, шығарманың өзі алдыңғы қатарға шықты. Михаил Бахтин «Романдағы сөз» деп аталатын еңбегінде: «Күнделікті өмірде сөйлеуші адамның көтерген тақырыбы үлкен маңызға ие. Шынайы өмірде сөйлеушілер мен олардың ойлары туралы аяқ басқан сайын сөз естиміз. Тереңне тартар болсақ, шынайы өмірде адамдар басқа біреу айтқан дүниелерді көп қайталайды. Мысалы, өзгелердің сөздерін, пікірін, ақпаратын салмақтап, бір-біріне жеткізеді, естеріне алады, бағасын береді. Кебіреулердің сөздеріне өкпелеп немесе келісіп те жатады, жоққа шығарып яки сол сөздерге сілтеме де жасайды т.б. Егер де біз өңделмеген диалогтің бөлігін көшеде, көптің арасында, кезекте, фойеде т.б. жерлерде еститін болсақ, онда «ол айтты», «жұрт айтты» деген қайталауларды жиі еститін едік. Көпшілік арасындағы дабырласқан бейберекетсіздікте «ол айтты», «мен айттымның» барлығы да бірігіп, бір үлкен көптің пікіріне, көптің жел сөзіне, өсегіне, түрлі жалаға т.б. айналар еді. Сонымен қатар басқалардың біз жайлы не айтатынын, өмірімізде психологиялық тұрғыдан алатын маңызын ескеру керек. Бұл сөздерді интерпретациялануы мен түсінікті болуы да (күнделікті өмірдегі) біз үшін аса маңызды» деген ойды айтады.
Жоғарыда келтірілген Бахтиннің сөзін тарқатып айтар болсақ, шығарма ішінде кейікпер немес автордың ғана көзқарасы айтылмайды. Онда көптің ой-пікірі қатталады. Қоғам пікірі, далада кездеске біреу, әке-шеше, шіркеу, діни көсем, үлкен ғалым, пікіріне құлақ асатын дос т.б. сөздері жүреді. Яғни автор өзі өмір сүріп отырған қоғамдық пікірге таңылған. Шығармада жан-жағын қоршаған жандардың пікірі, ойы, көзқарасы беріледі немесе бұған дейінгі оқыған шығармасы, әдебиеттегі абыройы асқақ автор идеясы шығармада көрініс табады. Сондықтан да кез келген шығарманы автордың ғана туындысы деп қараудың орнына, бұған дейін өмір сүрген адамдардың үні, авторды қоршаған жандардың сөзі деп қарастырған жөн дегенге саяды. Бахтиннің ойын тереңірек қаузаған Кристева, Еуропаға қоныс теуіп, постмодернист авторлар мен әдебиеттің ендігі дамуына мүлдем жаңа есіктерді ашып берді. Ролан Барттың әйгілі «Автордың өлімі» концепциясын, Бахтиннің романдағы қоғам сөзі арқылы автордың бұған дейінгі бұлтартпас беделін, әдебиеттанудағы жаңа талдауларға мұрындық болған «Романдағы сөз» еңбегінің жалғасы іспеттес қарасақ қатты жаңылыспаймыз.
Сонымен стуктурализм, поструктурализм, интермәтін, семиотика сынды әдебиеттанудағы жаңа теориялар әдеби шығармаларды жаңаша талдауға мүмкіндік береді. Аталмыш теориялар әдеби шығармаға деген, мәтінге деген түсікті мүлдем жаңа арнаға бұрды. Адамзат тудырған дүниелердің барлығын «таңба» ретінде қарау, барлығы жүйелер мен бірнеше мың жылдықтар бойы дамыған өзге тіл негізінде қалыптасқан қағидалар екенін тану біздің әдебиеттімізге де жеткен үрдіс. Бұған дейін модерн кезеңіндегі әдебиеттанудағы зерттеулер, алдымен, шығармаға, шығарма авторына, ондағы өзгешелікті көрсетуге бағытталса, ендігі бар назар автор мен шығармадан гөрі зерттеу тәсіліне ауып кетті. Модерн жазушылардың ең басты объектісі адам, адам өмір сүретін қоғамдағы көңіліне түйген дүниелерге аударса, постмодерндік қоғамда жазушы әдебиеттану ғылымын тарихқа айналдырып, әбден зертеліп, екшелген тәсілдерге, әдеби бағыт-бағдарлар мен «измдерге» ден қоятын болды. Модерн қаламгерлері бұрын-соңды ешкім жазбаған түпнұсқа туынды жаздым деген асқақ ойда болса, постмодерндік қоғамда өнер тудырушылар бұған дейін барлық нәрсе жазылып қойған, біз тек соларды қайталау арқылы мәтінге жаңа мағына үстейміз деген көзқараста. Яғни кімде-кім айтқысы келген сөзді, ойды бұған дейін өмір сүрген адамдар айтып қойған, қандай да бір жаңа дүние ұсынғың келсе, түптің-түбінде ол айтқаның қандай да бір көшірме болып шығады. Бар мәселе шығарманың түпнұсқалығында емес, автордың сол сөздерге қандай мағына таңғанында болып шықпақ. Аталмыш түсінік бұған дейінгі өнер жайындағы барлық түсінікті жоққа шығармақ. Модерн тұлғалардың дәуірі, адамзат өз күшіне сеніп, мәнерлеп айтқанда «Құдайға» айналамын деген идеяға арбалған дәуір. Сондықтан қандай жағдай болмасын автор (яғни адам) өзі тудырған шығармадан, өзі айтқан ойдан биік болмақ. Постмодерн идеясында бәрі керісінше.
Жоғарыдағы сөз болған Батыс елдеріндегі ғылыми революция Кеңес үкіметі тараған соң жүйесіз енгендіктен, біздің әдебиетімізді салалы түрде зерттеліп, айшықталған әдеби мектеп қалыптаса қоймаған. Әрі аталмыш теориялар негізде жасалған зерттеулерде санаулы. Дегенмен тәуелсіздік алған соң аталмыш тақырыптар төңірегінде Б.Майтанов, А.Ісмақова, Ә.Қодар, А.Жақсылықов, А.Темірболат, Ә.Бөпежанова, Д.Амантай, Т.Әсемқұлов, Е.Солтанаева, Г.Сәулембек сынды отандық ғалымдар еңбектер жазды. Алайда атлмыш ғалымдардың еңбектері Кеңес үкіметі тұсындағы социалистік реализм бағыты аясында қалыптасқан «әдебиеттану» ғылымының мазмұнын жаңарта алмады. Осыған байланысты туындаған әдебиетті дәуірлеудегі мәселер, қазіргі қазақ әдебиетін жүйелі зерттеуге кедергі келтірері анық.
Нұрдәулет Омарбек