Жер – Ана мәңгі бұл бесік!Рухыңмен үнсіз тілдесіп.Сен жайлы жаным, тұңғиық,Отырмын т...
Серік Томанов. У
4001
Бүгін Серік Томановтың туған күні. Ақын 1956 жылы Талас ауданы, Жданов атындағы кеңшарда дүние есігін ашқан. Еңбек жолын «Ленин жолы» (қазіргі «Талас тынысы») газетінің редакциясында бастады. Алғашқы өлеңдері де осында жарияланды. Ақынның алғашқы жыр жинағы 2000 жылы «Адасып жүрген ақбөкен едім» деген атпен жарық көрді. «Пәруана», «У» атты жыр жинақтары бар. Оның «Аққулар», «Қызыл көйлек киген қыз», «Сатушы қыз», «Аузынан айдың түскен қыз», «Сезімді қайтем тулаған» атты өлеңдеріне сазгерлер ән жазды. Сыршыл ақын, қарымды қаламгер 47 жасқа қараған шағында 2003 жылы дүниеден өтті. "Мәдениет порталы" ақынның туған күніне орай бір топ өлеңдерін оқырман назарына ұсынып отыр. Мархаббат!
ТҮС НЕМЕСЕ "ЖЕЛТОҚСАН ҚҰБЫЖЫҒЫ" "Тұлпар" көрдім түсімде; Басы-есек әлгінің, Тұрқы-тұлпар пішінде, Есек құсап ақырып, Жылқыларға азу тісін батырып, Ойран салып жүрді үйірдің ішінде. Тұлпар құсап тұяқты, Топтап-топтап тастайды, Басы есек сияқты болғанменен, Салпаңдатып құлақты. Жылқыларды кәдімгідей жасқайды. Есек деуге келмейді, Тұлпар боп та мандымас. Кісінесе, жөн мейлі, Есек құсап ақырады әлгі бас. "Қамбар ата-аяулым! Қалыпсың-ау сорға анық" Дедім-дағы қорланып, Құрығымды қолға алып, Айқай салып ояндым. САҒАН... Өзіңсің есіл-дертім, Сорым болар екенсің несін көрдім. Өзің хандық етерсің өз бағыңа, Өзегімнен жалынды өшірген күн. Оған дейін ол бақтың елесі мен, Төресі мен қарайтын төбесінен. Бағбаны да өзіммін баптайтұғын, Әуре болып әйтпесе неге өсірем? Сағыныштың түсіндей сары бағым, Сәл көрмесем мен сені сағынамын. Мен деп сана Мәжнүннің жолын қуған - Жабырқаулы жан көрсең жаны жарым. Жақсы көрдім мен сені алабөтен, Бақытымды бақиға ала кетем. Жақсы жырды жаздырған жанның өзі, Жығылмайтын жүректің жалауы екен. ҚАЛАМАҚЫ ХАҚЫНДА... Тиын санап жолына, көлеміне, Қаламақы алмаймын өлеңіме. Жазғандарым жүрекке жетсе болды, Басқа маған байлықтың керегі не? Өзім қожа қашанда өз бағыма, Ақы алмаймын сондықтан жазғаныма. Маған сол да жетеді, жүректерге Жылу беріп жырларым маздады ма?! Ақы алмаймын жазылған жырларыма, Қызықпаймын ешкімнің пұл, малына. Маған сол да жетеді Жырымды оқып, Жылағанның көз жасы құрғады ма?! Айырбастап алтынға жездерімді, Саудаға сап жүргем жоқ сөздерімді. Одан өткен байлық жоқ, жазғанымнан Оқырманым сезінсе өзге мұңды. Тоқсан тарау өмірдің торабында, Одан өткен бақытты табамын ба? Жырым тегін жұрағат, халқым үшін Қаламақым - халқымның қабағында. ТАРТ ҚОЛЫҢДЫ... Тарт қолыңды! Ақынға тиме, надан! Ақымақтық - ақынды сыйламаған, Ақын деген Аққуы адамзаттың, Адалдықты қайта сен үйрен одан, Ал Аққуға оңбайды тиген адам. Тоқтат қане! Ақынды таяқтама! Аласұрма ақынды аяқтан ап, Ақын деген халықтың ардақты ұлы, Елден бөліп сондықтан саяқтама, Тоқтат қане, ақымақ, таяқтама! Жетер енді! Несіне керілдедің?! Ақылға кел, ашуға берілмегін, Ақын деген ақиқат, ақымақ-ау, Ақиқаттың көріп пе ең жеңілгенін. Айт одан да, не сенің көңілдегің?.. У Нәлеті мынау нарықта, Мен ішпеген у мен заһар қалып па?! Соның бәрін өзегімнен өткіздім, Зардаптары тимесін деп халыққа. У сойқылы удың бәрін мен іштім, Тауқыметпен тағдырым деп тоғыстым. Қолқамды кеп қапқан удан қайтпадым, Қолдағанын кім біледі не күштің. Шинелінен шықтым демен Гогольдің, Құрсағынан тудым таза елімнің. Замананың запыранын жұтқаным, Қалағаным тазалығын тегімнің. Баукеңдер мен Шерхандардың көйлегін, Киіп алып, кимеледім, сөйледім. У мен зәрдің исін сезсе, зытады, Тышқан аңдып тұштандаған кей бөрің. Таңсық болмас тауқыметке таң қалу, Қайманаға қиын бірақ аңғару. Әлі талай ақынға азық болады-ау, Құнанбайдың баласынан қалған У. ТЕРЕКТІҢ ШЕШІМІ Мен – терекпiн, Тоналып тозған бүгiн. Күзi жеткен жайдары жаздан бұрын. Tipi өлiктей түнерiп тұрғанша бұл, Қопарыла құлайын қозғал, дiңiм! Қозғал, дiңiм, Қинама, құлат мені. Ұзынымнан түсейiн сұлап кері, Мазалауын қоймай тұр мына бiр жел, Бiтпеген бе, бәтшағар сынап тегі. Қозғал, дiңiм, Құлайын жаңқаланып, Күн кешкенше, құр бекер қаңқа бағып. Қарық болсын қысқы отын табылды деп, Қожайыным қолына балтаны алып. Қозғал, дiңiм, Қалған жоқ, таңданар түк, Қашанғы тұрам саған салмақ артып. Сүйретiліп құр сүлде күн кешкенше, Жалын болып лапылдап жанған артық! «ЭПИТАФИЯ» (Құлпытастағы жазу) Шаруа едім тірліктің көшіне ерген, Таусап таттым жердегі несібемнен. Көп жыл болды мәңгілік ұйқыдамын, Топырағым бұйырды осы жерден. Ата-бабам, бауырым, туысым да, Осы жерде: төбенің қуысында. Алып кеткен өзімнің ештеңем жоқ, Топырақ тек қалғаны уысымда. Бір кісідей шайқап ем тірлігімде, Жалған дүние жалт етпей тұрды кімде?! Адамдарға айқайды салар едім, Амалым жоқ қайтейін, білдіруге. Ей, тірілер! Өмір жоқ өлім барда. Тілегім сол: соқпасын жолың жарға, Қу тірліктің бағасын білгің келсе, Көз қырыңды салып қой қорымдарға. Ей, тірілер! Құлақ ас өлілерге, Есептесер қу тірлік сенімен де, Ажал бір күн аптығып жетіп келсе, Жарты қарыс жер қалмас шегінерге.