Шерхан Мұртаза шығармашылығы

ӘДЕБИЕТ
128045

Суреткерлік талант адамға тумыстан дарыса, сол талантты шындау әркімнің өмірлік жолы мен ұстанар мүддесіне байланысты болатынын көрдік. Белгілі классик Э.Хемингуэй адамның балалық шағының бақытсыз болуы және ол көп көрген қиыншылық қаламгер болып қалыптасуға игі ықпал етіп, қосымша тақырып, тың идея береді дегенді айтады. Э.Хемингуэйдің бұл пікіріне қосылатындар да, қарсы шығатындар да бар. ХХ ғасырдағы классикалық қазақ әдебиетінің көрнекті өкілдерінің туындыларынан бұл пікірге дәйек болар дүниелер кездестіруге болады. Балалар әдебиетінің жарық жұздызы Б.Соқпақбаев, Халық жазушылары С.Мұратбеков, Ш.Мұртаза сияқты таланттылардың ғұмыры мен шығармаларының арасында нәзікте әсем, әсерлі рухани көпірі бары белгілі. Қазақ жұртының кешегі зұлымат соғыс кезіндегі қиын-қыстауды, жоқшылық, жұтшылық ауыр өмірді қалай бастан кешіргенін сәби жүрегімен сезініп, саналарының түкпіріне сақтаған балалар өсе келе сол тағдырды арқау еткен теңдессіз дүниелерді өмірге алып келді. «Балалық шаққа саяхат», «Өлгендер қайтып келмейді», «Жусан исі», «Жабайы алма», «Бұлтсыз күнгі найзағай», «Қырық бірінші жылғы келіншек», «Ай мен Айша», «Интернат наны» т.б. туындылар қаламгерлердің жеке өмірінен алынғанымен тұтас бір ұлттың тағдыр-шындығын көркемдік пен көмкерген құнды дүниелер. Сөз өнеріне ерекше еңбек сіңірген суреткерлердің қайсысынның тағдырына үңілсеңіз, байқайтынымыз – олар ел өміріндегі, ел тірішілігіндегі қалың оқиға ортасынан табылып, қоғамдық, саяси-әлеуметтік, мәдени іс-шараларға үлес қоса жүріп, ел рухын өркениетке жетелейді. Мұның себебі суреткерлер белгілі бір қоғамда өмір сүреді, белгілі бір қоғамдық коллективтің мүддесіне ортақтасады, сондықтан оның творчествосында да белгілі бір қоғамдық мән, мазмұн бар. Жазушы да – адам, табиғаттың төл жаратындысы. Адам ретінде суреткенрдің өң бойы мен өмірінен кемшіліктер және жетістіктер орын алады. Теңдессіз көркем шығармасымен танылған, көптің арман, қиялын сомдаған жанның қарапайым оқырман үшін үлкен идеялға айналары сөзсіз. Халықтың ортақ тұлғасы болған суреткердің адамдық болмысы – адалдық, парасаттылық, білімділік, кісілік келбетінен анық аңғарылады. Нағыз адамгершілік қасиеттің суреткер бойына орнығуына өнер ортасы, әлеуметтік, қоғамдық, тарихи, саяси жағдайлар да жетекші қызмет атқарады. Суреткер халық адамы болғандықтан ол өмір бойы өзін-өзі тәрбиелеп, өресін кеңітіп, санасын биіктете түсу жолында ізгілікті ізденісте болады. Арнаулы жазушы я ақынды дайындайтын оқу орны жоқ. Тіл-әдебиет, журналистика факультеттері теориялық білім бергенімен дарын, қабілетті ұштап шығармайды. Ары қарай барлық мәселе болашақ өнер иесінің өзіне байланысты. Ұзақ-сонар қаламгерлік ізденіс, суреткердің тек шеберлігін ғана шындап қоймайды, осы жолда оның азаматтық келбеті яғни, қоғамдық көзқарасы, қайраткерлік белсенділігі, отаншылдық, ұлтшылдық рухын, қадір-қасиетін қалыптастырады. Осы тұрғыдан келер болсақ, біздің әдебиет тарихында орны бар, айтулы суреткерлердің барлығы шығармашылық мүддесін туған ұлтының рухани тұғырын тағылымды ету жолына бағыштағанын көреміз.

Шерхан Мұртаза шығармашылығының бастауы журналистикадан келді. Ресейдің мемлекеттік Мәскеу университетін «Саяси және көркем әдебиет редакторы» мамандығы бойынша аяқтап, еңбек жолын Қазақтың Мемлекеттік Көркем Әдебиет Баспасынан бастады. Сол жылдары баспада Ғафу Қайырбеков, Қасым Қайсенов, Берқайыр Аманшин, Әбдікәрім Ахметов, Сәуірбек Бақбергенов, Амантай Байтанаев, Сейфолла Оспановтардың жұмыс істегені белгілі. Осы тұста ақын Ғафу Қайырбеков былай деп жазады: «Шерхан Мұртазаның барлық өмірбаян анықтамаларында бір жағдай айтылмай қалып келеді. Ол – оның алғаш Мәскеу университетін тәмамдаған соң осы күнгі «Жазушы» баспасында аз да уақыт болса қызмет істегені. Мен Шерханмен осы баспада кездестім». Ш. Мұртазаның: «1955 жылы мен оқу бітіріп Қазақтың көркем әдебиет баспасында қызметке келдім. Шет жерде оқығаннан соң мұндағы әдебиет дүниесінен алыстап қалғанмын, әрі десе жазушы да емеспін» — деп жазуының өзі алғашында баспа жұмысында аз ғана уақыт жұмыс атқарса да оңайға түспегендігін көрсетеді.

Шерхан 1956 жылы күз айынан бастап «Лениншіл жас» газетіне жұмысқа кіріседі. Жастар редакциясында алғашқы кезде Мәскеуден келген ТАСС хабарларын орысшадан қазақшаға аударып, аудармашы болып жүреді. «Лениншіл жас» газеті беттерінде «Ихсан ханым», «Білеміз» (корей ертегілерінен), «Москва Октябрь күндерінде», «Ғажап күзетші» т.б. аудармалары жарияланды. Шерханның алғаш журналистік қабілетқарымының ашылуына бірден-бір себепкер болған адам талғамды журналист Тельман Жанұзақов еді. Жастар басылымында жүргенде: «Үнемі аудармамен айналыссаң құрисың, кішкентай да болса, өз жазғаныңның жарық көргені жақсы» деген. Журналист Тельман Жанұзақовтың қамқорлық ақылынан кейін, одан-бұдан хабар-ошар, суреттеме, корреспонденция, мақала, очерк жазуға бейімделе бастады.

1957 жылы Шерхан «Лениншіл жас» газетінің Қарағанды, Қостанай облыстары бойынша меншікті тілшісі болған күннен бастап қайнаған өмірдің қалың ортасында жүрді. Еңбекші халықтың өмірін, ұлтымыздың мұңмұқтажын ерте зерттеп, көкейге түйген ойлары мыңдардың көкейіне ұялап жатты. Осы орайда жазушы Тахауи Ахтановтың Шерхан туралы жазған мына бір естелігін сөзімізге дәйек ретінде алғанды жөн көрдік: «Шерхан Мұртазаевпен 1957 жылы Қарағанды қаласында таныстым, «Лениншіл жас» газетінің Қарағандыға жуырда келген тілшісі, жиырмадан жаңа асқан жас жігітпен жиі кездесіп, әңгімелесіп жүрдім. Шымыр танау, пісте мұрынды, ат жақты қараторы жігіт жастығына қарамай тым салмақты көрінді… Шерхан да жастайынан қайнаған өмірдің қалың ортасында болды. Көтерілген тың, Қарағандыда салынып жатқан алып Магнитка Шерханның көп аралап, көзі ғана емес, көңілі қаныққан дүниелері. Жазушы жолының газеттен басталуы да – өзеннің құнарлы бұлақтан басталғаны іспетті» — деп жазады.

Ш. Мұртаза «Лениншіл жас» газетінің Қарағандыдағы меншікті тілшісі бола жүріп, Қарағанды Металлургия алыбының құрылысындағы жаңалықтарды, ерен еңбек үстіндегі ерлерді көрді. Қазақстан магниткасындағы жетпіс метрлік домнаның ұшар басына темір сатымен көтеріліп, талай мәрте мартен пешінің алқымына үңіліп, отты болат тасқынын тамашалаған сәттері болды. «Теміртаудағы металлургия алыбының іргетасы қаланғанын өз көзіммен көрдім. Талай-талай шахталардың астына түстім» — деп Шерханның ой қозғауының өзі публицистикалық туындыларын жазбас бұрын өмірдегі бар құбылысты көзбен көріп, електен өткізіп, нәтижесінде, көңілі қаныққан дүниелерін баспасөзге жариялап отырғанын көрсетеді. Жас жазушының алғашқы әңгімелері «Әңгелек», «Әмеңгер» жазылып, жарыққа шықты.

Жазушы өміріндегі ең елеулі кезең 1956-1969 жылдар аралығын қамтыса, 1963-1970 жылдары «Лениншіл жас» газетінің бас редакторы қызметін атқара жүріп, еңбек адамдарының өмірінен көптеген әлеуметтік, портрет очерктерін, өндіріс тақырыбындағы проблемалық мақалаларын жазды. Оның болашақ шығармаларының да материалын жинай жүруіне себеп болды. Нәтижесінде, «Құрылысшы Дәку» (1958) атты алғашқы очерктер жинағы, ең алғашқы «Табылған теңіз» (1964) атты повесінен кейін, іле-шала «Бұлтсыз күнгі найзағай» (1965), «Белгісіз солдаттың баласы» (1966), «Мылтықсыз майдан» (1969) шығармалары тап осы тұста жарық көрді. Бұл «журналистика – күллі шығармашылық қайраткерлікті танытатын сала, ол үшін екі элементті: өнімді, нәтижелі еңбек немесе өнімсіз, қажырсыз еңбекті айқын аңғара білу қажет, бұл екеуінің аражігі әр журналистің шығармашылығынан көрініп тұратындығын» байқатады.

Еліміздегі қоғам алдында тұрған мәселелер туралы қаламгер Ш. Мұртаза дер кезінде үн қатып, ой айтып, тұжырым жасады. «Миллиард толқынында», «Ақық дария алқабында», «Тебіренген теңіз» тағы басқа очерктері мен «Дән тасқыны», «Поездар заулайды» тәрізді мақалаларында тың өлкесінің абыройлы еңбеккерлерін көрсетті. Өндіріс тақырыбындағы публицистикалық шығармаларымен ерекше көзге түсе білді. Шерханның алғашқы кезеңдердегі публицист ретіндегі негізгі мақсаты – белгілі бір тақырыпты таңдап алу, соған байланысты өмір құбылыстарын мейлінше терең зерттеп, өз көзқарасымен айқын да салмақты қорытынды жасау болды. Бұл Шерханның ең басты қасиеті – дүние құбылысынан жазуға керектісін, яғни тақырыбын сараптап алу, оның табиғатын, сипатын білімділікпен зерттеу екендігін аңғартады. Қаламгердің бұл екеуінен соң, табиғат берген қабілет-қарымымен шебер жазылған көптеген материалдары кейіннен көркем шығармаға айналды.

Ал, 1970-1989 жылдар кезеңіндегі Ш. Мұртаза шығармаларына тән ерекшелік – тақырып ауқымдылығының кеңдігі. Кәнігі журналистік пайыммен өмірдің әр саласынан, мәдениетінен, өнерінен, ғылымынан, білімінен, экономикасынан мақалалар, очерктер жазып отырды. Айталық, «Өскелең мәдениет жаршысы», «Жасампаздық жолымен», «Абай сәулесі», «Алтын күрек», «Таушымылдық», «Отан даңқын асырайық», «Адал еңбек», «Не жетпейді?», «Жат жұрттан іздемейік пайғамбарды»тағы басқа публицистикалық туындылары жарық көрді. Шерхан мақалаларында көбінесе адамгершілік, парасаттылық, тәрбие, өнер мәселелері жиі жазылды. Публицистің «Жат жұрттан іздемейік пайғамбарды» атты проблемалық мақаласы ең өткір, ойлы, жұртты толғандырар қиянат мәселелердің бәрін жаны ауыра, аши отырып тұжырымдайды.

Ш. Мұртаза және оның буыны әдебиетке атақты жылымық кезеңінде – сол кездегі алып держава Кеңестік Социалистік Республикалар Одағында жеке басқа табынуды әшкерелеген үлкен науқан өтіп, қоғам тынысы ептеп кеңген уақытта – келгенін еске алсақ, сол кездегі қоғамдық-рухани ситуация еркін ой, ерен ізденістерге мүмкіндік туғызғандай еді. «Ал алпысыншы жылдардан басталатын әдебиет кеңес тарихында шын жаңа дәуірді бастайды. И.В. Сталиннің қайтыс болуы, партияның ХХ сьезінің шешімдері, Н.С. Хрущевтің «жылымығы» белгілі дәрежеде бұрын тұсалып, таза идеологияның құралы болып келген әдебиетке бостандық берді, тақырыптық тежеуден босатты. Осы дәуірде әдебиетке келген жас ұрпақ бұрынғылар көрген тежеуді көрмей, өмір шындығын өзінше танып, ойындағысын еркін айтуға ұмтылды. Аға жазушылар да шындыққа жаңа көзбен қарауға, бұрын орын алып келген режимді сыншыл көзбен көруге ұмтылды. Негізінен, партия саясатынан, социалистік ел өмірінен тыс кетпесе де әдебиет жаңа сөз айтуға мүмкіндік алды. 60-жылдар ұрпағының тез өсіп-жетілуіне, көркемдік саласында ізденулеріне заманның өзі жағдай жасады. Сондықтан да 60- жылдардан басталатын әдебиет тұтас бір кезең болып тарихқа енді».

Әдебиеттің қоғам өміріндегі, адам тәрбиесіндегі роліне шәк келтірмеген, сондықтан да жаңа идеяларды жандандыруға, қоғамға, ұлтқа қызмет етуге, бүгінгі күн биігінен қарасақ, идеологиялық догматғақлиялардан азат жаңа әдебиет жасауға бар жан-тәнімен кіріскен және өз идеялары үшін күрескен буынның көш басында, сөз жоқ, Шерхан Мұртаза тұрды. Ойы да, сөзі де алмастай өткір, көл-көсір білімді, от ауызды, орақ тілді шешендігімен ерекшеленген жас прозаик әдеби көркем проза жанрына жекелік сипат дарытуға ұмтылды. Кез-келген суреткердің қоғамдық және эстетикалық көзқарастарын өз уақытынан, заманынан бөле-жара қарауға болмайды. Шерхан Мұртаза мен оның буыны рухани аренамызға шыққан кез ХХ ғасырдың 60-жылдары. Демек, олардың әдебиет пен өнерге көзқарасы ХХ ғасыр гуманизмнің аясында қалыптасып-толысты, олар өнердің жасампаздық рөлін жоғары қойды. Бұл ретте бүгінде қазақ мәдениеттану ғылымына «60-жылғылар» ұғымы ретінде еніп үлгерген ол буынның болмысы тұтастығымен ерекшеленеді. Ал, Шерхан Мұртаза сол буын ішінде жаңа идеялықтақырыптық ерекшеліктерімен «өзінің жанры мен тақырыбын да, жанды проблемасын тапқан жазушы» айқын аңғартты.

Суреткер Ш. Мұртаза қазақ әдебиетіндегі жаңа дәуірдің, коғамдық мазмұны, тақырып-идеялары мен көркемдік сапасы мүлде жаңа классикалық әдебиеттің көрнекті өкілдерінің бірінің қатарынан көрінеді. Ол қоғамдық ойөрісі, дүниетанымы, тарихи мақсат-нысанасы, эстетикалық-көркемдік жүйесі – барлық сипат-қасиеттері өзгеше сөз өнерін қалыптастырды, қазақ әдебиетінде реализм әдісін берік орнықтырды. Ол өзінің туған халқына асқақ сүйіспеншілік сезіммен қарап, оның өміріне, әдет-ғұрпына, мәдениетіне зер салды.

Жазушылардың қай-қайсысы болсын қарапайым халыққа қаншалықты жақындығы тұрғысынан бағаланады, олардың халық мүддесін түсіне білуі – артықшылығы болса, халықтың ой-түсінігінен алшақтығы – осалдығы болып шығады. Мұны кезінде В.Г.Белинский өте қисынды дәлелдеп көрсеткен болатын. Ш. Мұртаза өз шығармаларында халықтың өмірін мейлінше толық, жан-жақты суреттейді, кейіпкерлердің өзара қарым-қатынасын да айқын көрсетеді. Халықтың күнделікті тұрмыс-тіршілігін, әдет-ғұрпын, әр алуан адамдардың мінезін, іс-әрекетін, табиғат көрінісін, бәрін де терең және көркем бейнелегендіктен, қаламгер шығармалары оқырманның көз қуанышына айналып, көпшілік қауымның асыға күтетін рухани сусынына айналды. Әсіресе, Ш. Мұртазаның «Мылтықсыз майдан», «41-ші жылғы келіншек», «Бұлтсыз күнгі найзағай», «Ақсай мен Көксай», «Интернат наны», «Шекшек шырылдайды», «Дәрігердің үш қаруы» секілді шығармаларында да сан алуан қоғамдық құбылыстар, тарихи уақиғалар мен мол өмір шындығы жатыр. Алайда «Ай мен Айшаның» алатын орны ерекше.

«Ай мен Айша» Ш. Мұртазаның ең бір ішкі сыры молынан ақтарылған шығармасы, оның қиялының сүйікті перзенті, Шерханның тұлғасы «Ай мен Айшада» көрінгендей, қаламгер тұлғасы мейлінше толық, жарқын және анық көрінетін туындылар өте сирек кездеседі. Мұнда оның бар өмірі, барлық жансыры, барлық махаббаты, сезімдері, ұғым-түсініктері, идеалдары да айқын көрініс тапқан. Мұнда Ш. Мұртаза өз тұлғасын ең толық тұжырымды, келісті мінездейтін тұсын түгелдей алған, сонымен қазақ оқырмандарының қаламгер Ш. Мұртазаның психологиялық портретін айқын елестетуіне мүмкіндік туғызған.

Дүние, өмір жайлы тынымсыз ойға батып, бәрін сынап, ақылменен саралап, асқақ қиялға, үміт пен арманға әбден берілген күйі де, жазықсыз жапа шеккен, ауыр бейнет тартқан көптің атынан азулы, күштілерге айтқан қатты наразылығы да – бәрі де осы Ш. Мұртаза туындыларынан молынан сезіледі. Қақтығысы, қалтарысы есепсіз өмірде әділет пен шындық жол таба алмай қамауда қалып жатса, ал сол өмірдің ызғарын айықтыратын күш әлсіз көрінсе, қайғы мұң неге болмасын? Мейірімсіз қатал заман жан түршігер зорлық, озбырлыққа жол берсе, ыза, кек неге тумасын. Рас, жазушының ортасын қомсынатыны да бар. Бірақ, бұл озық жандарға бойы теңдес адамдар көбейе, молая түссе, олар сол ортада үлкен іске орайлас жай-жағдай таба алса деген тілектен туады. Суреткердің заман соққысына мойымайтын, қайта өмір ауыртпалығы ширата түсетін тасқындаған қайрат-жігері бар адамды көксеуі де осы келешекке сенім артуымен сабақтас қой. Осыны былай қойғанда, Шерхан шығармаларының салмағы тек қана мұнысында емес. Өйткені жазушының нені жек көретіні, нені жоққа шығаратыны қандай айқын болса, нені құптайтыны, қандай өнеге өріс алсын дейтіні де соншалықты ашық, айқын-ақ. Осының шығарушысы, айтушысы өмірдің қызығын тебірене сезінбейді деудің өзі тіпті қиянат. Суреткер жаны кейісе де, күйінсе де, көңілді үміт қозғап, алыс арман толқытып, содан барып шығарма тудыратыны жасырын жайт емес. Ш. Мұртазаның осындай туындыларының бағытын, идеялық өзгешелік сырын тереңірек түсіну үшін оларды өмірге деген орасан зор сүйіспеншілік сезімі, жалынды махаббаты тікелей, айқын көрінетін шығармаларымен қатар алып карастырған жөн.

Шерхан Мұртаза туралы Қ.Мұхамеджанов сөзі

Түгелдей алғанда, Ш. Мұртаза туындылары қазақ халқының көркем әдебиетінің өркендеп өсу жолындағы баға жетпес зор табыс болды. Олардың өткен ғасырда қазақ сөз өнеріне мол жаңалық әкелген тарихи мәнін былай қойғанда, қайталанбас көркемдік сипаты да ешқашан кемімейтін айрықша құндылығын таныта алады. Әлем әдебиетінің жетістіктерін еркін игеріп, таңдаулы үлгілерінен өнеге ала білген, сөйте отырып, ұлттық әдебиетіміздің нышан-белгілерін өз шығармаларында сақтай білген, көрсете алған Ш. Мұртазадай суреткер дәстүрлерін Т. Әбдіков, Б. Нұржекеев, Д. Исабеков секілді көрнекті ақын-жазушылар жалғастырып, өрістетіп, жан-жақты дамытты.

Ш. Мұртаза прозасының аса бағалы қасиеті, артықшылығы – онда ешқандай жасандылықтың ізі жоқ. Қысылмай қымтырылмай, шабыттың қуатымен тебіреніп еркін сөйлеу, жан-тәнімен сезінген, жүрек жарды ойтолғамын ортаға салу, боямалап, әшекейлемей, ақтарыла адал айтатыны – міне, Шерхан шығармашылығының адамды баурап алатын ерекше тартымдылығы алдымен осы қасиеттерінде. Жазушы шығармаларын қайталап оқыған сайын жаңалығы аз жадағай пікір, жауыр болған жаттанды сөз, сырттай сұлу көрінетін көркемдік түр іздеушілік, алабажақ ашық түсті бояуларға әуестік секілді жасандылықтың бәрі шынайы өнер табиғатына жат нәрсе екеніне тағы бір көз жеткізгендей боламыз. Суреткер тілінің байлығы, бейнелілігі, өткірлігі ой-сезім қуаттылығына байланысты. Қаламгер шығармаларын талдау үстінде бұған көз жеткізерліктей мысалдар аз келтірілген жоқ. Сонда да Ш. Мұртаза шығармашылығының тіліне қатысты кейбір жайларды көркем сөз бейнелілігі тұрғысынан қарап арнайы тоқтала кету артық емес дейміз.

Жазушының балалық шағы сұрапыл соғыспен тұспа-тұс келіп, өмір ерте есейтеді. Бұғанасы қатпастан еңбекке араласып, ересектермен бірге жұмыс істеді. Өмір жайлы көзқарастары, таным-түйсігі әлдеқайда тым ерте қалыптасып, жаман мен жақсының не екенін тым ерте айыра білді. Нәтижесінде кейіннен Шерхан «Бұлтсыз күнгі найзағай» (1965), «Белгісіз солдаттың баласы» (1966), «Мылтықсыз майдан» (1969), «41-жылғы келіншек» (1972), «Интернат наны» (1974), «Ақсай мен Көксай» повестері мен «Сол бір күз», «Шекшек шырылдайды», «Бойтұмар», «Бір нәзік сәуле» атты әңгімелеріндегі кішкентай кейіпкерлер арқылы өз тағдырын, балалық шағын көрсетті. Аталмыш шығармаларда қаламгер өзінің балалық шағында көрген, көкейге түйген, басынан кешкен оқиғалар арқылы қаһарлы кезеңнің қатал шындығын берді, ауыл адамдарының мінезін даралады. Шерхан Мұртаза 1941-1945 жылдардағы қазақ ауылының «қара қағаздан» шошынған зәрезап халі, кеуделерін апатқа тосқан боздақтарынан айрылған атааналардың зары мен бұла шағын болашақтың бодауына берген жесірлердің жоқтауы, бәрі-бәрі төбе құйқаңды шымырлатар ащы шындықпен жеріне жеткізіле суреттеледі. Солардың ішіндегі соғыс жылының балалары – әкелерін көрмей өсіп келе жатқан жетімектердің өксікке толы өмірлері де өзінше бір әлем. Өнерінің шығармашылық ғұмырбаяны әлемінің сыршыл тұстарына дәрумен болғанда қилы балалық дәурен екендігі туралы жазушының «Халық жазушысы» атандым. Жазғанымның бәрі алтын дей алмаймын. Бірақ солардың көбі және дәмділері, тек балалық шақтың нәрінен, балауса балғын шақтың әсерінен туған. Өсе келе, көпті көрдім, дүниенің шартарабын араладым. Бірақ соның бәрі мені балалық шағымдай байыта алмады» дегені бүкіл шығармашылығына арқау болған тарихи танымның төркіні қайда екенін танытады. Әңгіме жазуға Ш.Мұртаза қолына қалам ұстаған күні келе қалмағанын ескерер болсақ, шығармашылық лабораторияның ең күрделі құрылымы шығармашылық процестегі ішкі түйсіктің ерекшеліктеріне мән беру қажеттілігі туындайды. Ғылымда ішкі түйсіктің негізгі екі түрі (сезімдік және интеллектуалды) қатар қолданылатынын еске сала кетейік. Өнерде тек сезімдік ішкі түйсік қана қолданылады десек, онда көркем таланттың психологиялық ерекшелігі тым төмендеп кетер еді.

Өнер ерекшелігін сезімдік-эмоциялық тұрғыдан қарастырушы көптеген әдебиеттанушылар мен психологтар қателікке ұрынды. Тіпті былай деп те айтылатын: егер ғалым абстрактылы ойлайтын болса, ал суреткер нақты, заттай ойлайды.

Ерлерін майданға аттандырған шиеттей бала-шағасымен жетім-жесір атанған абысын-ажындарымен тіл табысып, ел басына түскен ауыртпалықты бірге көтеріп, қара суды да бөліп ішіп, бір-біріне тіреуіш, жебеуші болған жандардың арасында Хадишаның жағдайы басқаларға қарағанда біршама өзгешелеу еді. Ол – жалғызбасты. Әйтсе де оған жасып жатқан Хадиша жоқ, ер мінезді, қажырлы, үмітке адамдық сеніммен қарайтын кебін кимей, кебенек киіп кеткен Мақсұт әйтеуір бір оралады деп, ер-азаматынан айрылса да, елінен кетпей, барша өмірін күтуге арнайды. Мұндай сенім мен арманға берік жанның характері Шерхан Мұртазаның «Шекшек шырылдайды», «Айырбас», «Бір нәзік сәуле», «Сүдігерде изен ызыңдайды», «Соғыстың соңғы жесірі» сияқты тамаша тағылымға толы әңгімелер сериясын жазуға көркемдік және өмірлік тірек болды. Бұл ретте, біріншіден, Хадиша образын типтік тұлғаға айналдыра отырып, автор соғыс жылдарындағы өзі көзімен көріп, басынан кешірген Мыңбұлақ ауылындағы әйел-аналар Айша, Баян, Мүнира, Мәрзия, Зиба сынды жандардың биік адамгершілік, рухани таза, шуақты мейірім иелері екендігін паш етеді. «Жазушы дегеніміз – жан ауруы. Жазушы өзінің жанын ауыртар жайттарды жақсы білетін, зердесінен, жанжүрегінен өткізген жайттарды жазатын шығар» дейтін болсақ, Ш. Мұртазаның оқырмандарын эстетикалық ләззатқа бөлеген әңгімелерінде осы жан ауруы, ой мазасыздығы анық сезіледі. Сәбилік санада сақталған бұрынғы бастан кешіргендерін жетік білетіндігі, түйсігінде жақсы түйе білуі сол ортаның хал-ахуалын суреттей отырып, ұзақ жылдардан кейін заман, адам, уақыт туралы ой айтуға жетелеген. Әңгімелерінде пәлсапаға беріліп, ақыл айтатын кейіпкерлерді кездестірмейміз, дей тұрғанмен «Ақсай-Көксай», «Сол бір күз», «Сүдігерде изен ызыңдайды», «Айырбас», «Бойтұмар», «Тұйық шарбақ», «Жарамазан», «Келіншектау сағымдары», «Бұршақ», «Соғыстың соңғы жесірі», «Алапар мен Динго», «Жүрекке әжім түспейді», «Сусамыр» т.б. әңгімелеріндегі кейіпкерлер болмысында рухани танымымызды байытар тағылымды ойларды көп кездестіреміз. Жазушының әңгімелерінің көркемдік көкжиегі кең екендігін ерекше атап өтуге тиістіміз. «Тәуекел той», «Келіншектау сағымдары», «Соғыстың соңғы жесірі», «Алтын тікен», «Соңғы нәсіп» әңгімелерінде бүгінгі орта, әлеуметтік адамгершілік қарым-қатынастар басты орын алса; бүгінгіні тек қаз-қалпында суреттеумен шектелмей, бүгінгіні кешегімен, кешегі уақытты – тарихпен себеп-салдарлы тығыз байланыстыра беруге ден қою да бар. «Бойтұмар», «Интернат наны», «Қасқырдың тарамысы», «Айырбас», «Бір нәзік сәуле», «Ақсай мен Көксай» әңгімелері оқиғалық, кейіпкерлердің қалыптасу, дамуы жағынан бір-бірімен тығыз байланысты дүниелер. Бұл әңгімелерге автордың басынан өткен кейбір өмірбаяндық жайлар да негіз болған. Оның кейде жекелік те сипаттары сақтала отырып, өзгеше идеялық-эмоциялық қуат алады да, әңгімелерде сонау соғыс жылдарындағы тыл өмірінің шынайы суреті жасалады. Соғыстың ауылдағы анық ауыртпалығы, уақыт шындығы, адамдардың күрделі де сан тарау тағдырлары кейде автордың үшінші жақтан баяндауымен, ал кейде бала Барсханның өз атынан әңгімелеуімен ауыстырылып келіп отырады.

Мәселен, жоқшылықтың кесірінен қырманнан қамыт ұрлап, оны кезбе сығанға беріп бәтіңке алған Ноянның кейін зар илеп, өз ойын өз ары жазғыра опынғаны, өртеңге өскен гүлдей бой түзеп келе жатқан қос өркен Нұрперзент пен Айзаданың балауса пәк сезімдері табиғат емес тағдыр үсігіне ұрынып, содан мәңгілікке солғаны («Мылтықсыз майдан»), тоя тамақ ішпей, бір тілім қара нанды қастерлеген Сәттіғұл, Тасболат сияқты интернат балалары — («Интернат наны»), міне, жазушы шебер бейнелеген, оқушы зердесінде қалатын кейіпкерлер. Солардың арасында жазушы Шерхан Мұртазаның да балалық шағы жүр. Балалық және жасөспірім шақтағы әсерлер Шерхан үшін айрықша қымбат, өйткені ол өзінің бүкіл шығармашылығында өмір бойы осыларды сарқылмас бұлақ етеді. Демек, қаламгер Шерхан Мұртаза Ұлы Отан соғысы жылдарындағы қазақ ауылының қабырғасын қайыстырған жоғарыдағы шындықтарды сол бала кезінде көрмесе, ондағы өмір көріністерін бала жүрегіне түйіп өспесе, жазбас еді. Сондықтан да, Шерханның өзі: «Өмір заңы: бала – бала болуы керек. Балаға тән аз дәуренді басынан кешіру керек. Егер балалық дәуренің шала болса, сол жетіспей қалған сыбағаңды кейін есейгенде аңсап тұрасың… Сорымызға қарай, балалық шағымыз соғыс жылдарына тап болды», — деп жазады. Бұл шығармаларындағы тыл балаларының кермек өмірбаяны өзінің де өмірбаяны екендігін, әрбір оқиғалар өзінің көзімен көрген, басынан өткізген жағдаяттар екендігін аңғартады. Сондай-ақ, «…Жазғанымның бәрін алтын дей алмаймын. Бірақ солардың көбі және дәмділері тек балалық шақтың әсерінен туған», — деуінің өзі, «суреткердің өнері өмірімен, яки өз басынан кешкен ғұмыр тіршілігімен тығыз байланысты. Ол өмірде нені жете танытатындығын» дәлелдей түседі.

Әңгіме – адам өмірінің белгілі бір эпизоды туралы, не белгілі бір оқиға турасында көркем тілмен баяндайтын прозалық шығарма. Демек, «әңгіме – шағын көлемді эпикалық түрдің айрықша үлесі». Шерханның «Ақсай мен Көксай», «Интернат наны», «Ұзақ командировка», «Шекшек шырылдайды», «Көкмарал гүлдегенде» атты әңгімелері қарапайым адамдардың өмірін әр қырынан көрсетуге арналды. Мәселен, ең көлемді, сюжетті әңгімесі «Ақсай мен Көксайда» қаламгер қарымының көп қырларынан көрініс береді, сонда байқағанымыз, Шерхан әсіресе, сөзді ұтымды, шабер қолданады. Ол сөзге неғұрлым сараң тартып, қарапайымдылыққа бой ұрған сайын көркемдік көгіне көтеріле түседі. Қызық – қызық тағдыр, қилы-қилы мінезге бай әңгімесі жазушы туындыларының ішіндегі леулі еңбектерінің бірі болып табылады. Автордың таңдап алған фабуласы яғни бір ғана өмір үзігін бейнелеу арқылы, тартыс – қақтығысты бейнеленумен кейіпкерлердің мінез-тұлғасы толық, айқын көрініс тауып,негізгі идея түйінделуі тиіс. Жанр көлемі шағын болғанымен қойылар талап – тілегі үлкен таланттылықты талап ететін көркем әңгіме жазуда қаламгер Ш.Мұртаза өндіре еңбектенді. Жазушының әр жылдары жарыққа шыққан әңгімелерінің тақырыптары да сан-алуан. Табиғаты тамаша болғаны мен қытымыр қысы, аптапты жазы бар Жуалы өңірінің әсемдігі мен тылсым дүниесін сол жерде мекен еткен адамдар тағдыры мен астастыра бейнелеген жазушы әңгімелерінің идеясы да тартымды болып келеді. Тарихта терең із қалдырып,жазықсыз жандардың қанына малынған кешегі Ұлы Отан соғысы тұсындағы қазақ халқаның басындағы шырғалаң қалы Ш.Мұртаза әңгімелерінің арқауы. Соғыс жылдарындағы ауыл өмірінің қилы бейнесі сомдалған «Сол бір күз», «Ақсай мен Көксай», «Бойтұмар», «Айырбас», «Жүз жылдық жара», «Интернат наны», «Қасқырдың тарамысы» әңгімелері оқиғаны басынан кешірген басты кейіпкер атынан баяндалады. Ер- азаматы соғысқа аттанған, қоғам мен өндірістің ауыр салмағы заты нәзік әйелдер мен қарттарға, жас балаларға артылған кешегі қиын күндердің тағдыр тай-таласы бұл әңгімелердің негізгі арқауы десе де болғандай. Пәк, адал, қиялы ұшқыр, арманы асқар, дұшпанына қайсар, намысқа жігерлі, айбарлы, жас баланың өмірде көргені оның ерте есейіп, тез ес жиып азамат болып қалыптасуына айтарлықтай әсер етеді.

«Сол бір күз» әңгімесіндегі Ноянның құрқылтайдың қысқа қамданғанын көріп мұңлы ойға берілуі, қысты күні сабаққа киер аяқ киімінің жоқтығы есіне түсіп, соғыстағы ағасынан бір бәтіңке сұрап жазған хаты есіне түсіп қалтасына қол салғандағы жайын баяндап кележатқан жазушы оқиғаның шарықтау шегін «Кенет, керемет! Ноянның көктен іздегені жерден табыла жаздады» — деп, оқырманын ерекше елітіп, оқиға желісінің ары қарай дамуындағы кезеңге меңзейді. Көшпенді цыган таборының аты – аталып, түсі- түстелмегенімен фабуладағы жас баланы алдап, дүйім елдің обалына қалған озбырлық осы ұлт өкілдерінің ғана қолынан келер іс екенін автор астарлап жеткізеді. Ноянның алғаш арбадағы адамдарды көруі, өрімдей қыздың бұрын – соңды бұл көрмеген аспапта күй тартуы, оның ерекше әсем сиқырлы үні барлығы алдағы болар оқиғаның барысын аңғартады. Суреткер бала Ноянның есіне апасы айтқан «ақыр заман боларда жердің жүзінен сиқырлы ән жүріп өтеді. Оған ілескендер қайтып жер бетіне оралмақ емес. Ол сиқырдан ешкім аман қалмайды екен»деген әпсананы салуы әңгіменің сюжетін қызықты етіп, идеясын аша түскен.

«Ақсай мен Көксай», «Бойтұмар» әңгімелеріндегі Арзы ана мен Аталық қарттармен көптің қамы үшін еңбек қылып, азапты мол тартқан бала бейнесі мен мезгілінен ерте есейіп, санасы саралана бастаған, елгезек ұлды көреміз. Екі әңгімедегі бала кейіпкер шағын ауылдан алысқа ұзап шықпаса да қиын сәттерде үлкен адамдарша батылдыққа барып, ширақ қимылдап, сәтті шешімдер қабылдайды. Алдыңғы әңгімелердегі сияқты «Ақсай мен Көксай», «Бойтұмар» шығармаларында да жазушы әпсаналарды әдемі үйлестіреді. «Ақсай мен Көксайда» қырғыз қызы Чолпан айтқан «Қарағұл ботам» әңгіменің көркемдігі мен сюжетіне әр берсе, «Бойтұмардағы » Аталық қарттың сарысуыр туралы айтқаны шығарманың астарлы идеясын ажарландырған. Ел арасына тараған аңыздың түпкі ақиқатынан шыққан Байшынар туралы жазылған «Жүз жылдық жара» әңгімесіндегі табиғат пен адам арасындағы қарым – қатынас пәлсафасы жазушының тың әдіс және дара концепция айтумен ерекшеленеді. Адам тағдырындай сомдалған Байшынардың басынан кешірген қиянатын баяндауда жазушы әңгіме экспозициясын өмірде түйген ойынан бастайды.

«Кесапаттан аман болса, адамдар көп жасар еді. Бірақ күнді түн аңдап тұрғаны сияқты адамды да анадан туар-тумастан қырсық аңдиды да тұрады. Бұл ретте адам теңіз тасбақасымен тағдырлас. Теңіз тасбақасы суда өмір сүрсе де, жұмыртқасын құмға құрады. Обалы не керек, теңіз тасбақасы көп жұмыртқалайды. Бірі болмаса бірі аман қалар деген үміт пе, әйтеуір, бір маусымда 30-40 тұқым табатыны рас. Ал сол отыз- қырықтың бәрі балаласа, теңіз тұрмақ, жер бетіне тасбақа симай кетер еді. Қайдан болсын…» [40,84] көп нүкте қойып аяқталған алғашқы азат жол оқиғаның түпкі шегі қайда жатқанын анық байқатады. Тасбақа, адам және шынар талдардың табиғаты туралы толғаныспен басталған әңгіме сюжеті Мыңбұлақтың Шоқыбас сайындағы Байшынар жағдайына ауысады.

«Дәл сондай Байшынар біздің Мың-Бұлақтың Шоқыбас сайының өңірінде де бар. Мың-Бұлақ Бостандық емес, әрине. Табиғаты да қаталдау. Шынар жарықтық сонда да өскен. Ал бұл ағаштың паспорты өзгеше. Қаңылтыр тақта қағылмаған, жазу жазылмаған. Бұл Шынардың елтаңбасын адамдар тарих қамын ойлап салған жоқ. Тарих қамын ойлау қайда…» . Онан ары әңгімеде Жуанқұл, Дадабай, Қабасақалдардың Байшынарға жасаған қиянаттары мен ауыл адамына көрсеткен азаптары қатар алынып суреттеледі. Тал тұрмақ, адамды аяуды білмейтін қатыгез жандардың әрекеті аяқсыз қалмайды. Тәңірден сазайын алады. «Содан бері де қырық жылдан асып кетті. Енді бұл дүниеде Ахмет те, Кенжегүл кемпір де жоқ. Жатқан жерлері жаннат болсын! Ал Жуанқұл әлі тірі. Баяғы Байшынар тірі, қасқайып тұр. Бірақ екеуі де жарадар. Байшынардың бір бүйірі әлі үңірейіп, қап-қара шор болып тұрады. Тоғыз тарау төбесі түгел жапырақ жайғанда, көлеңкесіне бір Колхоздың адамы түгел сыйып кетердей әлі жайқалады, жарықтық».

Әңгіменің басты идеясы жазушының өзі айтқан «Адам азғындауынан адамдар ғана емес, табиғат та зардап шегеді деген философиялық толғамымен үндеседі. Жас өспірім баланың психологиялық және физиологиялық табиғи болмысын тереңнен таныған жазушы соғыс зардабын тартқан оқушылар өмірінің де шын білгірі. Ауыл балаларының қаладағы мектеп интернаттағы өмірінен сомдалған «Интернат наны», «Қасқырдың тарамысы» жоғарыдағы ойымызға нақты дәлел. Соғыстан кейінгі жылдардағы мектеп оқушылары Әлтай, Хасболат, Сәттіғұл, Нарбота, Тәліп, Аманжол т.б. қарапайым тағдырларынан әлеуметтік, кезеңдік жайларды, уақыт бедерін көркем бейнелеп, толғамды ой түйіндетеді. Бұған қаламгердің жадылық санасының зейінділігі, әңгіме жанрының талаптарын қатаң ескеретіндігі мол септігін тигізгені даусыз.

Бұл күнде қазақ прозасының шағын жанры — әңгіменің көркемдік көкжиегін кеңейтуге Ш. Мұртазаның қосқан үлесі мол деп білеміз. Халық жазушысының қаламынан туған әңгімелер оның шығармашылық жолындағы үлкен шыңдалу мектебі болып табылады. Сонымен Халық жазушысы Шерхан Мұртаза соңғы он-он бес жылдың бедерінде түрлі жанрда суреткер ретінде де халқына қызмет етіп, елжұртының тағдырындағы, замана толқынындағы аса бір зәру мәселелерге жан сала қалам тартып келеді. Қауымның көкейіндегісін дөп басып айта білген, жеткізе білген қаламгердің еңбегі жұрттың ықыласына, құрметіне ие болуда. Ал енді Ш. Мұртаза шығармашылығын тұтас алып қарап, оның шыншылдық қасиеті, идеялық құндылығы неде дегенде, жеке шығармаларға тән сипат-белгілерді емес, барлық шығармаларына ортақ ең басты өзгешелікке назар аударған жөн. Бұл орайда қаламгер шығармашылығының қоғам өмірімен, халықтың, ұлттың ой-санасымен тығыз байланысы, тамырластығы және оның өмір құбылыстарын биік адамгершілік идеялары тұрғысынан шебер бейнелеуге негізделген зор танымдық, көркемдік, тәрбиелік мәні алдымен айтылуға тиіс. Сұңғыла суреткер бүкіл бір тарихи дәуірдің тынысын айқын аңғартып, аса маңызды әлеуметтік мәселелерді терең толғайды. Осы кең мағынасында Ш. Мұртазаның барлық шығармасынан заман шындығын, сан алуан өмір құбылыстарының кескінбейнесін айқын көре аламыз.

slides.kz

author

Шерхан Мұртаза

ЖАЗУШЫ

Шоу-бизнес

Атақты продюсер Баян Мақсатқызы сұхбат барысында өмірінде өткен қиын кезеңдерімен бөлісті, деп хабар...

Жаңалықтар

Бүгін ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен Қ. Қуанышбаев атындағы Қазақ Ұлттық музыкал...