«Шұғаның белгісін» тыңдағанда...

ӘДЕБИЕТ
4025

Әр ата-ана өз ұлының болашақ қалыңдығын ерте ойластырады, өзінің теңін іздейді.«Анасын көріп қызын ал» деген қағиданы қатаң ұстайды. Яғни, болашақ құдасын орынды жерден, жақсы кісілерден, аталы, іргелі ауылдан қарайды. Түқымында, тегінде ауруы бар отбасының қыздарына сөз салмайды. Лайықты деген адамдарына әдейі барып, балаларының болашағы туралы әңгіме қозғайды, өздерінің құда болу ниетін білдіреді. Мұны «қыз айттыру» дейді. Бұл жолдың да түрлі ереже, тәртіптері бар. Егер балалар (ұл, қыз) жас болса, тіпті іште жатса да ерте келіп сөз байласады. Мұндай адамдар көбіне бірін-бірі жақсы білетін, өте сыйлы, дос кісілер арасында болады. Олар алдымен іште жатқан балаларын бір-біріне (әрине бірі ұл, бірі қыз болса) қосу туралы келіседі. «Атастыру» деген осы. Мұны «бел құда» дейді. Бесікте жатқан балаларды атастырса «бесік құда» дейді. Кейде қыз алған құда енді сол үйге өз қызға беретін болса, мұны «қарсы құда» дейді. Бұрын құда болған кісілер қүдалықты тағы жалғастыратын болса, оны «сүйек жаңғырту» деп атайды. Қыз бойжеткен, ұл ержеткен жағдайда екі жасты қосу «құда түсу» арқылы жасалады.

Қазақтың ертеден белгіленген заңы бойынша жеті атадан бері қыз алыспайды. Некелік ережеде әйел күйеуден 8 жас, еркек әйелден 25 жас үлкен болса, қосылуға рұқсат етілмейді. Әрине әмеңгерлік жолда бұл шектеуге қарамайтын жайлар да бола береді. «Қыз айттыру», баталасу жас отаудың беріктігін, сенім мен сыйластықтың негізін қалайды.

«Қыз айттырудың мұндай тәртібі Есім деген ханның бұйрығы бойынша орнаған көрінеді» (Ы. Алтынсарин)»


Қалта телефоны шыр етті:

-        Қалың қалай? Не істеп жатырсың?

-        Рахмет, бәрі жақсы! Әдебиет порталындағы Аудиокітаптан «Шұғаның белгісі» повесін тыңдап, әрі-сәрі күйде отырмын...

-        Бейімбет Майлиннің ең бір тұғырлы шығармасы ғой - ол! Қанша оқысаң да жалықтырмайды. Керісінше тағы да аңсап тұрасың...

-        Соңында көзіме жас алып, қатты толқыдым! Өз басыман кешкендей сезініп, шынайы махаббаттың обалына қалған қатыгез тағдыр мен соны ұйымдастырған безбүйрек пенделерге қайран қалдым... 

-        Иә... Мен де кейде еріксіз таң қаламын. Пәк сезім мен ақ ниетті адамдардың қашанда жолы бола бермей - жантүршігерлік запыс пен көлдей аққан жасқа тұншығатындары несі деп?! Әлде, оларды Жаратушының өзі де қолдамағаны ма? 

-        Ешқандай уәжді мен де айта алмаймын. Бәр білетінім: адал адамның жолы қиян-кескі арпалыс болса, ақ махаббаттың соңы ажал екені. Сондықтан болар жұрттың талайы адалдық пен ақ махаббаттан қашатыны... Ғашықтар хикаясының бір де бірі тәлейлерін ертегіде айтпақшы: «...екеуі сонымен бақытты, баянды, ұзақ ғұмыр сүріпті»-мен аяқтаған емес. Осы орайда әкемнің бір ертеректе айтқан әңгімесі есіме түсіп отырғаны.

-        Не жайлы?

-        Бақытсыз махаббат туралы. 

-        Айтып берші.

 -        Ок. 

...Қаратаудың қойнындағы «Алтуайт», «Қарамеңді», «Майбүйрек» сынды қысы жұмсақ, оты бай қыстаудан жұтқа ұрынбай аман-есен шыққан ел де, төл ерткен мал да олжалы еді. Кейі құймадан, кейі тастан қаланған тығырық баспанаға ала қыс қамалуда оңай емес-тін. Көктеу мезгілінің соңын ала жауын-шашын толастап, күннің көзі айтарлықтай қызған кез. Мал қырқымнан шығып, арқадағы жабағыдан арылған тұяқтылар көкке мейлінше ұрты толып, енді бойларына ет, желініне сүт жинай бастаған-ды. Жамантас жайлауын жайлаған қалың қазақ өздерінің ата-жұрттарына тарай қоныстанып, төсекте басы қосылмаса да, төскейде малы қосылған – бір атаның балалары еді.

Қайрақты жайлауынан суыт келген бір топ адам - қона-жастана түс әлетінде бір-ақ кеткен-ді. Үлкендер арасында болған әңгімені Толғанайдың құлағы шалмаса да жүрегі сезді. Сезгенде қандай десеңізші, жүрегі атша тулап, буырқанған қаны басына шапшыды. Көзінен шарасыздықтың қайнаған судай ыстық, езуге тиген дәмі удай ащы жасы ағыл-тегіл ақты. Басын әрең көтеріп, жартылай жабылған есіктің саңлауынан сығалады. Иә, бір топ атты шаруаларын бітіріп, қарындары мен көңілдері де тоғайып, енді алаңсыз аттанып бара жатты.

Тұрсынай жеңгесі басына байлаған ақ шытының бір ұшын аузын бүркегендей тістелеп, Толғанай жатқан алты қанат ақ үйге қарай жөпелдете желіп келеді. Шыттың ұшына маза бермей енді көзіне апарды. Сірә, жылап келе жатқан адамға ұқсайды. Жеңгесінің суыт та суық жүрісінен сескенген Толғанай жиналмаған төсегіне барып, ұйықтаған адамша бүркеніп, қайта жата қалды. 

-        Еліктің лағы емес пе әлі? Дәттері барып қалай қияды екен, құралайымды?! Он екіде бір гүлі ашылмаған сәби емес пе? «Айттырдық» дейді ғой, айттырса қайтпекпіз! Кім білген оның ұлының - бір сүмелек боп өсетінін... – Тұрсынай ашуға булығып өзі мен өзі сөйлей кірді де Толғанайдың аяқ жағына сылқ отыра кетті. Жорта оянған қыз ұйқысыраған кейіппен жеңгесіне сұраулы жүзбен қарады.

-        Алтын жеңешем, не боп қалды? Шошыттыңыз ғой! 

-        Жер сілкініп, асты-асты үстіне түсіп жатыр! Алты жасыңда атастырған күйеуден қалыңдығын алар күнді ақылдасуға кепті. Күйеу болмай кеткірің ер жетіпті, енді әйел керек дейді оған!.. 

-        Енді қайттік, жеңеше?! Оған тиіп қор болғанша, өзіме-өзім қол жұмсаймын!

-        Жаман сөзді аузыңа алма, алтыным! Бір ығытын табармыз... Күзге дейін біраз уақыт бар. Жұмасерік бауырыма хабар салайын. Ар жағын көре жатармыз.

-        Қыз болып туғаныма өкінемін, жеңеше! Сіз де осы күнді бастан кештіңіз ғой? Қалай көндіктіңіз?

-        Менің жағдайым бір басқа, алтыным. Сенің ағаңды көзім де көңілім де жатыға көріп өсіп, өзімді іштей алдын-ала арнадым. Ал сені, тырнағыңа тұрмайтын езге апарып телігені - қиянат емей немене? 

Бір жолы осы жеңгесі Толғанайдың тұла-бойын шіміріктірген бір жәйсіз әңгіме айтып беріп еді. Соноу бір өткен жылдары: іш жақтағы бір елде, тоғыз жастағы қызды байға беріп, ақыл-ойы толыспаған ол солқылдақ балғын - он бірге келгенде шайпау қатынға айналыпты-мыс. Кенет осы жәйт есіне түсіп, Толғанай түршігіп кетті. Иә, өзі он үшке келгенде осы секілді суыт жүрісті бір топ келіп еді-ау. Бірақ балалығы басым шақ ештеңені аңғартпаған-ды. Әлдекімдер келді-кетті, бәр болғаны сол. Бұнымен ешкімнің шәруасы да болмады. Ол жолы «Қызымыз әлі жас. Бұғанасы қатсын!» дегендей ештеңеге иімейтін қатқыл сылтаумен шығарып салған-ды. «Айша анамызға пайғамбардың көзі алты жасында түскен, ежелден келе жатқан мұсылманға жат емес салт, бөрікпен ұрғанда жығылмаған қызды күйеуге беруге болады» деп арасындағы білімдар біреуі өзеуреді-ақ. Бірақ, Қызыл би атанған Ырғалбектей биі бар елге - аналар еш уәж айта алмай. ауздарына құм құйылып, қайтқан-ды.

Уақыт жылжып өтіп жатты. Қызды ұзатуға уағдаласқан мезгіл де таяп қалды. Ел күзеуге енді бет алған шақ. Тұрсынай әпкесінің ақылымен Жұмасерік, бастапқы кезде бой тасалай тұруға ыңғайлы жер іздемек болып, ішкі ел жаққа аттанған. Келіп-кеткендер көзге түсе бермейтін жұрты көп, орыс-ноғайлары басым Гавриловканы таңдады. Сонымен ай қорғалаған бір түні сәті түсіп, тойған қоржын өңгерген қос атты жүргіншісі мол қара жолды сырттай, көздеген бағыттарына төтелей суыт аттанды. 

Екі жақта сандарын соғып қап деп қалды. Ағайын-жұрағат сағалап кетті-ау деген тұстардың түгелдей адақтап шықты. Естіген, көрген жан баласы табылмады. Бұл екеуін сірә, жер жұтып кетті дегеннен өзге лаждары қалмады. Сөйтіп жүргенде қоңыр күздің шырайы да бұзылып, қара суығы қамшылай бастады. Әне-міне дегенше қылышын сүйретіп қыс та келді. Екі қыстың ортасында жоқ іздеудің жөні келмеді. Кезінде қалың малы өткізіліп қойған соң, ана жақтың сөзі жүргіш болып, айыпты жаққа ара-тұра әкірең салып кетеді. 

Орыстың шал мен кемпірі тұратын ағаш үйдің бір бөлмесін жалдаған Толғанай мен Жұмасерік ерлі-зайыпты адамдарша күн кешіп жатты. Толғанай ана тәрбиесінен көрген ісмерлік қабылетін танытып, не бір көркем дүниелерді кестелеп, тоқып, тігіп, ал оны Жұмасерік базарға апарып сатып, кәдеуілгідей күнкөріске қол жеткізді. 

Қыс өтіп, күннің көзі көктемге ыңғай бере бастаған кез. Бастапқыдағы тықыр еткен нәрсеге селк ететін елеңдеу - уақыт өте сейіліп, ғұмыр-бақи отбасылықпен келе жатқан жандарша сезінген екі жас аса бақытты еді. 

-        Ішімді тепкілеп жатыр, кішкентай тентегің! – деп Толғанай 

Жұмасерікке жымия қарады. Ол қоңырсалқындау үйде, күні бойы тігін мәшенке басында жалғыз отыратын Толғанайдың жаурағанын сезіп, от жағу қамына кірісіп жатқан-ды.

-         Туу... Қолдарың тастай боп қапты ғой! Неге от қузай салмадың?

-        Ана маржа апай отынды санап, артық жағып қойдың дегендей реніш білдірді.

-        Аман-есен көктемге де жетіп қалдық қой. Енді біраз күннен соң, ел жаққа ойысармыз. Мына ығы-жығы елдің тұрмысы маған да ұнап жүрген жоқ. Шыдайық, жаным. Рас-ей, теуіп жатыр! Ерке қыз ба, әлде бұзық ұл ма екен?!

Толғанайдың екі беті қызарып, құрсағын басқан Жұмасеріктен қымсынып, алақанын кері ысырды. Соңғы кезде оны екіұдай сезім билеп жүр. Қазіргідей қымсынуы күннен күнге үдеп барады. Тіпті, жұрт көзіне көрінуі азапқа айналды. Бұған бәрі саусағын шошайтып: «Некесіз қатын!» деп қарайтын секілденеді. Мына жазықсыз жан иесі де жарыққа келіп жатса, «Некесіз туған!» деген атаққа қалмасына кім кепіл? Өзі де ақ жамылғы жамылып, неке суын ішпеді. Сонда махаббат деген сор ма? Егер маңдайға жазылғанға бас иіп, осы қадамды жасамағандағы жай-күйі қандай болар еді? Бұдан жақсырақ па, әлде бұдан да мүшкіл болар ма еді? Көңіл сүйген адамымен осы бес күн жалғанда жадырап өмір кешіп, бала-шаға арасында бақытты болу ғана емес пе еді, оның бар арманы? Есін жиғандағы көріп отырғаны - қос сордың ортасындағы, күн сайын қараңғыланып бара жатқан көмескі тағдыры ғана.

Қызыл би атанған Ырғалбек ағайындардың басын жинап, мәжіліс салды. Қол ұстасып қашқан екеу осы төңіректе болса, баяғыдан бері бір сыбысы естілер еді. Енді іздеуді өзі қолына алмаса, іс насырға шабатын түрі бар. Сонымен қасына бір-екі жамағайынды ертіп, ала-құла жұрттың басы жинақталған ірілеу елді мекендерді бетке алды. Жүре-жүре Гавриловкаға да жетті. Осындағы орыс-ноғайлардың біразын Ырғалбек жақсы танитұғын-ды. Солардың арасынан базар маңын торуылдап жүретін бір жылпос ноғайды ерекше таңдап, соған тапсырма берді. Оған елден қоржынға сап ала шыққан іс үлгілерін көрсетті. Осы секілді дүниелер саудаға салынып жатса - жазбай танысын деген амалмен. Әрекеттері жүзеге асып, «постоял» үйде тосып жатқан бұларға ноғай жақсы хабармен жетті. Түнге қарай елді шулатқылары келмей, ертеңінде базарда жайма саудасын жасап, алаңсыз отырған Жұмасерікті қапелімде қолға түсірді. 

Ел жайлауға шыққан мезгіл. «Қымызмұрындық» мейрамы да жуырда аталып өткен-ді. Сауын биелер байланып, желідегі құлындары шұрқырай тыпыршиды. Толғанай қытығы кете қоймаған бір қулық биенің бауырында отыр. «Сауын саусаң бие сау, боз қырау түспей сарқылмас» деген үлкендердің сөзі есіне түсіп, өз ойымен өзі. Және айы-күні жетіп, аузы-мұрнынан шыққан жағдайы да бар-тын. Желдіртіп келіп оқыс тоқтаған ат дүбірімен жарыса қақырынған, ащы дауыстан селк етті. Тұла-бойы жиырыла көз қияғын салса – әпербақан мінезді қайнысы екен. Бет-аузы тыжырынып: 

-        Салдақы неменің, арам қолымен адал асты сауып отырғанын қарашы-ей! – деп қағына сөйледі. Толғанай оның сөзіне мән бермей, ары сауа берді. Айдалып келгелі Толғанай көресісін байынан емес, осы қайнысынан көруде. 

-        Қампиған қарныңды жарып тастар ма еді! Бөтен біреудің сұр жыланын туып беріп, ертең бәрімізді шақтырғың кеп жүр-ау, осы?! 

Атын тебініп, ары-бері ойқастап келіп, қолындағы алты құлаш қайың құрықпен Толғанайдың торсиған ішінен бір түйіп өтті. Қарына ілген шелек бір жаққа ұшып, ішіндегі ағы жерге ақтарылды. Толғанай бойындағы тіршілігін бауырына баса қос бүктетіле жығылды. Сол жығылғаннан ол қайта тұрмады. Жанды бездірген азапты күйден қарысқан жағы қайта ашылмады. Сонымен екі бірдей жан: бірі – жаралғанымен, жарық дүниеде көзін ашып үлгермей, енді бірі ана болып емірене алмай, көзін мәңгі жұмды. 

Жұмасерік Толғанайдан айырылып, таяққа жығылған күннен бастап, еш ауылды тұрақ көре алмай: жанының дауасы, тәнінің аңсары, ертеңінің шуағы болған асылын іздеп, дала кезіп кеткен еді. Әрекідік біреулер көк сағымды қуалап, өз бетімен жүрген бір сұрықсыз, алакөз адамды көргендерін айтып қалып жатады... Ол бөгде кісілерді көрген сәтте екі қолын ербеңдетіп, соноу көкжиекте көлбеңдеген боз мұнарды нұсқап: «Толғанай, Толғанай!» деп тұра жүгіретін көрінеді. Бұл хикая осылай бітіпті, деп еді әкем...

-        Туу... жан күйзелтер әңгіме екен! 

-      Сол заманнан бері талай су ақты. Ата дәстүрге жататын талай салт-сана өзгеріске ұшырады. Солардың қай жақсысын сақтап қала алдық? Біздің бүгінгі ұлттық нышанымызға орайлас, соны айшықтайтын қандай тектіліктеріміз бар? Және араласып жүрген дос-жарандарымызды қандай қасиеттері үшін сыйлы, құдаласуға тұрарлық деп бағалаймыз? Күні кеше екі балақайды атастырғаны жайлы телехабарды көріп, екіұдай күйге түскем. Бұл «айттыру» дәстүрі қайта жаңғыртуға жататын дәстүр ме, әлде сән қуған қыздың әлегі секілді ерсі нәрсе ме деген ойлар туды. Сен қалай ойлайсың?

-        Мен неде болса, осы заманда туғаныма ырза болып отырмын! Өз айтарым бар: ауыз да сөз де өзімдікі. Қалауым да өзім де. Одан басқа не керек? 

-        Мүмкін, ол да жөн бе екен...

З. Самалбекұлы

author

Заман Төлеуов

ЖАЗУШЫ

Шоу-бизнес

Атақты продюсер Баян Мақсатқызы сұхбат барысында өмірінде өткен қиын кезеңдерімен бөлісті, деп хабар...

Жаңалықтар

Бүгін ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен Қ. Қуанышбаев атындағы Қазақ Ұлттық музыкал...