Батырхан Сәрсенхан. Дауыс

ӘДЕБИЕТ
4405

-ДАУЫС-

FOR FAYZULLA TOLTAY

Ізденіс жолдары әр түрлі, бірақ ізденетін нәрсе – біреу

Фәһи Мә-фиһ, Руми.

Өмір жендет болғанда ой пышағы,
сейілмеген парасат тартысы әлі.
көкірегімде кептеліп екі дауыс,
екі электр сымындай шарпысады.
құлағына кіргендей бұжыр жылан,
бітім күтпес бірі де құзырлыдан.
қол үзгендей өмірдің оспағынан,
жалыққандай дүние қызығынан.

Дауыс I

 Қара кеш сылтып басып
 өберде айналаны.
 өрме ойлар мылтықтасып,
 санамды байлағалы
 көп өтті. Достым менің
 сөз еді базыналы.
 дерт соққан көп күндерім,
 жазылмас, жазылады.
 ұйқысыз түн өктеріп,
 күлкісіз күн кешірдім.
 бұралып білектерім,
 белгісіз түнге сіңдім.
 Не дауыс? Не керемет?
 байлаған мені мұнша,
 ағашқа шегелемек,
 Исадай, бұрынғыша.
 «Ақылдың азабынан»
 Чацкий монологын
 ұқпаппын
 мазағына
 көнгенше қара адырдың.
 Еш білмеу, бірақ сөйлеу,
 естімеу, тек ақыру
 қаріп сөз, жалған теңеу,
 ж. қатынас, бала туу
 ермегі мол қауымның.
 Енді не, өңгесі не?
 ақ тәнді қорлауының,
 ұйықтаудың бөлмесінде
 шебері бәрі-бәрі,
 жалғыздық жанды арбады.
 қараңғы жабылады,
 қара ағаш ырғалады.
 Мазасыз бұл жүрегім,
 түрі жоқ тыныш табар.
 тереңге сүңгіп едім,
 жанымды құмырсқалар
 кеміріп, анталасып
 өзіндей ойлануға,
 өзіндей сенделуге,
 өзіндей байлануға
 шақырар! Қайда барып,
 күнелтер азат басым
 қиқымдай майдаланып
 кетейін! Азаптасын,
 сөксін де, шебін құрсын,
 жоқ уәжім, жоқ сұрағым.
 ғұмырда ендігісін,
 Тәңірге тапсырамын.

Дауыс II

 Дерексіз шарқ ұрасың, сарқыласың,
 сүйгенің ғылым емес, талқыласу.
 шын сүйсең сүйер едің тіршілікті,
 желеңді, жез бұтаны, кірпі басын,
 көктемді, көгершінді, құла күнді,
 бөтенді, боз үмітті, бұлағымды
 сүйер ең. Бұлт торлаған суық ақыл
 ішінде шара таппай буынасың.
 Бір сәтте сексеуілге айналасың,
 бір сәтте мерт боласың, туыласың.
 Өмірдің құзар шыңын, қолғанатын
 ұққандай тұңғиықта толғанатын
 қай арман сені алысқа қалықтатқан,
 білмеймін қандай ақыл, сендегі ақыл?

Дауыс I

 Кезбе уақыт бұлғаған тұлымшағын,
 ...күндіз-түні жағамын ғылым шамын,
 мен білемін, білмеймін нені білдім,
 толғамалы ой заңын ұғынса кім,
 шыр айналар тірлікте мына менше,
 бір қараңыз: сәбидің шуағы енсе
 қуаналық. Ал, бала бейкүнәлі,
 туа сала қанаты қырқылады.
 Түн төнерде шекеден ай қоралы,
 ата-анасы
 сәбиін лайлағы
 дәл өзіндей өрмекке байлағалы,
 күшін салар. Ойлаңыз аз уақытта,

 бала жансыз денеге айналады.
 Ақ табиғат сыйлаған сезімдері,
 сүю, сену, жарқылы көзіндегі,
 ұғу, төзу, меңгеру, үміттену,
 қалау райы бойынан безінеді.
 Қайран сәби! аяймын мен оларды,
 Жаратқаны пәк етіп қалағанды
 қара суға батырды-ау бөтен қолы,
 жүрек қалай саябыр соға алады?
 Ал бірде қораш қалып Құдай заңы,
 түбіттенер пенденің сұр ойлары,
 жалғыз ғана патшаның қолхатымен,
 жүз миллион тағдырдың талайлары
 қанға бөгер. Бұл менің ақылыма
 сыймайды. Кеште екі шақырымға
 ой желімен ұзаймын жан мүжіліп,
 Жаратқаным жұбаныш пақырына.

Дауыс II

(үнсіздік)

Дауыс I

 Ерте, ерте, ертеде еді,
 бір бақаны өлкедегі
 зау шаһарға уәзір етті,
 уәзір етті құзіретті.
 жұрт қарады
 жасыл бақа,
 жымыңдайды баяғыша.
 баяғыдай жосылғаны,
 баяғыдай ой ағысы.
 Бірақ оны көп адамдар,
 көп адамдар дана дейді.
 қымсынады қарағандар,
 қарағандар сөйлемейді.
 Адамзаттық бағалаудың,
 бағзыдан-ақ орайы осы.
 ой-сананы
 әр адамның
 мансабына қарай өлшер.
 Мен де солай жорығамын,
 мен де солай шүбә етпедім.
 Отеллоның налығанын,
 Шекспирдің сонеттерін
 оқып бердім кезіккенге,
 оқып бердім жағалыға,
 түстім қайта сосын мен де,
 оңашалық аралына.
 Белгілі ғой әдеттері,
 ақылына сыймас сөзді
 ешкім сүймес!
 желөкпелі,
 атанарсың қызыл көзді!

Дауыс II

 Өмірді «қара!» деудің мәні бар ма?!
 қаралық жоралғыдай жаны барға.
 Шығыстан шапағатшыл жел еседі,
 өзекті өмір суы қарығанда.

Дауыс I

 Қақ жарылды бұл кеудем қара тастай,
 қапалықтан жауырыны жара тастай.
 күз келгенше болып ем көнерместей,
 қарсы жолға болып ем қарамастай.
 Қақ жарылды бұл кеудем қара жердей,
 жеті ғасыр жұбанған дана жердей.
 боз жусанға болып ем сыр айтқандай,
 саналыға болып ем сөйлегендей.
 «Өкінішті өмірді ертедегі
 өзгертуге дәл бүгін серт емемін!»
 деуші едім дәруіштей өлкедегі
 дабырлаған үнімнен дерт өнеді.
 Ғылым!-дедім адамның мол азығы,
 Ғылым!-дедім мәңгі бүр жаратыны,
 ғұмыр кешкен менсіз де жеті ғасыр,
 түссіз кәрі қоғамның бала ақылы,
 дағдысымен бұрынғы запы еткенін,
 білсең еді! Түйесін жетектеуін
 ұмытпаған пенделер
 анық жолды,
 сөйлегенді жұлқылап жат еткенін
 көремін де күрсінем қоңыраудай,
 қамшы жасы құйылған омыраудай,
 жапа-жалғыз шығыппын ұзақ түнге,
 қас қылғанда қолыма жарық алмай.
 Қақ жарылды бұл кеудем құлын жердей,
 жанарымның пердесі түрілгендей,
 бейтанысқа дарағым бұрылғандай,
 бақи сыры дәл бүгін білінгендей...

Дауыс II

Нені айтарсың кілегей қоғам жайлы?

Дауыс I

Қажетсіз түс Шығыстан қараңдайды,
қажетсіз сөз Батыстан қараңдайды,
қажетсіз түр алдымнан көлегейлер,
қажетсіз ой соңымнан манаурайды.
Қажетсіз көз жұтады көңілдерді,
қажетсіз жол жұтады өмірлерді,
қажетсіз көп қағазға көмілгендер,
қажетсізден ғұмырда жеңілгенін
сезбейді де! Қажетсіз қара сағым,
қажетсізге ғана әркез жол ашарын
қажетсізге ғана әркез тұз қосарын
және содан күтерін болашағын
ойлай-ойлай құрысып арқа-басым,
айырмасқа қасық пен қант арасын,
аңқам кеуіп кешқұрым мекендеймін,
белгісіз бен бөтеннің дәмханасын.

Дауыс II

Өмірдің бір сәтінде Құдайды тапқан секілдімін...

Дауыс I

Өмір және оның мәні жайлы ештеңе білмейтін, ғұмырда тек дүкен жұмысын ғана жақсы меңгерген әйел сізге дауыс көтереді. Сонда үнсіздіктің үлкен күш екенін түсінесіз. Ал сіз өмірдің бір сәтінде Құдайды тауып, оның сәулесіне жылынып үлгердіңіз. Бірақ бұл жолға өз ақылыңызбен жетпеген соң, кейде қалың күмән тоғайына енесіз. Кейде сізге Нище мен Декарт әлдеқайда ақылды әрі заманауи сезіледі. Ал Шығыс өркениетінің ілімі ескілік тонын жамылған қарт епископтай елестейді санаңызға. Иә, анам бірде өзі тербеткен бесігін ескілікке санап қоқысқа лақтырмақ болған адамдар жайлы айтқан. Оның үстіне сіз көпке сенгіш бола бастайсыз және жүзден бір адамның ғана жүректі болатынын естен шығарып олардың түсіне боялуға аз қаласыз. Адам ақылды өзі табады, ал жүректі Тәңір береді. Кейде сіз адамдардың көлеңкелі тұсын көргіш бола түсесіз. Бірақ «мұрның иіс сезбесе гүлді кінәлама» даналығына мән бергейсіз. Сіз осыдан бірнеше жыл бұрын санаңызға түскен сәулені малданып әлдеқшан Құдайды тапқаныңыз жайлы шешім шығардыңыз. Бірақ жарты күн Оны ұмытсаңыз ол да сізден сәулесін ала қашатынын кеш түсінесіз. Миыңызда әлі ашылмаған миллиард галактика, нешеме ғаламшар барын есте тұтыңыз. Сіз Құдайды өмірдің кейбір сәтінен ғана іздемеңіз, әр күннен, әр минут пен секундтан іздеңіз, сонда үнемі күлімдеп жүретініңізге куәлік етемін.

Дауыс II

Жүрек іші қай кезде тыныш табар?

Дауыс I

 абзацтай сөйлемнен қылаңдаған,
 немесе ерке қонжықтай тіл алмаған,
 логикалық тізбекке бұрылмаған,
 тек сезінген, сезінеген!..
 мұнарланған
 сұрақ қанша жүректе, сауал қанша,
 су тамшылар анығын таба алғанша,
 диірменің тасындай мол білімім,
 бір жүректің түбіне жамалмаса
 бәрі бекер!
 ал, жүрек тыныш табу,
 үшін де ренжітпелік құмырсқаны,
 үшін де ренжітепелік инелікті,
 үшін де былғамалық гүлстанды.
 Тазарса адам жүзі қылыш болар,
 тазарса жалғыз адам ұлыс болар,
 кісінің уылжыған сом жүрегі,
 бір ғана Хақты ойлаумен тыныш табар!..

ЭПИЛОГ ОРНЫНА

Бар ма екен адамның құны мен дерегі,
бар ма екен үміттің көзі мен қалпағы.
айталық, маскүнем әкенің сөздері себебі
жас бала тұйықтық азабын тартады.
бар ма екен сұрау мен жауаптар бұл жайға,
бар ма екен аталық сезімнің отаны.
мәселен, кім ұшу үйретер торғайға,
қырандар қай тауда ұйқыға батады?
Егер де кесіртке су болса малмандай,
құрғатар жалғыз сен емес пе, Тәңірім,
балада перзенттік мейірім болғандай,
әке де перзентке құймас па жалынын?
Бар ма екен ездік пен жасықтық семсері,
бар ма екен сүю мен сүйе алу талабы.
әр адам орайға үңіліп көрсе еді,
толқытса оларды рухының қалауы.
жаттанды шешім мен қолдарға л,л,л,л!
айтыңыз сарай мен шаштараз аурасын,
айтыңыз қырықаяқтың оныншы аяғын,
айтыңыз етіктің елеусіз сырмасын.
Беймәлім атом мен мұнайшы ұлдары,
ұмытқан үкілер, хорлар мен халықтар,
жесірдің өкпесі, қайыршы жұмбағы,
үнсіздік қылышын сермеген алыптар!
айтыңыз қар жапқан бұтаның ойларын,
айтыңыз момақан көк тудың тоңғанын,
мұртшаға ілінген қымыздың қаймағын,
кім білер археолог күрегі арманын?
көлік пе, өмір ме жолдарға қатынар,
неге үнсіз қаһарман түлегі майданның,
жіңішке бір дауыс алыстан шақырар,
мен сол бір дауыстың өзіне айналдым!..

author

Батырхан Сәрсенхан

АҚЫН

Шоу-бизнес

Атақты продюсер Баян Мақсатқызы сұхбат барысында өмірінде өткен қиын кезеңдерімен бөлісті, деп хабар...

Жаңалықтар

Бүгін ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен Қ. Қуанышбаев атындағы Қазақ Ұлттық музыкал...