Егер Алла Тағала менің өмірімнің жалған екендігін бір сәтке ұмытып, маған титтей ғана ғұмыр сый...
Сұраған Рахметұлы. Метамодернизм
Қара түн бүркеген жаңбырлы іңірдің күбір, сыбырын тыңдап, Қараөткелдің сербегіне төніп көсіліп жататын көрпештің сеңсеңіндей бұлттардың сұсты сүгіретінде бір таңғажайып сұрық тұратын-ды. Іңір маған Тәңірдің ең жақын келетін мезеті секілденетін. Қалай дегенмен де бүткіл жұлдыздар жамырап біздің қоңыртабан күзеудің өңіріне түнейтін түндерді ұмыта алмаймын. Әсте...
Ат байлайтын айырдіңгекке Ай шуағы тұнып, құдайдың өзі келіп үзеңгі шіреп түсіп, шылбыр ілердей, тұрманды күліктің бүткіл Бөктерді дү-ү-ү-р-р еткізіп сілкінеріндей бейғайып сәттердің сүгіреті. Бұлттың жаураң жүзінде әжесінің иығына сүйеніп қамсыз тұрған балалық шағыңның тізесі жыртық тілкім бейнең! Құдірет шебердің шебері. Ай шомылған Қараөткелдің кәусарынан уыстап ұрттап тұрып әлдебір өлеңнің иісін сезетін едік. Көктемгі түннің қылаң мұнарлы көгінде күндізгі құстың тырауы тұнып тұрар-ды. Енді бір ғана қадам аттасаң жұмақ ғаламға тура жетіп барадай ұмсынатынбыз. Баяғы төртқұлақты тамның төрткөз терезесіне жұққан сан жұмбақ қыраулары түгел өлеңнің құпия кілтіндей тұнған сілтідей! Еркіңнен тысқары... Көмейіңде бір шөл бар секілді... Бір тылсым дүниенің уысындасың. Бостан емесің анық!
Өз деміңе тұншығасың, қарадай бірдеңе жетпейді! Осындайда ақ әженің қалтасынан табылатын бір шағым шағырмақтың дәміндей нәрді аңсайсың, ә!?
Бірдеңені өзгерткің келеді, содан қауқарсыз екеніңді мойындайсың! Бозалаң шағыңды өзіңнен жыртып алып қалған ғұмырыңды түрткің келеді. Өкініштісі - Тәңірің сені әлемдік әдебиеттен шетін аулақта туғызған...
Сенің үшін батыстың шегірен қалың мұқабасы жабық әрі бейтаныста ма?! Ғаламды төңкерер пәлсафалық бағыттар, күйтабақтағы Людвиг ван Бетховен өлген кездегі шырқау - «Реквием до-минор». Тіпті «Түрмеден қашқан» Құрманғазы да алыс па?! Алайда осы бір тылсымнан алған ішкі күшің өзіңді өзіңнен бөліп ХІХ ғасырға шегереді! Содан соңыра Марсель Прүст (1817-1922) жазбасына жапақтай бастайсың!? Жоғалтқан уақытыңды іздеп (A la recher-che du temps perdu) өз ішіңде бұралқы итше қаңғырып жүресің!? Неге осы бір қызтеке жебірей соншама қызықты!? Бір тақырыпты қамтыған 15 романы ма!? Олай емес секілді. Оның кісәпірлігінен рас пайымы таң райлы ма?! Алақаныңа қарайсың... Жалаңаяқ табаныңды сүйген қиыршық тастың еріні мен изеннің кірпіктері уақытыңды үзіп алып қалғанын соңынан сезесің!? Уақыттың өзіңе арнаған құдайдың ерекше қисыны екенін бәрібір кеш білесің. Өзіңде өз өлшемің болуын қиялдайсың!? Алайда өз өлшемің әлі де өспеген... Десе де құлықсанаңның ернеуінде бір ұя бар. Сол ұядан өзің көрген көшпелі өркениеттің сарынын естисің. Артық қасиетің - жүрегімен домбыра шертетін түземдік жүбің! Эллирейдегі лағынды иен аралдан емессің, түйелер жүзген сағымды сары далаға тән күш еншіңде! Көкірегіңде түйелі көштің үні бар. Төрткүл әлемдік өркениетте көштің үнін сезіну үшін төрт қабырғада туғандығың мүлдемге жетіспейді.
Өзіңнен көшіп құтыла алмайсың.
Себебі, алақаныңдағы сызықтың түгелі сені тапқан қаныңның төл сұлбасы. Әлемдік құндылыққа әзір қолжетімсіз болуың мүмкін. Әлемдік құндылық дегенің өзі екіұшты пышақ секілді... Күлтегіннің тас бәдізін қашаған!
Метамодернизм жаңа ғасырдың босағасын аттады. Өркениеттер тоғысында қайнаған сананың өрт шалған бойына қарай өрмелеген ойдың жорығы. Соцконцлагерьде соққыға жығылған еркіндіктің қайта өрлеуі секілді. Ми сіңді болған әлеуметке жұққан бірсыпыра қисындар бізді біршама титықтатқан еді. Өз санасынан адасқан құмыққан жандар үшін бұл метамодернизм қисыны мүлде бейтаныс болары хақ. Сана мен сезімнің сан мың жылдық бұлқыныстары былайғы руханият егелеріне тағы бір тың таңдауды ұсынды. Қазақ даласына кереге керген ақбөкен елге мұндай ұсыныс Тәңір сыйы болуы да ғажап емес. Көркемсурет және әдебиет, музыка, сәулет өнерінен көрінетін өзгешелеу қисындардың бәрі бірі екіншісіне қатысты да болмаса керек. Бірі бір шекпеннің (шинельдің) ішінен бір демде «бүрленіп» пайда болмасы да хақ. Мысалы, қазақ әдебиетіне ағымдардан сәл бұрын енген сентиментальдық көрініс - сұңғыла жазушы Бейімбет Майлиннің (1894-1938) «Шұғаның белгісі». Бұл жаңалық па, емес пе, өңге әңгімеге арқау дейік.
Бірақ, түп төркіні мен тамыры бір… Шарль Бодлердің (1821-1867) қиялы ХІХ ғасырдың соңында бір жаңалықтың бетін тырнап өткен! Бұл ширыққан құбылыстың шыққан жері - байырғы Париж, туған жылы - ХХ ғасырдың басы, есімі - модернизм. Кубизммен күндес туған ілім. Модернизмнің өмір сүрген шегі елу неше жыл ғана. Алпысыншы жылдың аяғына таяу, жетпісінші жылға жетер жетпесте жойылған. Модернизм, постмодернизм екеуі «ағайынды» ұғым тағы емес. Екі өңге ұғым, бөгде ілім мүлдемге. Модернизм – руханиятта анық көрінудің шебін құрды, постмодернизм – шешен айтудың шегіне жетті. Біріншісі - кесек таным, екіншісі майда шеберлікке жол ашты.
Мұндайда нені ойламайсың!? Оноре де Бальзактің (1799-1850) «Ібілістің мұрагері» (1835) өз шешімімен реализмнің қанжығасынан оқыстан түсіп қалған дүние секілді??? Жиырма неше жыл өткенде 1857 жылы Бодлердің «Шайтан гүл» атты жинағы қышқұмырада дестесін жарды!?
Енді сол жерде метамодернизмнің орны да көрініп, кеңістігі жайыла түсті. Бүткіл Еуропаға етегін кең жайған авангардтармен бірге тағы да импрессионизм ағымы қосарласты. Әлемнің жарты бөлігінің басын шырмаған зороастризм сенімін ұштап құдайдың о дүниеге кеткенін зар етіп Ницше жетті. Ол кемелдікке қарай беттеген адамзат санасының жұртқа беймәлім тұстарын қопарды. Оның соңынан Стефан Малларме символизмі, Зигмунд Фрейдтің (1856-1939) түс жорамалы, Пабло Пикассоның кубистік кескіндемелері бүр жарды. Ал, Жюль Лефевр (1836-1911) өзгеше кескінмен туды да өзгеше өмір сүрді. Бұлар тек бүткіл әлемдік шіркеуде күркіреу мен дүмпулердің алдында ғана тірілген. Тауарихтың қаламұшынан қанды сия ақты!
Осыдан кейін 1937 жылдары біздің тілге тиек еткен модернизм – адамзат санасына әкелінген оба делініп «түрмеге» түскен. Дүниедегі әмбебап ақиқаттың аяғына нацистік тұсамыс салынды. Ал кеңестік сталиншіл бөртпе тәртіпте Жданов деген әпербақан хайуан бұл қисынды тұтастай мұрнын тесіп жетектеп алған болатын.
Енді міне постмодернизмнің (постақиқат) ауаны қоғамның ақиқатты қабылдау пайымына абстракциялық ұлығаусар серпілістер әкелді. Алайда метамодернизм қарапайым қазақы қисын аясында тіптен де нақты һәм Асқар Сүлейменовтің (1938-1992) пайымы бойынша - «шындық көп, ақиқат жалқы» деген мән. Осылай дегенімен синкреттік ұлы сананы да ұсынды. Әлемнің нақты болмысын айпара ашу, ғаламдық биікте сергек оянудың басында (авангардтық) құбылыстарға үңілуді үйрете келді. Бұл құбылыс болғанымен құдіреттер жиыны емес еді. Мысалы, итальяндық өзекті футуризм су жаңа замандық ағымды қиялдағы ғажайыптармен толысады деп болжады. Муссолинизм бөрілік салауаты осыған негізделе қалыптасқан болуы да мүмкін!?
ХІХ ғасыр түгелдей жаңалық ғасыры болды. Физикадағы кванттық есе-есе жаңалықпен қоса қаншама тірі серпіндер келді. Әуелгі аспанға шықау биіктегі сәулет, Эдисонның ашқан электрі, Вилгельмнің рентгені, Томсонның катод сәулесі, кинотоскоп, сымсыз байланыс құралы, дыбыстан жылдам ұшақтың дәуірі, Эйнштейннің салыстырмалық қисындары және пенициллинге дейінгі жүз жыл модернизммен шамалас! Испаниялық сюрреалист Сальвадор Дали (1904-1989) санасына дейін аяқтанып үлгерген бірнеше кино күллі техникалық дәуірдің ең кемел тынысын ашты. Бейнетаспадағы ербең сүгіреттер адамзаттың кірбең санасына ең алдымен бұ дүниеде еш құпия қалмағанына куә болған.
Кеңестік Сергей Эйзенштейн «Сауытты Потёмкин» (1925) киносын берді. Алайда агитпроптық, кеңестік әсіре ресми өнерге қарсы андеграундтық тіпті индепенденттік (тәуелсіз) ағымдардың көзі осыдан кейін ашыла берген секілді!
Құдіретті әуен мен көркем сүгіреттің бояулары осы модернизм ауанында бірін бірі шүбәсіз толықтыра берді. Мұндағы есе бірегей керемет дүние сөз саптау шеберлігіне ерекше орын табылды. Жеймс Жойстың «Улисс» (Ulysses) 1922-1939 жарық көрген керемет романындағы ғарыши өрескел өрімдер оқырманды өзіне төте баурап алу жолында бұрынғыдан бөлек сұлбаны көрсетті. «Улисс» романы капиталистік қоғамның бетін тырнап (pasguil) ит сілікпесін шығарумен бірге, соңынан соншама еліктеушілерді ертті. Кітап толық жарияланбай жатып-ақ ауызбен айтып жеткізгісіз дау туғызды.
Бұл аралықта Американың төмен етекті жазушысы Гертруда Стайн (1874-1946) «Tender Buttons» (1914),«The Making of Americans» (1925) эксперименталистік бағыттағы романдарымен түрендетті. Осы модернизм ұлы төңкерісінің рухани көшбасшыларының ең ірісі Эзра Паунд (1885-1972) аламан төңкеріс жасай алды. Бірақ, өмірінің соңыра 12 жылғы «әуіре» өмірі жындыханаға байлатып, тірідей қорлықты басынан өткерген ақын өзінің жүрген жолының түзу екенін әдеби Тәңірдің алдында дәлелдеп кетіпті. Паундтың «Пизаның үні» бірегей құбылыс.
Осы кезеңдегі Лев Толстой (1820-1910) ғаламдық екі ірі туындысын ұсынған.
«Соғыс және бейбітшілік» (1869), «Анна Каренина» (1877) арқылы қоғам және жеке тұлға аралық қайшылықты айтады. Құлықсананы биік метадеңгейге дейін көтереді. Ескі пайымның өзгеруіне өзгеше шеберлікпен сипаттама орын алатынын меңзейді. Аласұрған көңіліңе жел берер, желбірек сезім ішінде пәлсафалық шүңет ой, өз әлемін айпаруға арнайы ішәрекеттің самалы бірден сезіледі! Ұлы жазушы еуропалық жазармандар шиырлаған қопалы, қолатты жолдан мүлде өңге таза сүрлеу салған секілді.
Осындай романдар қатарында қазақтың ұлы классигі Мағауиннің «Мен» ғұмырнамалық хамса романы да (1996-1998) талай бүркеулі қоғамдағы сыңаржақ идеология мен қызыл жалаумен бүркенген ақиқаттың бетін ашуға ерекше рөл атқарды. Қазақ әдебиетін ең биікке сүйреген атышулы «Я идеал» роман - осы ұлы талант Мағауиннің «Мені». Тіл деген ойдың өрісі, ойдың өз өнімі екенін білдіретін саф тұмалық - тұншығып баражатқан ұлттың көкірегіне аруананың үніндей дәру-ауа (аура) болған-ды.
Пайым яки бейпайым теориясы арқылы өнер және әдебиеттің жілік майын кеміктеп шығарған Фрейдтің psychoanalyse қисыны бар.
Адамның тысқы пошымы ішкі пайымының далдасында тұратын құбылыс екенін Мағауин ағам да «Сары қазақ» бестселлер романында өткізе, жеткізе сырлайды. Тілдің су жаңа керемет лепесін, психологиялық жантанудың жаңа тәсілін жасайды!
Осылай миллион ғасырлық мидың шөкім өлшемімен адамзаттың ғұмырын нешеме жүздеген дециллион жылдарға сапар шегерміз. Масалардың таныс ызыңы таңғайып өлеңге айналар дәуірге дейін!
Метамодернизм табиғаты әлі де толық ашыла қойған жоқ. Тіптен біздің санадағы табиғи үдерістен де күрделі қисын секілді!? Стивен Хокингтің «Шексіздік» қисыны ауанында ұлы жарылыстар мен мәңгілік түнектер тек жасанды ес туралы долбарланады.
Алайда поэзияда осы қисынның нақты белгілері де жоқ емес. Түс секілді ғұмырда құпия көп. Ғұмырдағы өрнектен өңге. Ал, түстің логикасы бола ма!? Осы саңғал сауал ғасырлар бойы әдебиетшілерді мазалап келді. Поэзияда ой мен тілдің нақты жүйесін үйлестіретін құдірет қазақ тілінде де бар. Тілсіз - үн, үнсіз - тіл жоқ. Расы осы! Поэзия - адамның (текті оқырманның) ішкі ой, санасының қалтарысында пайда болған «тірі ағза». Оның өмір сүретін дәуірі ішкі және тысқы әлемге тіке шандулы. Әлем шексіз кеңістіктен тұрар болса, поэзия да соған ұқсас. Өлең - шаттану мен жабығудың жұғыны. Ақынның ішкі жандүниесінде жалғыздық «өмір сүреді». Мұң – адамды жарақаттайтын, және жандандыратын құбылыс!
«...Қаздар ұшып барады... Оралмайтын... Қанатына көктемді ілестіріп...» Мәңгілік аңсар аясында Тұманбай Молдағалиұлының метакеңісі, әлемдік зәу биігі көрінеді. «...Сары-ала жапырақтар жақсылықтың орынында жатқан балқып...» Сағыныш қой! «Адамзаттың заңғар ұлылығын сағынышымен есепке алған...» Төлеген Айберген ақын (1937-1967) тағы да! Егер қымбаттым сіз білетін Шығыс пен Батыста бұлардан өзгеше сызылған керемет келісімді назым, нәзиралар есіңізде болса бізге шамалы айтарсыз!? Ғаламдық поэзиясы өз бағында гүлдеп келе жатқан рух. Мұндағы кілтипан – әр елдің ақындары Елизабет Бишоп (1911-1979) қатарлы жаңашылдармен жолға таласпайды да. Осы кемеңгердің уақыт, кеңістік туралы өлшемі: «...көзімді жұмсам да көрем сені...» (Тұманбай) дегені. Мінеки тағыда: «...Уақыттың өзін де дарға асқан...» (Ұлықбек Есдәулет) түйдек түйімі бар көп өлшемнің бірегейлері жүр. Бұлардың қай-қайсысы да шексіздіктің тәумені.
Метамодернизм - көшпенді сүгіреттер тізбегі бізге беттеп жөңкігені сезіледі!