Тылсыммен танысу ("Қарақуыс" романы хақында)

ӘДЕБИЕТ
2568

Көркем әдебиеттің электрондық нұсқасын қағаздағыдай тұщынып оқи алмаймын. Шығарма құдіретінің тынысы тарылып, үні тұншығатындай. 

 Заман Төлеуовтың «Қарақуыс» романы «Алтын қалам» жүлдесін алыпты дегенді естіп, бұл нағылған туынды болды екен деген әуестігім оянған. Кітапті қолға түсіре алмадым. «Мәдениет» порталындағы электрондық нұсқасын қанағат тұтуға тура келді. 

 Роман 13 тараудан тұрады екен. Бірінші тарауы қаңтар айының – жетісінде, араға екі күн салып, екінші тарауы жарияланды. Екінші тарауын күтіп жүргенде бірінші тараудан алған әсерім суып қалды. Бір жұтым зәмзәм судың жартысымен – түсте, қалғанымен кеште тамақ жібіткендей болдым.  

 Қой, бұлай татып-қашып береке таппайды екем! Одан да 13 тарауы түгел жарияланғанда жинап бірақ оқиын дедім. 

  «Қарақуыс» қай тұсқа келіп қалғанын білмек боп, оқта-текте «Мәдениет» порталының босағасынан сығалап қойып жүрдім. «Қобландының сайдан шыға алмай» ұзақ жүрді. Портал оқырманның шыдамын сынға салды. Мен де сабырлық сақтап бақтым.

 Не керек, 49 күн дегенде барып, романның 13-тарауы жарияланды-ау! Күрке тауықтың астына салған жұмыртқадан балапан шығатын уақыт болды. Мейлі дедім! «Қарақуыстың» бірінші тарауынан қайта бастап (екі тарауын бұрын оқып қойсам да), сіміруге кірістім. Шығарманы үзбеген қандай рақат! Бір деммен кетті.

 Ее, сонша тағатсыздана күтетіндей «Қарақуыс» қайдан шыққан әулие жазушының кітабі еді дерсіз. Өзім де білмеймін, қайдан шыққанын. Жә, қойшы, қайдан шықса одан шықсын, әйтеуір жерден жік шыққан, екі құлағы тік шыққан сияқты! 

 Романның алғашқы екі тарауы шым-шытырық қияли оқиғаға толы. Ерекше мінезді Ғалам атты кісінің іргелес әлемнен келген тірі адам кейпіндегі елес-егізі шығарма кейіпкерлерінің де, оқырманның да есін аударып, әптер-тәптерін шығарады. 

 Аязда үсіп өлген елес-егіз қайта тіріліп, мәйітханадан қашып кетеді. Жай ғана қашып кетсе жақсы ғой. Ертесіне мәйітті союға келген паталог-анатом темір тақтайда екі аяғын салбыратып отырған тірі адамды көріп есінен танып құламай ма. Ана пәтшағар мұның үстіндегі киімін сыпырып киіп алғанымен қоймай, тыр жалаңаш дәрігерді тақтайшаға жатқызып, бетін дәке жамылғымен жауып кетеді. 

 Есін жиған кездегі бейшара дәрігердің қандай әрекетте болғанын айтпай-ақ қояйын, өзіңіз «Қарақуыстан» оқып аларсыз. Әзірше көзіңізге елестете тұрыңыз! 

 Қойшы әйтеуір, сол арадағылардың бәрі жынданып кетуге шақ қалады. Ақ қалпағы бір жағына мыжырайып, аузына «қашып кетті» дегеннен басқа сөз түспей тілі күрмелген байғұс бас дәрігердің күйін адамның басына бермесін! 

 Оқып отырып, күлкіден жарылып өле жаздадым. Құдай біледі-ау, дәп сол сәт қан қысымым екі жүзге бірақ көтерілген шығар! Автор майын тамыза суреттеген әлгі көрініс көпке дейін көз алдымнан кетсеші! Есіме түссе, өзімді-өзім тоқтата алмай, жынды адам құсап күле берем. 

 Оқырман оқиғаны дәл қасында тұрғандай «көрсе», сезінсе, бұл – сөз жоқ, жазушы шеберлігінің шыңы.

 Романның ары қарайғы тарауларын оқи отырып, жаймен суына бастағандай болдым. Ғаламның елес-егізі сол кеткеннен мол кетті. Ал мен оны қайта келіп, тағы бірдеңелерді бүлдірер деп күттім. Жоқ, сол бойы ұшты-күйді аллауәкбар болды. 

 Сюжет желісі жалт бұрылып, басқа арнаға түсіп кеткендей. 

 Мені елең еткізген тағы бір жайды баяндай кетейін.   

  Жан әлемінің шынайы табиғатын көре алатын қырағы көз адам баласына бұйырмапты. Бірақ кей пенделер көзге көрінбегенімен, көңілде елес беретін нәзік тылсымды сезінетін қасиетке ие. Жасы алпыстан асқан Ғалам мен қауызын жаңа жарған гүл ару – Қырмызының жаратылысында осындай ерекшелік қылаң берген. Шал мен қыздың арасын байланыстырып тұрған бір тылсым бар. Автор оқырманын сол тылсыммен таныстыруға талпынады. Жұмыр басты пендеге мұның сырына сүңгу оңай емес. Бар ұққаным ана тылсымның  қасында пендеуи түсініктегі ғашықтық сезімі әдірем қалады. Ол –күнәден пәк, мөлдір, шынайы, әрі нәзік, әрі берік тылсым.

  Бұл жайлы 11- тарауда былай делінген: «Өзінің қызымен жасты балаға ғашық деуі әрине орынсыз. Ондай пиғылды ол ажал аузында жатса да мойындамасына күмәнсіз. Бұл – махаббат, құштарлық, ынтықтық деп ұсақтап, талдап әкететін көпшілікке ортақ сезім емес, әлдеқайда өзгеше бір мағынаға ие, киелі түйсік тәрізді. Мүмкін, жер бетіндегі жұрттың аңғара бермейтін, тіпті оларға тиесілі де емес, бір тылсымдық жұпары болар».

 Жазушы адам атаулыға о баста Жаратқанның өзі берген осындай сезімді – Ғалам мен Қырмызының тылсым әлемін аңсайтын сияқты... 

 «Иә, бұл – қарапайым орта үшін қалыптан ауытқу. Негізінде жалпыға бірдей қалыпты кім ойлап тапты? Ол да саясат деп аталатын бір құйтұрқының амалы да... Демек, Ғалам мен Қырмызының әлемдері де бар болуға құқылы. Ол түгілі есінен ауысқан науқастың да өзіндік сандырақ әлемі бар ғой» дейді автор. 

 Тағы бір байқағаным: алғашқы екі тарауда көтерілген «қан қысымым» соңғы тарауларға беттеген сайын төмен сырғи берді, тіпті «тамыр соғысым» сезілмей бара жатқандай болды. Романдағы оқиға желісінің бастапқы ширақ арқауы босап, түрлі тарапқа бытырап, майда сағаларды саялап кеткен сияқты көрінді. Айта-айта жауыр болған, ел тірлігіндегі күйіп тұрған мәселелер Ғалам мен Қырмызының арасындағы ұзын-сонар диалогқа ғана негіз болып, жалаң баяндауға ұқсап қалған. Иә, әдемі, көркем тілмен баяндау. Оған дау жоқ. Соған қарамай, соңғы тарауларды: «аяғына дейін шыда» деп, өзімді қыстағандай боп оқыдым. Бәлкім бұл автордың айтар ойды жеткізудегі өзіндік әдісі болар. Қайдан білейін. Қалай дегенде де, қарапайым оқырман ретінде мені романның аяқ жағы аздап жалықтырғандай. 

 Әйтседе «Қарақуыс» - сарыны да, сазы да бөлек туынды. О заман, бұ заман, өзіміз көріп жүрген күйкі тіршіліктің сан сырлы күмбірін тілінің сөлін сорғалатып, құбылтып жеткізген. Әр сөйлемнің астарына тереңірек үңілген оқырман тылсымдықтың ішінен оянған мөлдір ойларға шөлін қандырады. Әр сөзі айтпақ ойына пышақтың қынындай дөп келеді. Логикасы тасқа таңба басқандай. Аузына салған сөз арқылы кейіпкер болмысын шебер айшықтайды.

 «Алдына кісі салып айдамаса ас батпайтын», «керек пе, керек емес пе бәрібір, жасалмай жатқан бір жұмыс таба қойып», Ғаламды өзінің жекеменшігіндей еңбекке жегетін қаракемпір Қатшаның әдеби образы керемет шыққан. 

 Һас жазарман әр кейіпкерінің жан дүниесіне құлаштай сүңгіп барып, сүзіп шыққан қуатты нұрды құмарлана, құшырлана, құныға оқырманның жүрегіне құяды. Шығарма құдіреті деген – осы! 

 Автор Ғаламның аузына мынандай сөз салады: «Қарақуыс материалды дүниенің қоймасы болса, Аққуыста рухани құндылықтар сақталады-мыс...». (Ол мұны ғаламтордан оқыпты). Яни, мен «Қарақуыста» жүрген болдым ғой? ...Қазіргі жай-күйім кісі қызығарлықтай емес, орнынан қозғалып кеткен сең тәріздімін, Алдымдағы барша кедергіні жайпап барып, жетер жеріме жеткен соң, бірақ тоқтауым мүмкін. Немесе сол сең өзімді таптап, бұл жалғанның бетінен жұқанамды жоқ қылуы да мүмкін... Бойымда сабыр болғанымен алаңым үдеп барады...».

 Романдағы айтылатын негізгі ой осы бір сүбелі тұжырыммен түйінделген тәрізді. Адамзат баласы өзінің «Қарақуысқа» түсіп кеткенін енді түсінгендей. Сең орнынан қозғалды. Енді ол жолындағы барша кедергіні жайпап барып, жетер жеріне жетіп тоқтайды. Немесе сең жанды тіршілік атаулыны таптап күйретеді де, ақырзаман орнайды. Сырт қарағанда мына дүние сабырлы болып көрінгенімен адамзат баласының көңілінде алаң бар. 

 Туындының идеялық құндылығы да осы ойда жатыр.

Гүлмәрия Барманбекова

author

Заман Төлеуов

ЖАЗУШЫ

Жаңалықтар

«Қазпошта» АҚ басқарма төрағасы Әсел Жанасова журналистердің сұрағына жауап берді, деп х...

Қоғам

Алматыда баннер орнатып жатқан өнеркәсіптік альпинист 12-қабаттан құлап, қайтыс болды, деп хабарлады...