Шынай Рахметұлы. Зәудеғалам

ӘДЕБИЕТ
4743

(Романнан үзінді)

Бұл романда Моңғолиядағы қазақ қауымының ХХ, ХХІ ғасыр аралығындағы өмір-тіршілігі, қоғамдық жағдайы, өзіндік дүниетанымы, көрші елдермен қарым-қатынасы – ерекше жағдайлар мен қиын-қыстау оқиғаларды бастан кешкен қайсар адамдардың өмірі арқылы нақтылы шындықпен, сол елдегі қазақтардың төл тіл-кестесімен қызықты суреттелген. Редакторы Бауыржан Бейбітханұлы. Улаанбаатар-2021. «Монлойс» баспасы.

Шынай Рахметұлы


ҚАМАҚТАН ҚУЫЛҒАН ҚАРАУЫЛ

Тоқа қашып құтылып кеткеннен кейін, қырқыншы жылдардағы сол бір аласапыран күндердің бірінде «Айрықша бір үлкен маңызды міндет атқарасың» деп қарауыл Ерназарды түрме бастығы қасына ертіп, ішкі істер бөлімі бастығының кеңсесіне алып келді. Кеңседе сот, прокуратура дейме-ау заң ұйымдарының «сүт бетінде қаймақ» өңшең игі-жақсылары жиналған екен. Жасанып жауға аттанатындай сұқпыттары тым сұсты.

Дүние жүзі дәрежесінде жүріліп жатқан қанды соғыстан да күрделі мәселені шешетіндей жиналғандардың түстерінен жан түңілерлік қатулы, қабақтары қатыңқы. Үлкен үстелді айнала қоршап отырғандардың бәрінің төбесінен шұқшия қарап, бидайдай қуыратын бастық төрде отыр. Әдеттгідей емес, өзінен мәнсабы жоғары орталықтан келген өкіл болар, маршал Чойбалсанның дәл өзіне ұқсап киініп, белге пистолет тағып, қылыш асынып, омырауына таққан орден, медальдары жарқырап, алтын тістерін көрсету үшін аузын аңқита ашып, шырт-шырт түкіріп, түксие түнерген біреудің ығында құрдай жорғалайды. 

Оған жаутаңдай қарап күбірлесіп-сыбырласып әлдеқандай бір келісімге келген сияқты, шыбындаған жылқыдай басын шұлғып-шұлғып алды да, Ерназардың ізет білдіре сәлем бергеніне қарамастан тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйінін айтып тікелей бұйрық атты:

– Бүгін түнде Шалғынбай қамаудан шығарылады, – деді қабағы қарс жабылып, Ерназардың бас-аяғын тінте шолып шығып, нендей ойы бар екен дегендей өткір көзімен өңменінен өткізе ішіп-жей, тесіле, сұстана қарап. «Шығарылады» деген сөзді Ерназар жақсыға жорыды. Иә нешеме айлар бойы тергеуде азап шегіп, тірі тамұқта титығы құрып, онсыз да күні, халі бітуге тақаған Шалғынбай байғұстың босап шығатын да жөні бар деп ойлады. Оның «қылмысы» туралы өз аузынан, ел аузынан да естігені бар. 

Сонау бір аласапыран төңкеріс жылы Хасбаатар, Байкаловтар бастаған халық жасақтарының ірі бір отряды Тұлба көл маңында өздерінен күші әлденеше артық ақбандылардың қоршауында жеті апта бойы азап шегіп қалғанда қоршауды бұзып шығып, кеңестік қызыл армияға тіл жеткізіп көмек келтіруде ерлік көрсеткен партизандардың бірі ретінде танылған ерен ер осы азамат халықтық өкімет орнағаннан бергі уақытта да отан тыныштығын қорғауға белсене атсалысып жүрген. Ауылнай қызметін де абыройлы атқарып жаңа өкімет жолында жанын бәйгеге тіккен атқа жеңіл аққұбаша, алғабасар белсенділерінің бірі болатын.

 Сонан бірнеше жыл өткенде 1934 жылы ойбай Құжыртыда бүліншілік шыққалы жатыр деген дүрбелеңмен, қорғаныс ұйымынан төтенше тапсырма алып Сарыкөлден аттанып, суыт жүріспен Құжыртыдағы Ібірәлі ауылына тізгін ұшымен жетеді. Жетіп барса азан да қазан, ызыт-шу, қымқуырт «төрт бөлімше» атанған ауылдар тастүйін шала-шарпы буынып-түйініп, тігулі үй, асулы қазан, қорадағы малына да қарамастан ұйқы-тұйқы үдере көшіп жатыр. Заставаның бастығы мен бір-екі шерігі оққа ұшқан, қанға батып жайрап жатыр. 

Қорғаныс отрядының советтік кеңесшісі Кенжебектің екі қолы артынан байлаулы, басында қайыс ноқта, көшке тіркеліп жаяу кетіп бара жатқанын көрді. «Ағайындар-ау, тоқта, тоқта, сабыр ет, мұның не жазығы бар еді, босатыңдаршы!» деп жандәрмен ара түсіп еді, оның өзін қармаулы бірнеше жігіт тарпа бас салып ұрып жығып есінен тандырып шиге орап, бір түйедегі жүктің үстіне таңып тастады. Сонан жолай шекарада не болғанынан, арада қанша уақыт жүргенінен де бейхабар, Алтайдың арғы бетіндегі Шеруші руының зәңгісі Шәридің қолына барғанда ғана есін жиған. 

Ауыр соққы мен жол азабынан өлім халіне жеткен Шалғынбай бірер ай өткенде ғана әупірімдеп адам қатарына қосылғанда Шәри зәңгі мүсіркеп «Еліңе жетіп ал» деп бір ақ байталмен шекарадан бері асырып тастаған екен. Арық байталмен сүріне қабына жетсе де ел-жеріне тірі оралғанына қуанған бишараны көкала қалпақтылар үйіне жеткізбестен ұстап алған. Тағылған айып: «Кенжебектерді өлтіріскен» деген жала. Азаптап тергеу.

– Әкем-ай, обалды кеткенін қарашы!, – деді Оразалы шыдай алмай екі көзі шарасынан шыға.

– Құдай есіркесін, көрмегені жоқ. Тергеуге салады, мойындамасаң көретінің мынау деп көкала қойдай қылып сабап, кейде аузы-мұрнынан қан кетіп оралып, камерасына тәнтіректеп келіп жығылатын. Аштық жетесіне жетіп әлсіреген. Сонан ең соңғы күні, – деді Ерназар,-байғұс Шалғынбай «Жаздырған күні жаңылып қара басты мені!» деп өз басын өзі тоқпақтай келді. 

– Сабыр ет, шикі ет ауырмаққа ғой, ештеңе етпес. Не болды?, – десем... 

– Төбемнен құдай ұрды. Зымияндар! Жаңа асылған бір табақ етті буын бұрқыратып үстелдің үстіне әкеліп қойып: «Мына қағазға рас деп бармағыңды бассаң, етті жеп жан шақырасың, жазадан құтыласың» деген жоқ па. Өлсем де өзегімді бір жалғап алып өлейін, бұнда тұрған не бар деп жазып алдыма ұстаған қағаздарына бармағымды баса салып едім, табақтағы етті лып еткізіп іліп алып ары қарай алып кетті де, «Жарайды, жасырып қаншама уақыт қарысқаның осы емес пе еді!» деді де өлім үкімін оқыды, құрыдым, бітті! Ноқталы басқа қашан да бір өлім ғой. Бірақ жалғыз өкінішім, арманым-жетім қалып бара жатқан жалғыз қызым Үміткерімнің маңдайынан бір иіскей алмайтын болдым-ау!, – деді қапаланып. 

Осыдан соң ешкіммен тіс жарып, тіл қатысқан жоқ, күңірене зарланып, иман айтып құдайға жалбарынумен сілесі қатты. Ол сөйтіп жатқанда мені шақырды. Шалғынбайдың қамаудан шығарылатынын естіп «Е байқұс-ай, аққа құдай жақ» деген рас, нақақ айыптан құтылатыны жақсы болды ғой деп ойлағаныммен, «бүгін түнде» деген сөзінен секем алып, ішім мұздап сала берді. Айтқандай-ақ:

– Атылады. Ату жазасына кесілді. Орындайтындардың құрамында сені де тағайындадық. Қару-жарақ, оқ-сайманыңды ерте бастан сақадай сайлап дайындап ал, жазаны сен өз қолыңмен орындайсың, атқан оғың мүлт кетіп жүрмесін, жаралы тастауға болмайтын тәртіп бар, жанды жерінен! – деп бұйырды қайрақтың тасындай сұрланып. Зілді үкім. «Кәсіп құрып халал еңбегіммен тіршілік ететін жұмысқа тұрдым, мен де іліндім сырмақ шетіне» деп іштей тәуба қылып мәз боп жүрген мен байқұс мына сөзді естігенде өзімді оққа байлағандай сезініп, қол-аяғым қалтырап, зәре-құтым қашып, шыбын жан бойымнан ұша жаздағандай сезілгенде аза бойым қаза тұрды. 

Бұрын «орындап» жүргендермен іштесіп сырласқанымда олар: «Ойпырай, мұндай сұмдықты көрмейсің. Көрді атылатын міскіннің өзіне қаздырады, желкелеп, ұрып-соғып, найзалап жүріп. Бишара екі көзінен жас төге егіліп, зар еңіреп иман айта жүріп қазады екен, өлім де болса тезі артық дей ме екен, тірі қорлықтан құтылу үшін бар күшін сарқа шапшаң қазады. 

Көрінің шетіне шығарып қойып, «Ат!» деген бұйрық берілгенде сен атасың. Ал сен атпас бұрын оның жүрегі жарылып, жаны шығып, тереңге құлап түскендей сезінесің. Атқан оғың тиді ме жоқ па білмейсің. Өлгенін оның соңынан көрге түсіп шыққан дәрігер ғана анықтап актіге қол қояды. Кісі өлтіріп қолыңды қанға бояудан өткен, өле-өлгенше естен кетпейтін сұмдық болар ма. Күнкөріс үшін жүрміз ғой...» дейтін. 

Алла сақтасын, жау-жар жоқта Алланың бұйрығынсыз адамды адам атып өлтіру дегеніңіз не сөз?! Ширек ғасыр болса да жас жасамай жатып қолым қанға боялса өмір бойы, тіпті ақыретте де ол қан қанша жусам кетер ме?! Жүрегім зу етіп аузыма тығылып, көзім шарасынан шыға жаздап қарауытып бара жатыр. Бойымды шапшаң жия қойып:

– Жоқ, мен олай ете алмаймын, қолымнан келмейді!-дедім тұпа-тура.

– Мынау не деп тұр әй! Көкігенді қой, сен ант көтерген әскери адамсың, орындайсың, отанның тапсырмасы!-деп ақырды бастық. Қаралаушы топтағылардың бәрі де (бұл жерде солай атамасыма лаж жоқ, ол кезде ақтаушы-адвокат, халық өкілі дейтіндер болмады) мынау кімнің еркесі еді дегендей ақшырайған жаман көздерімен ата қарап мені жақтырмай, жұтып жіберердей суық жүздерін сыртқа салып сазара қалды.

– Бұл төтенше тапсырманы орындай алмасаң май өкшеңе жақсы емес, біліп қой, мынау жайшылық уақыт емес, соғыс кезі, өзіңе айықпас айып жүктеледі. Сұрақсыз, тектеусіз тартасың сазайыңды!-дегенде сайтаным мойныма міне кетті:

– Жүктелсін мейлі, аянар жаным жоқ, жазықсыз біреудің қанын мойныма артып обалына қалар жайым жоқ. Атар болсаң қазір де атып таста мені, қолдарыңнан келуші еді ғой!..

– Не дейді ей мына сілімтік! Жазықсыз біреудің деуін! Отанын сатқан опасыз ол! Жауға берілген сатқын! Дұшпандармен ымыраласып заң адамын, сәбет адамын өлтіріскен жендет!-деді де бір сақшыға:-Қой, кедей ғой деп есіркеп жұмысқа алсақ тойған екен ғой, «жаман атқа жал бітсе жалына тоқым жаптырмас» деген, тойған екен, бұл итті алып кетіңдер! Үстіндегі форманы сыпырып алыңдар да қамап тастаңдар, көреміз мұның да әуселесін!-деді.

– Әкем-ай, әкем-ай! Соттап жіберген жоқ па?-деді Оразалы сөздің соңын тосуға шыдай алмағандай сабырсызданып.

– Соттасын, атсын мейлі, жалғыз шешемнің ғана жайын ойлағаным болмаса, өзекті жанға қашан да бір өлім деп бекіндім. Мына заманда енді ойлаймын, жап-жас баланы әнеу сұмырайлар қалтадағы ақшасына бола өлтіріп, астындағы мәшинесін өртеп жібергенін, үйіне келіп қонып отырған баласының жолдасын ақшасын тартып алып, өзін өлтіріп, мәйтін отынының астына көміп тастағанын, жайылымға таласқан ағасы балаларымен «күш жинап» бірге туған інісін сойылға жығып өлтіргені секілді адам естімеген сұмдықты естіп жатырмыз.

– Әкем-ай, әкем-ай, қу боқшылыққа бола қалайша көзі қиып соларды өлтірді деші. Расында заманның бұзылғаны ғой. Сол қанды қолдар өлгенде мынау мұсылман еді деп намазын оқып, құран бағыштаса сол молдаларыныңның өздері кәпір.

– Аяйық деген түрі жоқ. Қырық бес күн қамалып бейнетті бек тарттым тергеуде жатқанда. Іс өз басыңа төнгенде өкінеді екенсің. Қатты кеткеніме кейде тарыққанда өзім қапаланып, әттең албырттық-ай, онсыз да біреуі атады ғой, жалғыз оқ шығара салғанда нем кетер еді деп те қапаландым. Айтқанына көнсем бейуаз адамның жанын алып обалына қалған жендеттік сезім ғұмыр бойы көкейімнен кетер ме, дұрыс істедім, азамат болғаным осы емес пе деп те іштей қатты қуандым. Енді ойласам соңғы шешімім дұрыс болыпты. 

Мені ату жазасына кесіп үлгірмегенімен сол кездегі заң тармағына салса біршама жылды арқалататын еді. «Малдың иесі болса, бөрінің тәңірісі бар» дегендей құдай оңдап дес бергенде абақтының жұмысын тексере келіп жүрген аймақтың жоғары лауазымындағы Жекең бастыққа кезіге кеткенім. 

Өзім өз болып жер бетінде жаратылғаннан бергі уақытта мұндай жолым болар ма. Аты-жөнімді, қайдан, не үшін жүрген кімнің баласы екенімді сұрады. Сұрағына толық жауап беріп, түгін қоймай шындықты айтып шықтым. Жалынып-жалпайып, мынау қырсықтан құтқарып беруін өтініп аяғына жығылдым. Жекең менің сөзімді асықпай үн-түнсіз тыңдап тұрды да әй-шәйға қараған жоқ, түрменің жағдайын таныстырып жанында жүрген бастықтарға қарап:

– Әй жігіттер, мынаның айтып тұрғандары рас болса, тым ауыр қылмыс жасай қоймаған сияқты ғой. Тәртіп сақтатқанның жөні осы деп кейде үстірт кететіндерің бар ғой, байқаңдар, өз майөкшелеріңе жақсы болмайды. Доғару керек қой!-деп ескертіп, қатайыңқырап бара жатып, қайтадан сабасына түсіп аз-кем тұрды да:

– Жарайды, мынаны қызметінен қуған екенсіңдер, дұрыс болған. Бірақ бұл да жеңіл жаза емес қой, менің білуімше сіңірі шыққан кедейдің баласы екен, мына біздің өкімет кедейдің күнін, мұңын жоқтайтын өкімет емес пе, осы жазаларың да жетер, бір тойда екі жар жоқ, қоябергендерің жөн шығар-деді. 

Сонымен мені абақтының тар қуысына қарай дедектетіп қайтадан ала жөнелген жоқ, бетіне ашық айта алмаса да «Мынаның қорлығы-ай» дегендей Жекеңе жаман көздерімен қарады да табан астында босаттырды да жіберді. Кейін ұзақ жыл билік құрып ел ағасы атанған Жеңісхан бастық бала кезінде әкеммен бірге бай урианхайдың қойшысы болған екен. Сондығынан жаны ашыған болар деп ойлаймын, рахымы түскені. 

Ол кісінің пейіліне разымын ғой, қайдан ұмытайын жақсылығын. Жарықтық бірер жылдың алдында дүние салған деп естіп едім, жатқан жері нұрға толсын! Әне сол «қылмысымның» арқасында «құтырғаннан құтылған» деп көрінгеннің көзіне түрткі болып ылғи реніш естіп, қарғыс арқалаған әлгі қызметтен қуылып кеткеніме неге өкінейін, дән разы болдым.

Қарап жүрмедім, жаңа орнаған мекеме, өндірістер үшін тақтай тілісіп, кірпіш соғып үй салысып, тас өртеп әк өндірген сарттарға көмектесіп, азық-түлік өндірісіне қараған шауып беріп, бір жолы қызыл армияға түйемен көмек жеткізген керуеншілермен бірге Бейіскейге дейін кіреге барып келіп, тапқан-таянған азды-көпті табысыммен шешемді асырадым.

Бірақ та «күдіктілердің қара тізіміне» қосылғанымның жазасы алда болып шықты. Ол кезде әскер қатарына алыну дегеніңіз азаматтық борыш деп қағаз бетіне жазылып, ауызға айтылғаны ғана болмаса бастықтар мен байлардың балалары, жақындары емес, жарлы-жақыбайлардың, оларға жақпайтын «қағылған-соғылғандардың» маңдайына жазылған жаза рәуіштегі міндет болатын ғой. 

Бір сөзбен айтқанда бас бостандығынан жартылай айырыла жүріп ақы-пұлсыз атқарылатын қызмет секілді болды. Сол қиындығына төзе алмаған кейбіреулер қашып-пысып арғы бетке асып кетіп те жүрді. Мылтықтың шақпағын тартатын саусағы тәрізді дене мүшелерін шауып тастап қатардан шығып кетіп те жүрді.

Дәулеттілері бастықтарға пара беріп балаларын алып қалады, бастықтардың өздері не істеймін десе өз еркі, қоддарынан келіп тұрған жоқ па, кедей баласы қаңғып армияда жүргенде олардың баласы академияда оқып жүреді емес пе, тіпті қазірге дейін солай. Әскери міндеттің мерзімі бастабында алты жылға дейін созылушы еді ғой, келе-келе жеңілдеп, одан бертін келе үш жыл, екі, бір жыл болып азайды қайта. 

Сонымен кешікпей халық армиясының қатарына тартылдым да кеттім. «Жападан жалғыз қалай тастап кетем?!» деген менің жанашырлық уайым-қайғым мен «Енді қалай жан сақтаймын?!» деп зар еңіреген шешемнің көз жасын көріп Ахмет деген емші шешемді ауруханаға күтушілікке алғанының өзі көңілге медеу болды. ­­­­­Өңшең сайлауыт жігіттер Өлгийден шұбап атпен кеттік. Кей бекетте астымыздағы көлікті ауыстыра жүріп апталап, айлап суыт жүріп отырып Ұланбатырға, одан шығыс шекарадағы әскер бөлімдеріне арып-шаршап зорға жеттік.

Армияның азап, бейнеті аз болмады, күндіз-түні қарбалас жаттығу, қысы қатты, жазы ми қайнаған ыстық, ауыз суы борық, сор татитын шығыстың шөл даласында жер-су жақпай ауырып біздің жақтан барған бір топ жерлесіміз қырылып та қалды. Өлгендердің хабары кейін қалғандарға «алманын» атқарып ауылға қайтқандары арқылы ғана жетіп жататын. Елдің бір түкпірінен екінші шетіне құлан жортқан құба түзге келіп, алыста, көз көрмес, құлақ естімес жерде қалған еліңді де сағынасың, хат-хабар да алыса алмайсың. 

Сөйте жүріп шығыс пен батыста болған соғыс, қарулы қақтығысына бір емес, бірнеше дүркін араласып алдық. Жапондармен, қытайлармен атыстық, кей жағдайда сол жаулардың ара-арасында өзіңнің қандасың да жүреді екен ғой, бұйрық солай болған соң амал не, қазақ біткен бір ғана ел, бір отанда тұрса, ауызбірлікте болса бүйтер ме еді? Жер бетінде жүрген соң нелер сұмдықты көзбен көреді екенсің, шекарада және Сарсүмбеде қазаққа қазақ қарсы шығып оқ жаудырысқан сұмдықты да көзбен көрдік!..

Атын естігенде аза бойың қаза тұратын жан түршігерлік дабырайған атағы үрейлі нәрсе, әйтпегенде қолыңа отты қару ұстап, көзбен көріп, «ет өліп» үйренгеннен кейін соғысың да соншалықты қорқынышты нәрсе емес болып шығады екен. Қиянкескі ұрыстарда бізбен бірге жүргендердің жаудың бетін де көрмеген бөспелеу қайсыбіреулері бертінге шейін:

«Жаудың пәлен әскерін жусата қырып салдым», «Шайқпас кезі болатын. Ойламаған тосын жағдайда окоптың ішіне топ етіп екеу кіріп келгені. Жаныңа келген жауға зеңбірек ататын емес қайтерсің, біреуін найзаға шаншып, екіншісімен алыса кетіп, самурайдың жоян офицері екен, екеуіміз итжығыс, астым-түсіп аунап барамыз. Әлденуақытта ол наганын алып қақ маңдайыма тақай бергенде қонышымдағы өткір пышақ қапелімде қолыма қайдан іліне кеткенін білмеймін, суырып алып, дәл бауыздауынан тартып жібердім!..» деген секілді есіп отырғанына қарап күлкің келеді. 

Ерен ерлігімен танылып жеңіс күні бас қолбасшыдан мақтау-мадақ алған Жайсаңның Мүдәрісі, Торпақтың Қызылы, Кәрменнің Шәкейі, Шабанның Аятқаны, Таймастың Бодаубайы, Жәбеннің Икрамбегі қатарлы қандастарымыздың жөні бір басқа. Шындығына келгенде ондай бетпе-бет, жекпе-жек айқасқа шығайыншы деп неше түрлі отты қару үстемдік алған біздің заманда тіленіп тұрсаң да ләйлаңа көне ме. Жаның үшін сен де ата бересің, жаныңдағылар да автомат, пулеметпен атқылайды. Аспаннан бомбалап Совет, Моңғол әуе күштерінің ұшақтары бара жатады. Сондықтан «Жауды көп алады, аты Барақта қалады» демекші жауды жапырған өзің бе, олар ма жақсы айыра білмейсің. 

Жаумен бетпе-бет келіп, қолма-қол айқасып алысқан нағыз ер деп айтсаң Қанапияны айт. Өзіміздің жақтың жігіті. Ол бұрынырақта қазақтан алғашқы шерік тартылғанда халық жасақтарына қосылып сонау қиыр шеттегі Халхын гол, Баянтүмэн, Тамсагбулагта жүріп ел сағынды ма, шөл даладағы азапқа төзе алмаған ба қашып шығып азып-тозып екі жылға жуық уақыт бойы қаңғып жүріп, Қаратаудағы ауылына жетер-жетпесте қолға түсіп тұтқындалып, он неше жылмен қамауға алынған екен. 

Сол түрмедегі ауыр қылмыстылардың біразынан жапон басқыншыларына қарсы 1945 жылғы азаттық соғыста айыптылар бательонын құрып майданның алғы шебіне айдап оққа төсеп, және біразын жаудың тылынан тіл әкелу, орталық ошақтарын қирату тәрізді ауыр тапсырмалар беріп сынға салған. Екі елдің азаткер қарулы күштері жауды тықсыра Жанчікумен асып Манчжурияға кіргенде Қанапия бірер серігімен ішкерілей ендеп кіріп барып әлденеше дүркін жаудың оқ, сайман сақтаған қоймаларын өртеп, жатақтарын гранатамен қиратты. 

Енді бірде екі жолдасының біреуі оққа ұшып, екіншісі қашып кеткенде өзі ғана екі қолын артынан байлап жапон әпесерін алдыға салып тірілей айдап келгенін көзбен көрдік. Сонда оны отанын сатқан опасыз деуге қалай аузың барады, соғыстан кейін ерлігін бағаламай қайтадан түрмесіне жапты. Елуінші жылдардың орта шенінде дәм тартып ауылына, Қаратауына оралды.

Дегенмен соғыстың аты соғыс қой, жаныңды шүберекке түйіп иманыңды үйіре жүресің. Тәуекелге бел байлайсың, лаухил махфузда жазылған сызығың бітіп, ажал келген сәтте шыбын жан қайда, қашан болса да ұшпаққа кетеді. Мен көбінесе көзіне тірі бір көрінсем екен деп жалғыз шешемді ойлап құдайға жалбарына жүруші едім.

Алайда қаратүнек абақтыға қарағанда армия дегенің тойға барғандай екен. Соғыс болған соң жеңіс те ортақ, майданға барғандардың бәрі де омырауға таққан орден, медальдарды айтып нағылайын. Өзегімді өрт жалмағандай өкінішім, міндетімді аяқтап, ел-жерді аңсай алып-ұшып ауылға қайтып келе жатқанымда, мен аттанарда айналдырған бес саулығының ақсарбас бір қозысын жалғанда көрген жалғызы маған арнап мойнына ақтық байлап сақтап, мені бес-алты жыл бойы екі көзі төрт болып, жол қарап аңырай сағынып, сарғая күткен анамның “Шүйінші, апа, балаң келе жатыр!» дегенді ести салып жығылғанын естіп, жан ұшыра жеткенімде үйдің оң жағында құрылған шымылдықтың арғы жағында жатқанын көріп естен тана екбетімнен құлап түсіп жербауырлап жатып алғаным еді ғой!..

«Әкесіз жарты жетім, анасыз анық жетім» деген сөз бар, «халық жауысың» деп әкемді байлап-матап, атуға алып бара жатқанда ақыл толмаған балалықтан ба, анамды пана тұтқаным ба оншама қайғырып өкінбеппін. Анамның қайғысы соғыстың соққысынан ауыр тиді-деді кәрі көзі жасаурап. Сәл үнсіз мұңайып отырып, Ерекең әңгімесін одан әрі сабақтады: 

– Адам баласына бір жақсылық істесең, екі еселеніп қарымтасы қайтып алдыңнан шығатынын сонда білдім. Ауыр қайғылы күндер басыма түсіп аһылатқанда менің ескі танысым арбакеш Өтеген келіп басымды сүйеген еді. Ол екеуіміз сонау бір жылы оның әкесін жер бесікке екеулеп қана салған кезде алғаш рет бет көріскен едік қой, «ашыққанда жеген құйқаның дәмі тәтті» дегендей сонан былай жақсы досжар болып кетіп едік. Екі-үш жылдың алдында балаларына қара тартып Қазақстанға қоныс аударып кетіп еді, сол жақтан топырақ бұйырыпты деп естідім, иманды болғыр.

Өткен іске салауат, қанша бейнет шеккеніммен армияда жүріп хат танып сауат ашып, моңғолдың тілін үйрендім, көптеген жақсы адамдармен танысып көзім ашылып, көкірегім оянып, көңілімнің көкжиегі кеңіді. Армиядан келгеннен кейін де Аллаға тәуба, қырда жақын жанашыр, ағайын-туысым болмаса да ел іші ердің тынысы, ауыл-ауылдың шетіне келіп қоныс теуіп, біреудің малын қайырысып, біреудің отын жағысып, суын алысып, шөбін шабысып, қорасын ойысып, керегесін көктеп, ерінбей етігін жамап, ұлтарып беріп селбескеннің арқасында жалтақтап жаттың қолына қарамай, ешкімге жалынбай-ақ маңдай теріммен жан аямай жансақтаудың жолына түстім.

Міне сенің маған қойған басты сұрағың осы еді ғой. Енді ұқтың ба жауабын, риза болып көңілің көншіді ме?-деді деді қонағына жымия қарап.

– Ұқтым, ұқтым, әкем-ай, қандай тәтті әңгіме болды десеңізші. Адам баласының басына не келіп, не кетпейді, ә. Енді бір сөз, сонда анау әлгі Тоқаның серкешін ұрлап сойып алған үйі кімнің үйі болды екен?

– Оған асықпа, қазір оны да айтам. Күн ұзарайын деп түн сәл қысқарғаны болмаса таң әлі ұзақ. Сен жалықпасаң күн шыққанға шейін айтуға мен жалықпаспын. Алдымен түзге шығып келіп, қол шайып, табаққа тартылып жатқан асты телміртпей тамақтанып алайық-деді. Айналаны қою қараңғылық жауыпты батыс жақтан ызғарсыз желемік соғып тұр. Алыс аспанда жамыраған жұлдыздар әлсіз жымыңдайды. Екеуі сыртқа барып біраз жүріп, қайтып келе жатқанда машинаның жарығы көрініп, зымырата шапқылап, анау сынтастың қасына барып тоқтай қалды. Қолдарына фонар ұстаған екі-үш адамның қараң-құраңы көрінді.

– Міне қызық! Жоқ қарағандар бағана кетіп қалып еді, енді бұлар кімдер болғаны? Әлде солар бірдеңесін ұмытып тастап кетіп қайта оралғаны ма?-деді де Ерекең есік ашып қонағын үйге енгізіп жіберіп, көрші үйдегі Көпбергенді шақырып алып:

– Сен шай-тамағыңды ішкен болсаң ренжімей сын тас жақа барып келші. Анау күндіз келіп жүргендер ме, емес пе, кімдер екен, кім болса да не іздеп жүр, бергі жағындағы терең жырамен бар да баспалап қана байқаста, не ісер екен. Анау сын тасқа тиісіп бүлдіріп кетіп жүрмесін, бұрынғы ата-бабалардың мәңгілік мұрасы ғой, бәрінен де қымбат құнды, асыл қазына сол-деді. Көпберген сылтау айтып тартынып тұрып қалған жоқ:

– Мақұл, қазір барып біліп келейін-деп тұра кеп жөнелді.

Сонан соң аса көп кешіккен жоқ, бұлар тамақтанып болып, қолдарын майлықпен сүртіп, енді қатық айран қосылып сапырылған сүр еттің бір-бір шара шағырмақ сорпасын баптанып бастарына көтере бергенде машина тұрған орнынан қозғала берді. Көпберген де үйге келіп үлгірді:

– Көріп келдім, олар қолдарына көтерген үлкендігі сандықтай аспабы бар екен, сонысын ұстай жүріп дәл әлгі тұлып табылған орыннан емес, сол маңайдағы әрбір жерді шұқылап, тесе-күрекпен қазып, қазып жіберді де бірдеңені суырып алғандай болды. Айқайлаған дауысы қатты шықты. Сонан соң бірін-бірі шақырып топтасып алып құшақтасты. Қол шапалақтап дуылдасып біраз тұрды. 

Тауып алып алақанға салған нәрселері машинаның жарығымен шағылысып бірнеше рет жарқ-жұрқ еткендей болды. Сонан соң машинаның кабинасынан бөтелке шығарып келіп тығынын ағытып, бірдеңе-бірдеңесіін айтып бөтелкедегісінен сынтасқа шашып, өзгесін өзара бөліп ішті де бөтелкені лақтырып тастап, машиналарына мініп кеткелі жатты, – деді. Екі кария:

– Ой алла-ау, онда олар анау қолдарындағы сиқырлы аспабымен алтын тауып алған болды ғой. Бұл жерде қойма алтын іздемек болып жүріп құйма алтынның кенін тауып алған болып жүрмесін. Өзге жерден қазып алғаны қызық екен.

– Кімдер болды бұлар, бағанағы келгендер емес пе, оларды сен көріп қалған едің ғой?

– Көрдім ғой, анау моңғол шапан киген ұзын бойлы кісі бұлардың ортасында жоқ секілденді. Аспап көтеріп шыр айнала жүгіріп жүргендердің біреуі әлгі қатпа қара инженер ме деп ойладым. Мініп келген көліктері де бөлек. Алдыңғы келгені қара машина болатын, мынасы сұрғылт түсті.

– Онда анау өздерін жалдап алып келіп жүрген Дамдин бейшараның өзін алдап бір жерге қойып тастап, ол «қойға айналып» жүргенде бұлар «тойға айналып» жүрген қулар болып шықты ғой. 

– Алтынның жолы ауыр болатын нәрсе деуші еді. Оны өлтірмей алдап қана тірі тастап кеткен болса Дамдиннің бағы. Ақшаға, алтынға қызығып көзі қарайғандар адамның обалына қарап жүр ме осы күнде. Қалай дегенмен де мұнда үлкен бір гәп бар. кейін мүмкін біле жатармыз.

– Бұрынғының көріпкелдері емеспіз, оның гәбін қалай білеміз-деп Ерназар Ноғай молла туралы көзбен көргендерден естіген аңызын ортаға салды. Ноғай молла атанған Жәлел деген кісі Татарстаннан шыққан ірі оқымысты діндар екен. Дінімізді кеңірек тарату мақсатымен Алтайдың арғы бетіне өтіп барып, одан Бұлғындағы Елеш бай, Стампұл қажының ауылына келіп тұрақтап, үйлі-баранды болып бала оқытып жүреді. Бірде сол ауылдағы бір үйдің кербез әйелінің сыртта белдеуге іліп жая қойған алтын, күміс теңге, меруерт көзді ай түйреуіштер тағылған әсем шұлауышы жоғалады. 

Ауылға сырттан бөтен жан келмеген. Келіншек анадан көреді, мынадан көреді, күбір-сыбыр көбейіп, ауыл ішінде араздық, алаауыздық туындай бастайды. Осы қорқынышты тоқтату амалын іздестірген бәйбішелер ақылдасып, ноғай моллаға барып, дұға жасап ұрыны әшкерелеуін өтінеді. Бірақ молла: «Дұға жасауға болады. Бірақ дұға жасалса ол асыл бұйымды ұрлаушы адам тірі қалмақ емес. Ұрланса зат ұрланған шығар. Табылып қалар. Табылмаса сол болымсыз дүние үшін адамды өлтіруге болмайды, обал. Дұғаның жолы ауыр, өзіме қиын тиеді, үлкен күна» деп бас тартады. 

Бірер күн өткенімен баға жетпес моншақтар тағылған шұлауыш табылмайды. Әйелдердің ортасында өшпенділік оты тұтанып, қырқыс күшейгендіктен молланың алдына ауыл болып келіп дұға істеуін өтініп жалынады. Молла қынжыла отырып сонда ғана илігіп, ауыл алдына жұртты түгел отырғызып қойып дұға оқылғанда ұры кім болса да тіл тартпай кетеді, тым болмағанда қол-аяғы тартылып домаланып қалатынын ескертіп, ондай жағдайда өкінбейтіндігі үшін бәрінің аузынан ант алады да дұғаны оқи жөнеледі. Жұрт тым-тырыс тына қалған. «Ұры» атанған күдіктілердің бәрі сап-сау. 

Ал дұға оқылып біте бергенде тау жақтан Сайырдың мұзарт шоқысы құлағандай салдыр-күлдір сұрапыл дыбыс білінеді. Сөйтсе, таудың ұшар басына қарай шапшып жайылып бара жатқан сарлықтардың біреуі домалап келеді екен. Жұрт үдірейе орындарынан көтерілгенде молла күліп жібереді. Домалаған сиыр етекке келіп түскенде молла: «Ұрыларың табылды. Жарыңдар қарнын!» дейді. Сонымен кербез келіннің көркем шұлауышы жемір ала өгіздің ішінен шыққан екен дейді.

– Әкем-ай ноғай молла недеген күшті, дұға қандай құдіретті! Рас, рас, ондай қасиетті адамдар болғанының шет жағасын көзбен көріп қалдық қой. Өзің де естіп-білген шығарсың-деп елуінші жылдардың орта шеніне дейін Қызылқайың өлкесінде өмір сүрген Мұхифтың кешірмелерінің бір үзігін ортаға салды. 

Бала кезінде молладан үш жыл оқыса да әліп-биді ұға алмаған Мұхаң жасы егделеген шағында аяқ астынан естен танып құлап түсіп екі тәулік «өліп» жатып, үшінші күні арулап, кебіндегелі жатқанда атып тұрып «сөйлеген» ғой. Құранды жат оқитын қари дәрежесімен дүниеге қайта келген ол, бақи дүниеге кеткен өзі танитын адамдардың нендей күйде жүргенінен бастап, ұрланған арқкан, шідерге дейін кім ұрлағанын айтып тыққан жерінен шығартып берген.

– Сол жылдарда, өзің білесің, Ойғыр өлкесінде бір сауда агенті сексен мың сом ақшасынан «айырылып», нешеме ай бойы тергеп, сұрастырып тентіреп жүріп сақшы мекемесі әрең тапқанын. Жоғалған ақшаның қалай табылғанын сол кезде сақшы ұйымында қызметтеген ағамыздың аузынан бертінде естідім. Олар әбден тарыққанда түн жамылып Мұхаңа барған екен, «Ол ақшаны сырттан келіп ешкім ұрламаған. Үйіне барыңдар да қазан жағында тұз салынған үлкен қап тұр, сол тұзды төгіңдер, түбінен ақша шығады» деген екен, айтқанындай сопаң етіп шыға келіпті-деді

– Ноғай молла «дін атты апиынмен жұртты улатқан халық жауы, қашқын» деген айыппен тұтқындалып отыз сегіздің ойранында атылған. Мұхиф көріпкелді ұстап кетуге ешкімнің батылы бармағанымен «өліп, тірілісімен»: «Мен төрт жыл өткенде осы айдың осы күні қазам жетіп өлемін» дегені бойынша бұл дүниеден біржолата аттанып кеткен.

– Ендеше солардан бергі адамдардың ортасынан солар секілді дінге жетік көріпкел, сәуегейлер неліктен туып шықпайды?

– Дін көлеңкеге жасырынған, діндарлар тұншыққан. Адамдардан тазалық, Аллаға деген адалдық ада болған. Ақиқатты жалғандық, әділетті анархия, періштені шайтан, қанағатты обырлық жеңген заманда ондай қасиет жер бетінде қалай өмір сүре алады...

АРАЛДАҒЫ ЖАЛҒЫЗ ҮЙ

– Сонау аласапыран қиын-қыстау күндерді еске алғанда, бастабында біраз күн Тоқа не болды, асудан аман-сау асып кете алды ма екен, ол жақтағы елге аман-есен жетті ме, әлде осы елдің ішінде жан сауғалап тентіреп жүр ме екен деп үрей аралас ауыр ойда жүрсем де жылжып, жылыстап уақыт озған сайын үрей бәсеңдеп, үміт оты маздай түсті-деп әңгімесін сабақтай түсті Ерназар ақсақал. 

– Дегенмен «шықпа, шықпа!» деп шыбын жан мұрынның ұшында жүрген қиын сәт. Тоқаның анау кірпіш қамақты бұзып-жарып шығып, Күреңтөбелмен беті ауған жаққа тартып отырғаны сол бір қарлы бұрқақты қараңғы түн еді ғой. Дөштің ұры қуысын тауып жетті ме екен, сол қуыстағы үңгірде паналап тыныға алды ма, бейшара бұралып өзеуреп бір жерде өліп қалып ит пен құсқа жем болды ма деп уайымдадым.

Тау шоқылары үстінен төне мініп тұрған Қату өзенінің Қобда өзенге қосылатын құйылысының аяқ жағындағы аралдағы әлгі жалғыз үй жатақтан жүрек жалғарлық азық тауып ала алды ма екен деген әрі-сәрі ой кешіп, сұрағыма жауап таба алмай алаңдап мазасыздана беруші едім-деп Ерекең қара шақшасын алып, ұзын қонышты саптама етігінің тақасына қағып-қағып қойып бір шымшымын ерніне қыстырды:

– Сонан біраз жылдар өткенде Құйғандағы әлгі жалғыз үйдегілерден де мәлімет алудың орайы келді. Құйғанның қиыс аяқ жағындағы өзен жағалауында орналасқан аралда нар теректері мен қызыл қайың, жатаған жыңғылдары аралас өскен ит тұмсығы өтпестей ну орманда көбінесе ақ сәмбі тал мәуе жая өсуші еді. Селдіреген боз талдары әлі де бар. Сол боз талдардан үйағашшылар «тастаққа біткен темірдей берік, басқа жердегіден сапалы, әрі түзу келеді» деп уық, керегелік ағаш кесіп алушы еді. 

Қашан бір көзіңе құм құйылғанша адам баласының қажеттілігі таусылып көрген бе, тұңғышымызға отау көтеріп берейік деп уық, керегенің керегі болып, сол Тоқаның жайынан да бірдеңе білді ме екен деген әуестікпен алыстан ат арытып, түйе жетелей мен де бардым. «Судың да сұрауы бар», қоныс иесінің «суын» таппасаң бұрынғыдай емес, жер-су қорулы бола бастаған кез, иен-тегін текке жататын ағаш қайда, артынып-тартынып аздаған тарту-таралғымды азық-түлігіммен ала бардым. 

Жалғыз үй жатақ жалғыз ат, бір-екі түйе, елу-алпысқа тарта ұсақ малы бар, өзіне шақ дәулетімен жан сақтап отырған қарапайым адамдар екен. Теректен салынған жұпыны үйдің ыбырсыған от басында газеттің жыртылған қиқымы, әр жерде ескі кітаптың беттері жатқанына, әредік сөзінің мәтелі ретінде орысша, моңғолша сөздерді де қыстыра сөйлейтініне қарағанда кең дүниенің біраз жерін аралап, шарлап әрбір нәрсенің шетін көргендігінен, еріккенде ермек ететін аздап болса да сауаты барынан хабар бергендей.

Қазақтың қанына сіңген бір мінез, бай, кедей қандай үйі болса да қонақсырап отырады емес пе, оның үстіне жалғыз үйдің адамдары анда-санда бір рет болса да сырт адамымен шүйіркелесіп көңіл ашуды сағынады. Бастабында жалғыз рет қонып қана кететін, бір жаққа бара жатқан жолаушы ғой деген оймен менің барғаныма жадырап қалса да біраз уақыт орнығып жатып үйағаш алмағымды білгенде салқындау қабақ танытып, сәл жабырқағандай, жақтырмағандай кейіп білдірді. 

«Берген берен бұзады» демекші, тарту-таралғыны берген соң алғанды кім жек көреді. Осы заманның қулары өкіметтен айлық алып, оған да тоймай алыпсатарлық жасап ішкен-жегені кеңірдектен тіреліп отырса да обырланып шетінен пәреқор болып алған жоқ па, көрпені басыңа тартсаң аяғыңа жетпейтін тапшылық, таршылықта қысылып-қымтырылып отырғанда, аз-мұз сәлем-сауқаттың өзіне разы болысты. Қабақтары қайта ашылып, «Тоғайды тым бүлдірмей, сырт көзге білдірмей алсаң алшы» деп жөніне көшті.

Тоғайдың ішін еркін аралай жүріп таңдап оқтай түзу ағаштарымды әр түптен қиып, теріп алып жүріп, бір күні кешке отағасы Құлтайды қосыма қонаққа шақырып, аз-мұздаған азығымды алдына жайып әңгімелесе отырып өз тегімізді тереңдеп сұрстыра келгенде екеуіміз туыс болғанның өзінде жап-жақын бөле болып шықтық. 

Осы аймақтың жерінде екі жүзге жуық жылдар бойы мекендеген ат төбеліндей азғана қазақтың нағыз «қарға тамырлы» болып кеткендегіміз қан жақындасудың астыртын үрейін әкеліп жатқанымен оның зиянын біле бермейтін біздер осылайша жақсы танысып, білісе келе жақынымызды тапқанда қуаныса құшақтасып жататын әдетіміз емес пе. 

Бірақ біздің және бір жаман әдетіміз болды, тілі жаңа шыққан баладан тартып ерлеріміз жетіден асып, он неше буынға дейінгі ата-бабамызды яғни сүйек туыстарымызды жатқа біліп, таратып айта аламыз да одан маңызы кем түспейтін сүт туыстарымызға аса мән беріп жатпайды екенбіз. Сондығынан да болар:

– Япырау, шешелеріміз аталас бір ауылдың қыздары екен ғой. Бұрын қалайша білмедік екен? Білген болсам ертеректе де осы маңайға бірер дүркін келіп, кеткен едім. Аймақ орнаған жылы ма, соның келесі жылы ма-деп ақырын суыртпақтай отырып, сол кезде қамауды бұзып қашап шыққан бір адам туралы қалың әңгіме, өсек-аяң, дақпырт болды ғой, сол есіңізде ме?-деп сыр тартқанымда ол көзін жұма ойланып ұзақ отырды да әлденуақытта:

– Рас айтасың. Ойланайыншы қане, сол қашан еді? Аймақ орнап жатқан жылы ма еді? Айтпақшы, орыс пен немістің қырғын соғысы басталып кеткен еді ғой, иә сол жылы. Пәле болды, «шорыннан біреу қашып кетіпті!» деген шу шығып, ел құлағы елеңдеп, із кескен қуғыншылар ентелеп арт-артынан келіп сұрау салып, сезіктеніп тіміскілеп, осы маңайды да бірнеше күн торуылдағаны кешегідей ғана есімде.

Ойбай-ай, бір нәрсенің қылпын сонда ғана білдім. Білдім де шошып кеттім. Білсем де «көрдім деген көп сөз, көрмедім деген бір сөз» өзімді сұраққа салып әурелейді, тіпті қашқынға көмектескен екенсің деп бәлеге ұшыратар деп қорқып іш пікірімді бүгіп, үйдегілерге де тіс жармастан құпия сақтадым. 

Бекерде күн құрғатпай соғатын қара жел сол түні күшейіп ақ боран үдеп екілене соғып қарлы бұрқаққа айналған. Орман-тоғайлы, таулы жер дегеніңіз сәл жел тұрса да шулап жаңғырығып, күңіреніп кетеді. Әйтпегенде итіміз сақ, қабаған еді, болымсыз сыбыс білінсе шәуілдеп, арсылдап үріп дыбыс беріп мазасы кететін. Күндіз мұздан шұбырып өтіп, сонау қырдағы жазыққа жайылып, кешке қарай өрістен өзбеттерімен қайтып келіп суаттан су ішіп, сары жапырағы саусып, жапырылып жатқан аралдың ішіндегі кез келген жерге ағаштарды ықтап жусай кетіп үйренген азғана қой-ешкінің де қыбыр етіп үріккен сыбысы білінбеген.

Бірақ, ертеңінде ғой, «ұрлығыңды ит пен бала шығарады» деген сөз рас-ау, гуілдеп, күркіреп соққан дауыл кешке таман сап тауып басылғанда ғана ақтөс қара төбет бір ешкінің басын қора шетіне алып келіп жанталаса кеміріп мүжіп жатқанда малдың өлгені былай тұрсын-ау, жүрегім зу етіп тас төбеме шықты. Малдың басы таныс бас, мүйізінде қарылып басылған кіреш таңба бар өзіміздің бөрте серкештің басы екен. Семіз серкеш болатын. Сол әлгі іздеп жүрген қашқындары болмас па мұны сойған ұры, бұл жаққа қайдан пайда бола кетті!?

Қашқындары осы маңда жүргендей, тап әнеу талдың арасынан қару кезеніп сығалап тұрғандай сезілгенде зәре-құтым қалмады. Екі өкпемді қолыма ұстай зыр жүгіріп итімнің ізін шала жетіп барсам, ұры бір серкешті бауыздап жіберіп, қан-жын, бас-сирағын ішек-қарнымен шұқанаққа сала салып көміпті де қалай кеткені белгісіз із-тозы жоқ ғайып болыпты. Ит соны иіскелеп тауып, суырып алып шыққан екен. Ұрының қалай кеткені белгісіз, таудың жықпыл-жықпылына тығылды ма, әлде басқа жаққа кетті ме байқайыншы дегенімше күн кешкіріп көз байланып кетті.

Пәле деген аяқ астынан, бірер күн күндіз-түні қобалжып алаңдаумен ұйқы да қашты. Қарай-қарай, екі күн өткенде, үшінші күні. Мінеу өр жақтағы жалама жартас қара шыңның дәл орта тұсында бертінге дейін бір мылтық ілулі тұратын. Ақ пен қызылдың кезінде қапыда ілініпті дейтін. Дәл сол секілді бердеңкемді оқтап қолыма алып, мұздан өте шығып өрмелеп биікке шықтым. Төбеден төніп тұрған мінеу таудың ұшар басында, биік шоқының астындағы қыпшалдың қалтарысында кім көрінгеннің көзіне түсе бермейтін бір қуыс бар.

Қашқын сол тар қуысқа асықпай атын жайылтып қойып, өз атасының төрінде жатқандай шалқасынан түсіп шалжиып жата кетіп қанша уақыт жатқанын кім біледі, қуыстағы үңгірге бекініпті. Аспай-саспай от жағып, ешкінің етін пысырып жеп, қалғанын алып кеткен екен. Етті ешкінің терісін тұлып қып бітеу сойып, соның ішіне салды ма, жынын төгіп, ішін сыртына аударып жіберіп қарнына салған ба жақсы айыра алмадым. 

Қайсысына салса да, жерошақ қазып жіберіп, оның ішіне от жағып, әбден қызғанда ыдысталған жас етті әлгі шұңқырға салып, бетін қоламта мен ыстық топырақпен көмгенде жас ет өзінің сөлімен былқып, бығып тез пысады да буы әр жерінен бұрқырап шығады.

Қашқын қалай дегенмен де ылдым-жылдым ысқаяқ қудың өзі, қай күні кеткені бір аллаға ғана аян, қуғыншының аяғы саябырлап сап басылғанда түн жамылып қалаған жағына тартып отырса керек. Қашқын болса да құдайға қараған біреу. Ит пен құсқа жем болатын бір серкешті қойшы, жалғыз атты мініп кетсе не болдық, өзімізге тиіссе не болдық, бәрінен де жан олжа деп тәубаға келіп «құда да тыныш, құдағи да тыныш» жайланып жайымызда жата бердік.

Сонымен өзі сол қашқын кім болды, басы таудай, аяғы қылдай, үстінен құс ұшырып, астынан ит жүгіртіп іздеу, сұрау салғандардың да аяғы сап басылып нешетүрлі алыпқашпа сөздердің үні өшіп барып ақыры жым-жырт болған еді ғой, сол қашқын ұсталып па еді? Ұсталмаса қайда кетті екен?-деген Құлтай. 

Оған жасырмастан мен майын тамызып отырып, болған шындықтың бәрін жайып салып айтып беріп едім, сенерін, сенбесін де білмей «Астағыпыралла!..» деп жағасын ұстады. Уық, керегелік ағашымды текедей таңдап бірер күнде дайындап алдым да, Құлекеңмен қоштасып қайтып кеттім.

– Бөлеңізбен сонан былай жолыға алдыңыз ба?

– Болған жоқ, қызығы бар. Иә жолықтым. Мінезі тастан ауыр, әркімге сырын аша беретін аңқылдаған ашықауыз емес, әскере тұйық, дегенмен көңілінің кілтін тапсаң өзім деп сенген адамынан іштегісін жасырмай, жүрегі аузынан көрінгендей бәрін ақтарып салатын Құлтай бөлеммен дәм айдап былтыр белім шойырылып, аймақтың біріккен ауруханасына барып жолығып, бір жеті бір палатада емделіп жатқанда және бір қызықты сырдың бетін аштым. 

Адам сенбейтіндей шым-шытырық уақиға. «Өтірік-сөздің өрнегі» деген сөз бар. «Өтірік сөз өрге баспайды, өтірікшінің шын сөзі зая кетеді»-деп оны бекерге шығарып жататынмыз тағы да бар ғой. Дегенмен: «Бір шындыққа екі өтірікті қоссаң бұлтиып кетеді, екі шындыққа бір өтірікті қоссаң жымпиып кетеді» дегендей ебі, қисыны келіп тұрған, тарихта нақты болған ақиқат нәрсе болған соң сенбесіңе лажың қайсы, Құлтай бөлем өзінің басынан кешкен үлкен бір уақиғаны әңгімелеп берген еді. Соның өзінде бұлданып, кергіп тартыншақтап отырып әрең-әрең...

– Әкем-ай, ол қандай уақиға соны айтыңызшы? 

– Ажал жасқа қарай ма, жазуы, уақыты келсе жас та, кәрі де кетеді. Менің айтқаныма сенбей ақиқатты өз аузынан естігің келсе, қаншама жасы жеткенімен әзір жаманаты естілген жоқ қой, өз аузынан еститін болсаң аузыңды ашып аңқиып қалар едің.

Зар еңіреп радиодан қаралы хабар айтып, тіріде қара қазан, сары баланың қамы үшін тыраштанып күнкөрісін тапқан еңбегін отаным, қоғамым, өкімет пен партиям үшін қан мен терімді аямай төгіп едім деп бұлдап бастықтарға жарамсақтанып жүріп төске таққан темірлерін бір-бірден атап асыра мақтап, екі дүниенің арасын жалғап, өткенге иман, қалғанға береке сыйлай салатындай күңірене азан шақырып, зікір салып, жайы келсе ара-арасында «жаны жәннатта болсын!» деп құдайға да бұйрық атқандардың сөзін қалт жібермей кеш сайын тыңдап бет сипай отырамыз ғой. 

Ажал сұм бай, батыр, бағылан, байғұс демей бәрімізге алдынала айтып та келеді, білдіртпей аяқ астынан жұлып ала жөнелетіні де бұлтарыссыз бірден бір шындық және бірден бір әділдік. Сөйтіп анталап келгенде сенің «Сәл аялдай тұрсаң қайтеді, намаз үйреніп енді оқиын деп жүр едім, ол жаққа барғанда құдайға не бетімді айтам?», «Біреуге беруге тиіс қарызым бар еді, балаларға борыш болып қалып қояр, соны өтеп алайын» деген секілді қоян бұлтағыңа қаратпайды, жаныңды әзірейіл іліп алып, жәһаннамға тарта жөнеледі. 

Мен әңгімелегелі отырған сол шындық уақиғаны бастан кешірген адамның өз аузынан естісең тіптен нанымды, күмәнсіз болары анық. Ол адамның әзірше көзі тірі. «Құлақпен естіген өтірік, көзбен көрген шындық». Менен естігеннен өз аузынан тыңдағаның тәттірек болар еді. Ерігіп текке жатқанша ерінбей, екі аралықтағы азғана жолды ауырсынбай халықтың жол-жорасымен бір уыс кәмпит, бір жейдесін ала барып, лебізін тыңдап кел, талай жылдардың куәсі, көпті көріп көнтері болған ондай көнекөздер енді табыла берер деймісің. Көрген көз өзіне сенеді, естіген құлақ өзгенің сөзіне сенеді.

– Әкем-ай, өйтіп мені әуреге салғанша айта отырмайсыз ба, өзгеге сенбесем де сіздің аузыңыздан шыққан сөзге имандай сенетінімді білесіз, айтыңызшы-деді Оразалы өзеленіп. Ерназар бұлданған жоқ, қара саптыаяққа бір уыс көк темекі мен қоса изенннің удай ащы күлін салып араластыра отырып сөзін жалғастырды:

– Ауруханада емделіп жатқан едік дедім ғой. Түс әлеті болатын. Мінезі кең, жайдары, маңдайында тарыдай қап-қара меңі бар тойған қозыдай томпиған сестраның қолынан дәрімізді ішіп, инені шанышқанын да білдіртпейтін жұп-жұмсақ қолымен екпемізді ектіріп, енді ғана жылы оранып алып демала жатып әңгіме соғатын әдетімізше жантая кетіп, әне-міне әңгімеге кіріскен сәтімізде мойнына сөңке рәуіште асып алған қара қобдиы бар, аяғына аурухананың жеңіл шақайын киіп, үстіне киімінің сыртынан көкшіл халат жамылған жап-жас жігіт палатамызға кіріп келіп біз екеуімізге сәлем берді де, менің бетіме қарап:

– Атай, Құлтай деген кісі сіз бе? – деді.

– Жоқ, мен емеспін. Іздегенің Құлтай болса ол мына кісі-дедім. Ұялыңқырап қалды:

– Кешіріңіздер. Иә қалай, денсаулықтарыңыз мықты ма, сақайдыңыздар ма? Сауығып шығуларыңызға тілектеспін-деді де Құлтайға бұрылып,-Мен іздеп келген Құлтай деген атай сіз болсаңыз өзіңізде азғантай бұйымтайым бар еді. 

– Иә не бұйымтай еді?-деді Құлекең таңданып бетіне бажырая қарап,-Айта бер, қарақ.

– Көп уақыттан бері іздестіріп, сұрастырып жүріп сізді әрең тауып келіп отырған жайым осы. Әңгіме, лебізіңізді айтып беруге уақытыңыз шығар ма екен? Мен радио, газетте тілші болып істеуші едім-деп бос тұрған орындыққа отырып, мойнындағы қара қобдиын алып, қақпағын аша бастады. Құлтайым абыржиын деді:

– Қарағым-ау, тілші болсаң алдағыңды ашпай тұра тұр. Басқа біреуді іздеп, жаңылып келіп отырғаннан саумысың? Лебіз, сөз алатындай мен бір соғысқа қатысып ерлік жасаған адам емеспін. Ол түгіл ел барған әскеріне де бармаған, ауыз толтырып сендер айтып мақтарлықтай «еселі еңбекпен» де көтің көзіне көрінбеген, жай ғана жұрт қатарында ақырындап аяңдап жан сақтап келе жатқан қырдың бір сыбайсалтаң шалымын.

– Ол жөнінде емес атай. Аймағымыздың алпыс жылдық тарихында алғаш рет шетелге барып, Мәскеудегі Шығыс еңбекшілері коммунистік университетінде оқыған жиырмашақты адам болған екен. Бір сөзбен айтқанда шетелге барып білім алған моңғолиялық тұңғыш қазақ студерттері дегеніңіз үлкен тарихи маңызды адамдар емес пе?! Қазір сол жарықтықтардың бәрі де пәни дүниеден өтіпті де жападан жалғыз сіз ғана қалған екенсіз. 

Олардың сол мектепке қалайдан қалай барып, оқып, қайтып келгені жөнінде тым құрығанда бір ауыз сөз, бір жапырақ қағазға жазылған естелік қалмапты. Соны енді сіздің ғана аузыңыздан естудің өзі таптырмас олжа болғалы тұрған жоқ па. Әңгімеңізді айтқызып тыңдай отырып, репортер дейтін мына аспапқа жазып алайын деп келдім. 

– Қой, қарағым, алдағы қобдиыңның аузын мықтап жауып ал. Мына сұрағыңа мен жауап бере алмайды екенмін-деді Құлекең қашқалақтап. Анау еркі алдына қояр емес:

– Жалпы өзі Мәскеуге барғаныңыз рас па?

– Атай көрме ондайыңды. Мен атын ғана естігенім болмаса, барған болсам, барып оқып келген анау Жайсаноп секілді генерал, Жеңісхан секілді дарғы, Шолтай секілді мұғалым дегендей атақтылардың бірі болмас па едім. Отырған сұрым мынау жалпиып... Тілші жігіттің өңі бұзылып, әптігі басылып, екпіні қайтып, күдерін үзе нараулай бастады. Сылбырап аспабын жиып-теріп жатып, басына бір ой сап ете түскендей кейіппен Құлекеңе ежірейе қарап:

– Атай, айтпақшы, архивтен табылған деректе Мәскеуге оқуға аттанып кеткен бір топ жастармен бірге Желібай баласы Құлтай деген сіздің есіміңіз де жазылып қалған екен. Сонда қалай? Атыңыз жазылса да нендейбір себеппен бара алмай қалып қойғансыз ба әлде, жасырмай шыныңызды айта салыңызшы?!-деді қадалып. Құлекең қипақтап:

– Не деп айтсам болр еді... Оның рас... Қалуын қалып қойдым, бірақ өйтіп...-деп міңгірледі,-Бірақ шынымды айтайын Мәскеуіне жете алмадым. Сөздің қылдай қысқасы осы.

– Жете алмадым? Мүмкін онда ауырып-сырқап жол ортадан қайтып кеткен шығарсыз, соныңызды айтыңызшы, қызық болсын.

– Ауырған тұрғой дәнеңе еткен жоқпын... ой, соны айтқызбай-ақ қойшы шырағым, естіген құлақтан ұят. Мені енді көп әурелемеші айналайын! Айттым, болды емес пе-деп төсегінде отырған орнынан тұрып, «сөзді көбейтпе» деп жақтырмаған кейіпте теріс бұрылып бірдеңесімен шұғылдана бастады. Тілші орнынан көтерілсе де оны әрбілеп және бірдеңе дегісі келді ме, оған қарап екі ойлы тұрып қалды. 

– Әңгіме, лебіз, естелік деуін. Әлгіндегі ем-дәрісінікі ме, басым ауырып зеңіп барады-деген сөзі «басымды ауыртып мыжымашы!» дегендей ұғылды ма, тілші аузы аңқиып аңырып біраз тұрып қалды да кейіген кейіппен қара қобдиын арқалап кете барды.

«Бермейтін сараң жоқ, сұрауы жетпейді» дегендей ақылы жетсе оның әлгі құпиясын аштырар еді-ау, әттең шіркін шикіөкпе неменің әнтек жастығы ғой, жылы-жылы сөйлеп, өзі басқа бір әңгіменің шетін шығара жанастыра келіп асығып-аптықпай отыра тұрса бұйымтайын бітіріп қайтар еді ғой, кілтін таба алмағанын қарашы, мен де естиін деп едім деп өкіндім.

Сыр білдірмей мылқиып отырғаны болмаса Мәскеуге оқуға бара жатып ауырмай-сырқамай жол ортадан қайтып келгеннен сау емес. Сонда қай маңайдан қайтты? Кесек-кесек кей сөзіне қарағанда мына шалың да кезінде оңай адам болмаған-ау сірә. Қайткенмен де үлкен бір гәп бар, суын тауып қалай да айтқызу керек деп ойладым.

Бізге ем ішкізіп, екпе жасайтын өз келінім тап сондай болсын дейтіндей «Әй шал!» деп шақылдамай, әдеп, ілтипатымен кім де кімді баурап алатын кішпейіл қара келіншек есікті ізетпен ашып, әдемі қара меңі бар маңдайын көрсетіп күлімсірей қарап:

– Атай, сіздің балаларыңыз келіп қабылдау бөлмесінде күтіп тұр. Шай, тамақ әкелген секілді. Өзіңіз барасыз ба, бармасаңыз мен әкелейін, айтар-тапсырарыңыз бар ма?-деді.

– Оларға не айтып, тапсырар дейсің қарағым. Аман-сен, сауығып қалды, бүгін-ертең шығады дегенді айт. Мінеу босаған ыдыс-аяқтарын ала кет-деп әркімдерден келген қорап-қорап тоқаш, балбауырсақ, тәтті-тәпсектерді бос ыдыстарға салып беріп едім, бар жұмысты атқарып беріп, үлкен-кіші демей сырқаттардың бәрінің қабағына қарап зыр жүгіріп жүретін келіншек сырттан келген шай, тамақты үйіп-төгіп әкеліп орталарына қойып, ыдыстарының қақпағын ашып, қасық, шанышқыларын салып, шыны аяқтарына шай құйып ұсынды да «Ас болсын!» айтып өз жайына кетті. 

Ауруханадан берілген тамаққа көңілі соқпай кіртие қалатын қарттар жас қуырдақ пен майлы мәнтіні қомағайлана асады. Бояуы қаныққан, сары май сапырылып, қаймақ қатқан шайларын терши отырып асықпай ішті.

– Маңдайым жаңа жіпсуін қарашы, басым ауырып, жоным құрыштап отыр еді, жаным жаңа жай тапты-деді Құлтай ақсақал самайын, өндіршегін орамалымен сүртіп. Ерекеңнің есіл-дерті Құлтайдың оқу сапарын жалғастырмай кері қайтуының себебінде. Қалайша жолдастарына ере кетпей қалып қалды? Онан соң қайда болды? Шекарадан өте алмай қалған ба? Ары қарай өтіп кеткен болса жат елде тіл білмейді, қазіргідей ерсілі-қарсылы жыртылып-айырылып жатқан көлік жоқ, ауылын тауып қалайдан қалай қайтып оралды? Осы сұрақтар көкейін тесіп бара жатса да шым-шымдап шығармаса шынын айтатын түрі жоқ. Сондықтан әңгімені өзінен бастап, бастан кешкендерін жасырмай алыстан орағытты. 

Оразалыға әңгімелегеніндей ұзақтан тарта кең толғап ежіктеп, иін қандыра алысқа кетпесе де назар аудартар жерлеріне тоқтала ықшамдап, ұтылай, төтелей түйіндеп айтып шықты. Анау да зейін қойып кей арасына келгенде таңдана таңдайын тақылдатып, басын шайқай, «Пай-пай, қалай батылың барды? Ойпырым-ай анау да нағыз ер екен-ау!» деп тамсана, тебірене тыңдады. Серігінің әңгімесі аяқталғанда Құлтай өзіме кезек келді-ау, мен немді айтайын дегендей тайсақтап сөз ыңғайын басқа жаққа бұрмақ болып:

– Дүние не болып бара жатыр өзі, тоза-тоза ескірген соң қажыған дене, қажалған сүйек күн-күн сайын кетеуі кетіп, отырсаң, тұрсаң, аттап бассаң, қаттырақ қозғалып қалсаң да кәрі түйеше буын-буының сырт-сырт, сықыр-сықыр, күрт-күрт. Құстың көлеңкесі тисе суық ұстай қалып, ауырлау бірдеңені көтерсең белің сыздап ауырады. Біреуге тұмау тигенін құлағың шалса күрк-күрк жөтеліп қаласың, шойырыласың, мынауың жасамайтын жас екен.

Емделетін ем-дәріңді өзің тауып әкел, сонсоң жақсылап емдеп сауықтырып берейін дейтіндері де бар. Емшісі түгіл құдай қойса да жас қоймайды, енді кәртейгенде жаным аяулысып ем іздеп жүргенді қояйын, жұрттан ұят. Біздің кезіміздегі емші-домшы, бақсы-балгер, молдаларды халықты жегідей жеген пәрезит пәрешілер деп мұқатушы еді, бір ойласаң оларға сын жоқ екен ғой, өкіметтен тұрақты жалақы беріп тұрған жоқ, қол ақысына кім не берсе соны алып қана қанағат тұтып тірнектеумен тіршілік етіп жүре беретін. Кәрілік, ауру жанға батқанда жас кездегі бейнетіңнің өзін сағынады екенсің, – деді.

– Ондай кемшіліктердің бары бар-ау. Болғанмен де аймақ алғаш орнағандағы бірер киіз үй емхана, орыс дәрігер Тамара, пелшер Ахмет пен лама емші Чоймбылдардан басқа не бар еді біздің денсаулық саласында. Міне оның қасында тойға барғандаймыз. «Тойған соң тоқтының еті топырақ татиды» демекші сырқаттың көбісін-ақ емдеп-домдап жазып жатыр ғой. Жас дегенің байласаң тоқтамайды, кәрілік емдесең жазылмайтын дауасыз дерт қой, құдай қойса да жас қоя ма, сызық жеткенде жалғыз-ақ күні алып ұрады. 

– Шындығы керек қой, сол кездегі емшілеріңнің өзі білімді, белсенді болды. Аспап, құрал-сайманы жоқ бола тұра бойдағы дертіңді тамыр ұстап дөп басады. Елуінші жылдардың аяқ шеніне дейін Өлгийдегі шағын емханада жөндемді аспап та болмады емес пе. Елу алтыншы жылы болуы керек, Уатқан дәрігер алғашқы әпіресті малдәрігері ұйымының пышақ-сайманымен жасады дейтін. 

Одан бұрын әпірес жасау керек болса ондай адамдары Тамара Қобдаға алып барып сондағы арнаулы орында емдеп сауықтырып әкеледі. Чоймбыл дәрілік шөптермен емдейді. Ахмет емші асқазан сырқатына шалдыққандарды құмай құстың жұмыршақ, сілекейімен емдеп жазғандарын көзбен көрдік. Бәрін айт та бірін айт, бүтін бір ғасыр жасап отыз шақты жылдың алдында дүниеден өткен ұраңқай Намыттай ғұлама емшіні көрмедім. Сұқ саусағымен маңдайыңнан түртіп қана башпайыңдағы дертіңді тауып, сипап қана жазатын еді-ау. Алтынның қолда барда қадірі жоқ...

– Бойында кереметі бар бөлекше жаралған адам болды ғой ол. «Мен өлемін, ертеңінде әнеу таудың шоқысы құлап түседі, абай болыңдар»-деп ескерткен екен. Сексен бірінші жылдың жазы шығар, расында Сайыр тауының мұзарт шыңы құлап түсіп қалың жылқы мен сиыр астында қалмады ма. Білгіштердің айтуынша бес жүз метр биіктен құлаған мұз үш мың алты жүз тонна болған. 

Ол кісі қоғамына жексұрын болды, ал халықтың алғыс-ықыласына бөленді. Сонысымен көп жасады. Ұзақ жас алланың құлына арнаған сыйы деуші еді ғой бұрынғылар. «Ұзақ ғұмыр, жақсы ғамал-ризық, ұзақ ғұмыр, жаман ғамал–қорлық»-деген екен пайғамбарымыз, естіген шығарсың? Құлекең бұл өсиетті білмесе де бұрыннан білетіндей басын изегенімен осынау бір таңғажайып орынды өсиетті жаңадан естіп отырғанына таң қалып, жігерленіп, арқасы қозыңқырап, ғамалдардың не екеніне көз жібере іштей ойлана отырып қалды.


ЖАЗУШЫНЫҢ ШЫҒАРМАШЫЛЫҚ БАЯНЫ

Шынай Рахметұлы Моңғолия және Халықаралық Жазушылар Одағының мүшесі ақын, жазушы, аудармашы, этнограф жұрналист. Шынай аймақтық газет, радио, журналда 25 жыл, Моңғолияның орталық газет, радио, хабар агенттігінде 25 жыл қызмет атқарған. 

Поэзиялық, прозалық оншақты кітабы қазақ, моңғол тілінде басылып шыққан: «Иман», «Ікей батыр», «Аяулы» т.б. он поэма, жүз өлең, «Жаналқым», «Дариға», «Дүрия» т.б. он повесть, жүз әңгіме, «Жар тілегі», «Бүркіт», «Кесік қол келіншек» т.б. он драма, тарих, шежіре, тектаным кітаптары шыққан. 

«Гэсэр» хикаясы, Мемлекеттік әнұран; Көрнекті моңғол қаламгері Д.Нацагдорж, Ц.Дамдинсүрэн, Б.Явуухулан, Д.Пүрэвдорж, Д.Мягмар, Ч.Лодойдамба, Б.Бааст, П.Бадарч, Ш.Сүрэнжав, Д.Нямаа, С.Эрдэнэ, Д.Маам, Б.Лхагвасүрэн, Д.Цоодол, Ш.Дулмаа, Р.Чойномдардың өлең, дастан, повесть, пьесаларын; Зян Рунның «Бөрі кие», Инүэ Ясушидың «Көкжал», М.Пүрэвмааның «Періштелер» романдары, С.Нарангэрэлдің «Шыңғыс хан, Моңғолдар» кітабын қазақшаға аударды.

 М.Әуезовтың «Көксерек», «Қаралы сұлу» І.Есенберлиннің «Қаһар», О.Бөкеевтің «Көк тайынша», К.Сегізбаевтың «Ақша», Ү.Ақыттың «Далайлу ғахылия» туындыларын, Ә.Марғұланның І томын, исламдық алты кітапты моңғолшаға аударған. Моңғолияға еңбегі сіңген мәдениет қайраткері, Моңғолия және Қазақстан Республикасының мәдениет үздігі. 

сурет ашық интернет желісінен алынды

Мәдениет порталы

Шоу-бизнес

Атақты продюсер Баян Мақсатқызы сұхбат барысында өмірінде өткен қиын кезеңдерімен бөлісті, деп хабар...

Жаңалықтар

Бүгін ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен Қ. Қуанышбаев атындағы Қазақ Ұлттық музыкал...