Ал айтамын, заманымның шындығын...

ӘДЕБИЕТ
3264

Картам Айшолпан Мәдиқызы 2000 жылдың 1 маусымында Ақтөбе облысы, Ырғыз ауданы, Тәуіп ауылында дүниеге келген. Мектеп қабырғасында жүрген кезінде «Абай оқулары», «Махамбет оқулары» сынды байқаулардың жеңімпазы атанды. Қазіргі таңда Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінің Шетел тілдері факультетінің 2 курс студенті. «Үздік студент-2018» атанды. Өлеңдері Ақтөбе облыстық «Жауқазын» атты жас ақындардың жыр жинағында жарық көрді.  

 Алдамшы өмір

Қонақпыз ғой бұл өмірге сен де біз,
 Қайта оралар топырақпыз жерге біз.
 Тәңір ием уақытша жаратқан
 Ғұмырымыз гүлден әлсіз пендеміз.

Таусылады бұл өмірде тағатың,
 Соқпас мәңгі жүрек дейтін сағатың.
 Біз кетеміз, біреу келер қайтадан
 Жас сәбиге берер оған тағы атын.

Ақ пен қара алдамшы өмір осындай,
 Көрінеді дұшпаның да досыңдай.
 Зымыраған мына опасыз дүниеде
 Сатып кетер бала кезгі досыңда-ай.

Таң атқан соң кеште қатар бататын,
 Бірі күліп, бірі жылап жататын.
 Өмір деген кәрі керуен осындай
 Жауабы жоқ, жұмбақ таңы ататын.

Сағымдаймыз осынау құла түзде,
 Уақытша қыс, көктем, жаз бен күзде.
 Көзден ғайып болармыз болмағандай
 Еріп кетер мұздардай мына бізде.

Алдамшы арзан бақпен алдап тұрған,
 Аққан жұлдыз секілді шаң қаптырған.
 Тағатсыз бір қозғалыс өмір деген
 Ағы менен қарасын жалғап тұрған.


 Ал айтамын, заманымның шындығын...

Айтар болсам бұл заманның шындығын,
 Бұл ғасырда өтірік пен шынды ұғын.
 Таусылмайды-ау мен айтатын бүгінде
 Тізіп айтар қаз-қатардай шындығым.

Қарсы шығып елі үшін жат елге,
 Төзе алмайтын тіпті бұдан бетерге.
 Ер Жәнібек, Керейлердің ұрпағы
 Еліктеді сырға тағып шетелге.

Арын сатып қызы бүгін қазақтың,
 Бар ма артық бұдан асқан азап тым?
 Шетелдерге жар боп қызы сатылып
 Ортасында қалды қазақ мазақтың.

Ұрпағы еді Домалақтай ананың,
 Қырық үйден тыйған халық дананың.
 Қыздары сол ашық-шашық киініп,
 Жеткен жері сол ма еді сананың?

Періште жүрек сәбиін тастап далаға,
 Безбүйректер мейірімсіз балаға.
 Ата-анасы аялаған ауылдың
 Алданады қызы келіп қалаға.

Қандай тәлім алды деген ой туды-ай,
 Санасында ұят деген ой тұрмай.
 Өз баласын тастандығып кететін
 Сонда кімнен тәрбие алған ойпырмай.

Ана-анасын тастап қарттар үйіне,
 Қарамайды оның көңіл-күйіне.
 Қартайғанда қаңғытатын далаға
 Сонда ол жер оның лайық үйі ме?

Қоқысқа да тастап кетер баласын,
 Қаңғытатын туған ата-анасын.
 Мейірімсіз, тас боп кеткен жүрекпен
 Эй, қарағым енді қайда барасың?

Енді бірі зәру тәтті сәбиге,
 Ата-анамыз болса дейді фәниде.
 Бұл өмірдің мәні сәні керек қой
 Ата-анамен тәтті сәби әр үйге.

Жетімдер үйін паналап, күткен көздері,
 Айтуға арман ата-анам деген сөздері.
 Ата-анасыз жетім болып қалатын
 Кінәлі ма еді жазықсыздардың өздері?

Ерте үйленіп, ажырасып жататын,
 Берекесіз таңдары ылғи ататын.
 Көріп жүрмін адамдарды осындай
 Қымбат үйін құр ойынға сататын.

Құмар ойын тонап барлық байлығын,
 Түк қалдырмай термен тапқан айлығын.
 Кепіл болса зәулім үйі банкке
 Несиесі басындағы қайғы-мұң.

Бай-бағылан болсаң егер құрметтім,
 Көрсетілер саған аса құрмет тым.
 Жоқ болса егер қалтаңызда ақшаңыз
 Білмейсіз де не екенін құрметтің.

Қалың болса қалтаңыз дос барлығы,
 Болған емес себебі оның тарлығы.
 Алдында оның құрдай жорғалаушыға
 Заң боп тұрар оның айтқан жарлығы.

Депутаттың ұйықтап тапқан байлығын,
 Қара жұмыс істеушінің айлығын.
 Әділдікті қайдасың деп саралап
 Салыстырып қарау да бір қайғы-мұң.

Жалақысын көтерсе бар жұмыстың,
 Молаятын сәні келер ырыстың.
 Жолақысы көтеріліп себебі
 Қиындатты тіршілігін тыныстың.

Мән-мағына сөздерінен іздегем,
 Таба алмадым мәнді сөзді іздеген.
 Айтқан әннің мәтінін де білмейді
 Мақсаты жоқ әншінің де көздеген.

 Өзгелерден дараланып, жеңсе екен,
 Асыр салған сахнада құр секең.
 Ашық-шашық киінуді құртатын,
 Қатаң түрде заң күшіне енсе екен!

Биіктерге шықса біреу самғайтын,
 Бірін-бірі күндеп көре алмайтын.
 Бірін-бірі аямайтын заманда
 Көру арман мейіріммен таңды айқын.

Біреу құштар бұл жарықты көруге,
 Біреу тіпті ырза емес, мұң төгуде.
 Бұл жарықты аңсап жүрген мәңгілік
 Біреуге арман бұл фәниді көру де.

Сөз түйінін айтар болсам өзекті,
 Түсінетін жан болса егер өзі епті.
 Болмасыншы тастандылар үйі де,
 Жабылсыншы қарттар үйі кезекті.

Тілім менің баға жетпес байлығым,
 Қазақ тілі біздер үшін жайлы ұғым.
 Шұбарлатпай ана тілді қашанда
 Қадірлейік қазағымның байлығын.

Сыр шертетін тарихым бар ғасырдан,
 Қазағымның атын айдан асырған.
 Ұмытылмас, ұрпақ біліп жүрсе екен
 Түп тамырын шежіредей асылдан.


Арайлы мекен – Ақтөбем!

Ұлылар туған киелі мекен жердегі,
 Арайлы мекен, Ақтөбем ғой бұл мендегі.
 Тұла бойы тұнған тарих мекенім,
 Таусылмайды кереметтер сендегі.

Ашылып аппақ жаңа ғасырдың парағы,
 Арайлы мекен көркейіп күнде барады.
 Жүз қырық тоғыз жылдық тарихыменен
 Парақтарында тарихтың мәңгі қалады.

Бір өзіңнен жәннәттің жүзін көрем,
 Мүмкін емес арнамау үзінді-өлең.
 Бір сенен Асау, Барақ, Әйтекедей,
 Бастаған ұлылардың ізін көрем.

Әбілқайыр хан тегін жалғап тұрған,
 Қобыланды жауларын шаң қаптырған.
 Осындай тұлпар тектес бабаларым,
 Атағыңды Ақтөбем самғаттырған.

Сәнің бөлек, табиғатың дара шын,
 Келбетіңмен көздің жауын аласың.
 Жаратқаным бір өзіңмен Ақтөбем
 Көркем еткен қазағымның даласын.

Өр тектілік топырағынан дарыған,
 Киелі мекен өзіңді бәрі таныған.
 Туған өлкем арайлы менің Ақтөбем
 Жер жәннәтін бір өзіңнен танығам.

Бақ дарыған қазағымның аймағы,
 Зәулім сарай, ғимараттар айлағы.
 Нысандармен мекеменің көптігі
 Күннен күнге көркеюдің айғағы.

Асқақтатар менің әркез дастаным,
 Тең келмейді жақұты да басқаның.
 Жырлап өтер қасиетіңді дәл мендей
 Бір өзіңді сүйіп өтсін жастарым.

Атырабы толған байлық мекенім,
 Асқақтатар әркім туған мекенін.
 Саған арнап жазған жырдан сезілер
 Сенде туған бақытты жан екенім.

Туған өлке ұлыларға, маған да,
 Мақтан етем жырдан моншақ тағам да.
 Бұл өлкенің біздер үшін жастарым
 Қымбат құны маған және саған да.

 Астанаға ақ тілек

Қазақстандай елімнің асқақ айбыны,
 Еңсесі биік көгінде күлген ай-күні.
 Сарыарқадай сайын далада сән құрған
 Елордам менің мәңгі достықтың айдыны.

 Тәуелсіз елдің биікте тұрар байрағы,
 Елордам менің бейбітшіліктің айғағы.
 Есілдің ерке жағасындағы Елордам
 Көкке ұмтылған ғимараттардың айлағы. 

Тұғыры болған Қазақстанның Астанам,
 Тотыдайын таранған әсем жас қалам.
 Шоқтығы биік сәулеті көркем шаһарым
 Мерейі болған елімнің асқақ бас қалам.

Ғасырмен үндес шоқтығы биік қаласың,
 Тағы да саған таңданып әлем қарасын.
 Жалғап тұрған екі дүние бөлігін
 Азия менен Еуропаның арасын. 

Оза шауып уақыттардан дамыған,
 Қысқа мерзімде төрткүл дүние таныған.
 Қазағыма мәртебе болған елордам
 Көркейе тұғын сұлулық саған дарыған. 

Тойлана тұғын бейбітшіліктің күнінде,
 20 жылдық мерейтойың бар бүгінде.
 Нық сенімнің тірегі болған астанам
 Мойындай білді бүкіл әлем түбінде. 

Астанама ақ тілегемді мен арнайын,
 Жырыма арқау мерейтойына жалғайын.
 Көркейе бергін, гүлдене бергін елордам
 Арнаймын саған тәтті тілектер балдайын.

Ер бабалардан еншіге қалған дарасың,
 Салтанатымен сән құған әсем қаласың.
 Бәйтерегің бар көркіңе ажар қосатын
 Таңданып саған тағы да әлем қарасын.

Елбасының бастамасымен салдырған,
 Әлемге аты бүгінгі күнде жаңғырған.
Ханшатырменен Пирамидадай кешенмен
 Астанам менің жұртты есінен тандырған.

Алты алаштың анасы болған тірегім,
 Айтар болсам көп, аққардай аппақ тілегім.
 Келбеті көркем сүйікті менің астанам
 Абыройыңның арта беруін тіледім. 



Шоу-бизнес

Атақты продюсер Баян Мақсатқызы сұхбат барысында өмірінде өткен қиын кезеңдерімен бөлісті, деп хабар...

Жаңалықтар

Бүгін ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен Қ. Қуанышбаев атындағы Қазақ Ұлттық музыкал...