Елбасымыз жариялаған «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында тарихи мұра...
«...СЫНШЫЛЫҚ СЕРТІ!..»
«Әдебиет – ардың ісі!..» Оған сөз бар ма! «Әдебиет – тәрбие құралы!» Бұған да келісеміз. «Әдебиет – шын өмірдің көркем көрінісі...» Бұл да шындық аулынан алшақ кетпей жатады. Ендеше, қолына қалам ұстап, өзінше ой кестелеген барша қалам иелеріне күдікпен емес, әрдайым жақсылық күткен үмітпен қарау ләзім болмас па! Қоғамның қозғаушы күші, ойдың серпіні, тіпті тарихтың рухани арбасын алға сүйреуші ретінде қарасақ та артық емес шығар, сірә! Бұл ғана емес, кезінде осы қалам қайраткерлерінің жазғандары мен маржан ойларын, түйінді тұжырымдарын өзі жүзеге асырмақ мақсат-мүдделеріне сыналап сіңістірген саясаткерлер мен қайраткерлер де көп еді-ау! В. Ульянов Толстой шалды «Орыс революциясының айнасы» деп көкке көтерді. И. Сталин Горькийді аспандатып, пролетариат жазушыларының бетке ұстарына айналдырды. Қазақ "саясатына" жарап кеткендердің бірі - Мұқанов болды. Жә, бұл өз алдына бөлек әңгіме. Айтпағымыз мүлде басқа. Көркем шығарма және оны өз кезінде бағалау жайы. Таланттың бағын ашу мен оның шабытына шабыт қосу турасындағы ойбағыт. Тарихта мұндай өнегелі істер аз да емес, көп те емес! В. Белинский Достоевскийдің бір шығармасын оқып шығып, еш күлтелектеп-күдіктенбестен « Сен ұлы жазушы боласың» деді. А. Байтұрсынов Абайды елден бұрын «Қазақтың бас ақыны» деп батыл бағалады. Ж. Аймауытов пен С. Қожанов Мағжан ақынды тілі сұлу, дыбыспен сурет сала алатын, жаңадан туған құбылыс ретінде қабылдады. М.Әуезов жас Айтматовтың ғажайып жазушы боларына сенді, сөз арнады, батасын берді. Мүсірепов Асқар Сүлейменов пен Оралхан Бөкейді нағыз талантты прозашы деп таныды. Жалғастыра беруге бола ма? Әрине, болады! Ал, өкінішке орай, осындай жүрек жылытар өнегелі дәстүр біздің бүгінгі кезімізде неге көрінбей қалды? Ақын-жазушы да үнсіз, бір-біріне сөз арнауға шорқақ! Әдебиеттің безбеншісі -сыншы достар да сылбыр! Жазғандары, шындық осы, жалпылама! Алыстан орағытып айтып, «желіге» жақындай бермейді. Әлде... бүгінгі қазақ әдебиеті шынымен-ақ жүдеп бара ма? Тілге тиек етер деңгейі жоғары көркем туындылар тумай қалып жатыр ма? Бәрі бірдей сын нысанасына алып, садақ тартуға жарай бермей ме? Әрине, осы тұста қу шөппен ауыз сүрткен болмалық, жекелеген әдеби пікірлер бар, талдамақ ниет байқалады, сирек болса да ондайды байқап қаламыз. Бірақ, сіз бен біз ондай пікірлерге құлақ түріп, ой тоқтатып жүрміз бе? Айтылған тәп-тәуір ойды қол көтере қостай алдық па? Әй, қайдам! Бірінікі – көңілжықпастық, екіншісінікі - атүсті пікір, үшіншісінікі – тым таяз... деуден аспадық білем! Сонда дейміз-ау, сөздері мірдің оғындай, айтқандары мықшеге боп қадала қалатын аузы дуалы, атағы дүркіреген қалам иелері... осы кезде неліктен тым тартыншақ болып алды? Неге іштегі тылсым ой сыртқа шықпай жатыр? Осы жағы еріксіз ой алаңына жетелеп әкете береді. Әлде... ұлт әдебиетінің болашағы өзімізге – мына біздерге бәрібір болып бара ма?... Түсініксіз-ақ...