ТАМЫЗДА ТАБЫСҚАН ТАҒДЫРЛАР

ӘДЕБИЕТ
2479

Бұл – 1968 жылдың тамыз айы еді.
Қайырбекті жеңгелері «Көркемжігіт» деп атаса, Күләштің жеңгелері «Шырайлым»деп еркелететін. Толқын шашты Көркемжігіт кіммен болсын емен-жарқын сөйлесіп, «ә» дегеннен әңгімесі жараса кететін ақжарқын пейілімен көпке ұнамды. Ал Күләш болса өлең өлкесінде өресін танытып үлгерген инабатты да ойлы бойжеткен еді. Көркемжігіт қылықтылардың арасынан аққұба ақын қызды бірден ұнатты. Емтиханның нәтижесін білер сәтте де оқуға түскендердің тізімі арасынан Қайырбек «Күләшті» іздесе, Күләш та «Қайырбек оқуға түсті ме екен?» деген ойда жүруі, екі жүректің бір-біріне деген ыстық ықыласын білдірсе керек.

 Қайырбек пен Күләш емтиханның сын сағатынан мүдірмей өтіп, журналистика факультетіне оқуға түсті. Екі жыл алдын емтиханнан өте алмай қалған Қайырбек үшінші жылы Күләшпен бірге оқуға түскенін жақсылыққа балады. Себебі Күләш оған қатты ұнап қалған болатын. Көркемжігіттің тарапынан ыстық ықыласты бірден аңғарған Шырайлы қыз сымбатты жігітті іштей ұнатса да, өзін алшақ ұстады. Ішкі әлемінен сыр алдырмай, дала қызына тән қаталдығы мен ұяңдығын қатар танытқан еді. Қыз жүрегіне жол табуға тырысқан Қайырбек гүл тектес қыздың сезімін жаулау үшін уақытын бірде жырмен, бірде гүлмен көмкеруге тырысып бақты. Сондағы жастық шақ, жауқазын күндердің бір белгісіндей болған қалампыр гүлін Күләшқа сыйлауды әдетке айналдырды. Ал қызға арнаған өлеңінде есеп жоқ шығар...

Уақыттың уысында ардақтысының адалдығына көз жеткізген Күләш араға екі жыл салып Қайырбекке тұрмысқа шықты Қалам ұстаған қос ақынның шаңырағында енді өлең мен өмірдің шырағы қатар жанды.
Жүргеніңде әдемі шай қайнатып,
Жыр оқисың ,өмірді, елді ойлантып,
Басқа байлық, мансаптың керегі жоқ,
Менің сені тапқаным қандай бақыт?!– деп жырлады енді отағасы.
Күләш ақынның да гүлдей нәзік шумақтары жазыла береді.
Қандай бақыт тағы да таң атқаны.
Тамылжытып құс әнін таратқаны.
Қандай бақыт жанымда сен тұрғаның,
Бөлмемізді махаббат толтырғаны.
Қандай бақыт өріктер гүлдегені,
Қамығуды, ойлауды білмегені.
Қандай бақыт жылда жаз келетіні.
Қандай бақыт өзіңе сенетінім.
Қандай бақыт жапырақ билегені.
Қандай бақыт басқаны сүймегенім.
Осыдан елу жыл бұрын тамылжыған тамыз айында табысқан жас жүректердің лүпілі қателеспеген екен. Бүгінде бұл отбасы мемлекетіміздің мерейлі шаңырағының біріне айналып отыр.
Сәулелі сәттердің шұғыласындай жарқыраған жырдан шырақ жаққан шаңыраққа барған сайын самайын ақ шалған қос ақынның көздерінен әлі де албырт, әлі де тым балаң махаббатты байқап қаламын. Ол махаббат Күләш ақынның нұрлы жанарында, Қайырбек ағаның жарқын күлкісінде жасырынып тұрғандай. Түн көзінде күллі әлемнің күдігі мен үмітін тарқатып отырып, өлең тербейтін екеудің бірін- бірі толықтырып тұратын нұрлы жүзі ғана емес, үйлесімін тапқан сұхбатынан да әңгімесі таусылмаған, таусылмайтын жұп екенін аңғарамын. Ақын қыз жарын жақсы көру арқылы Қайырбектің елін, Қызылорда жерін, дариясын, туған-туысын жақсы көрсе, Қайырбек те ақын Күләшты сүю арқылы – Тараз, Талас елін құрмет тұтатынын мақтанышпен айтады. Қос ақын тағдырға риза пейілдерімен сыр ашады. Тыңдаған сайын біз де марқайып, масаттанамыз. Қанша әңгіме естісек те жалықпаймыз.

 

68 кулаш 2

 Олжас Сүлейменов, Әбіш Кекілбаев, Зейнолла Қабдолов, Тұманбай Молдағалиев, Қадыр Мырзалиев, Фариза Оңғарсынова, Өмірбек Байгелді, Өмірбек Жолдасбеков, Қуаныш Сұлтанов сынды көрнекті тұлғалар отырған шаңырықтың төрінде біздің де отыруымыздың сәті түсті.

Иә, ақындар отбасына мен де барып тұрамын.
Қайырбек ағай мен Күләш апай отбасымен бірге Таразға көшіп келді дегенде мұндағы жас ақындар шоғыры қатты қуанған еді. Жас қаламгерлер қос ақынның үйіне еркін кіріп, емен-жарқын отырып, әдебиет туралы әңгіме айтады, өлең-жыр оқиды. Мейірбан да меймандос шаңырақты жатсынбайды. Бұл бақта бұлбұлдар жырлайды. Күләш апаға сәлем береміз деп Қазақстанның әр түкпірінен жас ақындар келіп жатады. Астанадан арнайы келіп, ақынның мерейтойын жүргізген, әйел-ананың қым-қуыт тіршілігін дөп басып жырлаған Қалқаман Сарин:
Танытса да тағдыры қаталдықты,
Әйел үшін отбасы – Отан құтты,
Қазан менен қаламның
Қолыңызға
Күйесі мен сиясы қатар жұқты, – деп, ақын анаға тамаша жыр арнап қайтты. Айтса айтқандай, бұл кісілер кітап жазумен бірге Жазира деген жауһардай қыз, Жарқын атты алтындай ұл тәрбиелеп, немере сүйіп отырған өнегелі жандар.
Бұл үйдің өз кестесі, өз заңы бар. Ол заң – әдеп заңы. Артық сөз, ерсі қылық бұл отбасына жат. Бұл үйде тек әсемдік қана салтанат құрып, ұят пен ардың ғана төрге озуға құқы бар.
Шаттықпенен қарсы алам Күн шығуын,
Махаббатыңмен нұрланды тіршілігім!
О, Жаратқан! Өзіңе – шүкірлігім,
Жарылқауыңа – мәңгілік құлшылығым,– деп жырлайды бүгінде ақын ана. Құдай қосқан жұбайлар терезеден түскен нұр мен жүрегін тербеген жырды қатар сүйеді, аялайды. Ал қазақтың маңдайына біткен қос ақынға бар қазақ «Көп жасап, Күн шыққанда күліп ояныңдар» деп тілек білдіреді.

Құралай СЕЙСЕНБЕКҚЫЗЫ

z-taraz.kz

author

Қайырбек Асанов

Шоу-бизнес

Атақты продюсер Баян Мақсатқызы сұхбат барысында өмірінде өткен қиын кезеңдерімен бөлісті, деп хабар...

Жаңалықтар

Бүгін ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен Қ. Қуанышбаев атындағы Қазақ Ұлттық музыкал...