«АДАМНЫҢ БЕС АСЫЛ ІСІ» МЕН «АДАМНЫҢ БЕС ДҰШПАНЫ»

ӘДЕБИЕТ
5772

(«Абайдың антропологизмі» – абайтанудағы құнды еңбек)


Адам мінез-құлқы, бітім-болмысы, жаратылысы, дүниетанымы, сезімі – Абай Құнанбайұлы шығармашылығында кеңінен көрініс тапқан тақырыптар. Демек, хакім өлеңдері мен «Қара сөздері» – адамтану ұстыны деуге негіз бар. Абайдың талап, еңбек, терең ой, қанағат, рақым жөніндегі тұжырымдары Батыс және Шығыс ойшылдарының өсиет-насихаттарымен өзектес әрі олардікінен көш ілгері екендігін байқау қиынға соқпас. Айталық, голанд философы Бенедикт Спиноза адам өлгеннен соң «ол барлық қиындықтан құтылады» деген ойда болғанымен де, Әзірейіл періште жаныңды суырып алғаннан кейінгі жақсы мен жаманның қандай күй кешетіндігін тарқатып жазбаған-ды. Ал, Фридрих Ницще «Ағлақ генеалогиясында» «өлімді – ләззат» деп түсіндіреді. Америка антропологы һәм мистигы Карлос Кастанеда «Дон Хуанында» жанның кісі тіршілігіндегі халін сипаттайды. Абай: «Өлсе өлер табиғат, адам өлмес, Ол бірақ қайтып келіп, ойнап-күлмес. «Мені» мен «менікінің» айрылғанын «Өлді» деп ат қойыпты өңкей білмес» дейді.


Ақын туындыларының алтын арқауына айналған мінсіздік, адамгершілік мәселесі барлық данышпан-ойшылды мазалаған-ды. Алайда, «қазақтың бас ақыны» (А.Байтұрсынұлы) мұны ойқазанында өздігінше қорытқан: «Талап, еңбек, терең ой, Қанағат, рақым, ойлап қой – Бес асыл іс, көнсеңіз». Ал, филология ғылымдарының докторы, профессор, абайтанушы Жаңғара Дәдебаев «Абайдың антропологизмі» атты еңбегінде: «Зерттеушілердің бірқатары адам болу үшін қажетті бес асыл іс туралы ойдың шығу төркінін Ғұламаһи Дауаниден таратып айтады. Дауанидың атын Абайдың өзі де атайды. Солай дегенмен бұл ойлардың түп төркінін Дауаниға немесе басқа бір ғұламаға апарып телу дұрыс бола алмайды. Өйткені, бұл ойлардың түп негізі әріден, Аристотельдің «Этикасынан», әл-Фарабидің әлеуметтік-этикалық трактаттарынан, әһли кітаптардан басталады. Ал, әһли кітаптардан, Аристотель, әл-Фарабиден бері айтылып келе жатқан осы ойларды ақындық пайыммен саралау мен даралауға, жүйеге түсіруге, сөйтіп көптің пайдасына жаратуға келгенде, Абайдың еңбегі зор, орны бөлек» деп тұжырымдайды. Әр істі бастар үшін әуелі талап қажет. Талаптанған жан тас жарып, тау қопарады. Бұл жерде ынта-ықыластың да рөлі зор.Абай ұғымындағы адамилықты айқындар фактордың бірі – еңбек. Еңбек те – құндылық. Дене еңбегімен қатар, ой еңбегін де ескерген абзал. Ал, рақым – Құдайдың адамға берген ерекше сыйы. Өкініштісі сонда, мұның қадыр-қасиетін адамзат әлі күнге шейін толық түсіне алған жоқ. Рақым жоқ жерде адамгершілік те жоқ. Хакім еңбек туралы былай деп жазады: «Өзің үшін еңбек қылсаң, өзі үшін оттаған хайуанның бірі боласың. Адамшылықтың қарызы үшін еңбек қылсаң, Алланың сүйген құлының бірі боласың». Демек, шайыр үшін еңбек – жалқы емес, жалпы мәнге ие түсінік. «Түбінде баянды еңбек – егін салған, Жасынан оқу оқып, білім алған. Би болған, болыс болған өнер емес, Еңбектің бұдан өзге бәрі жалған» дейді Абай. Талаптан басталған еңбек, қайрат, ақыл, білім, рақым, қанағат, үнемшілдікке ұласады. Хакім адамдыққа ұмтылған жастарға насихат еткендегі бес асыл істің ішіне «терей ойды» да енгізген-ді. Ойлану – бірнеше деңгейден тұратын күрделі процесс. Біз бұған нейрологиялық, физиологиялық, психологиялық, социологиялық, лингвистикалық, тарихи һәм мәдени факторларды қосамыз. Осы туралы Жаңғара Дәдебаев не дейді екен: «әл-Фарабидің «ойлау күші» мен Абайдың «терең ойы», «терең ойдың телміріп соңына еруі» арасында қайшылық жоқ. Өйткені, ақын айтуында «терең ой» мен «терең ойдың соңына еру» өзара мәндес, кейінгі болмаған жағдайда алдыңғысынан пайда жоқ. Сонымен қатар, «ойлау күші» «терең ойға» жетудің құралы болса керек. Салыстырып қарағанда, «ойлау күшінің» де, «терең ойдың» да, «терең ойдың соңына ерудің» де түпкі мәні бірдей. Айырмашылық мазмұнда емес, пішінде. әл-Фарабидің ойы – нақты, ал Абай ойы – бейнелі, образды. Екінші жағынан, Абай өзінің ойларын өзі танып, білген өмір тәжірибесі негізінде таратады. Сөйте тұра, әлемдік ақыл-ой қорында жинақталған ғылыми пікірлерден алшақ кетпейді». Расында, талаптың да, еңбектің де бастауы – ой. Адам бір нәрсеге талаптанар алдында ойланады. Яғни, әр іс ойдан басталмақ: еңбек етсем немесе талаптансам деген. «Терең ойдан» туындаған белгілі бір мақсұт нәтижелі, жемісті болуға тиіс. Абайдың адам боп қалыптасу жолындағы ұстанымына «бес асыл істі» енгізуінде мән бар. Ең қызығы, ғұлама жай әншейін ойды емес, «терең ой» туралы айтып отыр. Жаңғара Дәдебаев «Абай антропологизмінде» былай дейді: «Кісінің өзінде ой, ойында көз болуы туралы қағидасын ақын екі түрлі образ-бейне арқылы негіздейді. Оның бірі – «өзінде ой», «ойында көз» бар адамның бейнесі. Екіншісі – «өзінде ой жоқ», «ойында көз жоқ» адамның бейнесі. Біріншінің ерекшелігі – көрген-білгенін әділет пен ақылға сынатады, терең ой, терең ғылым іздейді, терең ойдың соңына ереді. Бұлар – адамдықтың белгілері. Екіншінің ерекшелігі біріншінің ерекшеліктеріне қарама-қарсы сипаттарымен белгілі болады. Көрген-білгенін сынатуға бойынан әділет пен ақыл таппайды, әділет пен ақыл табайын демейді, терең ойдың соңына ермейді, терең ой, терең ғылым іздемейді». Иә, «терең ой» адамның бес сезім мүшелері арқылы сезініп, нәтижесінде дұрыс пікір түюіне тұғыртас болмақ. Терең ой – кісі адамилығын аңғартар көрсеткіш. Бірақ, оған жету үшін эрудиция, рухани тұрғыдан толысу, арлылық және ең негізгісі – деңгей-дәреже қажет. «Терей ой» атты өзен «қанағат» деген теңізге барып құяды. Тағы, қанағат – сүзгі. Ол адамды ағаттықтан, қателіктен, түрлі кесір-кесапаттан қорғап-қоршайды. Қанағатшыл – шүкіршіл адам. «Қанағат қарын тойдырар» мәтелінен-ақ бұл қасиет адамды шектеу арқылы, антивирус секілді басы артық нәрселерден қалқалайтынын түсіну керек. Тегінде, жөні түзу кісі қанағатшыл келеді. Қанағатшыл – Құдайға бір табан жақын жан. Себебі, ысырапшыл емес, үнемшіл. Үнемшілдік пысықтық мағынасында айтылып тұрған жоқ. Қайта артылғанды орны-орнымен, нәтижелі жұмсау деген сөз. Өзі тойса да, көзі тоймайтындарды қанағатшыл деп қалай айта аламыз?! Жүрегін дүниеге байлаған пенденің пейілі, болмысы, мінезі өзгереді. Ол жанындағыларды ұмытады, оң мен солды ажыратудан қалады. Ақылды әрі ішкі әлемі бай адамның қорғаны – қанағат. «Жұрт жүр ғой арамдықты еп көрем деп, Тоқтау айтқан кісіні шет көрем деп. Бар ма екен жай жүрген жан қанағатпен, Құдайдың өз бергенін жеп көрем деп» дейді Абай. Қанағатсыздық – тойымсыздық бастауы. Монография авторының осыған қатысты ойын білсек: «Қанағатқа негіз болатын – көңілдің тыныштығы. Көңілдің тыныштығы үшін кісі, жоғарыда талапқа қатысты көрсетілгендей, үш түрлі істен аулақ болу қажет: а) адамның адамдығын бұзатын жамандықтан; ә) өзін-өзі өзгешелікпен артық көрсетпектен; б) біреуге қастық қылмақтан, біреуді қор тұтпақтан, кемітпектен. Бұлар – нәпсіден туатын құмарлықтардың түрлері. Нәпсіден туатын құмарлықтарға бой алдырған адам адамшылықтан шықпай, жамандыққа ұрынбай қалмайды. Нәпсіден туатын құмарлықтарға бой алдырмаудың жолы – әр нәрсенің өлшеуін білу, қанағат ету, ынсапты болу». Ғалымның ойынша, қанағатсыздық – нәпсінің қозуына тікелей қатысы бар фактор. Рақым, мейірім, қайырым, қанағат – туыстас ұғымдар. Мәселенки, рақым – кешірімгершілікпен, мейірім – жылылықпен, қайырым – кісілікпен, қанағат – үнемшілдікпен үндес ұғымдар. Мұның бәрі тоғыса келе Иманды құрайды. Рақымсыз адам – қоғам үшін қауіпті. Өйткені, одан пайда емес, залал-зиян ғана күту керек. Адамзат тарихындағы көбіне-көп диспот, тиран, диктаторлар рақымсыз екендігі даусыз. Себебі, рақым – адамилық ядросы. Жаңғара Дәдебаев рақымға байланысты мынандай ой қорытады: «Адам бойындағы рақымдылықтың пайда болуы, қалыптасуы, тұрақтауы туралы әл-Фараби мен Абайдың ойларында ортақ негіз бар. әл-Фараби секілді Абай да рақымдылықты адам іс-әрекеттерінің мөлшеріне, күшіне, мақсатына, кімге жұмсалуына, мезгілдік және мекендік шегіне қарай сипаттайды. Соның бәрінің бастауында ғылым мен білім, халықтың байырғы рухани мәдениеті, дәстүрлі дүниетанымы тұрады».

Кемшіліктің яки артықшылықтың сипат-сапасын анықтау үшін екеуін қатар қойып салыстырған дұрыс. Сонда ғана оның ара-жігін ажыратуға болады. Рақымдылық пен залымдық, қанағат пен тойымсыздық, терең ой мен надандық, еңбек пен еріншектік, талапшылдық пен ынжықтық дегендей. Абай ілімінде адам боламын дегеннің бойында осы бес асыл қасиет тоғысуы қажет. Тоғысқан кезде кісі толысады. Толысқан кезде оны кемел деуімізге негіз бар. Хакім бес асыл қасиеттің мән-маңызын деңгей-деңгейге бөліп саралайды. Әрқай қасиетке өз биігінен баға береді. Адамға тән талап, еңбек, терең ой, қанағат, рақым сықылды бес асыл қасиет – өмір өрісін анықтайтын мықшегедей мызғымас тірек, адам баласының өсіп-өнуіне сеп боларлық алтын діңгек. Жоғарыда сөз болған «бес асыл қасиетке» «өтірік, өсек, мақтаншақ, еріншек, бекер мал шашпақ» секілді бес дұшпан қарсы тұрмақ. Олардың функциясы – адамды ақ жолдан тайдыру. Әлгі «дұшпандардың» өзіндік міндеті бар. Кісінің тұла бойы – Періште мен Ібілістің майданы, жан алысып-жан берісер шайқас алаңы. «Бес асыл қасиет» адамды өрге сүйресе, «бес дұшпан» оны ылдиға қарай тартпақ. Иманы кәміл әрі парасатты жан ғана бұған төтеп бере алады. Ғалым Жаңғара Дәдебаев «Адамның бес дұшпанының» әрқайсына былай деп анықтама береді: «...өтірік ешбір құбылыстың, заттың, нәрсенің белгілі бір сипатымен немесе қасиетімен еш уақытта сәйкес келмейді. Өмірдегі құбылыстың, заттың, нәрсенің өзімен немесе белгілі бір сипатымен я болмаса қасиетімен еш уақытта сәйкес келмейтін сөзді өтірік сөз дейміз. Ал, өсек сөз арқылы ғана тарайды. Ол кісінің сыртынан айтылады. Біреуді біреуге жамандау, біреудің сөзін біреуге жеткізу – өсектің ең кең көрініс тапқан түрлері. Кісінің сыртынан айтылған ғайбат сөз – өсек сөз. Жұрт оны «қаңқу сөз» деп те атайды. Адамзаттың мақтаннан, мақтаудан арылуы мүмкін емес. Абайдың тануы бойынша, адам баласының мақтаннан аман болмағы – қиын іс. Ақын оның екі түрін көрсетеді: бірі – үлкендік, екіншісі – мақтаншақтық. Абай шығармашылығында еріншектік, жалқаулық, салғырттық атаулары беретін ұғымдар арасында өзгешелік жоқ, болмашы эмоциялық реңк бар. Негізінде, еріншектік, жалқаулық, салғырттық – бір құбылыстың, бір нәрсенің түрлі атаулары. Жеткілікті дәрежеде үнемшіл болмау мен артық жұмсауды ысырапшылдық деп білгенде, ысырапшылдық мал жұмсаудағы белгілі бір өлшем мен мөлшерді білдіреді. Онда малды жақсылық жолына немесе жамандық жолына жұмсау туралы ой жоқ. Солай дегенмен де ысырапшылдық бекер мал шашумен негіздес, тектес жаман мінез-құлық қатарына жатады». Біз «Абайдың антропологизмін» оқығанда хакім іліміндегі «бес дұшпаннан» сақтанудың, олардан әркез «қашық болудың» өмірлік маңызы зор екенін ұғамыз. Адам боламын деген өзекті жан үшін алға басқан аяқты кері кетірер «дұшпандардың» атын ғана біліп қоймай, затын да түсінудің мәні зор. Және ең басқысы бұлардың неліктен «дұшпан» саналатынын, олардың қалай пайда болғандығын, қайда ұрындырарын, бұлардан қорғанудың алғышартын білу – қиямет-қайымға шейін маңызды. Өйткені, Абай шығармашылығы «Құран-кәріммен» үндесетініне аталған еңбектің «Абай және Құран» делінген жетінші тарауына ден қойғанда көзіміз анық жетті. Ақырзаман пайғамбары – Мұхаммед Мұстафа (с.ғ.с) болғандықтан да, елшінің нар көтерер ауыр жүгі өзінен кейінгі ғалымдар, ақындар, ғұлама-даналарға артылған. Абай – пайғамбар болмаса да, өмір сүрген ортасын оятып, «талап, еңбек, терең ой, қанағат, рақым» сынды адами құндылықтардың сақталуы мен көзі ашық, көкірегі ояу азаматтардың шығуына ықпал етер ғылым-білімге үндеген таутұлға. Лұқман хакім баласына айтқан бір өсиетінде былай депті: «Балам, бұл дүние – теңіз. Оның түбінде талайлар кеткен. Одан аман шығамын десең, мінген кемең Алланың алдындағы қорқынышыңнан болсын. Оған тиеген жүгің Аллаға деген иманыңнан болсын. Оның желкені Алладан күткен үмітіңнен болсын. Сонда, бәлкім, аман шығарсың, бірақ біржола құтылып кетерсің деп ойламаймын». Лұқман хакім пендезатының арғы өмірге тап-таза қалпыңда кетпейтіндігін меңзеп отырғандай. Ой жүгірткен жан сол тереңдікте шешуі тым қиын жұмбақ жатқанын байқар еді. 

 Абайдың заманында ел билігі жаттың қолында-тұғын. Бодандық пен сайқал саясатқа негізделген басқару жүйесі әсерінен қазақта түрлі мінездер пайда бола бастады. Ел іші бұзылды. Алаш ұлт-азаттық қозғалысының жетекшісі, энциклопедист Әлихан Бөкейхан дәл осынау хал-ахуалды: «Әділ билік жорасы жаман қарапайым тұғыр би парасына аяқ-асты болды. Пара беріп ақты қара, қараны ақ қылатын күн туды. Қазақ жақсысы орыс етегінен жем жегенді зор өнер көрді» деп сипаттады. Қастық ойлаған билік қазақты бір-біріне айдап салып, араздастырып, ауызбіршілік, татулық, ынтымағынан айыруды көздеді. «Ар ойлайтын» адам азайып, саусағының ұшын қимылдатпай-ақ пайдаға кенелуді қалағандардың қарасы көбейді. Қулық-сұмдықты меңгерген алаяқ-арамға жақын арсыздардың заманы туды. Жақсыны жаман деген жалақор, арызқойлар қатар түзеді. Бәрінің көксегені – боқ-дүние еді. Аңқау қазақты шен-шекпенмен алдаған басқару жүйесі жанына нойыс-надандарды жиды. «Қалың елім, қазағым, қайран жұртым, Ұстарасыз аузыңа түсті мұртың. Жақсы менен жаманды айырмадың, Бірі қан, бір май боп енді екі ұртың» деген Абай қайғыдан қан жұтты. Мұрты аузына түскен, ақ пен қараны айыра алмаған қазақтың сол тұстағы сұрқы аянышты болғаны шындық. Бұл туралы Ж.Дәдебаев былай деп жазады: «Беттегі, пішіндегі белгілер іштегі, жандағы шындықтың сипатын танытады. Оларды тану, білу, бағалау дәстүрлі дүниетаным талаптарына сай жүзеге асады. Халықтың дәстүрлі дүниетанымы арнасында қалыптасқан мәдениеті бойынша адамның шашы, сақал-мұрты, мұрын қуыстарындағы, қолтығындағы түгі тиісті құралдардың көмегімен күнделікті күтімде болған. Адамның мұртын баспай, бетімен жіберуі адамшылығы, иманы бар адамға тән белгі бола алмайды. Осы тұрғыдан келгенде, кісі мұртының ұстара көрмей, аузына түсуі салақтықтың, салғырттықтың ғана белгісі емес, білімсіздіктің, адамшылық негіздері туралы түсінік жоқтығының белгісі болып шығады». Біздіңше, Абай мұның бәрін ішкі сұрасыс пен «сөз өнеріне» деген құмарлығынан бөлек, кейінгі ұрпаққа, ес біліп, етек жапқан елге үлгі-нұсқа, өсиет-өнеге, бағыт-бағдар ретінде жазған-ды. Конфуциандық – моральдық-этикалық нормалардың жиынтығы. Қытай жұрты сол жолдан әлі күнге шейін айныған емес. Бір сәтке ойланып қарасақ: «Бізде идеология жоқ!» – деп жалпақ жаһанға жар салып жүрген жақсыларға Абайды оқы дегіңіз келеді екен. Оны алыстан, алты қырдың астынан іздеудің қажеті жоқ. Бұл – Сизифтың тасты жоғары қарай итергенімен тең мәнсіз тірлік. Абай – барометр. Абай – айна. Оған қарап, бетіңнің қисық екенін көресің. Ол өз ұлтының бетін ұстарамен шиедей қылғанның артында ешқандай зіл жоқ. Тек, жанашырлық бар. Хакім айтқан талап, еңбек, терең ой, қанағат, рақым, міне – идеология деген осы! Ал, сақтанатынымыз – өтірік, өсек, мақтаншақтық, еріншектік, бекер мал шашпақ. Болды. «Адамның бес асыл ісі» мен «адамның бес дұшпаны» – Инь мен Янь секілді бір-біріне қарама-қайшы түсініктер. Өмірде де солай емес пе?! Ақ пен қара, жақсы мен жаман, әлсіз бен әлді, Періште мен Ібіліс дегендей. Мұнда дана қос стихияны бір-біріне қарсы қояды, сол арқылы оның табиғатына терең үңіледі. Қайшылық – Дүниенің қозғаушы күші. Қайшылық жоқ жерде даму да жоқ, өсу де жоқ. Бұл – Алланың Біз өзгерте алмайтын заңы. «Ақыл, қайрат, жүректі бірдей ұста, Сонда толық боласың елден ерек» дейді Абай. Жоғарыдағы бес қасиетке ақыл, қайрат пен жүректі қосыңыз. Аталған идея Фридрих Ницщенің «Заратустра солай деген» атты трактатындағы «Сверхчеловек» («Жоғарғыадам») ұғымынан да биік тұр. «Сверхчеловек» концепциясы кемшіліктен ада деп айта алмас ек. Ол – эгоцентрик. Ал, Абай айтқан қасиеттерді бір адамның бойына жинақтауға болады. Демек, бұл идеализация немесе утопия емес. Абай танымындағы замана суреті мен кісі бейнесі, оның адам мен заман хақындағы ойлары, ұсынған қағидалары белгілі бір дәуір сипатын, сол дәуірде өмір сүрген адамдардың мінез-құлқын, қарекетін бағалау негізінде туған.

P.S. Ақынның ақ пен қара, жамандық пен жақсылық, махаббат пен ғадауат жөніндегі әрқилы ойлары – өткен күн, бүгінгі мен келер шақтың рухани ахуалын айқындар өлшемдер жиынтығы. Тек содан алыстамасақ екен деп тілеймін, Алладан...

Әлібек БАЙБОЛ, жазушы-драматург, әдебиеттанушы, 
Абай атындағы Қазақ Ұлттық педагогикалық 
университеті Филология және көптілді білім 
беру институтының II курс докторанты. 

author

Абай

КОМПОЗИТОР

Шоу-бизнес

Атақты продюсер Баян Мақсатқызы сұхбат барысында өмірінде өткен қиын кезеңдерімен бөлісті, деп хабар...

Жаңалықтар

Бүгін ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен Қ. Қуанышбаев атындағы Қазақ Ұлттық музыкал...