Темірғали Көпбаев. Жұматай қағанаты

ӘДЕБИЕТ
2866

Алматыға келмей тұрып-ақ Жұматай ағамның есіміне қанық болдым. Қара көз сөздің сұлу көшіндей өлеңдеріндегі нәзік иірімдер бала көңілімде ұялап қалатын. Оның жырларын оқығанда әуезді музыка тыңдағандай ғажайып күй кешетінмін. Сөз өнерінің сезіміңді еріксіз баурап алар сиқырлы құдіретін құлын санаммен түйсінгендей болушы едім. Оқыған сайын жан сарайым жарқырап,

«романтик ақынның қиял траекториясына» (Жұматай) құлаш ұрып, жас көкіректегі арманым алысқа қанат қағатын. «Жалын» альманағының поэзия бөлімінде істейтін Жұмағаңа алғаш рет хат жазғаным есімде. Жиырмаға толмаған кезім еді. Он шақты өлеңімді жіберіп, «Жалынға» беруін өтінгем. Бір күні әдемі конвертпен хат келді. Ақын ағамның өзі қол қойған сол хат мені өлеңге одан сайын құштар етті. «Қазақ поэзиясына талантты ақын келді деп айтар күн жақын екен. Тума таланттың аяқ алысы байқалып тұрады. Көбірек жаз. Келешегіңе үміт артамын. Ағаң Жұматай». Көңілім құстай түледі. Жұмағаңның жылы пікірі өз қазанында өзі қайнап жатқан менің қиялыма қанат бітіріп, жүрегіме сенім шуағын құйды. Өлең жазуға отырсам, Жұмағаң желкемнен қарап тұрғандай, сөзге жауапкершілікпен қарай бастадым.

Жуғам жоқ ащы жаңбырмен, 

Жасыған, мұңды жанарды.

Шашым да шәркез тағдырмен, 

Шатыраш ойнап ағарды...

Бұл – Жұмағаңның жыры. Жан сыры. Қайсар рухы. Қандай қиындық көрсе де еңсесін төмен салмаған, тоқсан тарау тіршіліктің толқынында тағдырдан биік тұруға үйренген, өмірдің өткінші тығырықтарына күле қарап, жан сарайын күйкі мұңнан таза ұстауға тырысқан үлкен жүректі ақынның ақиқат алдындағы адал сөзі. Жаныма жігер береді. Тағдырдың көзіне тура қараймын. Жұматай сөзінің қуаты бойыма еніп алған. «Еңсесі түсіп, езілер езің мен емес» деймін тағдырға.

Сексен төртінші жылдың жазында Алматыға келдім. КазГу-дің журналистика факультетіне оқуға түстім. Арман қала – Алматы. Бақыт құшағындағы КазГУ қалашығы. Бақыттан басымыз айна- лады. Буырқанған көңілді дүрмекке аралыстым да кеттім. Бірін- ші круста бәрі ақын. Қожакеев ағамыз айтпақшы, «болмаған Бе- линский, толмаған Толстойлар» толып жүр. Ал, төртінші, бесін- ші курстағы ақындар айқындалып, әдеби ортада танылып қалған.

Журналистика факультетінде Қайрат Әлімбек, Бауыржан Үсенов, Бауыржан Жақып, Гүлнәр Салықбай, Мұратбек Оспанов, Балапан Базар(Түкібаев), Табылды Досымов, филология факультетінде Светқали Нұржанов бар. «Балықшы балықшыны алыстан таниды» дегендей бірінші курстағылар жайына қалып, жоғарыда аталған өлең сарбаздары мені тобына қосып алды. Сол жылы күзде өмірінің соңғы күніне дейін жалыны басылмай кеткен жарқын талант иесі Есжан Айнабеков әскерден оралып, екінші курсқа кірді. Ол қып- қызыл от еді. Журналистика факультетінде Мұхаметжан Сералин атындағы әдеби бірлестік бар. Есжан келді де жандандырып жіб- ерді. Күн сайын студенттердің жаңа өлеңдері, әңгімелері талқыла- нып жатады. Апта сайын талантты әдебиетшілермен кездесу өтеді. Арнайы орын немесе зал іздеп жатпаймыз. Бесінші жатақхананың фойесі дүрілдеп тұрады.

Есжан екеуміз Түркістанда Саттар Ерубаев атындағы мек- теп-интернатта бір сыныпта оқығанбыз. Бал бұлақтай бала кезден серттескен жан достар едік. «Есейгенде бір үйде тұрамыз»дейтін. Кейін солай болды да. Шухов көшесіндегі 120-үйде талай жыл бірге тұрдық.

Бір күні Есжан дарынды ақын Әбубәкір Қайрановты кездесуге шақырамыз деді. Әдеби бірлестіктің бір мүшесі:

– Оның бір-ақ кітабы бар ғой. Өзі тым жас, – деді ойланбастан.

– Соның өзі жетеді, – деді Есжан өткір көзімен бәрімізді шолып өтіп, –за то, қандай кітап! Тоқсан жыл өмір сүріп, сондай бір кітап жаза алмай кеткендер көп. Әбіш 26-да, Сарттар Ерубаев 23-ақ жыл өмір сүрген, Сұлтанмахмұт ше, Шоқан ше? Өмір деген талантқа өлшем емес. Жұматай келеді. Оның екі-ақ кітабы бар. «Шұғынық гүл төркіні», мен «Саратан». Пышақтың қырындай. Ну и что? Ол поэзияның көгіне шықты ғой.

Есжан әдеттегідей қызбалана сөйледі. «Жұматай келеді» деген сөзіне елең ете қалдым. Жұмағаңды бұған дейін көрмеген едім. Күтіп жүрдім.

Әбубәкірдің кеші керемет өтті. Бірақ Жұмағаң келе алмады.

Ертесіне Есжан екеуіміз бас ғимаратқа бірге бара жаттық.

– Жұматай аға келмеді ғой, – дедім. Есжан үндемеді.

– Сен ол кісіні жақсы білесің бе? – Ол тағы үнсіз. Темекісін будақтатып келеді. Кенет өлең оқи жөнелді.

Трамвай түгіл, таксиде келе жатсам да, 

Ғимараттың басында құсша тізілген.

Анардың қызыл дәніндей шамдар ақшамда, 

Сен жайлы өлең оқиды мұңлы ызыңмен.

«Қазақстан» қонақүйінің үстіндегі қып-қызыл шамдарды көріп пе ең? Солар кешке қарай ән салғандай ызыңдап тұрады. Соның өзі де Ләйлә туралы жырлап тұрғандай. Қалай көреді десеңші! Ғажайып ақын ғой!

Мен Кенежирен туралы оқып бердім:

Құла жирен, туа бітті қасқабас, 

Молда мінсе дұғасынан тастамас. 

Бермейтін-ақ атым еді қайтейін, 

Бес моторлы самолетке баспа-бас.

– Бес моторлы самолетін кім біліпті. Бірақ ақынның көңілі ғой. Кенежиренін Бітіқара атқа емес, самолетке де ауыстырғысы келмейді. Бұл – шексіз сүю. Басқаша айтса Кенежиреннің бағасы түсіп қалады. Ғажап ақын! – дедім мен де еркін сілтеп, әсіресе ана, бір жері:

Заулайтын еді әуелеп ұшқан кемедей, 

Зымырайтын еді түрмеден қашқан немедей. 

Екеуміз жарқылдай күлдік.

– Тұлпардың жүйріктігін анаған теңеп, мынаған теңеп әуреміз. Түрмеден қашқан неме алды-артына қарамай безеді ғой, безеді, –дедім. Күлкіге көмілдік. Жұматайдың өлеңіне кіріп кеткенбіз. Күлкімізді тоқтата алмаймыз. Орта жолда арсалаңдап Қайрат Әлімбеков қуып жетті. Жұматай туралы әңгімемізге араласып, оның өлеңдерін ағызып оқи бастады.

Екі-үш күннен кейін Есжан, Қайрат үшеуіміз Жұмағаңның үйіне бардық. Зайда жеңешем үйде жоқ екен. Гитарасын құшақ- тап Қажытай аға отыр (Ілиясовты айтамын). Дабырлап, жарқын амандастық.

– Келіңдер, келіңдер, – деді Жұмағаң әдемі қара көздері күлім- дей қарап. Бұрыннан таныс адамдай мені де бауырына алып, құшақ- тады. Жайғасқаннан кейін арыны қайтпаған Қажытай көкем:

– Тоқтаңдаршы! «Жұматайдың жұпбасарын» тартып берейін, – деп гитарасын оңтайлады. Қажекең күйді гитарамен тартады. Ғала- мат шебер орындайды.

– Мына інімді танымадым ғой, –деді ол күй біткен соң маған қарап. Жұмағаң сабырлы. Жымиып қарайды.

– Бұл менің кластас досым –Темірғали. –Сөзге Есжан кірісті. – Алматыға жаңа келген жас ақын. Журфакта оқиды.

– Ақын ба? –деді Қажытай аға. –Әй Жұматай! Сенің қағанатыңа тағы бір ноян қосылды. Құттықтаймын!

–  Ауылда жүргенде Жұмағаңнан хат алғаным бар, –дедім мен.

Бағанадан бері үндемей отырған Жұматай аға қозғалақтап бір денесімен маған қарай бұрылды.

– Осы сен таудағы Темірғали емессің бе? –деді таңдана қарап.

– Иә. Мен таудың баласымын. Қайдан білдіңіз, аға?

– «Жалында» жүргенде жазған едім ол хатты. Есімде. Сен мүлде хабарласпай кеттің ғой. Сенің өлеңдеріңді жарияламадық. Шыққан соң бірден жарқырап шықсын деп едім. Ағаңа өкпелеген жоқсың ба?

– Жоқ, аға.

– Ал сенің атың менің есімде бірден сақталып қалды. Өйткені, біздің Сарноқай жақта Темірғали деген тамаша ақын өткен. Аттас екенсің.

– Бір өлеңін оқысын да. Енді «Жалынға» беруге жарап қалған шығар, –деді Қажекең қырылдай күліп, –Мына Жұматай қағанат құрып жатыр. «Необогемский могольский каганат». Моғол қаға- наты. Соған қабылдау үшін жақсы өлеңдерің болса оқып жібер.

Жұмағаң жымиған қалпы қарап отыр. «Оқып жібер» дегендей, ол да басын изеді.

– Ең қысқа өлеңімді оқып көрейін, – дедім сәл қысылып.

Жаңбыр

Зілмауыр салмақ шыдатпай, 

Көбесі көктің сөгіліп.

Ақша бұлт аппақ сынаптай, 

Жаңбыр боп кетті төгіліп.


Кеттім мен кешіп белшемнен, 

Төгіліп жатқан маржанды.

Мөлдірлік деген өлшеммен, 

Бағалау үшін бар жанды.

– Сен көп өсіпсің, – деді Жұмағаң, – шынында да «Жалынға» сұранып тұр.

Бәріміз күліп алдық.

– Зілмауыр салмақ. Өмірдің салмағы ауыр. Ақынның аппақ жаны оған шыдай алсын ба? Сезімдерінің көбесі сөгіледі. Мұңы жыр боп, жаңбыр боп төгіледі. Тазалық, адалдық, мөлдірлікті өмір- дің өлшемі етіп ұстау екені, бірінің қолынан келмейді. Бұл өнердің асыл мұраты. Жарайсың! Сені қағанатқа қабылдаймын. Сол үшін мына мөлдір судан бір алайық. Жарықтық, бұл да мөлдір- ау. Мөл- дір өлеңдерің көбейе берсін, Темуджин. Мен саған ноян деген шен беріп, Темуджин деп ат қойдым. Қалай?

– Рахмет, аға! Сеніміңізді ақтауға тырысамын, – дедім қуаны- шым қойныма сыймай. Есжан мен Қайрат бұрыннан ноян екен.

– Ал құтты болсын! Моғол қағанаты жасасын! Қағанның денсаулығы үшін ішейік!

Сол күні Жұмағаңмен ұзақ сырластық, сұрастық. Қағанмен осылай таныстым.

Қағанатта ең талантты ақындар бас қосқан. Өмір тәжірибесіне, жасына қарай қаған олардың бәріне шен беріп қойған. Қажытай аға – кеңесші. Аса талантты ақын Мейірхан Ақдәулетов – илхан, орысша-қазақша бірдей сілейтін Әуезхан Қодар – гоан, бөрі мінезді алапат ақын Әбубәкір Қайран – Саид, біз – Нұрлан Мәукенұлы, Есжан Айнабеков, Светқали Нұржанов, Қайрат Әлімбеков, Гүлнәр Салықбай, Бауыржан Үсенов, Бауыржан Жақып, Нұрлан Әбдібеков, Кәдірбек Құныпияұлы, Айсұлу Рүстемова, т.б. жаужүрек нояндармыз. Үнемі қағанды айналып, бірге жүреміз. Жұмағаңның айтқанын екі етпейміз. Ал дейді – аламыз. Тарт дейді – тартамыз. Қуанышта, қайғыда біргеміз. Бәріміз бірге туған ағайындай болып кеткенбіз.

Жұмағаң жас нояндардың арасында көп жүреді. Сонысын байқаған Жарасқан, Жұматайды:

«Кәрілердің ең жасы,

Жастардың ең кәрісі», – деп эпиграмма жазғаны бар. Онысы шындыққа келетін.

Әдеби ортада көреалмаушылық, күндеу, қызғану деген кездесетін қызыл ит қой. Бірге жүрген достар да кейде бір-бірінен қызғанып қалады. Ондай жағдайды қаған тамыршыдай тап басады. Түсіндіріп, тоқтатып тастайды. Кейде белгілі тақырыпта көзқарас қайшылықтары кездеспей тұрмайды. Айтысып, тартысып қаламыз. Кейде келісе алмай араздасып қалатын да кездер бар. Қаған шақыртып алады. Асықпай аңдатады. Жарастырып жібереді.

Жұмағаң адамды сыртынан жамандамайды. Көзіне айтады. Қағанаттағыларды да солай үйретеді. «Біреуді ғайбаттап асыл уақытыңды қор қылма. Негізі жақсы сөз жақсылыққа жеткізеді» дейді.

Қаған отырған жерде өлең оқылмай қалмайды. Жақсы өлеңнен жаны рахат табады. Нашар өлең оқығанда сөкпейді. Ойланып, үнсіз қалады. Тек, «мына арақ тым ащы екен» дейді. Онысын бәріміз біліп алғанбыз. Қағанатқа кірмеген ақындар талантты болса үнемі мақ- тап жүреді. Ондайда «мына біздің жігіт екен» дейді. Бүкіл қағанат ол ақынды құрметтей бастайды.

Жұматай аға Жазушылар одағына жиі барады. Өйткені, ноян- дарының көбі сонда. Кездесеміз. «Сендерді сағындым, – дейді.

– Біраз өлең жаздым. Бір жерге барып отырайық. Өлең оқиық», – дейді. Нояндары жұмыстан сұранып шығады. Сол күні өлеңге, әңгімеге кенелеміз.

Студент кезіміз. Көбіне ашқұрсақ жүреміз. Бір күні Одақта Аманхан Әлім ағамыз жолыға кетсін.

– Темірғали, қалайсың? Үй-іші аман ба? – Қашанғы әдетімен жадырай амандасты. Әбекеңмен атышулы «Татаркада» көрші тұрға- нымыз бар. Әдебиетшілердің арасында «ұлы ақындардың бәрі Татаркадан шығады» деген сөз қалған. Татарканың талқанын біраз жегенбіз.

– Өзіңіз қалайсыз, аға? Өлең қалай?

– Бұрқыратып жатырмын. Сенің өлеңдеріңдегі суреттер маған ұнайды. Газетке жиі берсеңші.

– «Қазақ әдебиетінің» өткен санында ғана шықты ғой.

– Иә, оқыдым. Соны айтып тұрмын.

Аманхан ағамның ойына не келгенін білдім. Кенет ол:

– Осы сен отызға толдың ба? – деп сұрады.

– Жоқ, аға, әлі қайда-а!

– Жаңағы өлеңдерің шыққан газет бар ма?

– Редакциядан алуға болады. Не болды?

– Тез алып кел. Айтпақшы, сен литфондтан ақша алып па ең?

–  Қандай ақша? Ешқандай ақша алған емеспін.

– Болды онда. Тез алып кел. Мен күте тұрайын.

– Қазір, – дедім де, жоғары қабатқа көтеріліп кеттім. Газеттің бір данасын алып төмен түссем, Әбекең күтіп тұр.

– Жүр, барайық. Сәкен Жүнісов литфондтың бастығы. Отызға толмаған жас ақын-жазушыларға мемлекеттің беретін отыз сомы бар. Өмірде бір-ақ рет беріледі. Саған алып берейін.

– Рахмет, Әбеке!

Бағымызға қарай Сәкен аға орнында отыр екен.

– Кел, Аманхан, не шаруамен жүрсің? – деді.

– Аға, мына ініңіз мықты екен,Темірғали Көпбаев деген. Міне, кешегі «Қазақ әдебиетіне» шыққан топтамасы.

– Мен көрдім. Өлеңдері жақсы екен. Маған ұнады.

– Онда тіпті жақсы болды. Ұнаса бұл ініңіз әлі отызға толған жоқ.

Анау, тиісті отыз сомын берсеңіз, одан сайын жақсы болар еді.

Сәкен аға күліп жіберді.

– Тура өзің алайын деп тұрғандай жанұшырасың. Жазсын өті- нішін. Берейік.

Даладан тауып алғандай қуанып, отыз сомды қалтаға бастым. Сәкен аға мен Әбекеңе рахметімді жаудырып сыртқа шықсам, есіктің алдында басына әдемі қара шляпа, үстіне қара қайыс плащ киген Жұмағаң тұр.

– Темуджин, қалайсың әкем? Қайдан жүрсің? – деді қиылған қа- ра мұрты езуіне созылып. Жұмағаңның «әкем» деп сөйлейтін әдеті.

– Байыдық, Жұмаға. Жүріңіз, мұртымызды сыраға малайық. Менің қуанып тұрғанымды көріп, жадырай түсті.

– Қаламақы алдың ба?

– Одан да зорын алдым. Үкіметтің өзі берді. – Ол аң-таң, – қолы- ңыз бос па? Жүрсеңізші! Өлең оқығым келіп тұр, – деймін қиылып.

– Екеумізге жетеді. Отыз сом алдым. Литфондтан Сәкен Жүнісов берді. Менің ішегім шұрқырап тұр. Жүріңізші, мына жақын жерден тамақтанайық, сыра ішіп, сыр ашып қайтайық.

Жұмағаң қозғала қоймады. Әлдебіреулер кезігіп, сөйлесіп тұр.

– Темуджин, сыра ішейік дейсің бе? – деді жалғыз қалған соң маған бұрылып.

– Жүріңіз, әбден қарным ашты.

– Біздің үйде бір қазан тамақ тұр. Жеңгең нарын жасап қойған. Сыра деген суық нәрсе. Өзі сасық. Қуатыны тағы бар. Ісіндіретіні тағы бар. Оған сен үйір болма. Ал арақтың жөні басқа. Жұқалап ішсең, қан айналымын жақсартады. Денеңді жіпсітеді. Басың ауырса жазады. Терлетеді. Арқаландырып тұратынын айтсаңшы. Қағанатқа барып қайтпайсың ба? Үйдегідей болмайды. Домбыра шертейік. Әңгімелесейік. Бүгін біздің үйде қон.

– Түсіндім, Жұмаға. Айтқаныңыз болсын.

Жолдан екі жарты ащы су алып, Тимирязев пен Марков көшелерінің қиылысындағы Жұмағаңның үйіне келдік. Өткен күні ет асқан екен. Зайда жеңешем бір қазан нарын жасап қойыпты. Жұмағаң Қайрат пен Есжанды шақырып алды. Әлден соң Әуезхан- ды алдыртты. Оны сұмдық жақсы көретін. Қажытай ағам да келді. Жеңешем қабағын шытпайды. Өйткені, өзі де ғаламат ақын ғой. Жұматай ағам күй тартты. Өзінің күйлері. Сол күйлер құлағымда қалып қойды.

«Қазақ әдебиеті» 29.05.2009 жыл

author

Жұматай Жақыпбаев

АҚЫН

Шоу-бизнес

Атақты продюсер Баян Мақсатқызы сұхбат барысында өмірінде өткен қиын кезеңдерімен бөлісті, деп хабар...

Жаңалықтар

Бүгін ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен Қ. Қуанышбаев атындағы Қазақ Ұлттық музыкал...