Бүгін Ұлытау перзенті - ақын, жазушы, драматург, ғалым, аудармашы Кенжебай Ахметов 60 жасқа толды! Т...
Гүлмира Ажыханова. Шырақсыз Сәуле
Заманым!
Жыл санауымыз бойынша келесі бір сатыға көтерілеміз.
Өзгені айтпағанда, адамзат жаралғалы қанша дәуір өткені ақиқаттан әрмен құпия.
Санаға сіңген түсінік;
Әр жыл, әр ғасыр адам баласы үшін алдыға жылжу саналады.
Жаңа жылда мен іс-сапардан келіп, аласұрып жүргенде айтатын едің, «Жыл өзіміздікі ғой. Бастысы екеуміз ғана» деп…
Өзің кеткелі мына ғаламат тіршіліктің мәні де жоқ, сағат та тоқтап қалғандай.
Өзіңнің жоқтығыңды өмір күнде айтса да, санам иланбайды.
Марқұм жазушы Заман Төлеуов
«Қалай бастасам» деген ой санамды шымырлатып, жүрегімді тулатып...
Өзің өмірден өткелі, өтпелі кезеңнің тұсында тұрғандаймын. Барлығы бір сәтте «бақытты сәттеріміз» суға сіңіп жоғалғандай. Қазір сенің орнында,жазу үстелінде өзім отырмын. Қалай бастасам екен деген ой санамды шымырлатып, жүрегімді тулатып отыр. Менің жан әлемімді суыққа ұрындырып отырған ол, әрине – ЖАЛҒЫЗДЫҚ!
Алдымен Адам атаны жаратып, сосын барып қабырғасынан әйел затын жаратқан ғой. Көне кітап, ескі ілім, қасиетті құранда сөй дейді. Иә, екеуміз бақытты күндерді бастан кешірдік. Қаншама ұмытылмас сәттеріміз бар. Бұның барлығын айта берсек, бір кітапқа арқау болатын үлкен жүк. «Адам баласының бәрі де өлу үшін жаралған» деген, кезінде дүр бабалардың айтқаны бар.
Егер, дүниені жаратқан құдай тағала, күллі тіршілік атауына өлместің суына бөктіріп қойса, бәлкім мына жұмыр жер бетінде адамзаттың баласы симай, бақастық, аяқтан шалу, күндестің ырылдаған ит мінездік одан сайын өрши беретін бе еді!? Сондықтан болар, құдыреті күшті Тәңір иеміз тіршілік атауын «сүф» деп жаратқанда, суық өлімді бірге жаратып, қуаныш пен қайғыны қосарлатып берген болар.
Қазір үйіме келгенде, алдымнан жарқылдап, күлімсіреп шығатын Заман жоқ. Бейне бір жүрек тұсыма шаншу қадалғандай, даладан жарқырап кіріп, жүдеп сала беремін.
Оның жарқын жүзі, күмбірлеген үні, әдемі жүзі барлығы әп-сәтте жым-жылас жоғалып, қабырғаға сіңіп кеткендей.
Заман, сіз білесіз бе?..
Сіз қолыңызға қалам алып, ұлы құдірет жүрегіңізге ой салып, жазумен айналыса бастағанда қиялға беріліп, айрықша реңде отыратын едіңіз. Он сегіз мың ғаламды аралап келіп, орындығыңызға жайғасқанда, мына ұлы ғаламда ешкім жоқ, тек өзіңіз ғана қалғандай болатын едіңіз!
Уақыт деген айнаның алдынан кімдер өтпеді?
Патшалардың патшасы, ханымдардан қалған күміс тәж сияқты барлығы өте шығады.Санамдағы темірқазығым үзіліп кеткенше бұл кісіні мен өмір бойы сағынып өтетін сияқтымын.
Қазіргі жағдайымды айтсам, мәңгілік қараңғы қапаста қалып қойғандай дел-салмын. Өліара шақты басымнан кешіріп жатқандай күйзелісте жүрмін. Жарықтық көкірегінен асыл сөз, ғибратты ой қалған даналарымыз «Дүние сарай, адам керуен» депті. Құдай-ау, расында да, дүниеден көшкен адамның орны ойсырап қалады екен!
Санамда сансыз ойлар кептетіліп сонау мұхиттан бөлініп жатқан бір тармағындай боп, ойлар миымды тесіп, маза бермей отыр. Күнделікті күйбең тіршілік емес, саған деген ұлы махаббатым, сағынышым!..
Есіңде ме, бір хатыңда жазған едің: «Жаным! Сен менің өмір деген нәзік жіптің ұшын ұстатып, берік қолды арқанға айналдыра алған жалғыз Құдіретімсің!» деп.
Заманым, сен менің ешқашан тарқата алмайтын, ешбір жанға сенің жан жұмбағынды айтпайтын, тіпті, айтқызбайтын құпия кілтін бола алдым. Екеуміз ұлы өмір жолында, қол ұстасып қия асуды бетке алып, санаулы сағатымызда әдемі шуақ шашатын бояулармен, әр демнен жұпар аңқытып, ғаламат ұлы аңсармен қол ұстасып бірге жүрдік.
Сен күзді жақсы көретін едің. Жан әлемін күз келгенде марқайып, тысқа көз салып, көшені ақырын аралап келіп шабыттанушы едің. Иә, өйткені сенің бойында ұлы талант бар, Тәңірі берген талант. Сен жазу столына отырмаған күні, көңіл-күйін болмай жүруші еді.
Күз келгенде жарау атқа мінгендей, шабытын шалқар теңіздей буырқанып, қиялға беріліп, рақаттанушы едің!.. Ол кезде жүзінен көктемнің самалы сияқты, әдемі рең кіруші еді. Жазған әңгіме, шығармаңды маған оқып, екеуміз талқылап, кейіпкеріне ерекше жан беріп, біраз сөйлесуші едік.
Есіңізде ме, Заманым?..
Ең алғаш рет сөйлесіп жүргенде «Мен қуануды ғана емес, аңсауды да, сағынуды да ұмыттым деп ойлаушы едім. Сен өміріме шырақ ұстап кіріп, түнегімді аштың», – деп жаздың.
Иә, біздің өмірімізге жебесін қайрап, қылышын ұстап қарсы шыққандар болды. Сол сәтте «Бақыт дегеніміз, екеуміздің берекеміз.Сондықтан, осы бақытты шағымызды әдемілеп өткізейік», – деп бауырыңызға бастыңыз.
* * *
Алыстан, ту алыстан әне жарқырап ай туды. Сынық ай. Үнсіз терезеден қарап отырмын. Желтоқсан айы. Қыстың басы... Бұл уақытта ғаламның тең жартысы ақ қар жамылып, дүниенің реңі суыққа ұрынып, бөрі ұлып, бұрқасын жүріп жататын мезгіл. Сен қыс айы келгенде тысқа көз салып тұрып, «Япыр-ай, осыншама ғаламатты жаратқан құдай неткен шебер еді?», – деп күлім қағушы едің.
Сенің жан әлемін қалайтын мезгіл КҮЗ!
Ал саған деген ұлы махаббатымның себезгі ойларын қыста жазып отырмын. Өйткені, менің көкірегіме ұлы уақыт сағыныш дейтін сары уайымды салып, үлкен жүк арқалатып қойды. Ол жүк сенің жоқтығың. Жалған фәниден аттанып кете барғандығың.
Сен туралы не жазсам екен? Егер, ақын болсам, ақ өлеңмен сенің барлық болмыс-бітімінді жырлап жазар едім, суреткер болсам сенің тау тұлғалы мінезіне характерлік сипаттама беріп, суретінді салып, әлемге пәш етер едім. Бірақ, маған құдірет ондай ұлы күш бермеген. Сосын барып ойымды өзімше өрейін дедім.
Сенің әңгімелерін елдің жүрегінен орын тауып, оқырманың күн сайын көбейіп бара жатыр. Бәлкім рухани тозаңдануға ұшырап қалған ұрпақ жылдар өте кітапқа көңіл бөліп, қайта оқи бастар. Сол кезде сенің есімін таудыжарып шыққан жанартаудай бұрқ етіп, аспандағы шоқ жұлдыздай жарқырап жанар. Шын айтам.
Өйткені сені біреулер құсап қиялдан әсте әңгіме жазған жоқсың. Көргенінді. Көзбен көріп, көңілге түйген дүниелерінді тізбектеп, суреттеуші едің. Өзің айтушы едің, «Ойланбай жазған әңгіменің ғұмыры қысқа болады, қашанда маңдай тері шып-шып терлеген жазушының жазғаны елдің көңілінен шығады» деп.
Заман!..
Заманым, заңғарым, асылым, аса құдіретті бас иетін мен үшін тұлға кім десе-Заманым дер едім.
Қиыншылықты бастан кешіріп, морт сынбай, неге болсын төзіп, өзінің ер мінезімен тауға да, тасқа да басынды ұрып, бірақ алған бағытыңнан айнымай, адамгершілік миссияны бағыт етіп, өзің армандаған ұлы шыңға қарай шығуға бет алдыңыз.
Иә, шықтыңыз. Шыға білдіңіз. Ой адамды шыңға да, тауға да, тасқа да жетелейді. Сіз сол қиял деген ұлы ғаламат арқылы қазақ әдебиетінің қорына үлкен олжа салдыңыз!..
* * *
Төзім өлмейді.
Қаламыңнан шыққан туынды өлмейді.
Жақсының ізі, әсте өшпейді!..
Сағат тілі түн жарымнан еңкейіп бара жатыр. Ой үстінде, сенің жарқын жүзін көз алдыма келіп, сағыныштан жанарыма үйірілген жасты сүртіп отырып, тысқа көз салдым. Бағанағы жарты айдың жүзін бұлт жасырып, алыстан шолпан жұлдыз жарқырайды. Қасында тағы да бір әдемі жұлдыз жымың-жымың етеді. Дүние жым-жырт, тіршілік үні бәсеңдеп, тілінен айырылғандай. Ұзақ қарап ойланып отырмын. Сен кезінде, осылай жазу үстінде тысқа көз салып, «Қарашы, түн пердесі қаншалықты мықты болса да, айдың жүзін жасыра алмады», деуші едің. Иә, күн мен түнді жаратқан шебер құдай, өмірді де өліммен тұжырымдап қойған.
Адамды сағынғаннан асқан күй жоқ шығар!?
Мен сені сағынып отырмын. Сағынышымды ақ қағаз бетіне түсіріп, ойланып отырмын. Жан жүректің серігі жазу деп сосын барып, жазуға отырдым. Заманым, заңғарым! «Жақсы адамның бейітінде шырақ жанып тұрады» деуші еді, баяғыда аталарымыз. Сенің жаққан шырағың ешқашан өшпейді.
Өйткені, сенің жұлдызын жоғары болды. Сондықтан да, сенің жұлдызыңның сәулесі барлық әлемге нұр боп шашылып тұрғандай. Сенің кітаптарын, әңгімелерін елдің жүрегін жаулап, оқырманың сағынып іздеуде. Менің сағынышым мүлдем ерек!
САҒЫНЫШЫМ АҚ ҚАНАТ ҚҰСҚА АЙНАЛДЫ
Сағыныш хатқа көз жасым төгіліп отыр. О, құдіретті Құдай тағала!.. Сенің жаратқан ғаламың тас-түнекке айналып, ішкі тонын сыртқа айналдырғандай сұп-суық. Қоғамнан нәзіктік жоғалып, адам баласының бойындағы ұлы мейірім зынданға қамалып, шыңырау түбіне мәңгілік батып кеткендей.
Телеэкранды қоссаңыз детевтик жанрдағы адамның тұла бойын түршіктіріп, жүрек басына үрей үйіретін бейнебаяндар. Кезінде батыстың бағыты деп, барлық пәлені соған жауып тына қалдық. Жоқ, былай қарасаңыз, батыс пен шығыстың бізге ешқандай қатысы жоқ. Барлығы өзімізден!
Сана бұзылғанда, қоғамның реңі өзгеріп, түсінік пен таным бұзылады. Тағы да жазу үстеліме отырып, Заманымның иісі сіңген үстел басында ұзағынан жайғастым. Дүние бұралаң. «Ұждан екі өмірдің азығы» деген. Ойланып отырмын. Баяғы Заманымыз екеуміз қол ұстасып, лирикаға толы бақытты сәттерімізді еске алып.
Ол кезде екеуміз қандай бақытты едік. Тіпті, қасы-көзіне дейін қырау басқан қыстың өзі, біз екеумізге көктемнің мақпал желіндей болатын-ды. Баурайын ақ қар басқан асқақ Алатаудың шың биігіне сүйсіне қарап, қиялымызды одан сайын аққанаттандырып, өзге әлемде бақыттан басымыз айналып отырушы едік.
Енді ше?..
Сіз тойымсыз қара жердің қойнауынан мәңгілік орын тауып кете бардыңыз. Мына қарбалас, алас-күлес тіршіліктегі деміңіз тауысып болдым дегендей.
Қайтпас сапарға шығып, келместің кемесінен орын алып, сол жаққа бет бұрдыңыз!
Менің жанымды жегідей жеген ой, миымды бұрғыдай бұрғылап жатыр. Тіріде жанға тыным жоқ, қызыл тілде буын жоқ деп ойымды қағазға түсірген сайын, өзіңе деген ұлы махаббатым баяғы Ақсақ Темірдің Зухрасына ғашық болған Жаппарқұлдың мұнарасына айналып бара жатқандай. Егіліп жылап отырып, Заманым аққанат құсқа айналып, буалдыр тұман ішінде адасып қалғандай күй кешіп отырмын.
Жоқ, Заман сіз өлген жоқсыз. Өлмейсіз де. Өйткені, өзіңе деген сағынышпен жоқтауынды емес, жан жүректегі жазуы арқылы іздейтін адамыңыз бар.
Ол – Менмін!..
Жұрттың бейсауат, ауызынан абыройсыздық танытып айтатын бая-шая, құр өсек әңгімесін тыңдап болғанбыз. Басымыздан мыңдаған мехнат өтсе де, сол мехнатты дария суын жаяу кешкендей, кешіп жүріп, қиындықты артқа тастап, ұлы болашаққа көңіл дүрбісін салып, бағыт бұрдық. Алысқа жолаушылап кетсем, шығарып салып тұрып, «Амандығың бәрінен қымбат, абайлап жүр! Ел ішін кезген мына вирустан сен аман болшы!..» деп қиылушы едің ғой,рақаттана күліп.
– Қойшы, Заманым... көппен көрген ұлы той. Бұны да жеңіп, бұл қиындықтан да шығамыз деп екеуміз бір-бірімізді қимай қоштасып тұрушы едік. Мен үйге қайтқанда «Ұшақтан түстің бе, абайлап жүр» деп үйге жеткенімше дамыл таппай, әлсін-әлсін қоңырау шалып, жік-жапар болушы едің. Сөйтсем, сіз Құдайдың жіберген аяны арқылы, ішкі түйсігіңізбен түсініп жүріпсіз. Шолақ өмірдің, шолтаңдап аяқталып келе жатқандығын.
Мен іс-сапардан келген соң, екеулеп отырып шай ішіп, сіз жазған әңгімеңізді айтып, арқа-жарқа боп шүйіркелесіп отырушы едік. Екеуміздің бір-бірімізге деген ынтамыз, сүйіспеншілігімізді хиқаяттап айтсақ ел сенбес. Бәлкім, тағдыр деген бұралаң жолда кездескен сан тауқыметтен кейін болар, сіздің кісілігіңіз, көрегендігіңіз ерекше еді.
Мен айтар едім, ең ақылды адам, өз орнын білген адам деп. Иә, сіз өз орныңызды біліп, әрдайым ұлы мұрат жолында қалам тербедіңіз. Таланттының әмірі махаббат, тамыры халық деген. Сіз заман райына қарап отырып, «Япыр-ай, мына халық руханияттан безіп, барлығы күнделікті күйбең тіршіліктің соңына түсіп салпақтап кетті. Кітап оқымайтын, газет қарап, ой түземейтін бұлардың ақыр аяғы не болар екен?» деп жиі айтушы едің.
Ердің ері, егеудің сынығына дейін түйтіндеп, шаруа бақпай, ой бақпай, бір-бірін сыбап, жамандап, янаттап жатқан қоғамның жүрегін безберіш басқан. Бездің азығы болмайды, ет арасындағы «арамбезді» сылып тастасаңыз да ит иіскеп, мұрнында жақындатпайды. Біздің қоғамда да бездер қаптап кетті. Олар жақсының қадір-қасиетін білмейді, дүниеден өтсе де сенбейді, сенгісі келмейді.Қайта төпелеп жамандап, топырақ салмаса да янаттап жатады. О, құдырет! Осыншалықты адам баласы неге қорқаудан әрмен жыртқышқа тән мінезді боп бара жатыр?
Заман, сен кеткелі дүниенің тынысы тарылып, мына жалпақ әлемде жалғыз өзім қалғандаймын. Есікті біреу қақса да, алыстан жолаушылап кеткен Заманым келіп, есіктің қоңырауын басып тұрғандай. Дүние жалған екендігіне көзім жетті.
Алда Жаңа жыл. Тағы да бір жылымды Заманымсыз қарсы алғалы отырмын. Сағынышым ақ қанат құсқа айналып, Әлемді аралап, аспани жаққа, Заманыма баратындай үнсіз ойланып отырмын.
Заманым,сіз өлген жоқсыз. Сіз тірісіз, мәңгілік менің жүрегімдесіз! Жүрегімдегі жан шуағым ешқашан өшпейді. Оны ешкім жерлей алмайды.
Жаным-ай!
Заманым-ай!
Заңғарым-ай!..
Жан жарың Гүлмира
29.12. 2023 ж. Алматы.
Мәдениет порталы
Сурет pinterest.com сайтынан.