Tiлек Ырысбек. Шинжяң ол Жұң Го (中国) емес досым

ӘДЕБИЕТ
3864
Шинжяң ол жұң го (中国) емес досым

Шинжяң ол Жұң Го емес, досым. 
Шинжяң ол бұлттарға мініп, батысқа Таңсыңды бастаған Сұнукұң да емес, 
«Су бойында», «Қызыл сарай түсі» де,
«Үш патшалық хиссасы» да емес, 
Шинжяң ол жаңбыр жауар алдында бұлттарға үнемі зеңбірек ататын жаңа жер. 
Сен білесің бе досым, ол жақта өзендер көшеге айналған,
көшелер күрішке, күріштер адамға, адамдар атызға, 
өз атын қағазға қайталап жазатын күні-түн.

Ол жақта таулар да жылайды,
Өзендер таулардың көз жасы 
Өзендер домбыра күмбірі бүгін
Роман томдары секілді ұзын 
Күрішке айналып кетерін білген соң,
өзендер өледі бір күн. 

Досым, Шинжяң ол Киото емес, 
Шинжяң ол Париж де емес, 
Шинжяң ол қап-қара күріш. 
Шинжяң ол балықтар өлетін,
тағдырды бөлетін, үміттер сөнетін,
бәріне көнетін қып-қызыл шүберекке айналған өзен, 
Шинжяң ол үйлері қып-қызыл кірпіштен қаланған, қып-қызыл ұранға айналған әлем. 
Досым, ол бәрін ұмытады, өзенге сыр айтқан жеті жүз жетпіс жетінші бабамды да және мені де сосын. 
Бәрін ол ұмытады, досым, 
Сонда да, досым, Шинжяң ол Жұң Го емес, 
Шинжяң ол - Шинжяң. 
Шинжяң ол - жаңа жер.


КҮРІШ 

Біздің ауыл кісі өлгенде күріш пісіретін.
Жылап жүріп күріш жегенді дұрыс көретін.
Қой сойып, ет асатын.
Малдың өлімі тек бізді ғана қызықтырғанымен, ол туралы қайғылы сезімдерді бастан кешірмейтін,
Қытайдың қызыл тракторының тошайына асылып ойнайтын бала едік.
Ағаларымыз таяқ сүйеніп дауыс шығарып жыласа,
Біз аула сыртындағы мотоларды тамашалағынды жақсы көретінбіз.
Кенет есіме сол күнгі күріштің иісі оралды,
Сосын ойша күнә жасадым.
Өлімнің дәмі күріштің дәні секілді екен ғой,
біз недеген қатыгез едік, о Алла!
Күріштің әр талы менің әрбір ескі естеліктерім секілді, менің өлген кездерімді еске түсіреді.
Бәлкім мен келесі өмірімде өзім жеген бала күнгі күріштің дәні болып өмірге келетін шығармын. 


XINJIANG

Шинжяң, неге біз өмір сүре алмаймыз сенімен бірге?
Мүмкін  біз ұмытқан шығармыз сені
Шинжяң,
Туған жерім менің.
Сен маған енді ешкім емессің
Сен менің отаным емессің енді
Сен жай ғана мәтінсің, тақтаға су тиген бормен жазылған.
Сен сол үшін ғана өмірде барсың, қаритада барсың. 
Сен ештеңе емессің, сен жай ғана Ләйзысың дүкенде киімдер сататын, 
Сен оның әйелісің үйрек бағатын. 
Сен көшеде жанымнан өткен бір бейнесің, мен сол секілді сенің түріңді ұмытқам.
Шинжяң.
Коммунизм сен үшін жұмақ, ол - Дарвин, Ол - Дюшан, 
Ол - Герхард.
Жұмақ коммунизм, бірақ ол үшін өз атыңды қағазға мың мәрте қайталап жаз.
Тиянанмын, Тибеттен қастерлі деп кім айтты саған? 
Мүмкін Хайзы сол үшін өлген шығар пойыздың астында Индияға айналып.
Шинжяң, бейшара Шинжяң, сен қашан кептерге айналар екенсің, мүмкін сен кептер де болған шығарсың өткен өміріңде, 
ал қазір Шинжяңға айналған, қара жерге айналған, 
мүмкін сені жеп қойған шығар Маузыдуң балалық шағында.
Шинжяң, мен саған оралғым келеді, тек балалық шағымда 
немесе келесі өмірде сен болып өмірге келейін, топыраққа айналып, қарғаларға айналып, сосын төбемнен қарғалар ұшып өтсін үнемі, 
менің балалық шағым жүгіріп өтсін үстімнен,
қарғаларды қалай қуалағанымды көріп ойланайын өткен өмірімде кім болғанымды.
Шинжяң. 
Қарғалар аспанды жауып ұшады, кемпірқосаққа айналып.
Шинжяң қарғаларға айналып ұшып кетті енді, 
Будданың су бетінен көтерілген өз бейнесі секілді... 
Шинжяң – лагерь. Шинжяң – пионер мұсылман.
Мүмкін біз қателесіп туған шығармыз, 
сені сағыну үшін, 
сені ұмыту үшін...
Шинжяң.


Михуатаң 米花糖

Әкем мені Қытайда үнемі қырманға алып баратын,
Қырманда қазақтар жарысып қойдың жүнін қыратын, 
Қызыл кірпішпен қаланған қырман қабырғаларында қызыл әріппен ханзу тілінде социалистік Маузодуң сөздері жазылып тұратын.
Біз оған ешқашан мән берген емеспіз,
Тек бәрі түскі асқа әкелген тамақтарын жеп тауысуға асығатын. 
Ол тамақтарды да ұмытқам. 
Тек «Михуатааааң, Михуатааааң» деп айқайлайтын кәрі қытайдың дауысы әлі құлағымда. 
Оның қытайлық қара велосипеді де, 
жұпар аңқыған тәтті «Михуатаңы» да, 
Жұпыны киімі де, түр-сипаты да, 
оны маған сүйкімді адам бейнесінде ғана есіме түсіреді. 
Ол қазір бәлкім өліп қалған да шығар...

Шоу-бизнес

Атақты продюсер Баян Мақсатқызы сұхбат барысында өмірінде өткен қиын кезеңдерімен бөлісті, деп хабар...

Жаңалықтар

Бүгін ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен Қ. Қуанышбаев атындағы Қазақ Ұлттық музыкал...