Иван Бунин(әңгіме)IОсыдан отыз жыл бұрын, Стрелец қалашығының тынысы кең де қарапайым кезінде канику...
Тілеуберді Сахаба. Есте жүрген ескі әңгімелер
Көкала еркек қой
Қобданың күнгей бетіндегі аз қазақтың ата қонысы қайсы еді дегенде Текелі жайлауының текшесі мен Көксерке тұйығына мөлдіреп біте қалған көгілдір көл еске келеді. Ал бұл жаққа киіз туырлықты көшпелі қазақтың қоныс аудару тарихына үңілсек, сонау 1930 жылдардағы алапат кезеңге тірелеміз. Оған дейін Өр Алтайдың Көктоғай, Бурылтоғай жерлерін мекендеп тұрған (бұл енді жеке әңгіме). Сол Көксерке, Текелі жондарының ақбас шыңдары мен ақсамайлы доңғылдарында ізі, жұрттарында атының түгі қалған аталарымыздың бірі - Тәкібай Сайырбайұлы. Ол - ауылына ғана емес, аймағына сыйлы кісі екен. Айналасына бет-беделі бар, ақылгөй адам болған. Сол кісінің алабөтен малсақтығы, адам сенгісіз қырағылығы туралы мына бір оқиғаны кейініректе көзін көрген ақсақалдардан естіп едік.
Тәкібай ақсақал – қорасына мыңғырған қой біткен, өрісінде үйір-үйір жылқысы, табын-табын тарғыл сиыры бар өз заманының іргелі байы болған кісі екен. Соған сәйкес ауласында малы жоқ, көгеніне көріп берейін десең тышқақ лақ бітпеген кедей-кепшіктерден қолын тартпайтын алақаны ашық адам деседі. Ол кездегі байлардың жайы белгілі ғой. Өздері төрт түлік үшін тұяқ қыбырлатпайды. Бірақ, ауыл арасындағы малдың жай-күйін жақсы білетін мықты жігіттерді жинап алады да, жыл он екі ай соларға бақтырады. Атамыздың таңдаулы малшыларының бірі – Іргебай деген кісі болыпты.
Іргебай бастаған жігіттер қыста малды Ақұнты жонындағы қыстаққа айдап кетеді екен. Бұл – жылдағы бұзылмас дәстүр. Бірде әлгі малшы жігіттер қыстаққа орналасқан соң қоралы қойдың ішіндегі ең семізі әрі ірісі болған бір көкала еркек қойды «жығып» алады. Қысқы азыққа. Бір күні малдың жайын білуге қыстаудағы қосқа көмекшілерімен бірге қожайын келеді. Сол күнгі аспаз көкала еркек қойдың бір жілігін жамбасымен қоса қазанға салады. Кешке ел орынға отырған уақытта ет те пісті. Қонақтар төрге жайғасып, дастарқан жайылды. Көп кешікпей жамбас майы дірілдеп, буы бұрқырап ас қойылады ортаға. Сонда абыз қария ас табаққа шұқшия қарап отырып: «Ау жігіттер, отардағы мың бас малдың ішінен осы көкала еркек қойдан басқа тіске басар таппадыңдар ма?» дейді. Айтарға сөз таппаған малшы жігіттер бір-біріне жалтақ-жалтақ қарап отырып қалыпты. Сөйтсе, көкала еркек қой атамыздың көктемде құрбандыққа шаламын деп ниеттеніп қойған малы екен. Алдына пісіп келген жілігі мен жамбасынан-ақ танып қойған ғой.
Сонда: «Дәл мұндай қырағы адамға мал-дәулет бітпегенде кімге бітеді?» деп таңданысқан екен отырғандар.
Бітеу жара
Кішкентай күнімізден ауылдық жерде өсіп, төрт түлік малмен «дос» болдық. Төрт-бес жастан бастап, қозы-лақ жайдық, тоғыз-он жастан бастап қой бағуға жарадық. Үлкендердің бір отар қойды сеніп тапсыруы – есейгеніңді білдіреді. Ал қой атына мінген кезде қозы-лақ бағу «эстафетасын» кейінгілердің қолына ұстатамыз. Неге екенін кім білсін, ол кезде «бәленнің қозышы баласы» дегеннен гөрі, «қойшы жігіті» деген атаққа жетуге тырысатынбыз. Менің де арманым тезірек жігіт болу еді...
Менің әлі қозы-лақтың деңгейінен аспаған, қозы өрісінен ұзап ешқайда шықпаған кезім болатын. Ол кезде жаздың шіліңгір ыстығында да, күздің қоңыр салқынында да үй маңайында жалаң аяқ «шапқылай» бересің. Бастапқы кезде табаның біраз тілімденеді де, кейін қара қайыс болып қалады. Күн суытып, жаңбыр жауса ғана бірдеме ілген боласың. Бір күні қозы бағып жүрген менің табаныма "кірш" етіп тікен кіргенін аңғардым. Отыра қалып, суырып тастағандай болғам. Бірақ, тікеннің ұшы сынып май табанда қалып қойған екен. Аяғым сәл ауырғыштап жүргендей болды, ет қызумен аса мән бере қоймадым. Арада екі-үш күн өткенде әлгі аяғым күп болып ісіп, аяқ киім симай қалмасы бар ма?! Оның үстіне баса алмай, ақсаңдадым да қалдым. Үлкендердің назары сонда ғана ауды. Сөйтсем, тікеннің сынығы қалған жер іріңдеген, одан кейін бітеу жараға айналып барады екен. Ол кезде үйде жасы сексеннен асқан үлкен әжеміз бар. Біздің үйдің дәрігері де кеңес берер ақылшы да сол кісі болатын. Бізді құстың көлеңкесінен қорғап өсірген – сол адам. Кез келген ауру мен жарақатты өз тәжірибесіне салып, табиғи жолымен емдей қоятын. Бір қызығы қандай шара қолданса да аз-ақ күнде құлантаза айығып кетер едік. Иә, біздің үйдің адамдары аса бір күрделі сырқат болмаса, жеңіл-желпі тұмау-сырқауға бола қаладан дәргер шақырып әуре болмайтын.
Әдеттегіше, әжем менің аяғымды емдеуді өз қолына алды. Сонымен не керек, әлгі бітеу жараның бетіне жаңа сойылған қойдың бұлшық етін, яғни жас етін салды да сыртын жұқа жылтыр қағазбен (целлофан) орады. Оның сыртын таза матамен таңды. «Аяққа әзірге қатты салмақ салуға болмайды, көп жүрме, екі-үш күн үйде бол» деді. Ол кезде әжеміз кімге алаңдайды оны ешкім сыртқа жұмсай алмайды. Менің де аяқасты мәртебем өсіп, ешкімнің сөзі өтпейтіндей дәрежеге жеттім. Біреу бір жаққа жұмсаса «әжем ешқайда жүрме» деп айтқан дейсің. Болды. Соның арқасында бірнеше күн қозыдан босап, демалып қалдым.
Табандағы ісік біртіндеп қайтып, сыздап ауырғаны да сирей бастады. Шамасы үш күн өткен соң ғой деймін. Оралған ақ матаны шешіп, жас етті алды. Бітеуленген жараның бетіне иненің көзіндей тесік пайда болған екен. Ісіктің ішін кеулеген іріңді де түгел шығарып тастапты. Осылайша табандағы жара жазылды. Мен өз жұмысыма қайта кірістім. Міне, сол күннен бастап жаңа сойылған қойдың бұлшық етінде бітеу жараның көзін ашып, іріңін сыртқа тартатын емдік қасиеті барын білдік. Ал осындай халықтық емшілгенің түр-түрін білетін көне көз қариялардың білімі мен тәжірибесі бүгінгінің жоғары білімді мамандарынан кем түспейтін еді. Бір өкінер жайт, қазір сондай дала докторлары азайып барады...
Отарда
Оңашада сәл ойлансам, бір бел артта қалған балалық күнімнің кейбір сәттері санамда ескі альбомдай ақтарыла береді. Небір көркем һәм тозған ленталар тізбектеліп, көзалдымда жылыстайды. Балалық күнім дейтіндей көп өмір сүріп тастаған жан емеспін. Бірақ, меніңше естелік айту үшін алыс бел асып, сақал-шаш ағарту тағы міндетті емес. Азды көпті, көрген білгеніңді есте сақтап, оны қағаз бетіне орнымен түсіре білсең болды ғой. Қазақта: «Көп жасағаннан емес, көп көргеннен сұра» деген бар...
Біздің ауылдың жылдағы жайлауы - Текелінің Ұзыноғы. Ұзыноқ деп отырғаным шамамен 15-20 шақырымды құрайтын ұзын шатқал. Ол кезде сол шатқалдың өргі тұйығынан етегіне дейін ауыл қонады. Ине шаншар орын болмайтын. Кейде бірін-бірі етектей қонған екі үй арасында ұрыс-жаңжал да шығып жатады. Айтатындары – кешкі малдың өрісі тарылады, қозы-лаққа жайылым қалмайды. Расында бір-бірі алқалай қонып, жақын отыратын малшы ауылда береке болмайды. Әсіресе, кешке мал сауатын мезгілден қораға иіретін ымырт уақытына дейін қойшы балалардың жанында тыныштық болмаушы еді. Себебі, кешке қораға қарай беттеген екі ауылдың малы үй маңына сыйыспайды. Бытырап жатқан малдың шеті ілінеді бір біріне. Содан кейін қотан ішіндегі қошқар-теке жүгіріседі. Я болмаса енесінен адасқан қозы-лақ қашады...
Жайлауда ел көп болған жылдары өрісті жаздың соңына жетпей ерте мүжіп тастайды. Ал жауын болмаған кезде жайылым ерте қуаң тартып, ұсақ малдың дәл тойынатын уақытында тықырлайды да қалады. Мұндай кезде көп малшы төрт түлігін жазда ел көп бара бермейтін биік жонға қарай отарлатып әкетеді. Біз де жаз ортасы ауа Дэлүүн кезеңін асырып, жусанына тіс тимеген нағыз құйқалы жерге қос тігетінбіз.
Ауыл етекте қалады. Бір-екі адам бір түйеге басын буып тігетін шағын ғана қара қосты, қазан-ошақты, киім-кешекті артып алып, бар малды айдап, үлкен жайлауға қарай ырғаламыз. Жылына бір рет Дэлүүн жайлауына бару – мен үшін жұмақтың қақ төріне шығумен бірдей еді. Көбінде ол жаққа атам екеуіміз барамыз. Бір жылы жауын-шашын көп болып, еді...
Бірде мініс атымызды бекітіп, малымызды қораға иіріп, үйге кіргенде қою қараңғылықпен бірге қожыр бұлттар да төніп келе жатты. Содан кейін қара қостың сыртын сытырлатып, жаңбыр тамшылай бастады. Қос болғанда немене жөні дұрыс үй ғой дейсіз, белдеуге байлаған атымыз сүйкеніп қалса қиқаң ете түседі. Егер, күштірек жел соғып, құйын ұйтқыса шипасы бітті дей беріңіз. Басымыздан оңай-ақ көтеріп алып кете салады. Немес бір жағына қарай жантайып кете барады. Ондайда екінші жағына тіреуіш қойып жүріп, қайта басын көтереміз. Жылда түйеге теңдей бергендіктен уықтары майысып, керегелері қақырап кеткен ғой. Түн қараңғылығы түскенде әне жер міне жерінен ай сығалап, жұлдыздар жымыңдап тұратын саңылаулары болады. Не керек, басымызды жастыққа қойғанда себезгілеп, жаңбыр жауа бастады...
Таңға жақын уақыт болса керек, күннің қатты күркірегенінен ояндым. Жаңбыр нөсерлеп құйып тұр. Қостың саңылауларынан қара бұлтты қақ жарып түскен найзағай жарқылы білінеді. Ал атам болса менің айналамда бүкшеңдеп бірдеңе істеп жүр. Күн күркіреген сайын «суханалла, суханалла» деп күбірлейді. Сөйтсем, мен әдемі ұйқыда жатқан кезде қостың ішіне су аға бастаған ғой. Сол кезде менің үстіме су тимес үшін ыдыстың қақпағы, қамшы, оқтау сынды үйде бар заттың бəрін уықтың қарынына қыстырып, суды басқа жаққа қарай ағызып қойыпты. Қарасам мен жатқан алақандай жер ғана жұмыртқаның ұясындай құрғақ тұр, айналамның бәрі көлгөсір су. Қостың жұрті сәл қиялау болса керек, төбеден сорғалаған су сылдырлап іргеден сыртқа қарай ағып жатыр. Атамның үсті-басы да малмандай болыпты. Бірақ, оған қарап жүрген жоқ. Бар амал-айласын мені тоңдырып алмасқа, үстіме бір тамшы болса да су тигізбеуге салып бағуда екен. Тәтті ұйқының құшағына еніп алған мені оятып алмау үшін төбеден сорғалаған жаңбыр суымен «күресіп» жүр. Тура балапанын қанатымен қорғаштаған қарлығаштың әрекеті дерсің. Кейін біз де етек-жеңімізді жинап, сол ұядан ұштық жан-жаққа. Бірақ, қанша қалықтасақта қамқоршы жандардың қанаты төбемізде әлі керіліп тұрғандай сезіледі. Ол – үлкендердің біз үшін жасаған дұғасы мен тілегі секілді...
Ал, бүгінде сол жұмыр жердің жұмағындай болған, төрт түлік малдың тынысына айналған Дэлүүн жайлауына қысы-жазы мал тұяғы тимейді. Тіпті, шілде шыға Ұзыноқтың жоғарғы тұйығына қарай жарыса көшіп, жайлы жұртқа таласатын ел де жоқ деп естимін. Алаңсыз балалығымның талай жазын өткізген жайлау-жұрттарымның, бие баулардың, қозы үйшіктердің қаңырап бос қалғанын ойласам біртүрлі құлзып кетемін.