СЕРІКБОЛ ҚОНДЫБАЙБұл жөнінде "жаңалық" ашып жатудың керегі шамалы. "Миф" пен &qu...
Төлен ӘБДІК: Алаш арыстарының арман-тілегіне сай өмір сүруіміз керек...
ПАРАСАТТЫ ҰЛТШЫЛДЫҚ ПЕН ЖАБАЙЫ ҰЛТШЫЛДЫҚТЫҢ АРАСЫ
– Сіздер «қаламы жүйрік жазушы» болып танылған өткен ғасырда «дәстүрдің озығы бар, тозығы бар» деген мәтел таралып барып, тарылды. Айтыңызшы, ал, әдебиет әлемінің озығы мен тозығы қандай?
– Әдебиет те қоғамның өзі сияқты, бір озып, бір баяулайды. Бұл – қалыпты құбылыс. «Елу жылда ел жаңа», әдебиет те заманға қарай не жетіледі, не кенжелейді. Сондықтан, ол да өзгеруге тиіс. Өзгермейтін, өзгергенді онша қаламайтын – өзіміз. Қазақ әдебиеті десе, біз әлі күнге дейін Сәбит Мұқанов, Ғабит Мүсірепов, Ғабиден Мұстафиндерге жармаса береміз. Олардың, белгілі бір дәрежеде, сол заманғы идеологияның құрбаны болғаны баршаға белгілі. Соцреализм тәсілімен жазылған кеңестік әдебиет қазақ өмірінің шындығын көрсетіп бере алмады, көрсеткісі де келмеді. Ол шындық ең алдымен – қазақтың азаттығы үшін күрескен Алаш қозғалысының тарихы, қазақтың тең жартысы қырылған отызыншы жылдары қолдан жасалған аштық, ұлтымыздың бетке ұстар азаматтарын қынадай қырған қанды репрессия, тілден, діннен, ұлттық сипаттан айырған отарлау саясаты секілді қасіретті кезеңдер еді. Кеңестік әдебиеттің кесірінен, бұлардың бәрі тарихта болмағандай түсінікпен өмір сүрдік. Ал қазір заман басқа. Оқырман бөлек. Кеңестік өмірді мақтап жазған шығарманы бүгінгі таңдағы оқырман оқымайды, ал оқи қалса, оған сенбейді.
Әрине, біз олардың кітаптарын оқып өстік. Сондықтан, бізге мұны мойындау ауыр болар, қимастық болар, бірақ, өмір сенің қимастығыңа қарамайды.
– Бүгінде әдеби ортада да, халық арасында да «осы заманға лайық дүние туған жоқ, дәуірдің дара шығармасы жазылмай жатыр» деген пікірлер айтылып жатады. Сіздің пікіріңіз?
– Біріншіден, жақсы шығарма жоқ деген пікірге қосылу қиын. Егер сол шығармалар халыққа жетпейді, жазушы мен оқырманның арасындағы байланыс үзіліп барады десе, әңгіме бөлек. Екіншіден, мықты шығармалардың танылуы да әрқалай. Ұлы Стендальдың шығармалары көзінің тірісінде танылмаған. Сөз бостандығына шектеу қойылған заман болса, «дәуір туындысы» атанған шығарма, бір ғасырдан кейін «дәуір туындысы» болмай қалуы мүмкін. Немесе керісінше. Мәселен, Булгаковтың «Иттің жүрегі» («Собачье сердце») атты ғажайып шығармасы 1925 жылы жазылып, 90-жылдарға жақындағанда жарық көріп, бағасын ала бастады. Шығарманың бағасын дереу анықтап, оған, жеке адамдарға «Халық қаһарманы» деген атақ бергендей, «дәуір туындысы» деген атақ беруге асығудың қажеті жоқ деп есептеймін. Уақыт өзі орнықтырады.
Шынайы шығармада өмірдегі ащы шындық, әлеуметтік келеңсіздіктер, санадағы қайшылықтар көрініс табуы керек.
– Мәселен?
– Мәселен, ел азат болғанымен, сана азаттығына жете алмай келе жатқанымыз шындық па? Шындық. Өйткені, бізде тәуелсіздік алғаннан кейін мемлекеттік деңгейде «Сананың отарсыздануы» деген бағдарлама болмады. Баяғы кеңес үкіметі кезіндегі түсінік, дүниетаным, талғам сол күйінде қалып қойды. Егер адамдар өзара дүрдараз болып, бір-біріне қиянат жасаса, қақтығыс орын алса, онда, ол қоғамда адамгершіліктің, ізгіліктің азайғанының белгісі. Құзырлы органдарда, сот-билік өкілдерінің қатарында лайықсыз адамдардың кездесуі, әсіретуыстық пен рушылдық өршіп, көптің емес, топтың мүддесін көксеу – өткен ғасырдағы солақай билікшілдерден қалған «сарқыт».
Адам кісілік келбетін жоғалтпау үшін іштей іздену керек. Кемелдену керек. Сонда оның адамгершілік, қиянат деген этикалық категорияларға көзқарасы дұрыс қалыптасады. Ол қалыптаспаған кезде адамға әркім, әрнәрсе ықпал етеді. Өмірдің заңы осындай. Өмір – ғажап, бірақ, оны азапқа айналдыратын – адамның өзі. Мұқағалидың өмір туралы мына өлеңдерін қараңызшы:
«Мынау өмір әділдіктің тұрағы,
Мынау дүние әділдіктен тұрады.
Ал, Адам ше?
Адам неге жылады?
Біреулерден біреу неге ығады?
Біреулердің сағы неге сынады?!
… Неге ақылды ақымақтан жеңілді.
Біреу жылап, біреу неге көңілді?» дейді.
Расында, ақымақтан ақылды неге жеңіледі? Неге біреу жылап, біреу қуанады?! Ақылдысы неге торығып, пысықайдың неге мерейі үстем?! Ізгі қоғамда бұлай болмауы керек.
Ең жаманы – «ел үшін еңбек етеміз», «халықтың қамы үшін» деген даурықпа ұран, көлгірсу, басшыны көпе-көрнеу мақтау жастарға дендеп барады. Алашқа азап берген, арысыңды атқан, соны ұстатуға жағдай жасағандар біз үшін әлі баяғысынша керемет. Кейбіреу нені қадірлеп, неден жиренуді әлі айыра алған жоқ. Жақсы мен жаман ми-батпақ болып араласып, бір жағы ел болуға тырысып жатса, бір жағы жең ұшынан жалғасып, тышқаншылап тырбаңдап жүр.
Шын жазушы өмірдің осындай қатпарларына тереңірек бойлағаны жөн деп есептеймін. Біреуге ұнамай қалады екем деп қорқудың қажеті жоқ. Әдебиетте де, өнерде де әртүрлі талғам барлық кезде де болған, бола да береді.
– Әртүрлі талғам туралы таратыңқырап айтсаңыз?
– Мәселен, Ермек Тұрсыновтың «Келін» деген фильмі экранға шықты. Сол фильмге байланысты бірсыпыра азаматтар ауыр-ауыр сын-пікірлер айтты. Оның ауыр болатын себебі, Тұрсыновқа «ұлтты қорладың» деген айып тағылды.
Ол киноны мен де көрдім. Шынымды айтайын, маған ұнады.
Жалпы, киноның табиғатын түсіну үшін кино өнерінен, әлемдік туындылардан хабардар болғанның артықтығы жоқ. Киноның табиғатына сай, оның «тілі» болады. Көрерменді киноның «тілі» сендіреді. Білікті режиссер кейіпкердің психологиясы мен ішкі толғанысын киноның «тілімен» танытуға ықпал етеді. Ермек осы тәсілді «Келінде» жақсы қолдана білген. «Келін» секілді «мылқау» фильмге жан бітіру – таланттылықтың белгісі. Режиссер кейіпкерлердің қимыл-қарекеті арқылы пенденің осы тіршіліктегі көкейкесті мәселелерін, оның ішкі себептерін түсіндіруге тырысқан. Актерлер де режиссердің мақсатын ақтап шықты. Фильмде терең философиялық идея бар. Бұл – үлкен дәреже. «Келін» көне дәуір тұрмысын баяндайды. Мұнда жалпыадамзаттық мәселе жатыр. Режиссері, қатысушылары қазақ болған соң, мұны көпшілік қазақтың тіршілігін айтады деп білген. Қазақ – адамзаттың бір бөлшегі. Ұлттың арғы тегі жатқан көне дәуірді көрсету арқылы, адамзатқа ортақ проблемаларды көрсетудің, меніңше еш сөкеттігі жоқ. Оны ұлттық сипатты сақтамадың деп кінәлауға болмайды. Философиялық идеяларға негізделген өнер туындыларында шарттылық деген де болады.
Әдебиет пен өнерде «ұлтты қорлады» деген сөз болуға тиісті емес. Олай болмайды! Себебі, әдебиет біреуді тәрбиелеу үшін не болмаса, ұлтты көтеру үшін жазылмайды. Жазу жазған кезде сенің алдыңда ең үлкен төреші жалғыз Құдай тұрады. Сен соған ғана жүгіне аласың. Қолыңнан шыққан дүниенің ақиқаты мен жалғанына Жаратушының алдында ғана жауап бересің. Ал, шындық, дәлдік – өмірдің ақиқаты, ол ұлттық мүддеге қайшы келмейді.
– Бұл жөнінен өзгелердің озық, қалық несі бар?
– Әлемдік әдебиетте, сахнада, кинода өз халқына, қоғамына, билік өкілдеріне қатты сын айтқан шығармалар аз емес. Егер, біздің жігіттер «елді қорлады, мұндай нәрсені көпке жариялауға тиіс емес!» десе, онда, олар Николай Гогольдің «Өлі жандар» поэмасы мен Денис Фонвизиннің «Недросоль» пьесасын оқып көрсінші! Собакевич, Недоросоль, тағы басқа да толып жатқан кейіпкерлерге қарасаң, бұл елде оңған бір орыс жоқ. Бірақ, «орысты қорлады» деп байбалам салған бірі жоқ. Өйткені, олар өмірдің шындығына тура қарай біледі. Жалған намыс пен нағыз ұяттың арасын ажырата алады. Расында, өмірдің шындығы солай болып тұрса, қайда қашып құтыласың! Мойындауың керек. Содан кейін оны болдырмауға тырыс!
– Бұл жердегі өкпе-наз тікелей тек «Келін» турасында айтылмауы да мүмкін ғой. Себебі, қоғамдағы жалпыға ортақ келеңсіздікті әшкерелеп, жағымсыз адамдардың жиынтық образын бейнелеудің орнына, үй-ішілік дау-шардан аса алмай, арзан ақиқатқа жүгірген кей автордың «дүмшелігі» шаршатқаны шын! Сатира театрларының бұрын-соңды расында, қазақ тұрмысында кездеспеген ата мен келінді, ене мен күйеу баланы, аға мен қарындасты өз орнын білмес берекесіз етіп көрсеткен қойылымдарынан ығыр болған ел «Келінге» келгенде түйіліп жүргенін ақтарған болар…
– Қоғамның ақиқатын шынайы бейнелейтін әдебиет орнықпаған елде қалам ұстайтындар да, ұстай білмейтіндер де жағаласып кететіні бар. Олар өзінен өзі қалады. Біздің айтып отырғанымыз – өмірдің шынайы бет-бейнесін танытатын нағыз әдебиет. Оны шатастырмау керек!
«Тынық Донда» Шолохов әкесі зорлап кеткен Аксиньядан героиня жасап шығарады. Оған «Мынауың болмайды. Біздің халықта мүмкін емес» деп ешкім айтқан жоқ.
Бәлкім… «Келінге» байланысты сын-пікірлерді тұтандырып жіберген кинодағы жыныстық қатынас эпизоды болар. Мұны порнография деп қабылдамау керек. Қажет болса, әлемдік кинода оның әкесіндей көріністер бар! Жапондар «Нарайяма туралы аңыз» деген фильм шығарды. Ондағы осы сипатты көріністі көріп отырып жүзің шыдамайды. Шынымды айтсам, мен өз басым ондайды қабылдай алмаймын. Бірақ, түсіністікпен қараймын. Өйткені, автор ол кадрды қай тұрғыда, не мақсатпен алып отыр, алдымен соған мән беруіміз керек.
Жиырмасыншы ғасырдың екінші жартысындағы ең ірі әскери қақтығыстардың бірі болып табылатын Вьетнам соғысына АҚШ-тың жауынгерлері қатыстырылды. Оған Америка интеллигенциясы қарсы болды. Елде үкіметтің саясатын сынаған көптеген фильм түсірілді, романдар жазылды. Пьеса қойылды. Спектакль басталғанда сахнаға тұттай жалаңаш бикеш шығады. Қоюшылар «бұл – қарсылықтың символы» деп танытты. Бұл порнография ма? Жоқ! Бұл – «ұлы сөзде ұяттық жоқ» дегеннің америкалық нұсқасы. Ақыл тоқтатқан адам жалаңаш бикештің тұрпатына емес, оның ашынғаннан ашық кеткенін білуі керек. Бірақ, парасатты адам жалаңаштанудың бәрі бірдей шындықты айшықтайды деп түсінбегені жөн. Оның да салмағы мен орны бар.
Демек, «Келіндегі» қиық көрініске бола, ұлтқа көлеңке түсірді дегенді өз басым қолдай алмаймын.
– Бұрынғы-соңғыдан жазғандары қандай да бір дәуір мен кез-келген қоғамға сыйымды, қай ұлтқа да ортақ дерлік қаламгерді айтыңызшы?
– Түріктің Әзиз Несин деген сатирик жазушысы бар. Әзиз Несин деген ол – әлемдегі әдебиетшілердің ішіндегі саусақпен санайтындардың бірі! Жалпы, жазушылардың шығармаларын шетелге танытудың ең бір қиын жері – басқа тілдерге аударылғанда жұтап, маңызы әлсірейді. Қарымды ситуация болмаған жерде шығарманың ойы, мазмұны, иірімдері жойылып кетеді де, күлдіреп құр тіл қалады. Ал, Әзиз Несиннің кереметі кез келген шығармасын мейлі, орысшасын, қазақшасын оқы, шалқаңнан түсіреді. Алтыным-ау, ондай әдебиетті мақтаныш ету керек! Өйткені, оның сынап жазған дүниелері тіршілікте аттап басқан сайын алдыңнан шығады. Әзиз Несиннің жазғандарын түсініп, қабылдаған адам «мыналар менің ұлтымды қорлады» демес еді.
Демек, «ұлтты жақсы көремін» деп, құр бекер жалаулата бермеу керек. Оның да жөн-жосығы бар. Пушкин «Өз Отанымды мен өзім де жек көремін. Бірақ осы сөзді шетелдік біреу айтса, жаным күйіп кетеді. Өйткені, шетелдік табалап айтады» дейді. Сол сияқты, менің ұлтымның кемшілігін пиғылы теріс немесе менің ана тілімнің қадір-қасиетін білмейтін біреу қараласа, менің де жаным шырқырап кетеді.
Ұлтты сүюді нағыз ұлтжандылардан үйрену керек!
«КІР ЖУҒЫШ МАШИНАДАН ШЫҚҚАН» КӨРЕРМЕН
– Өзіңіз кімдерді ұлгі тұтып, кімдерден үйрендіңіз?
– Біз – қазір тәуелсіз елміз. Тәуелсіздіктің негізгі символы – Алаштың азаматтары. Біз бұдан былай солардың өсиетіне арман-тілегіне сай өмір сүруіміз керек. Ел болған соң, халық болған соң, сол қоғамда саяси тұрғыда да, адамгершілік тұрғыда да, әлеуметтік тұрғыда да қандай да бір ориентир керек. Алдымызда бағытұстар, ту етер бір құндылық қажет. Ал, бізде ондай бағыт бар. Ол – Алаш, Алаштың қайраткерлері.
Алаштың қайраткерлері ең алдымен кісілік қасиеті биік, бірін бірі құрметтеп, қадірлеген. Олар – қазақтың азаттығын, ұлттық теңдігін саяси тұрғыда бірінші орынға қойған нағыз Азаматтар. Олардың аты тарихта енді өшпейді. Ертең дүниеге бізден де гөрі ақылдырақ, бізден де гөрі парасатты ұрпақ келеді. Сол кезде олардың атақ-даңқын бізден де жоғары ұстайтын болады.
Сұлтанмахмұт Торайғыровтың дүниеден өткеніне жыл болғанда Алаштың азаматтары жиналып еске алыпты. Мағжан өлеңмен баяндама жасаған. «Алатаудай ақыныңнан айырылдың, қазақ, қанатыңнан қайырылдың, қазақ» деп басталады. Төралқада отырған Ахмет Байтұрсынов жаулықтай беторамалын көзіне басып, жылап отырыпты. Сонда, бір-бір елдің тұтқасы деген азаматтарды бордай егілткен – бір-біріне деген бауырмалдық! Міне, біздің бүгінгі азаматтарға билікке, байлыққа деген махаббат емес, сондай кісілік керек! Бұл – сана азаттығының бір көрінісі. Өйткені, «бұл менің басшыма, менің ортама ұнамайтын адам еді, сондықтан, мүдде бірлігін, жанкүйерлігімді біліп қоймасын» деп, қалтыраса, нағыз құлдық сананың қаусырып тұрғаны сол! Сана азаттығын Алаштың арыстарынан үйренген жақсы.
– Сіздер ержеткенде алашордашылардың көзін көріп, атын естігендер баршылық еді. Солардың қайсысымен жүздесіп, сөзін тыңдадыңыз?
– Алматыда оқып жүрген кезімде өзімізге жақын туыс болып келетін Сейітбек Нұрханов деген кісі Ғылым академиясында қызмет етті. Анда-санда мені шақырып алады. Бір күні «саған өлең оқиын» деді де, төбе құйқаңды шымырлатып бір өлеңді бастап кеп кетті:
Кешегі қара күндерде,Жұлдызсыз, айсыз түндерде,Жол таба алмай сенделіп,Адасып алаш жүргенде,Бұл күнгі көп көсемдер,Сұраймын, сонда қайда едің?…..Сарыарқа сайран жерлерім,Көк орай шалғын көлдерім,Бәрін жауға алдырып,Асқар тау – биік белдерім.Қысылып қазақ тұрғанда,Данышпандар, қайда едің?…..Құландай үркіп елдерің –Қалдырып мекен жерлерін,Жаяу, жалпы, жалаңаш,Қатын, бала, ерлеріңАштықтан кырғын тапқанда,Сыпыра жомарт, қайда едің?
Бұрын-соңды мұндай сарынды өлеңді естіп көрмегенмін. Таңғалып, авторын сұрап едім, тіс жармады. Кейін барып Міржақып Дулатовтың өлеңі екенін айтты. «Өліараның» бірінші кітабы шыққан. Екінші, үшінші кітапқа ұластырамын ба деп едім, екінші кітаппен аяқтайтын шығармын. Жазып жатырмын. Соның эпиграфы етіп осы жолдарды алдым.
– Сейітбек Нұрханов алаштанушы ма?
– Сейітбек Нұрхановты сендердің біле бермеулеріңнің жөні бар. Құдайға шүкір, көзі тірі. Жасы сексеннен асты. Бұл кісінің шыншылдығы, турашылдығы, ешкімге жағынбайтындығы ерекше. Тіл білімі саласында зерттеулер жасаған. Бірақ, ғылыми жұмысын қорғауына әртүрлі кедергілер болды. Бәлкім, өтірік пен жалғанға, құлдыққа құрылған ана заманнан мүлде аулақ жүргісі келді ме екен. Бірақ, өмір бойы, тіпті КГБ-ның бақылауында отырса да, алашорда тарихын зерттеп, зерделеп жүргенін білемін.
Менің «Біз үшеу едік» деген пьесамды марқұм Райымбек Сейітметов Алматыда ТЮЗ-да – Балалар мен жасөспірімдер театрында қойды. Сол пьесамды Сейітбек ағама арнап жазып едім. Өйткені, ол кісі өзі алашорда қайраткерлерінің бір сынығындай, кісілігі мол, кез келген адамға ұялмай үлгі етуге болатын жан. Пьеса 1990 жылдарға дейін жүрді. Роза Әшірбекова әлі күнге дейін телефон шалып, «Шіркін-ай, баяғы біздің «Біз үшеу едікті» ойнаған кезіміз-ай» дейді. Уақытында көп мақталды да. Адам жанының тазалығы туралы шығарма ғой.
…Біздің үйіміз ТЮЗ-дың жанында болатын. Бір күні кешке таман үйге келе жатсам, Тәуекелов Сламбек әйелі екеуі театрдан шыққан беті екен, қарсы ұшырасып қалды. Сламбекті білетін шығарсыңдар, «Қазақфильмнің» директоры болған, өзі белгілі режиссер.
– Иә, иә, білем, айта беріңіз…
– Иә… Сол күні «Біз үшеу едік» қойылыпты. «Төке, сіздің пьесаңызды көріп, кір жуғыш машинадан шыққандай тазарып келе жатырмыз» деді. Жүрегіме әлгі сөз кәдімгідей әсер еткені… Біраз уақыт есімнен кетпей қойды. Егер шығармаң адамды «кір жуғыш машинадан шыққандай» тазартатын болса, авторға одан артық қандай бақыт керек!?
Торғай, Шымкент, Атырау, Семей театрларында жүрді. 2002 жылы Астанадағы Қ.Қуанышбаев атындағы театр қойды.
Рас кейбір қойылымдарда пьесаның идеясына басқаша трактовкалар беруге тырысқан сәттер де болды. Ондай кездерде мен былай дейтінмін: «Шығарма ізгіліктің өмірде бар екеніне, жолы қанша жіңішке болса да, ол да сөнбей қойған шырақ секілді, «өлермен» құбылыс екеніне, сол себепті де құрып кетпей, біздің заманымызға жеткеніне және бізден кейін де өмір сүре беретініне арналған. Құдайдың бар-жоғына таласу мүмкін емес. Құдай сенген адамға бар, сенбеген адамға жоқ. Ізгілік те сол секілді, сенсең – бар, сенбесең – жоқ».
2002 жылы пьеса Астанада қойылып жатқанда репетиция үстінде бұл шығармамды Сейітбек Нұрхановқа арнағанымды айтқанда әртістер «сол адамды бізге көрсетіңізші» деп өтініш жасады. Ақыры, спектакль қойылды. Авторы ретінде сахнаға шыққан соң, «шығармаға арқау болған адам осында отыр. Секе, бері келіңізші» дедім. Секең өзінің сол баяғы парасатты, кішіпейіл кейпімен сахнаға шығып, Алаш туралы әдемі сөз сөйледі.
Міне, шырағым, мадақтасаң, мансабы биік шенеунікті емес, жаныңда жүрген осындай жақсы адамдарды жазыңдар. Жастарды тәрбиелейтін осындай тұлғалар ғой.
– Сіздің өзіңізді кім тәрбиелеп баулыды?
– Әбдік – үлкен әкем. Өзімнің туған әкем – Салық.
Халық, Салық деген екеуі бір әке-бір шешеден туады. Екеуінің әкесі – Тұржан. Тұржан ерте қайтыс болған соң, әмеңгерлік салты бойынша, ағасының отбасына еге болған Әбдіктің балалары есебінде өседі. Әбдіктің 1934 жылы туған Байдалы деген жалғыз ұлы бала күнінде қайтыс болған. Соған әкеміз өзі қатты қайғырған. 1942 жылы Салықтан мен туған соң Әбдік Салыққа «сен қой, бұл бала менікі, сенікі емес. Байдалының орны өтелді, төленді» деп, атымды Төленді қойған. Осы күні «ді» жұрнағы түсіп қалып, Төлен болдым. Екі үйдің ортасына алып, алақандарына салып бақты. Бала кезімде ешбір қиындық көрдім деп айта алмаймын. Туған-туыстарым – Қапеш деген ағам, Есім, Есқали деген нағашыларым. Бір үйде тұрған кездеріміз көп болды. Солармен бірге өсіп, атым жалғыз бала болғанымен, жалғыздық көргенім жоқ. Қиялшыл болдым. Ертегіні өте жақсы көретін едім. Өзім оқимын, тыңдаймын. Халық көкем ертегіні жақсы айтады. Көп болса, 3-4 жаста шығармын, еміс-еміс есімде. Ертегісі қызық болады. Ол кісі ертегі айтқанда, «содан әлгі жерде мына Төлен құсаған бір бала жүгіріп келіп…» немесе «сонда мына Жанділда секілді бір шал былай депті» деп, қасында отырған адамды ертегінің оқиғасына қатыстыра отырып айтушы еді. Сол кезде сенің өзің де сол ертегінің ішінде жүргендей болатынсың. Кейін көкеме еліктеп, өзім де ертегі айта бастадым. Қойшығара Салғарин екеуміз бір мектепте, ол 7-класта, мен 6-класта оқыдым. Екеуміз дос болдық. Таңертеңнен кешке дейін ертегі айтамыз. Ол өзінің білгенін айтады. Мен де өзімнің білген ертегімді айтамын. Әдеби ойлау жүйеміз содан қалыптасқан шығар. Ертегі адамды бала күннен жақсылық, ізгілік қағидасына баулиды. Тіршілікте бағыт берері бар…
– Сіздің тіршіліктен түйген өмірлік қағидаңыз қандай?
– Менің өзімнің принципім: жалпы, адамға екі түрлі жақсылық бар. Бірінші жақсылық – Құдайдан. Екіншісін адамның өзі жасайды. Мен адамның өзі жасаған жақсылығының мол болғанын қалаймын. Сонда адам шын мәнінде қоғамдағы барлық кеселдерге қарсы күресе алатын тұлғаға айналады.
Әңгімелескен, Раушан ТӨЛЕНҚЫЗЫ