Бүгін әкемді соңғы сапары – мәңгілік мекеніне аттандырып салғанымызға 34 жыл өтті. Кеңшілік Мы...
Толымбек Әбдірайым. Балаларға арналған мөлтек әңгімелер
БАҒЫҢ НҰРЛАНСЫН, БАЛАМ!
Әбуталап кәрияның қалаға қоныс аударғанына көп бола қойған жоқ. Ауылдағыдай емес, мұндағы тірлік арсы-гүрсі, қым-қуыт па дейсің. Көп қабатты үйдің тұрғындары таңертемен жұмыстарына кетеді. Кешке қарай оралысымен үйді-үйлеріне кіріп, есіктерін тарс бекітіп, қайтып көріне қоймайды. Көлеңке ұзарып, іңір қараңғылығы қоюланғанша есік алдындағы ағаш орындықтардың біріне жайғасып жан-жағына қарап отырады. Бұл жерде де немерелерін ойнатқан бірді-екілі кемпір-шалдан өзге ешкім көзге шалынбайды.
Біраздан байқап жүр, бұлар тұратын екінші қабаттағы қарама-қарсы пәтердегі кішкентай ұл кәрияның қасынан үндемей өте шығады. Өзі пысық бала сияқты. Тап-тұйнақтай киініп, қоңыр сөмкесін арқалап тымпың-тымпың кетіп бара жатқанымен, үлкен адаммен сәлемдесуді білмейді. Кіп-кішкентай болып, ол да асығыс.
Күн бесінге таяған мезгіл. Асыға адымдап қасынан өте берген ұлды кәрия тоқтатты.
- Әй, балам кішкене аялдашы!
Кішкентай ұл кідірді.
- Атың кім?
- Асхат.
- Қай сыныпта оқисың?
- Төртіншіде.
- Сабағың қалай?
- Жақсы.
- Бестік бағаларың көп пе?
- Ия, ата! Бір сабақтан төртім бар.
- Әке-шешең үлкен кісімен амандас деп айтпай ма?
- Айтады.
- Ендеше, неге амандаспайсың?!
Асхат жауап қайтармады. Басын төмен тұқыртып тұрып қалды.
- Жә, қысылма! Онда былай етейік. Сен осы жерде тұр, мен үйден шығып келе жатайын. Мені көргенде Ассалаумағалейкум деп даусыңды шығарыңқырап амандас, жарай ма?
- Жарайды.
Кәрия подьезге еніп, ұзамай қайыра шықты. Оны көрген Асхат:
- Ассалаумағалейкум, ата! – деді дауыстап.
- Уағалейкумассалам! Өркенің өссін шырағым! – деді кәрия.
Әбуталап ата бұл жаттығуын ерінбей бес рет қайталады.
Арада үш күн өтті. Әбуталап ақсақал есік алдында отырған. Әкесіне еріп есік алдына шыққан Асхат кәрияны көре сала:
- Ассалаумағалейкум, ата! – деді жүгіріп келіп.
- Айналайын, үлкен жігіт бол! – деді ата риза пейілмен.
- Сіз туралы естігем, - деді Асхаттың әкесі. – Сыртыңыздан жақсы білеміз. Өзім де танысайын деп жүр едім.
- Оқасы жоқ шырағым! Танысын, танымасын жасы кіші адамдардың, оның ішінде балалардың үлкен кісіге сәлем беруі – адамгершілік! Ізет – ілтипат! Осыны естеріңде ұстаңдар! Ал, Асхат құлыншақ, қолыңды жай, бата берейін!
Асхат пен әкесі қолдарын жайды.
- Жортқанда, балам жолың болсын!
Өмір жасың ұзақ болсын!
Қатарыңнан озған өрен бол,
Теңіздейін терең бол!
Ақылың ассын,
Ықыласың тассын!
Сағың сынбасын,
Бағың нұрлансын!
Аллаһуәкбар!
Әумин!
Содан бастап Асхат үлкен кісілерді көрсе сәлемдесіп жүретін болды.
ҰЛЖАННЫҢ ЖЕҢІСІ
Аяғы-аяғына тимей зуылдап келе жатқан кішкентай Ұлжан ашулы. Жайшылықта жайдары, көңілді жүретін оның мұнысы қалай? Ызадан булыққан қызды, әгәрәки біреу-міреу тоқтатып, «Не болды балақай?» десе, жылап жіберерліктей халде болатын.
Кінә өзінен. Сабақ соңында қатарлас қазақ сыныбындағы қыздар мұғалімдер бөлмесінің алдында оңашаланып тұр екен. Көрші Тұрсынгүл де солардың арасында.
- Мен бүгін сенімен қайтпаймын, - деді ол. – Өзің кете бер.
- Неге?
- Тәуелсіздік мерекесіне дайындаламыз.
- Ән айтасыңдар ма сонда?
- Иә, ән айтамыз, би билейміз.
- Маған да қатысуға бола ма? – деді Ұлжан.
- Ол жағын білмеймін. Бұл біздің сынып оқушыларының іс-шарасы ғой.
Қос құрбының әңгімелерін естіген Ләзиза есімді қыз қастарына келіп:
- Болмайды, - деді Ұлжанға қарап. – Бұл іс-шарада тек қазақ тіліндегі әндер орындалады. Оқылатын тақпақ, өлеңдер де мемлекеттік тілде. Ал сенің қазақшаң нашар! Ойқы-шойқы! Өзің қазақ бола тұрып, орыс сыныбында оқисың!
Ұлжан ұялғаннан жауап қайтара алмады. Бір жағынан Ләзизаның айтқаны шындық. Тілін тістеп, тез бұрылды да шығар есікке беттеді. Үйге келе сала «өшін» анасынан алды.
- Мама, неге мені орыс сыныбына бергенсіңдер?
- Не болды ботам? Тыныштық па?
- Неге олай еттіңдер?
- Орыс тілінің абырой-беделі биік қой деп, әкең екеуміз ақылдасып, беріп едік. Онда тұрған не бар?
- Мәселе сонда, мама! Мен ертеңнен бастап орыс сыныбында оқымаймын! Қазақ сыныбына ауыстырыңдар!
- Оның реті қалай болар екен?! Нашар сөйлегеніңмен, нан сұрап жейтін қазақшаң бар. Неге соншама бүліндің?! Әлде, біреу ренжітті ме?
- Жоқ, - деді бірбеткей Ұлжан алған бетінен қайтпайтынын аңдатып. – Мен бәрібір қазақ сыныбына ауысамын.
Ұлжан дегенінде тұрды. Әкесін мектепке ертіп әкеліп, директорға жолықтырды. Мектеп басшысы арнайы комиссия құрды. Ұлжанның қазақшасын тексерді. Ақыры ынта-ықыласын ескеріп, оны тура Тұрсынгүл құрбысының сыныбына ауыстырды.
Өзі сол күннен бастап қазақ тілін жанын салып үйрене бастады. Үйдегі ертегі кітаптарын ерінбей-жалықпай оқыды. «Керек кітап» атты өлеңдер жинағынан, ақын Өтепберген Ақыпбекұлының «Тәуелсіздік – Бақ туы» деген өлеңін жаттады.
...Мерекелік кешке мектеп директоры мен мұғалімдер, ата-аналар мен оқушылар қатысты. Тақпақ айту кезегі үшінші сынып оқушысы Ұлжанға келгенде, жүзі бал-бұл жайнаған сүйкімді сары қыз мүдірместен тақылдай жөнелді:
-Тәуелсіздік –
Бақ-Туын
Қолға ұстаған сәт бүгін.
Ақсарбас қой – құрбандық,
Болсын дәйім шат күнім!
Болашаққа серпін нық,
Көкке атады бөркін жұрт.
Тәуелсіздік – ынтымақ,
Тәуелісіздік – еркіндік.
Қыста келген бақыт бұл,
Қыспай берген жақұт, нұр.
Аппақ қардай пейілін
Әлемге,
Елім шашып тұр!..
Бәрі ду қол шапалақтады. Ұлжанның көзі анасына түсіп еді, ол төмен қарап отыр екен. Жүгіріп барып анасын құшақтай алды. Анасы бірден көңілденіп: «Жарайсың, қызым! Сен жеңіске жеттің!» деді құлағына сыбырлап.
ҰҚЫПТЫ ҮСЕН
Ата-әжесінің бауырында өскен Үсен ұқыпты бала. Қай қашан көрсеңіз, киімі тап-таза, мұнтаздай болып жүргені. Үстіне қылшық жуытпайды. Оның мұндай мүттақым әдеті атасынан жұққан.
- Адамның сөзі де, іс-қимылы да, киген киімі де өзіне қонымды һәм жинақы болғаны ләзім! Тазалық пен ширақтық кісі көркі, - дейтін атасы ылғи.
Үсеннің атасы ол сөздерді айтып қана қоймайды, өзі де айтқан уәжінен алшақ кетпеген, бес уақыт намазын қаза қылмайтын тақуа, һәм адал кісі.
Әу баста Үсен таза, жинақы деген сөздердің мағынасын түсінгенімен, «көрік» сөзін аса ұғыңқырамайтын. Алдыңғы жылы мектеп қабырғасын аттағанда, кітаптан оқып білді. Түсіне білген жанға кітап баға жетпес қазына ғой!
...Кешқұрым. Кең даңғыл бойындағы автобус аялдамасында көлік тосқан адамдар көп. Мектептен шыққан Үсен тымпың-тымпың етіп келді де, ересек адамдардан аулақтау оңаша барып тұрды.
-Күз айы болғанымен, ыстық қайтар емес, - деді қысқа жең жейде киген, бұйра бас аға қасында тұрған серігіне мойын бұрып.
-Рас айтасың. Жарықтық ауа-райы күзге ұқсамайды. Жаңбыр жаумағалы да бірталай уақыт. – Ұзын бойлы, жалаң бас аға да ыстықтаған сияқты. Кәстөмін шешіп, қарына ілді.
- «Аспан айналып, жерге түсіп тұр», деуші еді кәриялар. Сол рас, - деді бұйра бас аға қалта телефонына үңіліп. – Мәссаған! Күткенімізге жарты сағат! Қайда, бар болғыр көлік?!
- № 55 маршруттың ызасы әбден өтті. Ылғи осы! Зарықтырып қоятыны-ай!
-Тамағым қышып барады. Тәуір шылымыңнан шегейік, жүр былайырақ, - деді ұзын бойлы аға досына.
Екі аға темекілерін тұтатып, әңгімелерін айтып тұрғанда көп күттірген № 55 автобус анадайдан көрінген. Үлкен ағалар тартып тұрған темекілерін өшірместен лақтыра салды. Тағатсызданып тұрған кісілер салон толы жолаушыларға қарамастан, бірін-бірі итеріп, сығылысып, топырлап еніп жатыр. Үсен келесі жолы мінейін деп аса ұмтыла қоймады. Орнынан тапжылған жоқ. Кенет кішкентай баланың назары жерге лақтырылған темекі тұқылына түсе кетті. Толық сөнбеген шөп арасындағы тұқыл бықсып жатыр. Алда-жалда ешкім байқамаса, қураған шөп тұтанып өртке ұласуы мүмкін-ау! Қайтсе болады?!
Үсен жақындап барды да, аяғымен мыжып, таптап еңкейіп жерден көтерді. Оны-мұны қоқыс тастайтын түбек іздеп еді, көзіне түсе қоймады.
Кісілердің көптігінен есіктері жабылмаған автобус әлі орнынан қозғалған жоқ. Жүргізуші аға есікке қысылып, баспалдақта тұрған жолаушылардың жерге түсуін өтініп, қайта-қайта дыбыс күшейткіш құрылғы арқылы хабарлағанын елеп-ескеріп жатқан жан жоқ. Ұялды ма екен, әлгіндегі темекі тұқылын лақтырған екі кісі және бірер жолаушы келесі автобусқа отырмақшы болып жерге түсті.
-Шылымды шала-пұла шегіп едік, әкелші тағы, - деді бұйра бас аға.
Осы кезде олардың қастарына тақап барған Үсен:
-Мынау сіздердікі ме? Мен шөп арасынан жаңа тауып алдым, - деді.
-Мына бала қайтеді, ей?! Кім, нені лақтырмай жатыр?! Және біз сенен шылым тұқылын сұрадық па? Бар, жайыңа тұр, - деді ұзын бойлы аға кішкентай ұлға ашулана қарап.
-Неге лақтырдыңыз?! Мен бәрін көріп тұрдым. Сөйтуге бола ма екен?!.
Тақылдап, шынын айтқан баланың сауалына үлкендер жауап қайтарған жоқ. Сол сәтте көше бұрылысынан № 55 маршрут көрінді.
Үлкендермен бірге Үсен де автобус салонына ұмтылды.
БІР ҮЗІМ НАН
Бес қабатты тұрғын үйдің подьезінен шыққан кішкентай қыз оң қолындағы қаудырлақ жұқа дорбаны әрең көтеріп, қоқыс жәшігіне әкелді де аудара салды. Жапырақтай–жапырақтай кесілген, жартылай желінген аппақ нандар! Құйтақандай қыз артына да қарамастан қайыра үйіне жүгіре жөнелді.
Бұны көзі шалып қалған Ғаббас кәрия:
- Әй, балам–ау, обал емес пе?! – дегенше әлгіндегі қыз подьезд есігіне зып бере кіріп кетті.
Нұржан мектептен қайтып келе жатқан. Көрші кәрияның ашуланып, басын шайқап отырғанын көріп кідірді.
-Ата, кімге ренжіп отырсыз? – деді сәлемдескен соң.
-Е-ей, балам-ай! Біреу тойып секіреді, біреу тоңып секіреді... Сонау-у, сұрапыл Ұлы отан соғысы жылдары біз тоғыз-он жастағы қарасирақ бала едік. Ер-азамат жаппай майданға алынды да, елде кемпір-шал, әйелдер мен балалар қалды. Беліміз қайысып жұмысқа жегілдік. Күні бойы шөп шауып кешқұрым ұшып-жығылып қосқа әрең жетеміз де, сулы-сылпың қара көжені іше салысымен төсекке құлаймыз. Таңғы ұйқы қандай тәтті! Оң қолы шолақ бригадир Қисметтің айқайынан атып тұрамыз. Кішкене жата тұрайын десең бітті, Қисекеңнің алты өрім қамшысы жоныңнан таспа тілер! Бір рет қасымдағы Медет оянбай қалып, бригадирдің қамшысының астында қалғаны! О-ой, сондағы Медеттің шырқырап жылағаны ойымнан шығар емес! Әлі көз алдымда. Бала деп аяу, мүсіркеу болмайтын бригадирде. Сұм соғыс тезірек бітсе екен, ағаларымыз бен әкелеріміз елге тезірек оралса деп тілейміз дәйім. Сонда қарнымыз тойып тамақ та ішпейміз! Нанды мөлшерлеп береді! Жегіміз кеп, тәбетіміз тартып тұрғанымен сұрамаймыз.
Қазір ше?! Нанды қадірлемейміз! Қатып қалса қоқыс жәшігіне әкеп тастаймыз! Ысырапқа жол беріп, аяқасты етеміз! Олай жасауға болмайды! Бір үзім нанның қадір–қасиетін білген жөн! Обал-сауап деген қайда?!
Нұржан кәрияның әңгімесін үн-түнсіз тыңдады.
КӨКІРЕКТЕГІ КӨЗ
Оңаша бөлмеде ертеңгі сабаққа дайындалып отырған қара бала кенет селк етті. Тырс-тырс еткен бұл не? Зәресінің ұшқанын қарашы! Ә-ә, жайымен терезеге ұрылған жаңбыр тамшылары ғой. Қараша айының қара суығында жаңбыр жауады да, артынша орай-борай қар түсетіні бар. «Пай-пай, қар жауған қандай тамаша! Қалың киініп, аққала соғып, шана, шаңғы тебеміз!..»
- Ұмыта жаздаппын. «Ана тілінен» Абай атамыздың бір өлеңін жаттау керек екен-ау!
Ержігіт кітап сөрелерінен мұқабасы қалыңдау ақшыл кітапты қолына алды. «Жыр жауһары». Абай. «Өкінішті көп өмір кеткен өтіп...» Өлеңдер, поэмалар, қара сөздер. Алматы. «Раритет». 2008 жыл.
Қара баланың есіл-дерті кітапқа ауған. Оқып отыр, оқып отыр. Біраз өлеңдердің мағынасына терең бойлай алмады. Жүз жетінші беттегі «Білімдіден шыққан сөз» деп басталатын өлеңді қайыра-қайыра қайталады.
Білімдіден шыққан сөз,
Талаптыға болсын кез.
Нұрын, сырын білуге,
Көкірегінде болсын көз...
«Бірінші-екінші шумақтары түсінікті. Нұрын, сырын деген сөздің төркінін де шамалаймын. Ал төртінші шумақтағы «көкірегінде болсын көз» деген сөйлем миына қонбады. Көз! Кәдімгі екі көз. Онымен көреміз. Ал көкіректегі көз қайдан келген?!.»
Ержігіт жүгіріп далаға шықты да, аулада атарба дәртесін жоғары көтеріп, байлап жатқан атасына жетті.
-Ата, ат-оу! Бес минөтке уақытыңыз бола ма?
-Жайшылық па, құлыным?
-Сұрайын деп едім.
-Нені?
-Абай атамыздың өлеңдерінен.
-Үйге бара бер, мен қазір келем.
Міне, атасы мен немересі әңгімелесіп отыр. Ержігіттің бар назары атасында. Апырым-ау, атасы не деген білгіш? Көп оқығанның пайдасы-ау?! Шоқша сақалы өзіне жарасымды, иманжүзді кәрия бірінші сыныпта оқитын немересінің қойған сауалын тәптіштеп түсіндіріп берді.
- Тегінде сөздің бояуы, үні, сыры, нұры болады. Оны білмекке талпынған, көзі ашық, көкірегі ояу адам баласы жақсы саралайды.
- Біз білетін көз екеу емес пе?
- Дұрыс айтасың, балам! Ол адамның мынау жарық дүниені көрер көзі, яғни қос жанары. Сол сияқты көкіректе де көз болады. Көкіректегі көз оқуға, білімге ұмтылған адам баласына тән сипат. Мәселен, сенің хәкім Абай бабамыздың өлең шумақтарын ұғынуға талаптанғаныңның өзі көкірегіңнің ояулығын, сергектігін сездіреді. Білім бұлағы – кітапта! Жақсы кітап адам жанын тазартады, санасына сәуле түсіреді. Сол үшін кітапті көп оқыған ләзім. Оқып қана қоймай, ондағы жауһар ойларды ойға тоқу керек. Түсіндің бе? Ыбырай Алтынсарин бабамыз да:
Бір Құдайға сыйынып,
Кел, балалар оқылық!
Оқығанды көңілге,
Ықыласпен тоқылық, - деп өсиет етті емес пе?!
- Рахмет, ата! Түсіндім. Бұдан былай Абай атамыздың да, өзге ақын-жазушылардың да кітаптарын түсініп, санама сіңіріп, ыждаһатпен оқитын боламын.
АҚ КЕПТЕР
Ақмарал анасымен бірге орталық базарға бара жатқан. Жолда, үйдің бұрышында сүйкімді ақ кептер отырғанын көріп қалды. Біреуден жәбір көрген сияқты. Көздері жәудіреп ары-бері өткен адамдардан мейірім күтетіндей. Кішкентай қыз қорғансыз құсқа жақын барды. Жайшылықта ұша жөнелетін кептер қозғалмайды. Жуас. Монтаны. Ақмаралдан үркектеп, аттап секіруге талпынғанымен ұзаған жоқ.
-Қызым абайла! Ауру болып жүрмесін, - деп анасы ескерту жасады.
-Қараңызшы анашым! Қанаты сынық, содан ұшпайды! – Ақмарал мұңайды.
-Нәзік жүрегіңнен айналдым! Уақыт шығындап қайтесің, біз асығыспыз.
-Жоқ, анашым, көмектескім келіп тұр. Қандай сүйкімді! Түрі де әппақ! Біз қол ұшын бермесек, өліп қалады... Әйтпесе иттер жеп қояды...
-Жарайды, меселің қайтпасын, - деді анасы қызының өтінішін жерге тастамай.
Ақмарал мен анасы екеуі кептердің тыпырлап, қарсыласқанына қарамастан қолдарындағы сөмкеге басын қылтита салып алды да, автобусқа отырып қала ортасына тартты. Сұрай-сұрай жан-жануарларды емдейтін дәрігерлік клиникаға келді.
Кезекші дәрігер кептерді тексеруге ішке алып кетті.
-Жазылса екен, - деді уайымшыл Ақмарал мұңайып.
-Жазылады, ұшады әлі, - деді анасы кішкентай қызын бауырына қысып, жасаураған көзінен сүйіп.
-Шын айтасыз ба?! Сынған қанатын қалай емдейді?
-Ота жасайтын шығар. Сәл сабыр ет қызым.
-Мақұл.
Арада он-он бес мүйнет өткенде жүзі жайдары дәрігер көрінді:
-Дәл уақытында әкелдіңіздер, ота жасайтын болдық.
-Алақай! Ақ кептер ұшады! – Ақмаралдың көңілі аспандады.
-Дұрыс айтасың қызым! – деді дәрігер тәте де қуанып. - Ұшады әуелеп. Осылай тұрасыздар ма? Бір айналып келіңіздер.
-Ешқайда барғым келмейді, - деді Ақмарал. – Күте тұрайықшы анашым.
-Ұмытып барады екенмін, кептердің иесі сіздер ме?
-Көшеден таптық. Қанатының сынғандығын байқаған қызым, қоярда-қоймай осында әкелгізді. - Ақмаралдың анасы шынын айтты.
-Тоспасаңыздар да болады, өзіміз қамқорлыққа аламыз.
-Үйге алып кетейік, қалдырмайықшы кептерді, - деді Ақмарал қиылып.
-Жүрегің жұмсақ екен қызым! Құс та болса жақсылық жасауға құштарлығың құптарлық іс! Олай болса, күте тұрыңыздар, - деді ақ халатты тәте күлімсіреп.
***
Ақмаралға ермек табылды. Түсте мектептен келе сала балкондағы ақ кептерге барады. Дәкемен қатты таңылған қанаты қатайып келе жатыр. Бірер күннен кейін орауын шешу керек шығар.
Әйнектелген балкон іші жып-жылы. Қағаз қораптан жасалған томашадай орында ыдысқа құйылған су, құстың жемі, бәрі бар. Шынашақтай қыз кептермен кәдімгідей сөйлеседі. Көтеріп тізесіне отырғызады. Басынан сыйпайды.
Бір күні құс қанаттарын қомдап, тар балконның ішінде ұшуға әрекет жасады.
-Ата, ата! Кептер ұшуға дайындалып жүр, - деді Ақмарал кітап оқып отырған атасына жүгіріп келіп.
-Бәрекелді! Әрине ұшады! Өйткені Алла тағала құс атаулыға көкте самғау үшін қос қанат бітірген. Ақ кептер бейбітшілік құсы ғой! Оның жазылуына, қатарға қосылуына сенің еткен еңбегің зор! Күні ертең сен де бой жетесің, жоғары оқу орнын бітіріп, қалаған мамандығыңды аласың! Еліміздің елеулі адамы боласың! Тәңірі алдыңнан жарылқасын! Бақытты бол! – деді атасы риза пейілмен.
Ертеңінде балкон терезесін ашқан Ақмаралды көрген кептер, терезе жақтауында алға қарай ұмсынып-ұмсынып сәл тұрды да, қанатын жазып пыр-р етіп ұша жөнелді.
-Қош, кептерім! – деді құйтақандай қыз қол бұлғап.
Әуелеген ақ кептер бір кезде зәулім-зәулім үйлерден асып көрінбей кетті.