Жолтай Әлмашұлы. Олигарх және олимп (роман-элегия)

ӘДЕБИЕТ
4110

“...Ниетсіз, құлықсыз, құштарлықсыз, қиналыссыз сөздің салмағы жоқ...”

Абыз Ахмет Иассауи

Түркі данасы


“...Иманы кеткеннің, жиғаны кетеді!”

(халық сөзі)


“Жар басындағы жантақты, жанынан кешкен Нар жейді...”

(халық сөзі)


Желіге жол

(жазушылық ой тарқату)


Сөзді бастау қиын. Бастайсың-ау, бірақ пілдің табанына түскендей салмағы зілдей болып, еңсеңді езіп жібереді.

Жазу да солай. Оп-оңай, тіпті жеп-жеңіл желдіртіп ала жөнелермін деп ойлайсың. Ал, расында... сөз деген сиқырлы әлемнің қақпақылымен қым-қиғаш келіп, қатты қиналарың тағы бар.

Алған тақырыптың ауыр-жеңілдігіне қатысты кимелейтін қиындықтар дейсіз бе? Ол да мүмкін. Кейде бәрі кержорғадай тайпала басталып кетіп, оңай аяқталып та жатады. Бірақ, сол оңайлардың оңғанын көрмеппін. Қиынның аты – қиын. Қиналудың аты да – қиналу!

Бастай беріп, бас қатырып жатпай-ақ, ми солқылдатуға жол
 бермей, кілт үзіп тастай салуға да болатын ба еді осыны? Ешбір жанды жаратылыспен қол алысып анттасып, қайтсем де түбіне жетпей тынбаймын, өлсем де жазып бітіремін деп уәде берген жоқ едім. Алайда...

Бүгінгінің байлыққа бөккен жұмыр бастысы – Олигарх ойды бөле берді.

Мына заманда, апыр-ай десе, Олигарх деген түсі де, сұсы да бөлек қара дәулер көбейген заман туды ғой, міне! Олигарх болғанда қандай! Оның байлығына сіз бен біздің дүниеміз тұрмақ, шашымыз да жете қоймас. Баяғының Қарынбайлары мен Шығайбайлары далада қалады қазір...

Бір таң қаларлығы – сол Олигархтар тәуелсіздік тамырлай бастаған шақта сіз бен бізді баса-көктей өтіп, көктемгі көк жауқазындай дүр көтеріліп, қаптап кеткені! Қайдан шықты? Қалай шықты? Қай тұстан пайда болды?..

Ешкім тап бүгінге шейін атын атап, түсін түстеп, шын анықтамасын бере алған жоқ. Арғы-бергі уақытта бір мықтыңыз білгірлікпен байыптап, диагнозын дәл қоя аларына, әй қайдам-ау, сену де қиын. Өйткені-і...

Алла тілеулі әлгі бір жазық маңдай кісі былай деп сөз қиюластырады: “Кім де болса, өз қандасыңның арасынан шықса, құба-құп! Әйтеуір тірсегі тірсегіне соғысып жүрген жыртық шапан, сорлы жұртқа түптің түбінде шапағаты тие жатар!”

Көңілжықпас керме қас біреусі былай деп көкезулеген: “Әй, бардың аты – бар ғой, баршылық деген – береке, Жаратушым жоқтан сақтасын!..”

Қосылдым! Қосылмасқа шарам да жоқ.

Қолға қалам алғандағы алғашқы себеп те – осы!

Тағы бір себеп бар.

Олигарх – енді жай ғана жұмыр бас пенде емес, қоғамдық құбылыс! Оларды ұнатасыз ба, жоқ па – бәрібір өзіміз өмір сүріп жатқан осы қоғамнан ойып алар өз орнын тынымсыз іздеп, шарқ ұруға толық хақылы! Тіпті, керек десеңіз, олар біз жете алмағанға жетіп, біз бітіре алмағанды бітіруі әбден-ақ ықтимал.

Демек, Олигарх – күрделі кейіпкер! Өте күрделі образ!..

Ол туралы жазбас бұрын он ойланып, жүз толғанып, тіпті қиял деген дәуіңізді қара пышақты қайрақ тасқа аяусыз үйкегендей етіп, қайта-қайта жанып-жанып алу ләзім!

Көптен көңілде тербетілген, ойда шайқатылған тақырып болған соң да, міне, қаламға қолқа салмаққа “тәуекел” деп қам жасаған түріміз ғой енді!

...Аузы ашық жанмын. Қарап жүрмеймін өзім де. Осы түбің түскірді аяқтамай жатып-ақ бір досыма сыр секілдендіріп, жаным рахаттана, сыдыртып айтып шыққанмын. Ол шалқасынан түскені.

– Оу, сен қисық езу, кер мінез Олигархты білмеуші ме ең? Олардың адами сезімге беріліп, іштей үгітіліп, дүние-мүліктен жерінуі еш мүмкін емес. Мына шығармаңа ешкім де сенбейді. Босқа арамтер болған есіл еңбек! Тілімді алсаң, бұл жазбаларды дереу отқа жақ... Жылдам көзін құрт-т...

– Сонша неге шошындың? Неліктен шапшып тұрсың? – деймін ғой оны түсіне алмай.

– Олигарх қанымызда жоқ, табиғатымызға жат. Соны да түсінбейсің бе?

– Біздің ата-тегімізде байлар, асып-төгілген байлығы бар дүниелілер мүлде болмаған ба? Неге келте қайыра салуға қайыл халықпыз, а? Олигарх – ол бүгінгі күн кермесімен әсірелеп қана айтқан аты емес пе?

– Жо-жоқ, сен шатаспа! Біздің жаны жомарт, пейілі көл-дария бай-бағландарды бұл араға араластырма. Екеуі жер мен көктей-й...

Көнбедім. Тап теріскөз танысыма ерегіскенде, бұл шығарманы барынша кеңейтіп, көлемді етіп жазуға бел байладым да, тәуекелмен тарихқа сүңгідім. Көнеден сыр тарттым. Олигарх пен кешегі кең көңіл бабалар тағдырын салыстыра айтып, барынша байланыстырсам ба деген ішкі түйсігім де жолыма жарық жақты. Сәулелендірді.

Рас-ау, сол Олигарх ғайыптан шыр айналып келіп, төбеден дік етіп түсе қалып па? Оның қаны да қазақ, жаны да қазақ – мына бізбен мидай араласып жатыр емес пе! Байлық бірде бар, бірде жоқ. Бірақ, кең қолтық ел бар, бола да береді.

Өстіп, осылайша, осындай оймен божыны еркіне салып, босатып-ақ жіберген екем. Енді сол тізгінді қайтадан тартып, икемдеп алуға қиналып келе жатқан жайым тағы да бар, аса мәртебелі оқырманым!

Сөз басында не айтқымыз келген еді? Өз жазбамызды ішкі түйінін өзіміз айбарақ етіп, ой-құпиямызды ертерек жариялап тастау емес-ті бұл. Шығарманы бұлай бастауымыздың себебі...

Айтпағым-оу, ел-жұртым, біз қандаспыз, ал қаны бір қайсыбір азаматты да кеудесіне қос алақанды тарбита тақап, кері итермей, олармен тізе қоса тірлік жасауға ұмтылу жараспас па! Әсіресе, осы заманда...

Жо-жоқ, Олигархтардың бәрін бірдей ақтап, түгелімен асқақтатып, шетінен жолы даңғыл данышпан дегім келмегенін тағы да білгейсіз. Тіпті әрбірден соң, оларға баға беру, қоғамдағы орнын салмақтап-айқындау менің міндетіме мүлде жатпайды. Ондай жауапкершілікті мойныма алудан аулақпын.

Керек десеңіз – кейбірінің бет-жүзін бұ дүниеде өзімнің де көргім келмейтіні рас. Несіне таң қаламын? Не үшін таңданамын? Неменеге таңдай қағамын?..

Ал, бірақ, бәріне бірдей қырын қабақтанып алып, ұшынды мінезбен “кет пәлекет” деп, күл шашуға бола ма?

Мына менің қиялыма қонақтап алған осы бір бай жігіт – Олигарх, яғни Аспан (тіпті Оспан десе де болады) – басқадан бәсі биік, бөлек болмысты, бірбет жан. Өтірік айттым ба? Сенбейсіз бе?

Шын сенбесеңіз, алдыңыздағы сөз-жазбаны түгелімен оқып шығуға (мен оған үміттімін) нар тәуекел деп, бел байлаңыз. Содан соң сізбен қайта жолығып, кең отырып ой бөлісуге бейілмін.

Оған дейін бұл жайлы әңгімеге күрмеу салып, тоқтау тілеп, жылы жауып қоя тұралық.

Менің де көп сөйлеуге, малтаны езіп, ұзақ әңгімелеуге уақытым тарылып, керек етсеңіз, ықыласым да болмай тұрғаны бек шындық.

Өйткені... роман-элегия әні-міні дегенше басталып кеткен-ді.

Ол жазылып жатыр...


олигарх және ауыл

(бірінші желі)


“О, Әлем...”


1

Шерқала – шағын қала! Шерлі қала! Шері көп қала!..

Неге олай? Енді сол жайынан аз-кем әңгіме жібін тарқатып байқалық. 

Шағын мекен болса да (расында адамдары аса көп емес), тап осы қаладан тәрбие-өнеге алып өскен, сөйтіп жалпақ жұртыңызға кәдімгідей ағалық мінез көрсетіп жүрген, ақыл айтып көсемсіген жандар көбейген шақ. Тіпті осы күні саусақпен санап та тауыса алмасың анық. Қай-қайсысы да атын айтып жіберсең тіпті жуас аттың өзі де тулап ала жөнелердей, белгілі-белгілі тұлғаға айналып үлгерген.

Араларында аспандап тұрған бай-бағландары да, қазіргі тілмен өрнектесек – Олигархтар да табылып қалады.

Кейде шетелдік қонақтар Шерқаланың қай жерде орналасқанын, оның нендей шаһар екендігін, қай ұлтқа тиесілі жағдайын да білмей, бас қатырып қала беретіні бар. Бірақ, жаңағы байлық жиған, асқақ мінез Олигархтардың бірінің атын айтсаң, дереу елең етіп “білеміз, білеміз” деп, лыпылдап қоя береді. Осында қандай құдірет бар, а?

Қалай десең де, Шерқала бүгінде әлем деген шеңберді шарлап тұр. Жер шарының түкпір-түкпірінде осы мекен туралы әңгіме жиі-жиі өрбіп, тым көбірек тіл ұшында кілкілдеп тұрып алатыны тағы шындық. Бәріне бас себепкер – осы топырақтан шыққан, байлығы тасыған Олигархтар.

Солардың бірі – Аспан. Иә, кәдімгі Аспан. Қазақтың қарадомалақ баласы. Ауылдың топырағына армансыз аунап өскен, кешегі күстабан жүгермек ұл. Оның әуелдегі аты – Оспан еді. Сол Оспан деген атты әдемілеп айту шетелдіктерге кәдімгідей қиынға соққан болар, бәлкім! Сосын да оп-оңай өзгертіп, енді Аспан деп ныспылапты өзін.

Аспан десе – Аспан! Қолы аспанға, яғни зеңгір көкке әні-міні деп тие жаздап, сәл-ақ жетпей тұр. Бәлкім, біз төмендетіп тілге тиектеп тұрмыз ба – қолы көкке жетіп те қойды ма? Әй, жетіп те қалды-ау!.. Әлдеқашан...

Өзі туған топырағына, жұмбақтайтын несі бар, соңғы он-он бес жылдың аясында, жыл он екі айдың бір айында да жүз көрсетіп, табаны тиіп көрген емес. Қашан сұрасаң да, шетелде. Бірде – Америка, бірде – Англия! Ал, енді бірде – Жапония... Араламаған жері де, елі де қалмаған. Қай мемлекетті айтсаң да, “е, онда болғам” деп сөзді бөліп, жарыса жамырап, кимелеп кетері тағы рас.

Аспанның аспандаған шағы бұл...


2

Ол бұл күнде атақ-даңқы аспанға найзадай атылып, әлемді аузына қаратып тұрған Американың Н. провинциясының тұрғыны. Соңынан іздеп арнайы кім барыпты, әйтеуір ұзынқұлақтың айтуына қарағанда – өзінің қосарлана салынған жеке вилласы, екі-үш жеңіл көлігі және үйінде бірнеше қызметшісі бар деседі. Қызметшілерінің бас бикеші, жасыратыны жоқ – өзінің зәуеде тоят табар төсектесі, аты – Кэт, ал ұлты – түсініксіз, әйтеуір өз нәсілі емес екендігі жүріс-тұрысы мен мінез-құлқынан көп-ақ көрініп тұрады. Одан да
 қызығы – әлгі ұрғашы нәсілдіні айтам да, аса мәйін, жұмсақтың жұмсағы, Аспанға әмір беріп, жағасынан алып жатпайды, не десе де құп. Некелі жарың болмадым, жас иіс сүймедім деп, қиғылық саларың да ол емес. Бәріне көндіккен кейпі бар кеңқолтық келіншек. Ал, Аспан болса... ұрпақ сүймедім-ау деп қиналып, бас қатырулы ма? Көңіл түкпірінде еш арманы жоқтай, тірлігі таң қаларлық, тағдыры кісі сүйсінерлік! Тыңдап тұрсаң, ертегідей өмір. Не сенеріңді, не сенбесіңді білмейсің, бірақ бұл ақиқатқа жақындау әңгіме сорабы.

Кіндік қаны тамған алыс елде аталас-қандас ағайындары, тіпті жақын інісі де тұрып жатыр. Хабарласса, солармен байланыс жасайтын шығар, ауылға ат ізін жиі сала бермейді десек, ол қиянат сөзге жатпайды, қайта ақиқатқа жақындай түседі.

Өзі елім деп, ілкіде болса да жүрегі сыздап, іздеп келуге ынтасыз, тіпті аса құлқысыз екен. Келмеген соң не шара!.. Кім оны жағадан алып, шіріген жұмыртқа екенсің деп, кінәсін бетіне басар?.. 

Жоқ? Тағы да жоқ! Ел іші ләм-мим!

Шерқаладан шырылдап хат жазды бір бала. Интернетке салыпты. Хатта не деді деймісіз?

Ол былай депті: 

“Ардақты ағатай! Сіз де осы Шерқала деген кішкентай ауылда туып, осы жерде өстіңіз. Осында алғаш сауат аштыңыз. Өзіңіз оқып жүргенде мұнда компьютер деген атымен жоқ екен. Қазір басқа заман. Біз білетін көрші қалалардың бәріндегі мектептерге компьютер қойылған. Тек біз артта қалдық. Осы хатты да көрші ауылдағы досым арқылы интернетке орналастырып отырмын.
 Қол созып, көмек беріңізші. Шерқала орта мектебінің алтыншы сынып оқушысы Жанмұрат.”

Хат Оспанға, яғни қазіргі тілмен айтсақ – Аспанға сол күні-ақ әлеуметтік желі жолымен зың етіп жетіп үлгерген. Өзі оқымаса да, көмекші-жандайшаптары алдына әкеліп тоса берген. Әлеуметтік желідегі жазылымға көз тіктеп қарамаса да, “ал, не” деп құлақ тосып, жалпы мазмұнын түсініп-тыңдауға ыңғай білдірген.

– Не айтасыз? – деген көмекші-жандайшапқа көмір көзімен тіктеп қарап, даусы тарғылдана дүрсе қоя берді енді.

– Мен бәрін де жиып қойып, алыс түкпірде, жер түбінде жатқан кішкентай мектептің тарыдай шаруасымен айналысамын ба? Әлемдік мәселемен бас қатырып отырғанда... Әй, сендерде бір...

Жандайшап, яғни жанынан күндіз-түні бір елі қалмас көмекшісі Артур Хаземет жым-м! Әрі қарай сөз жоқ. Үнсіз.

Тағы да сөйледі.

– Ойымды бөліп, түкке тұрмасты тиектеп, қайдағыны айтып...

Артур Хаземет одан бетер иіле түскен. Жауап қатар сәт емес бұл.

Аспан аулаға шығып кетіп, жер үстіндегі ешқашан түгесілмес жыбырлауық шаруадан жерігендей болып, аспанға қараған. Қандай алыс. Әттең, сол биік аспанның түбіне, жо-жоқ, арғы бетіне барып қайтар ма еді! Арғы жағында қандай қызықтар бар екен?!

“...Сен күт мені, Аспан! Күте тұр-р... Мен бір күні саған да жетемін-н!..”

Тосыннан қаумалаған кермек ойдан құтыла алмай, жаны қиналған аса ашулы кезі болатын. Ашу деген қисық көшеге еріксіз табан жол салуының да үлкен себебі бар-ды.

Оның тамыры тым-м әріде жатқан.

3

Американың шағын провинциясында туған, ылдым-жылдымы бір басына бек жетерлік бай кісі – Джон Дэвис соңғы бір уақыттарда әр жерінен түрткілеп, тынымсыз түртіп, көңіл қытығына тигені. Түсінбейді, оныкі қандай айбат: дөң айбат па, жоқ дүние айбат па? Бұны әлі күнге дейін өзінен төмен, әлдеқайда осал санап жүр ме екен? Ау, оның байлығы бұның байлығының қасында не тәйірі! Бар болар бір зауыты! Бар болар екі-үш қонақ үйі... Бар болар тағы бірдеңесі... Сол ғана ма?

“Әй, ақымақ десе! Білмейді-ау менің деңгей-дәрежемді! Әттең, Томас ұстазым үйреткендей, айтуға, жария етуге тіпті де тиіс емеспін. Егер құлағына сыбырлап қана айтсам, сол жерде тілі таңдайына жабысып, тас боп қатып қалар, ә! Сөзсіз сөйтеді-і...”

Кеуде кеңістігінде қорғасындай ауыр ой дөңгеленіп кетіп, жөңкіліп жүгіріп барады. Түйдек-түйдек болып...

Сол Америкалық лыппа мінез бай адамды әуелде мейлінше менсінбеп еді, енді қалайда кездесуі керек болып тұр. Кездеспесе маза берер емес. Мұндайда қымтанып-тұмшалана бергеннен, бетпе-бет келген анағұрлым тиімді. Тілге келсе, дереу меселін қайтарып, сол жерде-ақ орнына қояр. Енді ше!

Шерқаладан шыққан шымыр жігітпен – таймас мінез жанмен ойнағысы келіп жүр ме? Қай заманда да қазақпен әзілдеспек болып, ойнағандардың опа тауып, жақсылыққа жеткені шамалы. Әзілің болмасын қазақпен...

Осал ел болса, бес Франция сыйып кететін осынша кең аймақты ғасырлар бойына қыңқ етпей, қолтығының астына, жо-жоқ, құшағына қысып отырып қалар ма еді! Жарты қарыс шетіне де сырттың қолын тигізбей, ұстап тұра алар ма еді!..

Жер – жетістік!

Жер – байлық!

Жер – қазына!..

Жер мәселесін жетпіс ғасырға дейін, бәлкім одан да ұзақ па – шешіп қойған қандай жанкешті халық еді бұл!..

...Аз-кем мырс етті.

Ал, ел билеген батыр бабалары... Олар өте көп болған деседі. Саусақпен санап та тауыса алмас. Ежелгі Қыпшақ даласынан келген кейбір тарихқа сұңғыла “білгіштері” сөйлеп берсе, таңды таңға ұрады. Өздерінің естімегені, оқымағаны жоқ секілді. Тіпті ақбас ғалымдар да тап осылай жорғалата алмас.

“Әттең!” деді ішінен. “Сондай тау мінез бабаларым туралы кеңірек біліп алсамшы! Түбі әлемаралық дау-дамай мен сөз сайысында жеңіліп қалмас үшін керек болар түрі бар. Осыны ойлаймын да қоямын. Әй, өзім де...”

...Енді қабағын түйіп алған.

Бұрынырақ, тіпті күні кешеге дейін, расында да, өз елін, өз топырағын, өз тарихын, өз дәстүрін... білмей келіпті, білгеніңіз не, білуге ықыластанбапты да. Тап сондай өлі дерек-дәйектердің бірді мыңдап, мыңды миллиондап жүрген бизнес өкіліне қаншалық керегі бар екен? Сосын да босқа уақыт өткізгісі келмегені рас. Сөйтсе... үлкен үстел үстінде отырып, сөз сабақтап, әңгіме арнасы кеңи түскенде, бәрібір шыққан жерің мен тегің тілге тиек болмай тұрмайтындай. Сен айтқың келмесе де, қарсыласың ішіңе еніп алып, сөз сауады. Тіліңнен тартады. Қытығыңа тиеді.

“...Білмейсің! Білсең, сайрап ала жөнелер едің-ау, сорлы...” дегендей мысқыл-кекесін тұрады ернінің сызық ұшында.

Осындай керпиғыл мінезді көп жыл бұрын өзімен бірге қатарласа бизнес бастаған Ронни Рапп деген жігіттің ерін емеу­рінінен байқап қалған-ды. Ронни жалпы жаман азамат емес-ті. Былай қарасаң, барынша ақкөңіл, аңқылдақ. Сөйлессең – сөзге шешен. Ойлассаң – ойға тұңғиық. Тек... жалғыз кемшілігі – тым қызғаншақ, өзім білемге басарлығы көп. Одан да жаманы – ақшаға қатты құнығатындығы. Екеуі әуелде бірігіп бастаған бизнес, ақыр соңында, сол Роннидің бір ауыз сөзіне бола быт-шыт болып, жолайрыққа жетіп, жалғаспай қалды.

...Кеуде кеңістігін қапалық сезім билеп алды.

Бұлар әу баста өз бизнесін шағын-шағын, кісі жуынып-шайынып алуға ыңғайлы, өзінің аумағы аса үлкен емес, кішігірім бөлме­лерде бастаған-ды. Роннидің әкесінен мұра боп қалған кішігірім екі-үш ғимарат бар еді, міне, соның төменгі қабатында, тіпті подвалында десе де болады, қатар-қатар кабиналар бой түзеп тұрды. Ал, сондай кішкене кабинаға келіп, тез-тез жуына сап, тиісті ақшасын қалдырып кететіндер өте көп-ті. Уақыт өте келе, қалта­ларына мыс-мыс теңге түсе бастаған соң, бұдан былай ірі-ірі монша бизнесіне құлаш сермеді. Әкеден қалған ғимараттардың бәрін сатып, кісі көп келетін жер таңдап, сонда үш қабатты монша-тазалық үйін ашты. Оның ашылу салтанатын айтсаңшы. Роннидің әкесімен істес болған бірқатар ірі бизнес өкілдері, танымал адамдармен қабат атақты актер-жазушылар да қатысып, кейбірі көсіле сөз сөйледі. Монша-тазалық үйінің халыққа мінсіз қызмет атқаратынына зор сенім артты. Алдағы жұмыстарына сәттілік тілеп тарқасқан.

Ойлап қараса, осының бәрі де күні кеше ғана сияқты еді...

Аз уақыт аралығында жұмыстары алға басып, дүниелері де тасқындай түскен...

Дүниебөлісті ойлаған жоқ еді, тек... мол қаржыдан өзіне тие№сіліні білмек болған пенделік ойын сездіріп, ашық әңгімеге шақырған. Сол-ақ екен, ақкөңіл Ронни аяқ астынан өзгеріп, көз алдында басқа бейнеге ауысты. Жанарынан байқалған сұп-суық ызғар ұшқындары бойын тоңазытып жібергендей.

– Мен не дедім? Бар болғаны өз үлесімді... – деп тігісін жатқызбақ ниетпен сөйлей бастап еді, одан бетер тулады.

– Бизнес – базар емес, мұндайда бөліс туралы сөз қозғалғаны үлкен қателік! – деді. – Сенің түпкі жымысқы ойыңды енді анық сезіп тұрмын.

– Ронни, мынауың тым қатты кету! Менде ондай ой тұрмақ, ниет те жоқ...

Сонда да жүзі жылымаған. Салқын кейпін сол қалпында ұстап тұрып қалды да, артынша былай деді:

– Осынша көл-көсір дүниенің өзінен-өзі су секілді ағып, дөңгеленіп келіп жатқаны мына менің арқам! – деді жағын қайшылап. Жо-жоқ, виски ішпеген, сап-сау кезі. Ішіп алғандағы басы артық сөздерін басынан асырып жібере беретін, бірақ бұл жолғысы қорғасындай ауыр тиді.

Ішетін кезін де жақсы біледі. Ол айтатын: күндіз бизнестің бітпес шаруасымен басыңды қатыр, ал кеш түсе бір жарты виски ішіп ал, ұйқың тыныш болады; әйтпесе ойжегіге түсіп, ауру тауып тынасың...

– Ал, сонда... – деді Аспан. – ...мен ше? Менің бір түйір еңбегім сіңбей жатқаны ма?

– Әрине, үлес қосып жүрсің! Бірақ, біліп қой, бұл – Америка! Сен деген... алыстағы бір елден, ешкім естіп-білмеген кішкене қаладан келген елеусіз жансың.

– Жақсы кәсіпкер кейпінде қалыптасу үшін, сенің ойыңша, міндетті түрде атағы жер жарған үлкен шаһарда туу керек пе? – деп Аспан шамдана, ашуға булыға даусын көтеріп сөйлеген.

Ронни тіпті самарқау, сен қанша тулап-ашулансаң да, бәрібір менен асып кете алмайсың дегендей ірілік кейіп. Мысымен басар дөрекі дөңдік!

– Ол ғана емес... – деді сосын. – Бизнесті аяқ астынан бастап кете алмайсың, оның тамыры тереңде жатуы керек-ақ. Монша деген машақаты көп шаруа әуелі менің иелігімдегі азын-аулақ үй-жайда басталмады ма! Оған бас ие болу, көз тіккендерге дер кезінде тосқауыл қою аз салмақ па! Мысалы, сен... бұл істе мүлде шикі жансың. Балақайсың-ң...

– Болса ше?

– Мұндағылар кімнің кім екенін біледі, сосын да мықтыға қарай икемделіп, ырза ықылас сездіріп, бас шұлғиды. Тектен-тек тиіспейді. Менің тегім – асыл, әкем де, атам да – өз заманында бизнеспен айналысқан. Үлкен бизнеспен...

...Байқап қалған. Шамасы, түптің түбінде, бұл шаруаны Ронни Аспанға билетпейтін тәрізді. Тізгін қалайда оның өз қолында. Ендеше, не жорық? Осы арадан жік ажыратып алғаны дұрыс та шығар, сірә! Несіне мұрнынан тесіп жетелеген тайлақтай сау желіп отырады! Не де болса, өз жеке шаруасын дөңгеленткені дұрыс-ақ!.. Сондай ой көңіл көкжиегінде кілкілдеп тұрып алған.

...О бастағы бастауға қайта оралуы керек сияқты!


4

Қазақ боп туса да, “қазағым-ай” деп кеуде ұра тебіренетін соншалық қазақшыл емес еді, Америкаға келгелі өз елін де, жерін де мүлде ұмытуға айналған сыңайы бар-ды. Әнебір жылы елге аз күнге соққан кезінде, ауылдағы өлең шимайлағыш әлгі бір “мықты” – Жасхан деген дүмбілез әбден есін алған. “Әуелі ұлтты сүю керек” деп, құлағының құрт етін жеген. “Өз ұлтынан жеріген жанды ұлты да өлердей жек көреді...” Әзер қашып құтылған.

Өз ойынша, қандастары бар ғой, өте тартыншақ, тіпті қызғаншақ халық! Оны өз басынан кешкен соң ғана кеңірдектеп кертіп отыр.

Баяғыда-а... енді-енді шағын бизнесті бастамақ боп жүрген шағында өз қандасы талай рет аяғынан шалды-ау! Тіпті томпалаң (әлде тоңқалаң) асыра жаздаған кездер де аз болмаған сықылды. Оны ұмытпайды. (Ұмыту мүмкін де емес.)

Жетті! Жетті ақыры биігіне! Көтерілді шың ұшына – олимпке!

Кім көмектесіпті? Шерқалада бұның шырылдаған жанына желеу болған һәм демеу болған кім бар? Есіне түспейді.

Тек... тілеулес қариялар демесе! Тілеуқор әжелер демесе!..

Олар да, қайтсін-ай енді, тілінің ұшымен айтты. Тамақтың терең түкпірінен шым-шымдап шығып жатқан қарлығыңқы үнін әзер естіген.

“Жолың болсын, қарағым” дейді. “Жеңістің жолы қай кезде тастақты да тайғақты! “Жар басындағы жантақты, жанынан кешкен Нар жейді” деген. Сен де сол Нартүйе секілдісің... Алыс арманның тәуекел қайығына мініп, келешекке ұмтылған бозбаласың, қарағым...” (Қабыш қарияның сөзі...)

...Бұл кәсіпкерлік шаруаға әп деп қадам жасаған, тұяқ іліктірген тұстағы әңгіме!

Содан соң, Америкалық кәсіпкер Ронни Раппен мақсат біріктіріп, бөлінбестей қым-қиғаш араласып жүрді де, аяғында “көрме­генім сен болсын” деп, басын алып қашқан. Ол да бұны оңайлықпен босата қоймады, әбден сілікпесін шығарды, есінен тандыра жаздаған. Иелігіңдегі төрт апартаменттің екеуін, жеті қымбат автокөліктің үшеуін, т.б. нәрселерді өзіме қайтаратын боласың деп қиялаған. Онсыз босатпасын да анық сездірген. Егер сол аралықта өзінің ұстазы Томас Трамс араласпаса, мәңгі-бақи Роннидің бизнес-тұтқынына айналып қала бермекші екен, о тоба!

Одан да құтылып шықты-ау әупірімдеп!

Өз бетінше, жаңа бағытпен іс бастаған кезінде, жасыратыны жоқ, Томас ағасы сәтті жол сілтеп, жақсы бағыт берді. “Сен басқаны қой, ақыры халыққа қызмет көрсету саласына кірісіп кетіп, төселе бейімделіп алдың, ендеше осы бағыттан айныма” деген. Сосын іштей ойланды. Қиял жетегіне ерді. Кәсіпкерліктің өзгелер тез байқай бермейтін өз қыр-сыры бар. Айталық, бұлар тұрып жатқан провинцияда енді монша-тазалық саласына бас сұғу – бос әурешілік! Бәрібір, Ронни Рапптың бизнесін басып оза алмасы белгілі.

Ары ойланды, бері ойланды – ақыр соңында бір тоқтамды ойға келді.

“...Мейрамхана-кафе жұмысын жолға қою керек!..”

Бірақ, қалай? Неден бастағаны дұрыс? Томас ағайымен ой бөлісіп көріп еді, тағы да ойына ой қосып, дұрыс бағыт көрсеткен сыңайлы.

– Бірден үлкен іске ұмтылып-ұрынба! Әзір олай ете қоярдай қаржың да көп емес. Айталық, қоғамдық орындарға жақын жерден кофехана аш, оған келушілер аз болмайды. Шығыны аз, ал пайдасы...

Үлкен бизнестің алғашқы былқылдақ соқпағы осылайша екі-үш шағын кофеханамен басталып кетіп еді...

Сосын... араға біраз жылдар сыналағанда, қайдан шыға келгенін білмейді, мына Джон Дэвис жылмаңдап жетіп келіп, асыға-аптыға кимелеген. Бір рет аузы күйген адам екінші рет тәуекел етер ме! Жоқ, әрине. Джонның кім екенін, ойында не барын білуге аса ынталы емес-ті. Көңіл түкпірінде өзіне ғана аян үлкен үрей уілдеп қоя берген.

...Томас Трамс өкіл әкесіндей еді, сол кісі бір сөз арасында одан бетер қорқыта әңгіме айтқан. “Бизнес жолы – өмірдің өзінен өткен кермек” деген-ді. “Қате бассаң – құрдымға құладым деп біл! Қайта тұру үшін пілдің күшіндей қайрат керек-к...”

Бәрі жиылып келіп, Аспанды аса сақ басып, түз тағысындай жалғыз жортуға итермелеген.

...Қалай басталып еді өзі?.. Бұның, Қабыш қария тілге тиектегендей, Нар­түйелік жолының тұп-тұнық тұмасы қай тұстан тарқатылады?


* * *

Есінен кетпейді.

Ұмытқан емес.

Сол бір жыл... оңынан туған жыл саналған, бұның келешек тағдырына айқара ақжайма төсеп, арман кемесіне алақанға салғандай мығым етіп отырғызған.

Өңі түгілі, түсінде көрмеген алыстағы, тіпті жер түбіндегі Америкадан бір танымал бизнес адамы шағын қала – Шерқалаға ат басын тіремесі бар ма! Мақсаты – бизнесті дамыту емес, мүлде басқа. Не дейсіз бе? Ол өзі қанша бай болса да, бір ұл балаға зар екен. Баяғының Байбөрісіндей күй кешіп, қазақ жеріне ат ізін салған түрі. Іздегені – ұрпақ. Артында қалар өмір жалғасы... 

Қаншама жыл қатынсыз, қара басын күйттеп, тек бизнес деп ғұмыр кешіп келе жатқан бұл сабазыңа осы елдің дәм-тұзын татып көрген әлдебір ықпалды кісі “жақсы ұрпағым қалсын десең, баланы қазақ жерінен ізде” деп кеңес берсе керек.

Тұп-тура қазақ топырағындағы елеусіз жатқан кіп-кішкентай қала – Шерқалаға келер ме! Осында сырты мүлде жұпыны, көптен құлазып тұратын қуықтай балалар үйі бар. Сол балалар үйіне келіп, екі-үш күн аялдаған. Таздың басындағы селкеу шаштай, бұттарын тыр-тыр қасып, әр-әр жерде шашылып жүрген үш-төрт балаларға көп қарағыштаған. Үсті-басы кір-қожалақ шиборбайларға тіпті де көңілі толмас, кілт бұрылып, келген ізімен кері қайтып кетер деп ойлаған қалың жұрт. Олай болмады. Ықыласы анық-ақ ауыпты. Жатып алды бірнеше күн...

Қызықты қараңыз, бүкіл ауылда шетелдік бизнесмен – Томас Трамспен соның тілінде түсінісіп, тіл қатысар бір жан табылма­ғанына сенерсіз бе! Ешкім шет тілін білмейді. Аузына су ұрттап алғандай, кібіртіктеген бір жан. Екі сөз айтады да, ыңқ-ыңқ етеді. “Монинг”, “уелкомнан” өзге не айта алсын!

Аспан мығым спортшы ғана емес, мектепте ағылшын тілінен де үздік бала атанған. Аз-кем жорғалатып жіберетіні бар-ды. Бәрі мұны қолқалап, бар үміт сенде деп, Томаспен тілдесуге сүйрелегендей боп алып келген.

Әуелде жүрексінді. Күнде сөйлеп жүрмеген соң, қиын-ақ. Дұрыс айтпай қоямын ба деп тартыншақтаған. Жоқ, бәрі де сәтімен орайласа кетті. Америкалық қонақ жас жігіттің сөзін өзі-ақ іліп әкетіп, кәдімгідей жарасты әңгіме жалғасып, жүйесін тауып ала жөнелген.

Сол екі-үш күн ішінде Аспан қонақпен қолтықтаса сөйлесіп, достасып алып, тартымды әңгімеге тиек салған. Тіпті түннің бір уағына дейін соның қасында болып, әр сөзге ежіктеседі, түсініскенше тыным жоқ. Ертеңіне таң ата Томас бұны қайтадан іздейді. Келгенше алаңдайды.

Ал, еліне қайтар күні ол ерекше ықыластана тілге келіп:

– Біздің жаққа келіп қайт. Аз күн ішінде байқап үлгердім, сенің бейімің – бизнес! Ықыласың ауып тұрса, бизнеспен қалай айналысып, қалай жетістікке жол ашып, оны үйіріп әкету керектігін үйретем! – деді. Аспан аяқ астынан не десін, бас изеп, қарсы емес сыңай байқатқан.

Айтпақшы... Томас Трамс үш күнін босқа жоғалтпады, бұл ауылдан құр қол кеткен жоқ. Балалар үйінде тәрбиеленіп жатқан Ханмұрат деген сырық қара баланы бауырына басып, өз ұлынан бетер ықыластана өбектеп, өзімен ілестірді. Тәрбие беріп, білім жолына салып, ұл етіп алмаққа біржола бекінгені.

Сол күн қазір де көз алдында.

Қарадомалақ перзентті қолынан ұстап, жетектеп алып, қазақ жұртына қазақшалап қош деп, енді жеңіл көлігіне отырғалы жатқанда Ханмұрат ағыл-тегіл жылап кеп берсін. Осы кезде оның бала досы – Елмұрат жүгіріп келіп, қапсыра құшақтады. Құшақтап тұрып, құлағына сыбырлаған.

– Барғың келмей ме? Ендеше, қол ұстасып, қашып кетейік. Алысқа-а қашайық... Бізге ешкім де жете алмайды...

Ханмұрат кенет көз жасын тыя қойып, оған жалт қараған. Қабағын түйе, байсалды жауап қатқанын көрмеймісің сол сәтте. Сөзі – сөз-ақ!

– Өйтуге болмайды. Мен сөз беріп қойдым...

– Сөзді әке-шешеңе емес, айдаладағы Еуропалық кәсіпкерге бердің, ол еш ұят емес. Біз үшін кім ол!..

– Бәрібір. Уәде деген – уәде!

– Ал, біздің армандар ше? Екеуміздің ойларымыз желге ұша ма?

– Оны әлі де жалғастырамыз.

– Қалай? Сен кетіп барасың...

– Түсінсеңші. Шетелдіктер қазақтың үлкені де, кішісі де намысты арқалап туатынын білсін. Не де болса барамын... Алда ойлана жатар уақыт бар. Жағдайға қарай әрекет етеміз...

– Онда өзің біл...

Әлі ауыздарынан ана сүті кеуіп үлгермеген сарыауыз екі балапанның әңгімесін, тым жақын жерде тұрғандықтан, Аспан өз құлағымен естіген. Ішінен Ханмұратты қатты аяп кеткен.

“Болашақ тағдырың қалай қиюласар екен, қандас інім? Алдыңда нендей тастақты жол күтіп тұр, балақай?..”

Сосын жұдырығын қатты қыса, әлдекімдерге ренжіген кейіппен, дәл жанындағы электр бағанасын екі-үш рет түйіп-түйіп қалған. Электр бағанасы қыңқ еткен жоқ, есесіне соққы көрген кінәсіз қолы ауырып, сыздап ала жөнелгені.

“...Сен, өмір, мына электр бағанасы сияқтысың ба, қалай? Саған ештеңе де әсер етпейтін болғаны ма сонда-а...”

...Өзінің де жұдырықтай жүрегі шым-м етіп сырқырап қоя берген.


* * *

Американың Н. провинциясына барып қайтқан алғашқы қысқа мерзімді сапарынан кейін-ақ Аспан бизнестің өз құпиясы мен тылсым табиғаты барын терең түсініп, молынан аңдаған. Ауыл­дағы әрекетіне енді өзі де мысқылмен қараған. Томас бұны расымен-ақ жылы қарсы алып, дереу өзінің тайғағы мол өмірінде бастан кешкен қиыншылықтары мен ауыртпалықтарын жайып сала, ашық сөйлесті. Үркітіп емес, қызықтыра әңгімелеген. Ішке тарта әңгімелескен.

Айтатыны жоқ, Томас ағайды тек тыңдай беру керек, әрбір сөзі – жан рахатына бөлейтіндей.

Ол елге оралған кезде бұрынғы Аспан емес, мүлде өзгеріп, басқа мінез-бейнемен қадам басып тұрды. Ойлауы да, іске қатынасы да барынша бөлек. Мұны Шерқаладағылардың бәрі де сыртымен айтпаса да, іштей сезе түскен-ді.

– Мен енді бизнеспен айналысамын! – деді қыртыс бет, кәрі әкесіне. – Бар жұмысты қоямын да, тек кәсіпкерлік іске бет бұрамын. Жеке кәсіпкер...

– Балам-ау, оның жолы қалай? Кедейліктен жүдеп-жадап қалтаңдаған жағдай мынау. Қалтаңда көк тиының жоқ. Шамаң жете ме, құлыным? – деген қария сөзіне жауабы да әзір.

– Америкалық азамат Томасқа сенемін, ол маған алғашында қол ұшын береді, – деді. – Келісіміміз бар...

– Жалғыз ұл едің, біз ше? – деді әке қыртыс маңдайын қайта-қайта қозғап. – Бізді ойламағаның ба, балам?

– Түсінсеңізші, бұл елде қалып қойсам, көптің соңынан салпақтап күн кешем. Ал, Еуропаға қадам басудың тап бұлай оңтайлы сәті түсе бермес, – деп баласы да қасарысты.

Сол сәтте әлде қулық ойлады, әлде тосыннан есіне түсірді ме:

– Балам, – деген әкесі. – Балам-ау, ең болмағанда бір басыңды екеу етіп аттанбадың ба? Әлгі бір қызы құрғыр... Балзия ма еді...

Жігіт жүрегі сол сәтте шым-м ете түскен. “Әкем ол туралы қайдан біледі? Кім айтып жүр екен Балзия жайын...” деп іштей күйзеле ойланған.

– Арамызда ештеңе де жоқ! – деді жылдамдата сөйлеп. – Ол қыз маған өзі келіп сүйкенді, ал мен...

– Қайдам білейін! Әкесі жақсы адам еді. Тегі бар жер-р...

– Қойыңызшы енді! – деп Аспан бұл әңгімеге күрмеу салуға асықты. Ары қарай сөз өрбіткісі келмегені. Бірақ, ішкі әлемінде оталып кеткен оттай ыстық сезімнен басы айналып, көпке дейін ажырай алмаған.

“Балзия! Сен маған қалай десең де, еш өкпе арта алмайсың! Бәрін бүлдірген өзің. Менің алыс жолға талап жасағанымды біле тұра, қолдау орнына тосқауыл қоюға талпындың. Ендеше, мен емес, ыстық сезімді суытқан сенсің-ң...”

...Әкесі ауылда қарапайым ғана ғұмыр кешкен, елге аты белгілі етікші еді. Бар өмірін етік тігуге арнаған-ды. Әттең, жалғыз ұлдың расында да бизнестің биік шыңына көтеріліп, атағы кең жайылған кезін көре алмады. Ұлы Америкаға аттанып кеткен соң, бір кер ауыз, кесір мінез қатынның қызыл етігін жамап отырып, бір жағына қисая беріпті де, кемпірі жай тапқан бақи дүниеге аттанып кетіпті деседі.

Әлгі қатын шайпау, тілінің тікені бар неме еді, қызыл етікті жамап үлгермей, алыс жолға аттанып кеткен бейбақ шалды жоқтау орнына:

– Е, сығыр, ең ақыры, өтініп айтқан бір шаруамды аяғына жеткізбеді-ау, өлетін кезді тапқан екен, қақпас-с... – депті. Оның бұл сөзін бүкіл ауыл көпке дейін аузынан тастамай, қайта-қайта айтып, сықылықтап күліп жүрді...

...Міне, Аспанның жас тағдыры осылай сабақтасып, салалы жүйесін тауып, жалғасып бара жатқан сияқты еді. Жалғаса берген тұста ауыр жағдайға тап келді.

Ол жастай жалғыз қалып, жетімдік дәмін татуға мәжбүр болды.


* * *

Әрине, алғашқы кездері тарау-тарау тар жол, тайғақ кешу қиыншылықтармен құшақтасты. Жұмыс қай жағына тартып байқаса да, жапсарласпады. Қайда қараса да – сүріну! Қайда бұрылса да – тайып жығылу! Кей күндері осы кәсіпкерлікті қоя салсам ба деп сарыуайым сарайына түнеп шығатын. Сарыуайым сарайы – тым суық! Сызды. Бетіңе жылу үрлемейді.

Алайда, оны жігерлендіріп-қанаттандырған – тағы да Томас. Сарыуайым сарайынан сүйреп алып шығушы да – сол...

– Бизнес жолы қашанда су астындағы тас секілді жылпылдақ, – дейді. – Қайта-қайта жалп еткізіп, қайта-қайта құлатары бар. Сосын да кім шыдамды, кім табанды – сол ғана шын жеңімпаз кәсіпкер биігіне көтерілмек.

Томастың сөзінен соң алған бетінен қайту ұят боларын да бағамдаған. Кірісті екен, ендеше шегіне жетпей тоқтамау ішкі сертке айналып бара жатқан. Бұл – принцип! Томас үйреткен принцип!

Бір жығылып, бір тұрып жүріп, ақыр соңында іс оңға баса бастағанын да сезініп, бүйрегі бүлкілдеген. Рас, жеңуге мүмкіндік бар сияқты ма! Тек табандылық қажет пе? Ал, ондай мықтылық – әр адамның өз ішінде жасырынып жататыны да рас па екен? Ішкі рух деген осы ма? Кім-кімнің де жансарайындағы тығулы көмбесі...

Сөйте-сөйте бір баспалдақтан екіншісіне әупірімдеп аяқ артып, сәтті болса әрбіреуіне қуанып, биіктей берген...

Әрине, алғашқы қиындықтарды қарақан басымен ғана алысып жүріп жеңе алмас еді, оған бұл жолы да даңғыл соқпағын көрсеткен – Томас. Бір күні Аспанға шашы бұйра-бұйра, өзі ширақ, қара нәсілді жас жігітті әкеліп таныстырған.

– Бұл Ронни, – деді Томас. – Тегі Америкалық. Жас бизнесмен. Монша-тазалық бизнесімен айналысады. Қасына серік іздеген жайы бар екен, мен сені ұсындым.

Аспан аң-таң. Америкада өсіп-жетілген жігіт бұны таза ниет-көңілмен қабылдай қояр ма! Қазақы ауылда өскен бозбаланың ісіне көңілі толар ма екен? 

Жоқ, күдігі бекер-ақ болыпты. Ронни салғаннан бұны өзі иіріп-ақ әкеткен. Ашық та еркін! Күлкісі қандай тамаша!

– Маған Томас ағайдың бір ауыз сөзі зың! – деді ол. – Енді екеуміз қоян-қолтық жұмыс жүргізуді бастаймыз. Қарсымын деп қасарыспа! Әйтпесе, таяқ жейсің... (жұдырықпен көрсеткен)

– Солай деп шешсең, мен әзір. Босқа таяқ жеп қайтейін...

...Обалы не керек, Ронни расында да іскер екен, не нәрсенің де көзін таба біледі және қашан ойдағы шаруа дөңгеленіп кеткенше тыным көрмейді. Аспанға оның осы мінезі әсіресе қатты ұнаған. Қасында көп жүрген күндерде біраз нәрсені ойға түйіп, бизнестің қылдай нәзік ішкі құпияларын да осында байқап-бағамдаған.

Әттең, екеуінің бірге жүре бергені жақсы-ақ еді, біраз уақыт өте келе Ронни ішкілікке құмартты: күніне екі бөтелке виски ішпесе, басы ауырып, бүліне ашуланатынды шығарды; тіпті бұған Аспанды да үйретіп алмаққа икемдеп жүрді...

Айтатын сылтауы белгілі: кешкі мезетте ауыр ойды бойыңнан сілкіп тастау қажет; олай етпесең, салмақ үстіне салмақ қоса бересің...

Ең қиыны – өзінің иелігіндегі моншаның біріне кіріп алып, таң атқанша шықпай қояды. Қыз-қырқындармен көңіл көтергенді әдетке айналдырып алған-ды.

Міне, осы тұста Аспан ес жинады.

Оңашада жатып алып, ұзақ ойланып, алдағы күндерде не істеуі керектігін ой әлемінде өрнектеген.

...Атадан алтау тусаң да, бір басыңа жалғыздық!..


* * *

Елге өз аяғымен һәм жақсы ниетпен келген Америкалық бизнесмен Аспанға, қалай дегенде де, бақ баспалдағын ұсыныпты. Көп қиындықтарды жеңуге жігерлендіруші де болды, ақыл да қосты, қаржылай да қолғабыс етті. Содан да көп сүрінген жоқ. Бизнестің өз адамына айналып шыға келіп, өзі де, ісі де суретшінің бояуындай тез-тез құлпырып, жайнап сала берген. Бір жолы... Томас қатты ауырып қалды. Аспанды асығыс іздеп, қайта-қайта шақырту жіберіпті. Оны-мұны шаруалармен басы қатып, біраздан бері хабарласуға уақыты жетпей жатқан-ды.

Барды. Төсекке таңылған кешегі іскер азаматты енді тану мүлде қиын. Әбден жүдеп, өңі кетіп, оң терісі бозарып қалыпты. Жақ суалған. Жанары шүңірейген...

– Келдің бе? – деді әлсіз үнмен. – Үлгердің-ау, әйтеуір?..

Сөз астарын түсіне алмай, әрі-сәрі күйде қалып, қайталап сұрады.

– Неге осынша алаңдаулысыз, Томас мырза?

– Өзіңе айтарым да, аманатым да бар еді, соған үлгере алмай қаламын ба деп...

– Құлағым сізде! Айтыңыз көңілдегі сөзді...

– Онда тыңда, – деді Томас. – Мен бизнесте жолы болғанмен, отбасында өте бақытсыз жан екенімді өзің де сезіп-білген шығарсың. Бір емес, екі рет үйленгенмін. Әуелгісі бала таппады, тіпті баланы керек етпеді де. Сосын... тұз-дәм жараспады. Екіншісі одан да сұмдық. Өзі... не әйел емес, не еркек емес. Ондайлар осы күні тіпті көбейіп кетті ғой. Қысқасы, еш түсіне алмадым да, оған да қош дедім. Үшінші рет отбасын құруға өзім де құлықсыз едім. Сондай әрі-сәрі күндерде ойламаған жерден маған Қазақстанда біраз жыл тұрып, еңбек еткен бір бизнесмен ұшырасты. Ол айтты: “егер бала асырап аламын десеңіз, онда қазақ еліне барыңыз, олардың қаны таза, жаны таза, жүрегі таза...” Міне, сондай сапар үстінде сені жолықтырдым. Ханмұратымды таптым...

Сәл тоқтап, жөтеліп алған. Аспан оған қостау ниетін білдіре:

– Бұл тарих жайынан маған бірнеше рет кеңінен толғағансыз. Мен білемін ғой, – деді. – Негізгі ойыңызды айта беріңіз...

– Сені... қатты асыға іздеп жатқаным, – деді Томас. – Менің ендігі болашағым – мына Ханмұрат. Қазақ баласы. Өз бауырыма басқан соңғы үмітім...

– Әрине! Ханмұрат – сіздің ұл!

– Ортақ ұл дейік. Қаны – қазақ, тәрбиесі – менікі.

– Сөзіңізде жалғандық жоқ.

– Сол баланы енді өзгеге емес, мына саған аманат етпекке бекіндім. Басқа ешкімге сенбеймін. Қалған өмірде еш қиындық та, қиянат та көрмегенін қалар едім. Өтінерім, де тілегім де – сол...

Содан соң аз-кем үндемей жатты да, былай деді:

– Әттең, арманым көп-ақ еді, төтеннен кимелеп келген кесел орта жолдан үзіп кеткелі жатыр-ау бәрін де... Қайтейін-н...

Аспан дереу сөзін іліп ала қойып:

– Мұншама неліктен тіршіліктен күдер үзіп жатсыз? Әлі-ақ емделіп, аяққа тұрмайсыз ба? Ең мықты, білгір дәрігерлерді шақыртайық. Қаржысын мен-ақ...

Томас айтты:

– Мәселе қаржыда ма? Бұл кесел – сабақты кесел. Досың тұрмақ, жауыңның басына бермегенін қалар едім...

– Сонда бұл кесел-л... – Сөз аяғын жұтқан.

– Солай, Аспан! Менің сырқатым – емдеуге көнбейтін сырқат...

– Түкке түсінбедім.

– Кейінірек түсіне жатарсың. Қазір ол жайлы тереңдеп айтқым жоқ. Құлқым да қиюласпай тұр. Көңілдегі жалғыз арман – ана Ханмұрат жайы...

– Тіл ұшындағыны тежемеңіз...

– Ханмұрат балам арқылы... қазақты таныдым. Бұл елдің жайбасарлығын айтпаймын, жан тазалығына таң қалдым. Тегінде... жан-рухы мөлдір халық – аламан бәйгеде озатын халық-қ...

– Е, бізде кемшілік деген шаштан да көп шығар-ақ... – Аспан күрсіне сөйледі.

– Таңдауым теріс емес екен, дөп тапқан екем!.. – деді Томас. – Еш өкінішім жоқ. Тек... өмірден ерте көшіп бара жатырмын демесем...

Аспан кәсіпкердің қолынан ұстап тұрып:

– Қам жемеңіз, – деді. – Ханмұрат сізге ұл, маған іні емес пе! Қиналуды білмей өсеріне сеніңіз. Оған уәде етемін. Сеніңіз...

Осыны айтып жатқанда даусы аздап дірілдеп бара жатты, сөйтсе де байқатпауға тырысты. 

– Естігім келгені осы сөз еді ғой... – деді егде бизнесмен де соңғы рет қинала қырылдап.

Артынша Томас Трамс көз жұмды.

Ханмұрат, басқа амалы бар ма, Америкада тұрақтап қалды. Әуелгі кездері бар дүние-мүлкін жинап, елге оралғысы келген. Осы жайынан ағасымен ақылдасып-кеңескен.

Өзінің қандасы, қазақ баласы екені ақиқат бола тұра, ендігі жерде америкалық бизнесменді тез-ақ ұмытып, “қайдасың, қазақ елі” деп тартып кеткені ар-ұятқа иман бере алмасын таразылаған. Іштей қайтқанын қалап тұрса да, сыртымен басқаша сөз сипаттады. Ақыл деген алып алаңға оңаша алып шыққан.

– Томас әкей саған әкелік ыстық ықыласын да аямады, туған ұлындай көріп, бар жағдайыңды жасағанын өз көзіммен көрдім. Соның бәрін де ұмытып, көзжұмбайлық көңілге ыңғай берсең – онда былайғы америкалықтар сенде мүлде қасиет жоқ екен демесіне кім кепіл? Екінші жолы кездескенде өзіңнен сырт айналып, алыстап жүрмесіне кім кепіл?

– Жоқ, аға! Өзіңізбен тек ақылдасып жатырмын. Қайтсем де бұл жерді тастап, елге қайтуым керек дедім бе?

– Деген жоқсың, әрине.

– Ендеше, түсіндім. Мен бұдан былай Томас әкейдің жете алмаған арманын әрі қарай жалғаймын. Оның ізгі ойлары шатқаяқтап, орта жолда үзілмеуі тиіс...

– Осы шешімің сірә да дұрыс шығар...

– Ал, сонда нені дамытамыз, аға?

– Сөз жоқ, осы кафе-мейрамхана ісін әрі қарай жалғаймыз. Менің бұл бағытта өз құпия ойым бар. Ол жайлы кейінірек айтам...


* * *

“Менімен маймыл мінезге басып, сайқымазаққа салып, өзінше әзілдескісі келген екен мына Американдық лыппа кәсіпкерлерің!” деп Аспан іштей кіжініп қойған. “Джон Дэвис деді ме? Бұрын-соңды неге естімегем бұл есімді...”

Тағы да ойлады:

“...Ертең бара қаламын. Мені кезек күттірмей қабылдасын. Маған да, оған да дұрыс болады солай етсе! Ешкімге жалынып-жалбарынатын кәсіпкерің мен емес депті. Сонда қалай? Бұл – кісілік талабы ма, жоқ бұйрығы ма?..”

Сосын тағы да ойланған:

“...Ал, қабылдамай қойсам ше? Өзі туралы тым жоғары пікірде екен, ендеше аздап түссін сабасына! Ронниге тәуелді болып, жалтақ-жалтақ қарап жүретін бұрынғы Аспанмын ба қазірде? Бұл елде бір емес, ондаған, тіпті жүздеген үлкенді-кішілі мейрамханам жұмыс істеп жатыр. Оған келіп, арнайы тапсырыс беретіндерде есеп жоқ. Жо-жоқ, бүгінгі күні өзге емес, шешімді өзім ғана айта аламын. Білсін ол да осал жан еместігімді-і...”

Артына көз салса, ұзыннан-ұзақ шұбатылған жол. Ұзақ жол!

Талай-талай бұраңдап тартылған бозаң көш-уақыт өтіпті. Тау-тау биіктерге көтеріліп, ел аузына сөз-жалау іліпті. Бұның аты тек Шерқалада емес, тіпті Қазақстанда ғана емес, бүкіл әлемге жайылып кеткені де шындық.

Аспанның аты осы кезде аспандап-ақ тұр...

“...О, әлем, мені танисың ба?” деп шарықтап тұрған шағы екен...

Тек... Джон Дэвистің кешегі күні, көмекшісі арқылы сәлемдеме жолдап қойып, ірілене сөйлегені жанына батып кетіп еді.

...Бірақ, жолығу керек. Бетпе-бет отырып сөйлесу бірдің ғана емес, бар кілтипанның да кілті...


* * *

Кездесу күнін белгілеп қойса да, өзінше аса сақтық жасап, біраз жылдан бергі жанындағы ең сенімді қызметші-серігі Артур Хаземетті шақырып алып:

– Сен алдымен жолығып, сыр тартып байқа! – деген. – Өзінің түпкі ойы не? Іс-әрекетінде пәтуа бар ма, жоқ па – салмақтап көрерсің.

Артур өте елгезек, тапсырманы орындауда таптырмайтын жан, онымен ақылдаса әрекет етуі бір бүгін ғана емес. Аспан әлденеден секем алса, дереу бұны іздеп, түйткіл жайын ымдап, ымыра ниетпен тапсырып қоятын. Арғы жағы түсінікті.

– Ағасы, еш қам жемеңіз. Мен Джон Дэвистің бар құпиясын білмей тынбаймын. 

– Сөйт! Шынттап айналыс.

Содан кейін, Артур кабинеттен шығып кеткен соң, жайлы орындыққа шалқалап отырды да, әлденеге риза кейіппен, кеңкілдеп тұрып ұзақ күліп алған...

Даусы кішкене ыңғайсыздау шығып кетті ме, есік қайта ашылып, ішке Кэт... кіріп келгені. Жо-жоқ, Кэт елес екен ғой, бұл жаңадан келген хатшы-қыз. Өзі мүлде қызық, бет-аузын түгелімен бояп, қуыршақ сияқтанып жүреді. Осы қылығын қаншама рет түсінгісі келсе де, түсінбеді. Кэт... басқаша! Қылығы да, жүрісі де, тіпті үн қатуы да... Оны сосын да риза пейілін байқатып, хатшылықтан көтеріп, таяуда арнаулы бизнес-тобына қосқан. Одан да бөлегі – ол Аспанның көңіл сарайына жылы сезім құя білетін аса нәзік жаратылыс. Біраздан бері Кэт Аспанның жатын бөлмесіне емін-еркін кіріп-шыға беретін болып алып еді. Әрине, өзі рұқсат етіп қойған-тын...

Ойланып кеткен екен, хатшы қыздың: 

– Мені шақырдыңыз ба? – деген үні селк еткізді.

– Жоқ! Бара бер...

(Жалғасы бар)

author

Жолтай Жұмат-Әлмашұлы

ҒАЛЫМ

Шоу-бизнес

Атақты продюсер Баян Мақсатқызы сұхбат барысында өмірінде өткен қиын кезеңдерімен бөлісті, деп хабар...

Жаңалықтар

Бүгін ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен Қ. Қуанышбаев атындағы Қазақ Ұлттық музыкал...