Үкім (Әңгіме)

ӘДЕБИЕТ
4877

Ұялы телефон әндетіп қоя бергенде, ол еріксіз орнынан атып тұрды. Атып тұрғанда үстелдің шетінде тұрған ас пышағын қолымен қалай қағып жібергенін де байқамай қалды. Еденнен еңкейіп алуға ерініп, асыға басып, ас үйден шыға берді.

Асығып кететініне көрінді ме, асығып келе жатқанға көрінді ме, қолыңнан пышақ түссе, ер адам келеді деуші еді. Аяш, әрине мұны білген жоқ. Тек, дереу смартфонының жасыл тетігін бір сипап өтіп, жүре сөйлескен әкесіне аңтарылып қарады. 

Кеткен мен келгеннің де асыққанына көрінген екен. Сыртқы есік сарт етіп жабылғанын күткендей-ақ әлгі ергежейлі тоңазытқыштың тасасынан көлеңкесі сорайып шыға келген. 

Аяулым тағы да селк етті. Өзі қараның да көлеңкесі болатынын көріп тұрғаны осы. Ендігі көзі үйренетіндей уақыт болса да, ұсқынсыздың бет-жүзіне көзін тіктеп қарай алмай-ақ қойды. Оған батылы да жетпес еді. Тек жанарымен жер шұқып, мәңіріп отыра берді. 

Қара адам сопаң етіп, сорайып шыға келгенмен, терезеден мол төгілген күннің шапағынан сескеніп, іле кері шегінді. Сөйтті де созалаң етіп, өз көлеңкесін көлегейлеп сол жерге отыра кетті. 

Аяулым ергежейлінің күндегідей қасына жетіп келмегеніне қуанды. Бірақ бұл бір сәттік жұбаныш еді. Ендігі сәтте қара адам суық жанарымен арбап, орнынан тырп еткізбей, жадылап тастаған. Тесіле қарап, күн сайын құлағына сыбырлап айтатын сөзін үн-түнсіз миына құйып отыр. 

– Көрдің бе, әкең сені керек те қылмайды! Ол үшін бәрінен жұмысы маңызды. Өзінен үлкен бастықтары ақырып берсе, жолында тұрған анаңды да, сені де жапырып өте шығады.

– Жо-жоқ, менің әкем жақсы адам. Ол мені де, кішкентай інімді де жақсы көреді! – деді Аяулым жыламсырап.

– Ал анаңды ше?! Анаңды дәл сендердей жақсы көретініне сенімдісің бе?! 

Аяулым тосылып қалды. Әлгі қара адамның айтқаны – анау жолы әкесімен қатты ұрысқан кезде анасының айтқан сөзі секілді. Сонда Берік бұларды Астанаға тастап, Ж. дейтін қалаға кетіп қалған еді... Содан көпке дейін оралмады. Тек 6 айдан кейін бір-ақ келген. Бұл жолы бәрін өзімен бірге ала кетті.

 – Сен әкең көп адамға жамандық жасап жүр. Қаншасын еш себепсіз жұмыстан қуды. Үлкен бастықтарының көңілін табамын деп жүріп, даладағы аңды қуды, көктегі құсты қырды, ал қалада өзіне қарсы шыққанды жұмыстан қуды. Соның бәрінде үнемі біреудің қолымен от көсетіп отырды. Бірақ сен ондайдың қандай екенін қайдан түсініпсің?! Сенің әкеңнің кінәнің бәрін басқаға аудара салатын айлакерлігін ешкім білмейді!

– Жо-жоқ, олай емес, менің әкем жақсы адам. Ол күн сайын інім екеумізді ойнатады. Маған, маған...

– Олай болса, өткенде осы үйге ызадан жарылардай болып келген таныс ағаң неге әкеңнің жағасынан алды?!

Аяулым тағы тосылды. Ол таныс ағасын бұл үйдегілер осы қалаға көшіп келген кезден бастап білетін. Әкесінің айтуымен күнара үйге дүкеннен оны-мұны әкеліп тұратын. Келген сайын Аяулымды басынан сипап, інісін еркелетіп кететін. 

Сол ағасы әнеукүні құрқол келген. Есікті де әдеттегідей қоңыраулатпай, тарс-трас ұрып, үйге дүрс-дүрс басып енген. Жүзі өрт сөндіргендей болып тұр екен. Әкесі үйде болатын. Келе жағасына жармасып: – Шиттей бала-шағам аш қалды, – деді. Оңбассың сен! – деген зілдене! – Сені кие ұрады әлі! – деген тағы да. Сонда ғой әлгі қара адамның айтқанын қайталап шыққаны. 

Ерсайынды әкесі: – Сонда сол кие мына сенбісің? – деп бірден жасқап тастаған...

Ергежейлі мұның әр қимылын қалт жібермей әлі бағып отыр. Анасы інісін балабақшаға әкеткен. Қазір ол келгенде, мынау қара адам жым-жылас жоғалады. Сол үшін, бұдан біржола құтылу керек. Қазір мына пышақты алып...

Берік бүкіл тамыр-танысын салса да, аяғы тайып жығылып, өткір пышақ күре тамырын осып өткен 12 жасар қызын аман алып қала алмады. Хабар жеткенде алып-ұшып жедел жәрдемнен бұрын үйіне келді. Ас үйде қансырап жатқан Аяшын көріп... Таңертең телефон шыр етіп, орнынан атып тұра бергенде қолымен қағып жіберген пышақтың түскен сәт көз алдына көлбеңдеп келе берді... «Тайып жығылды» деп күбір етті...

Көптің көзінше қайғыдан қан жұтқандай көрінген. Ал іштей шенді-шекпенділердің бірі қалмай келіп, сыйлас жолдас-жоралары тегіс басу айтып, қасынан табылғанын мақтаныш санаған-ды Берік. «Қызметің бар кезде, абыройың да аспанда ғой» деді іштей қазадағы қарбаластың өзін, қасында шапқылап жүргендердің қарасының көптігінің өзін мәртебе санап. 

Беріктің үй-іші у-шу болып жатқанда келмей қалған жалғыз адам –орынбасары Келімбет қана еді... 

         Келімбет бұл зауалдың екі үйге қалай қатар келгенін түсіне алмай дал. 

Сол күні неге екенін ол кабинетінде байыз тауып отыра алмаған. Цехтарды аралауға шыққаны да ешнәрсеге құлқы болмағанынан. Кісінің бар ынты-шынтысымен тер төгіп, еңбек етіп жатқанын көрудің өзі – жандүниеңді төңкеріп түсіретін алапат сезім ғой. Бұны Келімбет өзінше түсінетін. Цехқа барған сайын өзінің маңдайы тершіп, бетін ыстық жалын қарып, жұмыс істемей-ақ кабинет жағалап жүріп, осы кәсіпорынның бір бөлімшесінің басшысы болып шыға келгеніне іштей масаттанатын. Ол осы жерге келгенде ғана жүрегін май ішкендей кілкітіп, дегбірін қашырып тұратын белгісіз мазаң күйден арылатын... 

Дәл сондай сәттің рахатына енді елітіп, жанындағы елпең қаққан цех бастығының қошеметіне мерейі өсіп, маңдайының қыртысы енді-енді жазыла бастаған. Ұялы телефонын алып-ұшып, жанына жетіп келген көмекшісінің өрт сөндіргендей түрін көріп, бірден бойын жиып ала қойды. Әйелі екен. Жылап-еңіреп айтқанынан ұққаны – өткір пышақ 5 жасар кенжесінің білек тамырын осып түсіпті. Қалғанын естіп жатуға мұршасы да болған жоқ. Бірден қалалық балалар ауруханасына қарай құстай ұшты. 

Кім айтқаны есінде жоқ, қорапты ашамын деп пышақты тартып кеп жібергенде қолы тайып кетіпті. Адамға кезенсе, пышақ ұзарып кетеді деген сөз сірә, рас болғаны-ау.

 Неше күннен бері Келімбет жасанды жолмен тыныстандыратын аппараттың мониторынан көз алмай, ұлының жүрек соғысын бақылап отыр. Экрандағы жыбырлаған иір сызық тура өзінің жүріп өткен иір-қиыр жолы секілді. Артта қалдырған ізінің түзу болмағанын іші сезеді. Бірақ, сол жолға қайта үңілер сәт әлі тумайтын шығар деп сенетін. Бұлай тез келер деп ойласашы...

Монитордағы жыбырлаған із Келімбетті жетелеп екінші қабаттағы өз кабинетіне әкелді.

Кең кабинеттің қақ төріндегі қара креслода бүкшиіп отырған өзін көрген сәтте Келімбет шалқасынан түсе жаздады. Алдындағы шіренген отырған «Иманды болғыр» Ерсайынға ұқсайтын секілді. Бұл қайдан жүр мұнда... Ол... ол...

– Иә, мен өліп қалғам, - деді Ерсайын бұның ойын оқып қойғандай зілдене. Тек, айтарын бұған емес, төрдегі Келімбетке қарап айтты. – Аруақтардан қорқасың ба, тіліңді жұтып қойдың ба, неге тесірейесің? Сенен жауап алу үшін қайтып келдім!

Төрдегі Келімбет тілге енді келді.

– Менен жауап алатын сен емессің! 

Ә, дегеннен бетін қайтарып тастамақ болып еді, даусы біртүрлі құмығып шықты.

– Әрине, менің өлімім үшін есеп бермейтінің түсінікті. Бірақ, соған итермелеген сен, сенің анау ішіндегісін сыртқа алдырмайтын, біреудің қолымен от көсейтін арам бастығың.  

– Сенің мойныңа қыл арқанды салған мен емес. Өз өміріңді өзің қидың, саған қысастық жасаған жоқпын, - деді Келімбет. Жаңағыдан гөрі өз-өзіне келе бастаған секілді, сөзін шашау шығармады.

– Иә, мені өлтірген сен емессің. Оны шынын айтсам, өзім де жасаған жоқпын. Мені кие ұрды. Жалғыз құлжаның киесі атты. Мен-мен соңғы сәтте қыл арқанды мойнымнан шешіп те алғанмын... Үстелді қоңыр құлжа сүзіп жіберді...

... Тау бөктеріндегі біреу келіп, әдейі иіріп тастап кеткендей көрінетін алақандай ауылда кәрі құлжа аяқастынан пайда болған. Осы қырды қыстау үшін үйірінен бөлініп қалған секілді. Ай аралатып, сонау көз ұшындағы биік қырға шығып, қасқиып қарап тұратын. Тұрысының өзі паң. Өркениет дейтіннен алыс қалған, игілік атаулының бәрі тасбақаша жыбырлап жете алмай жатқан ауыл жұртының тіршілігін бағып тұрғандай-ақ күнұзаққа бір селт етсеші.

Иірімдегілер қоңыр құлжаның осы тауға үйір болғанын жақсылыққа жорыған. Жорымай қайтсін, ауданда әр басшы ауысқан сайын үйіп-төгіп уәде ететін құт-берекені бұл ауылға осы құлжа әкелсе... Әкелгенде, тақтайдай тегіс асфальт жол салып, алысты жақындатып, төске өргізген түлігінің төліне дейін субсидия төлеп берген жоқ. Бірақ әйтеуір жалғыз арқар осылай ауғалы Иірімге Құдайдың құты түскендей... Қойлары жыл сайын егіз туды. Көктем жауын-шашынды болып шөп шүйгін шықты. Егіннің де түсімі мол болды. Біріне-бірі болысып жүріп, мал-жанның қысқы азығын қамдасып, бірер жылда-ақ жұрт қоңданып қалған...

Иірімге үйір болған құлжа туралы аңызға бергісіз әңгімені Келімбетке алғаш айтқан Ерсайын еді. Ал ол жұрт киелі санайтын қоңыр арқардың қайдан, қалай ауып түскенін ойлап, бас қатырған да жоқ. Тек, қаладағылар тегіс ағылып барып жататын, кейін ашылса да, бірден бұрынғыларынан даңқы асып түскен дәмхананың төрінде, аста-төк дастарханның басында отырып, естігенін ертегідей қылып, бастығына, бастығының бастықтарына айтып берген. Бұл әңгімеге алдымен елп ете қалған кәсіпорын акциясының 40 пайыздық үлескері Қалымхан болды.

– «Арқа жайлы болса, арқар ауып несі бар» деген. Құлжа жалғыз емес. Сол таудың бір қиырында үйірі бар. Үйірін сырт көзден қорғау үшін саяқ жүрген шығар. Келесі демалыста сол Иірімге барып, аң қағып қайтайық. Жолды Ерсайын бастасын. 

– Иә, Қалекең дұрыс айтады. Сол тауда үйірлі арқар жүрсе, таңқалмаймын. Шықсақ шығайық аңға. Инвесторларымызды да апарайық. Кең далаға шығып, бір серпіліп қайтсын. Ойлары да сергіп, қол қоймай жүрген келісім-шартты жасауға шешім де қабылдап қалар, - деді бақай есебін алдымен ойлайтын Берік Қалымханды бірден қоштап.

Иірімге жол бастап барудан Ерсайын бірден бас тартты. Ол жалғыз құлжаны атудың өзі күнә деп ат-тонын ала қашқан. Жол бастауға шолақ Есенгелді өзі сұранды. Кәсіпорынның бір цехын басқарып жүріп, қолын жарақаттап алғалы мекеменің кәсіподақ ұйымына төраға болып сайланған Есенгелді басшылардың көңілін жықпауға тырысатын. Сонысынан талай жолы болған. Сондай сәттілік тағы туғанда несіне тартынып қалсын. Тау бөктеріне иіріп тастап кеткен алақандай ауылды адаспай тауып бара алатынына бәрін сендіргені де содан. 

Суытылған тұлпардай жол талғамайтын 5 джип тау-тасты қанша кезсе де үйірлі арқарды таппай жер сипаған. Екпіндеп барып, ентігіп енді қайтқалы жатқанда сонау қырда кәрі құлжа қылаң берген. Аң қағып, көңіл көтереміз деп әкелген инвесторлардың алдында иіні түсіп қалған Берік винтовканы тәпелтек Әукеңнің қолына ұстата салған. Онысы оқ шығындамай, бір көздегеннен жалғызды жалқы атып, сұлатып түсірді...

Ертесіне кәрі құлжамен бірге ауылдан да кие кетті деп ұлардай шулаған жұрттың екпінін Әукеңнің өзі басты. Әукеңнің көрген-баққанына, оқыған-тоқығанына сенсе, жалғыз жүрген арқарда ешқандай кие болмайды екен...

... Келімбет Ерсайынның, жо-жоқ Ерсайынның елесінің айтқанына сенген жоқ. Кәрі құлжаның қандай киесі бар дейсің?! Жо-жоқ мүмкін емес. Бұл әшейін көппен бірге еріп барғаны болмаса, арқарды атқан өзі емес қой. 

Жо-жоқ, бұл зобалаң шопыр Ерсайынның қарғысы шығар. Беріктің айтуымен өзін жазықсыз жұмыстан шығарған соң, жаманатын Келімбетке жамап кеткен ғой...

Келімбеттің құлағы шыңылдады. Қос қолымен құлағын бітеп алса да, шыңылдап қояр емес. Кенет... Жо-жоқ шыңылдаған құлағы емес екен. Монитордағы тынымсыз қозғалып тұрған жол үзіліп қалыпты. Кешегі өзі жүріп өткен жолы көз алдында жоғалып барады...

...Ертеде жын мен желге әмірін жүргізетіндей ерекше қасиет дарыған Сүлеймен пайғамбар Адам ата ұрпағын ұшпаққа жеткізу үшін Жаратқаннан жындарды кісендеп тастауға рұқсат сұрапты. Тәңірі екі рет Сүлейменнің тілегін қабыл алмапты. Рұқсатын үшінші жолы әзер берген екен.

Ертеңінде таңалагеуімде көшеге шыққан Сүлеймен мына көрініске қарап таң-тамаша қалыпты. Базар қаңырап бос қалған, қайтсем табысты артық табамын деп асығып жүрген ешкім жоқ. Уәзірлерінен бастап, бүкіл жұрты мешітке жиылып, дұға етуге кірісіпті. Бұл жайт бір емес, бірнеше рет қайталанған соң, пайғамбар мұның сырын Жаратқаннан сұрапты. 

– Ей, Сүлеймен, келісімімді бермегенімнің сыры осы. Араларыңда жын-шайтан жүрмесе, өмірлеріңдегі бәсеке-бақастық, күнәға итермелеуші нәпсіге қызығушылық сап тиылады, - дейді.

...Иірімдегі тіршілік бүгінде бәз-баяғы қалпын қайта тапқан. Қоңыр құлжа келгелі бірін-бірі демеп жүруді үйренген жұрт қайтадан бақас тірлікке көшкен. Берекетсіздікке еті өлген ел берекелі өмірін де тез ұмытты.

                                                                                                                                                                                                       Ардақ Үсейінова

Шоу-бизнес

Атақты продюсер Баян Мақсатқызы сұхбат барысында өмірінде өткен қиын кезеңдерімен бөлісті, деп хабар...

Жаңалықтар

Бүгін ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен Қ. Қуанышбаев атындағы Қазақ Ұлттық музыкал...