Ұларбек Дәлейұлы. Бәйжеге қытай келген жыл

ӘДЕБИЕТ
6781

Ұларбек Дәлейұлы, ақын-жазушы

Мен оқуға түсетін жылы Серілік тауы баурайындағы Бәйже басын жалғыз үй жайладық. Көктемнің көкжылым мұнары тұнған сай-саладан көкарша мен тобылғы иісі мұрын жаратын. Бозжусаны бұрқыраған «Көбеш батыр моласы» дөңіндегі жұртымыз ескіріп кетті. Көшер алдында: «Ескі жұрт маңы тұяқкесті болып, көген құрар жер алыстап кетті. Биыл жұрт жаңалаймыз» деген әжемнің уәжі бойынша Бәйженің тіремесіне қондық.Атамның көші-қон ісімен ежелден шаруасы жоқ, жылдағы әдеті бойынша жирен атын ерттеп мініп, кезінде осы тауларда бірге соғысқан, көзі тірі шалдарды іздеп кетті. Әкемнің екі ағасысу орғантерең жарқабақ бойын күрекпен қашап жол салды да, арбалы көшті аман өткізді. Тұма көзі ежелгі батырлар киген дулығадан аумай, бұрқылдап қайнап тұрған бұлақ суы босағамызды жанай ағып жатады. Сырт көзге тіршілік сарыны оңашада осылай бірсарынды көрінгенімен, мен үшін қайнаған базар, таусылмас қызық-тұғын.

Өзге үйлер де алыс-алыс қонған. Ойнайтын бала аз. Күндізгі ермегім – ұзақ өріске бара алмайтын кенже туған бұзаулар мен лақтарымды қосып, бірге  жаю. Оған қоса апамның (әжемді солай атаймын) туырлық басуға жиған жүн сабайтын ұшқат сабауларынан жуанырақ біреуін ұрлап алып, садақ иемін. Жебе қорым да дайын, апамның қазан бетін жабатын, ойдың шиінен үш қатар өріп жасалған шыптасы. Сүт пен май сіңіп, әбден кепкен, діңі ірі бірнешеуін әр жерден таңдап суырып аламын да, басына жапырып ұштаған шегені жіңішке сымтемірмен орап, сабына қырғи соғып өлтірген кептерлердің қауырсынын қадаймын. 

Түске дейін ерте көктемде арықтап өлген ешкі-лақтың қатқан тулағын тас үстіне тігінен қойып, атып ойнаймын. Бұлақ басындағы көк жасаңға жайылуға келген тараққұйрықтарды нысанаға аламын. Баспалап жатамын да, адам иісінен секем алып, тік тұрған тараққұйрықтарды дәлдеймін. Шірей тартқан адырнадан зулаған жебе кейде тура қасына, сазды шымға қадалады. Кейде нысанаға дәл тиеді. Арқасынан, бүйірден қадалған ши оқты сүйрей қашқан дала тышқандары ініне жеткенімен, қадалған жебе тіреп қалып, ін ауызында шып-пыр болады. Қызық үшін атқаныммен жаным ашып, қадалған оқты суырып алып, тірі жібере саламын. 

Сәскеге қарай аңғар іші қазандай қайнайды. Тастан-тасқа секіріп, беталды шашыраған лақтарымды жинап, үйшікке қамаймын да, іргесі түрулі киіз үйде, бір деммен соққан самалға арқамды беріп, апамның тізесіне басымды қойып, ұйқы соғамын. Апамның кеудесінен аңқыған мейірімі мен қалапмыриісі қандай ғажап еді, шіркін!..

Жаздың алғашқы айлары осылай өтті де, шілде туа жаңбыр басталды. Жауын басылған әредікте төмен жақтағы биік шоқыға шығып, батыс тарапты бақылаймын. Бұл шоқыдан Тұрғынның біраз алқабы, көрші қыстақтар, бұршақ атызындағы қыбырлаған адамдар, бәрі көрініп тұрады. Әр тарапқа кететін айқыш-ұйқыш арба жолдарда бірен-саран атты адамдар өтіп жатады. Арасында иінағашқа дәу сары сумкаларын қос-қостан ілген саудагер кезбе қытайлар да қаптап кетеді. Оларды сыртынан ғана байқағаным болмаса, тура жанынан түс тоқтатып көрген емеспін. Атты адам көрсе зәресі ұшатын олардың екі-үштен шуап, алыс жайлауларға дейін аралап, киім-кешек, айна-тарақ сатып, жаяу сауда істейтінін Шәден атам айтып берген.

Сол жаңбырлы шілденің бір күні, аспан толас таба қалған бір сәтте үлкендердің бәрі қыстаққа түсіп кетті. Түс ауа жаңбыр қайта құйды. Күн күркіреп, аспан әмірі от қамшысын олай да бұлай да сілтеді. Апам екеуміз қу арша мен тезекті араластыра жағып, түндікті көтеріп қойып, шай ішіп отырғанбыз. Есік баяу ашылып, иінағаштарына ауыр сөмке ілген екі қытай кіріп келді. Киімдері малмандай су. Босағаға жүктерін қойып, кібіртіктей тұрып қалды. Бірі ілмиген арық, екіншісінің бойы тым аласа, менен сәл ғана биіктеу. Түрлерін қорқыныш басқан, көздерін өлім алдында тұрғандай үрей жеңген. Дәрігер әкеме еріп, таудан тау асып, талай ауырған адамдардың қасында болған, талай адам өлімін көрген мен үшін бұл көздер таңсық емес еді. Өздері дір-дір етеді, қолдарымен аспанды нұсқап, қытайшалап әлденелерді айтады. Ауыздарын, ішін көрсетеді. Бұрындары апам: «Қытайлар қазақтан, зираттан, күркіреген күннен, түйе мен аттан өлердей қорқады» деген сөздерін талай естігенмін.

Олардың найзағайлы жаңбырдан пана тілеп, тамақ сұрап келгенін түсіндік.

Апам: 

– Әдірақалғырлар, төрімде күтетін құдам емессіңдер. Жауын басылғанша осында отыра тұрыңдар, – деді де, ошақ басында жатқан тулақты босаға жаққа төседі. Ыдыстарының ішінен таңдап, кетік екі кесені алып, ыс басқан қара шәугімнен шай құйып, таба наннан екеуіне екі үзіп ұстатты. Кебежеден ірімшік-құрт алып, алдарына қойды.

Алғыстарын емеурінмен білдірген екеуінің жүзіне жылу кірді. Аласа бойлысы ыржиып күлгенде айқаса өскен орсақ тістері кейпін кетіріп-ақ тұр. Аз-кем уақыттан кейін жан шақырып, бойлары жылынып, өз тілдерінде әлденелерді айтып, сыбырлай сөйлесіп отыр.

Сыртта ауық-ауық күн күркіреп, «шарт» еткен дауыс шықса, екеуі бастарын бұға қалады. Мен сықылықтай күлемін.

– Апа деймін, қытай дегенің де біз сияқты тамақ ішетін, кәдімгі адамдар екен ғой. Ауданнан Шегіртайға дейін жаяу жеткенше өліп те қалатын шығарКөтерген ауыр жүктері тағы бар. Жауын басылғанша біздің қыстақтағы үйге жата тұрса болмай ма?

– Тәйт әрі! Бұларды адам баласы демесең, мұсылман емес. Біздің көп өміріміз осылар салған соғыстың лаңымен өтті. Бұларды атаң көрсе ұстамасы ұстап, шекесі тырысып қалады. Біздің жер бұлардан тазарып-ақ қалып еді. Соңғы жылдары қайта қаптап кетті. Түбі тыныш болса екен...

Туырлықтың тамшы өткен әр тұсын алабақанмен көтеріп жүріп, зеріге бастадым да, екеуінің сөмкесін ашып көрмек болдым. Ойыншық мылтықтар мен тәтті кәмпит шықса, қоймай сұрап алмақпын. Жүктеріне жақындаған мені үнсіз бақылап, үрпиіп екеуі отыр. Сары қаптың ауызын ашып, ішін ақтара бергенімде апам ұрсып, тыйып тастады.

Аспан әмірінің қаһары қайтып, найзағай тоқтады. Селдетіп өтіп, ашуы тарқаған күн жарықтық жалғыз үй отырған аңғарға алтын сәулесін шашты. Жарыса тысқа шықтық. Шығыс беткейге, Талдысай жаққа түскен кемпірқосақ нұры ертегі әлеміндей көз тартады.

Кетуге ыңғайланған екі қытай жүктерін иықтарына іліп, қолдарын жұптап, ыржыңдап, бастары изең-изең етті. Алғыс жаудырып тұрған түрлерінде де бір жымысқылық жатқанын бала болсам да, сезіп тұрмын. Шақырусыз келген қонақтарды көзбен ұзатып салдық. Тыртиған бойларына қарамай, ауыр сөмкелері бұлғақтаған екеуінің аяқ алысы өте жеңіл. Қияқсайды құлдап, Молда жұртынан ары асып, көзден ғайып болғанша қарап тұрдық.

Үйге кіргенде апам тосын қылық көрсетті. Оттың басына шақырып, жапырақтай құрым киізді өртеді де, басымнан аяғыма дейін, соңыра екі қолымды аластай бастады.

Ұшық, ұшық, кет,

Кет пәлекет, кет!

Жеті белден жылай кет,

Қырық белден құлай кет!

Алты белден ары кет,

Асқар таудан былай кет!

От иесі Тәңірім,

Жарығымды сақта!

Су иесі Сүлеймен,

Құлынымды сақта!...

Алас, алас!

Дұғасын оқып, бетін сипады. Түтіні бықсыған құрым киіз қалдығын күлге көмді. Қытайлар отырған тулақ пен шай ішкен екі кесені шымшуырмен алып, тышқан тескен ескі кендір қапқа салды да, қолыма ұстатып:

– Бір қолыңа күрек ал. Былтыр қасқыр шауып, қырылған қойлардың өлексесін тастаған жыра бар ғой, соған апар да терең қазып, көміп таста! – деп қысқа қайырды.

* * *

Бірде атама еріп қыстаққа барғанымда, осы іс жайлы өзіммен тете өскен екінші ағама айтып бердім. Екеуіміз бұл жазды «Бәйжеге қытай келген жыл» деп атап кеттік.

Арада тағы үш жыл өтті. Велосипедке қоржын-қосқалаңын артып, фото суретке түсіретін, аяқ киім жамайтын, балмұздақ сататын қытайлар қаптай бастады. Солардың ішінде қашыр жеккен арбасына өз ауласына еккен көкөністің түр-түрін тиеп алған арық қара қытай жігіт біздің қыстаққа жиі келетін болды. Ауыл адамдарының бәрі сай-салаға, Сөрті, Бәйже, Саз, Шөке жайлауларына қотарыла көшіп кеткен. Қыстақта егін-шөп қамымен, қора-қопсы жамаумен айналысып, кілең салт жігіттер мен қорада малы, көшуге күйі жоқ бірді-екілі жарлы үйлер һәм шілде басында жазғы каникулға тарайтын бастауш мектеп оқушылары қалған.

Ол шақ елді жоқшылық, жерді қуаңшылық жайлаған сүреңсіз жылдар еді. Малдың бәрі тауда, қорада қалған. Қыстақта қалған әйелдер бес-он тауығының жұмыртқасын жинап жүретін де, оны шарбақ көтеріп, есек жетелеген, қашыр жеккен қытайлардың көкөнісіне айырбастап, талғажау жасайтын. Қыстағымыздағы жалғыз ұйғыр әкелген есекке көзіміз үйрене бастағанымен, қашыр деген жануарды да бірінші рет көруіміз.

Қазақтың арасында өсіп, әжептәуір тіл сындырған әлгі қытай Тұрғын бойындағы барлық қыстақтарға осылай сауда жасап, қоңданып байып алған. Біртіндеп оның аты Яң Баужүн екенін білдік. Тілі келмеген қазақтар оны «Яң қытай» атап кетті. Жалпы, Тұрғын көлемінде Яң, Таң фамилиялы қытайлар көптеп қоныстана бастаған кез де сол жылдар. Жергілікті қазақтардың да көзі әбден үйренген. «Қытайларөзен бойын, жол жиегін, базарлардағы ұрымтал жерлерді ақырындап иелігіне өткізіп жатыр» деген қауесет ел ішіне кең тарап еді.

 Біздің қыстақта ақыл-есі толық емес, бір көзі қыли, үнемі ауызынан сілекейі ағып жүретін Рабиға дейтін жесір әйел болатын. Күйеуі ертеректе отын тасып жүріп, кілтең айналмада аударылған шананың астында қалып қайтыс болған. Яң қытай сол әйелге қырындап, жаман сөздер айтқанын қыстақ әйелдерінің құлағы шалып қалады. Оны естіген ауыл жігіттері де тісін қайрап жүретінін білетінбіз. Шілде айы жақындағанда тауға кетуге аңсарымыз ауып, оқудың да берекесі қашатын. Бір күні көрші ауылдан келіп оқытатын мұғаліміміз келмей қалды да, түс ауа мектеп терезесінен секіріп, бақша дуалынан асып, сабақтан қашып кеттік.

Екі жағын зәулім теректер қоршаған көшені бойлап келе жатқанбыз. Қыстақтағы жалғыз дүкеннің алдында топтасқан адамдарды көріп, қасына келсек, қашыр жеккен арба аударылып жатыр. Айнала шашылған көкөніс, жарылған жұмыртқалар. Екі доңғалағы көктен келген арбаның оқтығынан шыға алмай тыпырлаған қашыр дымы құрып үнсіз жатыр. Дүлей ыза буып, көздері шатынаған Данай мен Салтанат әлгі қытайды шаңға аунатып, кезек-кезек тепкілейді. Қолы қарымды дударбас Салтанат әлгі қытайды екі иығынан ұстап тік көтергенде қолтығы айырылған ақ жейдесі түріліп, арқасы ашылып қала береді. Жалаңаш арқаға былш-былш тиген жұдырықтан көзі ақиып кеткен байқұс Яң қытай: «Меніңде жазық жоқ. Меніңкі сәй (көкөніс дегені) сатып келеді. Мені ұрмайды, кешіреді» деп шыр-шыр етеді. 

Жүзі жан қорқардай сұрланған Данай:

– Иесі жоқ, қорада жатқан есуас қатын екен деп жүрсің бе?! Енді осы қыстақтан көзім шалса, басыңды шалғымен шабамын!, – деп ақырды.

– Енді келсең тоғанға тұншықтырып өлтіремін! Болмаса шөлге апарып тірідей көмемін!, – деп айқайлады Салтанат.

Ауылдың біразы құлақтанып үлгерген.Айқай-шудың үстіне Мәрзия апай келіп:

– Мұнда енді келмейді, Көкітерекке қайта келмейді, – деп езуі жыртылып, ауызын қызыл қан жапқан қытайды арашалап алды да, – бұл да жан иесі, қытай болса да анадан туды. Өлтіріп қойсаңдар босқа сотталып кетесіңдер, дегені есімде қалыпты. 

Ертесі сабақтан түскі үзіліске тарағанамызда Тұрғынның орталығында сақшы болып жұмыс істейтін Толқын деген жігіттің Салтанатты ертіп бара жатқанын көріп қалдық. 

– Апарып қамайтын болды, – деді момын Азатбек досым.

– Ауданға әкетеді. Он бес күнге диялаашады, – деді бұзақылықта алдына жан салмайтын көсеміміз Тасқын деген бала.

– Ештеңе істемейді. Сақшы мекемесіне апарып сұраққа тартады да, пал салып қоя беретін шығар, – деді ұзынтұра Ерболат досым.

Ұзынтұра Ерболат досымның айтқаны келді. Екі күннен кейін Салтанат пен Данай қайтып келіпті. Сабақтан тарағанда атыз басында бидай суарып жүрген екеуін көрдік. 

Көшені өрлей дүкен алдындағы көпірде жиналып, темекі тартып, қысыр кеңес соғып тұрған үлкендердің қасына келдік. Әңгіме сол Яң қытай төңірегінде екен. Көктерек қыстағында болған мұндай елеулі оқиғалар жұрт ауызында айға жуық жүретін.

Мінезі ожар, батыршалыс Қайса деген кісі: 

– Көресіңдер әлі! Бұл қытайлар аман болса төбелеріңе талай әңгіртаяқ ойнатады. Бүгін үндемегенімен, сақшылар да ертең-ақ осылардың сөзін сөйлейтін болады, – деп кіжінді.

Бұл күндері шалғайда, шекараның арғы бетінде қалған аяулы Көктерегім, ондағы қымбатты ауылдастарым жайлы үнемі үрейлі түс көремін. Бірде, Бәйже басындағы ескі жұртымызға келген екі қытай Көбеш батырдың зиратын қазып жатады. Бірде, ауызынан сілекейі тоқтамайтын есі кембағал Рабиғаны Яң қытай шаңға аунатып, тепкілеп жатқанын көремін. Көйлегі дал-дұл жыртылған. Ашық қалған омырауынан аққан сүт менің кіндік қаным тамған киелі топыраққа сіңіп бара жатады...

Қай жерден тамақ табылса, сол жерді «отаным» деп санайтын олар қазір Бәйжедегі көне жұртымызға да қоржа соғып, егін егіп алған шығар. «Елубай құдығына» апарар арба жолдың сұлбасы жоғалып, бақбақ гүлі мен жалбыз қаптап өскен шығар. Біз асып кеткен батыс тауға түйдектеле бұлт үйріліген болар.

Шілде туа тұтас Тұрғын алабын, сай-саланы жуындырып, нөсер басталады, әлі...

Ұларбек Дәлейұлы, ақын-жазушы

author

Ұларбек Дәлейұлы

АУДАРМАШЫ

Шоу-бизнес

Атақты продюсер Баян Мақсатқызы сұхбат барысында өмірінде өткен қиын кезеңдерімен бөлісті, деп хабар...

Жаңалықтар

Бүгін ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен Қ. Қуанышбаев атындағы Қазақ Ұлттық музыкал...