""Ұлы дала" бәйгесіне жыр тарту

ӘДЕБИЕТ
4047

"Ұлы дала" бәйгесінен «ұшып» кеткен «Қыран мен Қазақ» поэмасынан сіздерге аздаған үзінді сыйлайын" депті ақын Ұларбек Нұрғалымұлы жүлдегелерге

II бөлім

Кешкіл бас, бұлан санды, бұжыр тұяқ,
Қара тіл, қылыш қанат, алма қияқ.
Емшекті екі езуі, күйсіз қыран,
Емес ол жадағай көз, жарғақ аяқ.

Аузы үлкен, жұтқыншақ кең, төсі шалқақ,
Төгілген балақ жүні, бұты талтақ.
Қайыңның тошынындай қос топшысы,
Жыланкөз, биік қабақ, төбе – жалпақ.

Шып-ширақ, шымыр тұлға күйкіленбей,
Қағылез, қараған көз сүйсінердей.
Тұғырға отырғанда екі шалғы,
Айқасар бір-бірімен бір сүйемдей.

Сығымның түбі – шымыр, ұшы – сида,
Тастары түйме сынды күміс құйма.
Сарғайған жездей емес жембасары,
Сексеуіл бұтағындай көкшіл бұйра.

Тұмсықтың шұғыл имек, тар иіні,
Шегедей шеңгелінде қан ұйыды.
Құлтабан, тегеуріні қысқа, жуан,
Кәдімгі қарт Алтайдың ақ иығы.

Түскенде қырбақ қардың ұшқындары,
Қылпылдап келіп тұрар құстың бабы.
Шығады салбурынға саятшылар,
Сарылтқан әрең атып қыстың таңы.

Басына бозқараған құрып сәнді,
Шыңылтыр аяз келіп шырышталды.
Шашады ат тұяғы жалтылдатып,
Шағылған күн көзіне күміс қарды.

Қағушы, із кесуші көп атты адам,
Сөлкектеп үш-төртеу жүр салақтаған.
Саусылдап тау қолтығын тінтіп келед,
Көтеріп өңшең қыран жалақтаған.

Жеткізбей түлкібұлаң алдап әлек,
Шиырға шатысады із қар көбелеп.
Ширатып қыран бойын, аңшы ойын,
Суық жел сумаңдайды тау жебелеп.

Қандыкөз аяқбауын жұлқып жейді,
Тамағы іш жарғыштың бүлкілдейді.
Түлкінің таңда жортқан ізі жеткен,
Жүрегі бір жотаның дүрсілдейді.

Жотаның таяғанда етегіне,
Айналып із кесуші өтеді де.
Арыға өтіп шыққан іздің жоғын, 
Білдірді ат үстінен көтеріле.

Ендеше, Құдайының бергені де,
Жотаға қос бүркітші өрледі де,
Қағушы қамшысымен тоқым қақты,
Төбеге енді жете бергенінде.

Шыққандай қар астынан қан атылып,
Қып-қызыл қашты түлкі аласұрып.
Үстінде аппақ қардың өрттей лаулап,
Барады кең жазықты сара тіліп.

Кенеттен тамырына қан жүгіріп,
Далалық басталды бір лаңды бүлік.
Шерінен шегетұяқ бір шықсын деп,
Айғай сап томағасын алды жұлып.

Жазбайды-ау, жарықтығың қалыбынан,
Иә, сәт!
Салалы аяқ салымынан.
Созылған сом білекті солқ еткізіп,
Аспанға көтерілді кәрі қыран.

Көк те айғай, «айт, ұйттаған» жер де айғай:
-Ілініп бұдырмаққа кетті-ау, пай-пай!
-Қашпай ма, былай тұрсаң түлкі былай.
-Осыны бекер ерттік, қырсығын-ай!.
-Мал ма екен, қайыратын түлкі саған?
-Мынаның беттен алып қырсығуы-ай!

Айығып ақшаңқан боз ала тұман,
Айырылып құс келеді тағатынан.
Қыжылы қыран ғой бұл қыр астынан,
Гүрілдеп дауыс жетер қанатынан.

Аспаса сасқан түлкі белесінен,
Болғаны оңай олжа ол осымен.
Шүйіліп шырқау көктен бүркіт төмен, 
Құйылды сорғалап кеп төбесінен.

Екпіні тұлымырдың жанын жайқып,
Ілер деп тұрған сәтте енді қайтып.
Түлкіден қайырыла тік шапшыған,
Жалтарып қайқаң етіп шықты тайқып.

«Апыр-ау, келмеген бе бір күй бабы»,
Дегенше қайта айналып ылдилады. 
Қомдап ап қос топшыны шоқпардай боп,
Тұйғынша тік шаншылып құлдилады.

Қарт түгіл бұл шаншылу балаға әйгі,
Ашуы аң ұстамай тарамайды.
Алдында түлкі түгіл қасқыр тұрсын,
Шапши ма, арсылдай ма, қарамайды!

Секілді мына аспанға жалғыз ие,
Қыранға исін басын паң дүние.
Ой, дүние-ай, ойран бар ма одан өткен,
Келгенде жез еңіреу зар күйіне!

Бұл күйге мүмкін емес жан шыдауы,
Қалатын қаншеңгелде қарпығаны.
Талайын таңнан іліп тік көтеріп,
Қапталға барып басқан қарсыдағы.

Тағы бір сондай шақтың туғаны анық,
Дүние-ай, бір-ақ сәтің – жүз қаралық.
Түлкіден қаймығу жоқ қарсы ұмтылған,
Тұмсықтан тұмшалады тура барып.

Ұлпадай бұрқ еткізіп қарды құшқан,
Тегеурін шырқыратып жанды қысқан.
Жұмарлап, бүре сығып, бүктеп басып 
Салды әкеп бір аяқты өкпе тұстан.

Жан-жақтан шапты аңшылар аптығысып,
Тегеурін темірдейін жатты қысып.
Лып етіп түсті атынан қарт құсбегі,
Сыпырылып қала берді қасқыр ішік.

«Кәрім-ай, тарланым-ай, баршыным-ай,
Шарықтап, самғауың-ай, қалқуың-ай.
Көңілімді қалдырмаған жан жолдасым,
Қанатты құс біткеннен артығым-ай».

Құс отыр құмарына әлі қанбай,
Марқайып мақтау бар деп тағы қандай.
Жем жұлып, иығына иесінің,
Тұмсығын сүртіп алды жанығандай.

Жүргендей күлкі жүзіп күллі аңғарда,
Ырситып түлкі сойып тұрған жанға.
Жамылып ақ көрпесін керілгенде,
Алтайдан сұлу не бар бұл жалғанда?!.

Ғұмыр-ау бір ғанибет бұл да сірə,
Жетеді осы қызық бір басына. 
Олжаны қарт құсбегі 
кемпірі өлген,
Байлады жетпістегі құрдасына.

Бұйырса ақиығы алар деген,
Бір емін жарым көңіл табар деген.
Сол шығар ебін тапса, ер қайғысы
Қыранның қияғында қалар деген.

Бір сәтте-ақ түгелденген төңірегі,
Бұл сірə неткен ғажап өмір еді!?.
Түлкі емес сыйлағаны құрдасының,
Жер-көктен табылмайтын көңіл емі.

Құсты ұстап аспандағы тілін тауып,
Ілдіріп жердегі аңды ізін шалып.
Сонарда тымақ сыйлап бір-біріне,
Өтетін көңіл жалғап неткен халық!

author

Ұларбек Нұрғалымұлы

ЖАЗУШЫ

Шоу-бизнес

Атақты продюсер Баян Мақсатқызы сұхбат барысында өмірінде өткен қиын кезеңдерімен бөлісті, деп хабар...

Жаңалықтар

Бүгін ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен Қ. Қуанышбаев атындағы Қазақ Ұлттық музыкал...