ӘңгімеЖұмыстан шаршап келген Алтай кешкі асқа да қарамай төсекке қисая кетті. Бүгін зауытта тексеріс...
ҰҚСАСТЫҚ ПЕН ҮНДЕСТІК
Бұрын да айтылатын, қазір де айтылып жүр: көркем әдебиеттегі сюжеттің ұқсас болып келуі нені білдіреді? Біз осыған қарап, кез-келген көркем туындының деңгей-дәрежесін анықтап-айқындай аламыз ба? Талантты-талантсыз деп бағалауға бола ма?
Жә, бүгінгі әңгіменің аяқ астынан туындауына бір жағдай еріксіз себеп болды. Күні кеше теледидардан « Генералы песчаных карьеров» деген ескі фильмді тамашаладым. Біздің жас күнімізде шыққан кино, қызыға қарап, қайта-қайта талқылаған кионотуынды бұл. Қайталап еске түсірдім. Жас күнімді емес, жақсы фильмнің туу тарихын. Бұл – бразилиялық қаламгер Жорж Амадудың 1937 жылы небәрі 25 жасында жазған романы. (Алғашқы аты – «Капитаны песка»). Шығарманың бағының жануына, сөйтіп әлемдік деңгейде таныла түсуіне Америкалық кинорежиссер Хилл Бартлет үлес қосты, ол осы туынды негізінде 1971 жылы көркем фильм түсірді де, жазушының атын жалпақ жұртқа жайды. Біздің Кеңес Одағында кино 1974 жылы көрсетіле бастады. Оқиғасы қарапайым: Бразилияның Байе деген шағын қалашығындағы құм арасында 15 жасар Педро деген бала үйсіз-күйсіз жүзге тақау балаларды жинап, өздерінше топ құрып алған, бар мақсаттары күнкөріс, кейде ұрлық, кейде қайыр сұрау...Кейінірек олардың тобына 13 жасар жетім қыз – Дора қосылады, ол бұл топқа анасындай қызмет көрсетеді, ал Педро үшін...өте жақын адам. Ең соңында бәрі де есейіп, біразы аурудан өліп, оның ішінде Дора да бар, әрқайсысы өзінше жол таңдайды, Педро халықшылдар арасына кіріп, революциялық істерге араласады... Киноны көріп отырып, менің есіме тағы бір осыған ұқсас туынды орала кеткені.
Ол – орыс қаламгері Аркадий Гайдардың 35 жасында жазған «Тимур и его команда» повесі. Жазылуы – 1940 жыл. Мәскеудің түбіндегі бір шағын деревняда Тимур Гараев деген баланың құрған тобы туралы баян. Олардың да саны біршама, мақсаттары – көше кезіп, ұрлық-қарлық жасайтын алаяқ Миша Квакиннің тобына қарсы жұмыс істеу. Яғни, қиянатқа қарсы тұрып, ізгілікке ұмтылу. Екі топ, екеуінің армандары мен ойлағандары екі түрлі. Гараев пен Квакиншілер...Бұл шығарма да өз кезінде бүкіл Кеңес Одағына танымал кинотуындыға айналған-ды. Сол 1940 жылдың аяғына қарай -ақ Кеңес экрандарында қызу көрсетіліп жатты. Гайдардың өзі 1941 жылы қайтыс болса да, осы екі аралықта туындының жалғасын - « Комендант снежной крепости» және «Клятва Тимура» деген повестерін де аяқтап үлгерді, сөйтіп трилогия жасады.
Тағы да ойланып отырып, өзіміз баяғыда-а қағазға түсірген бір көркем дүниені – шағын әңгімені еске алдық. Тұңғыш кітабымыз – «Біздің команда» 1979 жылы «Жалын» баспасы арқылы ( осыдан бір жыл бұрын Оңғарсынова апайымыз «Қазақстан пионері» газетіне бір бет етіп жариялап та үлгерген) жарыққа шығып еді – пышақтың қырындай-ақ жұқа жинақ. Бір повесть, төрт-бес әңгіме. Бәрі де балаларға арналған. Ол кезде мына пақырыңыз да небәрі 22 жаста екен. «Біздің команда» - алыс ауылда тұратын төрт –бес баланың өзара серттесіп алып, түн ішінде жағдайы жоқ кісілердің үлгере алмай жатқан жұмыстарын жасырын бітіріп беру, қиын көрінген шаруаларды оңайлату, мүгедектерге қолғабыс көрсету... секілді ізгі істермен айналысатыны жайындағы көркем туынды болатын. Олардың басты ұстанған принципі – өздерінің кім екендігін білдірмеу, істеген істеріне дандайсымау, міндетсіп-мақтанбау, нені аяқтаса да, бәрін құпия ұстау-ды. Армандары – адам біткен қаталдықтан құтылып, тек мейіріммен, қайырыммен, өзара құрмет сезімімен ғұмыр кешсе деген ізгі ниет-ті.
Алайда, әңгіме соңына қарай үлкендердің өзін толғандырып, «біз неге тасжүрек болып барамыз» деп, көшелі ойға жетелеген жаны таза жас бүлдіршіндердің бұл «құпия» әрекет-шаруалары кішкентай себеппен бәрібір жалпақ жұртқа жария болады...
Бұны біз жазып едік, алайда сол кезде лап етіп, әдеби ортада жап-жақсы аталса да, жалыны тез «сөнді». Кино тіліне айналған жоқ. Тіпті осы кезде сондай әлемдік классикаға үндес (мүмкін еліктеу де бар шығар) әңгімені бір жап-жас қазақ қаламгерінің де жаза алғанын кейінгі әдебиетшілердің білуге ұмтылмауы да, оны айтасыз, бұған сенбеуі де ықтимал – өкініш ол емес! Әңгіме басқада! Ойланарлық ой мынада: мұндағы оқиға-сюжеттер қалайша өте ұқсас? Гайдар Амадудан «көшірді» ме? Болмаса, мына пақырыңыз не Амадудан, не Гайдардан сюжет «ұрлады» ма? Қайсысы? Болмаса, біз мүлде қателесеміз бе? Мәселе сюжетте емес, кімнің қандай көркемдік деңгейде талантты туынды туғыза алғанында ма? Кім айтар? Кімнің сөзі төрелік бола алады мұндайда?.. Бізді мазалап кеткен сыңар ой сол еді...
Жолтай Әлмашұлы