Когда уже очень далеко уйдешь по жизненному пути,то замечаешь, что попал не на ту дорогу.П. БуастОты...
Валентин КРАСНОГОРОВ. Мінсіз отбасы
Аударған: Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, жазушы-драматург, әдебиеттанушы, сыншы,
аудармашы, Абай атындағы ҚазҰПУФилология институтының докторанты, Әлібек БАЙБОЛ.
Аударма Қазақстан авторлары қоғамының қорғауында. Аудармашының рұқсатынсыз сахналауға болмайды!!!
Бір актілік 3 комедия кеші:
1. Әуес әйел.
2. Әлжуаз күйеу.
3. Дуэт.
1. Әуес әйел
Қатысушылар:
Күйеуі.
Әйелі.
Досы.
Әйелі үйде жалғыз өзі қалғып-мүлгіп диванда отырады. Телефон шырылдайды. Ол оянып, орнынан тұрып, асықпай аяңдап жеткенше, оның үні өшеді. Әйелі айна алдына кеп, диванда отырғанда жамылған шәлісін тастап, ұйқыдан кейінгі ұйпа-тұйпа шашын, бет-жүзін ретке келтіреді. Өзді-өзіне риза кейіптегі келіншек сағатқа көз тастап, бөлмені жинастырады. Кезек орындық арқалығында ілулі тұрған еркектің пиджагына келеді. Қалтасынан конверт қылтиып тұрады. Әйелі конвертты ап, үстел үстіне қойып, пиджакты ілу мақсатында шкафтан киім ілгішті шығарады. Үстел жанынан өтіп бара жатып, қайта конвертке көзі түседі де, бірнеше парақтан құралған хатты ықылассыз суырады.
Әйелі (Қолына түскен парақты алып шығып, дауыстап оқи бастайды. Хатты сахна сыртынан микрофонмен бір әйел оқуы да ықтимал). «Екеумізге ортақ ойшылдарды қайта-қайта оқығанда таңғалумен болам. Миға сыймас дүние, Платон, Декарт, Гегель, Кьеркегорлар ортасында жүз, тіпті мыңдаған жыл жатыр. Алайда, замандастай арамызда жүріп, бізбен де, бір-бірімен де тілдесе алар дәрежеде. Мәселен, Гегель бүйдейді: «Махаббаттың мәні – ес-түстен айырыла отыра, өзгенің «меніне» айналу. Бұл – өзіңді-өзің жоғалту мен ұмытылудың ұлы жорығында тағы да өзіңді тауып, бағындыру деген сөз». Ал, Кьеркегор дәл осы ойды өздігінше өреді: «Менікі» деген сөзде қандай мағына бар? Маған емес, менің оған тән екендігімді айқындап тұр емес пе?! Сол «нәрсеге» иелік ету, менің оған қаншалықты тәуелді екендігінде ғой!».
Әйелі әлсіз ғана есінеп, парақты шетке ысырып, шашын түзеңкіреп, басқа хатты суырады.
«Гегель де, Кьеркегор да керемет қой. Оскар Уайльд орынды айтқан, «әлем тәпсірі – неміс пәлсапасында емес, махаббатта» деп. Тереза шешей де шешен ғой, шіркін: «Жаһанда аштықтан қырылған жан көп, бірақ махаббат зәрулігінен жер жастанғандар да жетерлік».
Әйелі хаттан көзін тайдырып, ойға батады. Ендігіде, оған философия жалықпас істей көрінді. Қайта оқиды.
«Мен де махаббатқа зәру ем. Сөйтіп, жүргенімде сен кезіктің. Дүниеге қайта келгендей күй кештім. Платонның: «Махаббат – мәңгілікке құштарлық» деген сөзін енді түсіндім. Өйткені, махаббат ештеңеден қорықпайды, өлімнен де. Бастысы – шынайылық. Бірақ, бәрі тегіс сүйе алмас. Ларошфуко айтпақшы, «махаббат – жалғыз, ал оның атын жамылғандар көп». Тауып айтқан ғой, иә?! Мөлдір махаббат – мәңгілік бірге болу деген сөз. Мен дайынмын! Шодерло де Лаклоның өзі де...».
Әйел – алаңдаулы, қағазды лақтырып жіберіп, жанталаса хаттың бастауын іздеп тауып, қайтадан оқи бастайды.
«Қолдарың мені құшқандай боп, ал ернің ернімді әлі де өбіп тұрғандай күйдемін, сүйіктім...» (Хаттан көзін алып). Оңбаған! (Хатты іштей құмарлана, ашкөздене оқиды. Келбет-кеспірінде таңдану, әуестік, жиреніш, ызаның табы бар).
Әйелі хатты оқып болған соң қолдарымен бетін көлегейлеп, еңкілдеп кеп жылайды. Сонан соң, орнынан атып тұрып, қайғыны, үмітсіздікті, ашуды ауыздықтай алмай, арыстанша бөлмені арлы-берлі кезеді. Есіктің қоңырауы шылдырлайды. Ол дір етіп, екіұдай күй кешіп, біраз дағдарады. Ақыры, еркекті ішке кіргізеді. Қойылым барысында оның отбасылық дос екені анықталады. Еркек әлгі әйелдің түтіккен түрін көріп абдырап қалады.
Досы. Не боп қалды? Тыныштық па?
Әйелі. Маған ба? Ештеңе!
Досы. Өңің өрт сөндіргендей ме, қалай өзі?! Боп-бозсың!
Әйелі (Айнаға қарайды). Солай көрінген ғой. Түріме түк болмаған. Бәрі орнында.
Досы. Көзің – қып-қызыл. Жылағанбысың?
Әйелі. Пияз турағам.
Досы. Жүзіңе қарасам жаралы жанға ұқсайсың.
Әйелі. Жараланғам жоқ, өлдім. Оқ тура жүрегіме тиді. Сұлатып түсірді. Біліп қойдым... (Ары қарай сөйлей алмай, құмығып, үнсіз қалады).
Досы. Нені?
Әйелі (Айтпаққа оқталып, ашуға булығады). Ананың ашынасы бар екен!
Досы. Оңбаған!
Әйелі. Мені түсініп тұрмысың?
Досы. Жексұрындар онсыз да аз емес еді.
Әйелі. Көп қой. Өте көп. Бірақ, мені жалғыз адам ғана алдай алады.
Досы. Ол кім?
Әйелі. Күйеуім, әрине!
Досы. Сұмпайы-сұмырай екенін білмеппін.
Әйелі. Мен де!
Досы. Не боп қалды, аяқастынан? Жөніңді айтшы, қане!
Әйелі. Мәселе мынада ғой... Жоқ, айта алмайды екем.
Досы. Ескі доспыз! Несін жасырасың?
Әйелі. Мақұл (Үстел үстіндегі бір топ хатты алып). Міне, оқы! (Хаттарды жерге лақтырады. Қағаздар тұтас бөлмеге шашылады).
Досы. Хатты оқуға көп уақыт кетеді. Тоқетерін айтшы!
Әйелі. Әлі де түсінбедің бе? Оның көңілдесі бар!
Досы (Суыққанды). Немене? Мүмкін емес!
Әйелі. Таңғалмаған секілдісің!
Досы. Мен ме? Таңғалып тұрмын, әрине. Күйеуі әйелінің көзіне шөп салып жүр. Масқара! О, тоба! «Естімеген елде – көп» деген!
Әйелі. Осындай оқиға басқа әйелдермен ғана болады деп ойлаппын.
Досы. Толық сенімдісің бе? Қате кеткен шығар, а?
Әйелі (Хатты ұсынады). Оқып шық!
Досы. Біреудің хатын оқымаймын. Сен де сөйт!
Әйелі. Енді, қандай ақыл-кеңес айтасың?
Досы. Ол естіді ме?
Әйелі. Жоқ. Қазір тауып алдым.
Досы. Қысқасы, бәрін жиып, конвертке сап, алған жеріңе қой-дағы, бұл туралы ұмыт.
Әйелі. Қалай ұмытам, қалай? Мен оған сеніп ем ғой... ол болса...
Досы. Нақты, кім?
Әйелі. Елдер жер-көкке сыйғызбай мақтады. Сондай ұқыпты, сондай сыпайы... Университетте дәріс оқиды... Анау-мынау емес, философиядан! Еңбекқор, отбасы тірегі деді... Құдайдың құтты күні жұмыстан кеш шығады... (Ашулы). Қандай жұмыс екенін енді білдім! Оңбаған!
Досы. Оңбаған деп айттың ғой, бағана!
Әйелі. Ал, үздіксіз «іс сапарлары» ше? Ол басқа қаладағы университетке лекция оқуға барыпты-мыс... Бұл қандай университет екені анықталды! Мұнымен қоймай, үнемі шаршап жүреді!
Досы. Адам болған соң шаршайды да!
Әйелі. Дұрыс! Еркектік қуаты әлсірегенін сезген ем... себебіне мән бермеппін. Еттен қыспадым... әйтеуір, жұмыстан тоқ боп оралатын. Ең қызығы, неғұрлым көп тамақтандырсам, соғұрлым жұмыста кешігіп, іс сапарға жиі шығатын. Неткен ақымақ едім! Сөйтсем, асыл тұқымды өгізді бордақылаппын!
Досы. Мықты бол! Ақырында, әр еркекте ашына болатынын ұмытпағын.
Әйелі. Өтірік. Бәрінде емес!
Досы. Егер еркектің көңілдесі болмаса, демек әйелі білмей қалған. Немесе білгісі келмеген. Және, бұл – дұрыс шешім.
Әйелі. Сұмдық! Сұмдық нәрсе!
Досы. Қателеспе. Еркек көңілдесті шаңырақ шайқалмас үшін ұстайды.
Әйелі. Жаңалық қой!
Досы. Керісінше, елге мәлім ескі шындық. Жүрекке жақын қабылдама. Өзіңді іштей жеме, сабыр ет.
Әйелі. Қалайша сабыр етпекпін?! Бөтен әйелдің құшағына құлаған күйеуімді елестетсем, тура өлтіруге дайынмын.
Досы. Бұл жағдайға сырттай қарауға тырыс. Ол – еркек. Ал, еркек жаратылысынан жаңалыққа жаны құмар. Биология заңы... бұны уағыз, ырым-тыйым, әдеп, ант секілді адами заңдармен өзгерте алмассың. Қасқырды шөпке, қойды бифштекске үйреткендей үйлесімсіз нәрсе.
Әйелі. Биологияның не қатысы бар? Бұл кәдімгі шошқа тірлік қой.
Досы. Мені түсінуге тырыс. Әйел таңдаулы еркекпен, ал еркек жаңа әйелмен көңіл қосқысы бар. Аңшылық пен ауру әсерінен қырылған сонау алғашқы қауымдық құрылыс кезінде-ақ ерде «күн сайын жаңа әйел» деген инстинкт қалыптасқан. Соның арқасында, жалғыз еркек кіндікті қалса да тайпа аман-сау шыққан. Бүкіл тауық – бір қоразға зәру.
Әйелі (Сұрланып). Мен о қоразды өлтірем.
Досы. Бұның ақымақтық, қатыгездік болады.
Әйелі. Мені алдау қатыгездік емес пе?
Досы. Бопты, өлтірдің делік, одан не өнеді? Ол бейбақ бейітке жерленеді, сен түрмеге қамаласың, ал қарсыласың рақаттанып өмір сүреді.
Әйелі. Оны да өлтірем.
Досы. Есті, ақылды бол, ардақтым. Өлтірудің керегі жоқ. Оданда кек ал!
Әйелі. Иә, сөйтейін. Алайда, алдыменен буындырам, сонан соң өлтірем... сонан соң... тағы да өлтірем.
Досы. Неге кек қанды, әрі қайырымсыз болу керек? Неге тәтті болмайды?
Әйелі. Кек қалайша тәтті болмақ?
Досы. Түсінбей тұрмысың?
Әйелі. Жоқ.
Досы. Түсінбейтін түгі жоқ: ол сенің көзіңе шөп салды, сен де оның көзіне шөп салғын.
Әйелі. Оп-оңай! Айтпаққа жеңіл. Бөтен еркекпен төсекте жатқаным туралы ойлаудың өзі жиркенішті.
Досы. Ондайды көрмеп пе ең?
Әйелі (Ұялыңқырап). Жоға!
Досы. Әуелі, байқағын, жиркеніш жөнінде сонан соң айтарсың.
Әйелі. Кіммен?
Досы. Аңдамай тұрмысың?
Әйелі. Сенімен емес пе, әйтеуір?
Досы. Неге болмасқа?
Әйелі. Қой, күлкімді келтірме.
Досы. Күлетін дәнеме жоқ.
Әйелі. Құдай-ай, неткен іш пыстырарлық, әрі мәнсіз іс. Мен саған шер-шеменімді айтып ақтарылып отырсам... Ал, сен болсаң, жұбатудың орнына жыныстық қатынас ұсынып отырсың.
Досы. Бұл – көңіл аулаудың көркем жолы.
Әйелі. Еркек деген ел өзге жолды білмейді ғой деймін.
Досы. Міне, он бес жыл болды, сені әлі күнге шейін сүйем. Сені ғана. Оны өзің де білесің.
Әйелі. Жақсы көресің, бірақ басқаларға барасың, иә?
Досы. Қымбаттым, сүю мен төсек – екі түрлі нәрсе.
Әйелі. Сол аралықта үш рет үйлендің.
Досы. Енді, не істеуім керек еді? Күйеуің бар, адалсың. Сүйікті тағамымды ешкім бермесе, он бес жыл бойы нәр сызбай, аш жүрейін бе?
Әйелі. Досы бола тұра, әйеліне осындай нәрсе айтасың. Ұялмайсың ба?
Досы. Ұялам.
Әйелі. Егер оны алдап кетсең, ертеңдері өкінесің.
Досы. Иә, өкінем. Бірақ, бұны істемесем, одан да қатты өкінетін болам.
Әйелі. Расында да, рақаттана кек алсам ба екен, а? Ол бөтен әйелді құшақтап тұрғанын ойласам бар ғой...
Досы. Қымбаттым, жалын атқан құшақтар қиялыңдағы нәрсе. Ашына алғашқы екі аптада ыстық, кейін әйеліңдей болады, қызығы кетеді. (Аңдамай сөйлегенін байқап). Яғни... ы-ы-ы...
Әйелі. Алаңдама, айтпағыңды аңғардым. Демек, күйеуім менен суынған екен ғой.
Досы. Ал, менде керісінше, саған деген қызығушылығым зор.
Әйелі. Бөтен әйелмін. Сендік болған соң, екі аптада қызығым кетер, тағы. Қазір ғана айттың емес пе?!
Досы. Іс жүзінде тексеру керек. Мүлде көзіне шөп салмадың ба? Қиыс жүрмедің?
Әйелі. Жоқ, өкінішке қарай. Одан жасырарым шамалы... бірақ, сыр ғып сақтайтын іс істесем жақсы еді...
Досы. Мүмкіндікті мүлт жіберме!
Әйелі. Доғар, әңгімені. Бұл туралы бұрыннан білдің ғой, шыныңды айт.
Досы. Ештеме естігем жоқ.
Әйелі. Өтірік.
Досы. Нан ұрсын!
Әйелі. Сатқың келмеді ме? Досың ғой.
Досы. Сенің де досыңмын.
Әйелі. Міне, сондықтан да ашып айтуға тиіссің.
Досы. Міне, сонықтан да үндемедім.
Әйелі. Демек, білдің. Білдің, бірақ айтпадың, солай ма?
Досы. Имандай шыным.
Әйелі. Жо-жоқ, сен білдің, білдің! Білмеуің мүмкін емес. Білдің, бірақ айтпадың. Еркектік ынтымақтастық де!
Досы. Білдім делік. Одан не өзгермек?
Әйелі. Маған деген көзқарасың белгілі болды. Күйеуімнің ғылым деп жүрген күйгелек бойжеткені барын айтсаң нетті.
Досы. Оның ғалым екенін, әрі бойжеткен екенін қайдан білдің? Қатардағы қатын ғой.
Әйелі. А-а-а, онымен таныс па ең?
Досы. Мен бе? Жоқ, әрине.
Әйелі. Менен гөрі, сол қыз қымбатты секілді, саған. Әйтпесе, әлгі тірі философия оқулығын қорғамас ең.
Досы. Оның философияға еш қатысы жоқ.
Әйелі. Солай ма екен? Күйеуіме қандай хаттар жазып жүргенін тыңдағың келе ме? (Жерден қолына түскен бір хатты көтереді де, оқи бастайды). «Бернар Грассе айтқандай, сүю дегеніміз – салыстыруды доғару».
Досы. Бернар Грассесі кім, тағы?
Әйелі. Білмеймін ғой. Өзінен сұрарсың. Ары қарай тыңда: «Махаббат ештеңе сұрамайды, қайта береді. Маған ауыр, әлбетте. Алайда, зарланып отырғам жоқ. Декарт: «Тағдырдан гөрі, өзіңді жең, әлемдік тәртіпті емес, өз тілегіңді өзгерт», – дейді.
Досы. Жақсы жазады екен, ә? Мұндай тісқаққан екенін білмеппін. Оны әркез жібі түзу әйел заты, білікті медбике, алайда ақылсыздау деп танығам.
Әйелі. Тоқта! «Әркез» дегеніңе қарай, бұрыннан білетін секілдісің?
Досы (Ыңғайсызданып). Жалпы... иә!
Әйелі. Онда неге ант-су іштің?
Досы. Не істеуім керек еді?
Әйелі. Ана желпілдеген жезөкше туралы айтып берші.
Досы. Жезөкше боп саған не істепті?
Әйелі. Әдепті әйел отбасылы еркекпен ойнас қылмас.
Досы. Енді кіммен? Өзінікімен бе?
Әйелі. Білмеймін. Ол қандай, өзі?
Досы. Не қыласың?
Әйелі. Жас па?
Досы. Жоқ... аса емес. Сенімен шамалас. Яғни... айтайын дегенім... Әрине, жас. Тура сен секілді.
Әйелі. Әдемі ме?
Досы. Әбден тергедің ғой, тура!
Әйелі. Әдемі екен.
Досы. Жалпы... жаман емес.
Әйелі. Кездесіп жүргеніне қанша болды?
Досы. Күйеуіңнен сұрашы.
Әйелі. Қай жеріне қызыққанын білгім келеді.
Досы. О, нәрсе әр әйелде бар.
Әйелі. Ұқтым.
Досы. Жаныға берме. Татьяна мейірімді, жүзі жылы, бірақ үйге үйір, шаруақор жан. Ашынадан гөрі, аяулы жарға ұқсайды. Байыңа сорпа, кеспе, котлет әзірлеп береді.
Әйелі. Үйге келсе болды, әйтеуір, тамақ ішпейді. Тәбетім шаппай тұр дейді. Неге екенін енді түсіндім. Сен сол котлеттерді тойына жеп, мақтай отыра, хабарсызбын дейсің.
Досы. Жедің не, жемедің не, қандай айырма бар? Анығы, біраз жыл қатар...
Әйелі. «Біраз жыл» дейді?
Досы (Абыржып қалады). Жақында ғана... жанқұмарлықтары өшті дегем ғой.
Әйелі. Жақында ғана? Ал, оған дейін ше?
Досы (Тығырыққа тіреліп). Менен... сыр суырма! Ештеңе білмеймін.
Әйелі. Сөйтіп, Татьянаның котлеттері дәмді ме екен? (Өз сөзіне өз таңырқайды) Тоқта, сен Татьяна дедің бе?
Досы. Иә, не боп қалды?
Әйелі. Оның аты Ирина емес пе еді?
Досы. Жоға да, Татьяна деп тұрмын ғой!
Әйелі (Асыға-үсіге хаттарды ақтарып, қол қойылған қағазды табады). Міне, қара! «Сүйем, сүйем, тағы да сүйем! Сенің Иринаң!».
Досы (Қолтаңбаға таңғала қарап). Расында да, Ирина екен! Мен бірден айттым ғой, Татьяна бұндай хаттарды жаза алмайды.
Әйелі. Сонда, мынау кімдікі?
Досы. Білмеймін. Негізі, бұл хаттан гөрі, философия бойынша курстық жұмысқа келіңкірейді. Мұны ынталы, талапты студент қыз әзірлеген. Ал, сен қайдағы жоқты айтып...
Әйелі. Студент қыз? Албырт, өзі оттай ыстық студентка-ау, сірә. Және, есі екеу боп, оған еліре ғашық ұқсайды. Не жазғанын оқышы, өзің!
Досы (Хатты тартып алуға тырысады) Жетер!
Әйелі. Жоқ, тыңдашы. (Хатты оқиды). «Платон хакімнің пайымдауынша, қаһарман жүздің, ал дана мыңның ішінен туады екен. Алайда, мінсіз адамды жүз мыңның арасынан да таппауың мүмкін». Бақытыма қарай маған сондай адам бұйырды, ол – сен. Тек кезіктіріп қана қоймай, өмірлік серік болу жазыпты». (Хатты қалшылдай сілкілеп). «Өмірлік серік» дейді!
Досы. Әне, көрдің бе, бұл басқа біреуге жазылған хат.
Әйелі. Неге «басқа біреуге»?
Досы. Күйеуіңді жүз мыңнан іріктеліп шыққан мінсіз деп ойлайсың ба?
Әйелі. Мен емес... ол сөйтіп ойлайды екен.
Досы. Қателігің сонда шығар! Яғни... қысқасы уайымдама. Болжамым бойынша, ол студенттерге махаббат туралы философиялық хат жазсын деп тапсырма берген секілді.
Әйелі. Төсек араласқан пәлсапалық хат па? Мұнда адам ары шыдамас дүние жазылған!
Досы. Оқымай-ақ қойшы. Оданда қағаздарды бір жерге жасырып, сол күйі ұмытып кет. Нең бар! Қайдан алдың?
Әйелі. Пиджагының қалтасынан.
Досы. Алған жеріңе қайта салып қояйық! (Қағаздарды жинастырып жатқанда әйел оны тоқтатады).
Әйелі. Тиме!
Досы. Жаттамақсың ба?
Әйелі. Тағдырым күл-талқан болды. Ал, сен болсаң күліп тұрсың.
Досы. Мүлде күлкім кеп тұрған жоқ. Қайта, қызғанып отырмын... Яғни...
Әйелі. Демек, бір емес, екі ашына болғаны ма?
Досы. Мүмкін.
Әйелі. Масқара.
Досы. Қайта жақсы емес пе?! Екеуін де сүймейді деген сөз ғой.
Әйелі. Немесе, екеуіне де ессіз ғашық!
Досы. Бұл жағдайда махаббаттың жартысы ғана бұйырады. Жарым махаббат – жақсылық емес.
Әйелі. Маған не қалады, сонда?
Досы. Кек алу ғана!
Әйелі. Айналдырып әкеп кекке тіредің бе?
Досы. Ерік – өзіңде! Алайда, алаңдауға себеп жоқ. Ештеңе бүлінбеді.
Әйелі. «Бүлінбеді» дейді?
Досы. Солай. Бұған дейін бақытты ең ғой.
Әйелі. Жалпы, иә. Бақытсыз болдым деп айта алман.
Досы. Онда, бақытты боп жүре бер! Баяғыдай өмір сүр.
Күйеуі келеді. Екеуі үндемей қалады.
Күйеуі. Сәлем! (Әйелін сүйеді).
Әйелі. Сәлем. Бүгін ерекше ерте келдің ғой?
Күйеуі. Бір минутқа ғана соққам, затты алып, киімімді ауыстырам. (Сағатқа қарайды). Кешкі лекциям бар.
Әйелі. «Кешкі лекция»! Түсінікті. Қашан ораласың?
Күйеуі. Белгісіз. Нақты айта алмаймын.
Әйелі. Әдеттегідей ғой.
Күйеуі. Өкінішке қарай, иә! Жұмыстың аты – жұмыс.
Әйелі. Түсінем.
Досы. Онда, мен кеттім.
Күйеуі. Асығыссың ғой?
Досы. Көлігімді көшеге... заңсыз орынға қойып кеткем. Тұрақ іздейін. Тапқан бойда келем. (Шығып кетеді).
Күйеуі күртешесін шешіп, пиждагы ілулі тұрған орындыққа жақындап, қалтасын тексереді.
Әйелі. Не болды?
Күйеуі. А-а-а, ештеңе.
Әйелі. Бір затыңды жоғалттың ба?
Күйеуі. Жай, әншейін. (Қалтасын қайта-қайта ақтарады).
Әйелі. Мына хатты іздедің ғой? (Жерде жатқан қағаздарды нұсқайды).
Күйеуі (Ыңғайсызданып қалады). Бұл неткен хат?
Әйелі. Білмейсің бе?
Күйеуі. Жоқ.
Әйелі. Дауыстап оқып берейін!
Күйеуі. Қажет емес. (Қағаздарды жинастырғысы келеді, бірақ Әйелі қарсыласады). Оқып қойдың ба?
Әйелі. Шолып шықтым.
Күйеуі. Біреудің хатын оқу – әдепсіз қылық.
Әйелі. Мұндай хатты алу – одан асқан опасыздық.
Күйеуі. Елдерге бөгет бола алмаймын.
Әйелі. Әсіресе, әдемі, талғамды жазса дейсің ғой. Ал, айта ғой, қайдан жүрген оқымысты қыз?
Күйеуі. Білмеймін, әлі оқығам жоқ.
Әйелі. А-а-а! Солай де! Онда, бірге оқиық. (Қолына іліккен қағазды суырады).
Күйеуі. Керек емес. Бұл – менің студенткам. Жетекшілік етуіммен докторлық диссертация жазып жатыр.
Әйелі. Байқасам, оған көп дүние үйреткен ұқсайсың. Тақырыбы қандай?
Күйеуі. «Философия және архитектура».
Әйелі. Хатта архитектура туралы бір ауыз сөз жоқ. Бәлкім, «Философия және төсек» шығар, а?
Күйеуі. Алдыңда айыптымын, мені сөге көрме! Ойлашы, жап-жас, әрі сұлу студент қыз философияға, семинарға, кешкі кеңеске қатты қызығады екен. Қалай екенін өзің де білесің ғой.
Әйелі. Білмеймін. Ондай боп көрмепті.
Күйеуі. Бір сәттік ермек.
Әйелі. Бұндай болмапты, менде. Хатқа қарасам, «бір сәттік ермегің» жылдар бойы жалғасып келе жатқан секілді.
Күйеуі. Менде емес, онда жалғасып келеді.
Әйелі. Ең қызығы, хаттың үшінші бетінде, ол сені өмірлік серігім депті.
Күйеуі. Бұны философиялық тұрғыдан түсіну керек. Alter ego дейді.
Әйелі. Қайдағы альтер эго?
Күйеуі. «Екінші мен». Философиялық ұғым.
Әйелі. Философиялық! Түсінікті. Ал, «екінші менмен», яғни альтер эгомен жеке қалғанда не істейсіңдер? Философиямен шұғылданасыңдар ма? Әлде архитектурамен бе?
Күйеуі. Жөнсіз сұрақ қойма.
Әйелі. Мәнді сауалдың бәрі жөнсіз боп есептелетіні несі екен, осы?
Күйеуі. Сен қарабайырландырып, қатардағы физиологияға тірегің келеді. Біле-білсең, біз қызықты зерттеумен айналысудамыз. Он жетінші ғасыр – ұлы философтар ғасыры. Декарт, Лейбниц, Спиноза... Сондай-ақ, барокко дәуірінің гүлденген шағы. Сезімге, қарама-қайшылыққа, кірпияздыққа толы архитектуралық стильде философтардың ұстанымы айқын аңғарылады. Қызық қой, иә?
Әйелі (Немкетті). Өте қызық! Әсіресе, сезімге толы зерттеуді бейнежазбаға түсірсеңдер тіпті қатып кетер еді.
Күйеуі. Екеумізді ғылымға деген құштарлық қана байланыстырып тұр.
Әйелі. Мақұл, әзірге бұны доғара тұралық. Енді, тағы бір «өмірлік серігің» туралы айтып берші.
Күйеуі (Одан сайын ыңғайсызданады). Түсінсем бұйырмасын!
Әйелі. Бәленің бәрін түсініп тұрсың ғой. «Әлемнің жарығы» жалғыз Ирина ғана емес шығар, иә?
Күйеуі. Өмірімнің өзегі – өзің ғана!
Әйелі. О, жағы белгілі ғой. Тағы кім?
Күйеуі. Тағы кім? Басқа ешкім жоқ!
Әйелі. Есіңе түсіріп көрші!
Пауза. Күйеуі жауап таба алмай қиналуда.
Сонымен? Неге үнсізсің?
Күйеуі. Сен ше?
Әйелі. Жауабыңды күтіп тұрмын!
Күйеуі. Сөзіңді бөлгім келмеді.
Әйелі. Мен үнсіз отырғам жоқ, мен сұрақ қойдым.
Күйеуі. Көңілдесім бар деп ойласаң, онда оңбай қателескенің.
Әйелі. Ойламаймын, білем! Сөйтіп?
Күйеуі. Кейін сөйлесейік. (Сағатқа қарайды). Асығып тұрмын. (Пиджакты алып, тезірек тайып тұрмақшы).
Әйелі (Пиджакқа жармасады). Бірақ, мен асығып тұрғам жоқ.
Күйеуі. Ақыры, біледі екенсің. Сөйлесудің не керегі бар? Кімнен естідің?
Әйелі. Ізгі жандардан.
Күйеуі. Кімдер?
Әйелі. Маңызды емес. Осындайда, ойламаған жерден жақсы кісілер жолыға кетеді.
Күйеуі. Біле тұра сұрағаның қызық болды.
Әйелі. Шындықты өз аузыңнан естігім келеді. Оны қалай сүйесің?
Күйеуі. Мүлде сүймеймін.
Әйелі. Демек, адамың бар!
Күйеуі. Иә, бар.
Әйелі. «Мүлде сүймейтініңді» білем, әрине. Ол қандай? Сипаттап берші?
Күйеуі. Айтар несі бар? Кәдімгі әйел!
Әйелі. Еркек болмағанына шүкір. Сенімен не істейтінін сұрап жатқам жоқ, бұл онсыз да Айдан анық дүние. Махаббаттан қолы қалт еткенде, не қызмет етеді?
Күйеуі. Бизнес!
Әйелі. Нақты қай саласы?
Күйеуі. Екі дүкен ұстайды. Біріншісінде – әйелдерге арналған киім-кешек, екіншісінде – аяқ-киім сатады.
Әйелі. О-о-о! Сый-құрметім артайын деді. Қалай таныстың?
Күйеуі. Саған сыйлық алып жатқам, ол жаныма кеп таңдасты.
Әйелі. Сөйтіп, қандай кеңес берді? Өзін таңдауға ма? Ондай опа бермес сыйлықтың қажеті жоқ. Неге үндемейсің? Ол не таңдады?
Күйеуі (Құлықсыз ғана). Емшекқап! Бюстгальтер!
Әйелі. Қайсысын?
Күйеуі. Қызғылт! Сенің сүйікті түсің. Соны таққанда құлпырып, жайнап кетесің, осы.
Әйелі (Шкаф жанына жақындап, көп қорап ішінен емшекқапты алып шығады). Мынау ма?
Күйеуі. Иә.
Әйелі емшекқапты жерге атып, тарсылдатып таптай бастайды.
Әйелі. Сол дүкеннен әкелінген тағы қандай заттар бар?
Күйеуі. Айтпаймын.
Әйелі. Неге?
Күйеуі. Жарты гардеробты талқандайсың.
Әйелі. Ол жомарт па?
Күйеуі. Иә! Қолы ашық! Кең адам. Екеумізді ажырастырмақ ойы жоқ.
Әйелі. Рақмет!
Күйеуі. Саған деген құрметі бөлекше!
Әйелі. Біз таныс па едік?
Күйеуі. Сен туралы айтқам. Егер кездессеңдер, құрбы боп кетер едіңдер, сөзсіз. Ол саған туфли, көйлек-көншік, жейде, тағы басқа заттарды жіберіп отырады. Арқа етім – арша, борбай етім – борша боп, осынша дүниені әперуге қарқаусыз екенімді ол да түсініп отыр.
Әйелі. Мына киімдерді таптамаймын, өртеп жіберем.
Күйеуі. Не кінәсі бар, киімнің? Қаласаң мені өрте.
Әйелі. Иә, бірге өртеймін.
Күйеуі. Ол да кінәсіз. Жалғыз айыпты жан – мына мен! Саған жақсылықтан өзгені ойламайды.
Әйелі. Поһ, шіркін, неткен мырзалық!
Күйеуі. Мен онымен бірге тұрып жатқан соң, ажырасып кетті екен деп жүр. Сөйтіп, «бұрынғы әйелімнің» алдында айыбын жумақшы.
Әйелі. «Бұрынғы әйел» дегені кім, мен бе, сонда?
Күйеуі. Ол солай ойлайды.
Әйелі. Нағыз әйелі деп өзін есептеп отыр ма?
Күйеуі. Иә. Мені күйеуі екен деп жүр.
Әйелі. Қалайша?
Күйеуі. Әйел өзін күйеулі сезінгенді ұнатады. Табиғаты сондай ғой. Статистикаға сәйкес, үйленген ерден гөрі, тұрмыс құрған әйел көп екен. Полина да сондай.
Әйелі. Қандай Полина? Не деп көкіп тұрсың?
Күйеуі (Абдырап). Полина туралы...
Әйелі. Аты Полина ма?
Күйеуі. Әрине.
Әйелі. Татьяна кім, сонда?
Күйеуі (Қысылып). Татьяна?
Әйелі. Саған котлеттерді кім дайындап жүр?
Күйеуі. Котлеттер?
Әйелі. Жаңғырық ұқсап сөзімді қайталауыңды доғар. Мен сенен Татьянаны танисың ба деп сұрап тұрмын?
Күйеуі. Қайдағы Татьяна?
Әйелі. Котлеттер дайындайтын да.
Күйеуі (Сағатқа қарайды). Айып етпе, кетуім керек.
Әйелі. Тоқтай тұр, сөйлесіп тұрмыз ғой.
Күйеуі. Сөз тәмам болды емес пе?
Әйелі. Енді ғана басталды!
Күйеуі (Қынжыла сөйлеп). Бұны досымыз сандырақтады ма?
Әйелі. Жоқ, теледидардан көрсетті.
Күйеуі. Күлкілі емес.
Әйелі. Сені күлдірмек ойым жоқ. Татьяна деген кісі өмірде бар ма, әлде ол Полина ма?
Күйеуі. Жоқ. Татьяна бөлек, ал Полина мүлде бөлек адам.
Әйелі. Құдайға шүкір, аражігін ажыратып алдық. Неше әйелің бар екені есіңде ме, өзі?
Күйеуі. Көп емес. Төртеу-ақ.
Әйелі. Қалай төртеу? Үшеу!
Күйеуі. Төртеу!
Әйелі (Таңданып). Қалай сонда? Төртінші қатының қайда? (Жүрегін ұстап, валерьянка толы құтыны алып шығып, суы бар стақанға бірнеше тамшы тамызып, ішіп алады).
Күйеуі. Маған да берші.
Күйеуі және Әйелі ортақ стақаннан валерьянканы кезек-кезек ішеді.
Әйелі. Шексіз тізіміңнің аяқталар түрі бар ма?
Күйеуі. Менде еш тізім жоқ, әсіресе шексіз!
Әйелі. Оданша бәрін тізімде. Таңғаларлық ешнәрсе қалмады.
Күйеуі. Толық хабардарсың. Бар болғаны төрт-ақ әйел: Ирина, Полина, Татьяна және Елена!
Әйелі. Еленасы кім, тағы?
Күйеуі. Қымбаттым, Елена деген сен ғой.
Әйелі. Мен бе? А, иә, рас екен... (Қайтадан валерьянканы суға тамызып, екеуі кезек-кезек ұрттап алады). Сөйтіп, төртінші болдым ба?!
Күйеуі. Ондай ойдан арыл. Сен – біріншісің, әркез біріншісің. Жалғызсың... деп айтуға болады!
Әйелі. Мүлде шатасып кеттім... Басынан бастайықшы. Полина, бұл – бизнес-вумэн, кәсіпкер келіншек. Дүкені бар. Дұрыс па?
Күйеуі. Дұрыс!
Әйелі. Қанша ақшаға сатылдың?
Күйеуі. Қойшы, қымбаттым, бастамашы!
Әйелі. Жарайды.
Күйеуі. Ол тамаша әйел.
Әйелі. Бұны айттың. Татьяна – сенімен бірге философия мен эротиканы зерттеп жүрген оқымысты қызың. Айтпақшы, Шодерло де Лакло деген кім?
Күйеуі (Энциклопедиялық екпінмен). Шодерло де Лакло (1741-1803) – француз генералы, әрі «Қауіпті байланыстар» романымен танылған жазушы.
Әйелі. Сен де қауіпті байланысшысың. Демек, атағың жұртқа жайылады.
Күйеуі. Бағана айттым емес пе, екеумізді ғылымға деген құштарлық қана байланыстырып тұр. Ал, бұл – кауіпсіз байланыс!
Әйелі. Сенем!
Күйеуі. Лаклоны неге сұрадың?
Әйелі. Мен емес, сенің оқу өтіп кеткен, әрі аса білімдар Татьянаң (Хатты алып, оқи бастайды).
«Махаббат пен ғадауат – бір ұғым. Бір қолмен мәпелеп, екіншісімен қанжар сұғуға болады».
Күйеуі. Бұл Татьяна емес, Ирина ғой.
Әйелі. Рас айтасың. Ал, Татьяна деген кім?
Күйеуі. Медбике.
Әйелі. Е-е-е, иә, әлгі күрке тауық па?! Котлеттер қуыратын тауық.
Күйеуі. Тауықтар котлет қуыра алмайды.
Әйелі. Дұрыс! Керісінше, тауықтарды қуырады. Рақаттана сөйтер ем. Елена деген өзіңсің деп отырсың. Расында да, менмін бе? Әлде, басқа да Елена бар ма?
Күйеуі. Басқа Елена жоқ.
Әйелі. Рақмет. Мен көштің соңында тұрған шығармын.
Күйеуі. Сен – біріншісің, жалғызсың... деп айтуға болады!
Әйелі. Бұны бүкіл әйеліңе айтып жүрмісің?
Күйеуі. Жоқ, саған ғана.
Әйелі. Қайсымызға жақсы қарайсың?
Күйеуі. Әрине, саған. Сені құлай сүйем.
Әйелі. Соны байқамағаным-ай, а! Әлде бұ сөздің мағынасын түсінуден қалдым ба? Сондайлық, «құлай сүйеді» екенсің, басқаларынан бас тартсаң болмас па?
Күйеуі. Мен – тәртіпті, әрі арлы азаматпын. Сондықтан, әйел затына қиянат жасай алмаймын.
Әйелі. Үйретем. Аса қиын емес.
Күйеуі. Солай ма?
Әйелі. Сенімдімін! Әуелі, біреуін азат ет.
Күйеуі (Қинала жауап қатады). Ы-ы-ы... жарайды! Егер, сенімен ажырасқанымды қаласаң, онда...
Әйелі (Абдырап). Немене?
Күйеуі. Біреуден бастауың керек деп айтқан өзің емес пе?!
Әйелі. Неге мен?
Күйеуі. Өйткені, ақылдысың, түсінігің мол...
Әйелі. Түсініктен жұрдаймын!
Күйеуі. Сен бәрінен мықтысың, қайырымдысың...
Әйелі. Мен – көкбетпін. Ананы аз ет... Кім еді? Әлгі, әлгі? Философия докторы!
Күйеуі. Ирина ма? Жо-жоқ!
Әйелі. Неге?
Күйеуі. Арамызды суытпақ болғам. Айтуым мұң екен, философия терезеге шығып, секіретіндігін ескертті. Он екінші қабатта тұрады екен. Күнәға бата алман.
Әйелі. Онда, банкирдың бабын тап!
Күйеуі. Мүмкін емес.
Әйелі. Неге? Ол да... терезеден секіргіш пе?
Күйеуі. Жоқ. Қимаймын.
Әйелі. Сүйесің бе?
Күйеуі. Не қатысы бар, махаббаттың? Шаршадым!
Әйелі. Қажыған байқұс байым-ау!
Күйеуі. Расында да, күш... қуатым азайып барады. Әлсіреп жүрмін!
Әйелі. Іштей сезгем.
Күйеуі. Ол мағынада емес.
Әйелі. Сол да бар!
Күйеуі. Айтпағым, ақшадан қысылып жүрмін.
Әйелі. Сол да бар!
Күйеуі. Ал, Полина жәрдемдесіп тұрады. Әйтпесе, морт сынар ем.
Әйелі. Түсінбедім.
Күйеуі. Түсінбейтін несі бар? Үш отбасыны бағу оңай ма?
Әйелі. Сексуалдық қызмет көрсетіп, тым төмендеп кеткенбісің?
Күйеуі. Арлы бол! Маған ақшаның қажеті жоқ. Мені философия ғана қызықтырады.
Әйелі. Әлгі дүкеншіңнен бөлек, екі-ақ әйелің бар ғой: Татьяна мен Ирина. Соларға философиялық жалақың жетпей ме?
Күйеуі. Сен ше? Өзіңді ұмыттың ба?
Әйелі. Мені көңілдестеріңмен қатар қойғаның қалай?
Күйеуі. Жоқ, әрине, жоқ. Сені де барынша бағып-қағуым керек. Үйіміз бар, көлігіміз бар, шаруашылығымыз бар... Емшекқапты емін-еркін таптай берсең болады, әрине. Жаңа тоңазытқыш пен телевизор қайдан келді дейсің ғой? Оған төлемақым жетпейді. Ал, мыналарды таптау үшін күш керек.
Әйелі. Бір күннің өзінде өміріме татитын жаңалық естідім.
Күйеуі. Таңғалып отырған шығарсың...
Әйелі. Әрине!
Күйеуі. Ашық сөйлескенімізге қуандым. Енді, жасырар ештеңе жоқ, жеңілдеп қалдым.
Әйелі. Бар ауыртпалықты маған артып қойдың. Мұншама қатынды қайтпексің?
Күйеуі. Кейде өзім де түсінбеймін. Бәлкім, еркек қалайтын: әсемдік, жігер, қажыр-қайрат, ақыл, мейірімділік, ептілік, қамқорлық, ақша, бір ғана әйелдің бойынан табылмағандықтан шығар. Сөйтіп, өзгеден іздеуіме тура келеді. Өзгелер қатынын алмастырады, кейін ол да мінсіз емес екенін ұғады, тағы іздейді, тағы да үйленеді... Байқасаң, бізде үндестік бар. Төртеуіңнің бойыңда тұтас әйелге тән қасиет бар. Сол себепті, біз мінсіз отбасыға айналдық.
Әйелі. Сен үшін мінсіз де шығар. Төрт күйеуге шықсам не болмақ?
Күйеуі. Маған оңай деймісің?
Әйелі. Солай ғой?
Күйеуі. Төрт байың бар деп есепте. Таңертең тұрып, ас әзірлеп, балаларды мектепке алып барып, келесі үйге жүгіресің... қайтадан таңғы ас дайындап, қайтадан балаларды мектепке алып барып, үшінші үйге асығасың... сонан соң төртінші үйге... содан кейін дүкенге тартып, төрт үйге төрт комплект азық-түлік сатып ап, күйеудің қыңырлығын, талап-тілегін ескере отыра, төрт түскі ас әзірлейсің. Құдайдың құтты күні оларға үздіксіз өтірік айтуың керек. Осындай жағдайда не гүлге, не ресторанға, не шампаны бар кешкі асқа және төрт төсекке ақшаң, уақытың, күшің жете ме екен? Айтшы?
Әйелі. Сені... мүсіркеуім керек пе?
Күйеуі. Егер мені шын сүйсең, онда жаның ашыр еді. Инфаркт пен инсульт арасында ит ұқсап жүгіріп жүрем. Айтпақшы, сағат қанша болды? (Уайымдай сағатқа көз тастайды). Кетуім керек.
Әйелі. Байқұс байым-ау! Әйтпесе, әлгі Татьянадан құтыл. Жүгің жеңілдейді.
Күйеуі. Татьяна? Ол – түсі игі, шапағат шашып жүретін жан. Одан бұрын, медбике! Маған кім укол салып, массаж жасап береді? Дәрімді кім қадағалайды? Ой, ұмытып барады екем... (Қалтасынан бір тал дәріні алып, ауызға атып, сумен жұтып жібереді).
Әйелі. Салған укол үшін басқа медбикеге төлесең қайтеді?!
Күйеуі. Гәп сонда ғой, мен ақша төлемеймін. Тек бірге өмір сүреміз.
Әйелі. Оның орнын төсекпен өтеймін де!
Күйеуі. Ақша төлегенімді қалайсың ба?
Әйелі. Егер о қатыннан құтылмасаң, уколды өзім салам!
Күйеуі. Арым шыдамайды! Өйткені, адал азаматпын!
Әйелі. Ештеңе етпес, төзер!
Күйеуі. Әйел төзгенімен... балалар...
Әйелі (Шалқасынан құлай жаздайды). Бала бар ма?
Күйеуі (Ұялыңқырап). Екеу. Ұл мен қыз. Міне! (Әмиянынан олардың суретін суырып, мақтанғандай кейіпте Әйеліне көрсетеді). Сүйкімді ме екен?
Әйелі. Иә, сүйкімді.
Күйеуі. Шетінен дарынды!
Әйелі. Рас па?
Күйеуі. Ұл кілең беске оқиды, ал қыз әнге әуес. Ұстазының айтуынша, есту қабілеті ерекше екен.
Әйелі (Мұңайып). Өз арманыңды өзгелер орындағанда, өкінбеске шара жоқ.
Күйеуі. Келесі жылы мектепке барады.
Әйелі. Бөтен балаларды иемденгеннен ұялмайсың ба? Оларды да, көңілдесіңді де ыңғайсыз жағдайға қалдырып отырсың ғой.
Күйеуі. Олардың заңсыз екенін қайдан шығардың?
Әйелі. Солай емес пе?
Күйеуі (Тағы да ұялыңқырап қалады). Түсінемісің... (Үнсіздік).
Әйелі. Әзірге түсінбей тұрмын.
Күйеуі. Шынымды айтайын ба?
Әйелі. Керек емес. «Шындық» сөзін естісем, жүрегім шым-м-м ете қалады. Не күтеріңді де білмейсің.
Күйеуі. Былай ғой... Татьянаға саған дейін үйленгем. Сөйтіп...
Әйелі. Сөйтіп?
Күйеуі. Татьяна да, мен де қол қойып, заңды түрде отастық. Ал, екеуміз ресми түрде тіркелмедік. «Бастысы – махаббат, ал төлқұжаттағы мөр – маңызсыз нәрсе», – деп айтқаның есіңде ме?!
Әйелі. Заң бойынша зайыбың – Татьяна, ал мен әйелің емеспін бе?
Күйеуі. Солай боп тұр.
Әйелі. Мен кіммін, сонда?
Күйеуі. Ғашығымсың.
Әйелі. Демек, ашынаң!
Күйеуі. Солай десек те болады.
Әйелі. Қызық екен (Қобдишадағы дәріні Әйелі де, Күйеуі ішіп, сумен жұтып жібереді).
Күйеуі. Бір-бірімізді сүйсек болды ғой, солай емес пе? Ал, біз сүйеміз.
Әйелі. Иә. Әсіресе сен. Құмарта сүйесің!
Күйеуі. Иә. Шыны керек, шатасып кеттім.
Әйелі. Шатаспа!
Күйеуі. Қайтпек керек? Кешегі қателікті түзеу оңай, ал он жыл бұрынғы әбестікті ше? Жазмышқа көнеміз де!
Әйелі. Бақытсыз, бейбақ сияқтанбашы.
Күйеуі. Жағдайымды ұғын! Бәрінен шындықты жасырып, өзімді кінәлі сезініп, жалған сөйлеп, үш отбасыны бағу, жұмыс істеп зорығу оңай емес... Жынданып кете жаздаймын. Анық-қанығын білейінші, айыбым неде?
Әйелі. Төрт әйел алу адалдық па?
Күйеуі. Қазіргі заман еркегі үш-төрт қатыннан ұстайды. Бірақ, олар рет-ретімен үйленеді, біреуін талақ етіп, екіншісін алады. Бұл – әдептілік белгісі. Менің мінім – ешқайсысын далаға тастамағанымда.
Әйелі. Полинаны да, Иринаны да, тағы кім еді, анау... бәрін бір мезетте сүю мүмкін бе?
Күйеуі. Әрине, мүмкін. Әрбіреуің – дарасыңдар.
Әйелі. Қалай сонда?
Күйеуі. Иринаны басқаша, ал Полинаны мүлде бөлек...
Әйелі. Түсінікті. Мені ше?
Күйеуі. Сені жай әншейін жақсы көрем.
Әйелі. Бұған да тәубе. Айтшы, анау... Татьяна... Жоқ, Елена... Ой, Елена деген мен ғой... Шатасып кеттім... Қысқасы, әйелдерің әдемі ме?
Күйеуі. Талғамға байланысты.
Әйелі. Суреттері бар ма?
Күйеуі. Әрине (Әмиянынан төрт сурет алып шығады. Әйелі зер сала қарайды).
Әйелі. Татьяна қайда?
Күйеуі. Міне!
Әйелі. Тартымды екен.
Күйеуі. Иә, бәрі сөйтіп айтады. Яғни... ең сұлуы – сенсің (Суреттерді жасырады).
Әйелі. Аяқастынан әйелің болмай шықтым ба?!
Күйеуі. Қой, қайдағыны айтпа! Барлығын қосса да, алтын басыңа жетпес.
Әйелі. Сонымен... сөйлесіп болдық... үйімнен кет жоғал!
Күйеуі. Мүлде ме? Мұның қатыгездік қой. Онсыз да көкірегім қарс айырылуда.
Әйелі. Төрт бөлікке ме?! Қош бол!
Күйеуі (Абдырап, есікке бет алады да, тоқтап қалады). Мен оралмаймын!
Әйелі (Бұл сөзді естіп, көңілі пәс тартады, бірақ берілмейді, білдірмейді). Тіпті жақсы!
Күйеуі. Мен оралмаймын, себебі ешқайда кетпеймін! Осында қалам.
Әйелі. Кетпейсің бе?
Күйеуі (Отырады). Сенен қайда кетем?
Әйелі. Олай болса, үйді мен-ақ босатайын!
Күйеуі. Ұзақ мерзімге емес шығар?
Әйелі. Білмеймін. (Үстіне плащ киіп, сөмкесін алып, қоштасқандай боп бөлмені көзімен бір шолып өтеді).
Досы (Сенімсіздеу кіріп, табалдырық алдында абыржып тұрып қалады). Көмегім керек пе, әлде кедергі келтірмей-ақ қояйын ба?
Әйелі. Кір, кір. Онсыз да кетіп барам (Шығады).
Досы. Не боп қалды? Әлі де өзіңе келе алмай жатқан сияқтысың.
Күйеуі. Бәрін айтуға тура келді.
Досы. Ол не деді?
Күйеуі. Не деуші еді!
Досы. Сен ше?
Күйеуі. Өмірімнің зая өткені болмаса, қалғаны – дұрыс!
Досы. Мұңайма, бәрі орнына келер.
Күйеуі. Мен мұңды емеспін, мен – саумын (Бөтелкелер мен рөмкелерді алып шығады).
Досы. Не болды, сонымен?
Күйеуі. Мені үйден қуып шықпақшы.
Досы. Неге?
Күйеуі. Келмей жүргенім үшін! Қайсысын қалайсың, вино, әлде арақ?
Досы. Қызыл вино денсаулыққа пайдалы. Ал, арақты денің сау кезде ішу керек. Бірінші винодан бастайық, сонан соң араққа көшерміз.
Достар арақты стақандарына құйып, соғыстырады.
Күйеуі. Жақсылық үшін!
Екеуі қағып салады.
Сенімен тойлау бекер.
Досы. Неге?
Күйеуі. Сатқындармен ішпеймін. Татьяна туралы сен айттың ғой, иә?
Досы. Еш қатысым жоқ! Вольтер «Философиялық повесть», ал сенің сұлуың философиялық хат жазды. Жанжал сөйтіп жанданды. Осындай әдеби жауһарлар қалтада жата ма екен?
Күйеуі. Ирина – өте тамаша, талантты қыз.
Досы. Өмірдегі бүкіл игілік не заңсыз, не әдепсіз болады екен-ау.
Күйеуі. Сондықтан да, өтірік айтуға мәжбүрміз. Кімге не дегенім есімде емес. Миым мипалау болды.
Досы. Жол тап!
Күйеуі. Басқасын қайдам, мына қатыным қалғандары жөнінде біледі.
Досы. Оған оңай соққан жоқ. Барлығын талақ етсең, ол бақытты болар еді.
Күйеуі. Әйелді бақытты ету аса қиын емес, ең қиыны сөйте тұра өзіңнің бақытты боп қалуың.
Досы. Шаруаң шаш-етектен жүріп, қатарынан төрт қатынға қалай ғашық болдың?
Күйеуі. Бір көргеннен ұнатқан дұрыс. Уақытты үнемдейсің.
Досы. Негізі, салмақты адамсың... ғалымсың. Айтпақшы, философияны неліктен таңдадың?
Күйеуі. Таңдағам жоқ, өмірдің өзі мені философ етті. Дана Сократтың не дегенін білесің бе? «Үйленерде еш нәрсеге қарама. Жақсы қатын жолықса – жолың болғаны, жаманы кезіксе – философсың».
Досы. Төртеуінің ішінен біреуін ғана таңда десе, кімге тоқтар ең?
Күйеуі. Қиын сұрақ. Сеніңше, жар мен әйелге қандай қасиеттер қажет?
Досы. Әуелі, әйел ақылды болуға тиіс.
Күйеуі. Бұны екінші орынға ысырсаң!
Досы. Ең басты қасиеті қандай?
Күйеуі (Сағатына қарап). Келесіде талқылайық, оны. Уақыт жоқ. Ақырқы рет тартып жіберейік те, сөйтіп мен жүрейін.
Досы. Қайда?
Күйеуі. Қайда екені есімде жоқ, неге екенін ұмытып қалдым. Бір анығы, кетуім керек. Мендегі гәп осында, әркез біреу күтіп тұрады. Қазір кестемді бір көріп жіберейін (Телефонындағы бірнеше батырманы басып, күнделігін ашады). Алдыменен, кешкі асты Татьянамен ішуім керек, содан кейін Полинамен мейрамханаға барам.
Досы. Екі кешкі астың не керегі бар?
Күйеуі. Қарным тоқ десем, күдіктенеді. Ешкімді ренжітпеген жөн. Иринаға да соғуым қажет. Татьянаға дейін бе, кейін бе, соны білмей тұрмын. Бәлкім, Полинадан соң бе екен?
Досы. Оңай емес.
Күйеуі. Айтпа. Дұшпаныма да тілемес ем.
Әйелі келеді.
Әйелі (Күйеуіне). Әлі кетпегенсің бе?
Күйеуі. Мені жоқ деп есепте. Зымырадым.
Әйелі. Зымыра-зымыра, ұстап тұрғам жоқ.
Күйеуі. Кешкі лекциям бар.
Әйелі. Түсінем. Тамақтанып алсаңшы!
Күйеуі. Жоқ. Мүлде уақытым жоқ.
Әйелі. Қашан ораласың?
Күйеуі. Әзірге белгісіз. Телефон соғам.
Әйелі. Жортқанда жолың болсын! Келіп тұр.
Күйеуі. Рақмет. Сау бол (Тез-тез кетіп қалады).
Әйелі. Арақ-шарап ішкенсіңдер ме?
Досы. Аздап!
Әйелі. Маған да құйшы. Мынаны емес. Коньяктан.
Досы коньяк алып шығып, құя бастайды. Екеуі ішеді.
Досы. Алаңдап тұрмысың?
Әйелі. Қалай ойлайсың? Естігеніме өкініп тұрмын. Ақылды әйелге тән қылық емес.
Досы. Айтқам, алайда құлақ аспадың. Есесіне, сыры ашылды.
Әйелі. Аяғы не болды? Бір сағат бұрын ғана бақытты жар ем, енді төртінші ашынаға айналып шыға келдім.
Досы. Саспа. Әр есті әйел біреудің көңілдесі болғысы келеді.
Әйелі. Күйеуімен ажыраспай-ақ! Мендегі жағдай өзгерек.
Досы. Десек те, жардан гөрі, көңілдес болған артық қой. Гүлдер, алып-ұшып тұрған албырт сезім, сыйлықтар... Шекспир айтпақшы, «еркек деген ел әйелге қамқорлық көрсеткенде сәуірге, ал үйленіп алған соң желтоқсанға ұқсайды».
Әйелі. Бүгін мен үшін 31-ші желтоқсан.
Досы. Онда, көп күттірмей-ақ көкек туады.
Әйелі. Жаңа еркекпен бе?
Досы. Дәл таптың.
Әйелі. Сөйтіп, ол екеуміз сәуір мен желтоқсан арасындағы махаббаттың бүкіл сатысынан өтеміз. Және, сегіз айда емес, екі-ақ аптада.
Досы. Сабырлығыңнан сезіктеніп отырмын.
Әйелі. Әлгі солқ еткен соққыдан соң, лезде ес жиып алдым.
Досы. Алаңдама, өмір – алда.
Әйелі. Алаңдап тұрғам жоқ. Керісінше, басылып, бәрін ойластырдым.
Досы. Одан кеткің бар ма?
Әйелі. Не үшін?
Досы. Осындай оғаш оқиғадан кейін...
Әйелі. Қайда барам? Кімге барам? Маған ынтық жан қабылдағанның өзінде де, қызығы – бір жарым-ақ сағат қой!
Досы. Күйеуіңнен кетпейсің, оны қумайсың ғой?
Әйелі. Сот шешеді! Ал, соттасу – ессіздік пен иттік. Ажырассам маған мықтағанда жартысы ғана бұйырар, ал қазір бәрі – өз иелігімде.
Досы. Үндемей, үнсіз қаласың ба?
Әйелі. Басқа жолы бар ма? Мен кеттім делік. Бұдан не өнеді? Резервінде үш әйелі бар, ал мен бетіне қарап отырған жалғыз жарымнан... және аз да болса көптей көріп жүрген жалақысынан айырылам. Әрі-беріден соң, ол жаман еркек емес. Үйде көп тұрақтамайды, сол себепті әлі жалықпадым. Сырттан тамақ ішеді. Ас әзірлеп әуре болмаймын. Менің алдымда өзін әркез айыпты санайды. Сондықтан, еркелетеді, әрі сыпайы. Анау-мынау емес, философиядан сабақ береді. Бұл нәрсе таныстарыма тамаша әсер етеді. Ішімдікке аса жоқ. Қазымыр емес. Ісіме, өміріме аса араласпайды. Шынтуайтында, жаман тіршілік кетпедік. Неге одан бас тартуым керек?
Досы. Оның рас.
Әйелі. Жиренішті болса да айтайын, ол мендік екенін сезем. Түсінесің бе? Мендік!
Досы. Ендігіде, бақытты боламын деп ойлайсың ба?
Әйелі. Әйел шын сүймей-ақ, кез келген еркекпен бақытты бола алады.
Досы. Мұңды түйін!
Әйелі. Әр қатын ұқсап мен де күйеуімнің бойынан мінсіз ерге тән қасиеттерді іздедім. Мінсіз ер: қамқоршыл, табысшыл, даукес емес, шекпейді, ішпейді, сырттан көңілдес іздемейді және жаңағыдай жар мына жалғанда атауымен жоқ. Бәрін тоқтатып, реалист болу керек.
Досы. Дұрыс та шығар, қандай білейін?!
Әйелі. Таңдау жоқ кезде, оң шешім қабылдау қиын емес.
Досы. Оған кек сақтамай... кешіре аламысың?
Әйелі. Бар кінә – өзімде.
Досы. Неге?
Әйелі. Ерлі-зайыпты опасыздығында – екеуі де айыпты. Ол менің күйеуім, ол мендік деп ойлаппын. Бұным ақымақтық екен. Күйеу үшін күнде күресу керек. Ол сені өле-өлгенше сүюге хақылы емес. Ал, махаббатсыз неке – шеттен махаббат табылғанда аяқталады. Әлемде өзіңнен бөлек, жас, сұлу, ақылды, тартымды мың-миллион әйел барын ескерген абзал. Ең бастысы – сужаңа.
Досы. Сондағы жазығың не?
Әйелі. Ол философия, поэзия, архитектура туралы сөйлескісі келеді... мен болсам белімнің құяңы ұстағанын айтып, базардағы еттің бағасын сұрап есін шығарам. Кейде, достарымен көңіл көтергісі келеді, ал мен болсам ұсақ-түйекпен ұнжырғасын түсірем. Ол түнде әр алуандық пен тәттілікті қалайды, ал мен болсам мезі етер бір сарынға ұрынам. Ерді мұңды некенің мұнарасында қамап ұстауға болмайды. Тумысынан еркін халық ғой.
Досы. Одан махаббат пен сый-құрметті талап етуге құқың жоқ па?
Әйелі. Сезімді сұрап ала алмайсың.... тек еңбекпен жетесің. Бірақ, бүкіл кезде емес. Оған үйден кетуге тыйым салуым мүмкін, алайда қалауына қарсы шыға алман. Барлығының орнын басуға дәрменсізбін. Кәсібім – жоқ, Кьеркегорды оқымағам, постмодернизмнен, Сальвадор Далиден, жаңа драмадан бейхабармын, емдік шара жасау қолдан келмейді. Өзім мінсіз емеспін, оған қалай бол демекпін?
Досы. Ештеңе өзгерткің келмейді ғой?
Әйелі. Өзімді ғана өзгертуім керек.
Досы. Кек қайтаруды да қаламайсың ба?
Әйелі. Сенімен бе?
Досы. Әрине.
Әйелі (Досына). Сен маған жүрегіңді емес, мүлде басқа жеріңді ұсынғалы отырған сияқтысың ғой.
Досы. Мүмкін.
Әйелі. Тұрақты, өнегелі отбасылық өмірімді сендей көнерген көңілдеске алмастыр демекпісің? Мұны кек алу деп атай ма, әлде жұбату дей ме?
Досы. Тым қаталсың.
Әйелі. Ғапу ет. Бір есептен ойың – орынды. Кейбір әдеп тыйымдарынан арылғаным абзал. Өйткені, ескірген. Үмітіңді үзбе. Ал, әзірге кете ғой. Әл-дәрменім жоқ.
Досы. Жата тұр. Тынығып алшы.
Әйелі. Үйді жинастыруым керек.
Әйел бөлмені көзімен бір шолып шығады да, жерде жатқан емшекқапты көреді. Еденнен еппен көтеріп, қағып-сілкіп, шкафқа салады. Шашылған хаттарды жинайын дейді, бірақ әлсіз кейіпте орындыққа сылқ етіп отыра кетеді.
Досы. Жата тұршы, аяғыңда күш жоқ қой.
Досы әйелді диванға сүйей әкеліп, жатқызып, үстіне шәлі жабады. Қатын бірден қалың ұйқыға кетеді. Досы ың-шыңсыз, шуламай еркектің үстел үстінде қалдырған парақтарын жиып, конвертке салып, пиджак қалтасына тығады. Әйелдің ұйықтағанына көзі жеткен соң, ол аяқ ұшымен далаға шығып, есікті жаба бергенде телефон безілдейді. Әйел оянып кетіп, сүйретіліп жеткенше, қоңырау үзіліп қалады. Диванда жатқанда үстіне жабылған шәлісін тастап, Әйелі айна алдына кеп, ұйпа-тұйпа шашын, түрін ретке келтіріп, өзді-өзіне риза кейіпте кетіп бара жатқанда қалтасынан конверт қылтиып тұрған пиджакқа көзі түседі. Әйелі конвертты суырып, ойланып, қолында ойнатып тұрады да, қайтадан дәл сол қалтасына сүңгітіп, ал пиджакты шкафқа салады.
Күйеуі келеді.
Күйеуі. Сәлем қымбаттым (Әйелінің бетінен сүйеді).
Әйелі. Бүгін ерекше ерте келдің ғой. Қуанып тұрмын.
Күйеуі. Киім ауыстырып алуға кірдім (Сағатына қарайды). Бүгін кешкі лекциям бар.
Әйелі. Тамақ ішесің бе?
Күйеуі. Жоқ, қарным тоқ. Уақытым да жоқ.
Әйелі. Өте көп жұмыс істеп жүрсің!
Күйеуі. Оның рас.
Әйелі. Кетуім керек.
Күйеуі. Мақұл.
Әйелі шкафтан пиджакты алып шығып, еріне киісуге көмектеседі. Күйеуі конвертты жанқалтасына жасырады.
Ал, амандық болсын!
Әйелі. Қашан ораласың?
Күйеуі. Әзірге белгісіз (Әйелінің бетінен өбеді). Мен сені сүйем!
Әйелі. Мен де.
Күйеуі. Қош бол!
Әйелі. Қош бол!
Күйеуі кетеді. Әйелі ойға шомып, жалғыз өзі қалады.
Соңы.
2. Әлжуаз күйеу
Қатысушылар:
Күйеуі.
Әйелі.
Досы.
Күйеуі мен Әйелінің үйіндегі бөлме. Күйеуі шкафтағы киімдерін елеп-екшеп, үстел я диван үстіне қаз-қатар тізіп қояды. Ішке Досы кіреді.
Күйеуі (Қуанып). Жеттің бе, әйтеуір?! Күте-күте сарғайдық қой!
Досы. Не боп қалды?
Күйеуі. Әзірге ештеңе! Бірақ, жуырда болады.
Досы. Одан да, болып қойды десеңші.
Күйеуі. Оның рас. Шұғыл көмектес!
Досы. Не істеуім керек?
Күйеуі. Қазір түсінесің.
Досы (Қаз-қатар тізілген киімдерді иегімен нұсқап). Жол жүрейін дедің бе?
Күйеуі. Жоқ, жол жүрмеймін. Кетіп барам.
Досы. «Кетіп барам»? Қайда?
Күйеуі (Шкафтағы киімдерді алып шығып, іріктеуде). Қайда екендігі маңызды емес, қай жерден екендігі маңызды. Үйден де!
Досы. Қатыныңнан қашып барамысың?
Күйеуі. Басқа кімнен?
Досы. Рас айтып тұрсың ба?
Күйеуі. Мұндай нәрсемен әзілдемейді.
Досы. Ұрсысып қалдыңдар ма?
Күйеуі. Жоқ.
Досы. Аяқастынан жын ұрды ма?
Күйеуі. Кейін айтып берем. Уақыт жоқ.
Досы. Бір тоқтамға келдің бе?
Күйеуі. Нық шешім!
Досы. Біреумен көңіл жарастырғаннан саумысың, өзі?
Күйеуі. Ы-ы-ы... Жалпы, иә.
Досы. Кіммен?
Күйеуі. Кейін айтам дедім ғой. Уақытым жоқ (Шкафты жанталаса ақтарады). Шамадан біткенді жер жұтқан ба? Өмірі – осы. Үйде тәртіп жоқ! Қандай пысық қатын екенін көрдің бе? Іздесең таппайсың ғой! Галстук пен жейделерімді қайда салам?
Досы. Жастықтың тысына тық.
Күйеуі. Мынауың ақыл екен-ей (Жастықтың қабын тауып, киімдерді соның ішіне асыға-үсіге сала бастайды да, бір заматта оны тастай сап, қайта шкафқа жүгіреді).
Досы. Ұшынып кеттің ғой, тегі. Сәл сабыр ет. Бір жерге кешігіп барасың ба?
Күйеуі. Жоқ. Әп-сәтте әйелім кеп қалуы мүмкін. Оны көруге құлқым жоқ.
Досы. Қолың бос емес екен, ақыры, онда неге шақырдың?
Күйеуі. Әрісі өтініш айтуға, әрісі ақылдасуға.
Досы. Нық шешкен екенсің, ақылдасатын несі бар?
Күйеуі. Нақты шешкенім рас. Мұны оған кім жеткізеді?
Досы. Әлі естімеген бе?
Күйеуі. Жоқ. Мәселе сонда ғой.
Досы. Жаны азапқа түседі-ау.
Күйеуі. Менің де жаным жаралы. Әйелін талақ етуден асқан тауқымет бар ма екен? Осындай айқын сөзді айтуға да қорқасың. Елестетші, көз алдыңа! Жарыңа: «Мен кетем», – деуге жүрек керек қой. Менің де, оның да тағдыры тас-талқан болғалы тұр.
Досы. Иә, оңай емес.
Күйеуі. Міне, сондықтан, әйеліммен жақсылап сөйлес, дайында, бекем ет.
Досы. Мен бе? Жо-жо-жоқ, Құдай сақтасын.
Күйеуі. Доссың ба?
Досы. Доспын. Бірақ, өзің айт. Ол жылайды, сықтайды... қой, құрсын!
Күйеуі. Көз жасында нең бар?
Досы. Мен де адам баласымын. Жарың маған жат емес. Жаным ашиды.
Күйеуі. Ал, маған жаның ашымай ма?
Досы. Сені де аяймын, себебі ақымақтық істеп отырсың. Өзің ойлашы, неге, қайда, қашан, кінәм неде деп сұрай бастайды. Сонда не деп жауап берем? Оның үстіне, мүлік, үй, тағы басқа туралы сөз болады.
Күйеуі. Үй менде қалады. Солай деп айт. Ол сұрамайды да. Шешесімен бірге тұрсын. Сонда, жаңа қатынды қайда алып барам?
Досы. Жо-жоқ, білгеніңді істе, бірақ мені араластыра көрме.
Күйеуі. Онда ақыл қос.
Досы. Құдайдай шыным, білмеймін.
Күйеуі. Жарды тастап жатқан жалғыз мен емес қой. Ел тексерген ескі әдісі бар шығар?
Досы. Бар ғой, әрине.
Күйеуі. Әйелдеріңнен құтыларда не деуші ең?
Досы. Тастамағам.
Күйеуі. Олар сені тастаушы ма еді?
Досы. Білмеймін. Кейде, ондай да болған.
Күйеуі. Бақыттысың ғой. Олардың алдында ақталып, кешірім сұрап, ұрысын естіп, көз жасын көл қылғанын көру – бекер іс. Ауыртпалықты өзіме алуға тиіспін. Сол себепті, ең табысты жолы – киімді жиып, тайып тұру. Сонда, оның да, менің де жүйкем тозбайды.
Досы. Сөйтіп?
Күйеуі. Сөйтіп, арты басылар.
Досы. Жоқ, мынауың өнер емес.
Күйеуі. Неге?
Досы. Біріншіден, бұл – пасық, әрі қорқау тірлік.
Күйеуі. Бопты.
Досы. Екіншіден, түбінде бәрін түсіндірер кез туады.
Күйеуі. Қандай ұсынысың бар?
Досы. Басын ашып ал. Шындықтан айныма. «Алдыңда – айыптымын, алайда жүрекке әмір жүрмейді, бір шүйкебасты сүйіп қалдым», – деп айт, басыңды кесіп алса да.
Күйеуі (Ойланып). Жоқ, өнімсіз шаруа.
Досы. Неге?
Күйеуі. Ажырасу үш ұйықтаса түсіне кірмеген шығар. Естіп, есінен танады. Оны ауруханаға әкетеді. Туған-туысы, дос-жараны жиылып: «Аңсың! Айуансың! Қанішерсің», – деп қарғайды. Оның қандай алғыр екенін білмейсің ғой. Мені өлсе де жібермес. Бүркіттей бүре түсер.
Досы (Күдіктене). Неге? Сен де осал емессің!
Күйеуі. Әңгіме осал, не мықтыда емес, қас қылғандай мені ессіз сүйеді. Жағдайымды жасайды, тамағымды істейді, көмектеседі, сондай қамқоршыл... ал түнде... көңілімнен шығу үшін акробатиканың әкесін танытады.
Досы. Енді, не жетпейді? Өзі сұлу, өзі ақылды, өзі шаруақор, өзі биязы. Несі ұнамайды?
Күйеуі. Бәрі ұнайды. Бірақ, ол өзгермес. Арғы күні не, кеше не, бүгін не, дәл сол күйінде қалады. Кейде, өмірден осы қалпында өте ме деп қорқам. Өзгерісті қалаймын. Жаман болсын, мейлі. Бірақ, жаңалық қажет.
Досы. Жаңалықтан да құр қалма, ескіден де қол үзбе.
Күйеуі. Дұрыс қой... дегенмен... Білесің бе, мен де сөйтер ем. Алайда, жаңа қатыным... ескілікті қаламай тұр. Қам жаса деп жатыр. Басында, тиіп-қашып кезігім жүргем. Кейін тұрақтылық қажет дейді.
Досы. Нақты шешсең, дәл сөйтіп айт. Кетем, осымен болды де. Нық-нық сөйле. Созбақтама.
Күйеуі. Осылай, әй-шәйсіз бе? Еш себепсіз? «Сәлем. Мен кеттім. Қош бол!». Бұлай деуге батылым жетпес. Көмектесіп жіберші. Мына құрғыр пиджак сыймай жатыр.
Екі еркек екі жақтап пиджакты жастықтың тысына күштеп тығады.
Досы. Егер жүрексініп жүрсең, онда сыналған әдіс бар. Бір-екі күн шыда. Жанжал шығатындай жағдай тудыр. Ол ашуланып, саған ауыр-ауыр сөз айту керек. Сол кезде, қатты ренжігенсіп, шабаданыңды алып, есікті тарс жабасың. Кінәлі өзі боп шығады. Жүгіңді алдын ала дайындап қой.
Күйеуі. Сөйткен дұрыс па?
Досы. Ақылды адамның бәрі солай істейді.
Күйеуі. Біріншіден, шабаданымды таппай жатырмын.
Досы (Киім толы жастық тысын иегімен нұсқап). Жастықтың тысын ала сал. Тіпті ыңғайлы.
Күйеуі. Екіншіден, алдын ала қамдансам сезіп қояды. Ол біз ғой, еркектер, еренсіз келетін, әйел өте байқампаз. Қырандай қырағы.
Досы. Көргені дұрыс қой. Тілдесуге тамаша себеп болады.
Күйеуі. Жоқ, бүйтіп кетіп қалу – қауіпті. Ол мен туралы өңірге өсек жайып, сотқа арызданып, үйді тартып алады. Одан да, жылы-жылы сөйлеп, ебін табайын.
Досы. Әйтпесе, жарыңның жанына отыр, құшақта, сүй. Оған шын ғашық екеніңді, одан асқан әйелдің жоқ екенін, ізгі жан екенін, оған лайық емес екеніңді, сол себепті кететініңді, бұл жағдай жаныңа бататынын, өмірі өкініп өтетініңді айтып құтыл.
Күйеуі. Жүрегі жарылардай қуанып, ешқашан еркіндік бермес. Шынымды айтайыншы, ол мені мүлде түсінбейді. Күйеуін күндемей, жыламай-ақ жібере салатын әйел бар ма екен, әлемде? Олар жанымыз жаңалыққа құмар екенін еш ұқпас!
Досы. Онда... білмеймін... не істеу керектігін... Қатыныңмен қала берсеңші. «Қосылғыштар орны өзгергенімен, қосынды өзгермейтінін» ұмытпағын.
Күйеуі. Мардымды кеңес бере алмасаң, онда тайып тұрайық. Келіп қалса, қақпанына түсем. Заттарды көлікке шейін алып баруға көмектес (Бір жастық тысын Досына беріп, екіншісін өзі алады). Ал, кеттік!
Досы. Хат жазып қалдыр!
Күйеуі. Жоқ. Тездетейік.
Заттарды қолына ап, қолтыққа қысып кетіп бара жатқанда есік аузында Әйелін кезіктіреді. Күйеуі мен Досы абдырап, тоқтап қалады.
Әйелі. Сәлем.
Күйеуі (Мұрын астынан міңгірлеп). Сәлем.
Досы. Сәлемет пе!
Әйелі (Досына). Амансың ба?
Күйеуі заттарды байқатпастан шкафқа жасырып әуре.
Досы. Аманмын. Мен... кете берсем.
Әйелі. Қала ғой, ұзақ бөгелмеймін. Косметикамды ап, ерге ем болар екі сөз ғана айтам.
Досы. Кете берейінші. Кедергі келтіргім кеп тұрған жоқ.
Әйелі. Кедергі келтірмейсің, алаңдама. Саған да қызық болар. Алдыменен, ваннадағы косметика сөмкесін ала салайын (Шығып кетеді).
Досы. Ал, қане, бар күш-жігеріңді жиып, ойыңды ортаға сал.
Күйеуі. Дәл қазір ме? Ертең айтсам қайтеді?
Қолына косметика сөмкесін ұстаған Әйелі қайта келеді. Ол сөмке ішінен далабын ап, арғы қарайғы әңгіме барысында айна алдында ернін бояйды.
Әйелі (Күйеуіне). Тыңда! Мен кетем!
Күйеуі. Қашан ораласың?
Әйелі. Ешқашан.
Күйеуі (Таңданып). Не дедің?
Әйелі. Күйеуін тастаған әйелді көрмеп пе ең?
Күйеуі. Еркектерден естігем. Бірақ... менен деп... Біржола ма?
Әйелі. Бір-екі сағатқа деп ойлап қалма. Мәңгіге!
Күйеуі. Кенеттен бе?
Әйелі. Кенеттен емес. Ойлануға он жыл уақытым болды.
Күйеуі. Мүмкін емес! Мені сүйесің ғой!
Әйелі. Оны кім айтты?
Күйеуі. Білмеймін ғой... Негізі... маған... Олай емес пе?
Әйелі. Өзіңді-өзің тым жақсы көргендіктен, өзгелер де сөйтеді деп ойласаң керек. Сол себепті, қоштасайық!
Күйеуі. Дәл қазір ме?
Әйелі. Енді, ертең емес шығар! Мені кетіп қалды деп есепте.
Досы. Үйден алған затың – осы жалғыз көйлек пе?
Әйелі. Үш шабаданды жолдадым. Қалғанын кейін алам.
Күйеуі. Жөн-жосықсыз кеткенің қалай?
Әйелі. Шаңырақты шайқалтқысы келмеген адам ғана себеп-салдарын түсіндіреді. Ажырасамыз десек, онда ауыз ауыртып, сөз шығындау – артық іс.
Күйеуі. Шиетүйін шешілген жоқ қой.
Әйелі. Мен сөйтіп ұйғардым. Осы да жеткілікті!
Күйеуі. Мен ше? Тіземді құшақтап жалғыз қалам ба? Байсыз қатын ұқсап!
Әйелі. Бұ жағдайды бастан кешкен жалғыз сен емес. Бекем бол!
Күйеуі. Түсінсем бұйырмасын.
Әйелі. Жақсы жар, жайлы өмір. Бірге тұрып жатырмыз. Түсінбейтін несі бар?
Күйеуі. «Тұрып жатырмыз»?
Әйелі (Далабын косметика сөмкесіне сүңгітіп). Әрине. Бас ауған жаққа жүре бермеймін ғой. Қош бол (Кетеді).
Күйеуі (Абдырап). Не дейсің, енді?
Досы. Ажырасудың айнымас әдісін әйеліңнен үйрен.
Күйеуі. Үйрен?
Досы. Батылдыққа, шындыққа, әрі нақтылыққа! Бір кісілер бұл қасиеттен жұрдай.
Күйеуі. Шындықтың не қатысы бар? Басынан аяғына шейін шылғи өтірік! Күн сайын сүйіп күтіп ап, тамағын алдыма тартып, төсекте төзімді боп, жымия күле жүріп, мынандай жымысқы әрекет істегені қалай?
Досы. Сен де қыз-қырқынға қырғидай тидің ғой.
Күйеуі. Мендегі жағдай өзгерек. Мен – еркекпін, ал, ол – төменетек әйел. Айырманы түсініп тұрсың ба?
Досы. Жоқ.
Күйеуі. Басыма жай түскендей болды.
Досы. Әр нәрсенің қайыры бар. Енді, сылтау іздеп сабылмайсың.
Күйеуі (Досын тыңдамастан). Естігенімді қорыта алмай, есеңгіреп тұрғанымды қарашы! Айтарға сөзім жоқ. Ар-ұяттан безген адам екен. Безбүйрек!
Досы. Қуанбайсың ба, басың бос қой! Бойдақсың!
Күйеуі. Несіне қуанайын?
Досы. Қалағаның осы емес пе?!
Күйеуі. Мен оны емес, ол мені тастап кеткені қызық болды ғой. Шыжыған шындықты бетіме басуға қалай ғана дәті барды екен?
Досы. Неге?
Күйеуі. Есікті тарс жауып кетіп қалу үшін дәт мықты болу керек. Бұл – көргенсіздік пен қатыгездік (Пафоспен)! Он жыл бойғы отбасылық өмірден өрнек те қалмағаны ма? Әлде ерлі-зайыпты екенін ұмытып кетті ме? Ізет қайда, иба қайда, жауапкершілік қайда?
Досы. Өзің де сүйіктіңе кетіп барасың ғой!
Күйеуі. Кімге? А-а-а... анау ма?! Бүгін сүйесең, ертең сүйкімсіз боласың. Құрып кетсінші, ол. Ендігіде, ешкімге жоламаспын. Жетер!
Досы. Айнып қалдың ба?
Күйеуі. Бір сәттік әлсіздік қой. Ес жинадым! Қатыныма қасарысып, осы үйде қалам. Әлі-ақ өкінетін болады!
Жастықтың тысындағы заттарды жерге төңкере төгіп, қайтадан шкафқа жинастыра бастайды. Телефон шырылдайды.
Сол-ау, шамасы! Иә, сол ғой! Он ойланып, тоқсан толғанып, ақыры кешірім сұрайтынын сезгем. (Телефон тұтқасын көтереді. Ызалы). Менен тағы не керек? (Даусын жұмсартып). Айып етпеңіз... Иә... Иә... Иә... Мақұл... Түсіндім... Рақмет... Рақмет... Сау болыңыз (Тұтқаны тұғырына қордырады).
Досы. Кім ол?
Күйеуі. Адвокаты.
Досы. Не дейді?
Күйеуі. «Сотқа жөнелтетін құжат дайын тұр. Сондықтан, бұл үйден аман-сау кезіңізде тайып тұрсаңыз», – дейді.
Досы. Енді, не істейсің?
Күйеуі (Үмітсіздене). «Не істейсің» дейсің бе? (Шкафты ашып, пиджактарын қайыра жастықтың тысына салады). Үйіңде бір-екі апта түнесем қарсы емессің бе?
Соңы.
3. Дуэт
Қатысушылар:
Лиза.
Полина.
Өте жайлы, сән-салтанаты келіскен, асқан талғаммен жасалған жинақы бөлме. Лиза мен Полина – бір-біріне ұқсамас сұлу, әрі жас келіншектер. Олар фортепиано сүйемелдеуімен жұптаса ән айтуда.
Лиза мен Полина (Бірге).
*Кеш. Қызарған бұлттардың шетінде,
Қызарған соңғы күн сәулесі.
Сол сәуле өзеннің бетінде,
Аспанға оралып сәлдесі.
Барады үзіліп...
Лиза (Ойыны мен әнін доғарып). Сағат сегіз болыпты!
Полина. Шаршадың, шамалы тынық. Өзім-ақ істейін.
Лиза. Шаршағам жоқ. Керісінше, сен сергіп ал. Асүйде тамақпен алыстың ғой.
Полина. Кешкі асты әзірлеу керемет қой.
Лиза. Ал, бөлмені реттеу – маған да мақтан.
Полина. Түрің шаршаңқы көрінеді.
Лиза. Жоқ, олай деме. Қайта, демалыстан қатты қажимын. Екеуміз бірге тұрғалы бері, бос уақытым көбейді. Өйткені, жарты жұмысты сен тындырып, кәдімгідей жүгім жеңілдеді.
Полина. Асыра сілтеп жібердің, Лиза.
Лиза. Жоқ, Полина, артық айтқандық емес. Жалғыз өзім қалайша үлгергем, таңғалам.
Полина. Сені Виктор: «Ісіне тиянақты», – деп мақтайтын.
Лиза. Иә! Бірақ, өзімді әйел емес, жұмысқа жегілген аттай сезінетінмін! Саған рақмет!
Полина. Не үшін?
Лиза. Көшіп келгеніңе!
Полина. Лиза, алтыным, қайта мен саған рақмет айтуға тиіспін.
Лиза. Қой, қайдағы жоқты сандалма! Тұрлауы жоқ тұрмыстан құтылып, жанды жадыратар жаңа сезімді, қалыпты байланысты қалағам...
Полина. Ал, мен шаңырақ шаттығы мен баяндылықты аңсадым.
Лиза. Қазір көңілім – тоқ, көйлегім – көк.
Полина. Менің де!
Лиза мен Полина (Қосылып ән салады).
*Бәрі де тып-тыныш,
Тыншыған тоғайлар.
Жұмақ жел зефирдің ескені секілді,
Сезімтал талдардың үрейі секілді.
Полина. Дауысың әдемі екен.
Лиза. Ал, сен – тамаша жұпсың.
Полина. Дастарқан жаюым керек.
Лиза (Орнынан көтеріліп). Саған емес, маған де!
Полина (Бітімгерлікпен). Қатар істесек қалай?
Лиза. Сонда, көңілдірек болады, иә?! Ақылыңа бас идім, Полина!
Екеуі дастарқан жая бастайды. Қимыл-қозғалыстарынан қамсыздық, сабырлық, кербездік пен әйелге тән нәзіктік сезіледі.
Полина (Үстел үстіне қардай аппақ дастарқан жайып). Шашың өзіңе тамаша жарасып тұр!
Лиза (Айнаға қарап). Соны өзім де сезем. Кеше Виктордан сөгіс естідім. «Неге шашыңды ертерек жібермегенсің?» – деді.
Полина. Не деп жауап бердің?
Лиза. Сенің кеңесіңнен кейін солай істегенімді айттым (Үстел үстіне фарфор мен хрустальдан жасалған ыдыс-аяқтарды тізіп). Шұңғыл тәрелкелер қажет пе?
Полина. Бүгінге көже жоқ. Тек салат, балық, саңырауқұлақ, қуырдақ және суфле бар.
Лиза. Виктор келерде киім ауыстырасың ба?
Полина. Солай-ау, сірә.
Полина киімін ауыстыруда. Лиза дастарқан жайып әлек.
Көрікті көрінем бе?
Лиза. Ғажап!
Полина. Сен сыйға тартқан көйлек қой.
Лиза. Мұны Виктор да ұнатады.
Полина. Ол осы көйлекті таңдағандағы талғамыңды сүйеді.
Лиза. Жоқ, ол осы көйлекті киіп тұрған сені сүйеді.
Полина. Қайсысын қоярымды білмей тұрмын, бақытгүлді ме, әлде қалампырды ма?
Лиза. Қалампыр дұрыс-ау. Бірде, Виктор қызыл гүл мен ақшыл виноны жақсы көретіндігін айтып қалған еді.
Полина (Гүлдерді вазаға салып). Онда, шарапқа арналған түрлі-түсті фужерлерді шығару керек. Кешкі астан соң не істейміз?
Лиза. Қандай ұсынысың бар?
Полина. Виктор екеуің театрға немесе қонаққа барып келіңдер.
Лиза. Сен ше?
Полина. Мен балаларды ұйықтатып, қасында отыра тұрам.
Лиза. Кеше де бала қарап ең ғой.
Полина. Өткен аптада сен қарағансың.
Лиза. Бір-бірімізбен санаспайық, мен үйде қалам.
Полина. Жоқ, Лиза, осы кезде көнбеспін.
Лиза. Қарсы сөз айта алмаймын, сонымды әркез пайдаланып кетесің. Ендігіде, бүйтіп еркінсітпеймін.
Полина. Ғафу етші, көңіліңе дақ салдым ба?
Өкпелі үнсіздік. Полина шыдай алмай, Лизаны құшағына қысады.
Кешірші мені, алтыным. Не жын түрткенін өзім де түсінбей тұрмын. Виктор екеуің сергіп, серпіліп келсе деп ойлап ем ғой. Егер, құп көрсең, жақсы, өзім-ақ қыдырайын. Тек өкпелемеші, мақұл ма?
Лиза. Не үшін өкпелеймін, Полина? Мен ғой қырсығып отырған. Қаласаң мен-ақ барайын. Бір өтініш айтсам ренжімейсің бе?
Полина. Жоқ.
Лиза (Ұялыңқырап). Бүгінге орын алмасайық. Мазам болмай тұр.
Полина. Шаршаған екенсің ғой.
Лиза. Аз-маз ғана.
Полина. Жақсы, алтыным. Бүгін менің де көңілім көктемдей боп тұрған жоқ, бірақ сен өтінгенде қалайша бас тартам?! Әзірге креслоға отырып тынығып алшы (Лизаның қолындағы шанышқы, қасықтарды алып, оны креслоға отырғызып, дастарқанды өзі жая бастайды). Расында да, қажыдың ба, әлде басқа бір себеп бар ма?
Лиза. Сенен жасырып қайтейін. Кеше Виктормен ұрсысып қалдым.
Полина. Ұрсысып? Неге?
Лиза. Саған деген көңілі суығанын байқадым. Сөйтіп, ішіме сыймай, ескерту жасадым, есті сөз айттым. Ренжіп қалды.
Полина. Ұсақ-түйекке бола қарым-қатынасты бұзудың қажеті жоқ еді ғой.
Лиза. Бұл мен үшін ұсақ-түйек емес. Кейінгі кездері араларың аса жақсы емес.
Полина. Былай болды! Өткен аптада Викторға өкпе арттым. Өйткені, саған жөнді көңіл бөлмей жүрді. Кешірім сұрады. Бірақ, мен жаза қолданып, одан суынған кейіп таныттым.
Лиза. Екеуміз де ессіз қылық жасаппыз.
Полина. Мүмкін. Тырнақ астынан кір іздеп кінәламай, керісінше кез келген кісіні қадірлеу қажет.
Лиза. Мені қорғап-қоршағаныңа алғыс айтам.
Полина. Саған да рақмет.
Лиза. Адалдығыңа шүбә келтірмеймін.
Полина. Мен үшін үлгісің.
Лиза. Сені бұрындары жек көргеніме таңым бар.
Полина. Мен де сені! Қызық, иә?
Лиза. Және табиғи! О кезде бір-бірімізді жөнді танығамыз жоқ.
Полина. Біздің жағдайдағы басты нәрсе – бір-бірімізді жақын біліп, түсіну.
Лиза. Осыны ойлауымыз мұң екен, жолымыздың түйісе кеткені.
Полина. Өйткені, екеумізге де ортақ дүние көп.
Лиза. Иә. Сондай-ақ, екеуміз де Викторды сүйеміз.
Полина. Және ол да бізді сүйеді.
Лиза. Бұрындары Виктор үшін таласқанымыз, ойлап қарасам ақымақтық екен ғой, ұят-ай!
Полина. Рас айтасың. Махаббаттың мәні – тартып алу емес, сүю ғой.
Лиза. Көп әйелдің қателігі мынада, олар ерді жекешелендіргісі келеді.
Полина. Біз де солардың қатарынан секілдіміз. Мысалы, Виктор бізге ортақ деген ойдан ерекше рақаттанам.
Лиза. Мен де.
Полина. Ол да бізге адал деп сенем.
Лиза. Сондықтан, біз де оған адалмыз.
Полина. Ұмытып барады екем! Бүгін көшеде бір еркек мені мақтап, көңілі барын айтты.
Лиза. Сен не дедің?
Полина. Бетін қайтарып тастадым, әрине.
Лиза. Қалай?
Полина. Ең ескі әдіспен. «Инабатты әйелмін. Күйеуіме берікпін!» – дедім.
Лиза. Сөйтіп?
Полина. Зым-зия болды. Күйеу шын берілген жарды қадірлейтін де шығар, дегенмен еркек атаулы адал әйелді аса жақтырмайды.
Лиза. Көңіліміз шат қой. Алайда, бақытты адамда бақталас көп болады.
Полина. Бұралқы сөз естідің бе?
Лиза. Жай әншейін! Көршім ғой...
Полина. Дөрекі тоғышар әйел! Бізде несі бар екен, осы?
Лиза. Қайдағы жоқ сұрақтарды қойып мазамды алды.
Полина. Сен ше?
Лиза. Сары қатынның сазайын бердім. Махаббат – үшеудің ісі. Бөтен-бөгдеге орын жоқ.
Полина. Сен... Викторды қатты сүйемісің?
Лиза. Иә, әрине. Сен ше?
Полина. Мен де. Бірақ...
Лиза. Бірақ?
Полина. Виктордың жалғыз жары болсам, онымен бірге өмір сүру неғайбыл еді.
Лиза. Сенікі де жөн шығар. Қандай қиын екенін өз мысалымнан-ақ білем.
Полина. Қиын емес, тіпті қолдан келмес шаруа. Мен де жалғыз қатыны болсам, баяғыда-ақ тастап кетер еді. Еркек қалыпты тіршіліктен қашады.
Лиза. Соны әркез есте ұстауымыз керек. Жалғыз жүрмейік!
Полина. Қолдан келгенді істеп жүрміз. Сен – қараторысың, мен – аққұбамын. Киіну үлгіміз де ұқсамайды, сенде нәзіктік басым, ал мен спорттық киімдерге әуеспін.
Лиза. Бұл да аздық етеді. Жан дүниеміз де әр алуан болғаны абзал.
Полина. Түсінбедім.
Лиза. Сен жайдары, көңілді, ал мен терең, парасатты боп көрінгенім жөн.
Полина. Еркектер қайсысын ерекше жаратады?
Лиза. Екеуін де.
Полина. Мақұл, онда мен желөкпе-жеңілтектеу, ал сен салмақты, байыпты бол.
Лиза. Кейін орнымызбен ауысамыз.
Полина. Әркелкілікті әңгіме еттік, негізгі нәрсені ұмытпайық.
Лиза. Нені меңзеп тұрсың?
Полина (Көзін төмен салып). Бірде айтып қалып ең ғой, ол сенің мойныңнан өбкенді ұнатады деп.
Лиза (Ол да көзін төмен салып). Иә.
Полина. Онда, мен оған иығымды тосып отырайын.
Лиза. Дұрыс айтасың, осы туралы шындап сөйлесуіміз керек.
Полина (Жайылған дастарқанға көз тастап). Дайын болған сияқты.
Лиза. Виктор кешікті ғой.
Полина. Бір нәрсеге ұшырап қалған жоқ па екен?
Лиза. Сабыр ет. Болмашыға уайымдай бересің.
Полина. Білем. Мәселен, кеше сен кешіккенде, мәшіне соғып кетті ме деп ойладым. Енді, қайттік деп алаңдадым. Жаман болдым, рас!
Лиза (Жымиып, Лизаны құшақтайды). Көріп тұрғаныңдай, басым – аман, бауырым – бүтін!
Полина. Алдынан шығып күтіп алсақ қалай?
Лиза. Ендеше, тағы да ән салайық. Көңілдегі алаң басылып, жайланып қалар.
Полина фортепианода ойнайды. Лиза Полинаның иығына қолын артып, екеуі әнге басады.
Полина мен Лиза.
*Кеш. Қызарған бұлттардың шетінде,
Қызарған соңғы күн сәулесі.
Есік қоңырауы безек қағады.
Лиза. Әне, Виктор да келді.
Полина. Құдайға шүкір!
Екі әйел асықпай-аптықпай, әдемі ырғала айна алдына кеп, шаштарын жөндей бастайды.
Есікті ашайын.
Лиза. Қажет емес. Өзінің кілті бар. Одан да, Викторды музыкамен қарсы алайық. Екеуміз қосылып ән салғанды ұнатады, ол.
Екі әйел қайтадан фортепиано жанына жайғасады.
Лиза мен Полина (Бірге).
*Мөп-мөлдір тыныштық,
Бәрі де ұйқыда.
Шымылдық.
Өлең жолдарын ақын, жазушы, драматург Жантас Еркін аударды.
Мәдениет порталы