ГҮЛДЕРШашырап шыққан күннің перзенттері,Әсем гүл қызыл ала өрнектері,Махаббат, сұлулықтың белгісі де...
Ханбибі ЕСЕНҚАРАҚЫЗЫ: Кейде өлеңіме тым ауыр жүк артып жіберген жоқпын ба деп аяймын...
Әкемнің мектебі
– «Беу, далам, қызыңмын, еркемін, Құлпырам гүлің боп төсіңде. Елжірей саған сыр шертемін, Үндемей қалсам, сен, кешірме» деп өзіңіз жырлаған едіңіз. Сізді көбі тіке айтатын, өткір мінезді адам дейді ғой. Өз пайдасын ойламай, халықтың мүддесін түгендеп жүреді дейді. Шынымен, үндемей қалған кезіңіз жоқ па?
– Ғабит Мүсірепов ағамыз: «Халқының қорғаушысы да, қамқоршысы да, жанашыры да – жазушы. Адамзаттың адалдығы үшін күрес, ел билейтін пенденің ойының адаспауы үшін, қара жердің тазалығы үшін күрес» депті. Мен өзімнің жеке басыма қарата айтылған әділетсіз пікірлерді үндемей қабылдауым мүмкін, ал халыққа жасалынып жатқан қиянатқа, ел билеген әкім-қаралардың астамшылығына, бұра тартуына төзбеспін. Ондай жерде айтып қалатыным бар.
– Тағы бір өлеңіңізде «әлдилеймін өлеңді» деп жазып едіңіз. Өлеңді көп әлдиледіңіз бе, болмаса күйбең тіршілікті, тұрмысты ма?
– Екеуіне бірдей қарадым. Дей тұрсақ та, күйбең тіршілік, тұрмыстағы тауқыметтен арылуың мүмкін, ал өлең сенің қаныңда. Одан қалай құтыларсың?!
– Өлеңдеріңізде мінез, өткірлік, турашылдық бар. Өмірдегі мінез бен өлеңдегі мінезіңіз ұқсас секілді. «Адамның мінезі – оның тағдыры» деген сөз бар. Жалпы, турашылдықтан, тік мінезден тапқаныңыз көп болды ма, жоғалтқаныңыз ба?
– Оны өзің де біліп отырсың. «Турасын айтқан туғанына жақпайды» дейді. «Тік мінез» дегенің – бет-жүзіңе қарамай шындықты айту ма? Менің «тағдырыма әсер етеді» деп шындық айтылмауға тиіс пе? Адамға тосыннан келіп қалған ой – толғағы піскен, жарық дүниеге асыққан бала емес пе? Әрине, тосыннан айтылған сөз тағдырыңды күрделендіретіні рас, бірақ қандай болғанда да ол өз тағдырың. Маңдайға жазылғанын көрерсің. Төзуге тура келеді.
– «Әкеммен диалог немесе шындықпен бетпе-бет» деген жазбаңызда әкеңіздің өлең жазуға қарсы болғанын жазыпсыз. «Абайдан артық жаза алмассың бәрібір» деген бе? Күләш Ахметованың да әкесі дәрігерлікті оқытқан, ақындыққа барғанын онша қаламаған… Жалпы, көбі, әсіресе, қыз баласының ақын болғанын қаламайтын секілді. Неге?
– Әкем Есенқара білімді, тарихшы, шежіреші кісі еді. Ақын екен. 4-5 жасымда ғой деймін, айдың сәулесі молынан құйылып тұрған, жаздың әдемі бір түнінде сандықта сақталған көп қағаздарды тысқа шығарып, өртеп жатқанын көріп ем. «Абай болмаған соң, өлеңді қою керек!» деп қатулана айтқаны күні бүгінге дейін көз алдымда қалып қойыпты.
Өлеңнің ауыр жүгін қайыспай көтеретін, рухани қуаттылық қажет екендігін білмеді дейсің бе? Маған «Өлең жазба!» дегенде, артқан жүгі орта жолда ауып қала ма, жаңа көктеп келе жатқан жас өскін, қырауға шалынып, үсікке ұрынып қала ма деген үрейден туған әкелік махаббаты шығар.Алғашқы өлеңдерімді сын найзасына іліндіріп, аяусыз сынағаны рас. Мені шыңдағысы келген шығар… Үмітін ақтай алдым ба, жоқ па, білмедім… Мен әдеби ортаға кездейсоқ емес, қатал сыншы – әкемнің мектебінен өтіп, үлкен дайындықпен келген адаммын.
Бөркіңді өзгертсең де, көркіңді сақтап қалу – өте күрделі
– Бір өлеңіңізде жолдасыңызға «бас иіп өтетініңізді» жазған едіңіз. Сізді ақын қыздардың ішінде даралап тұрған «Нұрикамал» әні сол сөзіңіздің дәлелі деуге бола ма?
– Түтініміз бөлек ұшып, қазанымыз бөлек қайнағаны болмаса, кезінде өкпелегеніммен, ызаланып, жамандық тілеп көрмеппін. Айырылысар сәтте: «Біреуіміздің бақытты болуымыз керек қой, сен-ақ бақытты бол!» дедім. Ұрыс-керістен де ауыр сөз бар екенін сол сәтте түсіндім. Көзіндегі жасын көрсетпей, теріс айналып кеткенінен соны ұқтым. Ол бәрібір менің өмірімде болмаса да, өмірбаянымда қалары хақ!
– Бүгінгі күні жастардың ең таңдаулы жазушысына айналған Мұхтар Мағауинде «қазақ емессің деді ғой» деп төбелес шығаратын кейіпкер бар. Сіз де «қазақ» атын биік қойып, қастерлейсіз. Ал қазақы менталитеттің аяғыңызға тұсау болған кездері жоқ па? Мәселен, қазақ қыздарын ұяң қылып тәрбиелеген деп жатады. Ал сол ұяңдық, ұялшақтық кейде шарасыз күйге түсіреді… Қадыр ақын айтпақшы, «ұят кедергі келтіріп тұрады» кейде… Осы туралы не айтасыз?
– Ұят сөзі – күрделі ұғым. Жас кезіңде бет-бейнеңде көрініп тұрғанымен, есейе келе кеудеңе кіріп, жүрегіңнің түбінен орын алады. Оның атын иман дейді. Сондықтан да ынсапты жандар: «Жиғанымды алсаң да, иманымды алма» деп тілейді.
Ұят сөзінің синонимін кейбіреулер аз сөйлеп, көп жымиятын, ұялшақтық, инабатты болып көріну деп ұғады. Бұл қасиет біздің замандастарымыздың кез келгенінің бойынан табылар еді. Қазір бұл ұғым алыстап кеткен сияқты. Кезінде Маркстің «Өмір – күрес» деген қағидасымен өмір сүрсек, бүгінгілер үшін «Өмір – соғыс» болып көрінетіндей. Адамдар бірін-бірі естуден қалды. Бір-бірінен бірауыз жылы сөзді аяйды. Көзімен атқан, сөзімен атқан, бітіп болмас бәсекелестік, күншілдік. Мұның себебін ойлап таба алмадым. Мұндайда ұят сөзі архаизмге айналғандай.
Сонда бұл не? Қазақы менталитет пе? Солай екені рас болса, бұл менталитет аяғыңа ғана емес, бүкіл жан дүниеңе салынып жатқан бұғау емес пе? Адамды өзгертетін – өмір, қоғам, орта. Қоғамдағы өлшеусіз дамып жатқан үдерістер пендені илеп, иін қандырып, қалыпқа салуға асығады. Бет-бейнең ғана емес, жан дүниең ассимиляцияға ұшырайды. Бөркіңді өзгертсең де, көркіңді (ішкі дүниеңді) сақтап қалу өте күрделі болып тұр. Ал Қадырдың заманындағы ұят сөзі бүгінгіден өзгерек…
Фариза апам «Прозаға ақындық қуаты сарқылғандар барады» деді
– Сіз алғаш қарасөз жинағыңызды шығарғанда, Фариза апа прозаңызды «жуып» беріпті. Прозаңыз үшін алғашқы бағаны Фариза ақыннан алыпсыз. Сол жөнінде айта кетесіз бе?
– Фариза Оңғарсынова туралы жазылған «Шындыққа қарай жүздім мен» деген эссемді оқыған сияқтысың. Бұл кітап 1996 жылы жарық көрген. Ол кезде апай Алматыда, Парламент депутаты еді. Жаз айы болатын. Мен кішкентай қызым Ақмаралмен Совминнің демалыс үйінде демалыста едім. Келе сала апайды іздейтін әдетіммен, соңғы кезде жарық көрген екі кітабымды сыйламаққа апайдың кабинетіне келдім. Амандық-саулық сұрасқан соң кітаптарымды ұсындым. «Махаббатым мәңгілік» деп аталатын өлеңдер кітабымды оң жағына қойды да, «міндетті түрде оқимын» деді. Ал «Шындыққа қарай жүздім мен» деген кітапты ары-бері парақтады да, ұрса жөнелді: «Прозада нең бар? Өзің жап-жақсы ақынсың. Прозаға ақындық қуаты сарқылғандар ғана барады. Мен мұныңды қолдамаймын» деп кесіп айтты. Үндемей шығып кеттім. Ол кітаптағы бір эссенің, тіптен кітап атауының өзі апай жөнінде екендігін айтып үлгермедім. Бәлкім, айтқым келмеді.
Бір етегіңнен балаң тартып, бір етегіңнен байың тартып, азар дегенде Алматыға жетсең, көрген күнің – осы. Бәрі – манап, бәрі – кісі, бәрі – данышпан. Еститінің – әлгіндей зіркілдеу. Көңіл қаяу. Жүрек мұңлы. Демалыс үйіне сүйретіліп жетіп, кешкі тамағымызды көңілсіздеу іштік. Сенің көңіл-күйің балаға да әсер етсе керек, Ақмарал:
– Мама, манағы апай жаман, ә? – деп қойып қалмасы бар ма!
Не дегенмен ақынның қызы ғой. Сезімтал. Үшінші сыныпта оқитын.
– Жоқ, балам, ол кісі жақсы адам. Ақындардың ішіндегі ең жақсы жазатыны – сол, – дедім балаға түсінікті тілмен.
– Ендеше, сен неге жаман жазасың? Саған сол үшін ұрысты ғой, ә?
Не деп түсіндірерімді білмей, теледидарға үңіліп қалдым.
– Мама, – деді қызым, – Шымкентке кетейікші, ол жақта саған ешкім ұрыспайды ғой.
Ақмарал – бірбет, айтқанынан қайтпайтын бала. Фариза апам да жақсы көретін. Ертеректе үйде болғанда, Ақмаралдың басынан сипап, көз өтпесін деді ме, «шамалы» ғой дегені. Сөздің мәнісін түсінбеген бала әйтеуір жақсы сөз емес екендігін сезінгендей апайға қарап: «Ты сама такая» дегені бар. Ол кезде Ақмарал үш жаста еді.Таңғы сағат алтыда телефон шыр ете қалды. Ол кезде сотка жоқ-ау, шамасы, демалыс бөлмесіндегі телефонның дауысы неткен ащы еді.Тұтқаны көтергенімде:
– Жатырсың ба шәниіп, адамды әуреге салып қойып… – деген апамның (өзінше жұмсартып сөйлегені) дауысын естідім. Дала әлі қараңғы.
– Не болды, апа, сағат қанша өзі?
– Сағат тура таңғы алты. Кеше кешкісін тамақтан соң «не жазыпты өзі» деп прозаңды қолға алғам. Содан, міне, қазір аяқтап отырмын. Жақсы жазылған. Ақын проза жазса, одан лирикалық сарын есіліп тұрады екен ғой. Маған ұнады. Мұны атап өтуіміз керек. Қазанға ет салып қойдым. Сағат тоғыздарда машина барады. Ана «шамалыны» алып кел, қалдырып кетпей! Жуамыз! – деді.
Дастарқан басында «Талант тағдыры» деп аталатын ауылдағы бақташы-суретші туралы жазған шағын повесімнің ұнағанын айта келе, «Шынымен, король сыйлығына ие болды ма?» деп, қызыққанын байқатты. «Керемет! Керемет! Үлкен шығарманың бастауы сияқты. Ауылда қарап жатпапсың. Бізді өсіретін де, өшіретін де өзіміз ғой. Жалқаумыз» деп қосып қойды.
– Ал өзі жайлы эссеге ештеңе демеді ме?
– 2004 жылы «екі бесті» атап өтпесек болмас деген облыс әкімі Болат Жылқышиевтің бастамасымен менің 55 жылдық мерейтойым аталып өтетін болды. Алыс-жақыннан қонақтар шақырылды. Облыс әкімінің құттықтауынан кейін сөйлеген ақын Қадыр Мырзалиев көшелі сөз айтты. Одан кейін театр сахнасына Фариза Оңғарсынова көтерілгенде, жұрт сілтідей тына қалды.
– Сендердің мына Ханбибілерің мен туралы «Шындыққа қарай жүздім мен» деген эссе жазыпты. Онда менің ылғи көлеңкелі жағымды – кемшіліктерімді теріп жазыпты, – деді, өзіне тән жұлқи сөйлейтін әдетімен, оның ішінде сен де барсың, Мархабат! – деп, сұқ саусағын менің жанымда кешті жүргізіп отырған әріптесіме қарай бағыттады. Зал бос қалғандай. Қымс еткен үн жоқ. Халық іштен тынды. Қазір бір сойқан басталып кетпесе деген үрей баршаны билеп алған. Мен «қай сау сиырдың жапасы едім» бірнәрсе деп қала ма деген жұртшылықтың көздері жаутаңдап, үнсіз тыңдап қалды.
Аудиторияның қыр-сырын терең меңгерген ақын аз пауза жасап алып:
– Бірақ жазғанының бәрі шындық. Бұлтара алмайсың! Шындықты айтпаған ақын – ақын емес! Ақындықтың бір аты – батырлық! Ханбибі, мен саған ризамын, сен менен оздың! Апайдың сөзі овация тудырды. Біреулер «жарайсың» деп айқайласа, біреулер ысқырып, аямай соғылған алақандардан зал теңселіп кеткендей болды. Халықтың махаббаты осы шығар деп ойлануға мұрша келмей, өз құлағыма өзім сенбей:
– Не дейді, – деп, жанымдағы әріптесіме шүйліге қарадым.
– Менен оздың! – дейді, – деді жайбарақат.
– Қой, мүмкін емес олай айтуы!
Сенің кіремегеніме қарап:
– Ертең бейнежазбасын көресің ғой, – деп нақтылады да, – бар, апай жанына шақырып жатыр!
Орындыққа шегеленіп қалғандай, әл-дірманым құрып, апайдың жанына әзер жеттім.
– Мына аққу мамығынан жасалынған жағаны иығыңа саламын. Көңілің сияқты иінің де ағарып жүрсін! (Сүйісуді ұнатпайтын екеуміз де бетімізді бетімізге жақындатып қана қойдық) – Ал мынау – кешіңнің қарсаңында ғана қолыма тиген он томдығымның сүйінші данасы, мұны да саған сыйладым! Менің өмірдегі қабылдаған сыйлықтарымның ішіндегі ең мәртебелісі де, қайта қайталанбайтыны да осы болды. Қайран, ақын! Қайран, апам!
– Апай, сізді замандастарыңыз «спартандық» тәрбие алған дейді екен. Неге?
– Әке-шешеміз өбектеп, ешбіріміздің бетімізден шөпілдетіп сүйіп, шектен тыс еркелетіп, «соқыр махаббатын» танытпапты. Жақсы көргендігін көзінен танитынбыз. Әсіресе, мен отбасында баланың үлкені болған соң ба, «арнайы махаббатқа» ие бола алмай, кейінгі алтауын әке-шешеммен қосыла тәрбиелеген сияқтымын. Жалпы, өмірімде ешкімге еркелеп көрмеппін. Отбасындағы қаталдық өмір жолдарымда да көп кездесті. Оның да мінезге әсер етуі мүмкін.
Өлең деген қауқарсыз, дәрменсіз сәби сияқты
– «Арсыздыққа санамды билетпеген,
Пысықайлық жолдарын үйретпеген.
Ащы өлеңнің көзінен жас парлатып,
Жетектеген жетімдей сүйреп келем» депсіз ғой. Өзіңіз сүйреп келе жатқан жетім жырды ауырсынған кезіңіз болған жоқ па?
– Мен ауырсынбаймын ғой, өлең ауырсынбаса… Өйткені өлеңнің де жаны бар. Көзі, құлағы бар. Кейде өлеңіме тым ауыр жүк артып жіберген жоқпын ба деп, өлеңді аяймын, одан кейін өзімді аяймын. Жан сырымды өзім жазған жырларыма қосылып жылайтын күндерім де болады. Өлең деген қауқарсыз, дәрменсіз сәби сияқты ғой…
– «Өлең, шіркін, өсекші жұртқа жаяр». Томаға-тұйық, оқшау, тасада өмір сүруді аңсаған, қаламгерліктен шаршаған кездер болды ма?
– Қара жұмыстан шаршау бар, санаға түскен салмақ одан ауырлау ма деп қаламын. Соңғысын жұбата да, көндіре де алмайсың. Қатты шаршағанда, көңіл құлазығанда сүйенерге тірек іздейсің. Өзіңнен кейінгі бауырларыңа сүйеніп жарытпассың, балаларға салмақ салудан екібастан аулақпын. Менің тірегім де, арқа сүйерім де – өлеңім. Әділетсіздікке тап болып, қиянат шеккенімде мені жұбататын, қайғымды бөлісетін де – осы өлеңдерім. Сондықтан кейде «өлең мені сақтады» деп, өлеңіме ризашылығымды да білдіріп қоятыным бар.
Адам баласына келген қуаныш та, қайғы да қонақ. Ұзақ тұра алмайды. Ғалымдардың айтуынша, ол сені небәрі екі-ақ минут билейді. Қалғаны – оның салдары. Ал шаршау, шаршамау – сенің өмірден өз еркіңмен алған еншің. Кейде шаршағаның басыла қоймай, біраз уақыт маңайлап кетпей қоюы мүмкін. Ондайда біреулерден үміт еткеннен гөрі, өзіңді-өзің қамшылап алған жөн деп ойлаймын.
Ей, Ханбибі, атың бар Хан-Би деген,
Өмірің өрілген жоқ әлдименен.
Заманың адамымен қоса шауып,
Қамырдай тегешке сап, жанды илеген.
Ішіңде ұлыған ит өліп жүр ме?
Артыңнан ақ сайтаның еріп жүр ме?
Жақсы ана, талантты ақын, қайраткерден,
Жаман кемпір жасағың келіп жүр ме?
Сырт көзге шымырлаған тереңдейсің,
Тереңге неге озып, теңелмейсің?
Ақсақ түйе секілді көшке ілеспей,
Шаршасаң – «шаршадым» деп неге өлмейсің?!
Шын мәнінде, біз өзімізбен күресе алмаймыз, өзімізді жеңе алмай жатамыз. Өзіміз туралы айтылған қатал пікірді қабылдағымыз келмейді. Керісінше, өзімізді дәріптегіміз келіп тұрады. Бұл мінез – жас ақындарға тән максимализм. Біздің жаста барынша талапшылдық, барынша қаталдық керек деп ойлаймын. Пышақты бос ұстасаң, қолыңды кеседі. Өзгенің сынына ұшырамайын десең, өзіңді-өзің сынап бақ. Менің принципім осындай.
– Сіз ара-тұра оқырманмен кездесіп, сұхбат жасап жүрдіңіз ғой. Бірақ Шымкентте авторлық кешіңіз өтіпті. Алматыдан кейін… Бұл шымкенттіктер сізге шенеунік деп қарағаннан емес пе?
– Оған онша мән берген емеспін. Сол кештердің авторға беретін стимулы шамалы. «Шенеунік» десін, демесін, мен алдымен ақынмын.
– Алаш арыстарының мұрасын жаңғырту жолында көп еңбектенгеніңізді білеміз. Бүгінге дейінгі саналы ғұмырыңызда қазақ үшін жасаған, өзіңіз көңіліңіз толып айтатын ең үлкен олжам не деп ойлайсыз?
– Меніңше, 25 томды құрайтын «Ақжол» кітабы, қала берсе, өз шығармаларым.
Назира БАЙЫРБЕК