Жүрекке оралу

ӘДЕБИЕТ
4894

Қалада жаңбыр аралас қар жауып тұр. Терезенің ар жағындағы әлем менің жандүниемнің арпалысын суреттемесе де, «менікі» дегенді жақсы көретін өзімшіл болмысым табиғат картинасы мен «Меннің» арасынан үйлесімділік іздеді. Жаурасам да жылы киім кимедім. Өзгелерді ғана емес, өзімді де азаптағаннан адреналин алатын өзімшілдігімнен емес, жалқаулығымнан да емес, күннің жылығанына алданып, өз бо­йымнан түсініксіз ауырлықты сезінген­діктен, көктемнің ортасында қалың киім­дерімнің бәрін садақа ретінде таратып тастап едім.

Есіктің қоңырауы қайта-қайта шырылдады. Есікті іштен бекітпегендіктен, келген қонақты қарсы алуға бармадым.

– Үйдесің бе? – деп, өзіне тән биязы­лықпен үн қатты.

«Соқырсың ба? Үйде екенімді көріп тұрсың ғой». Жауап қатпастан басымды үнсіз изедім.

– Үйің суық қой. Жаурамадың ба?
«Жігіт болсаң, жемпіріңді шешіп, иы­ғыма жап».
Орта бойлы, атжақты, шашы аздап толқындау, мұңлы, ақылды көздерімен айналасын зерттеп, сақтанып тұратын биязы, білімді, бірақ өзіне аса сенімді емес жігітпен ешқашан еркін, ашық-жарқын сөйлесе алмаймын. Пәтері менің жалдап тұратын пәтеріме көрші орналасқан.
Ол менің ойымды оқып қойғандай күлгін түсті қалың жемпірін шешіп, иығыма жапты. Жемпірден аздап темекінің күлімсі исі шығады.
«Бұл темекі шекпеуші еді ғой…».
Ол менің ойымды тағы да оқып қойған­дай күлімсіреп:
– Подъездегі екі бойжеткенмен бүгін сөйлесіп едім, солар шеккен темекінің исі ғой, – деді.
«Екі бойжеткені» – төменгі қабатта тұратын тоғызыншы сыныптың екі оқу­шы­сы.
– Сен тағы да оларға «темекі денсаулыққа зиян» деп лекция оқыдың ба? – дедім, әдеттегідей екеуара диалогтағы сөзімді қайталап. – Әйелі бар еркекке ғашық болу, күндіз-түні соны ойлау, «әйелінен қайтсем де тартып алам» деп жоспар құру да күнә ма? Біреуді жақсы көру, онымен тағдырыңды қосуды армандау – қалайша күнә болады? Сеніңше, мен де күнәһармын ғой, – деп, оның ақылды көздеріне жаратпай қарадым.
– Сен онымен ешқашан өмірде бетпе-бет кездескен жоқсың ғой. Сен күнәһар емессің, сен – өз қиялыңның құрбанысың. Оған деген сезімің осыдан бес жыл бұрын оянса, осы күнге дейін онымен кездесуіңе болар еді ғой. Саған өз қиялыңмен өмір сүру ұнайды, сол себепті, сен онымен кездесуден қашасың. Кездессең, оны мәңгілікке жоғалтып алатыныңды білесің. Бұл психологиялық соққыны сенің нәзік жүйкең көтермейді. Оған деген сезім, құштарлық сенің әлсіз жүйкелеріңді емдеп, сенің өмір сүруге құштарлығыңды арттырады. Саған өзіңді сақтау үшін осы рөлді ойнау ұнайды. Сен оның, жалпы ешкімнің сенің өміріңнің режиссері болғанын қаламайсың. Әйел жаратылысы ретінде сенің ең басты қателігің – осы. Өзіңді-өзің азаптап тағы да осылай қанша жыл өмір сүресің? Тағы да бес жыл ма, әлде он жыл ма? Әлде отыз жыл?..
– Отыз жыл? Менің ендігі ғұмырым отыз жылдан аз…
– Адам өз ажалын өзі шақырмауға тиіс. Адам өз өмірін болжай бастаған кезде қасында шайтан тұрады, – деп, Санат маған жаратпай қарады.
– Мен оның екінші әйелі болуға да намыстанбас едім, – дедім.
Ол мені естімегендей терезеден далаға көз салды. Өлген кептерді шұқып жеп жатқан қарғаның әрекетін үнсіз бақылай бастады.

– Бала кезімде шешем есік алдындағы керілген жіпке жаңа сойылған малдың етін тізіп жайып, мені етті қарауылдауға қоятын. Кітап оқып отырып, етті ұмытып кететінмін. Қарға шұқып, шұқып, етті жерге түсіретін. Көрші үйдің бұралқы иті келіп, жерге түскен етті алып қашатын. Мен иттің артынан қуып шаршайтынмын. Мен итті қуып жүргенде қарға етті тағы да шұқып, жерге түсіріп, ол етті басқа көршіміздің иті жеп кететін. Мен өкпем өшкенше, екінші итті қуалаймын. Жете алмағасын ызаланып, тас лақтырып, ұратынмын.
Өмір кейде қарға мен иттің арасындағы қарым-қатынасқа ұқсап кетеді. Қарға ешқашан итті етпен тойдыру туралы ойлаған емес. Қарғаның мүддесі – өз қарнын тойдыру. Саясат сахнасындағы «қарғалардан» қалғанды «ит» секілді пысықтар жымқырып кетсе, өз қазынасына ие бола алмаған халық «қарғалардың» емес, «иттердің» артынан қуып жүреді. Себебі, қарғаға қарағанда өкпесі өшіп, тілі салақтап, әйтеуір бір итке жетуге болатынын біледі. Бұл ойын неше жылға созылады? Жалпы, бұл ойынның тарихына қаншама жыл? Бұл ойын атадан балаға, немереге мирас болып қалып жатыр. Формуласы, ережесі бар бұл «зұлымдық ойыны» да барлық ойындар секілді зерттелуі керек қой. Оны зерттеуге ең батыл, шыншыл, принципшіл адамның өзі батпайды. Себебі, бұған дейін зерттеуге талпынғандардың өмірі өліммен аяқталғанынан қорқады, – деді, мұңлы көздерімен ренішін жасыра алмаған ол.
Ас бөлмеге өтіп, шай қойып жатқанымда да Санат сөйлеп жатты. Оның бір сөзін естіп, бір сөзін естімедім. Дастархан жаймастан, қолына қант қосылған шайы бар кесені ұстаттым. Ол бетіме таңдана қарады. Үйде ешқандай азық-түлік жоғын, кеше қара суға күріш қайнатып жегенімді, бүгін де құр күрішті қайнатып жейтінімді жалған намысшылдықпен оған айтып, мұң шаққым келмеді.
– Маған өзімнің жандүниемдегі арпалысты жеңу ғана маңызды, – дедім, шаршағанымды жасыра алмай.
– Ішкі жандүниеміздегі арпалыс көбіне-көп өз «Мендігімізден» өзге «Мендікті» жоғары санайтынымыздан туындайды. Ал сыртқы көрініс мүлдем бөлек. Өз «Мендігіңді» өзге «Мендіктерден» жоғары қоясың, әманда өз «Мендігіңнің»үстемдігі үшін күресесің. Күрес. Жеңіс. Жеңіліс.
Мен одан шаршай бастадым. Тезірек шайын ішіп, үйіне қайтқанын қаладым.
– Ол ешқашан билікке араласпайды, оның бәрінен көңілі қалған, – дедім бейсаналы түрде.
Санат: – Кім туралы айтасың? – деп, бетіме таңдана қарады. Сосын әлдене санасына жеткендей: – Оны ұмытатын уақыт жетті ғой. Өмір өтіп барады. Өмірді құр қиялмен, иллюзиямен өткізуге болмайды. Жас емессің, тұрмыс құрып, бала сүюің керек, – деп, бетіме жанашырлық кейіппен қарады. – Біздің ғасыр – депрессия ғасыры, бірақ романтиктердің ғасыры емес. Қиялмен өмір сүру адамды Құдайдан алыстатады.
– Прагматиктерді Құдайға жақын деп саған кім айтты? – дедім жақтырмай.
– Әңгіме – романтиктер мен прагматиктер жайлы емес. Қиялмен өмір сүретін адам мына өмірден алыстап кетеді. Өмірден алыстау – Құдайдан алыстауға апаратын қадам. Шынайы өмірдің ережелерімен ойнап жүріп, (отбасын құру, бала сүю) өзіңді жоғалтпай, кемелдендіріп, Құдайды іздеу керек. Құдайды іздеу арқылы ғана баянсыз өмірден мән табуға болады. Рух тәнде ешқашан тыныштық тапқан емес. Аллаға құл болу арқылы ғана жан тыныштық табады. Жан тыныштығын табу – жылдардың, төзімділіктің, шыдамдылықтың жеңісі.
– Құдайды іздеп жүрмін, тек оны таптым дегенде, қайта жоғалтып алам, – дедім. – Мен Құдаймен еш делдалсыз қарым-қатынас жасағым келеді.
Ол: – Жүректегі балансты сақтау – иманға, адамның сеніміне байланысты. Мына өмірде ізгілік жасай алмасаң да, адамдарды жақсы көру керек. Адамды бүкіл кемшілігімен сүйіп, кешіру арқылы Құдайға жақындауға болады. Кешірім – ізгіліктің алғашқы баспалдағы. Надан, тоғышар ғана кешіре алмайды. Адамдарды жек көретін пенделерден қатты қорқамын. Олар зұлымдық жасауға қабілетті. Біреуді ұнату, жақсы көру, сүю – ол қылмыс емес. Әлемді ізгілік, мейірімділік, Құдайға деген махаббат құтқарады. Өз сезіміңнің құлына айналып, бір отбасын бұзу – моральдық қылмыс. Өз арың мен ұятыңның тұтқынына айналып, «моральдық қылмысты жасамаймын» деп өз сезіміңді тұншықтырып, өзіңді шектей беру – бұл жаңалық ашуға, мына әлемді өзгертуге тиіс басты қоқыспен толтыру. Адамның миы да кәдімгі ақпараттық файлдарды сақтайтын флешкаға ұқсайды. Миды артық қоқыстан, вирустан сақтау керек. Адамның басы қоқысқа толса, мимен ғана емес, физиологиялық тұрғыдан да жұмыс істеуге қабілеті әлсірейді, – деді.
– Түсінесің бе, оның менің қиялымдағы үйшіктен шыққанын қаламаймын.
– Оны қиялыңдағы үйшіктен шығарғың келмейтіндей ол – ойыншық емес, адам, – деп, кешірімді жүзбен жымиып, босаған кесені қолыма ұстатты. – Түсінесің бе, сол қиялыңдағы үйшікке оны емес, сен өзіңнің тұлғалық қасиетіңді, арманыңды, өзіңнің «Мендігіңді» жасырдың. Өзіңді өзіңнен босат. Сонда ғана сен ешкімнің құрбандығы емес екеніңді, өзіңнің құрбандығың – өзің екенін сезінесің. Өмір дегеніміз – Сен!
– Өмір дегеніміз – салыстыру ойы­ны. «Салыстыру ойынынан» адамдар «тепе-теңдікті» іздеп шаршайды. Өмірден «тепе-теңдікті» тапқандар Құдайды көбіне ұмытып кетеді, ал таппағандар ұмытпайды. Ұмытпайтыны сол: Құдайға ренжіп, жылайды, ұрсысады, тіпті Құдайға тіл тигізіп, қарғап та жібереді. Өзіне өзі саналы түрде қол жұмсап өлген кез келген адамды ақтап алғым келеді. Бірақ мен о дүниедегі емтиханда қазылар алқасының мүшесі емеспін ғой, – дедім.
– Өзіңді көп зерттейсің, – деп жымиды ол. – Адам өзін зерттей бастағанда алдымен сәтсіздіктерін есіне алады. Әрине, пендені қателіктері өкіндірмей қоймайды. Өкініш – өмірден түңілуге, түңілу – өзіңді жоғалтуға әкеледі. Адам көбіне-көп қабылдаған шешімінің қате екенін біледі. Біле тұра саналы һәм бейсаналы түрде қателікке бой ұрады. Өзінің сәтсіздік деп қабылдаған қадамының кейбірі уақыт өте келе қуаныш пен шаттыққа бөлеп жатады.
– Ал мен өз сәтсіздігімнен бақыт табуға тырысам, – дедім, жұлып алғандай.
Осы кезде оның телефоны шырылдады. Әйелі. Санат жол апатына түсіп, төсек тартып жатқанда ауру күйеуін тастап, орыс жігітпен кетіп қалған.
– Сен әйеліңді кешірдің бе? – деп сұрадым.
Оған деген сезімім болмаса да, әйелінен қызғанатынымды сездім.
– Менің кешірген, кешірмегенім оған түкке де қажеті жоқ. Оны кешіру маған керек. Зұлымдықтан сақтану үшін ғана емес, сол зұлымдықты жасамау үшін де кектенбей, кешіре білуіміз керек. Тұлғалық қасиетіңді сақтап, өзіңді жоғалтпау үшін де кешіруді үйренуге тиіспіз. Әкенің кекшілдігі – ұл баланы әйелдерді қорлап, өш алуға итермелесе, шешенің кекшілдігі – қыз баланы еркектерге зұлым, арам деп қарауға үйретеді. Әйелін жек көретін еркектің, болмаса, күйеуін жек көретін әйелдің балалары психологиялық соққы алғандықтан, өмірге құштар болмайды, олар өмірді ешқашан сүймейді. Өздеріне қол жұмсап өлетін балалардың көпшілігі осындай отбасы құндылығы аяққа тапталған отбасынан шыққан. Ал мен ұлымның ұзақ өмір сүргенін армандаймын. Әйелім өз өмірін сүріп жатыр. Үйленер кезде болашақ жарымның табиғатын терең зерттемеген өзім кінәлімін, – деп, менімен қоштасып, баласымен кездесуге кетті.
Сол сәтте суреттен ғана көрген оның сүйкімді сары баласын көргім келді, бетінен сүйіп, қатты еркелеткім келді. Баласын ғана емес, әкесін де жақсы көретінімді өзіме де мойындай алмас едім.
Сол жылы Мәскеуге магистратураға оқуға түсіп, оны да, баласын да ұмыттым. Оның хаттарын да жауапсыз қалдырдым. Тек өзім өмірде көрмеген, санамның түкпі­ріне жасырған адамды ұмыта алмадым.

2

– Сен ешқашан тұрмысқа шықпайсың.
Артыма бұрылып қарағанда көзінен шайтан қарап тұрған сыған әйелді көрдім.
– Менен бір тиын да ала алмайсың, – дедім дөрекі үн қатып.
Сығанға мысқылдап қарадым. Селк етпеген маған беті мыж-мыж әйел шошына қарағандай болды.
Мысықша атылып келіп, қолымды еркім­нен тыс ұстап, алақаныма қарады. Үн-түнсіз кетіп бара жатқан сыған әйелдің артынан:
– Өмірім қысқа бола ма екен? – деп, бар даусыммен айқайладым.
Ол бұрылып, маған қарай аяғын тез-тез басып келе жатқанда бойымды әлсіз үрей биледі.
Қолымды ұстай бергенде қатты итеріп жібердім. Ол қайыстай қатты қолымен алақанымды ашты.
– Алақаныңдағы тағдыр сызықтары лезде өзгеріп кетті. Сен кімсің? – деп бетіме таңданып әрі қорқып қарады.

3

Көрші үйдің ауласында алты-жеті мысық жүреді. Орыс кемпір үйінен бір келідей тауықтың етін әкеліп, бәріне бөліп береді. Күн сайын дүкеннен мысықтарға тұтас тауықтың етін алып жатады. Қызыл кірпішті үймен бірге құрбым мен орыс кемпірдің төбесін көрдім.
– Бүгін жүрегім орнында емес. Мазам кетіп тұр. Шұбар мысық таңнан бері жоқ. Таңертең де, түсте де тамақтануға келмеді, – деді әжей.
– Өлермен мысықты айтасыз ба? Уайымдамаңыз, ол көрші аулада тамақ жеп жүр, – дедім қалжыңдап.
Мен құдды туған баласын өлермен дегендей орыс әжей жаратпай қарады.
– Қайдағы өлермен? – деп қабағын шытты.
Тоғжан: – Ауладағы бүкіл машинаның үстіне жатып алады. Сосын барлық тамақты өзі жегісі келіп, басқа мысықтармен бөліскісі келмейді, – деп мені ақтап жатты.
Тоғжан маған қарап, қазақшалап: «Мыналар адамнан жақсы тамақтанады», – деп күлді.
Мысықтарды тамақтандырып тұрғанда орыс әжейдің жүзінен бір тыныштықты, мейірімділікті көрем. Маған адамдардың мейірімді жүзіне қарап тұрған ұнайды. Бүгін мені кемпірдің жүзіндегі мейірім де жұбатпады.
– Үйге кірейікші, – дедім құрбыма.
Қонақ бөлмеде киім ауыстырып жатып, шай қойып жатқан құрбыма:
– Бүгін сыған менен, мен сығаннан қашып кеттім, – дедім айқайлап.
– Не дейсің? Түк естімедім.
Сол бес минуттың ішінде оған сыған туралы ештеңе айтқым келмей қалды.
Қонақ бөлмеге кірген Тоғжан:
– Әлгінде не дедің? – деді.
– Сен біреудің екінші әйелі болар ма едің?
– Сен бұл сұрақты бұрын да қойғансың? Жоқ. Мен тұрмысқа шықсам, күйеуімді ешкіммен бөлісе алмаймын, – деп күлді Тоғжан. – Жағдайымды жасаса да, біреудің тоқалы болып, табанында таптала алмаймын. Қызғаныштан күйеуімді не әйелін өлтіріп тастауым мүмкін.
– Жүзің мейірімді. Бірақ көкірегің ішіңе түсіп кеткен эгоиссің, – дедім.
– Сенің бетің бедірейіп тұрады. Барлық мінезің бетіңе шығып тұрады. Бірақ көкірегің ішіңе түспеген. Сен екінші, тіпті, үшінші әйел де бола аласың, – деді ол.
Жоқ, ол мысқылдаған жоқ, қалжыңдаған да жоқ, шынын айтты. Тоғжаннан басқа мені бұл өмірде ешкім жақсы білмейді.
– Сен неге екінші әйел болудан қорықпайсың? Себебі бұрын үйленбеген жігітке қарағанда, әйелі бар еркек тұрмыстық өмірге бейімделген, біраз «редакциялаудан» өткен, – деп күлді Тоғжан. Сосын бетіме аяй қарап: – Өмірде жігітпен жүрмедің, ер адамның тәнін сезінбегенсің, неге екінші әйел болғың келеді? Өмірде көрмеген, қиялыңдағы бейнеге ғашық болатындай жас қыз емессің ғой. Егер ол сені іздеп келсе, саған тіпті ұнамай қалатынына сенем. Сен адамдардан тез шаршап, тез жалығасың. Менен де қатты шаршайтыныңды білем, – деді.
– Оны жақсы көрем деп өзімді өзім алдайтын секілдімін. Тіпті, менің тұрмысқа да шыққым келмейді, – деп шынымды айттым.
– Тағдырыңа тұрмысқа шығу жазылса, тұмыс құрасың. Онда Құдай сенің таңдауыңмен санаспайды. Өмірде жалғыз қалған әйелдер тұрмыс құруға әрекет етпегеннен жалғыз қалған жоқ. Тағдыр жазуы солай болды.
– Өмірге келерде біздің таңдауымызбен ешкім санаспайды. Ата-анамыз кім болады, қай жылы, қай жерде дүниеге келеміз, бауыр(лар)ымыз кім болады, ұлтымыз, нәсіліміз кім болады, біз бұларды таңдай алмаймыз. Жалпы өмірге келгіміз келе ме? Жоқ, таңдау құқымыз жоқ. Әлі дүниеге келмеген, жер бетінде өмір сүрмеген, анасының құрсағында жатқан сәби өмірге келуге талпынады. Егер біздің бәріміз о баста жер бетінен басқа әлемде өмір сүрсек, тіпті жұмақ дейік, «жер бетінде мынандай әлем бар, онда өмір сүргілерің келе ме?» десе, табиғатынан қанағатсыз адам, әр нәрсені біліп-танығысы келген адамның жердегі өмірге ынтасы ауар еді. Бірақ біз өзіміз таңдай алмаған ата-анамызды, бауыр­ларымызды, ұлтымызды, туған жерімізді, тілімізді сүюге тиіспіз. Әділетті ме? – дедім.
– Меніңше, әділетті. Ата-анамыз да, бауырларымыз да бізді таңдай алған жоқ. Ет жақындарымызбен, өзімізді қоршаған ортамен, табиғатпен үйлесімділікте өмір сүре алмасақ, онда өзімізді ешқашан таппасымыз анық, – деді Тоғжан.
– Біздің үйдің көшеге қараған жағында кәрі қарағаш болды. Қарағаштың тарихын маған ешкім айтпаса да, оның соншалықты күтім көрмегенін бір жағына қисайып өскенінен-ақ пайымдауға болатын. Бала кезімізде күн ыстықта кейде сол қарағаштың көлеңкесінде ойнайтынбыз. Көбіне ауладағы өрік ағашы мен алма ағашының астында ойнаймыз. Жас теректер бақшаны жағалай өсіп тұрғанымен, қатты жел соқса, сынып қалатын. Сол теректерді әкем суғарып, өзінше баптап жүретін.
Бір күні болмайтын нәрсеге көрші қызбен ұрсып қалдым. Түсте үйдегілердің бәрі ұйқыға жатқанда ұйқым келмей, көше жаққа шықсам, көрші қыз сіңлісі екеуі қарағаштың түбінде ойнап отыр екен. «Кет, біздің ағаш ол», – дедім. Ол болса, «біздің үйге жақын, бұл біздің ағаш», – деп қоймайды. Олардың үйі біздің үйге қарама-қарсы тұрады. Бұл ағаштың біздің үйдің «шекарасында» өсіп тұрғанын әлгі қызға қанша түсіндірсем де, ол түсінбеді. Оған сіңлісі жақтасып, екеуі мені өздерінің ағашы екеніне сендіруге айналғанда, үйден ұйықтап жатқан сіңлімді оятып, көмекке шақырдым. Сонымен, бір сағаттық «дұшпандарымызды» шекарамыздан қуып шықтық. Кейіннен есейе келе, адам жанының сұлу терек секілді – соншалықты әлсіз екенін және қисық қарағаш секілді – соншалықты төзімді екенін түсіндім, – дедім, балалық шағымның картинасы көз алдыма елестеп.
– Біздің бәріміз де бала кезімізде таза болдық, жүзіміз нұрланып тұратын. Бірақ біздер күнә жасап, Құдайдың сәулесі – нұрымыздан айырылып қалдық, – деп күрсінді ол. – Өткенде аулада жүре алмайтын, қолдары да, аяғы да жансыз інісін еркелетіп, алдына алып, бетінен шөпілдетіп сүйіп отырған он үш жасар баланы есіңе алшы. Сол бала екеумізден әлдеқайда мейірімді. Ал менің әке-шешеме соңғы рет қашан телефон шалғаным есімде жоқ, – деді Тоғжан мұңайып.
Тоғжанның әңгімесінен кейін әке-шешеме көптен бері телефон соқпағаным есіме түсті. Қиын күндерде қасымнан табылған Санатты да мүлдем есіме алмайтыныма аздап ұялдым.
Екеуміз қылмыс жасағандай ұзақ уақыт үнсіз қалдық. Ас бөлменің терезесінен Павелецкий вокзалының мұражайына үнсіз қарап тұрдық.
– Адамның бақытсыздығын қанағат­сыздығы тудырса, сонда қанағатсыздықты қалай жеңуге болады? Рухани аштықты қалай емдеуге болады? Оның да бір емі болуы керек қой, – деді ол әлден соң.
– Пенде бәрінен жалығып кетеді. Өмірде мақсатына жеткен кезде жеңісінің баянсыз екенін түсінеді. Құдайға деген махаббат қана мәңгілік.
Тоғжан әдеттегідей өз әлемінде тұйықта­лып қалды.
– Өмір дегеніміз – мен! – деді әлден соң Тоғжан.
– Уақыт дегеніміз – менің жанарымдағы әлем, – дедім мен.

                                                                                                                                                                                Аягүл Мантай

author

Аягүл Мантай

ЖАЗУШЫ

Шоу-бизнес

Атақты продюсер Баян Мақсатқызы сұхбат барысында өмірінде өткен қиын кезеңдерімен бөлісті, деп хабар...

Жаңалықтар

Бүгін ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен Қ. Қуанышбаев атындағы Қазақ Ұлттық музыкал...