Жадыра Шамұратова. Үйінді астында

ӘДЕБИЕТ
3554

(Новелла)

Былайғы кезде ондай әдеті жоқ еді, акушердің «2-3 күнде босанасыз, қобалжымаңыз, бәрі жақсы болады» дегеніне толқығаны ма, сол түні ұйқысы қашты, төсегінен тұрып, терезеге жақындап, айналаға көз салып біраз тұрды. Сегізінші қабаттан айналаның бәрі анық көзге шалынады. Қарсы беттегі үйлердің терезелері жан-жақтан мың-мыңдап тесірейіп қарап, көшедегі шамдар болса үнсіз, тұнжыраңқы, сұп-сұр қалаға жарық шашып, әрі қашанғыдай бұларды күзетіп тұрды.

Ағаштар симфониялық музыка тыңдап тұрғандай ойлы кейіпте, қоқыс жәшіктері де бірдеңе күткендей, айнала жым-жырт көрінеді. Аслиге ай да күндегідей емес, тым жақын тұрғандай сезілген. Жарығымен қараңғыны жарып өткен көліктің гүрілі де, ауладағы мысықтың мияулағаны да, әлі ұйықтамаған балалардың у-шуы да оған анық естіліп, сол естігеніне көңілі біткен ай да ерекше жаймашуақ секілді. Неге екенін, бұл күні құрсағындағы сәби де біртүрлі мазасызданып аунақши берді. Іштегі балаға жылы сөздің жақсы әсер ететінін білетін Асли оны іштей айналып-толғанды. «Бөбегім, ұйықтай ғой, 2-3 күнде жарық дүниеге шығасың, сол кезде "ұлым келді" деп әкең, "інім келді" деп әпкең қалай қуанады десеңші! Ұйықта бөбегім, анаңа да ұйқы бер». Асли шаршап барып ұйқыға кеткенде түн ортасы болған. Бір кезде жер дірілдегендей болды. Әлде өзінің ішіндегі тіршіліктің жарық дүниеге асыққаны ма? деп ойлап үлгергенше аяғының астындағы жер қозғалып, айнала дүние шыр айналғандай болды...

Ауыр тастар құлап жатты. Миллиардтаған тас бөлшектері, ондаған, жүздеген өлген адамның саусақтары... қираған, бүлінген, тас-талқаны шыққан үйлер... үміттер... армандар... Кеше ғана пәтерлерге көрік берген қымбат жиһаздар, бренд тоңазытқыштар мен желдеткіштер, асыл кілемдер, қымбат киімдер, ғажайып естеліктер мен оқиғаларға толы кітаптар мен картиналар түтіндеп, өртеніп жатты. Тірі қалған, тірі қалса да үрей мен қорқыныштан бір сәтке ақыл-есін жоғалтқан адамдар қас пен көздің арасында қирап қалған қаланы көргенде естанды күйге түсіп, мағынасыз, ерсілі-қарсылы сенделе берді. Ал үйінді астында қалғандары ше? Олардың есебін ешкім білмейді. Олар еш дауысты естімей жоғалды, олардың сол сәттегі жанұшыра айқайлаған, шыңғырған үніне ешкім құлақ түріп үлгермеді, олардың сол сәтте жанарында не бар еді, оны да ешкім көре алмады. Олар жердің жарығына түсіп жоғалды. Бұл түні дүние мелшиіп қатып қалды, ешбір жаңғырық естілмеді, желдің екпіні сезілмеді, қала үйлерсіз, үйлер есік-терезесіз қалып, лақтырып тасталған, қаңғып қалған адамдар меңірейіп, олардың сұрақтары жауапсыз, бос ауада ілініп қалды.

Адам дегеннің бар болғаны молекула екенін дәлелдегендей, жаңа ғана үстел басын толтырып отырған бір үйлі жан түгел бір сәтте мың сан бөлікке бөлінген күйі шашылып кетті. Құстар шошынып басы ауған жаққа ұшып, судағы балықтар мезгілсіз шолп етіп, босап қалған қала шаң-топырақ пен цементтің тозаңына бөгіп, ешкім ешкімді танымады. Танымаса да жанталас кешіп, қираған баспалдақ, жыртылған тұсқағаз, қақ бөлінген мұнаралар мен есіктердің үстінен басып өтіп, «тірі қалған біреу болса тезірек құтқарайық» десіп, бірін-бірі жан-дәрмен іздеуге кірісті. Қабырғалар, фасадтар, бетондар мен темірлер, үйінділердің арасынан өлген немесе шалажансар денелерді шығарып алып жатқанда сол адамдардың қан қатқан бетіне, қорқынышқа толы ессіз жанарына, жұлынып кеткен қол-аяқтарына қарауға дәті бармай, айдың өзі жүзін жасырған. Бір сәтте ақыл күші мен қайратынан айрылып, сенімі адыра болып, аяқ астында тапталған, кеудесінде жаны болса да естанды болған сәтінде «құдайсыз қалған» адамдар бәрі бірігіп ең болмағанда қараңғы түннің құшағынан пана іздейді. 

Осы ессіз, құтырынған, өзінен-өзі діріл қаққан түннің өзінде олардың тоңған жанын жылытатын бірдеңе бар сияқты көрінеді. Олар енді тек сол арқылы тірі қалатындай еді. Бір кезде бәрінен, мұздаған жанын жылытар деп үміт еткен түннен де көңілі қалған олар енді күннің шыққанын күтеді. Күн шықса бәрі қалпына келер дейді ішкі үміттері. Бірақ күн шыққанда көргендерінен көздері тас төбесіне шықты. Адамдар қас-қағымда қоқысқа айналыпты. Қоқысқа айналу қиын емес екен. Денелер бетон плиталар, кірпіштер, резина дөңгелектер, алмалар, қағаздар, әйнектің сынықтарымен бірге араласып, шашылып жатты. Осы кезде баяғы армандарынан, оңашада әлдилейтін қиялдарынан айрылған адамдар осы мәңгірген кеңістікте қайтадан жанталас кешіп, ерсілі-қарсылы жүгіре берді. 

Тастай қараңғы, суық жерде жатқан Аслиге ажалдың демі жақыннан білінді, мұздай суық қол тым жақында, дәл қасында тұрған сияқты. Ол мұның кеудесіне салмағын салып баса түседі. Бір кезде әлдеқайдан бір соқыр үміт елес бергендей болып, соны уысында қатты ұстаған күйі қайтадан есі ауып кетті. Есін жиғанда тамағына жүрек айнытатын күлімсі иіс, әлдебір шіріген дәм келгендей болды. «Бұл жерде ауа да өліп қалыпты» деп ойлады бір сәт. Біреу иығынан қысқандай, жон арқасынан суық жел ескендей болды. «Әруақтар шығар». Арқасына қатты бірдеңе батып бара жатқандай болғасын тар жерде құрт секілді ирелеңдей қозғалып төменге қарай жылжығаны сол, аздап болса да тынысы кеңігендей болды. Әлдеқайдан, бұл отырған жер мен сыртты бөліп тұрған қарғыс атқыр бетонның ар жағынан қаңғыр-күңгір дауыс шыққандай болды. Ия, ия, ол естіді! Бұл өзі астында жатқан үйіндінің үстінен біреулер жүріп бара жатқандай. «Мұндамын! Мен мұндамын!» деп айқайлағысы келген, даусы шықпады. Қайтадан құлақ түрді, ер адамның зар еңіреген даусы алыстан естілді. 

– О, Алла! О, Аллам! Бір түнде осындай болды! Бір түнде жоқ болды мына қала! Менің балаларым, әйелім, үйім... бәрі жоғалды! Бес балам...қайда олар?

Бір кезде әлгі адам есіріктене қатты қарқылдай күлді. Оның даусы біресе естіліп, біресе үзіліп, күлкісі жер астында жатқан бұған иттің қысқа-қысқа қыңсылына, соқырішегі жарылып кетіп қиналған адамның ыңқылына ұқсап естілді. Қирандының астында жатып бұл да күлді. Күлмеу мүмкін емес еді. Қалай күлмейсің? Кеше ғана Асли де үйінде отыр еді, балабақшаға баратын сәбиін ойнатып, дәмділеп кешкі тамақ жасап, шай үстінде күйеуіне: «босанып келген соң әдемі көйлектер әпересің, әйтпесе бұрынғы көйлектерім сәннен қалды» деп еркелеп... енді, міне, бір қуыстың арасында қыстырылып жатқанын көрмейсің бе? Бұл Құдайдың әлденені дәлелдемек болған құдіреті ме әлде жазасы ма? 

– Керемет әдемі қала, жап-жаңа үй еді ғой, енді тып-типыл болыпты, ай-ай-ай... (сырттағы ер адамның өкініштен кеудесі сыр-сыр етеді), алып үйінді мың сан адамды бір түнде басып қалғаны ай, Алла, Алла.... 

Осылай деген ер адам тағы күлді. 

– Жиырма мың өлік! Кеше ғана күліп-ойнап жүрген, дүкенге барса кезекке таласып, бір-бірімен дүние жарыстырып, бақтарын таластырып жүрген, ал бүгін үйінді астында жаншылып, қол-аяғы жұлынып, өздерінің қай қуыста жатқанын білмейтін адамдар ай, не болдың! Аһ-ха-ха!

Әлгі ер адам күлкісін тия алмады. Оның күлкісі не қуаныштан, не өкініштен емес еді. Ол сенбестіктен, күтпеген оқиғадан, таңғалғаннан, санасын торлаған күмәнінен де өзінің күлкісін тоқтата алмайды. Осының бәрін миына сыйғыза алмағаннан күледі ау. Бұның бәрі адамның жаны түршігетін сұмдық көрініс екені анық, Аслидің оны көрмегені қандай жақсы. Жаңағы еркек әрірек ұзамай, дәл Асли жатқан тұстағы үйіндінің үстінде тұрғандай. Әйтеуір, бұған солай көрінді. Мұмкін, ол тізерлеген күйі отырған шығар, күлген сайын тұла бойы қалтырайтын шығар. Оның жынданып кеткені анық. Әйтпесе сау адам бұлай тоқтаусыз күле бере ме? Тіпті оның осы үйдің құрылысын салуға қатысқан, мың кірпіштің құрығанда жүз шақтысын қаласқан құрылысшының бірі болуы да мүмкін ғой. 

Асли бар күшін жиып бір жағына қарай бұрылғысы келіп еді, шермиген қарны тіреп жіберер емес. Ішіндегі тіршілік те жандәрмен қозғалып, аударылып түскен сайын бүйірін ыңқ еткізіп ауыртып өтеді. Оған да ауа тар екені білініп жатыр ау. Ол бейшара да жарық сәулеге ұмсынып, қараңғы тар қапастан тезірек шыққысы келе ме? Әйел ыңғайсыз жатыстан қатты шаршады. Құлағын сырттағы дыбысқа тігемін деп сілесі қатты, әр дыбысты аулаймын деп басы да ауырды, тап қазір үйінділерден тұратын қаланың үсті арылдап-гүрілдегені сондай, Аслиге қаланың қираудан аман қалған бөлігі зар еңіреп жылаған дауысқа көміліп, жердің бетінде аман қалған ағаштар мен шоқжиделер жұбатқанға қарамай жоқтау айтып, үйінді астында опат болғандар мәңгілік өмір туралы әңгіме айтып жатқандай көрінді. Мүмкін, өлген адамдар өздері туған қаласын ешуақытта ұмытпайтын шығар, өмірді баяғыша сүюді ешқашан тоқтатпайтын шығар. 

Қол-аяғы құрысып ұзақ жатты. Оның кешегі керемет көңіл-күйінен, асқақ арманынан жұқана да қалмапты. Мына асты-үстінен бітеген тас қапастан шықса екен. Бірдеңе ойлағысы келген, ойында естелігі де жоқ, бар есіндегісі жатын бөлмесіндегі соңғы сәтте, соңғы көрген адамдарда қалыпты. Ол адамдар – сүп-сүйкімді қызы мен күйеуі еді. «Қайдасыңдар? Жандарым ау...»

Асли өзіне пана болған осы қуыста неше сағаттан бері, неше тәуліктен бері жатқанын өзі де білмеді. Әйтеуір, тірі екені анық, белі үзіліп барады. Қарны ашқаны, шөлдегеніне шыдар, ішінің ауырғанына қалай шыдайды? Бұл қашанға дейін жалғаспақ? Әйел қайтадан талықсып кетті. Түсі екен дейді. Бұл өзі үшке, беске, мың бөлікке бөлінген үйлер мен опырылған көпірлердің арасындағы соқпақ жолға түсіп алып, ішінде бөпесі болса да жеп-жеңіл жүгіріп келеді екен, қақ алдынан көрінген қираған қабырға таныс көрінеді. Таныс дейді ау, бұл өздері тұрған үй екен ғой! Он жыл бұрын беделді түрік компаниясы салған әдемі үйдің бөлігі болғанына мақтанатын жалғыз қабырға енді жетімсіреп, кешегі асқақ кейпін жел ұшырып әкеткендей жабырқап, өмірдің мәні туралы ойланып тұрғандай көрінді. Асли жетім қабырғаның қасынан өтіп бара жатып аяғының астынан шөпті байқады. Осы қираған, панасыз қалған қалада тірі қалған жалғыз шөп екен дейді. Кәдімгі шөп. 

Ұсқынсыз, кеспірсіз бір уыс шөп. Асли жерге жата қалып, қураған, шаң-шаң болған шөпке ернін тигізді. Әншейінде аяқ астында жататын ең қадірсіз шөпті де адам өстіп сағынады екен ғой, ол шөпті сүйген сайын оны көз жасымен суарады Асли. Бір кезде басын көтергенде өзінің моланың қасында тұрғанын көріп, ерніне кекесін үйірілді. Демек, бұл молада өсетін шөп екен ғой! Қарауытқан көлеңке зорайып келеді, қараса, бір жағына қисая құлаған, қираған, күл-талқаны шыққан мұңлы шамдардың бағандары бұған қарай қозғалып, жақындап келеді екен. 

Әйел селк етіп шошынғаннан басын көтеріп қалғанда шекесі цементке оқыс тиіп, көзінің оты жарқ етті. Тар жерде ұйып қалған денесін әрең игеріп, қолын маңдайына жақындатпақшы еді, болмады, өзі келесі бүйіріне аунақшымақ болған, оған шермиген қарны жібермеді. Артық қозғалса әлдебір үшкір тас әлде темір ме, бірдеңе жон арқасынан қадалмақшы. Асли тағы да демін ішіне тартып, сырттағы әлемге құлағын тосты. Құлағына дыбыстар келеді. Жоқ, дыбыс емес, үрейге толы, қайғыға толы жоқтау. Мүлгіген тыныштықта да, мелшиген жалғыздықта да жылаған адамдар ау деп ойлады. Жер беті бір мезгілде еңіреген дыбысқа толып кеткеннен қорқынышты не бар? Осы кезде кішкентай қызы, күйеуі, анасы, бауыры есіне түсіп, ішіндегі сәбиінің өзімен бірге тұншығып, титтей жүрегі бір сәтте тоқтайтынын ойлаған Аслидің көз жасы саулай ақты. Жылау – оның әлі тірі екенін білдіреді. Жылау – бойын үрей жайлағанын білдіреді. Асли қорқыныштың жаман екенін білетін, бірақ, суық та қараңғы қапас одан да жаман екен, ол үрей-қорқыныштың бар екенін екі есе сезіндіреді. «Не болса да шыдау керек» деді ішкі түйсігі. Бірақ, барған сайын іші төмен тартып ауырып, бүйірі қысылып, жан тері шыға бастады. Шыдау оңай емес еді. Адам басқаларға соншама талап қоя алады, ал өзі соған әрең үйренеді. 

Үйінді астында уақыт баяу жүре ме, әлде өзіне солай көрінді ме, әбден талықсып қалжыраған Асли енді сыртқа құлақ түруді де қойды. Уақыт тамшы тәрізденіп оның бойынан үзіліп түсе бастағандай. Асли осылайша өмірден алыстай берді. Арқасына батқан бетонның тастай суық, өзі үстінде жатқан цементтің соншама өлі, жансыз болғаны сондай, үмітсіздік пен өкініштен іші бүріп, оған толғақ қосылып қатты ауыра бастады. Ауырсынып айқайлай берді, айқайлай берді. Айқайлаған сайын тұла-бойынан біресе ыстық, біресе суық тер шығады. Ол тек өзінің ішінен ғана айқайлап жатқанын білмейтін. Бірнеше сағат бойы айқайлай беруге болады, бірақ жауап алмасаң шаршайсың, қабырғаны тоқтаусыз ұрғылай беруге болады, бірақ тасты соққылаған сайын жұдырығыңнан қан шығады, және сол жұдырығыңнан аққан қан ғана осы мелшиген ессіз дүниедегі жалғыз жаңалық тәрізді көрінетіні қызық. 

«Мен әлі тірімін бе?» деп ойлады бір сәт. «Не үшін? Біреуге ерегескеннен бе? Біреуге ерегескеннен осы үйіндінің астында өлмей, жанталаса оянып өмір сүрмекші ме? Біреуге ерегесіп бала таба ма? Жоқ, ештеңе болған жоқ, біз баяғыша өмір сүріп жатырмыз. Аяқ астынан оқыс болатын жағдай... болып кетті» деді Асли бір кезде сандырақтап. Ол қасынан күйеуін көргендей болды. Оған айтары көп еді.

«Жер сілкінсе ол табиғи апат, ал үйлер неге құлайды? Адамдар неге құлаған үйден шашылып түсіп, әп-сәтте құнсызданып, қоқысқа айналып, үйінді астында қалуы керек? Оның жауабы бола ма? Кім жауап береді?Жоқ, қымбаттым, әділдік келеді, сол кезде жауап та келеді. Әзірге шешілмеген, құпия жауап... қымбаттым, күтейік. Бәлкім, ол осы түнде ашылатын шығар, немесе ертең күндіз... әлде біз бүкіл адамзатқа төнетін ажал жақындағандықтан да ес-ақылымызды жоғалттық па?» 

Асли денесі әбден жансызданып ұйып қалғасын барынша күшін жинамақ болды, айналасын қарманып көрмекші болған, қолы қайтадан цементтің қырына тиді, аяғын қозғап көріп еді, мұның аяғы тұсында қандай да бір бос кеңістік бар секілді көрініп қуанып кетті. Бар үміті сонда. Екі қолынды қозғап, аяғыңды созу да орындалуы қиын арманға айналады дегенді өмірінде ойламапты да. Масадай үймелеген қаңғыбас ойдың жүрмейтін жері жоқ. «Бүйтіп неше сағат жатпақ? Бұл азап тәулікке созылса қайтпек? Бүйтіп үйінді астында ауа жетпей қиналып, аштықтан қалжырап, шіріп өлгенше, бірден жаны үзіліп кеткені жақсырақ еді. Адам баласы туғаннан өлімнің жауабын арқалап жүреді, оны өзі де білмейді» деп ойлады. Кішкентай қызы мен күйеуін көргісі келді. Қызы, күйеуімен қоса өзі туған сүйікті қаласын да көргісі келді. Бірақ, көз алдына көк өскінге оранған қаланың орнында бұлыңғыр, қара түнекке оранған соғыс картинасы елестеді. 

Үйлерсіз... Қираған тастар, ұшқан шатырлар, опырылған кереуеттер мен қақ бөлінген көпірлерден тұратын қала. Бір сәт оған бұл қала бұрын-соңды болмағандай, ол туралы аңыз бен естелік қана бардай көрінді. Ол тіпті шынымен қала емес шығар? Ойдан шығарылған қала болса да құдай біледі. Бәлкім осының бәрі бұның ойынан шығарылған шығар... күйеуі де, қызы да... Оның көз алдына сүйкімді ғана Джансу келе қалды. Жоқ, ондай сүп-сүйкімді қыздың ойдан шығарылуы мүмкін емес. Олар тірі ме екен? Міне, мен де тірімін ғой, демек, олар да тірі.Тірі болу керек, дәл мен секілді бетон плиталардың арасында, тоқты-торым ғана сиятын қуыста бір-біріне тығылып жатыр ау. Тек қызы әкесінің қасында болса екен, әйтпесе қорқады ғой, кіп-кішкентай ғой...» Әйелдің қайтадан есі ауып кетті. 

Айқайлайтын дәрмені жоқ еді. Тамағы әбден кеуіп, бір тамшы су тілеп жатты. Санасы да бұлдыр-бұлдыр. Бұл адам баласы төзбейтін шаршау еді. Ілініп тұрған тіршіліктің бір жұтым ауасы да әбден тарылып түгесілуге таяды. Анда-санда әлдеқайдан ескен болар-болмас ауаны талмай жұтқан Асли жаны жалғыз тал шашқа ілініп, бір жұтым ауаға тәуелді күйде сұлқ жатты. Бет-жүзі көрінбейтін біреу мұны қолын тигізбестен демеп қана ұстап отырғандай, артық ауа да бермей, бірақ ол ауаны мүлдем бөгеп те тастамай... Ол кім, Құдай ма? Әлде көрінбейтін періштелер ме, әйелге бәрібір еді. Оның әлсіз ыңқылдағанын ешкім естімеді. Бәрібір Құдай мейірімді екен, оған үзіп-үзіп болса да тыныстауға мүмкіндік берді. 

Жердің беті үйінділер жамылған кеңістік мүлгіп тұрған кезде үйінді астындағы Асли көзін жұмып талмаусырап жатты. Бір кезде... құлағына сәбидің іңгәлағаны естілгендей болды. Сәби даусы қайдан шығады? Дәл қасынан ба әлде алыстан ба? Бір кезде оған әлдеқайдан, бәлки, қол созым жерден бір жаңа иіс келді. Өмірдің иісі! Ол өзінің еркін сол иіске билетті. Жаңа өмірге! Бір кезде бір жақтан жел есті, қап-қара, үнсіз біреулер Аслидің қасына жақындап, мұның үстіне төне түскендей, Асли жарықты жатырқаған көзін сығырайтып әрең ашқанда көнетоз шалбар киген екі аяқты көрді. Жоқ, аяқтар екеу емес, төртеу әлде одан да көп аяқтар секілді.

Осы кезде «Тірі! Тірі екен! Машалла! Әйел де, жаңа туған баласы да тірі екен!» деген дауыстарды естіді...

Мәдениет порталы

author

Жадыра Шамұратова

ЖАЗУШЫ

Шоу-бизнес

Атақты продюсер Баян Мақсатқызы сұхбат барысында өмірінде өткен қиын кезеңдерімен бөлісті, деп хабар...

Жаңалықтар

Бүгін ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен Қ. Қуанышбаев атындағы Қазақ Ұлттық музыкал...