Туған жерім, Отаным Қазақстанның тәуелсізідік алу кезеңі көз алдымда өткен бақытты жанның бірі менмі...
Жантанушы жазушы
«- Моцарт, ты не единственный композитор в Вене! - Нет! Но, я самый лучший!» «Амадей» фильмінен...
«Драма жолы – тайғанақ. Оған бел шешіп кірісіп кетудің өз үрейі жеткілікті. Кірпияз жанрдың кілтін таппасаң – біткенің...» Театр сыншысы Әшірбек Сығайдан қалған осындай сөз бар. Бұл қағидаға сүйенсек, Роза Мұқанова – батыл жазушы және оның сол батылдығын «кірпияз жанр» жатсынған жоқ. Қайта жарқыратып, жұлдызын жақты.
Ол жиырма екі-ақ жасында ядролық сынақтың зардабын арқау еткен трагедия жазды. Режиссер Болат Атабаев сахналаған «Мәңгілік бала бейнеге» бес рет бардым. Бесеуінде де - аншлаг. Бесеуінде де - бір атмосфера: сахна шымылдығы жабылады, залда өлі тыныштық. Көрерменнің шапалақ ұруға шамасы жоқ. Тұла бойың ауырлап, көзіңнен жасың сорғалап, орныңнан әзер көтеріліп, үнсіз қошамет көрсетіп тұрасың... Театрға топтасып, жарқылдап кірген жұрт театрдан үнсіз, бір-бірлеп, көзін төмен салып шығып бара жатады... Спектакльдегі қай кейіпкерді аярыңды, қайсысын кіналәріңді білмей, дал боласың. Әрқайсының трагедиясы жаныңды ауыртады. Ләйла да, Қатира да, жалпы, бүкіл Қарауыл халқының мұңы еңсеңді езеді. «Мені аяңдаршы! Мен жақсылықты аңсаймын!» деп шырылдаған Ләйлектің даусы... Өмір мен өлімнің, үміт пен қара түнектің арпалысы... Спектакль соңындағы алаулаған қып-қызыл жалын... Көпке дейін көз алдыңнан, көкейіңнен кетпейді. Талантты драматург пен режиссер бірлесіп, көрермен эмоциясын қандай күйге, қандай халге жеткізгенін жеткізе алдым ба?!
Р. Мұқанованың тағы бір батылдығы – М.Әуезовтың «Қаралы сұлу» атты классикалық әңгімесін драматургияға айналдыруы. Жаңашылдықты қабылдай алмайтын ағалардың «Әуезовтен асып-түсем дедіңдер ме?» деген мазмұндағы қарсылықтарына қарамастан, «Қаралы сұлудан» пьеса жасады. Өз сөзімен айтсақ, «Он беттік әңгімені күрделендіріп, Қарагөздің трагедиясын, истерикасын шығарды». Б.Атабаев пен Р.Мұқанованың тандемі тағы да сәтті болды.
Драматургтің ендігі бір сүйекті драмасы - «Сарра». Ибраһим пайғамбардың (ғ.с.), оның жары Сарраның, мұсылман әлеміне құрметті Ажар анамыздың өмірін өнерге әкелу – жауапкершілігінің салмағы ауыр қадам. Күрделі һәм нәзік тақырып. Р.Мұқанова бұл шығарманы жазуға ұзақ дайындалды. Жазушы, ана, әйел ретінде тәжірибесі толысқанда, қолына қаламын алды. Осы ретте Рабғұзидың «Қисса-сүл-әнбийя-и» кітабын аударғаны көп көмек болды. Әйел бақыты, әйел міндеті - ана болу, ұрпақ жалғастыру. Бұл - қай заманнан өзгермей келе жатқан, болашақта да өзгермейтін заңдылық. Ал әйел АНА бола алмаса ше? Бала көтере алмаса ше? Пайғамбардың жары Сарраның басына осындай сынақ беріледі. Жанынан артық жақсы көретін жарына Ажарды ұсынады. Сөйтіп, пайғамбар ұрпағын жалғастыруды әйел қызғанышынан, пендешіліктен жоғары қояды. Дегенмен, Сарра - әйел! Әлсіздік танытуға құқығы бар. Драматург Сарраның сол ішкі арпаласын, күйзелісін, адасқанын, ақталғанын, опық жеп қиналғанын шебер суреттейді. Тақырып - қазір де өзекті. Бір сәбидің иісіне зар болған отбасы көп! Қазақстанда ғана емес! Әлемде бар проблема! Әйтпесе, ЭКО осынша дамымас еді ғой?!
Роза Мұқанованың мықтылығы да - осы – адамзатқа ортақ тақырыптарды жаза алуында. Оның драмалары да, әңгімелері де бір ұлтқа, бір буынға ғана түсінікті болуымен шектелмейді. Журналист Дархан Әбдік бір кездесуде айтып еді: «Әдебиетте, өнерде ұлт жоқ. Шын талант ұлт аясына сыймайды». Міне, Р.Мұқанова - сондай жазушы. «Сарраны» өзге тілге аударыңызшы, әйел біткеннің жан дүниесін төңкеріп тастар еді?! «Композиторын» оқыңызшы. Өз-өзін жоғалтып алған, қамқорлықсыз қалған таланттар әлемнің түкпір-түкпірінде бар ғой. Ал солардың ішкі ойының қатпар-қатпарын ашып, психологиялық иірімдерін қазып, жаза алу – үлкен өнер. «Сарқаншығы» ше? Апыр-ай, иттің жан дүниесіне осынша терең бойлай алу деген шеберлік қой?! Иттер де адамдар сияқты бір-бірін күндейді ма? Жалғызсырай ма? Иттердің де адамдар сияқты мінезінің, болмысының ұсағы, ірісі, тәкаппары, бишарасы бола ма? Иттер де адамдар сияқты екен ғой дейсің... Мұқанованың жантанушы жазушы екеніне осы тұста көзің толық жетеді. Ол Сіз бен Біздің тіршілігімізді, мінезімізді сырттан байқай, бақылай алады. Болмысыңызға еніп, ойыңызды ұғып, толқыныс-тебіренісіңізді көре алады.
Таяуда ғана Мұқанова жазған «Фариза» Мәскеуде атақты «Современникте» қойылды. Үлкен жетістік, шын мақтаныш қой, түсінсек... Бұл – бүтін елге ортақ Фариза туралы шығарма! Одан ары тереңдесеңіз, Ақын-әйел туралы шығарма! Тағдыры өнерге байланған ақын, жазушы-әйелдердің жиынтық образы. Ал, «Шатыр астындағы мен» трагикомедиясын оқығанда, «мына кейіпкерлерді күнде көрем ғой, қасымда жүр ғой» деп отырасың. Бас кейіпкер таппайсың, өйткені Мұқановада жанама кейіпкер жоқ. Бәрінің рөлі, бәрінің мінезі, бәрінің тағдыры, бәрінің миссиясы бар. Жағымды, жағымсызы тағы жоқ. Бәрінің әрекеті ақталады. Өйткені бәрі – пенде. Сондықтан оқырманға жақын, ұғынықты. Бал жағылған қызыл сөзге, пафосқа, түйдек-түйдек әсіре суреттеуге әуес емес. Бірақ тәтті жазады. Оның шығармалары лиризм, романтизммен дамып келеді де, трагизм элементтерімен нүктесі қойылады. Кітапты жабасың да, ойға, мұңға батасың. Ал «мұңның адам жанын тазартатын» қасиеті бар.
Венгрияда туған, АҚШқа қоныс аударған драматург Лайош Эгридің «Искусство драматургии» атты кітабы бар. Сонда ол мынадай бір уақиғаны жазады. Француздың ұлы скульпторы Роден Оноре де Бальзактың ескерткішін жасап бітеді. Тас мүсін жеңі кең пішілген ұзын шапан киіп, қос қолын кеудесіне қойып, қасқайып тұр. Әбден шаршап, қалжыраған Роден алысырақ барып, өзі жасаған тас мүсінге бастан-аяқ көз тастап, сүйсініп, масаттанады. «Шедевр» деп тамсанады. Қуанышын бөлісу үшін уақыттың түнгі төрт екеніне қарамастан, ең сенімді, ең дарынды шәкіртін шырт ұйқыдан оятып, шедеврін көрсетеді. Шәкіртінің көзі бірден Бальзактың қолына түседі. «Ғажап! Қолдары қандай ғажап! Маэстро, мен бұрын мұндай ғажап қол көрмегем», - дейді ол. Роденнің өңі сұрлана бастайды. Ескерткішті көруге келген басқа шәкірттері де «неткен қол» деп таңдай қағады. Мүсінші бұған шыдамай, балтаны ала салып, Бальзактың қолын шауып түсіреді. Бәрі аң-таң! «Роден жынданды! Ол өзі жасаған шедеврді талқандамақ! Тоқтатыңдар оны!» деп шулайды. Сонда ызаға булыққан Роден: «Есуастар! Мен мына қолдарды құртқан себебім, олар бөлек өмір сүріп тұр. Естеріңде болсын, жасаған туындыңның ешбір бөлігі бүтіннен бөлек болмауы керек!» деп, сылқ етіп отыра кетеді. Париждегі қолсыз Бальзак ескерткішінің тарихы осындай. Түйін: кез келген өнер туындысы біртұтас, бүтін болса ғана, ол - шедевр!
Бұл қағида драмалық шығармаларға да қатысты. Пьесаның барлық бөлшегі үйлесіммен, біртұтас өрілгенде, нағыз драмалық шығарма шығады. Осы теорияға Роза Мұқанованың «Сарра» жинағына топтастырылған драмалық дүниелері толық сәйкес келеді. Кез келген өнер – суреткердің әлеммен диалогы. Ал әлеммен кім қалай тілдеседі, тілдесе ала ма? Бұл -таланттың шеберлігіне келіп тірелетін дүние. Ал Роза Мұқанова талантты ғой. Оны мүйізі қарағайдан театр, әдебиет сыншыларынан бастап, алыс-жақын шетелдегі замандастары, оқырмандары мойындайды. Ендеше, жазушы-драматургтің Мемлекеттік сыйлыққа лайық екеніне дау жоқ!
Бізде драматургтер жоқ емес. Әйтсе де, Роза Мұқанованың драмасы бөлек. Ерекше. Өзгеше. Әшірбек Сығайдың сөзімен түйіндесек, «жарқырап шыққан күнді алақаныңмен жаба алмайсың! Ол – өмір заңы. Ал өнердің заңы қашаннан өмірмен сабақтас...»
Мақпал МАДИЯРОВА, журналист, ҚР Ақпарат ісінің үздігі