Заман Төлеуов. Өріктер гүлдегенде (мистикалық әңгіме)

ӘДЕБИЕТ
4597

Қызылкүрең түсті, көнелеу Ауди-80 көлігінің жүргізушісі отыздардағы жігіт - капотын тарс етікізіп жапты да шарасыз күйде жан-жағына қарады. Ары-бері ағылып жатқан бөтен көліктер мен бөгде адамдар бұған көз қырын да салар емес. Оның уайымы өзіне ғана батып, күллі әлем бұдан теріс айналып кеткендей тәрізденді. Мынадай ерсілі-қарсылы жосылған нөпір жұрттың арасында да адам жалғысырап, қу далада қалғандай болатынына таңырқады. Осы арада оның ту сыртынан біреу: 

-        Не проблема, балам? – деп, ақырын ғана күбір етті. Жігіт артына жалт бұрылды. Өзіне жымия қарап тұрған егделеу, ақ шалған тықырлау сақал-мұртты, қысыңқы көздері күлімдеген кісіні көріп, бұның қолынан келетін шәруа емес екенін білдіргісі келіп: - Ақсақал, бұл проблеманы сіз бен біз шеше алмаспыз... рақмет, пейліңізге! – деп теріс айналды. 

-        Балам, олай деме. Проблеманың туындауына қашан да бір себеп бар, соны табу керек.

-        Ой, ақасақал-ай, қайтесіз оны... себеп сол, машина ескірді, сайман ауыстыруға қаражат тапшы. Осы күндегі себеп!

-        Мәселе қаражатқа тіреліп тұр дейсің ғой, сонда?

-        Ақсақал, жөніңізге жүре берсеңіз тәуір болар еді, тағы бір проблема туындамай тұрғанда, сізсіз де тағдырымнан жапа шегіп тұрмын!

-        Жақсы айттың... тағдырымнан жапа шегіп тұрмын... қапелімде ойға келе бермейтін ұтымды тіркес екен?!

Жігіт үндемей көлігінің арғы жағына шығып тұрды. Мына тықақтаған шал ашуын ойната бастаған сыңайлы. Жаңа Жыл танаудың астында. Желтоқсанның отызы. Ертең бала-шағамен думандататын мерекелік күн. Дастарқанға мәзір алуға біраз ақша таппақ болып, таңсәріден шығып-ақ еді... Түске дейін сәті түсіп азын-аулақ тиын-тебен түсіргендей болды. Енді міне қаңтарылған арба құсап: капотты бір ашып, бір жауып әбден қажыды. Аккумляторы да отыруға айналды. Себеп дейді ғой? Себебін ТЖО-дағы жігіттер баяғыда айтқан. Бәрін жаңалау керек. Немесе мынаны қоқысқа өткізіп, үстіне қаражат қосып жаңалауын алу қажет... Ол арман ғана сияқты. 

Үлкені мектепке барып, қалған екеуі бірін-бірі бағып, жатахананың қуықтай бір бөлмесінде ата-анасы келгенше күнелтеді. Үштен төртке қараған қыздары ерекше естияр боп өсіп келеді. Еңбектеуге хәлі жеткен бауырына сол бас-көз. Кішкентай ұлды анасы бір аяғынан сақтық үшін кереуетке байлап кетеді. Қанша естияр болғанымен ол қызы да бала ғой. Баяғыда өзін де шешесі аяқтан байлап өсіргені есінде, аналарының... Базарда жеңіл-желпі тамақ пен термосқа құйған шәйді саудалайды. Ауылдан келген бетте осы кәсіпке бір таныстары сыналап кіргізген-ді. Бұндай жұмыс түгілі қайыр сұрайтын орындардың өзі сатулы және бақылауда. 

Тиын-тебендерін қағыстырып жүріп қолдан көлік алды. Шетелдің көліктерінің сыны кетсе де сыры кетпейді ғой. Жуып-шәйіп жіберсең жалтырап шыға келеді. Ауылдағы туыстарын бір қуантып қайтқан-ды. Балаларының қоңыз теріп жүрмегендерін біліп, ата-аналары да бір марқайып қалған еді. Ендігі көкейтестілері «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» арқылы пәтерге қол жеткізу. Әйтеуір осы банк жарлы-жабықайды жарылқайды деп жарнамалап жатқан соң, әйелі екеуі бас-басына бір депозит ашқан-ды. Ес жиналған соң балаларға да ашып қоюды көздеген. Жарты сомасын жинасаң, қалғанын төмен процентте заем қылып беретін көрінеді. Әрине, рас болса... 

-        Маған бекер ренжіп тұрсың, балам...

-        Сіз әлі кеткен жоқсыз ба?

-        Сенің мәселеңді шешіп бір-ақ кетсем бе деп едім...

-        Сырт тұрпатыңызға қарасам зейнетақыға күн көріп жүрген көптің біріне ұқсайсыз. Сізден не қайыр маған? 

-        Саған қоятын шартым бар. Егер соған келіссең, қол ұшымды берем.

-        Кісіні күлдірмеңізші! Онсыз да өмірім кісі күлерлік!.. О не шарт?

-        Арамыздағы әңгімені ешкімге тіс жарып айтпауың керек. Бұл ең бастысы!

-        Мақұл, келістім. Тауып жатқаным да шамалы, жоғалтарым да мәз емес. Айта беріңіз, ақсақал.

-        Отыр көлігіңе, тысқары барып сөйлесейік...

-        Артынан итересіз бе? Екі сағаттан асты бұның тұралағанына! 

-        Отыр дедім ғой. От алдыр.

-        Астаппыралла?! Мынау рас от алып кетті ғой? Қалай бұрайын?

-        Тыныштау жерге бет ал.


Ақсақалмен екеу ара әңгімеден соң, бір жылдан аса уақыт өтті. Жігіттің есімі Есіркеп еді. Ол адам танымастай өзгерді. Бұрынғы қолы-басы май-май болып, ертелі-кеш тарығып жүретін салдыр-салақ әлдекім мүлдем жоқ. Отбасы да божыраған сүлесоқ тірліктен арылып, бет-пошымдарына қан жүгіріп, киімдері де түлеген жылқының сауырындай жылт-жылт етеді. Әйелі де қысы-жазы, ыстық-суық демей күнкөріс үшін жанталасқан арпалыстан арылып, есін жия бастады. Бос уақыты пайда болып, өзіне-өзі қарап, затының әйел екені де есіне түскен сыңайлы. Арқа еті арша, ботбай еті борша болып төсекке шалажансар сұлаған кезде - үстінен жанармайдың исі бұрқыраған күйеуі еміреніп, қалған жанын шығарардай қинаушы еді. Байдың қызығын бағалауға шамасы жетпей, одан тозақ отындай қашатынды шығарған. Енді міне тұла бойы тың күшке бөленіп, табиғаты ұрық суынан төлежігісі келгендей көктем жұпарын аңсады. Соноу жаман кезде ауыздығымен алысқан күйеу тарапынан енді еш қимыл танылмағаны - оның кеуіліне күдік ұялатты. 

-        Саған не болған? Менен басқа біреуің бар ма? 

-        Жаным-ау, о не дегенің? Үш қарғам тұрғанда сенен өзге маған кім керек?

-        Мені балалар үшін ғана жақсы көресің бе?

-        Сондай сұрақ бола ма екен? Сені былай да жақсы көрем! Әлі қыз секілдісің маған!

-        Ондай болса мені еркелетпегеніңе қанша уақыт болды, білесің бе?

-        Ойламаппын... Жұмыс бастылықтан шаршап та жүрмін ғой, Жаным.

-        Түріңе қарасам, шаршап жүрген кісіге ұқсамайсың. Күннен күнге жасарып бара жатқандайсың. Менің бетіме әжім түсе бастаса сенде сызық та жоқ. Әлде массаж жасатып жүрсің бе?

-        Қайдағыны айтады екенсің? Қой ұйықталық, ерте тұрам... Қайырлы түн, Жаным!

-        Есіркеп! Менен жасырған сырың болса айт! Мүмкін бір дерт жамап алған шығарсың? Қарал. Ертең өзім жетектеп апарам урологқа!

-        Жаным, бәрі дұрыс. Ештеңенің қажеті жоқ. Уақыты келгенде бәрін айтам. Тек, мені қинамашы. Ең бастысы аш-жалаңаш емеспіз ғой!

-        Оның рас. Сенің табысың түзеліп, ел қатарына қосылдық. Бірақ маған ұнамайтыны: сен ылғи сырттан тойып келдім деп, бір дастарқанда бас қосып тамақ ішпей жүргенің. Қонақ келсе де шәруам шығып тұр деп қашып кетесің... Бұны не деп жору керек? Айтшы, өзің!.. 

-        Жоритын дәнеңесі жоқ. Бәрі дұрыс.

-        Ол - жауап емес! Шыныңды айт! Мен сенің жан-жарыңмын! Сенің қайғың менің қайғым!

-        Уақыты келгенде айтам дедім ғой, мазаламшы, жаным! 

-        Мені таң қалдыратын бір жәйт: сен күнде жазғырынып отыратын ескі көлігіңнің де бұзылмайтын болғандығы? Алғаш әперген киімің де сол қалпы, біреуге жудырып жүргендей жейдеңнің жағасын да кір шалмайды. Есіркеп, сен мені алдап жүрсің! Ы-ы-ы-у...

-        Жаным жыламашы... Түнде жылауға болмайды. балалар естісе шошыр... 


Таң елең-алаңда Есіркеп жымын білдірмей зытты. Әйелінің түндегі тергеуі қатты алаңдатты. Егер осындай қыспаққа түсе берсе, уәдеге тұра алмай, шындығын амалсыз ашып тастауы да ықтимал-ау. Егде кісімен екі арадағы басты шарт – құпияны ашпау еді ғой. Ал оны орындау күннен күнге қиындап барады. Артта қалған уақыт ішіндегі үш жылды ойласа елесі қалмаған тұман секілденді. Ал алдыдағы өтпей жатқан жылдардың жылжуы қиямет екен. Ай мен аптаның өзі сыздықтап, көзі бітелген електен сорғалаған сар су сияқтанады. Осы уақыт аралығында Есіркеп көп нәрсеге өзге көзқарас тудырды. Онсыз күн көре алмастай көрінген талай дүниенің құны көк тиынға татымайтынына көзі жетті. Сағымша бұлдыраған, қуса жете алмайтын, уысын толтырып ұстатпайтын талай дүние - өзінің рас түкке тұрғысыз екенін дәлелдеді. Есіркеп өзіне тиесілі заттары тозбайтын, ешқашан аштық пен шөлден тарықпайтын, пенделік ындыны тояттаған - мәңгілік тоқтықты сезінді. Алғашқы кездері бұл күйі оған қатты ұнады. Жолаушылардың ұсынған ақшаларын жалаң қолмен алмау туралы келісімге орай ол арнайы қапшыққа салдырды. Қапшықты үйіне келген соң әйеліне беріп, тазарттырды. Оның ішінде құнды қағаздар емес, бақа-шаяндар жатқандай жиіркенішпен қарады. Адамды ар-ұят, қанағаттан айырған, аз болса да көп болса да бақытсыздыққа душар еткен осы ақша, мүлік, нәпсі деген зауалдарды жан-тәнімен жек көрді. Өткен жолғы кездейсоқ ұшырасқан ақсақалдың әлдебір құдірет арқылы бойына жұқтырған күш-қуаттың арқасында осы дүниелік заттардан құндылық танудан қалайын деді. Мүмкін өлген адам ғана осылай сезінуі тиіс шығар деген ой да келді, басына... Сонда шынайы тазалықты тек өліп барып сезіну керек болғаны ма? О дүние деген не? Онда ешқандай материалдық құндылық жоқ па? Есіркептің шақшадай басы шарадай болуға айналды. Тек, өзінің тірі пендеге тән қылықтардан ажырап, тұла-бойындағы қара, сары сулары сарқылып, тәні әлдеғандай бір түсініксіз сәулеге орана бастағанын іштей сезеді. Ол өзін мына өмірден алшақтап, өзге бір кеңістікке ауып бара жатқанын ағарады. Күдікті болса да әсем тазалығы бар, жер бетіндегі топыраққа ұқсамайтын табаны бар, өзгеше әлемді көретіндей... Бойынан әлі де тарап үлгермеген пенделік талабы толық өшіп, ауамен араласып кететіндей мүмкіндігі бар, мәңгі жоғалмайтын, мәңгілікпен тұтасқан сол тың дүние оны өзіне арбай түсетін тәрізді... Егде кісінің өтініші есіне келді. «Егер, онсыз да өтіп жатқан пенделік ғұмырыңның үш жылын маған қисаң, сені адамзаттың асылы етіп шығарамын. Сен – рух шуағы боласың!»

Кешкісін сол әңгіме қайта басталды. Әйелінің есімі Мейізгүл еді. Ол ешқандай уәжге көнетін емес. Күні бойы не бір сұрақтарын әзірлеп, дайындалып алған сынды.

-        Осыдан шыныңды айтпасаң, сенімен ажырасамын! 

-        Жаным-ау, сенен жасырған дәнеңем жоқ! Имандай шыным! Тек тағы біраз мұрсат берші, сосын бәрін жәйіп саламын.

-        Сен немене шетелдің жансызы болып кеткеннен саумысың? Адам танымастай өзгергеніңе қарағанда бір нәрсеге ұрынғансың!

-        Бәрі дұрыс! Болды! Маза берші, айналайын... таң бозынан кеттім, бір қапшық ақша тауып келдім... саған енді не керек?

-        Маған сен керексің! Ақшаң құрысын! Үйдің берекесі кетті, сенің мына түсініксіз қылықтарыңнан!.. 

-        Мейізім менің! Өзім де әбден қажыдым. 

-        Қанша уақыт болды менің қолымнан бір түйір дәм татпағаныңа?

-        «Қағанаттан» ішіп жүрмін ғой...

-        Сен ештеңе ішіп жүрген адамға ұқсамайсың. Қалтаңда соқыр тиын да жоқ. Тамақ іш деп берген ақшадан жылан көргендей жиырыласың. Неге?

-        Білмеймін... менің қарным ашпайды. Мәңгілік тоқпын!

-        Астапыралла, не дейді, мынау? Сен жүйке дертіне шалдыққаннан саумысың?

-        Одан да зорғы...

-        Жаратқан құдайым-ау, қандай күйге душар еттің, тағы?

-        Шаршағым келеді, қарным ашып, үйге асығып жеткенді сағындым... мына не тозбайтын, не кірлемейтін киімдерден жалықтым! Машинамның бұзылған жерін жөндеп май-май болып жүрген күндерімді аңсаймын! Ел сияқты пендеше бір қалыпты өмір сүргім келеді. Кір жұқпайтын әйнек болғым келмейді, енді!..

-        Сені кім зорлап жүр? Болғың келмесе болма...

-        Мен үш жылға келісім-шартқа отырғанмын. Шыдауым керек. Шартты бұзсам, баяғы таз кепешімізді қайта киеміз. 

-        Шарты да боқ дүниесі де құрысын! Бар да бұз! 

-        Ешқайда барудың қажеті жоқ. Мен құпияны аштым, шарт бұзылды.

-        Ойбай, аттан! Сенің түрің не боп барады?!

Есіркептің бет терісі сыпырылғандай ұсақ қан тамырлары қып-қызыл боп быжынай тарамданып, одан ішкі еттерінің білеуленген суреттері көрінді. Сосын бірте-бірте ол көрініс сөніп, ар жағынан ақсиған әппақ сүйектер қалқып шықты. Қаңқаның сырты буалдырланып сәл тұрды да сіңірлерлері суалып, жіктері ашылған сүйектер салдыр етіп еденге төгілді. Кісі бойындай тұтып тұрған буалдыр түтін сәулелене үп етіп, жоғары ұша жөнелді. Мына сұмдықты көзімен көрген Мейізгүл есінен тана, үйіліп жатқан сүйектердің үстіне жалп құлады... 


Базардан итермесін алдына сап, әбден титықтап келе жатқан Мейізгүл жолдың шетінде көлігімен арпалысып жатқан күйеуінің үстінен түсті.

-        Тағы бұзылды ма?

-        Бұның бұзылмайтын күні бар ма? Өмір сүргің келмей кетеді!

-        Жә, жетісіп жүрген ешкім жоқ. Қашан келесің?

-        Е қайдан білем. Сүйретсем де бір келермін. Таң атқалы нәр сызғам жоқ.

-        «Қағанаттан» іше салмадың ба? Тамағы арзан дейді ғой.

-        Айтады екенсің! Ақша үнемдеймін деп шылымды да тастадым. «Қағанатшылын»!..

Осы кезде бұлардың тұсынан бір егделеу кісі өтіп бара жатып, Есіркепке көз қияғын тастады. Есіркептің тұла-бойын бір сұрапыл ызғар осып өтті. Жыртқыш аңнан да олай сескенбессің, сірә! Тілі күрмеліп, әйеліне бара бер дегендей қолымен ым жасады да жан сақтағысы келгендей капотының астына сүңгіді. Мейізгүл итермесін итеріп үй жағына бет алды. Оның соңынан әлгі егде кісі әдейі ілескендей...  

Есіркеп бойын мұздатқан суықтың алыстағанын сезініп, капот астынан шығып, жан-жағына барлай қарады. Әйелі кеткен жақтағы көшенің бойынан манағы егде кісінің сұлбасын аңғарғандай болды. Ол алдындағы итерме қуалаған келіншектің соңынан бүкеңдеп еріп бара жатты. Есіркептің көңіліне түсініксіз алаң орнады. Өз басынан әлдебір беймәлім жағдайды кешіргенін іштей аңғарды. Тек, оның өң яки түс екенін ажырата алар емес. Көлігін тездетіп жөндеуге кірісті. Бойын қауіп билеп, үйге асықты...

-        Қызым, жұмысың ауыр боп, қатты шаршап жүрген сияқтысың? Арбаңды мен итерісейін.

-        Ата, оныңыз ұят қой! Күндегі тірлігім, ет өліп кетті. 

-        Олай деуге болмайды. Адам ертеңге сенім артып, бір үмітке арқа сүйеуі керек.

-        Менің үмітім: ана үш қарғамның дені сау болып, елден қалмай өмір сүрсе деген ғана арман...

-        Жақсы арман екен! Ал өздерің ше?

-        Күйеуім екеуміз бе?

-        Иә.

-        Бізге ештеңе де керек емес. Балалардың келешегінен өзге не керек бізге?

-        Жеке бастарыңның бақыты дегендей.

-        Оның барлығы балалар туғанша болды да сосын ұмытылды, ата... Аустралия тауығы дегенді естіп пе едіңіз?

-        О несі тағы?

-        Сондай тауық бар дейді. Жұмыртқаларын жапырақтың астына көміп, минут сайын тұмсығын тығып, қызуын өлшеп, қысқасы балапандары шыққанша тыным таппай, ақыры зорығып өледі екен. Сондағы оның ғұмыры - алғашқы балапан шығарған уақытқа дейін ғана көрінеді.

-        Соңына ұрпақ тастап көз жұмады десеңші. Тым қатал тағдыр екен...

-        Біздікі де сол. Кеше ғана бұрымы бұлғақтаған ерке қыз секілді едім, енді тұрмыстың тауқыметінен жүн-жүні шыққан жаман әйелге айналдым.

-        Бұлай болуына бір дәйекті себеп болуы тиіс қой?

-        Себеп – кедейшілік. Осыған да тәуба дегізіп қойған - іштей туған жасық түйсік... Дарақылық та бар. Оған үнемдеуді білмейтін берекесіздік қосылады. Себеп көп, атасы. Өмірді сүйгеннің орнына оны иттің етіндей жек көргізетін шарасыздық тағы бар...

-        Егер мен қол ұшымды берсем қалай?

-        Сіз мені жеңіл жүріске ыңғайлы біреу деп қалған сияқтысыз? Жарлы болсам да арлымын!

-        Кешір, қызым! Ондай ойды ойлайтын жастан кеткенмін.

-        Қазіргінің шалдары құтырған заман! Пейіліңіз адал болса айтыңыз.

-        Тек, бір шартым бар.

-        Мақұл.

-        Қолыңа мына картаны табыс етем, коды өзіңнің туған жылың. Бұнда қомақты сома салынған. Оны үлкен балаң кәмелетке толғанда ғана аласың. Оған дейін рұқсат жоқ. Осыған келісесің бе?

-        Қалжыңдап тұрған шығарсыз? Ойын көтеретін жағдайда емеспін, атасы!..

-        Рас айтам! Бұл қаржы сенің ертеңге деген сеніміңді арттырып, бойыңа қуат, жаныңа сүйеу болады деп ойлаймын. Оған дейін осы тірліктеріңмен күн көре беріңдер. Алдарыңда жарқын таңның ататынына сенімді болу да бір бақыт емес пе? 

 Кешкісін алқым-жұлқым болып Есіркеп те жетті. Беті-қолын шала-шарпы жуып, дастарқанға жүгірді. Күні бойғы аштықтан қаны да түрі де қарайып кетіпті. Қараң-құраңы анда-мұнда ғана қазына кеспесін қомағайлана асауға кірісті.

-        Саған бір қызық айтайын ба?

-        Е не?

-        Үйге келе жатқанда бір егде кісімен әңгімелестім. Өзі қызық адам екен! 

Басында мына шал маған қырындап келе ме деп қауіптендім. Сосын қалай сөйлесіп кеткенімді өзім де білмеймін. Ешқашан қаперіме келмеген ішкі ойларымды ақтарып тастаппын. 

-        Басқа ештеңең ақтарылған жоқ па?

-        Ақшаны айтасың ба? Ол дін аман. Керісінше ол маған картышка берді.Ішінде қомақты сома бар, балаң ержеткенде ғана ала аласың, шартым сол деп. 

-        Оған дейін алса неғылады екен?

-        Шарт бұзылады.

-        Бұзылса бұзыла берсін! Ақша біздікі ғой. Оның шәруасы қанша?

-        Болмайды деді. Бұл сендердің ертеңге деген сенімдерің, тағы бірдеңелер айтты, ұмытып қалдым...

-        Еріккен шалдың қылжағы шығар?

-        Коды сенің туған күнің деді.

-        Егер рас болса, мына жүйкені тоздырған көліктен құтылып, бір шалқыр едік! Жүр кеттік. Банкоматтан барып тексеріп көрелік.

-        Бұл біздің ақша емес, балаларға арналған қаржы. Солардың келешегіне...

-        Оттайды екенсің! Айтпады деме, біздің сыртымыздан жасырын камерамен аңдып жүр. Осы қараңғыда барып білейік, не былық екенін. Өйтпесе, күндіз үңіреңдеп, елге күлкі-мазақ боламыз!.. Бұлар жатақтарына таяу жердегі банкоматқа жаяу барып, картаны салып, кодты терді. Бәрі ойдағыдай. Қолжетімді сомаға басты. Алдыңғы 1 деген саннан соң қаптаған нөлдер шықты. Екеуінің көздері атыздай болып, бір-біріне қарасты.

-        Бәрін алмайық, жаңа көлікке жетердей ғанасын шығарайық. 

-        Өзің біл. 

Таблодан «Қаржыны толық шығаруды өтінеміз.» деген жазу шықты. Олар қайтадан кодты теріп, қолжетімді сомадағы шұбырған нөлдерді санауға кірісті. 

-        Мынау орасан ақша ғой! Жиырма нөл санадым.

-        Балалардың бағы шығар, Есіркеп осыған тиіспей-ақ қоялықшы! Аш көздікпен шартты бұзамыз деп, келешекке балта шауып жүрмесек игі?!

-        Құдай берем десе, портышкадан да бере салады деген осы! Оттама! Нөлдерді сана, қыңқылдамай... Қанша нөл санадың?

-        Жиырма бір...

-        Ол қанша деген ақша?

-        Мен қайдан білемін! Әйтеу кілең салақтаған нөлі көп ақша... Терейін бе?

Табладон «Алынуға тиісті сома дұрыс терілмеді. Соңғы мүмкіндігіңіз қалды» деген жазу шықты. Қолжетімді соманы қайта ашып, нөлдерді ыждағатпен санауға кірісті. Біраздан соң екеуінің де көздері бұлдырап, нөлдің үстіне нөл шығып, быж-тыж болып кетті. Есіркеп екі көзін уқалап, анадай жерге барып, ашудан жерге бір түкірді. Оймақтай жарыққа емініп тұрған әйеліне қарап айғай салды.

-        Ойыңа келген нөлді тере салшы. Құрсын, кетейік! Миым айналып кетті! 

-        Біресе отыз, біресе қырық боп кетті, құрғырың! 

Банкомат сақұр-сұқыр етіп, ақшаның орнына тілдей қағазды шығарды.

Мейізгүл түбіртекті алып, ежіктеп оқи бастады. 

-        «Шарт орындалмады» 

-        Шарт орындалмады!? – деп анадай жерде тұрған Есіркеп дауыстай қайталады да басын қос қолдап ұстай алды: - Шарт! Иә, менде осындай 

бір пәлеге жолыққан секілдімін? Түсім бе деп жүрсем өңім де болған екен ғой... Қап!

-        Рас айтасың Есіркеп, менде кейде аңырып бір түсті ойыма ала берем... ол түс болмағаны ғой? Сенің сүйектерің шашылып, өзің бу болып ұшып кеткенің көз алдымнан кетпейді!

-        Иә, Мейізгүл... екеумізге бір сынақ түскен екен. Оны орындай алмадық.

-        Жә, жаным... қапа болма. Ел іргесі тыныш болсын де. Осы пенделік тірліктің бәтуасын бере гөр деп тілейік. Сен аман бол, балалар аман болсыншы. Басқа не керек...

-        Солайы солай-ау... сен де аман бол Мейізім!

Көктемнің енді күш ала бастаған бусанысты шағы. Қара өрік пен сары өріктің жарыса гүлдеп, ендігі келіп-кетер үсіктен де жасқанбай, өміршең түйіндерін тастауға асыққан мезгілі. Дүниедегі барлық тіршілік иелері ынтық сезімге бөленетін, табиғаттың тамылжыған бір ғажап кезеңіндегі - тымық кеш еді. Осы жұпарға малынған ерлі-зайыпты екеу: үстілерінен бір жүк түскендей тыныстарын кең алып, керемет серуен суретпен түнді үңгіп, ұзап бара жатты...

-        Осылай қол ұстасып жүргеніміз қашан еді, Есіркеп?

-        Қыз-жігіт болған шағымызда шығар...

Бұларға қарсы келе жатқан бейсауат жалғыз қара, тұстарына жақындай бере - қалтарыс көшеге ауып кетті. Ол - өткен жолғы егде кісі еді. Кілт тоқтады да алаңсыз кетіп бара жатқан ана екеуінің соңынан сүзіле, біраз қарап тұрды. «Бұлар қиялдаса да затты көретін, ұшса да затқа мініп ұшатын қызық жаратылыс екен!? Түсінбедім...» Осындай тұжырымға келген ол күрсініске ұқсас дыбыс шығарды да құйын секілді үйіріле көтеріліп, қараңғылық бояуына сіңіп, ғайып болды... 

Заман Төлеуов

author

Заман Төлеуов

ЖАЗУШЫ

Спорт

Қазақстандық боксшы Дулат Бекбауов 67 келіге дейінгі салмақта Азия чемпионатының жартылай финалына ш...

Жаңалықтар

«Қазпошта» АҚ басқарма төрағасы Әсел Жанасова журналистердің сұрағына жауап берді, деп х...