Бүгін Ұлытау перзенті - ақын, жазушы, драматург, ғалым, аудармашы Кенжебай Ахметов 60 жасқа толды! Т...
Заманбек Әбдешев. Шәкизада (Эссе)
Танымал тележурналист, досымыз Тілеуқабыл Мыңжасаров айтқандай «Өзен ағып жатыр, өмір өтіп жатыр». Содан бері көп жылдар өтті ғой. Жан досымыз, ақмылтық жорналшы, жан дүниесі кіршіксіз таза Құттыаяқов Шәкизададай азаматтан көз жазып қалғанымызға да жиырма жылдай уақыт өтіпті. Сынаптай сырғыған сағым жылдарға не дауа. Әркім өзінің өмірі таусылып бітпейтін, күнделікті күйбеңін күйеттеп жүргенде, бақиға аттанып кеткен Шәкеңнің жетпіс жылдығы да келіп қалыпты. Егер тірі жүрсе, бүгінде Шәкизада жетпіс деген белесіне шығып, мерейтойын туған-туыс, дос жарандарының ортасында тойлап жүрер ме еді. Осы күнін қай жерде, кімдермен қарсы алар еді деген алдамшы қиялға берілесің. Шәкизада марқұм тым әсершіл жігіт еді ғой. Екінші курста оқып жүргенде ғой деймін кинотеатрдан бір фильм көріп келді. Сонсын көпке дейін соның әсерінен айыға алмады. Қайта-қайта айтып, қоймаған соң, артынша соны мен де барып көрдім. Махаббат тақырыбын өзек еткен жапон киносы болатын. Жалпы тәп-тәуір картина еді. Сондағы бір әуенді Шәкең көпке дейін ыңылдап айтумен жүрді.
«Море, море, мы с тобою рядом, мы с тобою друзья!»
Отыра қалған жерінде сол фильмнің сюжетін, кейіпкерлерін, екі жастың арасындағы жалынды махаббатты сөз етеді. Әлгі әуенін қайталаудан әсте жалықпайды. Жалпы өзі бірдеңеге берілсе, соған құлай берілетін, жан- тәнімен берілетін еді. «Лениншіл жас» газетінде қызметте жүргенінде Шәкең үшін одан асқан басылым жоқ болатын, кейін «Қазақ әдебиетіне» ауысты, енді бар мадақтау, сүйіспеншілігі соған бағытталды. Президент кеңсесіне қызметке кірді, әрине, бәрінен соның бәсі мықты болып шықты, (бұған кім талассын), кейін Жоғарғы Соттың баспасөз бөліміне орналасқан соң, Шәкең үшін Қазақстанда одан мықты мекеме, одан құзырлы орын болмады. Қай жерде қызмет істемесін - сол мекеменің шынайы патриоты, нағыз жанашыры, жазатайым ол жайында жағымсыз бірдеңе дей қалсаң, сенімен жағаласа кетуге дайын еді. Құдай берген мінезі сондай. Нені болса да бірсүйер (однолюб) еді ғой біздің Шәкизадамыз.
... 1970 жылдың тамызы айы еді. Сол кездегі С.М. Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің журналистика факультетіне түсу үшін бақ сынаған қыздар мен жігіттер соңғы емтиханды тапсырып жатырмыз. О замандағы Комсомол (қазіргі Төле би) көшесінің шетіндегі университеттің көне ғимараттының алдыңғы жағы ығы-жығы, бірі кіріп, бірі шығып, ерсілі-қарсылы сабылысқан жұрт.
Қасымызда тұрған ұзын сидам бойлы, қара шашын артына қайырған, сол кездің өзінде қатарластарынан әжептәуір ересектеу көрінетін Совет есімді жігіт (ұзақ жылдар ҚазТАГтің фототілшісі болып қызмет істеді) анадай жерде бір топ талапкерлерді аузына қаратып бірдеңелерді айтып тұрған бойшаңдау, қараторы бозбаланы нұсқап: «Ана жігіт барлық пәннен беспен келе жатыр екен, сәтін салып, бүгін де жақсы баға алса, оқуға түсетін шығар», - деді. Маңайында тұрғандардың бәрін аузына қаратып қойғанына қарағанда түссе түсіп-ақ кетер деп ойладық. Шынында түсіпті. Тек соңғы емтиханда шет тілінен қатты қиналған көрінеді, оны кейін өзі жырдай ғып айтып жүретін.
Оқуға түскен елу бала екенбіз. Ол кезде оқуға ілінгендерді көзінен тізіп ауыл шаруашылығы жұмыстарына апаратын дәстүр бар. Біз де одан сырт қалмадық. Алғашында Алматының іргесіндегі «Таулы қырат» ауылының маңына алма теруге апарған. Артынша ол жерден Шелек ауданының «Бәйсейіт» деген бөлімшесіне темекі жинауға алып кетті.
Өзіміз елуміз. Онымен қоса журналистика факультетінің орыс бөліміне түскен қыз-жігіттер де бар. Тіпті басқа оқу орындарынан келгендер де жетерлік көрінеді.
Күні бойы темекі алқабына барып, темекінің жапырақтарын жұлып, қапқа салып жинаймыз. Темекі сабағының шайырынан сауыс-сауыс болған қолға даланың шаң-тозаңы келіп қонады. Кешке қарай жұмыстан қайтқанда жүздері күнге күйіп қарайып, оның үстіне үсті-бастарына топырақ жабысқан жігіттер мен қыздарды зорға танисыз.
Өзім әскерден келгем, оның үстіне сол жақта партия мүшелігіне кандидат боп оралғам. Деканымыз Тауман Амандосов мені бірден «а» тобының старостасы етіп тағайындады. «Б» тобының старостасы кейінен белгілі тележурналист болған Гүлмәрия Кемпірова (Барманбекова). Сол «Бәйсейітте» жүріп бір кеште жергілікті тұрғындардың бірінің үйінде бас қосып, бірнеше қыз-жігіт айырылмас дос болуға ұйғардық. Олар - Гүлмәрия, Шәкизада, мен, Ғайни (Т. Жүргенов атындағы Өнер академиясының профессоры болған), Тілеуқабыл Мыңжасар және Тұрғанбек есімді жігіт еді. Ол кейіннен сырттан оқитын бөлімге ауысып, Алматыдан кетіп қалды. Кейінен бізге Сауытбек кеп қосылды.
Сол күннен бастап Шәкизадамен жұбымыз жазылған емес. Кейіннен бүгінде марқұм болған Шәкизада, Құттыбай, Жолдас, қазір жер басып жүргендер - Ағайдар, Сауытбек, Тілеуқабыл жетеуіміз айырықша дос болдық. Студенттік, одан кейінгі жылдардағы қызық-шыжығымыздың бәрі бірге өтті. Өзімізді «Жеті дәруіш» атаушы едік.
Шәкизада екеуміз жастымыз, екеуміз де оқуға әскерден кейін түскендерміз.
Бірінші курста жатақханадан орын тимеген біздің студенттер Алматының әр жерінен пәтер жалдады. Кірпіш зауыт көшесіндегі бір үйде Шәкизада, Кәрім Бахреддинов, Тұрғанбек пен Тілеуқабыл бірге тұрды. Ондағы болған кейбір қызықтарын Тілеуқабыл тележурналистік өмірі жайында жазған кітабында біршама баян етіпті. Арасында өздері біз тұратын жатақханаға, ал біз солардың пәтеріне жиі барып тұратынбыз. Ол үйде талай туған күндер, қызықты кештер өткені әлі есімде.
Екінші курстан бастап Алматының қазіргі Алтынсарин мен Жандосов көшелерінің қиылысындағы жатақханада университет бітіргенше бірге тұрдық. Бір бөлмеде Шәкизада, Сауытбек, Тілеуқабыл төртеуміз. Содан жадырап жаз келіп, студенттерді ауыл шаруашылық жұмыстарына апарған кезде де Торғай облысы Жаңадала ауданының «Нахимов» атындағы кеңшарындағы екі қабатты жатақханаға да бірге орналасатынбыз.
Шәкизада бірде жергілікті кітапханадан француздың ұлы жазушысы Виктор Гюгоның «Отверженные» атты романын алып келді. Содан талайға дейін сол кітаптан алған әсерінен айыға алмады. «Шіркін, Жан Вальжан! Бейшара Фантина! Қайран Козетта!» дей береді. Ара-арасында роман сюжетінің желісін де айтып қояды. Өз басым ол кезде әлгі шығарманы оқыған жоқ едім. Досымыздың көңілін жықпас үшін емініп айтқан сөзіне үнсіз бас шұлғимыз.
Жас кезіміз. Кейде түкке тұрғысыз бірдеңеге қызылкеңірдек боп дауласып, таласамыз. Бірде әңгіме Қызылорда қаласы жайына көшкен еді. Ол өз облыс орталығын жер-көкке сиғызбай мақтайды, мен оған керісінше бірдеңе айтам.
«Шалқыған шаттық әні бақтарында,
Бөленген көшелері ақ қайыңға.
Дарияның жағасында бір қала бар
Айналған Сыр елінің мақтанына...» деп басталатын өлеңнің жұрт аузында жүрген кезі. Сол өлеңнің ішінде «Бір өзі комбинаттың жарты қала» деген жол бар. Соны тілге тиек етіп: «Өзің қарасаңшы, «бір өзі комбинаттың жарты қала» дейді, егер қаланың жартысын комбинат алса, әрі қарай несі қалады» деп даудың отын көсей түсем. Ол қалады шыр-пыр болып. Шынында біздің студенттік шағымызда Қызылорда пәлендей мақтана қоярлық қала емес еді. Кілең ескі сұрықсыз үйлер, кетеуі кеткен көшелер. Студент кезіміздегі қысқы каникулде Шымкент пен Қызылорда облысын аралаған уақытта қаладағы Гоголь атындағы педагогикалық институттың жатақханасындағы таныс қыздарға қонаққа барғанда, жағамызды ұстап қайтқанбыз. Ұзын дәліздің ортасында жалғыз электр шамы өлеусірей сығыраяды. Дәліздің екі шетіндегі әжетханалардың маңына бара алмайсың. Жаман сасық иіс қолқаңды қабады. Үстеріне сырма күпәйке киген бірер жігіт тиісерге қара таппай әрі-бері сандалып жүр. «Осында бөтен біреулер жүр дейді ғой. Қайдан келген немелер екен?!» - деп бізге естіртіп, қоқан-лоққы дөңайбат жасап қояды.
Кейін ғой Қызылорданың адам танымастай өзгергені. Бүгінгі сәнді де салтанатты Қызылордасын көрсе, туған жерінің шынайы патриоты Шәкеңнің көңілі аспанда жүрер еді. Бірақ тағдырға не шара, оған жете алмады.
Досымыз тумысынан аңқаулау жігіт еді. Жаз кезі. Ауылшаруашылық жұмысында жүрміз. Торғай облысы Жаңадала ауданының «Нахимов» кеңшарында комбайнердің көмекшісі болып, астық жинау жұмысындамыз.
Бірде әлдебір мереке күні еді. Жұрттың бәрі көңілді күйде. Сол күні Алматыдағы деканаттан біздің халімізді білуге, бір жағынан тексеріп қайтуға оқытушы Рамазан Сағымбеков ағайымыз келіпті.
Енді Шәкеңнің өзі айтқан әңгімесіне құлақ түріңіз.
«Кешкілік әжептәуір қызғын күйімде жатақхананың екінші қабатындағы курстас досым Құттыбай жататын бөлмеге кірдім. Бөлменің іші біршама қараңғы. Құттыбайдың төсегінде басына қалың бушлатты тас бүркеніп жамылған біреу жатыр екен. Кіре берістегі электр түймесін басып қалып ем, бөлме іші самаладай жарық боп кетті. Жатқан Құттыбай екеніне нық сеніммен жалма-жан жетіп барып:
- Встать на х...! – деп кеуде тұсынан салып кеп қалдым.
Көрпе төмен қарай сырыла берді. Қарасам, әлгі жатқан Құттыбай емес, Алматыдан бізді тексеруге келген Рамазан ағайымыз екен. Басын көтере беріп, қапелімде көзілдірігін таба алмай қарманып жатыр. Менің бар бітіргенім электр өшіргішін қайта-қайта басып, жарықты өшірмек боламын. Бірақ бұзылып қалған ажыратқыш икемге көнер емес. Сол кезде көзілдірігін тауып, көзіне киген Рамазан ағай мені көріп:
- Не болды, Шәкизада? Не болды? – дей береді.
Мен не дейін. Жарықты ақыры сөндіре алмаған бойы бөлмеден салып ұрып шыға жөнелдім», - дейтін. Осындай қызықтары көп еді ғой.
Жан жары Дариғамен де қыз-жігіт болып көп жүрген жоқ. Университеттің соңғы курсына дейін қыз-қырқынмен онша әуестігі болмай жалғыз жүрген Шәкең аяқ астынан Дариғамен танысып, біраз біліскен бойда соған үйленем деген шұғыл шешім қабылдады. Қызын жатақханаға ертіп келіп, бізбен таныстырды. Орта бойлы, қызылшырайлы бойжеткен екен. Екеуі бірін-бірі өлердей жақсы көрді. Елдегі әке-шешесі, туған-туыстарына шұғыл хабар жіберді. Дариға осы Алматы облысы, Жамбыл ауданының тумасы екен. Шәкең оқуының соңғы жылында «Лениншіл жас» газетіне қызметке тұрған болатын. Газет редакторы Сейдахмет Бердіқұлов бастаған ұжым тайлы-тұяғы қалмай тойға қатысты. Сол кездегі газет қызметкері, кейін тамаша жазушы болған Эрнест Төреханов асабалық өнер көрсетіп, той басқарды. Қызылорданың Қармақшы ауданынан Шәкизаданың әке-шешесі, бауыр-қарындастары және Жамбыл ауданынан Дариғаның туған-туысқандары келді. Мен күйеу жолдасымын. Той өтетін асхананың кіре берісіне жақын тұста машинадан түсіп, күйеу жігіт пен қалыңдық, қыз жолдасы төртеуміз келе жатқанбыз. Алдымызда бетон жақтаулы арық бар еді. Сәл әрірек жүріп, аяқ көпірден өтудің орнына Шәкең сол арықтан тіке аттап, Дариғаны демеп өткізіп жібермек болған еді, бірақ ұзын көйлегінің етегіне сүрінген қалыңдық арыққа тізесін оңдырмай қатты ұрып алғаны. Аяғы ауырғанымен қоймай, аппақ той көйлегінің тізе жағы топыраққа былғанып қалыпты. Дариғаның өңі өрт сөндіргендей қарауытып кеткен. Әйтеуір, жуып-шайып білдірмеген болдық. Әйткенмен, қазақпыз ғой, қалыңдықтың сүрініп кеткенінен көңілде болар-болмас бір дық қалып еді. (Осы жерде еске түседі. Университеттегі бес жылғы оқуда әскери кафедрадан қоса білім алған біздерді Қырғыздың Ош қаласына әскери даярлыққа алып кетті. Бір ай сондағы әзірліктен өткен соң, бәрімізге лейтенант атағын беріп қайтарған. Сол даярлық кезінде ен даладағы бір көлшікте суға түскенбіз. Шәкизада шешінген бойда шалбарының қалтасына салып қойған неке жүзігін қалың шөптің арасына түсіріп алыпты. Соны бәріміз жабыла іздеп, ақыры таба алмадық). Той дүркіреп өтті. Бұдан кейін келінді болған ата-ана, соларға ілескен бір қауым жұрт пойызбен Қызылорданың Қармақшы ауданына тарттық. Жосалы стансасынан түсісімен келінді қарсы алған жеңгелері машинаға отырғызып, бөлек әкетті. Біз соңынан бардық. Келсек, Дариғаны шымылдықтың ішіне кіргізіп қойыпты. Қазақтың мұндай салт-дәстүрін баяғыда ұмытып, «орыстың озық салтына көшіп» кеткен шығыстық біз үшін мұның бәрі қызық, экзотика көрінеді. Шәкизаданың Жосалыдағы үйінің бір бөлмесіне кілең ақсақал-қарасақал үлкендер жиналыпты. Сөйтсем, онда той өткізуге байланысты жиын боп жатыр екен. Төрге жайғасқан жасы үлкен қария батасын беріп, мәжілісті бастаған бойда жиналғандарға тапсырма бере бастады. Отырғандардың әрқайсысына той өткізуге қатысты түрлі міндеттер бөлінді. Жапсарлас бөлмеде думандатып біз отырмыз. Алматыдан ере келгендер және осы жерден қарсы алған қыз-жігіттер бар. Бір кезде әлгі үлкен ақсақал кіріп, дастарқанда тұрған бөтелкені таяғының ұшымен түртіп: «Әй, Серік», деді (Шәкизаданы үй-іші, туыстары және бірге оқыған достары Серік дейтін едік) «бүгін мыналарыңа рұқсат, ал ертең және той өткенше бұған рұқсат жоқ», - деп кесіп айтты. Қарияның сол айтқаны болды да. Ертеңіне сынып тұрған басымызды таяу маңдағы кафеден жазып келгеніміз әлі есімде.
Осылайша Шәкең үйлі баранды болды. Алматының әуежайға шығар жеріндегі Тоқай көшесіндегі тоқсан тоғызыншы үйден пәтер жалдап тұрды. Оқуға келмес бұрын үйленіп, университет бітіргенше үш қызды болып үлгерген Құттыбай досымыздан өзге «дәруіштер» ол кезде тегіс бойдақпыз. Сөйтіп, жатақханада тұратын салт бас, сабау қамшы бойдақтар жоқтан өзгені сылтауратып, Шәкизаданың үйіне жетуші еді. Сонда жиналып алып, Дариғаның қолынан шай ішеміз, әңгіме-дүкен құрамыз. Ол да бір қайтып оралмас қызықты дәурен екен-ау.
Сол Тоқай тоқсан тоғызға тағы бірде салып ұрып жетсек, есігінде құлып тұр. Көршілерінен сұрасақ, Жамбыл ауданындағы қайын жұртына кетіпті. Алматының оныншы шағын ауданынан қанша уақыт шығындап келгенімізді қайтейік. Орындарын сипап қалдық. Сонсын ақ қағазға «Жаман күйеу – қайыншыл» деп жазып, есігінің сыртына жапсырып кеттік. Сөйтсек, артынша Шәкең үйлеріне Дариғаның әкесін ертіп келген екен. Әлгі жазғанымызды ол кісі де оқып қойыпты. Сондай да қызық болған.
Өзі сол «Лениншіл жаста» істеп жүріп, Панфилов көшесінен екі бөлмелі үй алды. Құтханасын жуып тойлаттық. Осы үйде Шәкизаданың мәнді де, бақытты күндері өтті. Дариға марқұм өзім дегенге өзегін жұлып беруге әзір, дастарқаны өмірі жиылмайтын меймандос әйел болды. Дос-жолдастарына, жақындарына қолынан келген көмегін аямайтын. Оның қонақжай дастарқанында кімдер болмады десеңші. Қазақтың талай атпал азаматтарымен, Қазақстанның түкпір-түкпірінен келетін қаншама адамдармен осы үйде бас қостық. Бірде әнші-сазгер зағип жігіт Жақсыгелді Сейілов марқұмды ертіп келіпті. Қазағын айырықша жақсы көретін дарынды жігіт сол кеште қасына ертіп жүрген серігімен қаншама әндер шырқады, не түрлі қызықты әңгімелер айтылды, бір естен кетпес отырыс болып еді-ау. Тағы бірде Шәкең үйіне жастар басылымының басшысы, тамаша жазушы, қазақтың қайсар азаматтарының бірі – Сейдахмет Бердіқұлов ағамызды қонаққа шақырыпты. Сол жолғы дастарқан басында Секеңнен қаншама ұлағатты әңгімелер естіп едік.
Газетте Шәкизаданың құлаш-құлаш материалдары шығып жататын. Қаншама проблемалық мәселелер көтерді. «Лениншіл жастың» сол жылдардағы тікпелерін ақтарған адам Шәкеңнің ойлы да, сойлы мақалаларын оп-оңай тауып алады. Кейін «Қазақ әдебиеті» газетіне ауысты. Ол да Шерағаңның шинелінен шыққан азаматтардың бірі болды. Ертай, Естай есімді екі ұлы бар. Күндердің күнінде Алматының Заң университетінде оқитын үлкен баласы Ертай үйленетін болды деп қуанышты хабарын айтты. Қалыңдығы – «Социалистік Қазақстан» газетінің белді қызметкері, мықты журналист Бекболат Әдетов пен кезінде «Лениншіл жаста» Шәкеңмен бірге жұмыс істеген Нүрипаның қыздары болып шықты. Алматының ортасындағы үлкен бір мейрамханада екі жастың тойы өтті. Оған Шәкизада-Дариғамен араласатын астананың зиялы қауымы және елдің әр түкпірінен келген қонақтар қатысты. Қызылордадан Шәкеңнің анасы келіп, тебіреніп сөз сөйледі. Бұл ол кісінің Алматыға ақырғы келуі екен.
Арада көп уақыт өтпей екінші ұлы Естай да үйленетін болып, Шәкең мен Дариға тағы алашапқынға ұшырады. Орталықтағы бір мейманхананы жалдады. Елден бұл жолы тойға бірер баласын ертіп Шәкеңнің әкесі Ізтілеу ақсақал келетін болыпты. Олар Қызылордадан Алматыға келе жатқанда үйінде қалған Шәкизаданың шешесі қан қысымынан қайтыс болды деген суық хабар жетті. Бір топ болып, пойыздан түскен Ізтілеу ағаны қарсы алдық. Үйге келген соң, шай үстінде Шәкеңнің құдасы Бекең бастап ақсақалға кемпірінің о дүниелік болған жаман хабарын естірттік. Сөйтіп, екінші той жайына қалды. Әкесін, інілерін ерткен Шәкең мен Дариға бірден Қызылордаға аттанды. Екінші келінді кешке үйінен біз әкелетін болдық.
Панфилов көшесіндегі үйлерін Ертайдың той жабдығына деп сатып жіберген. Президент кеңсесінде қызметте жүргенде Алматының Бағанашыл ауданынан екі бөлмелі жаңа үй алып еді. Дариға екі келінді бірге ұстаймын деп, Бағанашылдағы үйін Барахолка жақтағы жер үйге айырбастады. Үйді жаңалап, қасына тағы құрылыстар жүргізді. Амал қанша, сол үй бұларға онша құтты болмады ақыры. Дариға сол үйде о дүниелік боп кетті. Улап-шулап, өзінің туған ауылындағы зиратқа апарып жерледік.
Астана Ақмолаға ауысып, Президент әкімшілігі, Парламент көшкенде Шәкизада да сонда кетті. Біраз уақыттан соң Жоғарғы Соттың баспасөз қызметінің жетекшісі қызметіне тағайындалды. Жұмыс бабымен анда-санда Алматыға келіп тұратын. Бұл уақытта Сауытбек те, Ағайдар да Ақмолаға қоныс аударған.
Мен Алматыдамын. Күндердің күнінде үлкен қызым тұрмысқа шығатын болып, достарымды тойға шақырдым. Соған Қызылордадан Құттыбай, Астанадан Шәкизада келді. Той өтіп, олар елдеріне қайтты.
Көп ұзамай Астанадан Ағайдар телефон соғып, Шәкеңнің қайтпас сапарға аттанған хабарын естіртті. Сөйтсек, Шәкизада Астанадан Шымкентке іссапармен барып, сонсын Алматыға ұшыпты. Ұшақта жүрегі қатты ауырған. Ол кезде Сәуле деген бір әйелге үйленіп алған еді. Әуежайда әлгі әйелдің інілерінің бірі қарсы алыпты. Соның үйіне келген соң қатты қысылып, «Жедел жәрдем» шақыртады. Қысқасы, сол «Жедел жәрдем» ауруханасында таңға қарай жәнтәсілім еткен. Қайнылары Астанадағыларға хабарлап, біз солар арқылы зорға естідік.
Қақаған қыс кезі. Елдегі туыстары мәйітін елге жеткізіңдер, осы жаққа жерлейміз депті. Дос-жолдастары, жақын туыстары, бала-шағалары жүгіріп жүріп, сүйегін мәйітханадан алып, жүргелі тұрған пойызға салып үлгердік. Жетпісінші жылы оқу іздеп Алматыға келген Шәкизада ақыры сол Алматысынан туған еліне мәңгілік сапарына аттанды. Жасы елуден енді ғана асқан болатын. Шәкеңді ойласам, ылғи да оның арманшыл, тым әсершіл, қиялшыл бейнесі елестейді.
«Море, море, мы с тобою рядом, мы с тобою друзья...»
Заманбек Әбдешев