Әлемнің үмітіне үрей туғызып, көңіліне қаяу түсіріп, жан әлемін құлазытып тұрған осынау пандемия кез...
Бір қолымен күлше беріп… немесе қаламақы ұсынып, автор құқын иелену дұрыс па?
Өткен жылдан бастап елімізде жазушылар кітаптарын мемлекеттік тапсырыспен шығарып, қаламақы алып, қанжығасы майлана бастады. Өзгерістер мен толықтырулар енгізіліп, жаңарған «Мәдениет туралы» заң бойынша авторлардың еңбегі әр баспа табағына 150000 теңгеден бағаланып сатып алынады.
Мәселен, қаламгердің 20 баспа табақ кітабын мемлекет сатып алса, оған 3 миллион теңге қаламақы төленеді. Заңның тағы бір жақсылығы, мемлекеттік сатып алудан өткен кітаптар 5000 данаға дейінгі таралыммен жарық көреді. Жиырма жеті жыл бойы мемлекеттен мардымды қаламақы ала алмай, жетімсіреп келген жазушылар үшін бұл үлкен қуаныш болғаны рас. Кейбір деректерге қарағанда, 2017 жылы 60 автордың кітабын министрлік «сатып алған» екен. Бірақ бұл ізгі бастаманың да бір «әттеген-айы» бар сияқты, жазушылар бүгін сол туралы ой қозғайды.
– Мемлекеттік тапсырыспен шығатын кітаптардың қатарына менің де дүнием енді. Ұсынған еңбегім 23 баспа табақ болды. Бірақ келісімшартта «кітабыңыз сатып алынды, енді ол кітап сіздікі емес, министрліктің меншігінде» деп тұр. Демек, мен енді ол кітапқа енген шығармаларға қатысты авторлық құқымнан айырылып отыр екенмін. Онымен қоймай, келісімшартта көрсетілгендей, шығарма өмір бойы және мен дүниеден өткеннен кейін тағы жетпіс жыл бойы менің меншігім боп саналмайды екен. Ал кітапқа енген шығармаларымды, тіпті ондағы кейбір өлеңдерімді де мен басқа жерде өз бетімше жариялай алмаймын. Жарияласам, айыппұл төлеймін. Сонда бұл қалай? Бұрын кеңестік кезде кітабымыз мемлекет қаржысымен шығатын. Қаламақысы төленетін. Одан кейін кітап екінші рет қайта басылса – 50 пайыз қаламақы төлейтін, ал үшінші рет басылса – 30 пайыз алатынбыз. Төртіншісінде қаламақы төленбейтін. Ал қазіргі жағдай ақылға сыймайды ғой. Дәл қазір мен мемлекет сатып алған кітабымды қашан шығарады, қанша тиражбен, қай баспадан шығарады – білмеймін. Өйткені енді оған араласуға хақым жоқ. Енді ондағы шығармаларға өмір бойы авторлық құқым болмайтыны дұрыс емес қой. Менің ойымша, мұның бәрі бізде интеллектуалдық меншік жөнінде заңның әлсіздігінен болып отыр.
– Өзгертулер мен толықтырулар енгізілген «Мәдениет туралы» заңның жаңалығы – қаламақының төленетіні. Яғни мемлекет автордың еңбегін сатып алып, кітапты шығарып, таратумен айналысады. Ең маңыздысы – осы. Ол жерде кітап шығарудың екі жолы бар: бірі – әлеуметтік маңызы бар шығармаларды шығару, екіншісі – мемлекеттік сатып алу. Әлеуметтік маңызы бар кітаптарды шығару бағдарламасы бойынша авторға қаламақы көп берілмейді. Әрі кетсе 200-300 мың теңге берілуі мүмкін. Бірақ онда кітапты кейін қайта бастыруға, таратуға, авторлық құқын иеленуге шек қойылмайды. Ал мемлекеттік сатып алу бойынша шыққан кітап үшін әр баспа табағына 150 мың теңгеден қаламақы төленеді, бірақ сонымен қоса ол шығарманың авторлық меншігі министрлікке өтеді. Десек те, қазір сіздер жазып отырған мәселеге заңның қатысы жоқ. Ол заңды жүзеге асыратын – министрліктің жасап отырған шарты.
– Отыз жасыма дейін бес кітап шығарған едім. Кейін он жыл бойы кітап шығармай жүріп, ақыры өткен жылы бір жинағымды министрлікке ұсындым. Шынымды айтсам, 5000 тиражбен жарық көретініне қызықтым. Екінші жағынан, қаламақысы да жаман емес. Бірақ мен келісімшартқа қол қойып жібергенде, онда мұндай мәселесі барын аңғармаппын. Өзім 20 баспа табақ деп ұсынған кітабымды министрлік 17 баспа табақ деп қабылдады. Бірақ қазіргі кезде 2-3 миллион теңгені бір мүшәйраға қатысып та жеңіп алуға болады ғой. Мүшәйрада бір өлеңің үшін 2-3 миллион алуың мүмкін, ал бір кітапта 300-дей өлеңің бар. Сондықтан бұл қаламақы аса көп дей алмаймын. Егер министрлік шығарған кітабың үшін өмір бойы авторлық құқыңнан айыратын болса, ол шығармаң басқаша бағалануы керек шығар.
– Былтыр менің бір кітабым әлеуметтік маңызы бар әдебиет тізімінде мемлекеттік тапсырыспен шыққан, 200 мың теңгедей қаламақы алдым. Сондықтан мемлекеттік сатып алу бойынша шығарылған кітап авторына қандай талап қойылатынын білмейді екенмін. Бірақ мәселе сіз айтып отырғандай болса, ол автордың таңдауымен шешілуі керек шығар деп ойлаймын. Әр жазушы өз шамасын, өзінің не жазғанын біледі. Егер жазған туындысы кейін халықаралық деңгейге тарайтын, қайта басуға жарайтын, сұраныс тудыратын дүние болса, онда ол мемлекеттік сатып алу нәтижесінде ұсынылған бағаға қанағаттана ма, жоқ па – соны ойланып алуы керек. Ал ондай аса жоғары деңгейлі шығарма болмаса, кітабын бір рет 5000 тиражбен шығарып, қаламақысын алып қоя берген дұрыс шығар. Әр баспа табаққа 150 мың теңгеден алу да жаман емес қой.
– Өткен жылдың соңына қарай тезірек ақшаны игеріп, бөлу керек болды да, министрліктегілер маған «кітабыңызды шығарайық» деп келісімшарт жіберді. Құжатты көрдім. Онда «автор өмір бойы және дүниеден өткен соң 70 жылға дейін осы шығармаға еш құқы болмайды» деп жазылған екен. Сонда мемлекет сатып алып, сенің шығармаңды бір рет шығарады екен де, ол өмір бойы сенің, сенен кейін ұрпақтарыңның авторлық меншігі болмай қалады екен. Біз 10-15 жыл бойы жазған еңбегімізді 1,5-2 миллион теңгеге ғана сатады екенбіз. Бұл қалай? Бұрын автор дүниеден өткеннен кейін де оның авторлық құқы 70 жылға дейін сақталатын. Өзі жоқ болса, ұрпағына, туыстарына авторлық құқы берілетін. Қазіргі заң соған қарама-қайшы болып тұр. Мен мұны авторға жасалған қиянат деп есептеймін.
Сол себепті маған қайта-қайта телефон соқса да, келісімшартқа қол қоюдан бас тарттым. Құжаттағы кейбір пункттермен келіспейтінімді айттым. Одан соң министрліктің жауапты қызметкерлері «бұл әлі қайтадан қаралады, түзеледі» деп түсіндірді. Мен осы мәселе жөнінде Жазушылар одағына, басқа қаламгерлерге хабарласып, пікірін сұрап едім, көбі «қазір ұсынып тұрғанда қол қойып, қаламақыңызды алып алсаңызшы, алда заң өзгеретін шығар, кейін көре жатасыз ғой» деді. Мен қол қойдым. Бірақ бұл – менің ұғымымда жазушыны қанау, оның өмір бойғы еңбегін дұрыс бағаламау. Ең өкініштісі, сен мемлекет сатып алған кітапқа енген дүниеңді басқа жерде пайдалана алмайсың. Оны аударуға беруге, тағы бір жерлерде жариялауға құқық жоқ. Өйткені ол – мемлекеттің авторлық меншігінде.
Біздің қоғамда онсыз да авторға өте төмен көзқарас қалыптасқан. Қазір байқасаңыз, патриоттық сезімді қозғайтын пафосты шығармалар жазылып жатқан жоқ. Өйткені қаламгерлердің күйі нашар. Біздің қаламгерлер 90-жылдардан бері қаламақы алған емес. Кітабы мемлекеттік тапсырыспен шыққанда да арзымайтын ақша не орнына кітап алып отырды. Ал енді қаламақы төлеуді заңға енгіздік деп алып, істеп отырғаны тіпті үйлесімсіз. Кеңес заманында, соғыс кезінде де ақын-жазушыларымыз жазған еңбегіне қарай қаламақы алып отырды ғой.
Жалпы, жазушыны біресе кітапты шығарған адамға, біресе министрлікке жаутаңдатып қоятынымыз дұрыс емес. Кей жағдайда біздің авторлық, одан қалса азаматтық құқымыз тапталып жататыны рас.
P.S. Жас жазушылар үшін жазған кітабы министрліктің талабынан өтіп, көп тиражбен жарыққа шықса, оған жоғары қаламақы төленсе – үлкен жетістік.
Алайда, елге, руханиятқа еңбегі сіңген қаламгерлердің айтқан базынасы орынды секілді.
Қаламгерлер көп жағдайда бұрынғы өлеңдерін жаңа шығармаларымен толықтырып, қайта басып шығарады. Олай етпесе, бүгінгі ұрпақ ертерек өмір сүрген барлық арқалы ақын-жазушыларымыздың туындыларынан көз жазып қалған болар еді…
Екінші жағынан алғанда, ақынның министрлікке ұсынған кітабындағы кейбір өлеңдеріне ән жазылып, ол елге кең таралуы мүмкін. Мұндайда авторлар қоғамынан түсетін қаламақы да ақын үшін елеулі табыс. Бүгінгі жағдайда жоғары қаламақы алып, кітабын мемлекет сатып алуы арқылы шығарып отырған қаламгерлер осы табыстан да қағылғалы отыр.
Жалпы, автор әр шығармасына туған баласындай қараса, оның бір белеспен шектеліп қалмай, жарқырап көрінгенін, биіктерге көтерілгенін, мысалы, басқа тілдерге аударылып, кең таралғанын қалайды.
Жинағын министрлікке ұсынып, оның әрі қарайғы «тағдырына» араласу құқынан саналы түрде бас тартқаны өз перзентінің тағдырына немқұрайлы қарағанмен бірдей шығар.
Ендеше жазушыларға қаламақы беріп тұрып, олардың авторлық құқын тартып алғанымыз қайткеніміз? Бұл бір қолымен күлше беріп тұрып, екінші қолымен қалтасына қол сұққандық емес пе?
Авторлық құқық мәселесі, мүмкін, қайтадан қаралуы, көтерілуі керек шығар… Сіз қалай ойлайсыз?