28-мамыр күні сағат 19-00-де Астана қаласындағы Оқушылар сарайында белгілі жазушы-драмат...
Оқыған наданнан жиіркенемін
«Пруст сауалнамасының» қонағы – ақын Төреғали Тәшенов
– Адамның басты қасиеті не деп ойлайсыз?
– Адам боп қалу.
– Ер-азаматтың басты қасиеті ше?
– Өз биігінен төмендемеу.
– Бақыт деген ұғымды қалай түсінесіз?
– «Сират көпірінен өтпейінше, Хақ дидарын көрмейінше, бақыттымын дегенің бекер» дейді ғұламалар. Үлкен ұғымдағы, нағыз Бақыт дегенің сол! Ал былайынша, бақыт деген – жақсылыққа Жаратқанның мүмкіндік беріп тұруы.
– Сүйікті әдеби кейіпкеріңіз кім?
– Ондай бір кейіпкерге байланып көрмеппін.
– Ең басты кемшілігіңіз қандай?
– Жарқылдап не қарқылдап күле алмау.
– Бос уақытыңызда немен
айналысасыз?
– Тауға қарап отыра бергім келеді.
– Өмірге екінші рет келсеңіз, кім болуды қалар едіңіз?
– Өмірге екінші рет келгеніңді өзің білмейтін болған соң, одан не пайда?
– Қандай елде өмір сүргіңіз келеді?
– Өз елімде. Өз елімнен қуылсам, түркі елдерінде. Ол жақтан да қуылсам, мұсылман елдерінде.
– Қандай ерекше қабілетке ие болғыңыз келеді?
– Тылсым дүниенің сырына бойлай білетін қабілетке ие болғым келеді.
– Қандай сәттерде осалдық танытасыз?
– Бір қатты көңілім қалған адамды кешіруге келгенде.
– «Ғайыпқа сену» дегенді қалай түсінесіз?
– Ғайыпқа сенуді Құдайға сену деп түсінемін.
– Егер өнертапқыш болсаңыз, не нәрсені ойлап табар едіңіз?
– Дәл қазір бір жастағы немеремнің ой-санасына лайықталған құрылғы ойлап табар едім.
– Неден жиіркенесіз?
– Оқыған наданнан жиіркенемін.
– Сіз үшін ең ұнамсыз тарихи тұлға кім?
– Голощекин.
– Жиі айтатын қанатты сөзіңіз?
– «Аққа Құдай жақ».
– Көзіңізге жиі жас аласыз ба?
– Жиі деп айтсам да болады.
– Үнемі есіңізде жүретін Абайдың бір сөзі?
– «Сенбе жұртқа, тұрса да қанша мақтап»
– Қазіргі адамдардың бойынан қандай қасиеттер жоғалып барады?
– Аңқаулық. Сенгіштік.
– Біздің заманымыздың мықты ақыны кім? Мықты жазушысы ше?
– Біреуге алабөтен ерекшелеп баға беруді, әсіресе тізімді жек көремін.
– Жас қаламгерлердің бойынан қандай артықшылықтар мен кемшіліктерді көріп жүрсіз?
– Артықшылықтары – өздерін де, сөздерін де жақсы жарнамалай алатындықтары, кемшіліктері де сол.